І

Дүр екен десең де, түйтіксіз екен десең де айтайын, жас кезімде жұртты тамсандырған бір алып күштің маған да біткен кезеңі бар. Жиырма жасқа келгенімше бұл өлке, бұл өңірде менімен сілкілесіп, тіресіп, шыдап көрген жігіт болған емес. Қандай қарулымын деген мықтылардың біреуі емес, екеуі екі иығымнан басып отыра қалғанда да оларды балаша көтеріп, ұшып түрегелетінмін. Жағаласып алыса қалса төртеу- бесеуін бүктеп астыма басып, бірінің үстіне бірін тау ғып үйетінмін. Мұнымды көзі шалған үлкендер жағы таңдайын қағысып:

– Тіліміз тасқа! Мынадан бірдеңе шығайын деп тұрған бала екен. Тіл-сұқтан аман болса, бір тайпа елдің қорғаны осы болар.

– Сүйегі тұтас, денесі де құж ғой өзінің. Нағашысына тартқан-ау, сірә. Әулие бабаңның жиені емес пе!? Сондай аталы, аруақты адамдардың тұқымынан талай  заман өтіп, талай ұрпақ аралағаннан кейін де тегіне тартқан, нысаналы біреу туады деуші еді. Сол осы болмасын,- деп гуілдесіп, сан-саққа, тоқсан торапқа жүгіртетін.

Әрине, бұған өзім де марсиып, қуанып қалатынмын. «Айбатынан жау шошып, қаһарынан жан сескенетін батыр болғанға не жетсін. Осылардың-ақ айтқаны келсе екенң деп ойлаушы едім іштей сүйініп. Соған орай бұрынғы өткен батырлар туралы әңгіме-жырды, ертегі мен қисаны да көп тыңдаймын. Өзімді сол батырлардың орнына қойып та қиялданамын. Қиял ғана емес, найза ұрып, садақ тартуға да көп әуестеніп, бой ұрып, жатыла бастадым. Содан болар, көрген түсімде де жеңімпаз туды желбіретіп, қол бастап, шеру тартып, атой сап қамал бұзып, айғайлап оянатын кездерім көп еді.

Өстіп жүргенде әкемнің мың жылқысының ішінен мен сияқты батырға ер серігі боларлық бір күрең құлын да туды. Көзімді ашып көргенім мал ғой, ат үстінде туып, ат үстінде өлетін қазақтың баласы емеспін бе, тани қойдым. Мүшесі мен сынын айтпай-ақ қойған күннің өзінде, туа салып үш күннен кейін енесінің ар жағынан бер жағына дік етіп секіріп түсетін, ойнақы қылығының өзі-ақ тұлпар болар туманың нысанасы еді.

Сол күннен бастап менің көзіме әкемнің мың жылқысы да бір, күрең құлын да бір болып көріне бастады. Әр күні таңертең жылқы жинаған кезде басқаны емес, ең алдымен осы күрең құлынды іздеуші едім. Күніне бір көрмесем көңілім алақызып, қоңылтақсып тұратын болдым. Жылқышыларға да, қос бастығына да арнаулы тапсырып, әдейі арда емізіп қоя бердім. Тіпті  сол  кездің өзінен бастап-ақ оны “арда күрең” атай бастадым.

Арда күреңнің құнан шыққан жылы еді. Қарашаның бас шені болатын. Таңертең ерте тұрдым да, ауылдың бас жағындағы салмада жатқан бір қос жылқының үстіне жетіп бардым.

Күнде осылай келгенімде басқа қалың жылқыдан шоқтығы ерек биік тұратын арда күрең ең алдымен көзіме түсуші еді. Бүгін қалың жылқыны қалай тінтіп қарасам да оны таба алмадым. Өз көзіме өзім сенбей, жылқыны неше айналып шықсам да арда күрең жоқ болып шықты. Бір сұмдықтың болғанын жаным сезгендей, жүрегім дүрсілдеп соға жөнелді. «Әй, қолды болған-ақ екен. Кәнігі көз, кәрі шор аяқ біреу топты жылқымен бірге оны да қоса қуып әкеткен болмасынң  деп қылпылдай бастадым. Шынымен солай  болды деуге тағы да қиып, сене алмай жылқыны қайта аралап едім, бір шетте оқшауырақ жайылып тұрған арда күреңнің енесіне көзім түсті. Осы күнге дейін ол енесінен көп бөлініп кетпеуші еді. Көзінен таса болса енесі де оқыранып келіп, шұрқырап табысып жататын. Бүгін ол да басын жерге салмастан қаңқиып жалғыз тұр. Байқап көрсем, жылқыға ит-құс бірдеңе тиді ме деудің де қисыны көрінбейді. Шып-шырғасы шықпаған қалың жылқы бырдай болып, бір тепсеңде ғана жап-жайын жайылып жүр. Үркіп, сетінеген белгі де байқалмайды. Таңертең қайтып барған жылқышылар да түнде ондай бірдеңе болды деп айтпап еді.

Сол күні түнде аз ғана қырбақ қар жауған болатын. Мен енді жылқы өрісінің сыртын айнала жортып, із шала бастадым. Көңілге күман туғызарлық ештеңе де жоқ. Не келген, не кеткен бірде-бір мал тұяғының ізі көрінбейді. Келіп қайтқан жалғыз жаяу адамның ізінен басқа қан сонардың беті тап-таза. Осы бейсауат ізге бір- талай қарап тұрсам да, күдіктене қоярлық ешбір белгі таба алмай-ақ қойдым. Онан ары көңіліме кәдік алған бірталай жерді неше қайтара арылтып, шолып шықтым да, қайтерімді білмей аңырып тұрып қалдым. Осы кезде «Кеше кеште іңірттеген кезімде өз көзіммен көрген арда күрең бір түнде қайда кете қалды? Сағым боп көшіп, құс болып ұшып кетпесе жер бетінен бір белгі шалынса керек еді. Апырау, осы мына келіп қайтқан жаяуда бір сойқан болмасынң  деген бір ой қайтадан ширықтыра бастады. Осы күдік тыншымды алды да, ауылға барып жылқышыларға тілдескенге де дат қылмай, сол жаяудың өкше ізіне түсіп қудым да кеттім.

Жол-жөнекей зер салып қарасам, кім болса да жаңа ғана келіп қайтқан адамның ізі екен. Аяқтың тұмсығымен ілініп түскен қар шашырандылары да әлі ұлпа қалпы. Оның үстіне, келгенде қандай асықпай келсе, қайтарында да сондай бейғам кеткен түрі бар.

Мөлшері бір шақырымға таяу жерге барғанда із бөктерден бұрылып, шұғыл бір шынтақ айнала беріпті. Осы жүлгемен мен де соқтырып отырып сай аузындағы қаңқиған қара жартастың түбіне барғанда өз көзіме өзім сенбей, аңқиып тұрдым да қалдым.

Жаяудың ізі жартастың түбіне байланған аттың шиырына қосылғаннан кейін онан ары бір үлкен, бір кішкене жылқының ізі болып суырылып шыға жөнелді. Жүрегім зу ете түсті. Не көргенімді, не істерімді білмей аңырып, мелшидім де қалдым. Бұл қалай болғаны? Көріп тұрғаным өңім емес, түсім болып жүрмесін. Егер мына кішкене жылқының ізі арда күреңдікі десем, анау қолаттан осы араға дейін оны қалай алып келді. Тоқты-торым емес, есік пен төрдей шу асауды қолтығына қысып алып кете алатын бұл қандай дию!?

Ақыл тоқтатып, аз аялдап ойға кеттім. Ақыры «не болса да тәуекел. Соңынан түсіп көрмеймін бе, егер пері не дию болмай, адам баласы болатын болса, бір айқасып қалайын. Біреудің бір жүріп кеткен ізінен қорықсам менің батырлығым қайсы?! Адал малым, маңдайыма басқан жалғыз   құнанымды  айырып  қала      алмасам «мықтымын, балуанмынң деп несіне күпиемін?ң   деген тұжырамға тоқтадым.

Сонымен «Нар тәуекел!ң  дедім де, ақша қардың бетінде баданадай ап-айқын болып жатқан екі іздің артынан жосыта жөнелдім.

Көп ұзағамын жоқ. Екі-үш қырқаны асқаннан кейін-ақ алдыңғы жағымдағы бір төскейде қайқайып кетіп бара жатқан жетегі бар адамның қарасын байқадым. Атыма қамшы басып, тебіне түсіп таяй бердім.

Үлкен қара кер атты біреу арда күреңді жетектеп алып, жайымен ғана аяңдап, найқалып сызып барады. Біреудің малын алып қайтқан ұры, жортуылшылар сияқты асығып, сасқалақтайтын түрі жоқ. Ердің бір жағына қисайып, жамбастай отырып  алып, қаннен қаперсіз ілбіп барады.

Мен оған таяған сайын арда күреңді қия алмай, ішім удай ашып, шыдамым таусылып, айғайлап жібердім.

– Әй, тоқта! Тоқта деймін жан керек болса! Тоқта! Тапа-тал түсте қай басынғаның бұл?!- деп бастырмалатып, кіжініп келемін.

Бірақ, анау құлағы керең адам тәрізді, «артымнан біреу айғайлап, қуып келе жатыр екенң деп елеген де, артына бұрылып қараған да жоқ. Егер есі түзу, құлағы бүтін адам болса, «қаһарын төгіп, буырқанып қуып келе жатқан кім екен? Жалғыз ба екен? Әлпеттері қандай екен?ң деп мойнын бұратын жөні келіп-ақ еді. Мынау өйткен жоқ. Тіпті қасына арқан бойы таяу келіп ақырғаныма да міз  бақпады.

Енді менің де жыным қоза түсті. Бәрінен бұрын, құнанымды ұрлағанымен қоймай, өзімді адам құрлы көрмей басынған қорлығы күйдіріп барады. «Кім де болса енді аясатын не қалды? Менің шешем де еркек қой қалжа жемеп пе еді!…ң деп ызаға булығып, түйіліп жетіп келдім де, қолымдағы қатқан сойылмен дәл  көк желкеден көзеп тұрып, періп кеп жібердім.

Астыма мінгенім жылдым, жынды, ұрт бесті болатын. Зу етіп алдыға таман өте берген кезде, сойылымның қолымнан қалай шығып кеткенін өзім де байқамай қалыппын. Ағындап озып барып,  атымның басын қайта бұрып алғанда аңғардым, сойылым әлгі дәудің желкесінде көлденең қысулы тұр екен. Сонша кәрленіп зілмен-ақ ұрып едім, мына ұры онымды бит шаққан құрлы да көрмеген сыңайы бар. Басын кекжитіп, сойылымды желкесіне қысқан қалпында бәз-баяғысындай асықпай аяңдап келе жатыр. Бұл сәтте еті қызып аласатып алған жынды ат ауыздықты сүзген бойымен оның алдына мені лезде қайтып алып келді. Енді қолма-қол аяқаса кетуден басқа амал қалмаған еді. «Не де болса тәуекелң дедім де, ат сауырынан асыра жұлып түсірмек болып, ұмтыла бердім. Ол менің жармасуға созған қолымды қағып та қоймастан өзі де, сәл еңкейіп  ұмсына берді. Осы орайда мен шап беріп, сары құлын тайжақының жағасынан қапсыра ала түсіп, атымды тебініп- тебініп жібердім. Менің ат үстінен адам жұлып алатын мықтылығым әншейінде екен. Жұлып алғанды былай қойғанда, мына пәлені ер үстінен қисайта да алғам жоқ. Оның есесіне осы қас пен көздің арасындай уақытта ол менің жауырынымнан шап беріп ұстай алды да, лып еткізіп алдына өңгере қойды. Қапелімде не болғанын білмей сасқалақтап, жан ұшыра тыпырлап, бұлқынып көріп едім, ол желкемнен бір-екі рет мытып-мытып жіберіп еді, адамның қолы емес, жезтырнақтың саусағындай қадала кеткен темір тегеуіріндер жанымды көзіме көрсетті. Мұнан  ары қару көрсетіп, қарсыласатын дәрменім де қалмаған еді. Осыны жәбірлене, қинала мойындай жатып, ендігі тырбануымның түк өнбейтін арам тер екенін межелей бастадым.

Ол мені өңгерген бойы ләм деп тіл қатып, тіс жармастан баяғы аяңынан  жазбай жүріп отырып, бір сайдың аузынан жылап түскен бұлақ бойындағы талдың арасына бұрылды да, кішкене бір алаңқыға келіп, атының басын тартты. Мені бейне бір лақ өңгерген адамдай-ақ жауырынымнан бүре көтеріп алып, қуқылдап қураған шалған шөпті күрт еткізіп жерге тастай салды. Өзі шылбыр бойы ілгерілеп барып түсті де, аттарды талға байлап, қанжығасындағы жарғақ қалтасын асықпай шешіп алып, менің қасыма келіп отырып жатып:

– Көтер басыңды!- деді дауысы гүр ете түсіп.

Мен басымды көтеріп оның тұлғасына енді ғана анықтап көз жібере бастадым. Алпамсадай зор денелі адам екен. Отырған кейпі бейне бір ұйыл қара тастан құйған құж-құж бірдеңе сияқты. Суық ызғар шашып, тесіле қараған тостағандай көздері өңменіңнен өтеді. Ол менің өне бойымды бастан аяқ бір шолып өтті де:

– Басыңды кесіп алып ағаштың бұтағына іліп кетейін бе осы!- деді кіріпігін қақпастан қадала түсіп, қынынан пышағын суырып жатып.

«Рас сөйтер ме екенң дегендей мен де оған бағжия, тесірейе қадала қалып едім, ол бураның қара санындай бір сирағын көсіліп жіберіп, пышағын шалбарының тізесіне олай-бұлай жанып-жанып қойды. Сонан соң маған тағы да ежірейе түсіп:

– Әй, саған мал керек пе, жан керек пе?- деді түсін салып.

Мен шошып кеттім. Үрейім ұшқаны сонша, тіпті сөйлеуге шамам келмей, еріндерімнің жаны кетіп, тілім күрмеліп қалып еді. Аузымды аша бере қылғынып-қылғынып барып:

-Ағатай-ай, қасықтай қанымды қиыңыз,- дедім жалбарынған дірілді дауыспен.

Ол маған қайталап ештеңе айтқан жоқ. Жаңағы тақыр жарғағының аузына өткермелеген қайыс бауын босата бастады. Енді маған көз қырын да салып қоймастан, сыртын қап-қара түк басқан, бүйі сияқты жуан саусақтарын жарғақ қалтаға сүңгітіп жіберіп, бір кесек піскен етті алып шығып, шетінен кесіп жей бастады. Мен оның ет шайнаған кезде жұдырықтай боп бұртиып шыға келетін шықшыт сүйегіне, шодырайған жұтқыншағына таңдана қарап отырып қалдым.

Сонан бір кезде ғана:

– Әй, ет жейсің бе? – деді ол маған көзінің астымен сүзе қарап.

Мен басымды шайқадым. Мұнан кейін ол әлгі бір кесек етті бірнеше бөліп қылғып жіберіп, қолының майын шалбарна сүртіп болғанша үндеген жоқ. Жарғақ қалтаның аузын қайта жиырып, былай алып қойғаннан кейін ғана тіл қатты:

– Ал, батыр, сөйлей отыр,- деді ол өңіне әнтек жылу жүгіріп, жұмсарғандай бейнемен.

Мен үндемедім.

– Қорықпай-ақ қой. Жаңа келістік емес пе, ер жігіт екі сөйлемейді,- деді ол онан ары жаймашуақтай түсіп.

Мен көзімнің астымен қарап қойып, әлі үндемей отырмын. Оның сөзіне сенейін десем де, басқа емес, мына қара құстай қарбиған бейнесінің өзі-ақ кісі шошырлық еді. Бағана байқамай «мал ашуы– жан шауың деп аңғалдықпен соқтыққан кезімді ойыма алсам, өне бойымды суық бір діріл соғып, қалтырата бастайды. Қайта аман қалған екенмін. Қанша тұлпар болғанымен, бір құнан емес, бар жылқыңды бірақ қуып кетсе де, адамға алдымен жан олжа емес пе?!

– Сен өзің дардай-ақ жүректі екенсің,- деді ол аздан соң кекегені қайсы, шыны қайсы белгісіз, суық күліп,- иә, мына бітімің де жарайды екен,- деп қойды артынан басымнан аяғыма дейін қайта бір шолып шығып.

Менде әлі үн жоқ. Не дерсің оған. Тіпті бірдеңе деп сөйлейін десем де сөздің ығы келмей-ақ қойды.

– Сіздің қасыңызда мен неге тұрамын,- дедім мен жалбырақтай, қолпаштай бастап.

– Онда неге қудың мені?

– Сіз екеніңізді білмедім ғой. Әйтпесе құнанды қойып…

Ол қарқылдап күліп алды.

– Міне, мұны дұрыс айттың,- деді ол күлкісін тиған соң өңін қайтадан суыта түсіп,- Егер менің кісі танитыным рас болса, сен не ойламы аз, ақылы таяз көптің бірісің де, не болмаса ауыл арасындағы шолақ мықтылығыңа буланған, аптықпа, ұркөппенің өзісің. Әйтпесе менің артымнан далбақтап, жалғыз шауып келетін жөнің жоқ- ақ еді. Мен әдейі сен сияқты бір сары ауыз балапан босқа салпақтап әуре болмасын деп жылқының ішіне бір шақырым жерден жаяу бардым емес пе?! Күрең құнанды сонша жерден аяғын жерге тигізбей көтеріп әкеткен адамды не шылғи ақымақ, сәулесіз біреу, не жүрегінің түгі бар адам болмаса ешкім де батып қуа алмас деп ойлап едім. Өзің-ақ айтшы, сен осы екеуінің қайсысысың?- деді ол мені мазақ қылғандай.

– Батыр аға-ай, не десем болар екен!?- дедім мен өзімнің пәруайсыздығымды онан ары мойындай түсіп.

– Айттым ғой жаңа. Сен менен қорықпа. Егер мен саған күш көрсететін болсам, бағана жағама жармасқан кезіңде-ақ мойныңды шылша бұрап жұлып алып, лақтырып жібермес пе едім. Кейінгі сөзім де қалжың болатын. Сені бауыздап пышағымды арамдап не қыламын. Онсыз да талай қанға батқан қол ғой бұл. Сені әдейі сынамаққа айтып едім. Әңгімеңді айта отыр. Менің де көптен ішім пысып қалды,- деді ол жаңағыдан гөрі де шешіле, жұмсара түсіп.

Бойымдағы қорқыныш пен қауіп осыдан кейін ғана арыла бастап еді. Мен жаңағы қылықтарым есіме түсті де өзімді өзім тоқтата алмай күліп жібердім.

– «Жылағанды сұрама, күлгенді сұраң деуші еді ғой атамыз қазақ. Болмаса соныңды айтшы. Неменеге күлдің?- деді ол бетіме қадала түсіп.

– Өзіме өзім күліп отырмын,- дедім мен күлген жөнімді айтпасыма болмайтынын біліп, –  Өзіңіз айтқандай ауыл арасының мықтысы екенім рас. Соған мәз болып, аспан астында маған шақ келер жан жоқ-ақ шығар деп жүргенімде, ойда жоқта бүгін сіз кезігіп, «ердің ерін көрсең, тақымында күлерсіңң болып отырмаймын ба, соған күліп едім. Дүние жүзінде екі аяқты пендеде сіздей де алып адам болады деп кім ойлаған!- дедім шынымды айтып, таңырқағанымды да жасырмай.

Ол тағы да қарқылдап күліп жіберді. Мына күлкісіне қарап мен оны «Пенде ғой, мақтауды жаны сүйіп бара жатыр-ауң деп ойлап едім. Бірақ олай болмай шықты.

– Менен де мықты адам бұл дүниеде жоқ дегенің бе? Баласың ғой әлі. Мысалы мына сен де тап қазірге дейін өзіңнен мықты жан баласы бар деп ойлап көрмегеніңді айттың ғой. Сендей кезімде мен де солай ойлағанмын. Кейін білсем аспан асты кең, алып адамдар да көп екен. Бір кезде дәл бүгінгі сен сияқты мен де біреудің шынашағында ойнағанмын,- деді де ойға шома отырып, бір күрсініп алып, бөгеліңкіреп барып,- Ойбой, ол… Пай-пай… нағыз алып деген ат соған ғана лайық. Оның қасында біз неге тұрамыз,- деді өзіне өзі сөйлеп отырғандай сөзін күбірлеп аяқтатып.

Мен оның бетіне жалт қарап, «мынау не айтып отырң деген оймен бағжия қалдым. Дүниеде мынадан да мықты, алып біреу болғаны ма? Сонда ол шын адам ба екен, әлде дию, пері сияқты басқа бір нәрсе емес пе екен? Әй, кім біледі. Тіпті мына сөзге нанудың өзі қиын болар. Немесе бұл да бір пендешілікпен, басқа бір оймен, асырып айтып отырған жоқ па екен? деп күдіктеніп қалдым.

Баяғыдай емес, сөйлесіп тілге келгеннен бері бара-бара бойым үйірлесіп келе жатыр еді. Қуып келген құнанымнан үміт жоғын, одан бұлт жуық екенін сезіп, түсініп отырмын. Енді тым болмаса соның сол әңгімесін тыңдап, өзінің кім екенін біліп қалайыншы деген дәмемен:

– Андағы сөзіңізге қалай сенерімді білмей отырмын, батыр,- дедім әдейі.

– Неменеге?- деді ол жақтырған ыңғыл байқатпай, шытынып қалып.

– Сіз де «біреудің шынашағында ойнадымң   дедіңіз ғой?

– Оның сенбейтін несі бар?

– Сізді өйтетін адам бұл дүниеде…

Ол тағы да қарқылдап күліп ала жөнелді.

– Былай етсек қайтеді, батыр аға, Ана арда күреңді сіз-ақ ат қып мініңіз,- дей бергенімде ерік бермей көзіме жас лық ете түскен еді. Онымды сездірмеуге тырысып, бір рет жұтынып, тыныстап алдым да, сөзімді қайта жалғадым.- Менің бір тілегім болсын, үйге жүріп дәм татыңыз. Әкем жуас, момын адам. Түйенің түсі, жылқының саны деген сияқтыға көңіл бөліп жатпайды. Оның үстіне осы күнге дейін маңдайыма жасқап, қолымнан қағып көрген емес. Арда күреңнің үстіне тағы аламын десеңіз де менің қолыма таласар ешкім жоқ. Үйге жүріп, жата-жастана, жайланып отырып, әлгі әңгімеңізді айтып беріңізші. Соныңызға іңкар болып отырмын,- дедім жабыса түсіп.

Ол ойланып қалды. Бір заматтан кейін ғана:

– Е, Е, тұра тұр. Жә, оның да болады. Тілегің екеу болды ғой. Алдымен дәмге шақырғаныңа рақмет. Менің әлі де талай-талай жортатын жерлерім бар. Сол үшін үйге бармады деп ренжіме. Енді біріне келсек… Жас жігітсің ғой, меселің қайтпасын. Оның үстіне мына құнаныңның ауыздығына байлағаным болсын. Айтып-ақ берейін. Бірақ, ол бір ұзақ әңгіме. Алдымен ана аттардың ауыздығын алып отқа қой,- деді шынтақтап жантая беріп.

Мен аттарды бекітіп қайтып келдім де оның қасына жақындап келіп, малдасымды құра отырдым. Ол асықпай толғанып, ойланып отырып-отырып барып, әңгімесін бастап кетті.

 

ІІ

Дәл өзіңдей бозбала кезім. Толысқан шағым. Бойымды асау қайрат, долы күш кернеп, дәу перінің жыны дарып, құрыштап жүрген уақыт.  Адамның өз өмірінде бір-ақ рет қана сондай бір тәкаппар, тәуелсіз, бақытты дәурені болады ғой. Ешнәрседен бетің қайтып көрмеген, таудан-тастан тайынбайтын, от пен судан жасқанбайтын сол шақтың айбаты да, мәртебесі де көңілде әрқашан бөлек тұрады. Сол желік, сол астам көңіл мені алмас қылыштай қылшылдатып, ақ лескердей жарқылдатып, төбесіне көтерді де, «майырылам-ау, шорт сынам-ауң дегізбей, көп нәрсеге көзсіз сермеді.

Менің өз тұстастарымнан бұрын қағынып, атқа ертерек мінуіме, бәлкім, ана сүтімен сүйегіме сіңген қара күшімнің, жұлымырлығымның да себебі болған шығар. Әйтеуір ел аузына жастай іліндім. Он алты жасымда ағаларыма ілесіп жортуылға шыға бастадым.  А дегеннен-ақ алдыма келгеннің бәрін жапырып, жалғыз өзім жау түсіріп, олжа салдым деп айта алмаймын. Бірақ, әлде қалай бір сәті түсіп, жұлдызым оңынан туып, мерейім асқан шағында талай-талай аруақты батыр, кәрі тарландардан бата алғанымды да жасырмаймын. Он сегіз жасқа шыққаннан кейін ағаларыма ілескенді қойып, өз бетіммен жалғыз да кете беретін болдым. Не десең о де,  қысы-жазы бел шешіп үйде жататын күндерім аз болушы еді. Ойыма не түссе соны қуып, кеземін де кетемін.

Сол жолы басқа бір себеппен үйде жоқ едім. (Оның мәнісін кейін айтамын) Біздің ауыл Алтай тауының алшынды сілемдерін жапыра шұбап, жайлауға көшіп бара жатқан бейғам бір кез еді. Іңір қараңғысындай ақырын жылжып баспалап келген қалың жауды ел шетіне ілінген кезде бір-ақ біліпті.

Ол тұста бізді Әрін сұлтан билеп тұрған кез еді. Екі жылдың алдында Алтай тауының шығыс шетіндегі Бегедай сұлтанға қалмақ ханы елші жіберіп, «Не бұл арадан іргесін тайдырсын, не тұратын жерін айтсынң деп құқай салады. Бұрын да жер дауы, жесір дауы, кейде барымта-сырымта сияқты реніштермен қитыққа ситық тауып қағысып, кикілжіңдесіп тұратын екі жақ бұл жолы үлкен жанжалға сайлана бастайды. Бегедай сұлтан Алтайдың бір жақ шетін билеп жатқан көршісі Әрін сұлтанға кісі шаптырады: «Қалмақтың қалың қолы басып алмақшы. Шаңырағыңды шағып, күліңді шашамын деп қаһарын төгіп келеді. Мені алса, сені де тегін қоймайды. Сондықтан басымызды қосып, елдігімізді қорғап, мекенімізді сақтап қалайықң деп өтініш етеді. Сол кезде Әрін: «Өзі тыныш жатса қалмақтың онда несі бар. Қазанынан арам кетпеген, өзінікі өзіне жетпеген Бегедай мен емес. Өз қолымен істегенін өз мойнымен көтерсін.  Пәлесі менен аулақң деп теріс қарап жатып алады.

Қалмақтың қалың қолымен Бегедай сұлтан ақыры жеке алысады. Бір жылға таяу қанды қырғын соғыстан кейін екі жағы да титықтап, азып-тозып барып, бірін –бірі жеңісе алмай өз жайына кетіседі.

Адамы қырылып, малы шабындыға түсіп, елі күйзеліп қан жұтқан Бегедай сұлтан осы соғыстан кейін Әрінге кәрін төгеді. «Жау жағадан алғанда жанымнан табылмаған, басыма күн туғанда пәле салып, табашым болған Әрін енді басқа емес, көресісін тұп-тура менен көредің  деп қаһарын тіккен екен деуші еді ел.

Бұл жолғы келген сол Бегедайдың қолы екен. Сұмдық хабарды естіген заман Әрін өз басын сауғалап қашып жоғалыпты да, бастарын қосуға мұрсат таба алмаған ауыл азаматтарын Бегедай қолы  тоз-топалаңын шығарып, берекесін қашырып, тып-типыл ғып жайпап салыпты. Иесіз қалған қалың малды мыңғыртып айдап, өңі түзу қыз-келіншектерді де ат сауырына салып ала кетіпті.

Мен ойымда түк жоқ салаң етіп жетіп келгенімде, шаңырағы ортасына түсіп күйреп жатқан ауылдың үстінен шығыппын.  Қашып-пысып, тығылып жүріп, бас сауғалап, аман қалған адамдар енді-енді ғана қайтадан басын  құрап, өлгендеріне қабір қазып, тірілерін түгендеп, тіршілік қамына кірісе бастаған екен.

Әке-шешем де ертерек қайтыс болып кеткен еді. Екі ағам бар болатын.  Осы қырғында екеуі де Бегедай  қолынан қаза тауыпты. Екі жеңгем бірдей олжаға түсіп кетіпті. Елдің айтуында Бегедай қолының бұл арадан аттанғанына бүгін екінші күн екен.

Мен болған мән-жайды осылайша шолақ-шолақ ұқтым да:

– Кәне, маған ілісетін кімдерің бар? Қуамын соңынан! Ең болмағанда адамдарды айырып қаламын. Марғау асып кетсе де құтқармаймын. Ел-жұрттан, мынау қырғын тапқан сабаз-боздақтардан, қан жаласып туған ағаларымнан менің қай жаным артық? Өлсем де кегімді алып өлемін!- дедім көзіме қан толып, құтырына ұран салып.

Ауылда тірі қалған көзқарақты, естияр үлкендер мұнымды құп көрген жоқ.

– Көрмеймісің, қара нөпір қалың ел болып төтеп бере алмай, қынадай қырылып  жусап қалған түріміз мынау.  Сайланып келген қалың қолға қостың уығындай бессадыра бірнешеуің қайтып бөгеу болмақсың?! Егер арам өлім іздемесеңдер, әуре болмаңдар. Ес жиып, ел болып, ақыл құрамаймыз ба? Отпен ойнамаңдар, азаматтар,- деді басу, тоқтау айтып.

Жүрегіме у құйылғандай есеңгіретіп, құтырып кетуге дәс-дәс қана тұрған кезім еді бұл. Арыстай боп сұлап жатқан ағаларымды көргенде де көзімнен тамшы жас шықпаған. Астыңғы ернімді тістеп, қанатып алғанымды да кейін барып сезіндім. Өстіп тұрып мен қазір кімнің сөзіне, қай данышапнның тәліміне, қай дананың ақылына құлақ аса қойғандаймын. Көнбедім.

– Ез тірліктен ерлік өлім артық маған. Не болса да көрдім. Тәуекел!- дедім де жасанған жаудың соңынан жалғыз өзім қуа жөнелдім.

 

ІІІ

  Мен көзімді әрең аштым. Әлдеқандай бір ауыр нәрсемен бастырып тастағандай, қанша зорлансам да қабағымды бір көтере алмай, өзіммен өзім әлек болып бірталай жатып едім, әйтеуір бір кезде жабысып қалған кірпіктерім бір-бірінен әрең дегенде ажырап, бұлдыраған бір жарық сәуле көз алдымнан елбең-елбең ете түскендей болды. Абайлап қарасам, даладағы оттың шалқып жанған жарығы екен. От басында күбір-күбір етіп, біреулер отырған сияқты. Алғашында мен: «Бұл қай жер? Қайда жатырмын? Мына жүрген кімдер? Отты неге жағып отыр?…ң деген сияқты бір шытырман сұраулардың байыбына жете алмай-ақ қойып едім. Бірталайдан кейін барып есіме түсті: «Қолға түскен екем ғой. Бәсе, бағана ат үстінде емес пе едім…ң – деп ойладым барандатып.

Олжаға батып, ырғалып-жырғалып, найқала жылыстап, үздік-создық кетіп бара жатқан қалың қолдың бір тобына дәл ұрымтал жерден, өкпе тұсынан жолбарысша атылғаным есіме түсті. Алыстан бір тұрғыдан қарасын шалғаннан кейін төте тартып алдынан орап шыққанмын. Таяған жерде дулығамның бауын бекітіп, атымның айылын мықтап тартып, шашақты найзаны қолға алып, басбағып аңдып тұрғам.  Үстіме жетіп келген кезде көлденең жағынан байқатпай киіп кетіп, тұтқиыл тиіскенмін.  Қапелімде абдырап кетіп, торғай тозы шыға қашқан бір топқа  тұп-тура қырғиша тигенмін. Бойымда өзім өз болып, бұрын мүлде парлап көрмеген тентек бір күш тасып, түйреп те лақтырдым, іліп те лақтырдым, тіпті кейбіреуіне найзамның тиген- тимегенін де анық біле алмаймын. Бұрқ етіп түсіп қалған адамды, жалт беріп шыға берген атты ғана көріп қаламын… Сонан бір кезде қолына сойыл, найза ұстаған бір топ адам жан-жағымнан ұмтылап, қамап алып, бейне бір қара жалындай лап қойып тап берген сияқты еді… Иә, сол арада қолға түскен екенмін ғой.

Айнала тастай қараңғы. Саңлаусыз, ессіз, ауыр қараңғылық басынып, иектей түскен.  Тау желінің түнгі лебімен қып-қызыл тілдерін жан-жағына жалақтатып, сумаң қағып шалқыған от жалыны анда-санда көз алдымдағы қара көлеңкені селт еткізіп, бір үркітіп тастағаны болмаса, жалп етіп қайта басқан қара түнекті сырып, серпілте алмайды. Менің мына бейшара халымды табалап тұрғандай үп-үшкір, сүйір тілдерін қайта-қайта шығарып мазақ етеді… Неткен қараңғы түн! Неткен бақытсыздық! Ат үстінде жарқ еткен найзаның елесімен бірге жанының жарқылы қоса сөнген жігітте не арман бар екен, сірә?!

Мен басымның зеңіп, сай сүйегімнің сырқырап ауырғанына қарамастан, тісімді тістеніп, бір қырымнан аунап түсіп едім, от басында отырған екеу маған таяды.

– Шеш қолымды! Босат мені!- деп ақырдым мен оларға, қолымды босатып алмақ болып жұлқынып тұрып.

Олардың біреуі анадай тұрған қосқа барып, сардарларының бірі болса керек, ұзынтұра бір кісіні ертіп келді. Мен оның кім екенімен жұмысым болған жоқ.

Шеш қолымды, өңшең жауыз! Шашамын қандарыңды! Қиямын желкелеріңді! Бастарыңды қақпақыл ғып ойнаймын!- дедім аузымнан ақ көбік шаша буырқанып.

– Ойдойт деген-ай!  Шіркіннің пысығын қара. Алдымен біз сенің қолыңды шешіп, босатып берсек, одан кейін көгендегі қозыдай қатар-қатар тізіліп алып, мойнымызды иіп, басымызды тосып тұрсақ, ал сен қолыңа біз ұстатқан қылышпен біздің басымызды допша дамалатсаң… Ха-ха-ха! Дүниеде ешкім ойлап таба алмайтын ақыл ғой мынауың,- деді қарқылдап, мазақтай күліп.

Ашу үстінде жаңа өзімнің не сөйлеп, не қойғанымды да жақсы білмейтін ұқсаймын. Әлгі сөзден кейін ғана аңғардым. Сонда да қияс, қыңырлығымнан танбай, бір бетімнен қайтпай, балағат араластыра сыбап тұрып:

– Танытамын әлі-ақ! Күндердің күнінде әкелерңнің  төбесіне құй қазамын. Жаным тірі болса бастарыңды шешелеріңнің етегіне бір тығармын!- деп айғай салдым.

Бұл кезде менің дауысыма елігіп, жиылып қалған адам саны да молайып бара жатыр еді. Топты адамның көзінше бір тұтқыннан балағат естіп, үндемей тұруға намыстанды ма екен, әлгі сардардың танауы желбірлеп, мінезі кілт құбыла қалды.

– Ей, мына әулекіні оттатпай әптігін басып қойыңдар. Отыз қамшы соғыңдар да, былай сүйреп тастаңдаршы өзін!- деді зілді, қатқыл дауыспен.

Сол-ақ екен, үш-төрт жігіт жүгіріп келіп, шапанымды басымнан асыра қайырып, бөксемді жалаңаштап жіберіп, соға бастады. Дәл осы кезде:

– Тоқтат, Ұрма!- деген ентіге, алқына шыққан дауыс жап-жақын арадан саңқ ете қалды да, біреу келіп жалаңаш денемнің үстіне жалп етіп құлап түсті.- Ұрғызбаймын. Соқтырмаймын сабазымды. Өлтірсең алдымен мені өлтір. Міне жаным. Соқсаң мені соқ. Міне тәнім!- деп бәйек болып, қызғыштай қорып, байбалас салған әйел дауысы.

Алғашында өзім де аң-таң болып қалып едім. Соңынан таныдым. Ашумен булыққан дауысы бөтен болып естіліп қалған Айшара екен. Тірі екен ғой бейшара. Тозақ отын сөндірем деп қанатымен су сепкен қарлығашым. Сүйіктім менің! Мені дауысымнан таныған болды ғой.

Жасақтар оған тиісе алмады. Үстімнен жұлып та алмады. Тіл қатыспай, үндеспей тұрып қалды. Айшара өздігінен түрегелді де, менің киімдерімді түзетіп жатып:

– Қалқаш-ау, тірі екенсің ғой. Кеше біреулер…- деп мойныма асылып, өксіп-өксіп жылап жіберді.

– Қалқаш деген осы екен ғой.

– Бұрын мен Қалқаш дегенді мосқал адам ба деп ойлаушы едім. Уыздай жап-жас жігіт екен-ау!

Етінен ет кесіп алсаң мойымайтын көк айылдың өзі ме деп қалдым.

Мынау неменесі екен?- десіп күңкілдесіп жатты топ ішінен әлдекімдер жасқана сыбырласып.

Бұл сенің неменең?- деді бағанадан үндемей тұрған сардардың дауысы. Қайсымызға қаратқаны белгісіз томаға тұйық бір сұрақ тастап.

Бұл ма, ағатай? Бұл – менің күйеуім еді,- деп жауап берді Айшара асыға-аптыға түсіп.

Мен оні кеудесінен итеріп қалдым.

Немене, «ағатай!ң Жоғал ары көзімнен!- деп ақырып жібердім.

Екі жігіт оны қосына қарай сүйрелей жөнелді.

– Әттең, Қалқаш-ау, бостан-босқа арам өлуші ме едің?!- деді ол артына жалтақтап, соңғы жалынышын білдіргендей.

Мұнан кейін мен сөйлегем жоқ. Орнымнан қыбыр етіп қозғалғам да жоқ. Дәл қазір таяқтан, тіпті өлімнен де сескенейін деген ниетім жоқ еді. Бейшара Айшараны аяп кеттім. Тым болмаса соның көзінше қорлық, тепкі көрмегенім абзал екен. Менен бұрын намыс оты оны мұжиды-ау. Менің денеме тиген таяқ оның  жүрегіне қанжар болып шаншылатын сияқты ғой. Әйтпесе бұзып-жарып жүгіріп келер ме еді?! Әлі босағамды аттамай тұрып, «күйеуімң деп айтар ма еді ел алдында. Әдептен аттап, аузы дағдыланбаған сөзді айтуға қандай күш зорлады екен оны? Иә, қалыңдығым екені рас та ғой. Деседе… Оны қойып әлгі сөз маған да ерсілеу естілді.

Бәлкім ол мынау жау қолында, өлім мен өмірдің арасында, қыл үстінде тұрған шағында өзінің көкейінде жүрген құпия бір тәтті атауды осынау шақтағы қапырық  өксікпен, зарықты сағынышпен немесе адам баласында өле-өлгенше сөнбейтін үміт, таусылмайтын алданышпен ырымдап та айтқан шығар. Немесе, «басына ауыр күн туған, зұлмат үстінде жалғыздық көріп жасымасыншың деген оймен мені әдейі жебегені болар. Сонда мен…

Осындай ойлармен тағдырдың басқа салғанына еріксіз мойынсұнып, ендігі жерде үн-түнсіз кете бердім. Айшараны да қайтып көре алғамын жоқ.

Асықпай жыла қонақтап барымташы – жаулаушылар үш күннен кейін Бегедай сұлтанның ақ ордасының үстіне ошарылып кеп түсті. Орданың сарбаздары мен санаттарынан басқасы ауыл-ауылына тарап кетті. Мені орда маңындағы жасауылдардың иелігіне тапсырып берді.

 

ІV

Бегедай  сұлтанның ақ ордасы дегенді бұрын сырттан ел аузынан еститінмін.  Көзім көргенде ғана нандым. Шынында да айдынды екен.  Ордаң қайсы десе мынау дейтіндей, ақ төбедей аппақ үй, үлкендігімен, еңселілігімен, көркімен, нақыштап басқан ою-өрнек, кестелерімен-ақ алыстан көзге түседі. Басқа үйлерден оңаша, дара тігілген айдынымен-ақ мен мұндалап тұрады.

Ұлан-байтақ кең сахара. Бұп-бұйра қарағайлы орман мен жап-жасыл белдер. Сонау алыста қалқыған ақ шарбы бұлт. Кіршіксіз таза, жеп-жеңіл денесімен, еркелеп, ұлы таудың иығына асылып қалған. Ақ тымағын милықтап баса киген кәрі тау қос қанатын жазып жіберіп, құлашын кере түскендей. Өркеш-өркеш ақ ирек ұзарып, бұлдырап барып көз талдырады. Сонан бері қарайғы бір қойнауда сол қасиетті ұлы дененің алпыс екі тамырын балбырата исіндіріп, қайнап, тасып барып, біріне бірі ұласып күркіреген асау өзеннің бір мүйісіне немесе қайдағы бір қара жартастың түбінен, сызатсыз шыны сүйектерін жарып шығып, шымырлап жатқан тау тұнбасының жанындағы апай төске, жап-жасыл шалғынды, соны жұртқа ең алдымен сол ақ орда тігіледі. (Сол жұрт кейінгі талай-талай ұрпаққа дейін «Орда қонғанң, «Сұлтан жұртың деген сияқты киелі аттармен аталып кетеді.) А дегенде, әрбі көгін алтынмен құймалаған күміс керегелер қанатын жаяды. Бұрала басып былқылдаған, көлбіретіп көйлек киген кілең бір сылқым қыз-келіншектер ақ білегін сыбанып алып, зер жіппен араластырып терілген оюлы баулармен керегенің басын қосып, шандып байлайды да, шым шилермен орай бастайды. Аппақ шытының кестесін маңдайына келтіре ораған, ылғи бір жорға мінген жас жігіттер жарқылдап әзілдей  жүріп, күміс уықтарды алып шаңырақтың көзіне шаншып, сабын керегенің басына таңады. Екі атпал жігіт атпен көтерген сап-сары ала шаңыраққа шаншыла бастаған уықтар жаңа  ғана шығып келе жатқан күн жазғы күннің күміс кірпіктері сияқты сәуле шашады. Аппақ орда лезде бой көтеріп, меңсіз жасыл жазықта толықсып шыға келеді. Онан соң маңындағы басқа үйлер осы орданы айнала тігіле бастайды.

Орда маңында басқа үйлер онша көп болмайды. Сәні мен салтанаты жағынан ордадан тым олқы соға қоймайтын сұлтанның өз үйі, отаулары ғана. Бұлардан әнтек оңашарақ сұлтанның ақылшы- билері, жасақ басы сардарлары, санаттарының шағын ауылы. Бұл ауылдың бір қанатын басып, жанаса, таяу келіп қонатын қарасы мол, үй саны көп, тағы бір қалың ауыл – орданың меншікті жасақтары. Олар төрттен-бестен, алтыдан-жетіден бір ауыл болып, орданы ту сыртынан алыстан орап, айнала қоршап отыратын көрінеді.

Көшкен кезде сұлтан таңертеңгі салқынмен ерте аттанады. Құсбегі, атбегілерін қасына алады. Бүркіт, қаршыға алып, тазы ит ілестірген саятшыларымен қара қорым қалың топ болып жүреді. Бірақ алыстан осылай бір шоғыр болып көрінгенімен сұлтанның дәл жанына ілесіп, тізелесіп, үзеңгі қағыстырып жүре алатындары бірнешеу ғана. Қалғандары өз ұтық-ұтығымен болып, қара көбейтіп, бір бөлімі алдыда, бір тобы артта жүреді.

Көш жөнекей көзге ерекше шалынатын тағы бір хикіметті салтанат сұлтанның жалғыз қызының маңында болады. Кербез, сылқым, сауықшыл ханыша өз жанына өңкей бір өрім жас қыздар мен сұлу келіншектерді ертеді екен. Кілең жорға мініп теңселген жастар тобы алтын-күміс тұрмандарын жарқылдатып, әндерін шырқап, көштен бөлек оңаша кетеді. Сауық-сайран құрады. Жеміс-жидек тереді. Көш түсетін межелі мерзімде саусылдап жетіп келеді де үй тігіуге көмектеседі. Әдетте көш жөнекей орда да, басқа үлкен үйлер де көп тігіле бермейді. Бір түнеп аттанатын жұрттарда көбінесе басын буған үйлер, қостар, кейде итарқалар жарбиып тұрады. Жалғыз сұлтан ғана әрқандай жұртта да өзінің үлкен ақ үйін тіктірмей қоймайды.

Мен осылардың барлығын түйенің үстінде, теңде келе жатып байқап отырамын. Менің жарық дүниені көріп, күн сәулесінің жанға рақат мейіріне балқуым да осындай көш жөнекей ғана. Су бүркіп, балбыратып алып тігіп тастаған түйе терісі кепкен сайын қуырылып, кеудемді қыса түссе де, еркін дүниені тамашалап, бір жасап қалатын кезім осы. Жайлау үстінде, немесе ұзағырақ отыратын қоныстарда қай заманнан қалғаны белгісіз қараңғы зынданға қамаламын.  Көбінесе жерден қазған, кейде жартастардың қуысына есік орнатып жасаған зындандар көп жерде дайын екен.

Жайлауға барып орныққаннан кейін мені де осындай зындандардың біріне қамады. Алғашында он шақты күндей жалғыз жатып едім, бір күні таңертең менің үстіме бір жас жігітті әкеліп кіргізді. Ішім пысып, зерігіп жатқан кезде мынадай бір серіктің табылғанына мен қуанып кеттім. Оның жас мөлшері де өзіммен құралыптас екен.

– Сен қайдан келдің?- деп сұрадым мен біраз уақыт өтіп көзіміз үйірлескен соң.

Мен осы ауылдыкімін,- деді ол сәл кідіріп барып. Сонан соң менің қадалана, құтқуырлай сұраған сұрақтарыма ешнәрсесін бүкпей, аңқылдаған ақ пейілімен жауап беріп отырды.

Жігіттің аты Мардан екен. Ол осы ауылды, Бегедай сұлтанның ордасын күзететін сенімді жасақтарының бірі болып шықты. Хан ордасы үшін оның әкесі де өле-өлгенше адал қызмет еткен ұқсайды. Бұл да осы ауылдың іргесінде туып, осында ержетіпті. Сұлтанның балаларымен де жасынан бірге ойнап, бірге өссе керек.

Бір күні сұлтанның жалғыз қызы орда маңындағы қыз-бозбалаларды кешкі алтыбақанға шақырыпты. Таң аппақ атқанша ойнапты. Ән тынбай тартылып, қобыз бен сыбызғы сыңсып, қыз-келіншек сыңқылдай күліп, бір тамаша думан болыпты. Осыны айта келіп ол:

-Біз Гүлайым екеуіміз алтыбақанды бірге тептік,- деді мақтан сүрей бір әуенмен.

Гүлайым деген кім?

Гүлайым сұлтанның қызы ғой.

Иә, ал сонан кейін?

– Алтыбақанға мені оның өзі шақырды. Өзіне кезек келген сайын мені қолымнан жетелеп ерте шығады. «Әнші екенсің ғой, Мардан. Алтыбақанда, ай астында қалықтап жүріп айтқан ән айысты болғаны жақсы. Міне, екеуіміздің дауысымыз қандай жарасады. Қорғанбай, тартынбай шырқай бер!- деп болмады. Өзі де қыздың бір ақмаралы. Керім ғой, шіркін!- Сен оны көріп пе едің?

Көш үстінде бірнеше рет көргемін.

– Сұлу емес пе, ә?

– Амал қанша өзімдікі болса дейтін-ақ қыз?

Мардан менің жауабыма қарқылдап күліп алып, арқамнан қағып қойды да әңгімесін жалғай берді.

– Сонымен алтыбақанда тербеліп тұрып, әнді шырқадық-ау дейсің келіп.  Гүлайым біресе аспан аясында қалқып, біресе жер бетінде жарқылдап, құлашын керіп, гүл-гүл жайнап, балаша мәз болды. Мен де өзімнің не болғанымды білмей кеттім. Күлімдеген қыз көзі жүрегімді өртеп, тіресіп отырған табаным да дуылдап кеткендей болды. Онан кейін «жүзік тастарң  ойнадық. Ол кезде Гүлайым жүзігін маған бірнеше рет тастады. Кейде екі жағымдағы адамға кезек тастап, қасыма келіп, тізелесіп отырды. Соншалық жарасып-ақ кетіп едік. Шатақтың басы кейін «Қасқыр  мен қойданң шықты. Мен қасқыр болған кезімде Гүлайымды торыдым. Бір рет қапысын тауып оны көтеріп ала қаштым да бір талдың далдасына алып барып, бетінен сүйіп алдым. Бар болғаны сол. Ол кеудемнен түйіп жіберіп, бұлқынып былай шығып алды да:

– Көргенсіз!- деді ызадан қалш-қалш етіп.- Мені кім деп жүрсің?! Тоқтай тұр бәлем. Әптігіңді қалай басар екем!- деді де ойынды аяқтатып, елді тарқатып жіберді. Мені ертіп алып, сол күнгі кезекші сардардың үйіне қарай жүрді. Жол бойы тысырайып, ләм деп тіл қатпады. Сардарға келді де:

– Мына сілімтіктің сазайын келістіріп тартқыз. Жиырма бес қамшы соқ!- деп бұйырды. Әңгіменің мұнан кейін не болғанын мен саған айтпаймын. Егер айтатын болсам, сен қуанып кетесің де, ханшаның бетіне тиген бетімнен сүйіп аласың. Хан қызының жұпар иісі ұшып, ерніме жұққан дәмі өшіп кетеді,- деп Мардан сылқ-сылқ күліп қисая кетті

– Ой, шіркіннің пысығын! Әңгіме өзі де бітті емес пе!? Жігіт басыңмен хан қызының алдында шалбарыңды сыпыртып, дүре соққызғаныңды қай бетіңмен айтасың? Ұялғаныңа көрінсін!- дедім мен оның қалжыңына орай.

Мардан басын көтеріп түзеліп отырды.

– Шынында да солай болуға таяп қалып еді. Тап осы арада ойыма кенет бір іс түсе кетті. Біреуге берген уәдем бар еді. Бір ыңғайы келмей мысымды құртып жүрген,- деді Мардан сөздің бетін басқа жаққа аударып,- Айтпақшы, осы сен Айшара деген қызды танушы ма едің?

– Иә, оған не болды?- дедім мен шошып қалып, Марданның алдына ентелей, жақындай түсіп.

– Оған ештеңе де болған жоқ. Бүгін соның тойы еді. Ханшаның бетінен сүйем деп сол тойдан құр қалғаныма өкініп жатырмын.

Қайдағы той?

– Қайдағы тойың не, қыз күйеуге тисе той болмаушы ма еді?!

Рас па, ей, мынауың?

– Өтірік айтатын маған не зор күн туыпты.

Мен сылқ етіп отыра кеттім. «Ойпырай, ит дүние-ай, не деген опасыз едіңң  деп күрсініп жібердім.

Менің бұл қылығыма Мардан сылқ-сылқ күлді.

– Жылап отырсың ба, ей, ол сенің неменең еді?- деді мүсіркеген адамша басымнан сипап.

Мен оның қолын қағып қалдым. Бейне бір Айшараны Мардан зорлап ұзатып отырғандай-ақ оған өшіге, шатынай қарадым. Мардан тағы да күліп жіберді:

– Жә, қой, ойпырай, мінезің қандай шадыр еді? Қалжыңдаймын. Енді кішкене айтпай тұра тұрсам не өзің жарылып өлерсің де, не мені өлтіріп кетерсің. Айшара аман. Саған сәлем айтты. Ол біздің үйде жатады. Күнде көзінің сорасын ағызып сықсыңдай берген соң апам маған тапсырып еді. Өзі оны сондай жақсы көріп кетті. Сонан  оған жаны ашып, сенен бір тіл алып бер деп еді. Көптен бірі бір ыңғайы келмей-ақ қойған. Гүлайымның дүресіне жататын кезде осы уәдем ойыма түсе кетті. «Ойбай-ай, ағатай,  құлдығым бар. Етіме өмірі қамшы тиіп көрмеп еді. Әуелі апам да бір рет қағып көрмеген. Бұрын әкем айтқанда ұрқымыздан бері тұқым қуалаған, жамбасымыздың киесі бар, қамшының ұшы тиді болды қағына жабысып, адам қатарына қосылмаймыз дейтін. Зынданға қамасаңыз да дүре соға көрмеңіз,- деп өтірікті сықпыртып, сардардың аяғын құшып, мұрнымды қос-қостан тартып, қорсылдадым – ай келіп. Сонымен сенің қасыңа келіп отырмын,- деді Мардан өзінің тапқан амалына мәз бола, ыржыңдай отырып.

Ақ көңіл, қушікеш жігіттің алғашқы алдағанына ренжіп қалсам да, өкпем тез тарады. Оның мұнан кейінгі айтқандарын да көңіл қоя, бар зейініммен тыңдадым. Анда-санда ұйтқып кететін қылжақ мінезі болмаса , өтірік айтпайтын адалдығына да разы болдым.

Оның алғашқы айтқаны да, менің құзыр болған әңгімем де Айшара жайлы болды.

Әнеугүні бұлар біздің ауылды шауып қайтқан жолы сарбаздар ең алдымен сұлу қыздар мен өңді келіншектерге таласыпты. Жортуылдың ежелгі салты бойынша егерлескен екі батырдың қайсысын таңдау әйелдер жағының ықтиярына беріледі екен. Қыз болсын, келіншек болсын, өзі кімді ұнатса, соның етегінен ұстап кете беретін көрінеді. Көрінгеннің қолжаулығы болып кетуден зерезеп болған әйелдер жағының көбі-ақ бір мезеттік жеңілдік үшін болса да, бір-бір еркекті таңдамасқа лажы қалмайды екен. Осы халде үлкен жеңгем бір қолбасының қосарында келіпті. Тіпті түскеніне екі-ақ жыл болған кіші жеңгем да мазасы кетіп, әбден сілесі қатып, титығы құрыған кезінде қартаңдау бір сардарға қосалқы болуға сөз берген екен.

– Ал, Айшара қайтты?- деп қалдым  мен бір кезде шыдамым таусылып. Айтарын айтып алсам да жүрегім еріксіз бір дір етіп барып тоқтады.

– Ешкім елеп-ескеріп, олжа бөліп, үлес беріп жатпаса да біз сияқты бозбалалардың көзі бастан-аяқ қыз-келіншек жағында болады ғой,- деп Мардан маған қарап көзін қысып қойды.

– Өзімізге түк түспегенімен, біз олардың түрі- түсі ғана емес, аты-жөнін де елден бұрын жаттап аламыз.

Ал, енді Айшараны айтсаңшы.

Айшара ма? Ол да келді.

– Ол қайтты? – Ол жол бойы жылап отырды. Екі кзі шоқпардай болып ісіп кетті.

– Не деген мыжығау едің!- дедім мен оның мына мылжыңына шыдамай ыза болып, теріс қарап.

– Қазір қайда? Соны айтпаймысың!

– Айтамын ғой. Соны айтқалы келдім ғой осы зынданыңа да. Өзің тіпті не деген шыдамсыз, сабырсыз жан едің. Айшара бар. Жолда оған да бір сардар жабысқан екен. Ол оған бір шарт қойған сияқты: «Әке-шешемнен бірдей айырылып, қан жұтып, қасірет шегіп жүрген күйім мынау. Ер болсаң жалғыз-ақ қолқамды бер. Шыдасаң бір жыл тосң депті.

Сонымен?

– Сонымен осыған уәделесіпті. Бірақ Айшара кейін мұнысына да өкініп қалыпты. «Осы шарттың аяғы Қалқаштың басын жұтар ма екен!?ң деп жылай береді. Мені саған тілдесуге жұмсағанда айт дегені осы болатын,- деп тоқтады Мардан.

Мен де ойланып қалдым: «Ім-м, Иә, иә… Солай… солай…ң.

Дәмдес болып бірге жатқан күндерде мен Марданнан мұнан басқа да көп істің жайын ұқтым.

Мен бұларлың жолын тосып, әлем- тапырығын шығарған кезде, Мардан алдыңғы жақта мал ішінде болыпты. Менің қолымнан бұлардың бірқанша жігіті өлген сияқты. Әсіресе, Бегедай сұлтанның ежелгі үзеңгі жолдасы, жаудың өтіне, шебінің шетіне жұмсайтын қас батыры, найзасы мұқалып, туы жығылып көрмеген, айбарынан арыстан бұғып, жолбарыс ығады деп аруақтандыратын Ақым сынды батырының қазасы қалың қолдың қабырғасын қатты қайыстырыпты. Бұдан кейін тіпті Бегедай сұлтанның өзі де  ерекше қамығыпты. Қапелімде ашу үстінде мені бір ауыз тілге келтірмей шауып тастауға да бұйырса керек. Бірақ ол ашуынан тез қайтыпты. Қанжығасы қанмен, тебінгісі термен шіріген, шүйдесі шоқпар, кеудесі найзамен шыныққан Ақымдай алыпты алған адам да тым бекер емес-ау деп толғаныпты. Пенде емеп пе, бәлкім күндердің күнінде сол Ақым батырдың орнын өзі басып жүрмесіне кім кепіл деген үміті де болған ұқсайды. Өйткені бұл күндері қалмақ жағы тағы әулігісіп жатқан кез екен дейді. Еміс-еміс естілген хабардан  алдағы болатын тағы бір қанды шайқастың ызғарын сезіп, сұлтанның да жүрегі күпті болып жүрсе керек. Менің қазірге дейін өлмей, бағымда отыруыма себепші болған да осы сықылды бір кілтең жәйіттер екен деп естігенін айтады.

– Ал енді сені қанша уақыт қамайды?- дедім бір күні тағы бір сөздің кезегінде.

– Мені ме? Мені ұзаса он шақты күнде шығарып жібереді. Егер шығармаса сен құсап жатады ғой деп пе едің. Бажақ сияқты мен де қашып кетемін,- деді ол ерлене жауап беріп.

– Бажақ деген кім?

– Бажақты білмейсің бе? Ол атақты батыр ғой. Ой, қызық-ау, өзің де батыр бола тұрып, оны білмейді екенсің, ә?! Бажақ десе қазақ тұр ғой, қалмақ таниды. Ол тегінде сұлтанның оң тізісінен орын алған сардарлардың бірі болған. Сұлтан да оны жақсы көретін.  Орда ішінде беделді, жағымды жігіт еді.

Сол Бажақ бір кезде Гүлайымға ғашық боп қалады ғой. Мінезі шорт жас жігіт морт түседі. Талай заман қыз соңынан қалмай, өлердегісін айтып үзіт болады. Басқан ізіне тауап қып, перғана боп айналады. Бірақ, такаппар, тас бауыр қыз оны елемейді. Көзге ілмейді. Жігіт екен деп жылы шырай білдірмейді. Маңайына жолап кетсе тыжырынып, аза бойы қаза болып, ат бойын аулақ ала қашады. Бажақ та алған бетінен қайта қоймайды. Суынып қол үзбейді. Қыз қанша қашқалақтаған сайын оның іңкәрлығы онан арман арта түседі. Ғашық  отымен күйіп – жанып, зағпырандай сарғайып, өлуге  таяйды. Түн бойы қыз үйінің сыртын торып, зарланып, әндетіп шығады. Діңкесі құрып, тұмсығынан шаншылады. Сабыр-тақаты бітіп, шыдамы әбден сарқылған кезінде жас жігіт қыздың оңаша шығатын сәттерін аңдып жүріп, бір күні оның қапысын табады. Арудың ақ білегінен шап беріп ұстай алады.

– Аулақ жүр!-  деп, ашуланған қыз оның қолын сілкіп тастайды.

– Аясаңшы, Гүлайым, мен саған қандай құштармын десеңші. Сенің дертіңнен өлуге таядым. Есіркеші мені. Аспандағы айым, көгімдегі күнім болып, шуақты шұғылаңды төгіп күлімдеші, сәулешім. Жас тілегім, жалындаған жүрегімді түсінші, күнім!- деп жалынады жас жігіт қыз алдында мәуедей иіліп.

Хан  қызы оның сөзін шекесінен қарап, шытйып тұрып тыңдайды да:

Пішт!- деп ернін шығарып, түкіріп қалып жүріп кетеді.

Қыздың мына қорлығына төзе алмаған Бажақ ашудан булығып, жарылардай болып кетеді.

– Ей, сәулесіз шөп желке, Алтын басымды кемітіп, алдыңа жайған ақ тілегімді таптап, азаматтық арымды аяқ асты еттің ғой. Тұра тұр. Тап сені қатын қылмасам атым өшсін!- депті шыдамай күйініп кетіп.

Қыз оны кәперіне де алмайды.

– Пішту!- депті тағы да мұрнын шүйіріп. Танауын көтерген бойы өз жөніне кете беріпті.

Сол күні түнде Бажақ оңаша отауда жалғыз жатқан Гүлайымды тағы барып оятады.

– Жоғал!- дейді қыз оны кеудеге түйіп жіберіп.- Таяма жаныма. Демің қандай сасық еді! Құсқым келіп барады.

– Әкеңнің  сұлтандығына бұлданған ағаш көкек-ай, сенің әуселеңді иен тауға апарып көрейін,- деп қыздың көрпесін басына орап жіберіп, құшақтай көтеріп, сыртқа таман ала жүгіреді. Дәл осы кезде көптен бері бақастықпен сары ізіне шөп салып аңдып жүрген екі сардар оны тарпа бас салып ұстап алады. Ауылды үркітіп, айғай-сүрен салады. Ел жиналып кетеді.

Көп көзіне түсіп қалған бұл жамандыққа қанша намыстанғанымен, қыз әкесі оны жасырып-жауып қала алмайды. Сүйекке түскен таңбаны ел билерін шақырып, орда кеңесіне салудан басқа ешбір шара таппайды.

Олар Бажақты жауапқа  тартып, әрі-бері салмақтап келіп, ырғалып отырып-отырып барып, ең ақырында:

– Арудың ары күйгенше, озбырдың жаны күйсін. Жәбірленген қыз қолына садақ берілсін де, күнәкар жігіт топ алдында қасқайып тұрсын. Жебе тиіп мерт болса, ар киесі атқаны, жігіттің жаны салауат. Жаза басып, мүлт кетсе, азат болсын жас жаны, арудың ары салауат!- деп билік айтады.

Жаза майданына мұқым ел бірақ жиналады. Сарапшы билер ортаға шығып:

– Жәбірленуші мен күнәкар бір жерге тұрғызылып, екі бағытқа қарай өз жасы қанша болса, сонша адым жер жүріп барып тоқтасын. Жаза аралығының өлшемі сол болады,- деп кесік кеседі.

Осы кезде жігіттің өлмелі кәрі шешесі өлім алдында қасқайып тұрған ұлының алдына жетіп барып:

– Ей, тірлігімнің күні, шаттығымның гүлі, көзімнің алмасы, өмірімнің жалғасы болған, жалғыз құлыным, сен басқаға қанша қадірсіз болғаныңмен, мен үшін қаншалық қымбат екеніңді ойланып көрдің бе? Сен алғаш дүниеге келгенде жұдырықтай ғана жылбысқа, шикі ет емес пе едің. Сені  аузыма тістеп, арқама көтеріп осы күнге жеткізгенге дейін не көргенімді білемісің? Ал, білсең, хан қызының жебесі жүрегіме қашан қадалады деп тосып тұрғаның қалай? Мен сенен осыны тілеп пе едім, менің ақ сүтімді осылай ақтамақшы ма едің?!- депті өңі темірдей көгеріп, түнеріп тұрып.

– Әттең, апа, өлімнен кім қашып құтыла алады. «Қашқан қатынң деген бар емес пе?!- дейді ұлы оған.

– Жоқ, балам, өлімге мойынсұну– әсте ерлік емес. Ол көкірегінде жылты, бойында жылуы жоқ ездердің тапқан пәтуасы. Ерлік деген үлкен сөз. Мөрті келгенде шапқан да ерлік, асқан да ерлік, кейде қашқан да ерлік болады, құлыным.

– Жоқ, апа, мен өйте алмаймын. Жан сауғалап тірі қалғанша, қасқайып тұрып өлгенді артық көремін!- депті ұлы бедірейген қалпы.

Ұлынан күдер үзген ана билер тобының алдына келіп, иіліп тағзым етіпті:

-Қара қылды қақ жарған даналарым-ай, бір ауыз датым бар еді!- депті бас иіп.

– Айт датыңды!- депті билер.

– Жаман кемпір болсам да ана деген атым бар. Ана болған адамның өмірде жалғыз ғана тілегі болады екен. Ол- балаларымның жамандығын көрмейін, солардың алдында кетейін деген аналық ақ тілек. Осыған сенесіңдер ме?- деп сұрапты билерден.

Рас, рас, оның рас, – деп шұлғыпты билер.

– Рас болса,- депті ана сөзін асықпай жалғай түсіп,- мен сендерге көк шөпті жұлмаңдар, жапырағында нілі бар. Көк өрімді қимаңдар, ашылатын  гүлі бар деп кеңес айтар едім. Бірақ биліктеріңді бұза алмаймын. Әділ кесім, ақиқат төрелектеріңе бас! Ендігі менің тілегім– ана тұрған жалғыз ұлыма ең соңғы аналық қырызымды өтеп, ақтық рет пана болып, бауырыма басып тұрғанда жаза оғы менің ту сыртымнан атылса. Сол жебе  екеуімізді бірдей көктеп өтіп кетсе де, мен өліп ұлым тірі қалса да, мен мұратыма жеткен болар едім!- депті өтініп.

Билер бір-біріне қарасыпты. Ананың ақ тілегінен өте алмай қаймығыпты.

– Ана тілегі– ел тілегі. Құс қанатымен ұшады. Ел ұрпағымен өседі. Берілсін тілегі. Ананың айтқаны болсын!- деп шуласыпты тыңдап отырған жұрт қауымы.

Солай болсын,- депті билер.

Ана ел-жұртқа тағы бір рет бас иіп, алғыс айтыпты да, аяғын жіти басып, ұлының қасына жетіп барып, мойнынан құшақтай беріпті. Төбе жақта не болып жатқанынан хабары жоқ ұлы «бақылдасуға келген боларң деп ойлапты. Осы кезде төбе би:

Тарт!- деп бұйырыпты қызға.

Жасынан қылыш шауып, садақ тартып үйренген кәнігі көз мүлт кетірмепті. Адырнаны шерттіріп барып, тартып кеп қалғанда зу ете түскен жез жебе ананың жүрек тұсынан қадала кетіпті. Иә, ана жүрегі бекер жаралмаған, киелі жүрек қой. Қанша ұшқыр жебе болғанмен де оны көтеп өте алмапты.

– Қош, құлыным, мен мұратыма жеттім!- депті ана ұлының мойнынан құшақтап, сірескен қалпы көз жұма беріп.

…Анасын өлімге өз қолымен ұстап берген Бажақ құтырынып кете жаздапты. Көзіне қан құйылып сұлтанның өзіне ұмтылыпты.

– Алмас қылыш жүзімен ант етейін, қанға қан аламын. Балаңның баласына дейін кегімді бір қайтарамын!- деп айғайлапты көп жасақтың уысынан шыға алмай бұлқынып тұрып.

«Бір күнәға екі жаза жоқң деп кескен билер оны зынданға бұйырыпты. Бірақ Бажақ зынданда бір жеті де жатпапты. Бір күні түнде қашып кетіпті. Міне, сонан бері де бір жыл өтті. Бажақтан әлі ешбір дерек жоқ,- деді Мардан әңгімесін аяқтатып.

Мен осы бір әңгімешіл, күлдіргі, ақ көңіл жігітті шын көңілімнен жақсы көріп қалған едім. Мұндай адамдардың ешкімге залалы тимейді. Ешкімнен жамандық та көрмейді. Түбіндегі тасы көрініп жататын тұп- тұнық су сияқты адал көңілі оны өмір бойы бақытты етеді. Айналасындағы адамдарды да мәңгі разы қып өтеді. Сондықтан Марданнан мен де ешқандай сырымды жасырып, ойымды бүкпелегім келмеді.

– Мардан,- дедім  бір күні оған.- Сен бір жігітшілік істе. Алдымен «Орындаймынң  деп маған уәде бер.

Қолымнан келсе мен дайын.

– Мені Айшараға бір кезіктірші. Қалай? Уәде ете аласың ба?

– Ой, тәйірі-ай, Жалынып отырғаның осы ма? Мен де бір қиын шаруа екен деп қалсам. Алдымен мен босанып шығып алайын,- деді Мардан кәперіне түк кірмегендей бейғам қалпында сенімді сөйлеп.

 

V

Айтқанындай-ақ бес-алты күннен кейін Мардан шығып кетті де, мен тағы да жалғыз қалдым. Бұрын да күн батып, таң атып бермеуші еді, енді тіпті қиын болды. Әсіресе, Айшараны ойлаған сайын ұйқым да қашып алды. Қарадай елең қағып, сырттан естілген әрқандай сыбдыр мен тышқанның тықырына дейін құлақ тігіп, алағызып қалдым. Көзім ілініп кетсе болды, сасқалақтап, абдырап оянамын.  Айшара келіп мені оята алмай, ренжіп қайтып кететін сияқты. Басын төмен салып, көзін жерден алмай, сұқ саусағының тырнағын тістелеп, аяғын санап басып, кетіп бара жатады.

Көз алдыма қай-қайдағы бір тәтті елестер, әлдеқашан ұмыт болған бір қызық сәттер, қыз жанарынан жарқ еткен бір сиқырлы ұшқын, миығынан жымиған ынтызар күлкінің бір үзік алтын сынығы…Ойыңа түскен қазіргі сәтте де, әлі де табы кетпей, алауы қайтпай, ып-ыстық боп кеудеңе жабысып тұрғандай сезілетін қыз құшағы…

Айшара оншалықты сұлу қыз емес еді. Десе де, оның бойында не екені белгісіз, адамды баурап алып, табындырып әкететін бір қасиеті бар сияқты болатын да тұратын. Кейбір өңсіз адамдардың да бір сүйкімді мүшесі болады ғой. Әсіресе, бұл әйелдерде сондай. Біреуінің ерні, кейде тіпті маймиған аузы да, ал енді біреулерінің бетінің болымсыз шұңқыры, көбінесе, ұяла, қысылып күлгенде айқын көрінетін сәби нысана, немесе ағарып атып келе жатқан жазғы таңдай толқындап тұратын аппақ бұғағы – осы тәрізді жеке бір мүсіндері-ақ жігіт жүрегін баурауға қаптал жететінін кім білмейді. Ал, Айшараның тұла бойындағы бар қасиеті көзінде еді. Оның көзі… Жоқ, көзі емес, көзін төңкеріп қиылғаны әдемі еді. Кірпіктерін жасқана қағып-қағып жіберіп, көзінің астымен ұрлана қарай қалғанын сезсең, бетпе-бет келе қалғанда жүзіңе тура қарамай, көзінің қиығымен ғана арбап, ернін тістеп, жұқалаң ғана қызыл бояу тепшіп тұратын бидай өңі кенет ду етіп, өрттей лаулап, алаулап тұрғанда көрсең, өзіңнің қайда тұрғаныңды өзің де ұмытып қалар едің. Тегінде қыз қанша тартыншақ болған сайын жігіт жүрегіндегі құмарлықты лаулата түсетіні тағы бар. Өзі іштей сенен арман өртеніп тұрса да, сол құпиясын әдейі жасырып, қымбатын арттырып, қол жетпес арманыңдай боп алатын мекер қыздарден құдайым өзі сақтасын. Бірақ мұндай әйелзат дүниеде онша көп болмайды. Бұл сиқырлы такаппарлық мың да біреуінің ғана маңдайына жазылған болады. Міне, Айшара да дәл осындай қыз болатын.

Ауылымыз көбінде іргелес, әсіресе жаз жайлауда үзбей қатар отыратындықтан, оны бұрыннан білуші едім.  Жайлаудың ашық, айлы түнінде екі ауылдың ортасында әртүрлі ойындар болып тұратын. Алтыбақан тебетінбіз. Ақсүйек ойнайтынбыз. Осының бәрінде бірге жүрсек те Айшара менің назарымда жоқ жан еді. Шулап жүрген көп қыздың бірі сияқты ғана сезілетін.

Бір жолы мен аңнан қайттым. Ол кезде жаз бойы көбінде аю аулаушы едім.  Иен шеттегі ну, жыныс, қалың орманның арасындағы шұбырынды жолдарға қақпан құрып, жемтік тастап, атқы байлайтынмын.  Сол жолы үлкен сары аюдың терісін бөктеріп,  пұшпақтарын жер сыздырып ауылға таяй бергенімде өзім де қомақтанып, қоқиланып келе жатыр едім. Ерлігімді ел көрсін деген тасыған көңілмен көрші ауылдың иттерін абалатып, дәл іргесінен өттім. Осы кезде бір топ бала-шаға, қыз-қырқын, қатын-құалаш бірінің артынан бірі жүгіріп келіп, қамалай шуласып,  тамашалай бастады. Мен де атымның басын тартып, әдейі аялдаңқырап қалып едім, кейбіреулері жүгіріп жаныма келіп, алды-артымды орап:

Олжаңды байла.

– Жаман шешек, жаздай бір қолға түспеп еді. Осы жолы құтылып көрсін.

– Батырдан сауға аламыз,- десіп, қанжығама, үзеңгі бауыма жағаласып, ес-ақылымды шығарды.

Көбі бала-шаға болса да, осынша көп адамды таңғалдырып, тамсандырғаныма мәз болып, танауым желбірей қалғанымен ендігі кезекте олжамды кімге байларымды білмей, дағдарып, қысылып қалдым. Сол кезде дулаған көп адамның сырт жағынан біреу:

– Әй, ақымақ қыздар-ай, беттеріңнің мөрін салып бостан-босқа үзіт болып тұрғандарыңды қарашы. Аю соғып алған батыр адам бізді көзіне ілуші ме еді?!- деп қалды сыңқ етіп.

Жалт қарасам  топтан кейінірек, сырттап шетте тұрған Айшара екен. Айтарын айтып алса да, аузын қолымен басып, көзінің астымен қарап, қып-қызыл болып қысылып тұр. Оның өңіне сол күнге дейін сұқтанып қарағаным да осы жолы еді. Көзіне көзім түскенде өзім де аңғармай аңтарылып қарап қалыппын. Әнтек кідіріп, аңқиып тұрып қалсам керек, біреулер күліп жібергенде сөлекет қылығыма ұялып, қысылып кеттім. Аю терісін ат үстінде тұрып шешіп алып, оның тап аяғының астына қарай лақтырып кеп жібердім де жүріп кеттім.

Олжа салу, бәйге алу, жүлде үлесу дегеннің өзіндік бір жора-жосыны болады. Ертеңінде Айшараның әкесі бізге шашу той жасап берді. Ойнадық. Күлдік. Асыр салдық. Жас арудың қуанышты жүзіндей жарқырап, аппақ таң атқан кезде ғана тарадық.

Содан бастап есіл- дертім Айшара болды да қалды. Қайда жүрсем көкейімді жылытып, көз алдымнан кетпейтін бір елес арбайды да тұрады. Көзінің астымен қиыла қарап, ернін тістеп, ұялып тұрған балғын дидар…

Айшара бір ауыз сөз бермей ұзақ зарықтырды. Не айтсаң да тыңдайды. Қанша жалынсаң да мүсіркемейді. Етігінің басымен жер шұқылайды да тұрады. Қанша ауаша кезіксең де айналасынан елең қағып,  бос шошуын бір қоймайды. «Үйбай-ай, әне, біреу келе жатырң дейді де лып ете түседі. Кейде сонша ыза болып, түңіліп тұрғаныңда кетіп бара жатқандағы бір жымиысымен, қиыла қараған көзіндегі жалт еткен бір ұшқынымен-ақ жүрегіңді қайта жылытып, үзіліп бара жатқан үмітіңді қайта жалғайды.

Ол мені осылай өлі мен тірінің, тозақ пен жұмақтың арасы сияқты бір өліарада, сарылдырған сары дерт үстінде жылға таяу  тостырды да, келер жылы жайлауға көшіп бара жатқанда, екі ауыл қатар қона қалған бір жұртта шынын айтты:

– Мен де өзіңдей мұңлықпын. Бір сырымды саған әлдеқашан-ақ айтайын деп неше-неше оқталып барып, батына алмап едім. Сені ренжітіп, үркітіп аламын ба деп жасқанамын да тұрамын. Өзің де білетін шығарсың, менің басым  байлаулы емес пе?!- деген маңдайын кеудеме сүйеп, жылап тұрып.

Шынында да Айшараның басы бос емес, бала кезінен құдаласқан жері бар болатын. Бірер жылдан бері, қыз бойжеткен соң құда-құдағилардың  келіп-кетуі де жиілеп, Сый-сыбаға да көбейіп, ат терін құрғатпай айқаса бастаған еді. Мұны мен де әбден біліп болғамын. Оның үстіне ұзақ жылдан бері біріне –бірі сүттей ұйып, судай тұнып алған үлкендерді батасынан қайтару мүмкін емес екендігі де айқын. Бұл туралы бұрын да талай-талай толғанғам. Айшараға сонымды айттым. Ақыры екеуіміз бір байламға тоқтадық та, бір күні түнде ұлы тау қайдасың деп қаштық та кеттік.

Бірақ біздің бұл қызығымыз баянды болған жоқ. Ұлы тауды кеуделеп барып, бір дараға бекінгенбіз. Көрген түстей үш-ақ күн бірге тұрдық. Төртінші күні мен аң аулауға шығып кетіп кешке таман оралғанымда Айшараның орнын сипадым да қалдым. Өкше ізімізбен қуып келген бір топ жырынды Айшараны тауып алып кеткені мәлім болды. Соңдарынан қуғаныммен жол үстінде жете алмадым. Ауылыма келгендегі басыма түскен күн мынау…

Қазір, міне, сол Айшараны бір көруге мұң болған талай күндер арт- артынан зымырап өтіп жатты. Бастабында үміт үзбей «бүгін бе, ертең бең деп зарыға-зарыға күте келіп, ең соңында түңіліп, қолымды бірақ сілтеген кезім еді. Марданға да өкпем қара қазандай болатын. Бірақ ол өтірік айтпапты.

Жайлаудың қысқа қызығы аяқтап, қалың ел іркес-тіркес қотарылып, етекке ойыса бастаған мезгіл болатын. Қайтқан қаздай шұбырған түйелі көштер кей күндері ошарылып келіп, бір жазықты ендей бір-ақ алып қалады да, кей қонысқа анжау-шанжау бытырап кетеді. Суатқа, жұртқа тартып, андыздап қонады. Ертеңінде құзғын сәріден тұрып алады да, түн бойы қомы алынбай, тізерлеп таң асырған түйелерді бақыртып-шақыртып жүктерін арта бастайды. Ағарып атып келе жатқан таңды лаңғада, у – шумен қарсы алады. Жол бойында беймаза тіршілік күйбіңінің жағы бір сембейді. Қарадай мезі етеді.

Мен көбінде түйенің ырғағымен қалғып-шұлғып отырамын. Кей көште қасымыздан көп нөкерімен саусылдап сұлтанның сетер қызы Гүлайым өткенде ғана бір елең етіп қаламын. Құндыз бөрік, бұлғын ішік киген сұлу қыз қашан көрсең жарқылдап күліп, жайнап кетіп бара жатады. Қайғысыз, мұңсыз жас көңілмен, бөлек салтанатпен көп адамның ішінен сәнді, сымбатты тұлғасымен оқшауланып көз тартады. Ешкімді шеніне келтірмейтін тәкаппар, маңғаз бейнесімен биік көрінеді. Кейде бір жарқ ете қалған аппақ білегімен, еркін, ерке қылығымен де қызықтырады. Риясыз таза күлкі ойнаған уыз жас дидарға жүгірген асау қан неше толқып, жүрегіңнің түбінде бұғып жатқан қайдағы бір  ескі елестерді тірілтіп, жаныңның жарасына у себеді. Деміктіріп күрсінтеді. Еріксіз көзіңді жұмасың. Көкейіңнен бір кетпей, сағындырып жүрген басқа бір бейнемен, соның тәтті бір қылымен шатастырып алып мұңға батасың. Гүлайымның бақыты мен шаттығын көргеніңде Айшараның қасіретті, міскін дидары есіңе түседі.

Иә, біз Айшара екеуіміз баяғыдан бері осы жолы ғана қайта  кезіктік.

Кешке дейін көштің әлегімен қалжыраған ауыл адамдары отырма қос, жаппаларына жайғасып, әлдеқашан ұйқыға кеткен кез болатын. Шеткі бір итарқаның сыртқы босағасында тұлып құсап домаланып жатқан менің де көзім ілініп кеткен екен. Әлдененің сыбдырынан оянып кеттім.

– Ойпыарай, шелектей танауыңа болайын. Қорылдауын қарашы өзінің әкесінің төрінде жатқандай,- деді біреу құлағыма аузын таята сыбырлап.

Мен оның Мардан екенін дауысынан тани қойсам да үндемедім.

– Ана уақытта, қасыңнан кеткеннен кейін көп ұзамай арғы бетке жұмсаған. Сонан таяуда келдім. Сөзінде тұрмады деп өкепелеп те жатқан боларсың. Өкпелесең көшке берген тайыңды ал,- деді ол қалжың-шынын араластырып. Сонан соң бұрынғыдан да бәсең үнмен,- сені былай таман аунатып қояйын. Қайтып барамын да Айшараны ертіп келемін. Өзіңді әрең таппадым ба. Талай теңге сүрініп жығылып, мұрнымды қанатып ала жаздап жүріп әзер келдім,- деп ол мені жаппаның босағасынан есік пен төрдей жерге ұзатып тастап қайта кетті.

Ол көп айналған жоқ. Айшараны қолынан жетелеп менің қасыма  әкелді де:

– Құр тұлыпқа мөңіреп дегендей отыра беріп, біреу-міреудің көзі шалып қалып жүрмесін,- деді ол Айшараны қулана нұқып қалып.

Бұл күнгі уақыттың бірталайын Айшара жылаумен өткізді. Әрең дегенде қолға бір тиген алтын орайдың мағынасыз босқа кететінін ойлағанда мен ыза боп ашулана бастадым.

– Жә, болды. Қайт енді. Егер біреу-міреудің көзіне түсіп қалатын болсақ, бұдан кейін бұған да зар боламыз. Ертеңгі қоналқада өткір бір пышақ ал да менің қасыма кел. Сөз осы ғана. Тез жөнел,- дедім бұйыра сөйлеп.

Мен сені таба алмай қалсам қайтемін?

– Міне мұның дұрыс сөз. Бекер жылағанша осындай ақылға келсең не етті. Бозторғайдың дауысына тарт.

Айшара тез кете қойған жоқ.

– Ұрсасың ғой маған. Жыламағанда қайтем енді?! Сенің қасыңда отырып өлсем өкінбеспін деуші едім,- деді тағы да жылай жөнеліп, маңдайымнан сипап.

Мен де оні сүйіп қойдым.

 

Сәтіне қарай біздің қос бүгін де ауылдың бір жақ шетіне тігілген еді. Жұртымыз да келісіп кетті. Түйе бойламайтын нар шеңгелдер мен қопалы ши іргеге мініп тұр. Оның ар жағы боз тал мен көк терек аралас біткен түбекке барып ұласады. Мен қонысымызды іштей ырымдап, көңілденіп қуанып қалдым.

Ел әлдеқашан жатқан, тәтті ұйқының мамық құшығына бас қойған кез. Жақыннан бері сұлтан ауылы қалмақ қолы тұтқиыл басып қала ма деген қауіппен жесегін күшейтіп, сақтанып келе жатса да, дәл қазір ауыл маңы тып-тыныш күйде қалғып тұр. Түн бойы екі қарауыл анда-санда шолып тұратын сұлтан ордасынан бергі жерде адам баласының бар дыбысы сөнген, меңіреу шақ. Осы маңда, осы түнде жалғыз мен ғана ояу сияқтымын. Сыбдыр еткен дыбысқа құлағымды тігіп, Айшараны сарыла тосып жатқаныма да, міне, дардай уақыт болды. Анда-санда бозторғайдың дауысына салып шырылдап қоямын да, демімді ішіме тартып тың тыңдаймын.

Бала кезімде көп нәрсеге әуес болдым. Жындылық, шалдуарлықпен қызық қуып, ойын соңына түскен шақ қой ол бір. Қыс күндері екі балағыңды көк соқта ғып, тау-тасты кезіп, кекілік қуатынбыз. Тоқымдай жерді қарайтып, тұзақ құрып, алыстан аңдып, сарылып бос жатқаныңда да саған бір ермек керек. Мұндайда бұта, бүргеннің арасынан сыпсың қағып жорғалаған кекіліктің дауысына ілесіп сайрайтынбыз келіп. Кейде тіпті:

Кекілік, кекілік кер жорға,

Кекіліктен мен жорға…- деп өлеңдетіп те жататынбыз. Әлдеқайдағы бір жартастың қуысынан әндеткен байғызбен бірге екі саусақпен мұрнымызды қысып алып біз де мыңқылдайтынбыз. Көктемде тоғай ішінен өршелене, арт-артынан сұңқылдаған көкектің зарына үн қосып, талай кешті сонымен алатынбыз.

Бір ғажабы, жүгіргенде барбаңдап, бір нәрсені ұстауға, ағаш басына шығуға  икемім болмағанымен, осы  «өнергең мен басқа балалардан гөрі әлдеқайда зерек болып шықтым. Сол үшін де, кейін тіпті ат жалын тартып мінген кезде де бұл «қызығымдың ұмыт қалдырып, елеусіз тастап көрген емеспін. Қыздарды қорқытып, жеңгелерімді күлдіру үшін де ойламаған жерден бір өнер шығарушы едім. Жаңа түскен жеңгелерімнің отауының сыртынан іргесіне жабысып жатып алып, жаңа туған жас нәрестеше іңгалап қорқытатынымды олар кейін де аузынан тастамай айтып, күліп жүретін. Айшараның өзін де сан қорқытқан, күлдірген жерім бар.

Міне, қазір түн ортасы. Қалың ұйқының тұсы. Адал жардың пәк тілегіндей аппақ сәулемен күлімдеп атқан арайлы таңның шаттығымен ғана сайрайтын боз- торғайдың беймезгіл уақытта үй іргесінен әндетіп қоя беруі Айшараға да нақ белгі еді.

Мұнымыздың бәрі де ойдағыдай-ақ болып шықты. Бұта-қарағанның арасымен баспалап, Айшара да жетіп келді. Алқынып, ентігіп тұрса да мен оған:

– Мені былай, қостың сыртына таман домалат,- деп сыбырладым келе сала-ақ.

Қатып қалған сіріні тіле бастап, ол:

– Апырай, денеңе дарытып алар ма екенмін6- деп қорғалақтап, бөгеле берді. Айсыз қараңғы түнде, қара тер болып, қалтырап отырып не заман дегенде мені әрең босатты.

Неше күннен бері сіресіп, қатып қалған буындарым қапелімде икемге келе қоймағандықтан бір шеңгелдің түбінде отырып, керіліп-созылып, құрыс-тырысымды жаза бастап едім, жап-жақын жерден, дәл қасымызға келіп қалған ат тұяғының сыбдыры селк еткізді.

– Осы қартаң түскірдің  көзіне бірдеңе көрініп тұра ма, түсіп қала жаздағанымды қарашы!- деп біреу жалт ете түскен атын қамшымен тартып жіберді де, сол тебінімен  жанымыздан өте шығып, біздің қостың алдына барып ат басын тартты.

– Әлгі тұлып қайда екен?- деді артынан барған біреуі оған қатарласа беріп.

«Тұлыпң  деп тұрғандары не  екенін мен де біле қойдым. Талай естіген, әбден құлаққа сіңісті сөз. Мені іздеп тұрғандары айқын еді. Бірақ, қазір қыбыр етуге мүмкіндік жоқ. Есік пен төрдей жерде ғана тұрған екеуінің мені қалай да бұлтартпайтыны қақ. Егер биттей көз жаздыратын мұрса болса, мына қалың қопаға бір сіңіп алсақ деп мен де қылпылдай бастап едім.

– Ей, ана шеңгелдің түбіндегі немене?- деді біреуі мен жақты қамшысының сабымен нұсқап. «Енді біттікң деген бір оймен бірге шекемнен суық тер де бұрқ ете түсті.

Дәл осы сәтте  бағанадан  маған  жабысып  қатып қалған Айшара «қозғалмаң  дегендей иығымна бір нұқып қалды да, өзі орнынан ұшып тұрды.

– Ойпырау, сіздерді батыр екен деп жүрсем, шеңгел тұбіндегі қыздан да қорқады екенсіздер-ау! Бұларыңызды менен басқа ешкім естімесін,- деп ол жүре сөйлеп, сықылықтап күлген беті тез-тез басып, қастарына таяп қалды.

– Бұл қайсының?- деп үңілді екеуі де Айшараны тани алмай.

Айшара адамдай басып  жетіп барды да, біреуінің шылбырынан ұстап, атының жалынан сипаған болып тұрып:

– Кісі танудан қалғансыз ба, батыр-ау!  Әлде кешегі айтқаныңызды ұмытып тұрсыз ба?- деп мекершілеп күліп алды.

Ол бұған ештеңе дей алмай міңгірлеп бөгеліп қалып еді, қасындағы жігіт Айшараны тани қойды.

– Үй, мынау әлгі… Айшара ғой. Бұл жақта  нағып жүрсің?- деді ойына бірдеңе түсе қалғандай кілт кідіріп барып,- Ім, тоқта. Әлгі «тұлыпң қайда? Ана шеңгелдің түбінде тағы біреу отыр ғой,- деп атынан қарғып түсті.

Дәл осы кезде Айшара оқыс бір қимыл көрсетті. Жаңа аттың жалынан сипаған болып тұрғанда жүгеннің сағалдырығын ағытып тұрған ұқсайды. Жүген, ноқтаны басынан сыпырып алды да, атты басқа бір салды. Шошынып тік секірген тарпаң ат жалт етіп осқырып ала жөнелгенде үстіндегі адам да ұшып түсті. Бейғам отырып қатты жығылса керек, орынан қайтып тұра алмады. Көзді ашып жұмған аралықта Айшара екінші атты да үркітіп үлгерді.

Сөйтті де маған таман тұра ұмтылған біреуінің аяғынан құшақтай жармаса кетіп:

– Тез, бол? Қаш деймін шапшаң! Қарама маған!- деді жан ұшыра шырылдап.

Аяғына жабысып, тістей қатқан Айшараға оралып екпетінен түскен әлгі батыр жығылып жатып-ақ оны бір теуіп шалқасынан түсіріп, енді орнынан тұра берейін дегенше мен де ыршып барып үстіне қона түстім. Қолын артына қайырып бұрап жіберіп, қылышын жұлып алдым да, көк желкеден ұрып қалдым.  Айшараны жерден балаша іліп алып, бір далдаға апарып жыға салып, қостың қиғаш артындағы кермедегі аттың біреуінің шылбырын қиып  жіберіп, жайдақ қарғып міндім. Қайта айналып келіп ат үстінен еңкейіп Айшараны іліп алдым да, қалың қопа шеңгелдің арасына сүңги жөнеліп, ию-қию, ұлар-шу болып жатқан ауылдан лезде ұзап кеттім. Содан қашан тау қойнауына жетіп, қалың орманның құшағына енгенше ат басын тартқамын жоқ.

Бұл кезде таң да таяп қалған.  Маңдайға жазған қалың сорды қақ жарып, тіліп өткен қуаныш семсерінің алмас жүзіндей дірілдеп, аппақ сызық болып, көк- жиектен алтын сәуле сөгіліп келе жатты. Зәулім шоқы, серек тастарды елең еткізіп, маңдайынан сүйіп оятып, ару таң ақырын басып, ақ қанатты періштедей сызыла берді.

Бір төскейдегі бұлақ бойына келіп түстім. Жас арудың қолаң шашының өріміндей сылдыраған тау суының сәбидің көңіліндей кірсіз, тап-таза тұнбасына Айшараның ақ дидарын жудым.

Айшара әлсіреп кеткен екен. Қасқа маңдайынан тиген темір өкше, бастың жігін айырып кетіпті. Қолаң шашты тұтып, сауыс боп ұйып қалған қанды жуып, басын таңып байлағаннан кейін ол бір сәтке есін жиып, оңала бастағандай болып еді. Жанары солғындаған болатсыз көздері бозарып, маған ұзақ телміріп жатты.

-Қалқаш, біз қайдамыз?- деп сұрады бір кезде ернін әзер жыбырлатып.

– Айшара, күнім менің! Құтылдық қой. Сергіші биттей. Елге тезірек жетейік,- дедім оның басын құша аймалай үйіріліп.

Айшара көзін жұмып, «ұқтымң дегендей ишарат етті. Қаны қашқан,  сұп-суық жүзінен бір сәтке болымсыз күлімсіреген жылылық сәулесі жылт еткендей сезілді.

– Сенің қасыңда… Арманыма жеттім,- деді тағы да бір рет зорлана, әзер тіл қатып.

Сонан кейін қайтып тілге келген жоқ. Көпке дейін бозарған көздерінің әлсіз жанарын менен алмай телмірді де жатты. Бара-бара аузына тамызған суды да жұта алмай, ұзақ уақыт сұлық жатты да, жұлдыз шыға сол баяғысынша телміріп жатқан бойы сөніп кетті.

Шіркін, нені арман етті екен деші сонда?! Тірлігінде нені аңсады екен сол қыршын!? Нені тілеп, неменеге зарықты екен сол бейшара!? Ең соңғы қиылар шағында, жас тәні суып, бос мойны үзілер шағында сұм дүниенің қай қылығына разы болды екен!?… Сонан бері талай зәурен өтсе де, күні бүгінге дейін соның байыбына әлі бара алғамын жоқ.  Қалай ойласам да тұңғиық бір қара су, меңіреу шүңет сияқты тіл бермейді. Опасыз, жалған, сұм дүниенің қай сырына кім жеткен дейсің?! Бұл да соның бір мысалы шығар, кім біледі?!

 

VІІ

– Ал, мырза, мен әңгімені ұзартып алдым. Саған бір кезде менен де зор шыққан бір батыр жөнінде айтпақшы едім ғой. Жол ортада өзімнің хикаяма түсіп кеттім. Иә, кейде адам торығады, жалғызсырайды. Ішің пысады. Қай-қайдағы есіңе түседі. Сондайда кімге болса да көңіліңдегіні бір ақтарып, шеріңді бір тарқатып алғың келеді. Сен менің мұнымды сөкпе. Жә, мына еттен асай отыр. Әңгіме әлі ұзақ. Қарның ашады,- деді қара құсша қонжиып отырған Қалқаш пышағының ұшымен шаншып алған бір кесек етті маған ұсына беріп. Мен етті алмақ болып, ұмсына беріп едім, ол қолымды шынашағымен қағып жіберді:

– Аш аузыңды. Таусап жейтін шал емессің. Жұлып жейтін қасқыр емессің. Қыз құсап сынықсымай ер жігітше аса!- деді пышағымен аузыма таятып.

Мен мына етті аузыма бір нығарласам, бірталайға дейін қаужаңдап, аузым босамай қалар деген оймен:

– Мақұл, мақұл: айтқаныңыз-ақ болсын.  Асайын. Сонымен Айшара қайтты, сол бойы өліп кетті ме!- дедім көкейімді тескен әңгіменің соңғы түйініне зар болып.

Қалқаш маған ала көзімен қарап, кірпік қақпай тесіліп қалды да:

– Ми бар ма сенде? Өлген адам тіріліп келуші ме еді?! Қара жердің араны қашан тойған? Ол сол жұтқанымен киелі. Сонысымен қорқытады. Бір тәуірі жақсылармен қосып жауыздарды да жұтады. Сонысы ғана әділет!- деп бір тынып алды да, әңгімені онан ары соза түсті:

– Айшараны жерлеп, қара жердің тойымсыз құшағына тапсырып, атыма мінсем де бірнеше күн бойы ұзап кете алмадым. Былай таман барамын да қайтып келемін. Айшара қайтадан тіріліп кетіп, мені тосып, зарығып отырғандай елестейді. «Осынау иен далаға шынымен-ақ жалғыз тастап кеткенің бе?ң деп еңіреп, жүдеп қалатын секілді. Байғұс, Айшара-ай, бұл дүниеге мен үшін туып, мен үшін ғана жасап жүрген сияқты еді. Бір мен үшін ғана күліп, мен үшін жылап еді ғой. Иә, Айшара… Мен үшін… еді!

Әр күні таңертең ақтық сөзімді күбірлеп, «қошң деп аттанамын да, әр күні кешке қайтып келемін. Жас топырақты жастанып күңіреніп шығамын.  Кейде тіпті осылай жатып өле қалғым да келеді. Бірақ, иә, бірақ… Жайшылықтағы сияқты жер бетіндегі әрқандай азап пен бейнет те жер астындағы мәңгілік рақаттан  қадірлі болар деп жарық әлемнің ендігі сыбағасына көз қызартқаным тағы жоқ. Бұл дүниден көшеріңе көзің жеткенде, артыңда толып жатқан «әттеген-айыңң қалады ғой. Менің көкейімде де бұл кезде бір ғана арман тұрды. Ол- Айшараның кегін алып өлу… Бірақ оған қазір қайткен күнде де менің шамам келмейтін еді. Ақыры, «ес жиып алып көрейінң деп басым ауған жаққа қаңғыдым да кеттім.

Бір күні, ымырт үйіріліп, қараңғы түсіп қалған кез еді. Ойда жоқта орман арасындағы бір алаңқыда  жылтырап жанған отқа көзім түсті. «Бәлкім, мені іздеген қуғыншы боларң деп ойладым тісімді басып. Қараңғыны жамылып, таяп келіп қарасам ер-тоқымын шынтақтап, ет қақтап отырған жалғыз адам екен. Үстінде тақыр жарғақ тон-шалбар. Милықтап баса киген күлапарасы маңдайын жауып, қап- қара қасына дейін тиіп тұр. Сақал-мұрты бір қап, түсі суық біреу.

Мен маңайды айнала бір шолып шығып едім, ат та жалғыз, адам да жалғыз болып шықты. Оның мына кейіп-кеспірі де қуғыншыдан гөрі мен сияқты бір кезбеге бейім еді.

Айшарадан айырылғаннан бері қаным қарайып алған. Бұл кезде ешнәрсені аяп, ешкімге жаным ашымайды. Көзіме көрінгеннің бәріне қаһарлы, мейірімсіз, тас бауыр болып алғанмын.  Мына отырған мақлұққа да қарадай қастасып, мойнын бұрап жұлып алғым келіп, бір сәт қадала қарап тұрып қалдым.

Бірақ мұндайда сыртынан баспалап келіп, қапыда бас алу ерлік жосынға, батыр деген атқа мүнәсіп емес. «Ысқырып атқан киіктің арманы жоқң дейтін ежелгі жол бар. Мен бойымдағы бар қаруым – жалғыз қылышымды жалаңаштап алып, от жарығы түсіп тұрған алаңқыға секіріп шыға келдім де, бір қолыммен мықынымды таянып тұрып:

– Ей, кімсің сен? Жан керек болса айт жөніңді!- дедім айбар шегіп.

Ол менің бетіме жалт қарады да, өн бойымды бастан-аяқ бір шолып шықты. Дүлей адамша меңірейіп бір сәт отырды. Сонан соң майы тамшылап быжылдап кеткен, ырғай істікке керілген төстікті оттан  алып, астыңғы бетін төңкеріп бір қарап шықты. Шет-шетіндегі қарайып күйген жерлерін пышағының сыртымен қағып-қағып жіберіп, қиялай кесіп аузына сала бастады.

Жапан далада кездескен бір дүлейдің мына қылығына қарадай намыстанып ызам түсе бастады. Алдында біреу қылыш көтеріп тепсініп тұрса,   елең  етіп  міз  бақпаған  деген  не  қорлық!   Әуелі «итпісің, кісімісің?ң дейтіндей де ыңғай байқатпайды. Мен шыдай алмай ақырып жібердім.

– Ей, мылқаумысың, әлде тілің бар ма? Жан керек болса аш зуаныңды!- дедім тағы бір адым жақындай түсіп.

Ол сонда да менің бетіме түзу қараған жоқ. Көзінің астымен ғана байқап отырды да, қарбыта асап алған етті асықпай жұтып болып:

– Еркек болсаң қылышыңды таста!- деді қолының майын балағына сүртіп жатып.

Мен қылышымды лақтырып жібердім:

– Сен де таста кездігіңді!- дедім.

Арпақ-құрпақ алыса түстік. Мен а дегенде-ақ іштей кіріп, аш белінен қапсыра құшақтап, көтеріп әкетпек болып едім, оныма ол оншалық жылжи қоймады. Бөксе жағы шой қара тас секілді зілдей екен. Үйіріп көріп едім, онымнан ештеңе шықпады. Олай жұлқып, былай жұлқып, ақырында жамбасқа алып, шалып та көрдім. Ол қарысып, сирағын тіреп тұра қалғанда өз сүйегім зыр ете түскендей болған соң аяғымды шапшаң босатып ала қойдым. Дәл осы кезде бағанадан сыр бермей тұрған алып қара жалғыз-ақ «әуп!ң деп қалып еді, аяғымды жерге тигізбей, дедек қақтырып, үйіріп ала жөнелді. Айландырып-айландырып келіп, қайтадан қоя қойды. Екеуіміз де біраз тыныстап, бірімізді біріміз аңдыса қалдық. Шой қараның күші өзімнен өктем екенін біліп, мен де қылпылдап, жаңағыдай ішке кірмей, шегіншектеп бой қорғадым. Бірақ ол мұныма қараған жоқ. Тағы бір рет «Әуп!ң деп қалып еді, қалай болғанын өзім де аңғармай қалыппын, екі аяғым жерден көтеріліп кетті. Ол мені салмақтап көріп тұрған кісіше жоғары қарай бір-екі рет лақтырып жіберіп, қайта ұстап алып, басын қисайтып бетіме күле қарап тұрды да:

– Жә, батырым, енді болған шығар? Аты- жөніңді айту кезегі енді саған келгенін жаның сезіп тұр ғой,- деді әлі жерге түсірмей көтеріп тұрған бойында.

Енді бұлтарудың қисыны қалмаған еді:

– Атым– Қалқаш,- дедім амалсыздан мойындап, ентіге тұрып.

Сол-ақ екен, ол мені жерге түсіре қойды да, екі иығымнан қыса шеңгелдеп, көзіме көзін қадап тұра қалды.

– Ей, сен рас Қалқашпысың?- деді қайталап.

– Сеңбесең өз еркің.

– Ой, қызық-ау, Рас Қалқаш болдың ғой. Сені қандай дауыл айдап келді екен мұнда?! Зынданда демеп пе еді. Ана кәрі сұлтанның қан соқта болған аузынан ешкім тірі құтылмаушы еді. Ер екенсің ғой, бауырым,- деді арқама қағып тұрып.

Біз лезде таныса кеттік. Баяғыда Мардан айтқан Бажақ батыр осы болып шықты. Мені ол да сыртымнан біледі екен. Марданнан естіпті. Ақым батырдың басын шапқан даңқыма жығылатын көрінеді. Өзі өмірінде Ақымнан басқа ешкімнен беті қайтып, ығысып көрмеген екен. Сол себепті маған да сырттай табынып жүрген ұқсайды.

Бажақтың қасында, мына күйде тұрып мені оған мақтануым ұят екенін іштей сезініп:

– Әрқандай адамның да бір жазымы болады ғой, әйтпесе, Ақым батырға қандай мықтылық істегенімді өзім де білмеймін,- дедім шынымды айтып.

– Дегенмен жүрегіңнің түгі бар жігітсің. Қалың қолға жалғыз шапқаның да, жаңағы маған ұмтылғаның да ерлік қой,- деп Бажақ қарқылдап, рақаттана күліп алды да,- жә, сен әуелі аш шығарсың. Садағың да жоқ екен. Алдымен тамақтанып ал,- деді жаңағы қақтаған етті қоржынының бетіне турап жатып.

Бажақтың аңқылдаған ақ көңілі алдында жаңағы өз қылығыма өзім ұялдым. Мандытып ештеңе жей алғамын да жоқ. Оның есесіне көптен бері бірінші рет жайлы ұйықтап шықтым.

 

VІІІ

 

Біз сонан бастап жұбымызды жазғамыз жоқ. Ақылымыз бір болды. Мені біраз уақыт сергітіп алу үшін ол қолынан келгеннің бәрін істеді. Қажет болса азық -түлік, қару-жарақ  дайындауға да жалғыз өзі жортып барып келіп жүрді. Әбден сақадай сайланып боған соң, бір күні атқа міндік.

Ол бірнеше рет шолып барып, сұлтан ордасының қай жұртта отырғанын  біліп келіп жүруші еді. Сол күні де біз ордаға таяу бір тұрғыдан қарауылдап жатып, алдағы қимылға ақыл құрадық.

Ежелден бері, қажет болғанда қалың қолды ел үстінен құрайтын сұлтан ордасының төңірегінде бұл күндері де қараң-құраң аз еді. Кермедегі аттардың  қарасы да  тым көп емес. Ақ төбедей ақ орданың маңы да тып-тыныш.

Кеш кіріп, көз байланып, ел орынға отыра бергенде салып ұрып біз де жеттік.  Екеуіміз екі жақ шеттен ұран салып, ордаға таяу иықтасып қонған сардарлардың ауылының о шетінен бұ шетіне дейін лаңғада етіп, бірнеше рет айланып шықтық. Бұл әдісті ойлап тапқан Бажақ еді.

– Бұлай еткенде, біріншіден, олар бізді сұлтан ордасымен қатысы жоқ, ел сырын, жер сырын білмейтін сырт адам, малға, жүйрік атқа қызыққан қарақшылар деп ойлауы мүмкін. Екіншіден,  осылай өрлі-қырлы, айқыш-ұйқыш шапқылағанда біздің бір-екі адам екенімізді де  мөлшерлей алмай қалады. Топты жау екен деп тобымен қуады,- деген.

Бажақтың межесі дұрыс болып шықты. Біз кермеден екі атты қиып алып қаша жөнелгенімізде, аттан салып басын құрап алған бір топ жасақ қыр соңымызға түсіп шулап келе жатты. Біздің тілегеніміз де осы еді. Анда-санда артымызға бұрылып садақ тартып қойып, қара үздірмей шырғалап отырып, тауға таман іліндік.

– Сен алдыңғы айланбадан қал,- деді Бажақ шынтақ, айланбасы көп тар сайға ілінген кезде мені алдыға өткізіп жіберіп, өзі бір мұрыншақ жартастың түбіне жасырынып қалды. Алдыңғы жақта анда-санда дабыстап, сасқалақтап айғай-шуға басқан қашқындарша садақты бет алды тартып мен кетіп барамын. Барған сайын өшігіп, дәмеленген жау да өкшелеп таяп келеді. Бажақ айтқан тұмсықшаға жеткен кезде мен де жалт бұрылып тығыла қалдым. Аздан соң Бажақ та жетіп келіп еді. Екеуіміз тізе қоса отырып, бет алды далақтап бара жатқан қуғыншылардың ту сыртына шығып алып, өкшелей отырып, садақты тарттық-ай келіп. Бір тәуірі ай сүттей жарық болатын.  Жақындап, таяп келіп тартқандықтан жебеміз құр кеткен жоқ.

– Әй, сен бұрын қан көрмеген жігіт екенсің,- деді Бажақ  маған бір кезде қатарласа беріп. Мен оның сөзіне таңырқап бетіне қарадым,- Құлаған адам көбейген сайын қолың қалтырап келеді ғой. Сенің атқан адамың қалайша атының жалын құшып, ары қарай құлайды. Садақтың жебесі екпінсіз тигенде солай болады. Адырнасын шерттіріп аямай тарт!

Байқасам оның жебесі тиген адам шынында да ары қарай емес,  өзіне қарай шалқалап құлайды екен. Тұңғыш рет көргендіктен болар, мен де қатты қайран қалдым.

Осы кезде ол менің жаныма жанасалай берді де:

– Түс аттан!- деді бұйырып. Сонан соң қорқырап өліп бара жатқан біреудің қасына аз  бөгеліп, айналып қалды да  менің алдыма жылдам жетіп келді.

– Жұм көзіңді! Аш аузыңды! Жұт!- деді бірдемені аузыма кемейлете асатып жіберіп.

Мен оның айтқанын бұлжытпай орындадым.

– Қан,- деді ол міңгірлеп. – Адамның қаны. Жүрегің енді орнығады…

Шолақ сайдың басына шыққанша біз қуғыншыны сиретіп жіберген екенбіз. Өлгені бар, атына оқ тиіп жаяу қалғаны бар, ендігілері сиреп, селдіреп  кетіпті. Бұл кезде олар қауіптің арт жағынан тигенін, шырғаға түсіп, алданып қалғанын сезіп, жан сауғалаудың қамына кірісіп, тоз-тоз болып, бет-бетімен қаша жөнелген еді.

– Болды енді,- деді Бажақ осы кезде. Аттың басын қайтадан кері бұрдық.

Біз жетіп келген кезде орда маңы иен екен. Жасақтары бағана іңірде тиген «жаудың  қуып кетсе керек. Біз ақ төбедей болып бөлек тұрған  орданың алдына келіп бір-ақ тоқтадық. Ай нұрымен шағылысып жарқырап тұрған, алтынмен оқалап, күміспен шым бастырған киіз есікті Бажақ ат үстінде тұрып, дәл маңдайшасынан сыр еткізіп, тіліп алып, сарп еткізіп қайырып жіберді. Үй ішіне мойнын созып бір үңіліп алды да атынан қарғып түсіп, шылбырын маған лақтыра салды.

Оқалы тон, алтын айдарлы бөрік киген Бегедай сұлтан үш-төрт адаммен бірге керей үлгілі күмбез кілем ұсталған төр алдында, аю терісінің үстінде отыр екен. Тосын кіріп барған Бажақты көргенде шошып кетіп, орнынан бір көтеріліп қопақ ете түсті де, қайта басылып барып, көзі шарасынан шыға мелшиіп отырып қалды. Басқалары да тырп ете алған жоқ.

Жалғыз ғана, қымыз сапырып отырған екі басты күміс ожауын ұстаған қалпы бағанадан Бажақтан көз алмай қадалып қалған Гүлайым ғана қалтыраған дауысымен сыбырға жақын:

– Бажақ!- деп қалды да орнынан шапшаң ұшып тұрып, әкесінің сол жақ иығына қолын салып сүйеніп тұра қалып, қыбыр етпей безеріп кетті.

– Бәлем, түстің бе қолыма! Тап қазір сенің басыңды кесіп қанжығама байлап, қызыңды қатын қылмасам атым өшсін!- деді Бажақ жалаңаш қылышын көтеріп, бір-бір басып, сұлтанға таман асықпай, жақындай түсіп.

Дәл осы кезде Гүлайым екі-ақ аттап, Бажақтың қасына жетіп келді:

– Ей, көргенсіз,- деді оның көзі көзінен өтіп, кірпігін қақпастан Бажақтың бетіне қадала түсіп,- әкесінің басын кесіп, қызын қатын қылғанды қай ата-бабаңнан көріп едің?! Саған керегі мен болсам, жүр!- деді әмір еткендей өктем дауыспен.

Бұдан ары ешкім де үндеген жоқ. Өзара арбасқан екеуі бір-біріне телмірісіп тұрып қалды. Бажақ та ләм демеді.  Қыз сөзінің жүйесіне жібіді ме, немесе, аузына басқа жауап түспей бөгелді ме, иә болмаса толған айдай толықсыған, хор қызындай үлбіреген хас аруға бір кезде өзінің ынтық болған қызық шағын есіне түсіріп, оның алдында қылыш көтеруді ер басына ар көрді ме, не болмаса, ұзын қара кірпігін бір қақпай, әлі қадалып   тұрған   қыз  көзінің салауатынан жасқанды ма (Айтып- айтпай қыздың көзі жанып тұрған от еді!) білмеймін, әйтеуір батырым аз іркіліп тұрды да, қыздың білегінен шап беріп ұстай алып, үн-түнсіз жетелеп алып, ордадан шыға берді.

– Ұмытып тұрсың ба, мен ханшамын. Тарт атыңды көлденең! Ал қолтығымнан!- деді сыртқа шыққан соң тәкаппар, көшелі қыз  әлі де биттей иілмей. – «Ханы жоқ ел тұлң дегенді сен мисыз тіпті білмейтін де шығарсың әуелі!?  Екеуіміз сияқты сан тобыр оның қара тұяғынан садаға! Әкем үшін және оның хандық тағы үшін неге болса да көндім!- деді аяғын үзеңгіге салып жатып .

Қосардағы аттың біреуіне Бажақ та қарғып мінді. Гүлайымның сулығынан алып жетелей жөнелді. Қас пен көздің арасында істің осылай тынуға бет алғанына  мен таң – тамаша босам да, Бажаққа тіс жарып ештеңе дей алмадым. Менің ойымдағы бұл жұмбақты оның өзі шешті:

– Ханның көзін бақырайтып қойып, ханшаны тартып әкеткенімді білсе, осындай ұл туғанына шешем байғұс та бір қуанып жырғап қалар еді. Көптен көңілімде жүрген, «Әттең!ң деген бір арманым осы болатын. Сенімді серік болып, септігің тигені үшін, сені де мәңгі ұмытпаспын!- деді ол  бір рет жанына қатарласа бергенімде.

Арамызда мұнан басқа сөз болған жоқ. Бұлаң құйрықпен суыт соқтырып отырып, түн ортасы ауа берген мөлшерде қос-қолаңымыз қалған қалың самырсынның арасына келіп түстік.

Мен аттарды ыңғайлап, бөлке-бөлек қаңтарып байлап, қайта оралсам, ол екеуі шеткерірек бір самырсынның түбінде сөйлесіп отыр екен.

– Батыр, сіз шынымен-ақ маған сенбей отырсыз ба? Қалай десеңіз де мен сіздің етегіңізден ұстап келіп отырмын ғой. Арғы-бергіні еске алып не керек!?- деген қыздың сөзін ап-анық естідім.

Мен тоқымымды төсеніп, тонымды жамылып ұйықтамақ болып едім, ұйқым келмеді. «Естімейін-ақң деп, құлақ салмауға қанша тырысқаныммен де, Бажақтың дауысының күңгірі мен қыз көмекейінің сыңғыры алма-кезек қытықтап, мазамды ала берді. Сөздерінің бейімі, дауыстарының әуені де өзгеріп барады. Ер жігіттің салауатынан ба,  ақылға орамды қыздың икемділігінен бе, кім білсін, екеуі әлден-ақ жарасып, татуласып қалған сияқты. Барған сайын сыбырға ауысқан үндері де үзіліп-үзіліп әрең естіледі.

– Тұра тұрыңызшы, не деген сабырсыз жансыз,- деп наздана сыңқылдаған қыз күлкісі де сондай тәтті екен. Ойхой деген! Бір кезде сағынысып келіп, тоғай арасында оңаша бір ұшырасқан шақтарда, Айшара да дәл осылай назданушы еді-ау!..

Мен күрсініп жібердім де, бір аунап түсіп басымды бүркеп алдым. Көзімді тарс жұмып, ұйықтамақ болдым.

Шынында бір кезде көзім ілініп те барады екен. Әлде қандай бір дыбыстан шошып ояндым. Басымды жұлып алсам, айнала тып-тыныш. Желсіз тымық түн. Қалың орман  қап-қара қанаттарын  тұтастырып, құшақтаса сүйенісіп қалғып кеткен. «Әлдеқалай бір жаман түс көріп, шошып оянған жоқ па екем?ң деп, көзімді уқалай отырып, Бажақтар жатқан жаққа еріксіз көзім түсе қалып еді, Қараңғыда қарбайып, тіпті үлкен көрінген нән самырсынның түбінен елбең ете түскен бір нәрсенің қылпын байқап қалдым. Соның арасында дәл сол арадан қырылдап, қорқыраған бір дауысты естіп шошып кеттім. Өне бойым дір ете түсті. Жүгіріп жетіп бардым. Қараңғыда қарбиған Бажақтың алып денесі көрінді. Гүлайымды жұмарлап, қылқындырып жатқандай жоны күржиіп, белі бүктетіліп, жотасы күжірейіп алыпты. Мен қапелімде қайтерімді білмей сасқалақтап барып, оның жауырынынан бүре ұстап аударып қалдым. Бірақ, аударуын аударып алсам да, өз көзіме өзім сенбей шошып қалып, бір адым шегініп кеттім. Жүрегінің тұсынан шаншылған ақ семсердің сабынан екі қолымен мықтап ұстап алған Бажақтың денесі жирыңдап, қорылдап жатыр екен. Санымды бір-ақ салдым.

Қап, бәлем, сен сайқалды!…- дедім есімді тез жиып.

Жаңағы елбеңдеген көлеңке жаққа жан дәрмен тұра жүгірдім. Мен таяған кезде ол да бір атты шешіп алып, мініп үлгерген екен. Қалың шөпті қарс-қарс жапырып, бүрген-бұтаны, жапырақ-бұтақтарды қарсылдатып, жыныс орманға сүңги жөнелді. Қалған аттың біреуіне жайдақ міне салып мен де ұмтылдым.

Бұл кезде таң қараңғысы сейіліп, ондағы-мұндағы елбеңдеп, жер беті бозамықтап қалған еді. Мен кейде алдымдағы қыздың қарасынан көз жазбай, кейде ат тұяғының дүбіріне ілесіп, қалмай отырып, таң ағарып ата бергенде таяп та қалып едім. Артына әлсін-әлі бұрылып, жалтақтап қарап келе жатқан қыз орман арасына сіңіп құтыла алмайтынын білген болса керек, бір алаңқыға шығып алды да атының басын бір-ақ қоя берді. Мен де қыр соңынан қалмай сыдыртып келемін. Жаңа батқапыда қару алмай, құр қол шыққаныма енді өкіндім. Егерде садақ болса әлдеқашан ұшырып түсіретін аралықта ғана, ұра-жыраны елемей, тауды тау, тасты тас демей жан ұшырып, қанішер қыз қашып барады.

Күн көтеріле бере ол биік бір жалға шықты да, соны жонсаулап құдия жөнелді. Атымды басқа-көзге сабалап, мен де қалмай ілесіп келемін. Енді бір әредіктен кейін жақындап, таяп та қалдым. Бастырмалатып, жетіп қалған дыбыстан шошынып, қыздың артына жалтақтауы да жиілей берді. Дәл осылай кете берсе менің қуып жететінімді де межелесе керек, қыз тағы бір қоян бұлтаққа салды. Атының басын кілт бұрып, көлденең бір күдірге тартты. Онан қайтадан кілт бұрылып, сай тағанына таман ыра төмен құдия жөнелді. Менің де екі көзім сонда. Аяғымның астына, алдағы жүрер жолыма қарауға, өзімнің қалай келе жатқанымды аңғаруға мұршам жоқ. Шаншылған қия беттен тік құдиып, құлдыраңдап бара жатқан қызды ғана көріп келемін. Оның астындағы ат кейде тірсегімен сүрдектеп, кейде шоңқайып қалып қайта түзеліп, төрт аяғы анда бір, мұнда бір тиіп, кейде теңселіп, кейде сенделектеп, мың бір машақатта әрең кетіп барады. Сай тағанында сарқыраған асау өзен жатқан. Иірім-иірім айланбалардағы мелшиген жартастарды күркіреп келіп сүзіп қайтып, ақ көбігін аспанға атып, буырқана долданған адуын өзен. Менің көңілімдегі ендігі бір тиянақ та сол болды. «Қанат бітіп кетпесе осы өзенге қамап ұстармын-ауң деп дәмелене бастадым.

Бұл кезде қызбен екі арамыз, егер, жан арқаның болса шалма тастауға да келетіндей ғана қалып еді. Талай безер қашағанды мұнан алысырақ жерден бір сілтегенде құтқармаушы едім. Оған қазір амал жоқ. Қуып жетіп, түп етегінен алмасаң басқа шара не? Ақыры қоймай жүріп, бастырмалатып жетіп те қалып едім, айлакер қыз тағы бір қыр көрсетті. Атының басын шорт бұрып, қамшылар жақтағы жартастың желкесіндегі текшеге шығып алды да,  менен тағы да арқан бойы ұзай жөнелді. Бірақ ол жаңа алдыңғы жағы тұйық екенін байқамай қалған сияқты. Астына қарасаң басың айналатын шыңырау құздың жиегіне барды да еріксіз тоқтай қалып, артына бір қарады.

Енді құтылып көр!- дедім мен де кіжіне тепеңдеп таяй беріп.

Дәл осы кезде қыз:

– Арманыма жеттім!- деп тау-тасты жаңғырта, бар дауысымен айқай салды да,  алдындағы жартастан жаны ұшып, төрт аяқтап бүрісіп, қалш-қалш етіп, шегіншектеп, жалтарып тұрған атты қамшымен осып-осып жіберіп, тебініп-тебініп қалды. Жалама бетте, қыл үстінде әрең тұрған ат қыздың бар салмағымен тебінген екпініне төтеп бере алған жоқ. Алдыңғы екі аяғы жартастың ернеуінен аса тік шапшып барып, омақаса жөнелді. Мен атымның басын шорт тартып, көзімді жұма бердім. Көз алдымда ат-матымен ұшып бара жатқан Гүлайымның соңғы суреті ғана қалды.

 

Соңы

1985 жыл. Алтай қаласы.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here