Бесін ауып кетсе де, күннің ыстығы әлі қайта қоймаған. Жалпақ дала жалын бүркіп, шыжып тұр. Ұйдің іші одан да қапырық, тынысыңды буып, тұншықтырып шыдатпайды.

Жұмбек ақсақал есік алдындағы көлеңкеде таспа сыдырып отыр. Жасы жетпістен асса да, көзі әлі жақсы. Кәнігі қол, өткір сары пышақ таспаны сымға тартқандай етіп, жұп – жұқа қырнап өтеді.

Жүкең осы кәсібіне өзі да риза. Қыста малма салады. Жаздабастромке, қамыт түзейді, айыр, тарақ, сабыр жөндейді. Әйтеуір, қысы – жазы үйінде. Ел құсап дала еңбегіне, су қоймаға барып, тоң сирақ болып, бүрсеңдемейді. Кемпірінің қасында, жылы үйде отырып ішкен шай – шалаң, көже – көлмегі де бойына қонады. Осыған да шүкір етеді.

Енді міне пішен шабатын уақыт та таяп қалды, Жүкең соған бола қарбалас еді.

Арбақ мүйіз қызыл өгізбен тасырлатып, дәл қасына жетіп келген баланың ажарына қарап, Жүкең тіксініп қалды. Қолы қалт етіп барып, таспасын да қиып ала жаздады. Аузынан ақ көбігі шұбырып, ілгерінді – кейінді кетіп, солықтап тұрған өгізден қарғып түсіп, бұйдасынан ұстаып тұрған, он төрт – он бес жасар баланың өң – сұрқы да бөтен екен. Алты айрығынан тер ағып, екі иығынан дем алып, өгізбен бірге ентігіп тұр.

-Ойбай, Жүке, ағам мен Бөкен екеуі төбелесіп жатыр. Сізді шақырып келдім. Тез жүре қойыңызшы, – деді аман – сәлем жоқ, сөзін алқына үзіп – үзіп сөйлеп.

-Е, не бопты? – деді шал ажырая қарап. Бала жауап қайтарған жоқ. Жапақтай берді. Жүкең де қырыстана қалды.

-Ана бригадрларға барып неге айтпайсың? Соларға барып айт, – деп иегін бір көтеріп қалды да, жұмысын қайта қолына ала бастап еді.

-Сізді әдейі шақыртып еді, – деді бала күмілжи міңгірлеп.

Әңгімеге шүйкесін созып отырған Жүкеңнің бәйбішесі араласты:

-Бара салсаң нетті, ауылдың басалқасы деп келіп отыр ғой саған, – деді күңк етіп.

-Не жетпей жатыр екен? – деді Жүкең әлі де орнынан қозғала қоймай.

Бала үндеген жоқ.

-Қай жерде?

Бала күмілжіп жауап берді:

-Зират басында.

Жүкең аңырған бойы отырып қалды. Қабағы сәл түйіліп барып, ауылдан анадай жердегі қоңыр қабақтың үстіндегі зираттыққа басын кекжите қарап, әлде нені есіне түсіргендей кіржие берді. Шалғысы ұзын, аппақ мұрттары да жыбыр ете түскендей болды. Ойға шома отырып, ақырын күрсініп алды. Бір сойқанның болғаны анық.

Анау қаңсардағы зират та, онда кімдердің жатқаны да оған анық. Талай заманнан бергі осы маңда жер бетінен көшкендердің бәрі де сонда. Нелер боздақ, нелер сабаздар да, жақсы да, жаман да – бәрі де сол арада, бір төбеде жатыр. Келіп тұрған мына баланың әкесі Әкілбай да, бұның ағасымен жаңжалдасып жатыр деген Бөкеннің әкесі Нұғыман да өткен қыста осы зираттан мәңгілік орын алған.

Жүкең кенет басын жұлып алды да:

-Мен бара алмаймын. Ана жотаға барып келе алатын мағдырым да жоқ. Биыл өзімнің де белім кілтілдеп, екі тізем бастырмай, халым азайып барады, – деді де мұңайып қалды. Қонышынан шақшасын алып, насыбайынан асықпай йіскей отырып, “уш – ш” деп ұзақ соза ысқырта бір күрсініп алды.

-Ататай – ай, – деді бала жыламсырай мөлтең қағып.

-Сен шал бүгін неғып керги қалдың? – деп еді кемпірі.

-Ей, сен жайыңа отыр, – деп қағып тастады оны тыжырынған Жүкең.

-Әкем – ау, не болып еді оларға соғұрлы. Ерубай мен Бөкен тату – ақ сияқты еді, бір шайтан кірді ғой араларына. Маңайларында басқа адам жоқ па еді? – деді кемпірі өзінше қиналып.

-Қажым менен Сағи бар, – деді бала, – Жүкеңді шақырып кел деп солардың өзі жұмсады.

– Ей, жазған – ай, а. Со ғұрлы не болды екен оларға? – деді кемпір өзіне – өзі сөйлегендей күбірлеп.

-Ағам екеуіміз әкемнің зиратын жинап жатыр едік, Бөкен келіп “менің әкемнің қабыры” деп таласып жатыр, – деді сөзін тоқтатып. Алқынын басқан бала енді ғана даудың бетін аша сөйлеп, – Анығын Жүкең біледі деп шақырып еді.

Жүкең еш нәрсе естімеген адамша тұқырып алып, пышағын қайраған болып отыра беріп еді, мән – жайді түсінген бәйбішесі оны еркі алдына қоймады.

-Қой, шал, таста андағыңды. Қолыңнан қойғаның рас қой, анықтап көрсетіп бер. Біреуі жаңылып жүрген болар тегі. Басқаны қойғанда аруақтан ұят болады; – деді қолды – аяққа тұрғызбай.

Бала да сілейген қалпы әлі тұр. Мылқау кісіше мелшиіп отырып қалған Жүкең не заманда барып орнынан әзер қозғалды.

-Әй, кемпір – ай, – деді кейіген раймен міңгірлей сөйлеп.

Бала екеуі жайдақ қызыл өгізге мінгесіп алды да, қоңыр қабаққа бет түзеді. Жол үстінде де Жүкең қайта – қайта түкірініп, әлсін – әлі күрсіне берді. Анда – санда есінеп алып “ой, алла…” деп күбірлеп те қояды. Зиратқа таяған сайын тынышы кете бастады.

Бұлар жеткенде зират басындағы адамдардың қарасы да көбейіп қалған екен. Айғай – шу, ұрыс – керіс те білінбейді. Бәрі жым – жырт көрінеді. Бір – екі жігіт шалды өгізден түсіріп те алды.

Жүкеңнің қастарына таяуы – ақ мұң екен, түстері қашып түнеріп алған Ерубай мен Бөкен қайтадан ерегесе бастады.

-Міне, келді ғой Жүкең де, қазір- ақ жүзің айдай болады, – деді Ерубай ісініп қалған қабағының астындағы шегір көздері от шаша жарқылдап.

-Кімнің жүзі айдай болар екен, – деді қап – қара болып түтігіп алған Бөкен де жейдесінің айрылған жағасын бір сипап қойып.

-Айтыңызшы, Жүке, ана уақытта “сенің әкеңнің зираты осы” деп маған өзіңіз көрсетпеп пе едіңіз, – деді Ерубай жақындап.

-Сенмиғұла сөз ұғушы ма едің? – деді Бөкен Ерубайға шатынай қарап. – Ал айтсыншы, Жүкең. Маған да айтқан өзі ғой, Сағидың апасының оң жағында қойылды деп. Сағидың апасы мынау емес пе? Былтыр күзде өз қолымызбен қойғамыз.

Жүкең бұлардың дауын түсініп отыр.

Өлген адамның орнын қадірлейтін ежелгі салт бойынша бұл елде аруағын қабыр топырағымен тастаған адамды ешкім де жақсы атамайды. Ел болып сөгеді. Сүйекке таңба деп бетіне басатындары да болады. Бір орайын тауып: “өлгеніңнің аруағын сыйламаған сен кімге опа бересің?” деп жерден ауыр сөгіс айтады.

Ерубай мен Бөкен екеуі де ұлан қыстай “секірмелі даму” тоғанын қазу жұмысында, сонау алыста, күншілік жерде бұлдырап, көгілдірленіп, әрең көрініп тұрған қара таудың бөктерінде болды да, әкелеріне бір күрек топырақ та сала алмады. Әуелі жазға салым жұмыс бітіп, үйлеріне келгенде бір – ақ естіді. Бұған олар кінәлі емес, әдейі жасырып естіртпей қойған бастықтар жауапты. Бұл үшін оларды ешкім де жазғырмайды. Бірақ сол бойы елемей, зират та тұрғызбай жүре берсе, оны кешірмейді де. Сондықтан биыл жазда олар ертелі – кеш демалыс кездерінде астырттағы бұлақ жағасынан керпіш құйып, дайындап қойған. Анау сыртын жауын мұжыған, кейі алты қанатты, кейі төрт құлақты үлкен зират сияқты қорған соғуға шамалары келмесе де, бұларды оған бола ешкім сөкпейді. Әйтеуір, әкелері қабір топырағымен қалмаса болғаны. Екеуінің де ойы осы ғана.

Бірақ бүгін ойламаған жерден мына жаңжал шығып қалды. Таң сәріден келген Ерубай шалқар түске дейін әкесінің қабірін жиып болып та қалған еді. Бөкен келді де әңгіме шығарды. “Менің әкемнің зиратын жинап тастапсың” деп соқтықты. Бастабында әр қайсысы өздерінікінің дұрыстығын дәлелдемек болып өңештесті. Бара – бара қызарақтасып та қалды. Аяғында от шықты. Бөкен жүгіріп келіп, енді орнаталып жатқан құлыптастыжұлып алып, лақтырып жіберді. Бұл қорлыққа шыдамаған Ерубай Бөкеннің жағасынан ала түсті.

Өткен қыс “Дажайдан үйрену”* қозғалысының ең бір дабыралы кезі болды да соған орай тауды кесіп, тоған қазу маңдай алды жұмыс есептелді. Ауылдағы еңбек күшінің тайлы – таяғын бір – ақ әкетті. Бірен – саран, ауру – сырқау, мүгедек, жарымжан шал – кемпірлер ғана қалған еді. Міне, Жүкең солардың бірі. Қаңтардың қақаған аязында болса да, екі шалды арулап көмген осы Жүкең ғана. Бүгінгі даудың төрешісі де сол кісі болмақ. Елден ерек Жүкеңнің шақыртылуының мәні де осы еді.

Жүкең олардың сөзін естіп отырғаны қайсы, қалғып отырғаны қайсы, астыңғы еті ісініп, салбырап тұратын көздерін жұма жерге қарап, үн – түнсіз отыра берді. Не деп төрелік айту керектігін білмей отырған да жоқ. Бұл жерде кілтең бір әңгіме бар.

———-

*Дажайдан үйрену – Мәдени революция кезіндегі әсіре солшылсаясиұран.

 

 

ХХХ

 

Жүкеңнің осы жолғы қиналғанын,қысылғанын құдайтағала адам баласына бере көрмесін. Күн деген жалап тұрған кез, ақырзаман аяз, қызылдап соққан үскірік бет қаратпайды.

Өткен күз жауынды болғандықтан жердің тоңы қалың екенін жүкең де білетін. Зираттың ішін олай аралап, бұлай аралап, “биттей жұмсақтау болар ма екен” деп жотасы дөңкиген биік үрдесін қардың астын таңдаған. Қасат қардың өзі де сығырдаң, қатты болғанымен, әр беріден- ақ ойып жіберіп еді, жердің беті шауып жатсаң шақылдақ түспейтін, көк мұздың өзі болып шықты. Қадап тұрған қайла қайта – қайта дүмпіп, қолыңды қайтарады. Кішкене қиғаш тиіп қалса, бытырлай бетіңе шапшиды.

Қанша қайрат қылғанымен түк өндіре алмаған Жүкең түске таяп өзі де үміт үзді. Буындары құрып, қол – аяғы дірілдей бастады. “кәрілік меңдетіп әбден жұбына жеткен ғой, шіркін, қайран жастық дәурен” деп налыды өзіне – өзі.

Қиналғанмен, налғанмен бола ма? Бас тартуға келмейтін, қалжы – бұлжыға көнбейтін үлкен борыш. Талай заман дәмдес болып, бақыр сорпасын бірге ішкен замандасының сүйегін бір уыс топырақпен жасыра алмаса, махшар күнінде оған не бетімен кезігеді? Ел бетіне қайтып қарайды? Бүйткенше өлгені артық.

Осы ой оған тағы бір аз қайрат берді. Екі тізесіне сүйеніп орнынан әрең тұрса да, бір тұрып алған соң сүйекке қарысып, қыбырлай берді.

Жүкеңнің тақымына кетпен, күрегін қыстырып, күлапарасын шарта байлап, қоңыр өгізбен тепеңдеп, зират басына келіп жүргеніне міне үшіні күн. Үш күн болсын, бес күн болсын, Жүкең онымен есептеспейді. Әйтеуір, қазір тоңнан құтылып, тізеден төмен түсіріп қазып алды. Осыған қуанышты. Алғашқы күн қатты сасқалақтап еді. Сол бір әдісті тапқанына өзі де мәз. Өмір бойы ашты мен тұштыны бірге татқан, түсінісіп, сыйлап өткен кемпіріне де риза. Үйдегі бар қалған екі қап қиын да аямады ғой. “сабан жақсақ та, ыстық істеп ішеміз, мархұмның аруағы разы болсын” деген. Даланың оты тамбай қойып жүрмесіндеп құмырының түбінде қалған екі елі керосинді де қанжығасына байлап берген.

-Апырай, шал, қиын болды ау, – деген қаймыға жаны ашып, – Екеуіміз екеулесек мұнша қиналмайтын да едің сен байқұс.

-Болмайды ғой оған, – деп бсын шайқады Жүкең, – Егер шариғат көтеретін болса, осы ауылдағы қатын – қалыш, кемпір – кешекті түгел жиып апармас па едім.

Десе де кемпірінің себі тиді. Екі қап қи жарым күнде жанып болмады. Сол күні зират басынан будақтаған қара қошқыл түтін кешке дейін үзілген жоқ…. оттың орны ертеңінде жібіп қалған екен.

Міне енді соның арқасында қабыр қазылып та болды. Оның есесіне үш күн ұдайы жанталасты көтере алмай, Жүкең өзі де тұралап, титықтап бітіп еді. Белуардан келетін шұңқырдан қанша тырбанса дашыға алмады. Екі тізесі де иліктірмейді. Қолдары да қарысып, дірілдей береді. Жүрегі қағып, көзі қарауыта бастады. Бір аз отырып дем алып еді, өзі де қорқайын деді. Отырған сайын аяқ – қолының жаны кетіп бара жатқан тәрізді сезілді. Саусақтарына дейін ұйып, белі мен тізесі илікпестей болып, сіресіп барады. Енді біраз аялдаса бүкіл денесі бірақ ағашқа айналып қалатындай. Ажал қайдан дейтін емес, Әкілбайға арнап қазған қабырынан өзі шыға алмай қалатындай көрінді. Ол жер таянып әзер тұрды да, қабырдың ернеуіндегі екі – үш кесек тоңды ішіне түсіріп алып, аяғына соны тиянақ қып қойып, сүйретіліп әрең шықты.

Жүкең шынында да мұрттай ұшқан екен.

-Басым, белім, сүйек – сүйегім шағып әкетіп барады, – деп қалпақтай түсті.

-Тер қатырып алдың – ау, сүзек болып жүрмесе игі еді, – деп уайымдады кемпірі. Аузына дән салмай, нәр татпай қойғанына қарап қорқайын деді. Абдыраның түбіндегі түйіншектерін ақтарып жүріп, қарандыз, жалбыз тауып алып, соны қайнатып ішкізді.

Жүкең содан кейін титтей тыныстағандай болып еді, ол да баянды болмады. Кірпігі айқаса берсе болды, қайланың үшінен бытырап ұшқан қиыршық тас, тоң көзінің отын жарқ еткізеді. Селк етіп оянады. Енді бірде бықсыған қиды үрлеп жатады. Ілінбей, сөніп кетер ме екен деп қорқады. аузын толтыра – толтыра, жеделде те үрлейді. Кенет қызыл жалын лап ете түседі де, бір жақ мұрты сырылдай жанады. Шошып оянып мұртын бас салады. Оқыс қимылдан кенет белі кілт ете түседі. Өне бойы шаққылап, сұққылап, тағы да кеміре жөнеледі. Ұзақ түнді көз ілдірмей өткізген Жүкең қалжырап барып, таңға жақын ғана бір сәт мызғып кеткен екен: “Жүке, әй, Жүке, мен қысылып барамын” деп айғайлап тұрған Әкілбайдың дауысынан шошып оянды. Тынысы әрең шықты. Көзі бажырайып, құлағын тіге қалды. “Мархұмның аруағы ренжіп жатыр ғой” деп ойлады.

Терезе тағы қағылды. Жүкеңнің жүрегі одан арман зу ете түсті. Демін ішіне тартып тыңдай қалды.

-Жүке, – деп айғайлады енді бір әйел дауысы.

Жүкең үндеген жоқ.

-Жүке, әй, Жүке, Нұғыман қысылып тұр, – деді терезеден қалтыраған бір үн.

Бәйбішесі ояу жатыр екен:

-Аттеріс қой… Кеше барып көңілін сұрағанымда шалы төмендеп қалған көрініп еді, – деді күбірлеп.

Жүкең басын көтерді:

-Қанипамысың? Я, барайын қазір.

Жүкең сүйекке қарысып , киініп барғанша Нұғыман жүріп кетіпті. Жүкең оның жылап отырған әйеліне жұбату айтты да, Нұғыманның аяқ – қолын дұрыстады. Бақырайып қалған көзін уқалап аясына түсірді. Жағын таңды… Көйлегінің иінішінен айырып шешіндірді де, құйындырып оң жаққа салды… Таң атқанша күзетіп отырды.

Ертеңінде ол тіпті де ауырлап қалған екен. Денесі де зілдей, қозғалтпайды. Белі де, тізесі де тас болып қатып қалған сияқты. Сынықтан кем болса не дерсің.

-Апырай, ауылда бір де бір азаматтың болмағаны – ай, – деп қамықты Жүкең әрең созылып өгізіне мініп жатып. Зират басына барғаннан кейін де көп ойланды. Басқа не амал бар? Жүкең жерлемей кім жерлейді оларды. Шыбын жаны бойында тұрғанда мұнан бұлтару деген намыс қой. Кіндік қаны осында тамып, тіршіліктің бар қызығын осы арада көріп, алал кәсібін теріп жеген, сақал – мұртын да осы арада ағартқан кешегі ер азаматқа өзінің осынау ұлан – байтақ туған өлкесінен бір уыс топырақ бұйырмаса олардың аруағы да тірілерге қарғыс айтпай ма?
Өзінің де төрінен көрі жуық. Ертең өзінің де көзін қарға – құзғын шұқып жатса… мұны ойлағанда Жүкең көзін тарс жұмып алып, басын шайқай берді. Құдай оның бетін ары қылсын.

Бірақ, қазір Жүкең өзінің дығдыры құрып бара жатқанын қадам сайын айқын сезді. Көзі қарауытый теңселе берді. Қалтылдап тұрып ойға шомды. Қыстың күні ғой, сүйек бұзыла қоймас. Ертең көрейін, бәлкім, бір мысал тәуірленіп те қалармындеп қорытты да биіктеу бір қардың бауырына жетелеп әкеліп, суықтан ширығып алсатып тұрған өгізінің бұйдасын ердің қасына қымқыра ұстап, үзеңгіге аяғын сала берді. өгіз де жүріп кетті. Одан кейінгісін білмейді…

Есін жиғанда өгіз шанада келе жатыр екен. Қасында бәйбішесі отыр. Бір әйел өгізді айдап келеді.

Бұйдасын сүйретіп барған өгізді көріп шошып кеткен бәйбішесі адам ертіп келіп, жығылып жатқан жерінен тауып алып барады екен.

Жүкең бұл түні де ұйқы көрген жоқ. Кірпігі айқаса берсе болды, шытырман, қым – қуыт бірдеңелер көзіне елестей береді. Қабырдан шыға алмай қысылады… Әкілбай өкпелеп кетіп бара жатады. Нұғыман келіп жалынады; “көзім жұмылмай жатып – ақ ұмыттың ба? Жүке, замандас едік қой, қандай тату едік. Екеуіміздің арамызға түскен көк лақты ешкім тартып ала алмаушы емес пе еді. Шілдехана, той болса жұбымызды жазбай, тізе қоса отырып айтатын әндеріміз қандай айысты еді. Талай – талай әріптестің сыңқылдаған күлкісін жырғап отырып бірге тыңдамаушы емес пе едік… “ дейді жүдеп.

Жүкең ыңқылдайды. Ойға шомады. Күрсінеді. Қабағын түйіп аунап түседі. Көзін жұмады. Сонда да көз алдынан әлгі бейнелер бір кетпейді. Көрер таңды көзімен атырады.

Таңертең Жүкең бәйбішесіне де, ешкімге де бір ауыз тіл қатқан жоқ. өгізіне шана жектірді де, Әкілбай мен Нұғыманның сүйегін қатар салып алып зират басына тартты.

-Қайран замандастарым – ай, мен де барамын ғой арттарыңнан…Аруақтарың біліп жатқан шығар… Аянып тұрмын ба? Құдай кешірсе, кешіріңдер осы күнәмді, – деді бір шұңқырда қатар жатқан екеуіне үңіліп отырып. Бір тамшы көз жасын топырақпен бірге көмді.

 

Х Х Х

 

-Ана кезде сендерге не деп айтарды білмеп едім. Әуелі осы сырды кемпірімнен де жасырып жүргемін, – деп Жүкең дауысы дірілдеп барып тоқтап еді.

Бөкен отырған орнында міз бақпай, мелшиіп қалды да, Ерубай бетін басып, өкіріп қоя берді:

-Ей, құдайтағала – ай, қабырдың топырағына да таластырдың – ау, – деді ышқына айғайлап.

 

Гүй – яң қаласы . 1983 жыл.

 

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here