Тастөбе дегеніміз аудан қалашығынан бірталай шалғай, атты кісіге күншілік жол болғанымен , маторлы көлікке онша алыс та емес екен. Мен екі сағатқа таяу уақытта-ақ көк адырдың бергі кезеңіне шығып тоқтай қалдым. Осы кезеңнен қарағанда көз алдағы жалпақ жазықтың бетіндегі жалғыз төбе ап-анық көрінеді. Жоқ, алдымен көрінетіні тастөбе емес, соның аяқ жағындағы тоқымдай ғана көгәл…

Тегінде біз оқып жүргенде бұл ара үлкен бір жарменке сияқты болатын. Коммунаның сәулетті де еңселі малшылық кеңсесі сонау көз ұшынан мен мұндалап, аппақ болып ереуілдеп тұрушы еді. Кейін малшылық мектебін де осы араға көшірген. Аз жыл ішінде қараң-құраң көбейіп жатақ та болып қалған. Не бары төрт-бес жыл ғана дәурен сүрді де, қайтадан тарпы құрып кетті. Қыстақ тағанын басқа бір жерге көшіріп жіберді. Бұған себеп болған-су. Мидай жазық даланың ортасында қара сұр адамның бетіндегі меңдей жалғыз төбе . Тастөбе сол. Соның аяқ жақ бауырында дөп-дөңгелек жасыл төскей, сәби мүсінді жас қыздың әлденеге ентіккенде көтерілген кеудесіндей ғана болымсыз дөңес. Мынау ұшы-қиырсыз қағыр ортадан сымбаты ерек, түсі бөлек балғын көгал . Осы арада қысы- жазы қатпайтын көзді тұма бар. Жауынды, ылғалды жылдары көгалдың аяғы ұзарып, үшкілдеп көп жерге дейін жасыл жолақтанып жатады. Қуаң құрғақшылық маусымдарда да мәңгі осы дөңгелек қалпы. Қыс күндері бетіндегі қарын жел айдап кеткен кезде жап-жалтыр мұзы айнадай жарқырап кетеді.

Қыстақтың қаласы зорая бастаған соң бұл тұнба ауыз судан аспай қалды да, мұны көрген коммунаның жаңа келген секратары мұрнын шүйіріп, қолын бірақ сермеді. Ел қоныс аударды, жұртта құлазыған бірнеше бөлмелі бастауыш мектеп қана қаңқиып қалды. Сонан бастап қыс күндері болмаса, ала жаздай иен тұратын осы Тастөбеде мектеп күзететін бір жұмысшы семьясы мен пенсияға шыққан Тоқтаубай мұғалімнің үйінен басқа ешкім қалмаған болатын.

Мен бұл жолы осы Тоқтаубай мұғалімді іздеп келемін. Біріншіден бастық бұйырды, екіншіден, Тастөбе менің туған жерім. Әйтпесе, Тоқтаубай мұғалімда менің түк те жұмысым жоқ. Оны айтпағанда ол кісіні сонау ерте кезден-ақ жақсы көрмейтінмін. Мектеп табалдырығынан бірінші рет аттаған кезімде кекілімізден сипаған алғашқы ұстазым болғанымен, кейін өзін мүлде жаратпай кеткенмін. Оның маған соншалықты жек көрінетін көп мінезі күні бүгін көз алдымда. Қолымнан тас қып ұстап алып, әке-шешемнің алдына алып баратын. Олар мені шапалақтай бастағанда, өтірік көлгірсіп, арашалаған болып, басымды шапанының шалғайына орай қоятыны да әлі есімде. Тапсырма орындамай барған күнгі қатал да сұсты көз қарасын есіме алсам күні бүгін денем бір дір етпей қоймайды.

Әсіресе, қашан орта мектепті бітіріп, университетке кеткенге дейін қыр соңымнан қалмай, бір ұмытылмай қойған «ақсақ командир» деген қосымша атымды ойлағанда, Тоқтаубай мұғалімге іштей бір кіжінбей қалмаушы едім. Бұл сонау ерте кездегі бір іс болғанымен, дәл кеше ғана боп өткендей көкейімнен бір кетпейтін.

Тастөбеге қар қалың жауатын . Кейде тіпті күндіз-түні бір толастамай, торғайбас-торғайбас болып, қапалақтап тұрып алатын кездері де болады. Ал күн айыққаннан кейін мектептің алдындағы шағын алаң шоқалақ-шоқалақ қар үйінділеріне толады да кетеді. Мұны күреп үю онша оңайға соқпағанымен, екі жаққа бөлініп, атысуға келгенде несін айтасың, табылмайтын тамаша майдан. Әсіресе, алғашқы көбік қар кезі, ұстай алсаң көк сықпа болып шыға келетін дайын оқтары қандай!? Ал да асат! Бұғынып аңдып жатып шыға кел де, тұтқиылдан жаудырт оқты!

Осындай бір күні мен өз әскерлерімді бастап, “жау” жақтың тоз-топалаңын шығарып қуа жөнелдім. Олар мектептің сыртын айнала қашқан кезде мен мектептің төбесінен шығатын басқышпен өрледім де, өкпе тұсынан тиіспек болып төтелей ұмтылдым.

– Қарғыңдар! – дедім арғы шетке барғанда. «жаумен» қоянқолтық араласа кететін тұс дәл осы еді. Іргеге таяу қалың шоқалақ қар, жұмсақ ұлпа. Оның төбесіне қалай қарғып түссең де, ештеңе етпейтіні қақ.

Бірақ, мектеп недәуір биік болатын. Алғашында соңымнан қалмай ілесе жүгірген «әскерлерім» мына бұйрықты ет құлақтағымен естіп тұрса да, мектептің төбесінен жерге бір-бір үңілді де, жүрексініп, шегініп тұрып қалды.

– Ура! Қарғыңдар! – деп бұйырдым тағы да. Ешкім жылжыған жоқ.

Соғыс киносын талай көріп жұрміз. Шабуылға шыққанда алдымен командир бастап жүгіретінін бәріміз білеміз. Әрине, қорқақ адам командир де бола алмайды ғой.

– Еріңдер соңымнан. Қарғыңдар! – деп тағы бір айғай салдым да, бір шоқақақ қардың төбесіне барып, жалп ете түстім. Бір аяғым әнтек ауырсынғандай болғанмен, оны елеген жоқпын. Жалма-жан ұшып тұрып, тағы да айғайлап жатырмын.

– Тез болыңдар, Ұмтылыңдар! – деп үйінді қардан малтаңдап шықтым да, тілімді алған бірнешеуін мақтап, қалғандарына зіркілдеп ұрса бастадым.

– Тілімді алмағандарың көресің қазір, танисың әкеңді! Сендермен мынау бір туысқан! – дедім жұдырығымды көрсетіп.

Осы кезде менен корыққаннан бірнешеуі қарғымақ болып, алақандарына түкіріп қамдана беріп еді.

– Тоқта, қарғыма! – деді біреу дәл жанымнан саңқ ете түсіп. Жалт қарасам, Тоқтаубай мүғалім екен. Ол төбедегілерді басқыштан түсіп кетуге бұйырды да, бізді қатар тұрғызып тізіп қойды.

– Ойнағандарың жақсы, – деді ол бәріміз жиналған соң, – Бірақ, ойын деген тәртіпті , әдепті болғаны дұрыс. Мынағұрша биіктен секіріп түсем деп мертігіп қалсаңдар жақсы бола ма?

– дей келді де маған қарап жымиып күліп қойды, – Құмар сен жақсы командирсың. Бірақ командир сау денелі болу керек. Ақсақ адам командир бола алмайды. Намысқа тыртысып жасырып тұрғаның болмаса, аяғың недәуір ауырып қалған ұқсайды. Кәне былай жүріп көрші.

Мен қызыл асығымның ауырғанын білдірмеген болып қанша тырмысқаныммен, аяғымды басып жүре бастағанымда-ақ балалар ду етіп күліп жіберді. Міне, содан бастап олар мені «ақсақ командир» атандырып кетті…

Мен сол бір күндердің елесіне елітіп кетіп, кезеңде бір талай уақыт отырып қалған екенмін. Қызынып-терлеп келіп, демала қалғанға денем суынып, тітіркеніп кеткенде ғана байқадым, батыс көкжиектен жөңкілген қара қошқыл бұлттар тақ төбеме таяп қалыпты. Ауадан салқын, дымқыл леп білінеді. Анау арғы белесте сіркіреп құйып жатқан жауын салма-салма, тарам-тарам ақ селдір пердесін көлбеу керіп, сеп жая жақындап келеді екен.

Мен жауыннан бұрынырақ жетіп алайын деген оймен мотоцикліме мініп алып, еңіске қарай зыр ете түстім.

Тастөбе мен көрген Тастөбе емес, өзгеріп кетіпті. Анда-санда бір жерде қылтиған жарым- жарты кетік дауалдар, мұжылған мұқыр тұғырлар, бұрынғы үйлердің нобайын алып қалған білеу-білеу, шаршы-шаршы тағандар ғана көзге шалынады. Анау мектеп те бұрынғысынан шөгіп, аласарып кеткен сияқты. Моржаларынан түтін шығып жатқан екі үйдің де ұсқыны бөлек. Сылақтары көшіп, дөдегелері ойылып-ойылып кетіпті. Жаңбыр суы жырған қабырғалар қара божбаңдап ыржиып, ырсиып тұр.

Мен ауыл сыртына әнтек іркіліп тұрып қалдым да, «Тоқаңның үйі болса осы бір еңселірегі, бүтіндеуі болар» деген оймен жоғары жақтағы үйге таман бұрылдым. Таяй берген кезімде матор дауысын естіген екі бала алдымнан жүгіріп шықты. Мөлшері бес те жеті жастан артық екен. Жалаң бас, жалаң аяқ, бет-аузы қожалық-қожалақ. Сандарын сабалап, зырылдап жүгіріп келіп, қалт тұра қалған екеуі мен жақындай бергенше болған жоқ, қашып үйіне кірді. Шешесін сүйрелеп, лезде қайта шықты.

Мен матордың дауысын бәсеңдеттім де амандасып, жөн сұрадым:

– Тоқаңның үйі осы ма?

– Анау, – деді саркідір әйел. Балаларын қуандырып өз үйіне беттеп келген қонықтың көршісінің үйін сұрағанына нараулау болған әлпетпен иығын ғана көтеріп.

 

***

Тоқаң терезеге таяу төсек үстінде, алдына қойып алған кішкене шайтақтайдың астына аяғын көсіліп жіберіп, бір нәрсе жазып отыр екен. Мен сәлем беріп кіріп келгенде көзәйнегін бір қолына алып , есік жаққа елеңдей қарап қалды. Жанына келіп, қол беріп амандасқанымда да, қырындай шалқалап бетіме тесіле, үдірейе көз тастады.

– Танымай қалдыңыз ба, мұғалім? Мен Құмар емеспін бе? – дедім атымды айтып.

– Құмар? – деді ол өзіне өзі сөйлегендей ерні әзер жыбырлап.

– Үй ағашшы Жақыпты білетін шығарсыз? – дедім мен оның әлі тани алмай отырғанын біліп, әдейі ескертіп.

Ол орнынан бір қоқаң етіп, көтеріле беріп, ұсынған қолымды қос қолдап қыса бастады:

– Е, Құмармын де. Ой, тентек-ай, ә, көзіңнен шырамыта бастап едім. Бізден кеткенде жұдырықтай бала болатынсың. Енді, міне, соқталдай азамат болыпсың. Бәріңді сыртыңнан сұрап, біліп жатамын. Иә, аман жүрсің бе, шырағым? – деп бір қауым сөйлеп алғаннан кейін де сөзді өзі жалғады:

– Әй, кәрілік деген осы екен. Тегінде өздеріңдей бала кездерімізде ақсақалдар: «оу, қай баласың?» күн салып қарай қалғанда: «жаның шықсын, қу қақпас, кеше тағы сұрамап па еді, жөлерсуін қарашы өзінің!» деп, іштей қыжыртып тұрушы едік. Сол өз басыңа келгенде сенеді екенсің. О-ой, дүние-ай деген, – деп бір күрсініп қойды.

Біз тосырқап отырмай, лезде-ақ шүйіркелесіп, әңгімелесіп кеттік. Тоқаң бір үйде үш жан, бәйбішесінен басқа бес жасар немересі бар көрінеді . Үш ұлы, екі қызы да ержетіпті. Бөлек отаулары бар. Басқа жерде қызметте екен. «Өлсем анау Тастөбенің бауырына, әкемнің қасына жатамын» деп Тоқаң өзі әдейі көшпей қойыпты.

– Қаншаға келдіңіз? – деп сұрадым мен осы орайда.

– Жетпістің біріне шықтым.

– Демалысқа қашан шығып едіңіз?

– Сегіз жыл болды.

– Содан бері осы арадасыз ба?

– Әй, қарағым Құмар-ай, содан бері дейсің бе? Ол деген мұнда ғой. Мен өмір бойы осында емеспін бе? Әкем марқұм менің бес жасымдағы кезімде көшіп келгенбіз деп отырушы еді, содан тартып міне бүгінге дейін осы арадан көп ірге аударғам жоқ. 1955-жылы қалалық бастауыш мектепке ауысып барып үш жыл тұрдым. Төртінші жылы қайтадан көшіп келіп алдым. Осы Тастөбе басқаға қандай екенін кім біледі, әйтеуір, маған дүниеде осыдан артық жер жоқтай көрінеді. Сондықтан пенсияға шыққанда өз алдымнан оқып шыққан анау Үркімбек Әкім, ауылдық бастығы Алтыбай қатарлы аудан, ауыл басшылары құрметтеп, қалаға, ел ішіне, дәрігерге жақын жерге апарып орналастырайық дегенде де идеямнан өтпеп еді, «үй салып беретіндерің рас болса, осы арада да бір үйдің орны бар» дедім де жата бердім.

– Салып берген үйі осы ма?

– Жоқ мынау бұрынғы ескі үйім. Баяғыда Тастөбе қала болады дегенде салынған үй ғой. Арада төбесін бір рет ашып, көтеріп қайта жауып едім, іші құтты болды деген болмаса, қазір тозып-ақ кетті.

– Әлгі салып беретін үйі ші? – дедім мен сөз аяғын тоса алмай. Еріксіз үйдің төбесіне көзім түсіп еді, мәтшә, сырғауылдары да қап-қара қайыстай болып жылтырап, қараындап майысып барады екен.

– Оған мұрсасы болмай жатыр-ау деймін, – деп күліп қойды Тоқаң. Кәперінде ештеңе жоқ, көңіл баяғыдай, – Маған үй салып бермейін деген ой оларда мүлде жоқ. Алғашқы жылы уәде берген Бекболат болатын. Келер жылы ол ауысып кетті де, оның орнына оқу-ағарту мекемесіне Ермек бастық бола қалды. Екеуі де өз қолымнан шыққан оқушылар ғой. Аянып қалған жоқ, көрім-ақ тырбанып көріп еді, құрып қалғыр, әлгі бір қызыл сызық деген қолдарын байлады, білем. Қисынын бір келтіре алмай-ақ қойды. Кейін Ермек ауысып кеткенде, орнына тұрған мынау осы күнгі Қытай бастығымыз да жақсы адам көрінеді. өзімен әлі бет көрісе алғам жоқ. Бір ауданның оқыту қызметі деген оңай ма!? Мектеп деген көбейіп алды емес пе!? Соларды бір рет аралап шығу үшін де талай уақыт керек қой. Бұл жаққа қол тиіп келе алған жоқ. Қызмет деген сол . Өзіміз де істеп көрдік емес пе. Кір азымас нәрсеге бола да, өкпелейтін емес, әйтеуір, дендерің сау болып, сендер аман-есен жүрсеңдер болды, басқаны қойшы, бір жөні болар тағы да, – деді Тоқаң ағынан ақтарылып.

 

Дәл осы кезде күн шатырлап жауа бастады. Биіктігі бір кездей төрт көзді терезенің әйнектерін кесек-кесек тамшылар сабалап, сатырлатып әкетті. Тоқаңның бәйбішесі аласа жүктің үстіне ақ пластмасса жауып, онан соң ауыз үйге шығып, елеген, астау, табақ сияқты көп ыдысты үйге таси бастады. Тоқаң да орнынан тұрып, төсек үстіндегі қағаздарына ұмтылды.

– Не жазып жатырсыз, мұғалім?

– Бұл ма? Бұл әншейін бір ермек. Адам бос отырып шыдамайды екен. Алғаш демалысқа шыққан кезімде тіпті қиын болды. Зерігіп, ішқұста болып өліп қала жаздадым. Содан осы алданышты таптым. Мен мына оқу-ағарту шебінде тұп-тура қырық бір жыл мұғалімдік істедім ғой және ылғи бірінші класты таңдап алып жүрдім. Саңылаусыз, қараңғы бір дүниеге тұңғыш сәуле түсіріп, оған жаңадан жан кіргізу деген дүниеде ең бір қызық нәрсе екен. Қазір мөлшерлеп көрсем мыңнан артық балаға қара танытқан екем. Солардың кейбіреуі Пекинде одан қалса Нанжин, Шанхай, Үрімжі, Іле сияқты үлкен орындарда ірі-ірі қызметте деп естимін, – дей келіп Тоқаң соларды көріп тұрған кісі сияқты бір сәт кідіріп, ойланып қалды. Сонымен үйде бекер отырғанша алғаш мұғалім болғаннан бергі көрген-білгендерімді, оқу-ағарту саласының бұрынғы тарихы мен кейінгі дамуын өзінше ой елегінен өткізіп, жазып жатырмын.

Кей күні бір-екі сағат, кейде бірер сағат дегендей шимайлап қоямын. Басқа ештеңеге жарамаса да, кейін балаларым оқып жүрсін деген ойым ғой, – деді қағаздарын боқшасына салып жатып.

Бұл тұста күн қатты құйып кеткен еді . Тоқаң қағаз салған боқшасын жүктің арасына тыға бастады.

– Қазір-ақтамшы ағады, – деді міңгірлеп.

Бұл кезде Тоқаңның бәйбішесі де жаңағы әкелген қалың ыдыстарын әр жерге бытыратып қойып болған еді.

– Мынаны кішкене былайырақ, – деп Тоқаң бір– екі ыдысты қайта жылжытып қойды. Ауыз жиып алғанша болған жоқ, әлгі ыдыстар түгелдей дыңғырлап әндете жөнелді, Тоқаңның тамшы таматын жерлерді мүлт жібермей түгел жаттап алғанына мен одан арман таң қалдым.

– Әй, тағы бір-екі ыдыс болса әкел, бүгін мына жерден де ақты ғой, – деді Тоқаң төр алдындағы сырмақтың үстін нұсқап.

Мен де еріксіз орнымнан тұрып, сырмақты шиыршықтап жиып, тамға сүйеп қойдым.

– Анау қаймақ салған аяғыңды босатшы, – деді Тоқаң қазан-аяқ жақта қайтерін білмей тұрып қалған кемпіріне ақыл айтып.

Осыдан бір талайға дейін ешкім де үндеген жоқ. Мен Тоқаң ренжіп, томсырайып тұрған жоқ па деп оның бетіне қарап едім, ол тамшылардың ыдысқа түскен сыңғырларынан ерекше бір ләззат алғандай, бейне бір үлкен оркестрден айызды бір күй тыңдап тұрғандай жымия күлімсіреп қалған екен.

Жауын өткінші екен. Бір сіркіреп төгіп өтті де, тез басылды. Бірақ, тамшылар төбенің қара қошқыл нілін шайып, көпке дейін тырсылдап тұрып алды.

– Биыл бізге үй салып береміз деген жоқ па? – деді Тоқаң бір кезде ыдыстағы сары суды біріне– бірін төңкеріп құйып жатып, бәсең ғана дауыспен.

Мен үндегем жоқ. Жерге қарай бердім. Үндейтіндей бет жоқ еді. Тоқаңа жақсы тілекпен келіп отырмағаным белгілі…

Әңгіме былай болатын.

Кеше біздің жалақы алатын күніміз. Әрбір ауылдық, қыстақтардағы мектептердің буғалтырлары арт-артынан келіп, ақшаларын алып жатты. Бір буғалтырдың тізім дәптерін қарап отырған мекеме бастығы ойда-жоқта онан бір сұрақ сұрап қалды.

– Тоқаң әлі бар ма? – деді кенеттен.

– Бар, – деді есепші.

– Айлығын өзі келіп ала ма?

– Жоқ. Өзі үйден шықпайды. Көршісінен беріп жібереміз.

– Өздерің барып тұрсыңдар ма?

– Бармағалы екі жылдан асты. Қол тимейді, мойны ұзақ.

– Бар ма екен өзі?

– Бар деген, – деп есепші де бір сөзінен жазбай

Мен бастықтың қарсы алдында отырушы едім . Ол кеткен соң бастық терезеге ұзақ қарап, ойланып отырып барып:

– Жетпей жатқан қаражат мынау– деді өзіне-өзі сөйлегендей міңгірлеп, – Жасы жетпістен асып кеткен адам… осы күнге дейін тірі ме екен әуелі!?. жасырып қойып, артық қымқырып жүрмесін сұмдар?!

 

Мен кеше оның бұл сөзінің мәнісіне онша көңіл бөле қоймаған едім. Таңертең ұқтым.

– Тастөбені білуші ме едің? – деп сұрады ол кенеттен.

– Ол менің туып-өскен жерім ғой.

– Сен соған барып келсең…

Мен «бастық енді қандай жұмыс тапсырар екен»– деп оның бетіне қарап қалып едім, оның айтқаны мынау ғана:

– Тоқтаубай мұғалімді көріп келсең болды. Тегінде есіңде болсын, пәлен жерде жүр дегенге сеніп, көзіңмен көрмей келме!

Таңертең осыны естігенде менің өне бойым дір ете түскен еді. Енді, міне, Тоқаң мұғалімнің алдында өзімді-өзім тағы да іштей жек көріп, кінәлай бастадым. Бекер-ақ келген екенмін. Тоқаң әлі тып-тың екен. Тегінде де зор денелі тіп-тік адам болатын. Қазір біраз иілейін деп, еңкіштеп қалған да сияқты. Басы да аппақ, тіпті сақал-мұрты мен қасында ақ деңдеп қалыпты. Отырған кезде өңіне қарасаң, қурап, күсеп тұрған тәрізді. Бірақ, қимылы ширақ, көңілі сергек, тамағы да жақсы екен…

Осындай бір сау денелі адамға, өзіңді оқытқан ұстазыңа мына бүгінгідей жаман ниетпен «амандаса» келу деген… Әй, менің де құдай сүйер қылығым жоқ…

Мен сол үндемеген, жауап бермеген қалпы кетуге ыңғайлана бастадым.

– Қонып жатып кет, – деп жабысты Тоқаң шын ниетпен үзіт болып, – Біреу келсе әңгімелесіп, бір жырғап қаламын…

Үй салатындар келсе сойып беремін бе деп малдан алып қалған бір серкешім бар еді. Соны жеп кет, олар келіп жатса тағы бірдеңе табармын.

– Мекеме бастығы маған бүгін қайтып кел деп еді, – дедім өтірік жал тауып. Тоқаң әрең рұхсат берді. Мен кетерде нараулау болып қалғандай да көрінді. Бірақ, қайтқаным да жақсы болған екен. Мен үйге жайырақ барған едім. Осы әредікте бастығым мені сұрап, екі рет келіп кетіпті.

Әйелі екеуі киноға кетіп бара жатқан жолында біздікіне тағы соққан екен. Мен де жаңа келіп тұрғам.

– Тірі ме екен? – деді басқа бір ауыз сөз қоспастан төте тартып.

– Тірі екен.

Бастығым теріс айнала берді. Әлде не деп міңгірлеп, жыбыр ете түскен ернінің бірі біріне ұзақ жабысып тұрып барып, әрең ашылғанын байқап қалдым.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here