Аш та жүрдік. Тоқ та жүрдік. Ащыны да тең таттық. Тәттіні де таттық. Бүгінгідей жақсы күнде соның көбі-ақ ұмыт болды. Бірақ, сол бір күнгі қонақасы әлі есімнен шықпайды. Ойыма түскен сайын еріксіз бір жымиып, басымды шайқап, қиналып та қаламын …

Біз отырған жүк машинасы тау бөктеріндегі бір ауылға ілінген кезде ел жататын уақыт болып кеткен кез еді. Деседе мынадай ақ мылтық боранда далада қалмай ел шетінежете жығылғанымызғақуаныпкелеміз.

Ауылдың шетіне кіре бере тоқтай қалғаншофер кабинаның баспалдағына шығып, машинаның үстіне мойнын соза тұрып:

 – Оу, жігіттер, бармысыңдар, түсіңдер. – деді де біз түсіп жанына келген соң,- Қызылтас ауылы дегеніміз осы. Өліп-талып жеттік қой әйтеу. Енді қоналқа жай қарастырайық. Таныс үйлерің бар ма еді?- деді бораннан ықтай тұрып, даңғырлай сөйлеп.

Ойланып көрсем бұл жерде менің танитын ешкімім жоқ сияқты. Сапарласым Өкеннің бетіне қарадым. Ол да үндеген жоқ.

 – Менің бір таныс үйім бар еді. Бірақ үйлері күбірткедей тар болатын. Мына кабинадағы кемпір-шалдың да барар жері жоқ көрінеді. Бесеуіміз бір-ақ барсақ ыңғайсыз болып қалар ма екен!?- деді шофер тарыққан рай білдіріп.

 Расында да солай. Қыс ішінде, түн ортасында бес адамның бір үйге түсуі оңай ма!? Осыны ойладым да шофердің ізгі ниетіне рақмет айтып:

 – Ол да жөн. Бөлініп қонайық. Сіз андағы кемпір мен шалды ертіп барыңыз. Біз мына Өкен екеуіміз бір үй тауып қонармыз. Елдің арты әлі жата қоймаған сияқты ғой.- дедім мен.

Боран айдап ықтатып тастаған белдеу-белдеу қарды омбылай малтақтап, көшені бойлап жүріп келеміз.

 – Қайда барамыз?- деп сұрадым мен Өкеннен бір кезде тоқтай қалып.

 Өкен жуас жігіт еді.

 – Бұл ауылға менің де бірінші рет келуім. Ешкімді танымаймын.- деді ол да “ Қайда апарсаң да өзің баста “ дегендей сөз аяғын күмілжи тоқтатып.

– Ондай болса, қайда барсақ та бәрібір екен. Жеті түнде біреуді жылы орнынан тұрғызғанша әлі жатпаған үйлердің біреуіне барайық. Кімдікі болса да ар жағыңдағы терезесінен жарық шығып тұрғанүйге таман баста,- дедім мен Өкенге кескін байламымды білдіріп.

Сәті болғанда әлі жатпаған үй екен. Есігі де ілінбепті. Будақ-будақ боз тұманға оранып:

-Ассалаумағалайкум!- деп табалдырығынан аттай бердік.

 Сәлем алған ешкім болған жоқ. Ала көлеңке үйі ішінен ештеңе көрінбейді. Бізбен ілесе кірген аязбен буалдырланған керосин шам да өлеусірей сарғайып, жылтырап қана белгі беріп тұр.

Біраз аңтарылыстан кейін:

 – Кәне төрлетіңіздер.- деген ер адамның дауысы естілді шамның маңайынан.

 Үй ішіне көз үйірлескеше әнтек кідіріп тұрып қалдық.

 – Бері таман, былай шығыңыздар.- деді әлгі дауыс төр алдындағы аласа дөңгелек үстелді жылжытып жатып.

Енді байқадық. Үй иесі жиырмаға жаңа ілінген, жап-жас жігіт екен. Жүгіріп келіп, қалың киімдеріміздің жеңін тартып, қарын қағып, қалбалақ қағып , төр алдына сырмақ жайғызды.

Қысқа-қысқа амандықтан соң:

– Шайыңды тезірек даярла.- деді қазан-аяқ жақта әлі отырмай түрегеп тұрған келіншегіне бұрылып.- Мына кісілер боранда жаурап келген ұқсайды. Ыстық ішіп, бойын жылытсын.

Келіншек те лып ете түсті. Қайнап тұрған ақ мескейді әрең көтеріп алып, орнына шәугім қойды да шыны-аяқ, дастарқанын дайындауға кірісті.

Үй иелерінің қабағына қарап біз де жадырап, кеңіп қалдық. Үй ішіндегі жасау-жабдықтар жаңа тірлік, жас отау екенін әйгілеп тұрса да ерлі- зайыпты екеуінің де білімді, көргенді, әдепті екендігі сөз-әрекеттерінен білініп тұр. Түнде келген бейтаныс адамға мынадай ілтипат көрсетіп, жылы шырай, жатымды мінез байқатудың өзі де жолаушы үшін үлкен тыныс қой. Оның үстіне буы бұрқырап, демігі әлі басылмай тұрған ақ мескейден шыққан қой етінің жағымды иісі де мұрынды жарып барады. Бір әредікте үй иелерінің көзін ала беріп, Өкенді санынан мытып, « Аузыңның салымы бар екен. « дегендей қазан жақты ымдап та жібердім. Өкен де жымиып қойды.

Үйден шыққанымызға айдан асып еді. Қазына жұмысымен аудан-ауданды аралап келеміз. Шынын айтқанда қайда барсақ та « ең олжалы болдық « дегенде де қонақасымыз қара нан мен қатықсыз көжеден асып көрген емес. Бұл үшін елді де кінәлар жайымыз белгілі. Жағдай өзімізге де қанық. Жалпақ елді жайлаған ақ сүйек жұт, жалаңаш-жалпылық, ашаршылық елдің күйісін кетіріп болған. Көже қатық , соғым дегенді ел болып ұмытқан кез. Біздің келе сала қазан-аяқ жаққа көз салуымыздың да себебі осында. Өзегіміз талып, өзеурепкеле жатқан жол үстінде кез болған мынадай қонағуар пиғыл, қой етінің таныс иісі неге қуантпасын-ау!

Шай да тез қайнады. Дастарқан үстінде жөн сұраса келгенде ұққанымыз: Үй иесі биыл күзде ғана той жасаған мұғалым жігіт болып шықты. Әке-шешесі мал соңында, отарға кетіпті. Аты-жөнін, жай-жапсарын түгел ұғындырып-ақ айтып еді, оның бәрі де қазір ұмытылып қалыпты. Әйтеуір өзі орнықты, байсалды жігіт екен. Жас болса да орынды сөйлеп, әңгімелесіп отырды.

Ұзақ ішілген шай жиылып болғаннан кейін де көп отырдық. Қазан түсіретін уақыт та болған сияқты еді. Келіншек әлі қамданар емес. Бір әредікте жігіт келіншегінің бетіне бір қарап қойып еді, келіншек жымың ете түсті. Жігіт те бір мырс етіп қалды. Үнсіз тыныштық ұзарған сайын келіншек пен жігіттің бір-біріне жалтақтауы да, күлкілері де көбейе түсті. Бірінебірі қарап алады да сылқ-сылық күледі. Әсіресе келіншек бізге байқатпаған болып, қырындай бұрылып, селкілдеп алады да күлкісінтыйып қайта бұрылғанда томсырая қалған дөңгелек жүзі күреңіте қызарып көрінеді. Біресе аңтарылып, күйеуінің бетіне бағжиып, қадалып қалады. Сан құбылған осы қылығымен күйеуін де ілестіре күледі.

 Ұзаққа созылған жұмбақ күлкі бізге де сөлекет көрінбей қалған жоқ. Бастабында Өкен екеуіміз олардың мына ерсі қылығын сезбеген кісімсіп, әлденені әңгіме еткен болып, өз алдымызға шүйіркелесіп отыра беріп едік. Бара-бара өзіміз де қысылып, ыңғайсыздана бастадық.Енді бір үйдегі төрт адам бір- бірімізді аңдып отырғандай, көзіміздің астымен бағысып, үн-түнсіз арбастық та қалдық.

 – Қой енді, қазаныңды түсір.- деді жігіт бір кезде келіншегіне ым қағып.

Келіншек жымың етіп барып,мескейді әрең қозғалтып жерге түсірді де , күйеуіне жалтақтай тағы бір қарап алып:

 – Қойшы өзің.- деп отыра кетті. Жерге қарап тұқырып, тағы да сылқылдап күліп ала жөнелді.

 – Болды, күлкіні қой. Түсір .- деді жігіт өзі де күліп жібере жаздап барып.

Келіншек те күлкісін тыйып, табақты жақындатып, ожауын ала берді де, қайтадан күліп ала жөнелді.

 – Мә, өзің түсірші.- деді жігітке ожауын ұсына, қып-қызыл болып күле қысылып.

 – Қой әрі. Маған әлден шөміш ұстатсаң жырғатады екенсің, қатынбасша ғып жіберерсің әуелі сен мына түріңмен.- деп күйеуі зілсіз қалжың айтты да шегіне берді.

Ұят емес пе!- деп күбірледі келіншек жерге қарай беріп.

 – Пісіп тұрған қазанды түсірмесең ұяатты қойып сүйекке таңба болмай ма!?- деді жігіт күлкіні қойып, салмақты раймен. Сонан бізге бетін бұрып тағы күліп жіберді де:

 – Жә, ағайлар, сіздерден ұят болды. Мәнісін ұқтырмай күлген күлкі– дарақы, дарбаза күлкі екені рас. Бірақ күлмеске де, күлкінің мәнін айтуға да қиын болып отыр.- деп ол біраз бөгеліп барып қайта сөйледі,- Бұрын есік ашпаған сыйлы адамсыздар, құдайы қонақсыздар. Ата салты бойынша мал сойып күтіп алсақ та артық емес еді. Бүгін мына отырыста қазандағы тамақты сіздерден қызғанып, бермейік деген ойымыз жоқ. Алдарыңызға қоюға ұялып отырған жайымыз бар.- деп келіншегіне бір қарап қойып еді, келіншек теріс айнала беріп, бетін бір шімшіп алып, тұқыра берді. Жігіт енді « тәуекелге « көшті білем, жаңағыдан да батылдау, бұйыра сөйледі. – Болды, түсір. Не болса да тең көрейік.

Мескейдің қақпағы ашыла бере-ақ көгілдір бумен бірге қой етінің иісі тағы да мүңки түсті. Бізге сыртын бере отырып, келіншек те тамағын түсіріп жатты.

Бір кезде күйеуінекүңк ете қалып еді, орнынан тұрып барып, үлкен табақты көтеріп әкеліп, алдымызға қойып жатып ол:

 – Ал, меймандар, сөге жамандамаңыздар. Бір бұдыры жоқ, ыңғай сирақ еді. Тұп-тура қырық сирақ болатын. Бұған пышақтың да керегі жоқ шығар. Бірден алып мұжи береміз ғой,- деді күліп.

Үйме-жүйме болып, ырсиып-ырсиып, бырысып, бүгіліп жатқан қалың сирақты көргенде мен де еріксіз күліп жібердім де « Жастарды жасытпайыншы « деп тез тыйылдым.

 – Әттең, бауыр-ау, бұл күнде мұның несі ұят дейсің!? « Аяғың жерге тимесе ат деген сол. Тісің тісіңе тимесе ас деген сол « дейтін сөз бар. Кәделеп тартқан бастың атағы демесең, ол да құйқа емес пе!?Пейілдеріңе, ниеттеріңе рақмет !- дедімкөңілдерін жұбатып.

Шын ниетім де сол еді. «Қонағына қойын сойып, басын тартып, жамбас асып, қазы-қарта мен жал-жаясын сыйлап аттандыратын ата-анадан көре қалған балалар ғой. Ұялмай қайтсын енді. « Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды « деген. Түсініп, біліп отырмын. Аңқылдаған ақ ниеттеріңнен айналайын… «деп ойладым ішімнен. Сирақтың жылбысқа сіңірлерін жұла отырып, көзіме жас та тығылып кетті.

Сонан бері жиырма жылдан асты. Аш та жүрдік. Тоқ та жүрдік. Ащыны да таттық. Тәттіні де таттық. Оның қайсы бірі есте қалды дейсің?! Бірақ осы бір қонақасы әлі есімнен шықпайды. Ойыма түскен сайын еріксіз езу тартып күліп аламын. Басымды шайқап, қиналып та қаламын.

Соңы

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here