Университетте қатарлас оқыған ескі танысым Қамашпен жиырма жылдан кейін қайта кезігетін болғаныма мен шынында қатты қуандым. Бір факультетте, бір топта бірге оқымасам да, Қамашты әбден танитынмын.
Қабат – қабат ғимараттардың подвалынан, жер үйлерден қазылып алынып, кір басып қалыңдап, шаң сіңірген қаағздың қышқыл иісі мүңкіген көп делоларды ақтарып отырып, Қамаш туралы жазылғандарды тауып алғанымда да, Қамаштың сондағы бейнесі көз алдымнан көп сурет болып өтіп жатқан.
Қамаш талдырмаш, қыпша бел, келіскен қыз еді. Қыз емес – ау, тіпті, жұлдыз еді. Үлкен қара көздері төңкеріле, жанарынан жай оғы ұшып түскенде ұзын кірпіктері жүрегіңе қанжарша қадалатын. Үңіле қарасаң, көз аясында мәңгі орнап қалған күн сәулесінің жап – жарқын бір үзік бөлшегі бардай сезілетін. Ал күлкісі қандай тәтті еді десеңші! Оның табиғатында өзіне ғана тән , жарасымды бір наз күлкісі болушы еді. Тіпті жымиып езу тартқанда да, еркелеп тұрған сияқты көрінетін. Киімді де денесіне құйып қойғандай ретті, таза киінетін. Мәуті мешепетінің сыртынан қайрылған кіршіксіз аппақ жағасы оны гүл жамылған көктемдесахараға жаңа келген қарлығашқа ұқсатып тұратын. Жастық шақтың буына семірген жас көңілмен ол өзін дербес, тәкәппар ұстайтын. Кеудесін кере, денесін тіп – тік алып, қысқа адымдап шапшаң жүретін. Әсіресе, сәті түсіп оны биге тарта қалсаң, жүзіне болымсыз қызғылыт бояу жүгіріп, ақырын ғана жымиып алатын да, ершімді бір қимылмен леп беріп, толқынша үйріліп, дөңгелене жөнелетін. Үлбіреген аппақ саусақтары алақаныңа тиген заман денеңе лып – лып етіп, ыстық бір ағын жүгіріп, миыңды қасиетті бір тұман сиқырлағандай, еркіңді буып, есіңді ала өзіне баурап әкететін. Жан – жүйең манаурап валс ырғағымен толқыған кездеріңде, өзіңді бейне бір ақша бұлттың жебеуімен жеп – жеңіл ғана ұшып бара жатқандай сезінуші едің. Ал оның жалғыз міні ән айтуға қатты ұялшақтығы еді. Қазір қаумалап апарып ортаға шығарып қоя қойсаң, ақ құба жүзі лезде қып – қызыл болып кететін де, жүгіріп кеп қайтадан топ ішіне тығылатын. Бірақ оның осы бір ұяң мінезі де ерекше сүйкімді еді.
Оқу бітірген соң оны шеткері бір ауданға, орта мектепке мұғалымдікке бөлген екен. Аласапыран кезеңді ию – қию жағыдайыменбірер жыл ғана істепті де, қызметтен қуаланып кетіпті.
Міне, мен сол Қамашты іздеп келемін. Бағана маған ат ерттеп берген қунақы жас жігіт анадай көрініп тұрған көгілдір тау бөктерін нұсқап:
-Әне, анау көгерген жүрекшені көрдіңіз бе? Арып – шаршап іздеп келген Қамашыңыз әне сол Көкжүрек ауылында, – деп жымың етіп қалған еді ол “Қамашыңыз” деген сөзді мәнерлей соза айтып.
Сол Көкжүрекке таяған сайын асығып келемін. Адамның студенттік шағы соншалықты ыстық болатындықтан ба, болмаса көп сырды бойына бүккен көк өрім балғын шақтың елесі от болып, қайта қоздап сағындырғандықтан ба, әйтеуір жаны ортақ курстасым жалын болып, қол бұлғап тұрғандай мені ынтықтырып келеді. Жол бойы Қамаштың бейнесін және оның үй – жайін, тіпті бала – шағасын да ой көзімен қайта – қайта көріп келе жатқандаймын. Қала әйелдері сияқты ұзын палто, тар етек көйлек, біз өкше туфли киіп сіресіп тұрмаса да, жалған жасандылығы жоқ, кіршіксіз таза тұлғасымен қызықтыра түскен, өңі таймаған қара торы қазақ келіншек әдеппен сызылып кеп атымды ұстап, қысыла қызарып, аппақ қолын ұсына беретіндей сезіледі. Ұзын кіпігінің ұшынан домалап түскен мөп – мөлдір сағыныш жасын да көргендеймін. Құтты ұядай жайлі, қарапайым қазақ үй биік сырлы шкафтар мен гүлді терезе перделерінің жоқтығын да өгейлетпей, қонақжай бір лебізбен қарсы алатындай елестейді…
Осылай бір тәтті сезім мен қиял қуып, Көкжүрекке қалай жетіп қалғанымды өзім де аңғармай қалыппын. Күз кезі еді. Комбайындар алтын теңізде жүзген кемедей мамырлап барады. Тақта бетінде әр жерде көп қара ноқат. Елдің бәрі егін басында көрінеді.
Мен көп сағындырған курстасыммен далада, ел ішінде емес, өз үйінде оңаша кездесуді лайық көрдім де, ат басын қара шобыр қалың ауылға бұрдым.
“Қамаштікі мынау” деп нұсқаған үйге кіріп келгенімде, менің бірінші рет амандасқаным кәнтиген, арық қара кемпір болды. Жуан жолды, өңі түскен барқыт мешпетінің жеңін шынтағынан жоғары түріп алып, ұн илеп жатыр екен. Ол екі қолын тегененің үстінен сәл көтеріңкіреп, кеудесін жаза тізерлеп отырған бойы:
-Гүлназ, балам, төр алдына сырмақ жайшы, – деп еді, жеті – сегіз жастар шамасындағы домалақ қара қыз бұрышта сүйеулі тұрған сырмақты сүйреп әкелді де, бір жақ шетін қайыра сарп еткізіп тастай салды. Шаң бұрқ ете түсті.
-Үй, балам, ақырын жайсаң нетті!? –деп күңк етті кемпір.
Үй іші күңгірт, шаң басқан төрт көзді терезесі де биікте екен. Үй ішінде көп дүние көрінбейді. Бір жақ бұрышқа жиылған аласа жүктің бетінде көнетоз көк одиал көлбіреп тұр. Қазан- аяқ жақ қабырғада сырланбаған ағаш төсектіңүстінде қызыл жиек басқан сырмақтың жарымын жасырып, сары серкенің терісі жатыр. Арсиып тұрған ағаштың қоспаларынан төсекті жасаушының да тым олақ екені байқалады. Төсектің бас жағындағы түпкірде әр түрлі бұлдың қиқымынан құрап қап кидірген тігін машинасы, енді бір бұрышта аузы қайрылған орта қап ұн тұр. Бейтеныс кемпірмен бейілсіздеу амандаса отырып, үй ішін шолып шыққанымда менің көзіме алғашқы шалынған нәрселер осы ғана.
-Әбдолланың үйі осы ма? – деп сұрадым мен кемпірден. «адасып басқа үйге түсіп қалған жоқпын па?» деген оймен Қамаштың күйеуінің атын атап.
-Осы, – деп міңгір етті кемпір естілер – естілмес үнмен.
Өзіме – өзім толық сеніп кете алмай, біресе кемпірге, біресе жан – жағыма қарай бердім. “бұл әлде Қамаштың енесінің үйі ме екен? Өз отауы бөлек болды ғой сонда” деп ойладым мен Қамаштың ойымда қалған бейнесімен мына үйді салыстыра отырып.
Кемпір тұқыжындап ұнын илеп жатыр. Анда – санда маған көзінің қиығымен қарай береді. Мен де үн – түнсіз отыра бердім. Ара – тұра сағатыма да қарап қоямын. Бала – шаға есік ашқан сайын «Қамаш кіріп келе жатқан жоқ па екен» деп жалтақтап көп қараймын.
-Қай жақтан келесіз? –деді маған кемпір бір кезде түбірі ғана қалған екі мұжық тісінің арасынан қып – қызыл тілі жылтың – жылтың етіп.
-Автономиялы районнан, – дедім мен аузымды толтыра, әнтек менменсінген дауыспен. Кемпір менің сөзімді естімеген адамша бетіме тігіліп ұзақ қарап қалғанын байқадым да, – Үрімжіден, – деп қысқа ғана ескертіп қойдым.
Кемпір менің сөзімді ұға алмады ма, әлде менің өзімен сөйлсейін деген ыңғылымының жоқтығын аңғарды ма, білмеймін, әйтеуір, одан ары үндеген жоқ. “жаман кемпірден қанша жарасымды сөз шығар дейсің” деген оймен мен де жантая кеттім.
Кемпір шелпек пісіре бастады. Қимыдына қарасаң әлі де епті, еті тірі көрінеді. Ал түріне кісі қараса, көлденең шимайлаған көп әжімдері қабағын шытынған сайын маңдайын бейне бір күйіп, бырысып қалған теріге ұқсатады. Еті босаған жақ сүйегі шодырайыпты да, иегін онан ары үшкірейте түскендей. Азу тістерінің жоқтығын дәлелдегендей екі ұрты да ішіне кіріп, шұп – шұңқыр болып тұр. Ағы дендеген бурыл шашы да ұп – ұсақ, ұяң екен. Оның өн бойынан ілікке алуға татитыны – шүңіректеу көз ұясынан жып – жылы бір мейірбан нұр төккен қара көздері ғана әлсін – әлі көп кідіріп қарап барып, тез тайқап жасқанып кетеді. Мінезі де оғаштау сияқты. Кейде жақтырмағандай қабағын шытып қалады да: “әкау біреудің үйінде көлбеп жата беруші ме едің кетпей” дегендей тамсанып қояды.
Оның бұл қабағын мен де жақтыртқам жоқ. Осыны тыржыңдатқанша “келмейтін болса Қамашқа даладан – ақ кезікпеймін бе?” деп ойладым да басымды көтеріп:
-Шешей, балаларыңыз түскі шайға үйге қайтушы ма еді? – деп сұрадым мен нығыздана сөйлеп.
Кемпір жауап берген жоқ. Күлгені ме, жақтырмағаны ма, бет – аузы тыржың ете түсіп, теріс айналды. «зайыры құлағының да мүкісі болса керек, әлде жынды шалыс адам болғаны ма?» деп ойладым оның мына кейпіне қарап.
Осы кезде:
-Атам келді, атам келді! – деп айғайлап кірген бес – алты жастардағы ұл бала жүгіріп келіп, шелпектің біреуін алып та үлгірді. Баланың соңынан үйге қырықтар шамасындағы қырма сақал қара жігіт кірді.
Қысқа амандықтан соң дастарқан жайылып, шай құйыла бастады. Менің сол жағымнан, кемпірмен екі арамыздан әлгі жігіт те келіп орін алды. Жөн сұраса келіп едік, Қамаштың күйеуі Әбдолла осы болып шықты.
-Е, е, – дедім мен енді жадырап, – Қамаштың жұбайы сіз екенсіз ғой. Мен қайта қаралатын делолар жұмысымен Үрімжіден келіп едім. Сонау бір кездері Қамашқа таңылған мәселелердің дерегін сабақтап келемін, – деп бұйымтайымның шет жағасын сездіріп, өзім де қомақтанып бір талай бөсіп алдым. Мұнда келгеніме де дардай уақыт болғанын, Қамашпен таныс болсам да, мына шешеймен бұрын таныспағандықтан шешіліп әңгімелесе алмағанымды, енді болмаса даладан жолықпақ болып отырған ойымды да жасырмай айтып салдым.
Әбдолла қолындағы шынымен бетін қалқалай қалды. Тістеніп әрі – бері сазарып отырды да, шынысын қоя салып, құтырған кісіше сақылдап күліп ала жөнелді. Қатты күлгені сонша, қып – қызыл болып булығып барып кемпір жаққа таман қисайып құлай кетті.
Мен аң – таң болып отырдым да алдым. Алғашынды “өзімнен бір сөлекет, сәкусін шығып қалды ма” – дегендей үсті – басыма да бір қарап жібердім. Онан соң мына жігіттің бейбастақ қылығы ұнаңқырамай, қадала қарап қалшиып қалдым. “бұл қай мазағы? өзім сонау алыстан осылар үшін келіп отырсам, оның үстіне бұларға деген адал ниет, тіліулес көңілмен жақсылық әкеліп отырсам, бұл әдепсіз менің қадірімді біліп, дәрежемді сыйламаған күнде де, өзінің әйелінің танысы болғандығым үшін, көрер көзге болса да, азырақ ілтипәт етуді білмегені ме?” – деп ойлап, іштей жаратпай, ренжіп қалдым.
-Жә, жігітім, “жылығанды сұрама, күлгенді сұра” – деген, бас – аяғы жоқ бұл қай күлкі? Әлде бұрын адам көрмеп пе ең? – дедім сызданып.
Әбдолла менің сөзімді ұғар емес. Ішегі қата ұзақ күлді. Не болғанын білмей мен де қысылайын дедім. Сонау бір кезде Қамашқа сырттай ынтыққан кезім де болып еді. Әлде Қамаш соны айтып қойып, мына көк соққан күйеуі соның есесін қайырғалы отыр ма деген ой да сап ете түсті. Не болса да, жонымды тайдырмауға бекіндім.
Өз сырым өзіме ежелден аян. Оншалық шекесі тар, саяз жігіт емес те сияқты едім. Сыралғылы жолдастарымды былай қойғанда, бір көріп жаңа таныс болған адамдармен де тез шүйіркелесіп, достасып кететінмін. өз өмірімде күні бүгінге дейін ел алыдында күлкіге қалған, ешқандай бір оғаш мінезім болғаны да есімде жоқ. Кездейсоқ бір іске кез бола қалғанымда да артын ойлап, сабырмен толғана, кең айналатын әдетім болушы еді. Бірақ, бүгінгі мына тұтқиыл ашты күлкі жанымды мұжып, жалынымды сөндірердей, етімнен өтіп, сүйегіме жаткендей қатты жасытты. Десе де, әлі де салмақтылық етіп, істің соңын күтейін деп тістене шыдап отырып қалдым…
Әбдолла не заман дегенде басын әрең көтеріп, көзінің жасын сүртті. Алғашында жерге қарап, біраз үндемей отырды да, онан соң маған “кешір” дегендей жылы жүзбен жымия:
-Ғафу етіңіз, ренжімеңіз. Мен сізге айтайын. Менің бір жаман мінезім осы, бір күлсем өзімді тоқтата алмайым, – деп келе жатты да, тағы да сықылықтап ала жөнелді. Үй ішіне көз тастасам, дастарқан шетінде отырған балалар да жымыңдап қояды. Қызыл иегін тістеніп алып, кемпір де жымия тұқырып қалыпты.
Мен енді мұнан ары төзе алмадым. “бүйтіп сайқы мазаққа көніп, қорлыққа шыдап, итиіп отырғанша Қамашқа даладан – ақ кездесіп, жұмысымды бітірейін де жолға түсейін” деген ойға бекініп:
-Жә, досым, үйіңнің есігін тұңғыш рет ашып отырғанымда көрсеткен сыйың осы болса, саған рахымет! Кімдікі оң, кімдікі теріс екенін мына шешем – ақ айтсыншы. Сенің осы көргенсіздігің үшін Қамашты да көрмей – ақ кетсем болар еді. Амал қанша, қызмет бабы жеке адамның қара басының қалауымен қатысты емес. Маған Қамаштың қайда екенін айтып берсең болғаны. Егер оны да айтқың келмесе, тағы да өзің біл. Елден сұрап – ақ тауып алармын. Ал шеше, сіз де сау тұрыңыз, – деп орнымнан атып тұрдым. Оқыс қимылдағаным сонша байқаусызда тіземмен үстелді де қағып кетіп, төңкеріп алдым. Әбдолла басын көтерді де менің етегіме жабысып:
-Тоқтай тұрыңызшы, мен айтайын, – деп бір кідіріп алып, тағы да жымия түсіп, қолымен кемпірді нұсқады, – Сіз мынаны менің шешем, не болмаса қайын енем деп отырсыз емес пе? Іздеп келген қамашыңыз осы кісі, менің әйелім болады, – деді төбеден ұрғандай.
Мен сылқ етіп отыра кеттім де, сілейдім де қалдым.
-Сен Ақан емессің бе? Мен сені бағанадан танып отырғам. өзің “шешелеп” отырған соң бірдеңе деудың бабын таба алмадым, – деді Қамаш қызыл иек аузы қол көрікше жампаңдап. Сонан бір талай отырып, ақырын ғана бір күрсініп алды да, – Ана бір жылы шпиондығыңды мойындамадың деп қасқа тісімнің төртеуін қағып алған еді. Оны азсынғандай артынан азу тістерімді де бірақ саудыратып түсірді… Сенде айып жоқ, танымадың деп саған қайтып кінә артармын… Кешегі бірге ойнап, бірге күлген құрбыма да “шешелетіп” қойды ғой…- деді де алқымы бүлкілдеп, үні шықпай, булығып қалды. Қыбырсыз тесірейіп жерге қараған көзінен кесек – кесек жас тамшылары да тамып кетті.
Мен қысылдым ба, ұялдым ба, білмеймін, әйтеуір, терлеп кеттім.
Жылдар, жылдар… қандай тас бауыр еді!
Үрімжі қаласы. 1980 жыл. Қаңтар
Жақсылық Сәмитұлы