Жақсылық САМИТҰЛЫ

Жылым

 

Роман

Екінші кітап

                                                 Бірінші бөлім

 

Шырға

 

І

 

Асқабыл көзі ілініп бара жатып шошып оянды. Ұйықтамайын-ақ деп сіресіп жатыр еді. Әлсін-әлсін біріне-бірі ілгіштеніп, жабыса берген ауыр кірпіктерін күшпен ажыратып, уқалап-уқалап алған. Өз сыры өзіне белгілі. Бір қор ете түссе оңайшылықпен тұяқ серіппейді. Таң бозынан оянып алып, түйе жүнінен жасалған тыссыз жалаңаш жабағы көрпенің астынан тұмсығын шығарып: 

– Әй, Асқабыл, тұрсаңшы енді, – дейтін бәйбішенің әр күні қайталанатын, құлаққа сіңісті болып кеткен қарлыққан дауысынан кейін ғана бойына жан кіріп, көзін ашатын дағдысы бар. Кеше кеште жатарда: «Қап, бәлем, бүгін түні ме?» деп тістеніп, өзіне-өзі уәде беріп, төсекке бас қойып еді. Алғашында бай-бәйбішеге сыр алдырғысы келмеген кісімсіп, өтірік қорылдай бастаған. Сол өтірік қорылдың шынға ұласып кеткенін кейін өзі де білмей қалыпты. Бәйбішенің дауысынан шошып оянып бармағын тістеген.

Қара таудың биік-биік шоқыларына күн сәулесі шашырап түсе бастағаннан қалың қарды малтақтап, қой соңына ерген деген оңай емес. Байтік тауының осы бір өңірінің жері күдір келеді. Терең сайлы, тік беткей, қорым тас. Жоғарыға шығу да, етекке түсу де бір машақат. Соған орай бұл жақтағы қойшылардың бәрі ірі қараның бас терісінен пішіп алған тері шақайының сыртынан аттың тұяғынан жасалған тақа тартады. Бір аяқта екіден, төрт тұяқ. Зілдей ауыр. Оның үстіне алдындағы малының көбі ешкі, сусылдап бір тоқтамайды. Жел де бір, олар да бір. Қайдағы бір қиянға, секі тасқа шапшиды. Арты сайда жатса алды жотадан көрінеді. Асқабыл күніне құр аттың жүрісін жүреді. Сілесі қатқанда серкелерді қарғайды. Олардың иесінің де түп-тұқиянын қазып, жеті атасын жездей қақтап шығады. Кейде тіпті бажылдап, тау-тасты басына көшіре шаңқылдап, ыза болып, түтігіп өліп қала жаздайды. Күн бойы қабағы бір ашылмай қапалы жүреді. Тек анда-санда ғана өлердей өшігіп, зілдене кәрленіп, ебін тауып дәлдеп тұрып, жіберіп қалған таяғы бір серкенің мүйізіне оқыстан барып тақ етіп тие қалса, өші алынып, кегі тарқағандай болып соған кешке дейін қуанады. Кешке таяғанда Асқабылдың қысқа аяғы созылып, екі қара саны бастырмай, ауылға қу жаны әзер жетеді. Сонан су-суанын ішіп, шақай-шұлғауын тас пештің сыртына жайып қойып, аяғын ақ тонының етегіне орайды да, қазандықтың босаға жағындағы қара көлеңке бұрышында отырып, жонын тас қабырғаға беріп, бет-аузына тиген ыстық леппен маужырап, балқып ұйықтап кетеді. Түн ортасы болып, қазан түсірілгенде қарпақ-құрпақ түрегеп, қарнын тойғызып алады да оң босағада алдына бір уыс шөп іліп, байлаулы тұрған, биыл қарашада туған қоңыр сиырдың ұрғашы қоңыр бұзауының бас жағындағы тулақ төсеген жатын орнына барып қисаяды. Сонан түн баласында бір оянбайды. Түс те көрмейді. Шәмсияны да ойламайды. Анда-санда бір күндіз тау басында отырып сонау алысқа, ақ шаңыттанған бозғылт бұлттың астынан бұлыңғырлап көрінетін Алтай тауларының сілемін мөлшерлеп, ой көзімен танып, күрсініп алады.

Асқабылдың сол Алтайдан, туған ауылынан кеткеніне міне екі жаз, екінші қыс. Нарманты тауы мен Байтік арасындағы сол бір оқ жауған күнгі қанды қырғыннан өзінің қалай аман шыққанын да толық білмейді. Таң жарығы жерге түсе бере маңайына қарап, өзінің жаман көк биесімен танымайтын үш адамның соңынан ілесіп келе жатқанын білген. Үшеуі де қара сақалды, мосқал адамдар екен: «Енді оққа кеудемізді төсемейік. Басымызды ажалға байламайық. Есімханы да, Ырысханы да, соғысы да құрысын. Байтік, Қаптық асып, Мори, Шонжыға қарай өтіп, жайы келсе Қаратау, Еренқабырға немесе Баркөл, Бисән жаққа кетіп тыныш болайық. Тірі болсақ қатын-баланы қайта айналып келіп бір табармыз. Әйтпесе, бала белде, қатын жолда…», – деп келіскен. Бұл ақылға Асқабыл да қосылған. Шәмсияның өлі я тірі екеніне көзі жетпесе де «өлдіге» жори салған. Өлмеген күннің өзінде де жауып тұрған оқтың ішінен оны іздеуге жүрегі дауаламап еді. Ол үшін қайғырмайтын, қамықпайтын бір өлі сезім, тас жүрекпен қайырылмай жүріп кеткен. Бірақ, олармен үш-ақ күн жолдас болды. Байтік тауының шығыс бөктеріне жетпей көк бие қолтығы дірілдеп, тұралап тұрып қалды. Сонан Асқабыл өлдім-талдым дегенде ел тауып, біреудің есігіне тұрды. Жаздай соның отын алып, суын құйып, биесін сауып, іркітін пісіріп жан бақты. Күзде басқа біреуге жылқышы болып жалданды. Үш айдан кейін ол да шығарып жіберді. Онан соң тағы біреудің қойын бақты. Сонымен, әйтеуір, бір жарым жылдан артық уақыт ішінде ол он шақты босағаны түгендеді. Биыл қысқа қарсы осы ешкілі байға тон-шалбар, шақай-шұлғау, күнкөрісіне бола жалға тұрды.

 

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here