Қаһарлы Алтай

 

Тарихи трилогия

Үшінші кітап

Жақсылық САМИТҰЛЫ

Ақ сүңгі

 

Роман

 

Бірінші бөлім

 

ЗІЛМӘУІР

 

І

Сарсүмбе қаласы ұзақ жылдық аласапыран арпалыстан кейін бір мезгіл тыныштық тапты. Өткен бір аумалы-төкпелі кезеңде бастарына қауіп төніп, әр сағат, әр минутта алуан түрлі үрей үркітіп, жандарын қоярға жер таппаған тұрғын халық бас сауғалап, қаланы тастап босып кеткен болатын. Заман түзелгеніне көздері жеткеннен кейін қайтадан қалаға, байырғы мекендеріне көшіп келе бастады. Қыран өзенінің екі жағындағы жалғыз қабатты жатаған үйлерден көгілдір түтіндер өрледі. Арысы сонау Ниңша, Гансу өлкелерінен, берісі – Қашқария, алты шәрі төңірегінен саудамен келіп, жерінің асты да, үсті де мол қазына алтын өлкенің байлығына, кең қолтық керей елінің пейіліне қызығып, осы араны мекендеп қалған бірен-саран дүнген, ұйғыр-тараншылар қаңырап тұрған лапкелерін жөндеп, айғайларын үдетіп, қала тіршілігіне қайтадан жан кіргізді. Қашалары қирап, қорған тақтайлары сынып, мама ағаш, діңгектері сорайып, иен қалған мал базары алуан түрлі айғай, бақырған түйе, мөңіреген сиыр, маңыраған қой, ешкі дауысымен күндіз-түні бір тыным таппай ұлар-шу болып жататын ежелгі қалпын қайта тапты.

Қыран өзенінде, сонау ерте заманда, Қанапия бейсінің[1] тұсында қызыл қарағайдан қиып салынған ағаш көпір болушы еді. Сол көпірден өтіп, батысқа қарай жүретін жол шетіндегі, бір кезде Шәріпқанның үйі деп аталған қызыл кірпіш үйге Оспан көшіп кірді. Табиғаттың жомарт бір бейілі түсіп, ықыласы ауған биылғы қоңыр күзде екі қабат үйдің терезелеріне алтын күннің мол шуағы төгіліп, күрең қызыл сырмен сырланған орыс үлгісіндегі шатырларына аулада бойлап өскен көк терек пен зәулім ақ қайыңдар сарғыш, қызғылт жапырақтарын себелеп тұрды.

Үйдің ішін тазалап, асты-үстін қайта сырлап, жаңартып шығаруға, дәл арт жағында, іргесінде тұрған орыс консулының қара жұмысшылары көмекке келген еді. Онан кейінгісін Баян өзі-ақ сәндеп алды. Оспан екеуінің төсегінің тұсына зер жіппен шым кесте шегілген, қызыл пүліспен көмкерген тұскиізін құрды. Әдемі жүкаяқтардың үстіне көрпе-жастықтарын биік жиып, төр алдына, сырмақ көрпелердің үстіне Алтай шатқалдарының атан сары аюының терісін тастады. Киіз үйді де әлем-жәлем ғып, бау-шуларына дейін әсемдеп, құлпыртып ұстайтын Баянның там үйді де мынадай жайнатып жібергеніне таңғалып, ең алдымен разылығын білдірген кісі Құнияз молда болды.

– Міне, Баян, сенің қолыңнан бәрі де келеді. Біздің Ошың да қу ғой, кісі тани біледі. Жә, тұра тұр, – деп жымиды.

Жеті күннен кейін Құнияз молда Оспанның үйде жоқ бір орайын тауып, оның үйінің төр алдына, дәл есіктің қарсысына бүкіл қабырғаны алып жатқан үлкен бір сурет әкеліп шегеледі. Сонан соң сыртта тосып жүріп, Оспан келгенде бірге ілесе кірді. Күндегісінше жайбір-жадағай, есікті ашып кіріп келген Оспан кенет қалт етіп, тұрып қалды. Дәл қарсы алдынан, төрт-бес қадам жерден, қалың қамысты қақ жарып, азу тістері ақсиған, көздері шатынаған, қаһарлы бір жолбарыс өзіне қарай атылып келе жатыр еді. Қапелімде сескеніп, жүрегі түршігіп қалған Оспаннан басқа біреу болса мынадай тұйықсыз қауіп астында маузерін шап беріп жұлып алуға да қам жасар еді. Құдайдың берген бір қасиеті – Оспанның жүрегі үлкен болатын. Оңайшылықпен қорықпайтын. Қандай бір қатер, үрей алдында да өзін сабырлы, салмақты ұстауға үйренген. Қақшиып қатып қалған бойы сәл тұрып, ақыл тоқтатып, бойын жиды да төсектің аяқ жағында жымиып түрегеп тұрған Баянға бір, қасына келген Құнияз молдаға бір қарап алды. Сонан соң асықпай аяңдап суреттің қасына барды. Қолын созып, ақырын сипалап көрді. Жолбарыстың арсиған тістеріне, тікірейген ұзын-ұзын мұрттарына, май табаны баржиып, үп-үшкір боп керіліп тұрған тұяқтарына қол тигізді. Ұзақ тесіліп, тамашалап тұрып барып қайта бұрылды.

– Молда-еке, қандай өнерлі адамсыз?! – деді Құнияз молдаға қарап.

Кейінгі кездері Құнияз молданың көп құпиясы ашыла бастаған еді. Өзінің арап тіліне судай жүйрік, мұсылман дініне, шариғат жолына ерекше білгір, молдалығының сыртында орыс, ағылшын, түрік тіліне бірдей ағып тұрған ғұлама ғалымдығын да оңаша бір кезде Оспанға ашық айтқан. Қамшының сабындай мына қысқа ғұмырында ол өзінің көп мектептен өткенін, тіпті сурет салу жағында да айта қалсын өнері барын жасырмаған. Және мұны Оспанның тек өзі ғана білуін өтініш еткен болатын.

Кейін Оспанның үйіне келіп отырып, бұл ғажайып суретті көргенде Әріпбай да, Дәлелқан да ауыздарын ашып, аңқиып қарап қалып еді.

– Қандай ғажап! – деді Дәлелқан басын шайқап.

– Батырдың біз білмейтін де көп құпиясы бар-ау, – деп жіберді Әріпбай өзінің де астарлы бір ойын, көмескі көмекейін оқыс сездіріп қалып. Таңданысын жасыра алмай төте сұрады. – Кімге сыздырдыңыз?

Оспан жай ғана, немқұрайдылау жауап қатты:

– Жексен ала келіпті ғой. Зайсанда бір орыстан сатып алдым дейді. Сол ғой әкеп мұнда іліп жүрген, – дей салды елеусіздеу ғана.

Оспанның, Дәлелқанның және Кеңес Одағының Алтайдағы консулындағы қызметкерлердің жан аямай, қарбалас еңбектенуінің арқасында Алтай жағдайы тез орнығып, сан-салалы жұмыстардың барлығы да көңілдегідей сәтті жүріп келе жатқан. Қыркүйектің он екінші жұлдызында Құлжа қаласынан Шығыс Түркістан Ислам республикасының төрағасы Әлиқан төре Сарсүмбе қаласына келіп, Шығыс Түркістан Алтай әкімшілік мекемесінің бастығына Оспан Сіламұлын, оның орынбасары етіп Дәлелқан Сүгірбайұлын, Шәмші Мәмиұлын және Қазақстан азаматы Темірқан Әріпбайды тағайындау бұйрығын оқыған кезде Оспан Күртіде болатын. Шақырса да келмей қалған. Бірақ солай болса да ол Әлиқан төре кеткеннен кейінгі қалған жұмыстарды осы төртеуі өздері-ақ игеріп, ары қарай жүргізіп әкеткен болатын.

[1] Бейсі – Манчжур тіліндегі мансап атауы. Генерал-губернатор.

 

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here