I

Жазғытұрым болып,күн ұзарып қалса да  тау  ішіне қараңғылық әлі   де ерте түседі. Қызуы мол нұрлы күн биік қаңсардың  бір қырқасына иегін артып,қып-қызыл өрт теңізіне құлай берген кезде-ақ нән жартастардың түбіндегі қара бояу қалыңдай береді. Терең сайдың жылы денесі тез суынып,күндізгі тіршілік тынысын енді қалғыған тыныштық иектеп, дыбысын шығартпай тұншықтырып,қатал үстемдік жүргізе бастайды. Бұл масыл зорлыққа қыстаудағы тастан қалаған  бір ауызды аласа үйлер ғана болымсыз қарсылық танытқандай болып,бір көзді соқыр терезелерінен әлсіз,күңгірт сәуле білдіреді. Қи,тезек таусылып,қараған,бұта жаққан балшық пештердің тік моржасынан ара-тұра лап берген мол ұшқынды күрең жалындар ғана төніп тұрған қараңғылықты ауық-ауық үркітіп тастап басылады.

Ымырт үйійріліп,ел орынға отырып,малды ауылдың кешкі абыр-сабыры басылған осындай  бір бейуақ сәтте ауылдың аяқ  жағындағы  қой қораның шетіндегі  өзіне таныс тас үйге қарай беттеген Тастемір маңайын жіті шолып,сақтана басып келе жатты. Аяқ дыбысын естіп,тұтас дүрк беріп,жарыса ұмтылған төрт-бес ит те жақындай беріп,кілт тоқтап,таныс адамына осынша абалап,өшіге ұмтылғандарына ұялып қалғандай жалт бұрылып кері шегінді. Біреулері құйрығын бұлғақтатып,жата қалып,қыңсылап жіберді.

Тастемір шарбақ қораның ішіндегі ерте туған сиырды сауып отырған жалшы әйел Жамалды тосып тұрды да ол жас бұзауды дедектетіп,сүйрелеп,есіктен шыға берген кезде:

– Жеңеше,- деп сыбыр етті де шап беріп,білегінен ұстай алды.

Көтек,тағы қайсы қарақұрт әкәм?-деді әйел тіксініп қалып.

-Жеңеше,мен ғой,-деді Тастемір жүзін жақындатып.

-Жаным-ау, молда  баласың ба?-деді Жамал шошығанынан тұншыға,алқына сыбырлай үн қатып.- Аман ба едің,күнім? Бар екенсің ғой?!  Жаңа кешкі шай үстінде ағаң екеуіміз де өзіңді сөз ғып едік.

Жамал қолының сыртымен көзінің жасын  сүртті де :

-Бол.Тез. Үйге кір. Ағаң да әрең отыр,-деді бұзауды  сүйрелей алға ұмтылып.

Балшық пештің аузынан болымсыз жарық сығырайған ала көлеңке

үйге басын сұқты да Тастемір:

-Ассалаумағалайкум,Қажы аға,-деп бәсең үнмен сәлем берді.

Тастемірдің дауысын танып,Қажыбай орнынан ұшып тұрып еді,бір сәт тез құшақтасып,беттеріне беттерін басысып,үнсіз тұрысып қалды.

Қалай келдің?-деді Қажыбай сәлден соң.

-Қашып келдім.

-Қайдан? Абақтыдан ба?

-Иә,бізді- төрт адамды түйеге мінгізіп,Үрімжіге алып жүрген. Жеменейден шығып,үш сөткеде Қостолағайға жеткізді де  ескі бір там үйге қамап қойды. Байқасақ кірпіштен қалаған моржасын төбеден шығарған там пеші бар үй екен. Моржаны бұзып төбеге шықтық та сырт жаққа қарғып түстік. Аналар Көксеркенің тауына қарай бет алды. Ал мен Орқының “шайтан қала “ деп аталатын,шынында да ерте кездегі сәулетті шәһарға,соның алуан нақышты алып қабырғаларынан,зәулім-зәулім тас босағаларынан,қырлы-қырлы діңгектерінен аумайтын ғажайып керішінде екі күн  бекініп жаттым да, сонан Қобықтың жалпақ шиіне келіп,монғолдардан ат ұрлап мініп,Жіміңгір асып,осында жеттім,-деді Тастемір әлі сол түрегеп тұрған қалпында.

Үйбәй-ау, отырып сөйлессеңдерші,-деді Жамал абдырай сыбырлап.

-Жолың болсын,жаным. Аман келгенің қандай жақсы болды. Өзімнің де ішкен асым  бойыма қонбай жүрген. Қуанғаннан есім шығып кетіпті  ғой. Кел. Отыр. Төрлет,-деді Қажыбай енді есін жиып,есік жаққа көз жүгіртіп,-Ешкім сезген жоқ па?

Жоқ.

-Онда өте жақсы. Жамал, сен дастарқаныңды тез даярла да есік алдына шығып,байқай тұр. Мен Тастемірмен дұрыстап сөйлесіп алайын.-деді Қажыбай әйеліне.Сонан соң Тастемірге бұрылды.- Иә,не болды,толық айтшы маған?

-Орыстарға тоғыз жылқы өткізгеміз. Тоғыз түйе жүк болды. Соны алып, Аққолқадан бері өте бергенімізде,түн ішінде Қытай шеріктері шекарадан ұстап алды да  абақтыға қамап қойды.Алғашында контра банды деп айыптады. Бір айдан кейін қасымдағы екі жолдасымды шығарып жіберді. Маған “Коммуниссің. Орыстың тыңшысысың” деп тергеу жүргізді.

-Ана екеуі босап келіпті дегенде-ақ қауып ойлап едім. Біздің мына бай “сендер ұсталып қалды” дегенді естігеннен-ақ шекарамен екі араға күн-түн демей шапқылап,тыным алған жоқ. Бірнеше рет ат,түйе де жетелеп апарды. Қанжығасында қасқыр,түлкі терісі де кетті. Сонан үміттеніп жұргем. Бір күні ана екеуі келіп,сен келмей қалғанда-ақ ішімді тарттым. “Бай-еке,Тастемір қайда?” деп едім,түсін суыққа салып:” Ол сенің қай бір екі туып,бір қалғаның еді? Елдің жұмысында қақың болмасын.”-деді тұжырылып. “Тақсыр-ау, оны өзіңіз жұмсап едіңіз ғой?”- дедім қайыра жауап қатып.Бай- екең томырылып шорт кетті: “Жаныңды бақ. Енді бүйтіп өзіңе қатысы жоқ іске қыстырылатын болсаң,айтып қояйын,бұл күніңе зар боласың!”-деді түксиіп, зәрі бетіне шығып.

-Ту бастан-ақ бір кісідей қарсы болғаным рас. “Сүйеніш,тірегім жоқ

жалқы жігітпін. Орыс елінен келді деген жаман атағым тағы бар. Мені осыған зорламай-ақ қойыңыз. Балаларыңызды ғана оқытып,түзу касіппен жүре берейін” деп қасарысқанымда:” Ол жақтан келетіндердің бәрі орыс боп тұр ғой. Сен бір жолға ғана барып, соларға өз тілімен сөйлесіп бермесең сауда жүретін емес.” деп қиылып отырып алған. “Егер алда-жалда…” деп қауыптың шетін аңғартқанымда: “Олла биллаһи,міне жаным,міне иманым. Жалғыз қызым Гүлдариғаны берсем де сені жамандыққа бермеспін” деп ант-су ішкен болатын.

Алтын қасында ант тұрмайды.

-Иә,дұрыс,солай болды. Енді міне биттей шімірікпестен,өз адамдарын құтқарып қалып,ажалдың апанына мені байлап беріп отыр. “Иесі,іздеушісі жоқ,жалғыз дегені ғой” дегенде Тастемірдің дауысы тарғылдап шықты. Пеш аузына құлап түскен жалғыз шаланың жансар сәулесімен шағылысып,жанарынан жап-жасыл ұшқын жарқ етті.

Екеуі іштей түсінісіп,бір мезет тым-тырыс,үнсіз отырып қалды.

-Енді не істемексің?-деді сәлден соң Қажыбай күрсініп.

-Сізбен ақылдасайын деп келдім.

-Осы арада тұра бермексің бе?

Құдай сақтасын. Бір күн тұрғызбай ұстап беретін шығар.

-Сонда қайтпек ойың бар?

-Өзім де білмеймін.

Қажыбай тағы да бір қауым уақыт ойланып , отырып қалды.

– Иә, оның рас. Бұл маңға тұрғызбайды ғой.-деді басын изеп,ұзақ тұнжырап отырып қалып.- Бөкенбайдың құрығы ұзын жан. Алтай-Сауырдағы би-төрелердің бәрімен  ілік-жілік ,құда-тамыр адам. Айтпақшы ,осы…  иә…-деп ол әлде неге қипыжықтап,бөгеліп қалды.- Осы сенің шешең бар деді емес пе,иә?

-Иә,бар деген.

Бір начальникке тиді демеп пе еді?

– Иә, солай деген.

Рас па екен сол?

-Соңғы келген бір ауыл тобықты түгел солай деді ғой. Өтірік айтпайтын,ылғи қара көктің тұқымы,мықты адамдар. Ішінде аға сұлтан Құнанбай қажының шөбересі,Әзімбайұлы Бердеш бар. Шәкерім қажының ұлы Зият бар.  Сейтқазы мұғалым бар. “ Сенің шешең Айғанымды Шыңғыстау ауданында милицияның ройотделі Ноғайбаев деген алып отыр. Көзбен көрдік демеді ме?

Қажыбай Айғанымды танитын. Тобықты ішінде жігітек руында Баршабай дегеннің қызы. Кезінде  ауызға ілінген атақты сұлу болған.  Семейде оқып жүрген кезінде бір жалқы жігітпен табысып қалып,қашып тиген.  Бұрын атастырған жағы ел болып,үлкен дау көтеріп,шу шығарғанымен “әйел теңдігі” делінетін Кеңестік жаңа заң бойынша басына бостандық алған. Кейін Семейде күйеуі екеуі де мұғалым болып тұрған.

-Оны сұрап отырғаным,-деді Қажыбай  асықпай толғана сөйлеп.- Бұл жақтан, Қытай елінен пана табуың қиын болғанда,не болса да тәуекел деп солай өтіп кетсең қайтеді деп отырмын. Баяғыда шекарадан өткен кезде сен он-он бір жастағы бала болатынсың. Соғыссақ біз- үлкендер соғыстық. Сен соғысқан жоқсың. Ол жақта шешеңнің көзі тірі тұрса, оның ұстіне өгей әкең милицияның начальнигі болса,паналап барған бір баланы  орыс қолына бере қояды дейсің бе? Тіпті берсе де , бір-екі жылда босатып алар. Басқа не қыла қояр дейсің!? Мұнымды қалай қарайсың?

-Өзім де солай ойлап ем,- деді  Тастемір шекесін қасып.- Шіркін,шешемді қандай сағындым деңізші! Ол байқұс та  қан жұтып,шықпаған шыбын жаны әзер жүрген шығар. Оның үстіне ата мекен,ел-жұрт түгел сонда ғой. “Қаршадай кезіңде дүрмекке ілесіп кеттің” деп кім жазғыра қояр дейсің? Тіпті қиын қылса, абақтыға жабар. Кісі өлтіріп,пошта тонағаннан саумын.

-Дұрыс ойлапсың,- деп Қажыбай басын изеп  ыңырана ,ауыр тыныс алды,-  Шіркін,туған жер деген!

-Бұлай шешуімнің тағы бір мәні бар.- деді Тастемір біраз түйткілсіп тұрып қалып.

-Неге бөгеліп тұрсың?

– Сізге айтқанға ыңғайсыздау болып тұр. Тумасам да туғандай болып кеткен ағам едіңіз. Үркіп келген қалың ел “шекараға жақын тұрмаймыз” деп,ішкі жаққа, Өр Алтайға қотарыла көшкенде де маған ие боп,осында алып қалған сіз болатынсыз.  Он жасымнан бері қолымнан жетелеп жүріп жеткізгеніңізді өлсем де ұмытпаспын. Бірақ,мынау басқа әңгіме.

– Со ғұрлы қандай әңгіме?

Тастемір екі беті ду етіп , ысып барып,мүдіре жауап берді:

– Кетсем Гүлдариғаны алып кетем.

Гүлдариғасы кім?

-Бөкенбайдың жалғыз қызы.

– Қой,жаным,басыңды құтқара алмай жүріп,пәледе нең бар еді? Қолында сайлауыт,мықты-мықты азаматтар ұстап отырған , рулы елдің иесі ,азулы бай  саған қызын оңай алдыра қоя ма? Босқа аранданасың. Жуыма ондай қатерге,- деді Қажыбай қорыққанынан дауысы қалтырай шығып.- Бөкенбай бір “айт” десе мұқым Сауыр атқа мінеді.

Жоқ,Қажы аға,тартып ала алмайтынымды білем. Алып қашам.

– Қалай алып қашасың?

Гүлдаиғамен уәдеміз бар.

-Уәдеміз дейсің  бе?- деді Қажыбай қайрандап,нанарын да,нанбасын да біле алмай, екі ойлылау болып.

-Шын айтам,Қажы аға,жаздан бері. Жайлау үстінде, Сарышоқыда келіскенбіз. Толған айдың аппақ сүттей күміс сәулесі астына алақанымызды жайып,ант ішіскенбіз.

айттырған жері бар ғой?

Бола берсін. Дәл сол үшін анттасқанбыз.

Қажыбай тіл қата алмай , сілейіп тұрып қалды.

-Бәрібір. Менен айырылып ол да тірі жүрмейді.-деп Тастемір жаңағы сөзін тағы бір қайталады да онан ары дауысы өзгеріп,гүрілдей шығып,өжеттене түсіп,соңғы байлауын тұжырып кесіп айтты.- Біріншіден,Гүлдариға екеуіміздің сөзіміз бар. Екіншіден, мені осы қатерлі жортуылға жұмсар алдында әкесінің. “Алда-жалда басыңа күн туып жатса,жалғыз қызым Гүлдариғаны берсем де сені бермеймін” деген сөзі бар…- деп тоқтап қалды ол сөзінің аяғын жұтып .

Қажыбай оның үнінен жүрегінде тұншыққан  ашу-ызаның,зілді кектің толқынын таныды. Оған оңайшылықпен бөгет болмасын да танып еді. Амалсыздық сезініп бөгеліп қалды. Басқа еш шара таба алмай,есік алдында қарауылда тұрған әйелін шақырды.

Мына Тастемірмен ұғысшы,- деді сіркесі су көтермей.

Күйеуіне қарағанда Жамал көп нәрседен хабарлы болып шықты:

-Гүлдариға ма? Ол осы күннің өзінде-ақ аһылап-уһілеп,жүдеп-жадап өлгелі жүр. Айтысқан сөз,алысқан қол,серт-уәде бір басқа. Онан өзге де қашып құтыла алмайтын пәлеге,алынбайтын ноқтаға жолығып қалып отыр ғой.

– Не деп кеттің? Не пәле? не ноқта?- деді Қажыбай оның сөзіне түсінбей,шыдамы кете тызақ  қағып.

– Ой,отағасы-ай,еркектер топас  келеді десек тағы шамдарыңа тиып аламыз. Айтпайын десе қылықтарың мынау. Бадырайтып  анық айтпасаң астарлы сөздің мәніне үңіле бермейтін ноғандықтарыңды қалай десек болар екен.- деп жымиып күліп алды ол.- Не ғой деп ең ? Қыздың дені сау емес.

Оның ауырғанының мұнымен не қатысы бар?

-Ой,құдай-ай,көзіне көрсетіп,қолына ұстатып дегендей, бадырайтып ашық айтып түсіндірмесең жуырмаңда миына ештеңе қона  қоймайды мұның,- деп Жамал күйеуіне жорта ашуланды да оның құлағына аузын таятты.- Ішінде көжесі бар. Ұятты болып қалған. Білдің бе? Шермиіп отыр. Шешесіне де айтып болған. Ал ендеше,естігелі отырғаның осы болса…

Жамалдың айтқаны рас еді. Сауыр тауында,әйгілі Мұзтаудың түбінде Сарышоқы деген бір жайлау бар. Жабағы боп тұтасып,сап-сары сірік өсетін тамаша жер. Жері жазық,суы тұнық,мол қоныс. Сонда жаз күндері,жайлау үстінде,әр күні кешке еріккен  қыз,бозбала бас қосып,сауық,думан құрады. Бай ауылдың мырзалары мен сылқым қыздары кезек-кезек маңайдағы құрбыларын шақырысып,ойын жасайды. Ай астында алтыбақан тербеледі.” Хан жақсы ма?”,”Ақ сүйек” ойналады. Жүзік тасталады. Бәрі де бозбала мен бойжеткенге лайық,көңіл ашар,жан жанастырар,ынтық жұректің лүпілін,құмарлық қызуын білдіруге бір сәттік орай тудырып, арадағы бөгетті,тосырқауды,тартыншақтық пен ұялшақтықты қайыра тұруға жол табатын жарасымды бір ойындар. Соның бірі жүзік тастау.

Дөңгелене қораланып отырған жастардың ортасына біреу шығып,қолына ұстаған күміс жүзікті көпшілікке көрсетіп алады да екі алақанын беттестіріп,қос уысын жазбай,қолдарын созып отырған ойыншылардың бір шетінен жағалай,әр кімнің қолына жүзік салған ырымын жасап,ешкімді қалдырмай бір айналып шығады. Сонан соң еңсесін жазып,түрегеледі де:”Әмір: Тұт” деп бұйрық береді. Осы кезде қолына жүзік түскен ойыншы орнынан ұшып тұруға тиісті.Тұра алмай қалса ол ән айтады.Ойын жолын өтейді. Ал ол тұрып кетсе, оның қолына жүзік салынғанын білмей қалып,оны тұрғызып жіберген екі көршісі сол қаперсіздігі үшін айып тартады.     Қолында жүзігі бар адам ойынды қайта бастайды. Ойынның ең қызығы-жүзік жасырын салынған көршісін қапыда жіберіп алмау үшін барлық ойыншы бірін –бірі  мойнынан құшақтап,иығынан басып отырады.

Тастемір осы ауылда бала оқытатын. Тегінде Семейде орыс мектебінен оқыған. Көршілері де орыстар еді. Үшінші класты бітіріп,орысша жақсы сауат ашып,түсініп қалған кезінде әке-шешесімен бірге жазғы демалысқа Шыңғыстауға,нағашыларына келіп жүргенде, дәл сол тұстағы Шұбартау,Шыңғыстау дүрмегіне ілесіп,Қытай асқан. Мұнда келген соң ауыл молласынан мұсылманша оқыған.

Үш жылдың алдында Алтай аймағының генарал губернаторы Шәріпқан төре жаңаша мектептер ашуға бұйрық түсірген кезде ауылға мұғалым болып бала оқытуға Тастемірден артық ешкім табылмаған еді. Бір қызығы оның оқушыларының дені жас мөлшері өзімен шамалас,құрбы-құрдастары болып келетін.

Гүлдариға да солардың ішніде еді. Алғашында ол бұған талшыбықтай бұралған сындардай тұлғасымен,сыпайы мінез,әдепті қылығымен ұнаса,кейін келе  ақылды ,зеректігімен де жақындай түскен. Өткен жазда сол биязі шәкірт түнгі ойындардың бәрінде Тастемірдің қасынан табылатын болып алған. Жүзігін Тастемірдің қасындағы қызға тастап,соның орнында,мұның мойнына ақ білегін артып,бар салмағын соның иініне салып,жабысып қалушы еді. Сондай сәттерде Тастемір де ылғи жас жүрегі ерек лүпілдеп ,жан-тәнімен мас бала балқып,өз үстінде шағи көйлектің судырынан басқа,биттей салмағы жоқ,күміс қанатты көлеңке ғана ұшып жүргендей сезінетін. Сонан бір кезде екеуі бір орайын тауып, қыналы,қыз кестелі жартастың түбіне оңаша барған. Сол жерде,қап-қараңғы түн құшағында,бір-біріне ет болып жабысқан екі ынтықты ай астында қалықтаған ақ періште күміс қанаттарымен бүркеп жасырып тұрған …

Қажыбай күрсініп жіберді:

-Жарайды. Сен анау өзіміз қойма қоятын кереге тастағы үңгірге барып  бой тасалай тұр. Ертең өзім хабарласам. Үш-төрт күнде ел қыстаудан көшсе, бөктер тау иен қалады. Сол кезде Аққолқа деген мына тұрған жер. Екеуіңді бір-ақ түнде аман-есен өткізіп жіберемін. Қамсыз бол,-деді Тастемірді есік алдына шығарып,ұзатып салып.

Наурыз айының мақпал түнін жамылып,шекарадан өткен Тастемір мен Гүлдариға Сауыр тауын бөктерлеп жүріп отырып,шолпан туа Ақбай дарасына жетіп,аттарының басын тартты. Көліктерін тұйыққа бекітті де екеуі тау басында, биікте отырды. Көз көрім жерде қыбыр еткен жан жоқ. Тау кеудесі иен,тыныш. Маужыраған шұғыласы мол көктемнің ұзақ сары күні. Жасығыңды жібітіп,балқытып өбеді.

Осы маңда мынау  төбелердің біреуінде,көп адаммен,қоралы жанмен бірге әкесі Жүніс жатыр. Қайсы төбеде екенін білу қиын. Сонау төменде Майғапшағай,Сайқан тауы. Онан былай Кішкенетау, Маңырақ,Тарбағатай… Ар жағы көрінбейді. Семейтау,Шыңғыс тауы,Қарауыл… Сол жақта болса керек. Сонда  Тастемірдің шешесі бар. Сағындырған анасы,дүниедегі жалғыз қормалы… Тастемір өз кешірмесін,есінде қалғанын,елден естіп-білгенін сөйлеп отыр. Қарсы алдында жылай-жылай екі көзі ісініп кеткен,жаудыраған жанары жасқа толған, ару қыз-Гүлдариға…

…1931 жыл. Екі кезеңнің арғы беті шекара.” Құдай құтқарса, бір құтылуында Балшабектен құтылып-ақ қалдық” деп бойды кеңге салған қара шобыр қалың көш өзен бойына жүктерін түсірген. Қауып-қатер, үрей астында неше сөтке жүріп,әбден қалжырап,шаршаған ел бір сәт дамылдап,бала-шағаны азықтандырып алып ,аттанбақ болған. Кенет төменгі жақтан оқ жауып кетті. Бесатардың оғы. Шаңқылдаған орыс бесатар. Сасқалақтаған елде ес жоқ. Біреулер атқа,біреулер түйеге жармасқан. Айнала азан-қазан,ұлар-шу. Бақырған түйе,жылаған бала,шырқыраған жан дауысы. Маңай жалтаң еді. Тау бетінде тобылғы,ұшқат,қараған-бұта. Оққа пана болар өзен бойындағы қалың қойтас қана. Үйдей,қазандай төңкерілген көп малта тас.

Жан ұшырған жұрт бет-бетіне қашқан. Дәл осы кезде елді бастап келе жатқан Шалқар ғана:

-Азаматтар,тоқта. Қашпа!-деп қатты айғайлап,ақырып қалды.-“Қашқан жауға қатын би”. Түгел жусатып,тұқымымызды құртып кетеді.  Бала-шағаға қорған болайық. Келіңдер. Мынау екі мылтықпен жаудың бетін қайтара тұруға тырсайық. Қали,Жүніс,Әубәкір,қайдасыңдар? Кел бермен!- деді бір сандық тасты паналап жата қалып,қос ауызды сентаралдан бір-екі оқ шығарып.

Аздан кейін тас түбінде сентаралды құшақтап жалғыз Жүніс қана қалып еді. Еркектердің көбі оққа ұшқан.  Маңайын барлап көрді де, ол да бүгежектеп,ырғай мен ұшқат арасынан еңбектеп жылжып барып,бір қара жартастың түбіне барып жетті. Сонда ғана  “уһ” деді. Арт жағы биік жартас. Жалама тік бет. Алдында тағы да осыған әдейі арнап жасағандай сандықтай қызыл тас. Соның бауырына барып жата қалды. Түс қиып бара жатқан. Мылтықтың таңдайында жалғыз тал оқ. Егер жау байқмаса кеш батып,қараңғы түскенше осы арада тығылып жатып, сонан соң түн жастанып,зытып бермек. Алда-жалда солдаттар қаумалап келіп қалса,жалғыз оқты өзіне арнамақ. Қолға түсіп,қорлық көріп,Тескентау асып,Итжеккенге,Тайгаға кеткенше сол бір тал оққа жалынбақ.

Аяқ жақта мылтық дауысы анда-санда шығып жатты. Қыр астынан  бесатардың жалғыз-жарым  шаңқ еткен дауыстары ғана  тау жаңғыртып,күңгірлеп жетеді. Тірі қалғандардың көбі құтылған болса керек. Енді бір-екі сағат шыдаса…

Кенет жоғары жақтан сыбдыр еткен дыбыс жетті. Жүніс шошып қалып,селк етті. Қасына асықтай тас домалап түсті.  Жалт бұрылып биікке қараса,жартастың ұшар басында қолында бесатары бар,еңгезердей біреу төмен қарай үңіліп тұр екен. Жүністің ту сыртынан келіп аңдып тұрса керек. Жүніс мылтығын беттей берді де жалма-жан атып қалды. Тарс еткен дауыспен бірге тасыр-тұсыр домалап,әлгі адам ауыр денесі  гүрс етіп,дәл қасына құлап түсті. Майор шенді офицер екен. Жүніс мылтыққа да,оққа да кәні болды. Тарсылдатып ал ат. Бірақ дәл осы жартас түбінде мықты біреу жатқанын білген солдаттар мұны айнала қоршап алды. Күн кешкіріп,алдырмауға айналған кезде төбеден гранат лақтырды. Серіктерін қырып,офицерін өлтірген “бандыға” өшіккендері соншалық Жүністің өлі денесін де қылыштап,кескілеп кетті. Он шақты күннен кейін түн жастанып қайта жеткен  топ жігіт осы қанды жұртта шейіт болғандарды бір жерге  жинап,бетін жасырыпты. Жүністің кесік басын,бөлек-бөлек мүшелерін теріп алыпты.

Мұның бәрін Тастемір кейін білді. Өзін шекарадан Қажыбай жетелеп өтіпті. Ал ауылдың қақ жартысын,көп әйел мен бала-шағаны солдаттар сол арада басып қалыпты да, қайтадан Шыңғыстауға  айдап әкетіпті…

Осыдан бір апта өткеннен кейін Тастемір мен Гүлдариға Жәнібек,Керегетас,Қазбаланы басып, Тай өзенінің бойымен батысты бетке алып, Шыңғысты бөктерлеп, Шыңғыстау ауданының орталығы Қарауылға жақындап жетіп тоқтады.

Кешке дейін алыстан жер жағдайын барлап,биікте отырған Тастемір кеш батып қараңғы түсе Гүлдариғаны сонда тастады да Қарауыл өзенінің бойына келіп түсті. Атын тоғай арасына  қалдырып,қалашыққа жақындап,мал қайырған біреуге кезігіп:

– Ройотделдің начальнигі,Айғаным атты әйелі бар Ноғайбаевтің үйін білесіз бе?- деп сұрап алды да салып ұрып сонда барды. Адам аяғы саябыр,апақ-сапақ кез. Қақпа алдында кідірістеп біраз тұрды. Үлкен терезеден сап-сарғыш шам жарығы сығыраяды. Маңай түгел иен. Енді не істерін білмей,дағдарып ойланып қалып еді, кенет ас үй жақтан,қолына панар алған бір әйел шығып,үйге қарай беттеді. Аяғын шапшаң алып,тық-тық еткізіп кетіп бара жатты.

Тастемір мұнан ары шадамады.  Жүгіре басып қуып жетті де:

-Сәлеметсіз бе?- деді оның ту сыртынан тіл қатып .

Әйел жалт бұрылды.

-Ноғайбаевтің үйі осы ма?

Осы.

Сіз Айғаным боласыз ба?-деді Тастемір дауысы қалтырай шығып.

Иә.

Тастемір әйелді дедектете тез итеріп, үйге кіргізді де екі иығынан бұрып өзіне қаратып алып:

-Мама,мен Тастемірмін ғой,-деді тамағына өксік тығылып,әзер жұтынып.

Әйелдің қолындағы лампа жерге түсіп кетті:

– Тастемір дейсің бе? Шын ба,жаным-ау? Өңім бе,түсім бе? Жер бетінде бар ма едің,күнішім ?-деп ес-ақылынан адасқан ана шырылдап келіп оны бассалды. Үнсіз құшақтап,еңіреп жылады. Тілі сөзге келмей,буындары босап,талықси берді.

Дәл  осы кезде есік ашылып,Ноғайбаев кіріп келіп еді.

– Кім бұл? Не тұрыс?- деді жақындап келмей,үш-төрт қадам жерден үдірейе қарап тұрып қалып.

Айғаным да басын жұлып алып,күйеуіне жасты көздерімен шадырая қарады. Тастемір де  сескеніп қалып еді. Жауап қатқан жоқ.

– Мен сұрап тұрмын.- деді  күйеуі  шелтірейе, шалбарының қалтасына қолын салып, суық рай байқатып.

– Менің ұлым ғой…Тастемір…Сізге айтып едім ғой,Ерболат Қозыбағарович… Сол Тастемір. Дәл сол сияқты.-деді әйел дауысы дірілдеп,үні қалтырай шығып,күйеуіне жалынышты раймен жапақтай қарап.

– Кім боласың?- деді енді Ноғайбаев Тастемірге түсін суыта,қатал сұрау қойып.

– Жүнісұлы Тастемір боламын.

Еркебаев Жүніс пе?  Баяғыдағы банды Жүніс қой?

Тастемір тіксініп оның бетіне қадала қарады.

– Жаңа  ауыл шетінде сиыр айдаған біреуден  жөн сұраған сен бе?

Иә,мен едім.

Ол осы ауылдағы белсенділердің біреуі болатын. Тастемірден бөліне-ақ ентігіп,жүгіріп жеткен. “ Түрі-түсі бөтен,киімдері басқа,сөздері бір түрлі, күдікті біреу сіздің  үйді сұрайды. Жаңа кірді.” деп мәлімет жасаған. Ноғайбаев соны естіп,шұғыл жетіп еді.

Енді Тастемірдің үсті-басын бастан-аяқ шолып шықты.  Екі иығына екі кісі мінгендей,толық денелі,еңгезердей балғын жігіт. Сұлу жүзді,әдемілеп қойған қияқ мұрты бар,нұрлы азамат. Дөңгелек беті,қиылған қара қасы Айғанымнан аумайды. Қаңсары биік қошқар тұмсығы бөтен. Иегі де сопақтау. Иә, Жүніс сондайлау еді. “Ол сұмның бір күшігі әлі тірі екен-ау.” Ажарына,сұлулығына қызығып ұйленгенімен Айғанымның жыры да аз болмаған. “ Бандының әйелін алды” деп соңына түскен бақ таластарының жақтары қарысқанына да әрең екі-үш жыл болып еді. Қанша кедергіге жолығып,қанша зиян шекті. Ақбай дарасындағы банды тазалаудағы еңбегі үшін ОблГПУ-дың начальнигі болып,өрлейін деп тұрғанда етегінен тартып қалған сол әңгіме. Енді міне сол пәлекет аяқ астынан қайта жаңғырып отыр. Оның үстіне  дәл биыл өкімет райының да ерекше қатайып алған тұсы.

Осыны ойлап Ноғайбаев өзі де іштей қалтырап,қорқып кетті.

Қайдан келесің?- деді дауысы қырылдай шығып.

Қытайдан.

Неменеге?- деді ол өзі де сасқалақтап,аузына басқа сөз түспей.

Біржолата қайтып келдім. Шешемнің, сіздің қасыңызда боламын.

Ноғайбаев сілейіп тұрып қалды.  Денесіне суық бір діріл жүгірді.  Жүрегі қатты шаншып,сыздап барып басылды.  “Пәле  қайдан, жала қайдан  дейтін емес…” Тағы бір айықпас дерт,арылмас қаңқуға жолыққалы тұрғанын  жаны сезіп,миы тұманданып,екі шекесі солқылдай жөнелді.

Жүр,- деді кенет түсін суытып,басымен есік жақты нұсқап.

– Қайда? – деп шыр ете түсті Айғаным ұлының жеңінен мықтап ұстай алып,- Ерболат Қозыбағарович, бұл менің ұлым ғой.  Сегіз жыл зарығып,әзер көріп тұрған жалғызымды сіз енді қайда апармақсыз? Мен тіпті әлі амандасып,өң-түсіне анықтап зер салып,мән-жайын сұрағам  да жоқ қой. Жо-жоқ,айырыла алмаймын. Ешқайда жібере алмаймын.  Енді мұнан тірі айырылады екен деп ойламаңыз. Қажет болса мені атып кетіңіз.- деді ботадай боздап,егіліп тұрып.

– Азаматша ,Айғаным, сіз қалай?…Интелегент адамсыз. Бұл жай жұмыс емес қой. Революцияға қатысты үлкен проблема. Мұны дер кезінде, уағында мәлімдемеу мен үшін ғана емес,сіз үшін де,біздің шаңырағымыз үшін де аса қауыпты екенін қалайша түсінбей тұрсыз? Кеңестер одағы үшін қызмет ету барлық Кеңес азаматтарының,соның ішінде менің де,сіздің де  қасиетті борышымыз екенін қалай ойламайсыз? Жо-жоқ…- деді Ноғайбаев тұла бойы қалтырап,қалш-қалш етіп,- Мен  алдымен ройотделге мәлімдеуім қажет. Сонан соң бәрі де парткомның шешімі бойынша басқарылады. Мен мұны бұлай қалдыра алмаймын. Мен коммунистпін: “ Революция жауларына  рақымшылық жасамаймын. Ленин партиясына мәңгі адал боламын!” деп ант бергенмін. Сіз бөгет бола алмайсыз. Былай тұрыңыз!

– Қалайша революция жауы? Бұл менің ұлым ғой.- деп шырылдады Айғаным шұбырған сілекейін жия алмай, дауысы зорға шығып.

– Жарайды. Біз алдымен кабинетке барайық. ОблГПУ-ға мәлімдейік. Бәлкім олар мұны бізге қалдырар. Оны соңынан көрмейміз бе? Дәл қазір басқа жол жоқ. Кәне,жүр,кеңсеге барып сөйлесеміз.- деді Ноғайбаев соңғы бұйрықты Тастемірге қадап айтып.

– Мен де бірге барамын,- деді Айғаным ұлының білегінен айырылмай.

– Азаматша ,Айғаным,мен сізге бұйырамын!- деді күйеуі әйеліне сес көрсете,ажырая қарап.

Далаға шыққаннан кейін Ноғайбаев шалбарының қалтасындағы тапаншасын қолына алды:

– Артыңа қарамай түзу жүр.- деді Тастемірге ызбарлана қатқыл үн қатып.

Кабинетте Тастемірге алғашқы сұрақтар қойылды. Протколдар жазылды. Ройотделдің маңында қарбалас жұмыстар жүргізілді. Облыстық ГПУ-дан асығып жеткен тергеушілер Тастемір мен Гүлдариғаны бөлек ұстап,жеке-жеке жауап алды. Арнаулы,жабық машинамен жеке-жеке апарып, Семей түрмесіне қамады.

 

VII

Тастемірдің қолқанаты көбейіп,қолы ұзарып қалды. Адвокаттық істейтін біреуінен басқа екі балдызы- соқталдай- соқталдай екі жас жігіт фабрикаға жұмысқа кірді. Біреуі тігін машинасына отырды.   Біреуі  жүргізуші болды. Күйеу жігіттер біреуі  терілерді сатып әкеліп, енді біреуі тондарды саудаға салды.  Сәлима атты пысық балдызы фабриканың есеп- қисабынан тартып, барлық қағаз жұмыстарын өзі басқарып,шыр көбелек айналдырып әкеттеі.

Тастемір өзін нағыз қожайын сезінді. Фабрикасының маңдайшасына «Таш Арқа «  деген үлкен әсем жазулы  тақтай ілдірді де өзі көбінде екі қолын артына ұстап бос жүрді. Аяғы талған кезінде  тегінде Иылмаз отыратын жұмсақ крослоға шалқалай көсіліп,жайғасып алып, жұмысшы қызға қас-қабағымен ғана ишарат білдіріп,қызыл күрең шай алдырып,аппақ қаныттарды бал қасықпен асықпай сапырып,сораптай тарты.  Үйіне барса Фатиманың жұмсақ алақаны мәпеледі.

Тастемірдің  ,әсіресе, қатты қиналғаны іс қағаздар,алым-берім барысында қолданылатын  келісім шарттар,қолхаттар жазу болатын.Әлі түрік тіліне де жетік емес еді. Аздап ұғысса да кәсіптік атауларға,күрделі ауыр сөйлемдерге  келгенде шекесін қасып кідіріп қалатын. Оның үстіне түрік Әліп-Би-інде жаза да білмейтін. Сәлиманың соны өзі басқарып әкеткеніне қуанды.

Сәлима мұндай жұмысқа таптырмайтын, қылап адам  болып шықты. Ең алдымен фабриканың иелігін Иылмаздың атынан « Таш Арқаның « атына аударуға жүгірді. Бұл жолда оның адвокат ағасы да жақсы болысты. Көп септігін тигізді. Таныс-білістеріне телефон шалып,шапқылап барып,көп шаруалырды жеңілдетіп отырды.  Заңға қатысты ережелерді ,көп қулық- сұмдықтарды  қарындасының есіне салып,ақыл- кеңес берді.

Бір күні  Сәлима бір папка қағазды алып келіп, Тастемірдің алдына жайды:

– Міне,Таш аға,осынша көп жұмыстар істедім. Сонда да бір кілтипаннан аттап өте алмадым. Соған сізден ақыл сұрай келдім.- деді қиылып тұрып,әрі қиналғанын жасыра алмай ренжи сөйлеп.

– Қандай кілтипан?

–  Ол сіздің азаматтығыңыз мәселесі. Түркия заңы бойынша түрік азаматы болмаған адамдар мұндай мүліктерді иемденуге құқылы емес екен.

– Солай ма? Ой,иә,айтпақшы,оған Иылмаз өзі көмектесем деген. Соған сөйлесші.

– Иылмазды таба алмадым. Америкаға кетіпті.

– Енді қайттік?

– Заңгерлерге сөйлесіп,кеңес сұрасам,мұндай жұмысты тез арада бітірмесе болмайды. Созыла берсе кәсіпорынға айып салынады. Жұмысы тоқтатылады. Әуелі  барлық мүлкі таркіленуі де мүмкін дейді. Өйткені,рұқсатсыз жұмыс істеу Түркияда заңға қайшы әрекет саналады екен.

– Бұрын рұқсат етілген ғой.

– Жоқ  .  Жаңа қожайынға жаңа рұқсат керек дейді.

– Мұнысы қиын болды ғой.- деді Тастемір тарығып.- Ал мен Түркия азаматтығына кірсем оның жолы қалай болады?

-Жарайды. Жүріңіз. Барып сөйлесіп көрейік.- деді  Сәлима лып-лып етіп, Тастемірді  қолды-аяққа тұрғызбай ала жөнеліп.

Сәлима оны өткелектен өткелекке өткізіп,есіктен есікке кіргізіп жүріп иығында пагоны бар бір шендінің алдына алып барды.

– Сізге қазір азаматтық берілмейді,-деді ол салқын қабақпен кесіп айтып.

– Иылмаз келіп пе?- деп сұрады Тастемір қайтып келген соң.

– Әлі келетін емес.-деді Сәлима.

– Онда қайттік?

– Мұның екі жолы бар.- деп түсіндірді Сәлима Тастемірге,- бірінші жолы фабриғаны тоқтатып, Иылмаздың Америкадан оралуын күту.  Екінші жолы…-деп ол бөгеліп,Тастемірдің бетіне қарады.

-Айт. Іркіме. Айта бер.

– Екінші жолы… Сіздің көңіліңізге келмесе…

– Ой, айта бер.

– Екінші жолы,уақытша басқа біреудің атына жаздыра тұру.

Тастемір сәл түйткілсіп ойланып қалды:

– Сонда мәселен,кімнің атына ?

– Оны өзіңіз білесіз,- деп мүләйімсіді Сәлима.

– Бұған енді кімнің жөні бар?- деді Тастемір шын тарығып.

– Мәселен,Фатиманың атына. Ерлі-зайыпты адамдарсыздар. Еш айырмасы жоқ.

– Фатиманың атына дейсің бе? Ойбай-ау,онда оны бағанадан бері неге айтпай тұрсың? Оған  жазатын болса қиналатын не бар? Мен кім, Фатима кім? Болды, онда солай жаздыра бер. Мен де басқа бөтен біреу екен десем…-деп Тастемір шын қуанып,жадырап кеңіп қалды.

Осыдан былай фабриканың жұмысы еш кедергісіз жүріп кетті. Түркияның бұрыш- бұрышынан келген түрік,курд саудагерлер Сәлимамен келісіп,тоқтам жасасып,барлық қағаздар жазылып болғаннан кейін Фатима келіп,қолын қояды. Ресейден, орта Азиядан келген саудагерлермен Тастемір өзі орыс тілінде сөйлесіп,қағаздарын жазысады да Фатимаға қол қойғызып алып жөнелте береді. Жұмыстың бәрі де ешбір бөгетсіз, даңғыраған даңғыл жолмен жосылып ілгерлеп бара жатты. Фабриканың есебіне аударылған ақшаның,доллардың  мөлшері көбейе түсті.

Тастемір соңғы бір жылды алаңсыз да көңілді өткізді.  Бұрынғылар Аллдан  « жас кезімде бейнет бер, кәртейгенде зейнет бер « деп тілейді деуші еді. Құдіреттің осы зейнетіне мың да бір шүкір. Ешкімнен кем жерім жоқ.  Үй- жайым мынау. Бақадай шақырған қайын жұртым анау. Тілі жоқ болса да жүрегімен сүйетін әйелім бар. Мінезді,биязы жан. Еркек қадырын түсініп,құрметтеп,сыйлап,ретін тауып еркелеп те тұрады. Бәлкім,құдай берсе көп ұзамай баламыз да болып қалар. Жасаған тәңірім осы бақытымды баянды етсе,енді бәлкім бірер жылда туған елге-Қазақстанға да бір барып келермін. Анамның басына құран оқып,тым болмаса Гүлдариғаның  дерегін біліп те қайтармын. Марияға кездесудің жолы түсе қоймас. Ауғаныстандағы Құдайберді отағасының балалары қайда екен? Аналары өте аяулы адам еді. Бар ма екен жарықтық !?  Баршагүл нақ тәжік болып кеткен шығар!? Баяғыдағы анау күміс теңгелер…Кіршіксіз әрі мөп-мөлдір еді… «  – деп сан қиялға шарқ ұрып,күніне мың қайталап  дұға жасап,тілек тілегеннен басқа еш уайым ойлаған жоқ.

Ойда жоқта бір күні Тастемірдің жұмысқа мініп жүрген машинасы бұзыла қалды.

– Арбаның * моторынан ақау білінді. Жөндету керек.- деді балдызы мұның  бетіне түзу қарамай,машинаның  әр жерін шұқылаған болып,еңкейіп тұрып алып.

– Әлі бір жыл жүрмеген су жаңа  машина ғой. Жапон машиналары ондай тез бұзыла қоймайды деуші  емес пе еді ?- деді Тастемір қайран қалып.

– Сөйлесу керек,- деп міңгірледі анау,-Ал сізге бір-екі күн таксимен жүре тұруға тура келеді.

– Жарайды. Бірер күнге  ештеңе ете қоймас. Бірақ мен бүрсігүні Анхараға баруым керек еді.

Көреміз. Басқа амал жоқ. Бәлкім ертең-ақ жөнделіп қалар.-деді

—————————–

* Арба-Түрікше- Машина.

жүргізуші оны жұбатып.

Сол күні кешке таман төтенше оқиға болды. Стамбол қаласының қақ ортасындағы Мәрмәр теңізінің үстіне салынған, Европа мен Азия құрылықтарын тұтастырып жатқан,Бұғазшы деп аталатын үлкен көпірдің бір шетінде белгісіз бір микро автобус Тастемір  отырған таксимен қақтығысып қалып,бұларды көпірден қүлатып жіберуге  аз-ақ қалды. Қатты соғылысқаны сонша машинаның Тастемір отырған жақ қабырғасы бір-ақ бөксеріліп  түсті. Тіпті шегініп барып,ар жағында келе жатқан бірнеше машинаны да бір -біріне соқты.

Тастемір көп жағжайды есін жиғанда барып бір-ақ білді.  Көзін ашса больницада жатыр екен. Екі аяғы қатар сынған. Белуарлан төмен жан жоқ.

Кіріптарлық қайта басталды. Кіріптарлық қана емес,жалғыздық та бірге жетті.  Бірнеше күн бойы хабарласқан ешкім болмады. Тастемірдің аузы тілге келгенде он шақты күн өтіп кетіп  еді.

– Әйелім келген жоқ па?- деді ол ең алдымен Фатиманы ауызға алып.

– Жоқ. Келген жоқ.

– Сәлимаға телефон берші,- деді сестра қызға өтініш  етіп.

–  Ешкім алмайды.- деді ол қайта келіп.

Тастемір Фатиманы кешіріммен есіне алды:

– Байқұс,жарымжан ғой. Естімеген шығар. Бәлкім,Сәлималар,басқалары да  мұның мұндай күйге душар болғанынан хабарсыз шығар.  Стамбол сияқты үлкен қаланың қай бұрышында не болып жатқанын кім біле береді дейсің !?  Әйтпесе тым болмағанда Фатима жететін еді.  Шын жақсы көретін. Махаббатын ылғи жүрегімен,әрекетімен білдіретін.  Кейде бір оңаша кездерінде  өзінің жұп-жұмсақ былқылдақ кеудесін күйеуінің ту сыртына жаныша басып, мойнынан құшақтап,маңдайынан,басынан сипалап,аймлап,үйіріліп қалушы еді.  Қарсы алдына тұра қалып,саусақтарын жыпылдатып,бірдеңелерді айтқан болатын.  Кейде көзіне жас та алатын.  Бірақ Тастемір не оны  түсіне қоймай,не оған ештеңе айтып ұғындыра  алмай қиналатын.  Өзінің мына жасына әнтек ерсілеу көрсе де, оның жұп-жұмсақ қолының сыртынан ұстай алып,аппақ алақанын әкеліп,өзінің жүрегінің тұсына басатын. Лүпілдеп соғып тұрған сол жүрегінің жауабы ретінде Фатиманың қолынан сүйіп,кейде желкесінен иіскеп қоятын.

Тастемір осылайша зарығып бір ай жатты.  Сонда оны бірінші рет іздеп,көңілін сұрай келген адам Фатима да, балдыздары да,енесі де емес, түрік азаматы Иылмаз болды.

– Ойпырай,бауырым-ай, ахиреттік дос,шын туыс сен ғана екенсің ғой!- деп  Тастемір жылап жіберді.

Иылмаз оны жұбатқан болды.  Оның көңіл күйін де түсінді.  Әйелі,туыстары хабарласпағанның сыртында  Тастемір қазір мүлде мүгедек болып қалған.  Екі аяғы бірдей кесілген.  Дәрігерлердің айтуынша жаны әрең қалған. Оның қазір мынадай,бойында қу жаны ғана бар арықтаған,жүдеген, аруақ болған бейшара кейпін көріп, Иылмаздың да көңілі бұзыла берді. Шарасына лық етіп келіп қалған  көз жасын теріс қарап сүртті.

– Жарайды. Қамықпа. Алла жар берсе , бәрі де орнына келеді. Түркия  бүгін дамыған, өркениетті ел.  Қазіргі ғылым адамның жүрегін,бүйрегін,ішкі құрылыстарын ауыстырып жатқанда аяқ деген немене тәйірі!?-деп көңілін аулады.

Сонан соң дәрігерлер бөлмесіне барып:

–  Астахананың* бас дәрігері кім?- деп сұрады.

– Мен,- деді еңгезердей қара мұртты азамат.

Иылмаз оны ертіп Тастемірдің қасына келді:

– Бұл адамды сіздер танымайсыздар. Ешкім іздеп хабарласпаған соң иесіз біреу екен деп қалғансыздар ғой. Бұл өте ер жүрек, адал,әрі ауқатты бай адам.  Мұны ғылым- техниканың  бүгінгі  таңдағы ең озық жетістіктерін пайдалана отырып емдеңіздер. Ақша керек болса,міне,мынау менің картым,- деп банктегі  есеп номерін көрсетіп, жазып берді.

Сонан шығып Иылмаз Тастемірдің әйелін,балдыздарын іздеп бұрынғы фабрикаға барды.  Машинадан түсіп,бір-екі аттап жүре берді де кенет кілт тоқтай қалды. Жүрегі дір ете түсті.  Бір сұмдықтың қарасын жаны сезіп, түршігіп кетті.  Бұрынғы өз үйі.  Өз фабрикасы. Тастемірге бергеннен кейін де талай келген. « Таш Арқа «  деген жазуды өзі жаздырып,тақтаны өзі әкеп ілдірген. Досын қуана құттықтап,қол  соққан.   Енді соның орнында басқа есім тұр. « Таш- Арқа «  емес,   « Сәлима Филиз «   деген тақта  ілініпті.

Иылмаз сілейіп тұрып барып ішке кірді.  Онда қаурыт жұмыс жүріп жатыр.  Тігін машиналары сақылдап, тері кескен станоктың дауысы сырылдап , қарбалас қимыл танытады.  Бір жағында тай-тай жүк. Қайшалысқан қарулы,мықты жұмысшылар. Фабриканы пысық,іскер адамның басқарып отырғаны бірден көзге шалынады.

– Мұнда қожайын кім?- деп сұрады  Иылмаз бұрынғы өз кабинетіне кіріп келіп.

Өз орнында ,баяғы жұмсақ крослода бірдеңе жазып отырған,басын тұмшалап орап алған қатпа қара қыз алдындағы қағаздан көзін алмай отырып қайта сұрады:

– Оның сізге не керегі бар?

– Сөйлесуім керек еді.

– Қандай жұмыс?

– Маған тек қана қожайын керек.

– Ол менмін.- деді қара қыз көзіне сән үшін салатын алтын жиекті,   әсем ,сарғыш көзілдірігін киіп,шалқалай қарап.

Иылмаз оның қарсысына келіп отырды.

– Есіміңізді білуге бола ма?

– Сәлима Филиз.

——————————

* Астахана- Түрікше- Ауырухана.

– Ой,иә, Сәлима деген сіз екенсіз ғой. Менің атым Иылмаз Каплан.

–   Біз телефонда  бірнеше рет сөйлескен едік қой ?

Қыз жалт етіп қарады да өңі күреңітіп, дуылдап барып,үні әнтек қалтырай тіл қаттты:

– Иылмаз Каплан дейсіз бе ?- деді ойланған болып  иегін көтере жоғары қарап, басын шайқады.- Есімде қалмапты.

–   Қалайша есіңізде қалмайды. Біз талай рет сөйлестік қой ?  Сіз Таш-Арқаны білетін шығарсыз?

Сәлима оған нараулау  ғана қөз жібере отырып, салқын раймен жауап қайырды:

– Таш Арқа дейсіз бе? Ондай адам…Иә,иә… Әлгі осы  фабриканың бұрынғы күзетшісін айтады екенсіз ғой. Аты солай еді-ау. Ұмытып қалыппын. – деді зорлана езу тартып,жымиған болып.

Күзетшісі емес,қожайыны деңіз.

– Сіз кімді айтып тұрсыз?- деді Сәлима  таңырқаған рай білдіріп.

– Таш – Арқаны айтам. Ол сіздің әпекеңіз Фатиманың күйеуі ғой?

–  Иә,- деп өтірік күлген болды Сәлима.- Иә,тегінде сондай бір сұм болғаны рас. Бірақ кейін отаса алмай ажырасып кеткен. Сонан бері оның қайда жүргенін ешкім де білмейді.

– Бұл фабриканы сіз қалай  алдыңыз?

Сатып алдым.

– Документтеріңізді көруге бола ма?

Ол тек заңның жұмысы.

Иылмаз осыдан шыққанан кейін өзінің адвокаты арқылы бұл істің мән- жайын анық ұқты. « Таш Арқа «  фабрикасы  жерімен және үстіндегі үйімен қоса Сәлима Филизге сатылған.  Документтер толық. Түркия заңына сайма-сай дұрыс жасалған. … Сол кездегі заңды қожайыны Фатима қазір ауырыу. Дәрігердің анықтамасы бар. Сотқа шақырыу мүмкін емес.

Бір сұмдықтың болғанын Иылмаз енді анық білді.

– Ол қалайша Фатиманың атына жазылған?- деп сұрады заңгерінен.

– Таш Арқада Түркия азаматтығы болмаған. Оның үстіне мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігі органдарына оның « Кеңес одағының тыңшысы,коммунист «   екендігі  жөнінде  түскен арыз бар.

– Таш Арқаның ешқандай  тыңшы да,ешқандай коммунист те емес,сондай адал,ақ ниетті адам екеніне қандай орынға да куәлік берер едім,-деп Илмаз шекесін ұстап ойланып отырып кетті. – Бірақ амал жоқ. Қазір жөпелдемеде менің сөзімді кім тыңдайды? Оған уақыт керек.  Қандай үлкен қастандық десеңші! Жүрегінде шайтаны бар мыстан қатындардың алдауына түскен Таш Арқаны қашан болсын ақтап аламын. Мұны текке қоймаймын. Қажет болса Анхарадан,тіпті Ню-иорктен ,Парижден.Лондоннан  дүниедегі ең атақты адвокаттарды шақырамын.

Жарым жылдан кейін Тастемір больницадан шықты. Екі аяғы ғана емес,оның беліне,жұлынына қатты зақым келген екен. Сондықтан оның ендігі өмірін мүгедектер арбасымен жылжып,жер бетінде сырғанап өткізуіне тура келді. Жиырма қабатты биік үйдің Иылмаз сатып әперген бірінші этажындағы бөлмелерінің ішінде ғана арлы- берлі қозғалып тіршілік етті.

Иылмаздың Таш Арқа атынан сотқа берілген арыздары да әлі дұұрыстап қарала қоймаған. Оған қатысты екі адамның-Таш Арқа  мен  Фатиманың денсаулықтарына байланысты кешеуілдеп келе жатқан.

Жаны қалып,жарымжан болса да бұл өмірге қайта оралғанына көзі жеткеннен кейін Тастемір ылғи Фатиманы ойлаумен болды. Өз басына қайын жұрты жағынан бір қастандық,арамдық болғанын ол іштей анық білетін.  Бірақ ондай жамандыққа Фатиманы қимаушы еді. Амал қанша, тілі ғана жоқ. Әйтпесе риясыз адал жан деп санайтын. Тастемірді құдай қосқан қосағым,тағдыр өзі айдап әкеп сыйлаған бақытым деп білетін. Енді Тастемір : « Әттең,Фатимаға  бір    кездессем. «  –  деп,бар ниеті , аңсары соған  ауа берді.

Бір кемтар адам үшін қазір екі үйдің арасы тым алыс еді. Тастемір Зейтынбұрны ауданының  әуе алаңы жақ шетінде тұратын. Фатиманың тұрағы  Ақсарай жақ бағыттағы,Мәрмәр теңізіне жақын бір шетте болатын. Бір күні ол арнаулы такси жалдып сонда барды.

Таныс үйдің алдына барғанда оның жүрегі лүпілдеп кетті. Арбасын екі қолымен ақырын жылжытып,есікке таман таяды. Кенет оның көзі

Маңдайшадағы « Сәлима Филиз «  деген үлкен  тақтаға түсті. Иылмаз мұны оған әлі айтпаған еді. Фабриканың біреуге сатылып кеткенін ғана бұлдыр-салдыр емексіткен. Енді міне бар сұмдықты өз көзімен көргенде оның жүрегі тас төбесіне шықты. Есеңгіреп біраз отырып барып,есін жиды. «Қазірше басқаның түк керегі жоқ. Тек Фатимамен бір кездессе  ғана болар еді.  Айтпаса да оның жүрек сөзін көінен оқып үйреніп қалған.  «

Тастемір өзін тоқтатып,алқынын басып,есікке жақындап келіп,қоңырауды басты.

– Кім?- деді іштен біреу. Кемпірдің дауысы.

Тастемір әдейі үндеген жоқ. Қоңырауды тағы басты.

– Кім бұл ?- деді кемпір ашулана  дауыстап.

Тастемір тағы да тіл қатқан жоқ. Кемпір бірінші этажда тұратын.  Аты-жөнін айтпай мазалаған бейбастақ келімсектің кім екенін  өз көзімен көрмек болып,алқын-жұлқын жүгіріп шықты.  Сыртқы есіктің шарбақ торының ар жағынан мүгедек бір тілемшіні  байқап,жанына жетіп келді. Жақыннан бері олар да ғұшыр,садақа беруге дағдылана бастаған.

– Салаумааликум,әнне * ,- деді Тастемір.

Келіп тұрған адамның Тастемір екенін  әзер танып,кемпірдің екі көзі шарасынан шығып кете жаздады. Алдында мүгедектер отыратын арбаның  дөңгелегін тарамысы шығып, адырайған екі қолымен мықтап ұстап алып, шүңірейіп,ішіне кірген,қыртыстанған  көздерімен ішіп-жеп, телміре қарап отырған,шашы аппақ қудай, дөңгелек ақ

————————

* Әнне- Түрікше- ана,шеше.

сақалды,жақ еттері солып,ұрты шұңқырайған,қудай арық,жүдеу жүзді

Тастемірді көріп,артына қарай бірнеше адым шегініп кетті.

– Есігіңді аш,Әнне,- деді Тастемір онан көзін алмай.

Кемпір абдырап қалды:

– Есік ашылмайды,- деді басын шайқап.

– Қалай ?

– Сені кіргізе алмаймын.

– Онда Фатиманы шақыр. Құдай қосқан қосағым ғой ол менің. Неке оқытқан алал жырым.- деді Тастемір  сағыныш па, күйік пе, өксік пе, белгісіз бірдеңе алқымына дереу тығыла қалып, дауысы қарлыға, жұтқына әзер сөйлеп.

Шакура қайтерін білмей,күйеуі бүгін өлгендей,қалың етті қабағы түксиіп,көкшіл көздерінің бір қиығынан жасық,солғын бір сәуле өлеусірей жылт етіп,жас кезінде бұлшық ет керіп,томпайып тұратын,қазір қартайған соң азып,солып қалған ұртының бос терілері салбырап,дірілдей түсіп, уһлеп жіберді де:

– Фатима сені қаламайды,- деді міңгірлеп.

– Жоқ. Ол мүмкін емес.

– Дәл солай. Ол сені қаламайды.

– Қалайша?

– Қызым сенің соқыр екеніңді білмеппін дейді.- деді  Шакура ибасыз,ауыр сөзді Тастемірдің бетіне былш еткізіп соғып қалып.

Тастемірдің жүрегі жай  түскендей солқ етті. Төбе құйқасы шымырлап,миына от тұтанды. Тұла бойын ашу кернеп,қалшылдап кетті. Өзін-өзі тоқтата алмай жұлқынып қалып,арбасының дөңгелегін шұғыл итеріп жіберіп есікті  соқты.  Сырттай  елдің солай дейтінін мөлшерлеп білсе де, « Соқыр «   дегенді бетіне айтып, кемсіткен сөзді өмірінде бірінші рет естуі  еді.

– Тап,сені ме,қақбас!- деді тістене ысылдап,онан ары не айтарын білмей,кекештене тұтығып ,аузынан ақ көбік бұрқырап.

Осы кезде сырты болат шыбықтармен торланған,көшеге қараған,босағаға таяу терезе шықыр етіп ашылды да ішінен біреудің  елбеңдеген бет сұлбасы қылп етті. Тастемір оның  Фатима екенін танып,қолын көтеріп,ымдай бермек болып еді. Ол лып етіп тез жоғалып кетті.  Соның арасында,қас қағым бір сәттің ішінде есікті шалқасынан қайырып,лақтырып жіберіп, алқын- жұлқын жүгіріп жетіп келген Фатима босағада қалтиып,сілейіп тұрған шешесін соға-моға алдыға ұмтылып, есікті шарт еткізіп ашып жіберді де Тастемірді бассалып құшақтай алды. Бедірейіп қарап тұрған шешесінен  биттей именіп тартынбастан тұмсығын Тастемірдің ормырауына тығып,      бөтен бір дауыспен қыңсылап,ыңырсып  жылап жіберді. Ағыл-тегіл болып жас жуған бетін біресе күйеуінің  жағына жағып,біресе тұмсығының сорасын иығына үйкелеп,тас шеңбектеп жабысып қалды. Тастемір де оны қапсыра құшақтап,басынан аймалап,шашынан сипалады.

Шакура қайтерін білмей,сасқалақтап,шырқырап айғайлап жіберіп еді. Жоғарғы этаждан таудан тас домалағандай тарсылатып, құйын-перен боп Сәлима жетті.  Онымен қатар жарыса  адвокат ағасы да дереу дайын болды. Екеуі  екі жақтап,Фатиманың шашына жармасты. Бұрымынан тарта,тамағынан қылқындыра ажыратып алып,екі қолынан ұстап,кейін қарай сүйрелей жөнелді. Сәлима шегіне беріп, Тастемірдің арбысының алдыңғы қасынан бір теуіп, зырылдатып,артқа қарай бірнеше қадам жерге дөңгелетіп жіберді. Осы орайда Шакура бүкшеңдей ұмтылып,есікті құлыптап алды да үйрекше майпаңдап,қисаң қағып,ентіге емпеңдеп соңдарынан өрлеп бара жатты.

Үш күннен кейін Тастемірдің пәтеріне Сәлима келді. Екеуі де еріндері әзер жыбырлап,нарау амандасты. Тастемір сонда да оған орындық ұсынып,ілтипат көрсетті.

– Неге келдің?- деді сыздана сұрап.

– Неге келдің дейсің бе? Неге келгенімді қазір білесің.- деп Сәлима  қайта  барып,есікті ашып қалып еді,оның түрік күйеуі мен курд жездесі сау етіп кіріп келді де босағада тұра- түра  қалысты.  Сәлима қайта жақындап,кішкене сумкасынан бірдеңені алып шықпақ болып қолын сұққан бойында Тастемірге таяп келді де лып етіп  оның арт жағына шыға қалып,сол қолымен  иегінен шап беріп ұстай алып,шалқайта қарыстырып,бетін жоғары қаратты. Соның арасында сарт етіп атылып шыққан  пуржиналы автомат пышақ Тастемірдің көз алдында жарқ етті.

– Сен соқыр кәрі итке ақша керек пе,жан керек пе?- деді құлағының               түбінен зілдене сыбырлап.

Тастемірдің көзі алақ- бұлақ етті. Шалқалап көзінің  үстімен Сәлиманың өңіне назар аударып еді. Ызғарлы шырайының зәрі күшті екенін таныды. Көзінде суық,сұрқия от бар. Жап- жасыл боп,жарқ етіп,жанып тұр. Мейірімсіз,рақымсыз кармен ұшқын атады. Болат пышақтың қылпылдаған пысында да сондай жасыл жалқын лыпылдайды.Танымас,аямас өштік танытады. Қолдары жіңшке,денесі кантиген нәзік болғанымен дәл қазыр сол әлсіз денеде адуын,тарпаң мол күш,қайрат тұрғандай. Биттей бұлқынса орып жіберуге дайын бөтен пиғыл бар.

– Айт жаныңның барында.- деді Сәлима пышақты оның кеңірдегіне таятып. Тастемір тамағына тақалған пышақты көзімен көрмесе де онан тастай суық леп сезінді. Сонда да шыдап Сәлиманың бұйымтайын күтті.

– Қазір-ақ бауыздап кетемін. Мына пышақ сенің қолыңда қалады.       Ұғып тұрсың ба? -деп кіжінді ол  оның сақалынан тұтамдай      ұстап,иегін,басын сілке түсіп.

– Жарайды…Бәрін сен ал.

– Шын ғой.

– Шын.

– Алла атымен ант етем де.

– Олла- биллаһи,Алла атымен ант етем. Бәрі сенікі-ақ болсын. Маған  Фатиманы қалдыр.

– Фатимашылын өзінің!- деп кіжінді Сәлима пышағын әлі де тарта  қоймай.- Саған енді  Фатима да,фабрика да,жалғыз жармақ,соқыр тиын да жоқ.

– Құдай үшін рақым ет. Фатиманы ғана қалдыр.

– жоқ . Саған ештеңе,ештеңе де қалмайды. Қалатыны кәрі жаның ғана.  Білдің бе? Енді бірдеңе талап ететін болсаң,Фатима емес,сынық ине,жарты түйме сұрап ,шағымданатын болсаң…

– Жалынам саған,маған тек  Фатиманы ғана…

– Жап аузыңды!

– Онда мені өлтіріп кет.

– Бүйте берсең өлетін күнің қашпайды. Бұл саған айтылатын соңғы  сөз. Кеттік.- деп серіктерін ертіп,есікті тарс еткізіп жапты да шығып кетті.  Оның биік өкшелі кебісінің шапшаң-шапшаң тықылдаған дауысы Тастемірдің құлағынан көпке дейін кетпей қойды. Не заман дегенде есін жиып басын көтерді. Жалғыз көзінен домалап кеткен жалғыз тамшы ыстық жас оның аппақ сақалын аралап барып,арбаның болат жақтауына  барып тырс етті. Қатты соғылып,быт-шыт болып,бытырап жоғалды.

 

VIII

Тастемір ерте тұратын. Түннің көп уағында да кірпігіне тіреу қойып қойғандай, айқаспай ұзақ уақыт бақырайып жататын да таң жарығы жерге түсе  бере оянып кететін.  Сонан терезені ашып  жіберіп,салқын,таза ауаға кеудесін тосатын.  Сол арада отырып,көзін жұмып,қияалға шоматын. Бұл дүниеден енді ешқандай қуаныш,бақыт күтпей,торыққын жабырқау көңілмен мүлгіп қалушы еді. Оған ендігі тиесілі жалғыз жақсылық,бар болса,о дүниенің жаннаты ғана.  Әй,дегенмен,оның да ауылы алыс шығар.  Өз өмірінде құдайдың да бес парызын толық өтеп,құлшылық жасап жүргені белгілі. Әйтеуір бір Аллаға шын  жүрегімен сенді, ешкімге жамындық жасамады, ниеті түзу болды дегені болмаса…

Төс қалтасындағы қол телефон шылдырлады.  Жүрегі еріксіз дір етті.  Анда-санда Сәлима ғана қоңырау шалып : « Сөзіңнен қайтатын болсаң менен жақсылық күтпе! « – деп ызғарлана шегелеп,кәрін танытып қоюшы еді.  Тағы сол шығар деп шошып қалды. Әбден запы болған.

Тастемір телефонды нарау алып, құлағына таман еріне жақындатты.

– Бұйырың *,- деді салқын үн қатып.

– Таш Арқа бай,- деді таныс дауыс. Иылмаздың дауысы. Телефонды сатып әперген де  сол болатын. « Қарбалас болып,жай-күйіңді біле алмай жатсам, осымен хабарласып тұр. « – деп әкеліп берген.

Тастемір қуана үн қатып,жалпылдап амандық сұраса бастап еді,

—————————————–

* Бұйырың- Түркияда тыңдап тұрмын орнындағы сөз.

 

Иылмаз оның сөзін бөліп жіберді:

– Таш Арқа бай, Мүжде! мүжде! *  Үлкен қуаныш! Саған да,маған да теңдесі жоқ ерекше қуаныш! Әсіресе ,сен үшін…

Тастемір онша қуанып кете қоймады. « Соттан жақсы хабар алған шығар « деп ойлады.  Тастемір үшін қазір байлық дегеннің,ақша дегеннің қымбаты шамалы. Бір басының қажетін Иылмаз онсыз да қанағаттандырып жатыр.  Бірақ,Фатиманың орны бөлек еді. Кәртейген,Алланаң аманатын тапсыратын шағандағы мына жалғыздық жанына бататын.  Дегенмен сот оны қайтарып бере алмайды ғой.

Иылмаздың дауысы төтенше қуанышты да асқақ еді:

– Таш Арқа бай,тыңдап тұрсың ба? Теңдессіз ұлы қуаныш! Қазақ баласына,түп  төркіні бір, қандас бауырым қазақтарға Алланың рақметі жауды!

« Бұл не деп тұр? « деп таңырқады Тастемір Иылмаздың мұнша елпілдеп асыға сөйлеп тұрған жеңілтек мінезінің байыбына бара алмай.Иылмаз мұндай ұшқалақ адам емес еді. Албты қалжыңды да білмейтін . « Бұған не жетті екен? Нендей оқиға болып қалды екен? « – деп ойлынып қалды.

Иылмаз саңқылдап тұр:

– Таш Арқа бай, Мүжде! Қазақстан тәуелсіздік жариялады! Кеңестер одағынан бөлініп,дербес ел болды. Дүние жүзінде бірінші болып Түркия өкіметі Қазақстанның дербестігін танып та үлгірді.

Тастемір мәңгіріп қалды. « Бұл не деп тұр? « деп ойлады ес-ақылын жия алмай.  Кеңес одағы дейтін  дүние жүзіндегі ең үлкен империя,жетпіс жыл,жоқ,екі жүз елу жыл құл ғып ұстап,билеп келген Қазақстан сияқты алып та бай өлкеден қолын босату деген,Алла жазбасын,адам нанбайтын мұғжиза ғой бұл !

Сыралғылы достар ғой, Тастемірдің көңіл күйін Иылмаз да түсіне қойды.

– Таш Арқа бай, қуанбайсың ғой, сенбей тұрсың ба?

– Білмейім,- деп міңгірледі Тастемір әлі дел-сал болып.

– Мен саған қазір барамын,- деді Иылмаз үнінен шаттақ есіп, қолды-аяққа тоқтамай.

Жарым сағаттан кейін бір құшақ гүл көтеріп кіріп келген Иылмаз Тастемірді құшақтап сүйіп,қуана құттықтап жатты.  Оны сендіру үшін Түркиядағы беделді басылым « SABAН” , “  HURRІYET” газеттерін де ала келіпті. Солардың бірінші бетіне басылған ерекше хабарды көрсетіп,онан бұрын өзі дауыстап оқып жіберді.

Тастемір ойға шомып,үнсіз отырып қалды. Қаншалық қуанғаны да белгісіздеу. Өіңі ме,түсі ме, өзі де сенбейді. Анда- санда,бірнеше жылда бір рет пе,ғажаптан ғажап,түсіне ел енетін. Гүлдариға кіретін. Бәз- баяғысындай, гүл жайнаған,жас,жарқын қалпында жарқылдап кезігетін.  Ертіс жағасында,Сары Арқаның бойында жүретін. Алып Сары Арқаның

————————-

* Мүжде- Түрікше- Сүйінші !

көсілген кең жазығында бес тұрманы жарасқан кер бестіні ойнақтатып,екеуі жарысып бара жататын. Қуандырып, жүрегін шаттықа бөлеуші еді. Жүрегі тулап соғатын. Сонан ояна келгенде басқа ештеңе емес,тек жүрегінің ғана әлі дүрсілдеп жатқанын сезетін. Күрсініп,түңіліп тоқтайтын.

Бүгін де сондай бір күй үстінде отырды.  Рас па екен? Тағы да түс болып жүрмесе жақсы ғой.  Байтақ Қазақстан! Қандай алып еді! Бір шетінен бір шетіне тек поезбен бірнеше соткеде шыға алмаған,ұланғайыр кең өлке! Бұйырмаған бақыт! Егер өзін өзі билейтін,дербес,тәуелсіз отаны болса, Тастемір бүйтіп тентіреп,қаңғырып жүрер ме еді !? Жүректе мәңгі жатқан,аты ғана ыстық туған жер, қасиетті Қазақстан өте алыс қалған.  Жыл өткен сайын,кәрілік жеткен сайын Тастемірге ол тіпті де алыстап,қашықтап,бұлдырап бара жатқан. Иылмаз әкелген мынау бүгінгі хабар шын ба екен?..

Осыдан тағы да бір мезгіл өткенде бүкіл Түркия қуана қол соғып,шулап жатты. Анхара асқақ мереймен шаттыққа шомды. Соған жалғас Стамбол сынды алып қала қоса дүрлігіп,мереке жалауларын желбіретті. Түркияның ай,жұлдызды қызыл байрағының қасына Қазақстанның көк туы қосылып,салтанат құрды.  “ Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  енді ат басын Стамболға бұрады екен. “  деген хабар дүңк ете түсті. Жаны жайсаң түріктер,жүрегінде қазақ қаны ,бойында жаны бар қазақ иісті қалың қауым әуе алаңына ағылды.

Бір такси жалдып Тастемір де жетіп еді.Түрік,қазағы бар қалың адам жол бермеді. Әттең,мүгедектік! Адам баласына аяқ деген қандай қымбат деші! Екі аяқты адамдар басқан жолды екі дөңгелекті арба жүре алмады. Қара терге шомып қанша жанталасса да жете алмады. Қайта-қайта бөгеле берді. “ Шіркін,қандай адам екен?  Тым болмаса алыстан болса да бір көрсем. Қазақ баласы ғасырлар бойы аңсаған бұл тәуелсіздіктің алғашқы тақ иесі,алтын діңгегі, Абылайдың екі ғасыр үзіліп қалып,қайта жалғасқан,маңдайы жарылған мұрагері кім екен?  Салауатты шығар! “  деп қанша ұмтылса да жете алмады. Қап-қара болып,түтігіп,қаны кеуіп,шөлдеп,тамағы құрғап,амалсыз бөгеліп отырып қалды.

Жап-жақын жерде ел шулап,шапалақ шатырлап,асқақ үндер көтеріліп,думандатып жатты. Тастемір жігері құм болып,екі тізесін кеміріп,міскін бір хал кешті. Қол созым жерде тұрған бақыттан кәні бола алмай, қорланып кетті. Көзінен бұршақ-бұршақ жас  домалатты.

Қанша уақыт өткенін өзі де білмейді. Мерейлері тасып қуана дабырлап,қайта қайтқан адамдардың әрқайсысының бетіне жалтақтап,ауыздарына қарап,аңқиып  отыра берді.

– Нақ қазақтаң өзі !

– Әрине,қазақ қой.

– Жап-жас екен,әкәм !

Иә,шашы да көмірдей қап-қара.

 

– Патша ғой .

– Иә,дұрыс.”Патша құдайдың сүйген құлы “   дейді екен шариғатта.

– Әрине, “Патша Алланың  көлеңкесі” деген.

– Сондығы ғой. Жүзі қандай нұрлы!

– Көзінің болатын айтсаңшы!

–  Иә деші…

– Ақ сарбас қошқар сойып,ақ тілек тілегеніміз дұрыс-ақ болды.

–  «Баталы құл арымас «    деген.

– Өмірімде мұнан артық қуанып көргемін жоқ.

– Иә, шіркін,жер бетінде дербес бір елің болғанға не жетсін !  Асқар тауың,алып сүйенішің емес пе ?!  Тіпті қайда жүрсең де… Ой, Алла тәубе. Осы бақытты көрсеткеніңе мың да бір шүкір!

– Соны айтсаңшы. Өзі де жарқылдап тұр екен. « Осы бір бақытты біздің ата-бабаларымыз қанша ғасыр армандады. Соған қолымыз бүгін жетті.  Енді ес жияйық,ағайын. Жер жүзіндегі  қазақтың жалғыз отаны Қазақстан ғана.  Ата мекенге қайтып оралыңдар. Сіздер,біздер болып, дүние жүзіндегі барлық қазақ бір шаңырақ астына бас қосып,гүлденген,бай,бақытты  Қазақстан құрамыз .«  демеді ме !?

– Сүй деді,иә !?

Тастемірдің жүрегі  шымыр-шымыр етті. « Әй, сүй деді ме екен? «  Әттең,мүгдектік -ай! Әйпесе өз көзімен көріп,өз құлағымен естімес пе еді!? Дегенмен бұлар да өтірік айтып бара жатқан жоқ.  Солай айтқаны шын болды.  Сонда Тастемір де… «   Ол көзін жұмды. Көз алдына туған ауылы,ақ жайқын Ертіс,ақ еділ анасы,сүйген жары Гүлдариға… Ой – хой, онан соң ылғи бір қара домалақ,қалың бала елстеді.

Ертеңінде Иылмаз келді.

– Бардың ба?  Назарбаевті көре алдың ба?- деп  сұрады Тастемірден.

– Жоқ . Көре алмадым. Мен сияқты бір сорлыға ондай бақыт қайда?- деп қамықты ол өзінен өзі жасып, жерге қарап.

Мен сені ертіп алайын деп телефон соқсам кетіп қалыпсың.

– Иә, мен ерте кеттім.  Қазақстанның тұңғыш президентінің қасиетті дидәрін көре алмай  қаламын ба деп алаңдап,таң бозынан тұрып,ерте кеткем. Сонда да ол нәсіп болмады.Ел менен бұрын барып алыпты.

– Мен саған оның суретін әкелдім.- деді Иылмаз досының көңілін аулап, сумкасынан бүгінгі газетті алып, Тастемірдің алдына жайып.

Тастемір ұзақ қарап отырды.  Сонан соң газетті екі алақанынан салып,аялай көтеріп әкеліп кеудесіне басты. « Қазақстаным менің! «  деді кұбірлеп,Иылмаздың басынан аса алысқа қарап,өлі көзбен телміріп.

Тастемірдің осыдан кейінгі күндері бір қалыпты,көңілді  өтіп жатты. Көкірек сарайынан жарқын бір сәуле оянып, үміт ұшқыны тірілді. «Бәлкім,Алла ғұмыр берсе, туған елді,туған жерді қайта айналып,көріп те қалармын.» деген бір тәтті ойлар күндіз-түні есінен шықпай,желпіндіріп,сергітіп,көп еліктіріп әкететін болып алды. Әлденеге  елеңдеп,радио,газет хабарларына құлағы түрік жүрді.

Қараша айының бір күні « Қазақстан өз ақшасын айналымға шығарды «  деген бір хабарды оқыды.  Қазір Тастемір көп нәрсе жия бастаған. Оның үйінде, үстеленің үстінде Қазақстанның көк байрағы,ел таңбасы,қиып алып,рамкаға салып қойған ән ұраны бар. Қазақстан теңгесі дегенде ол тағы елең ете қалды.

Бірен-саран таныс қазақтары болушы еді. Телефон соғып ,солардан сұрады.

– Ақша дейсің бе? Ақша болғанда қандай! Жайнап тұр дейді. Дүниеде   әлі мұндай керемет ақша болып көрген жоқ деседі. Бүкіл Қазақстан халқы шат мерейге   бөленіп,той жасап жатыр дейді. Абылайдан бастап ылғи қазақтың суретін салыпты дейді. Доллардың бетінде кілең Американың президенттері тұрушы еді ғой. Мұнда ылғи халық даналары дейді.

– Апырай-ә ! Қайдан табуға болар екен? – деп Тастемір ойланып қалды.

–  Бір табылса Қазақстанның Стамболдағы консулдық басқармасынан табылар.  Басқа ешкім әкеле қоятындай болған жоқ әлі.

Тастемір санын салып жіберді. Қуанып кетті.  Дереу такси шақырды да  Таксим майданының ар жағындағы консулдық басқарманың қақпасының алдына жетіп түсіп қалды.  Күзетшілер ішке кіргізбеді. Сонда да асықпай: « Біреу- міреу шығып қалар «  деп тосып отырды.

Кіріп-шығып жатқан адам көп.  Тастемір консулдық басқарманың қызметкерлерінен біреуі кезігіп қалар деп ойлаған.  Қақпадан шығып келе жатқан « Тоята «  маркалы машмнаның терезесінен сондай бір қазақ өңдес жас жігіт сағат он екіден асқанда әрең көрінді. Босағада мүгедектер арбасында отырған Тастемірге көз қырын да салмай,кетіп бара жатты.  Тастемір тез ұмтылып,жол жағасына жетіп барды.

– Бауырым,тоқташы. Маған Қазақстан ақшасын көрсетші.- деді асыға, абдырай тіл қатып,қолын жайып.

Машинада отырған жап-жас қазақ жігіті екен.  Әмиянын алды да, Түрік лирасынан* бір миллиондық бір қағаз ақшаны алып,мұның қолына ұстата салып,ақырын жылжып қозғала берді.

– Бауырым!- деп шаңқ етті Тастемір тағы да.Сасқалақтап айғайлаған дауысы бұл жолы тіпті қатты шығып еді.  Арбасының дөңгелегін шапшаң қозғап, итеріп жіберіп,шақ еткізіп,тұмсығын машинаның дөңгелегіне тіреді.- Бауырым, Маған Түрік лирасының керегі жоқ. Ол өзімде де бар.  Мен тілемші емеспін.  Мен тағдырдың тауқыметін тартып, ата мекенінен адасып,қаңғырып жүрген бір қазақ ұрпағы едім.  Маған Қазақстан ақшасын көрсет. Мына лираны сен ал да маған қазақ теңгесін бер. Сөйт,жаным бауырым,жаман атаңды бір қуандыр.- деді бір уыс лираны  жас жігітке ұсынып жатып.

Жас жігіт машинадан түсіп,оның қасына келді.  Сол аралықта Тастемір де сапылдап,аты-жөнін,өзінің Қазақстаннан кеткелі ұзақ жыл болған

——————————-

** Лира- Түрік ақшасы.

 

жағдайын қысқаша айтып та үлгірді.

Жігіт әмиянын ашып,қағаз теңгелерді алып жатып:

– Мұны қайтесіз?- деп сұрады таңырқап.

– Тұмар ғып тағып алам. Сендер Қазақстанда  жүрген соң оның қадырын біле бермейсіңдер ғой. Біз байқұстар жат ел,жат жарде қаңғырып  жүріп …  қандай сағындық деші!? –деді  Тастемір алқына,екі иығынан дем ала күрсініп.

Жас жігіт Әмиянын асықпай ақтарып,төрт-бес бөлек теңге алып шықты:

– Лираңыздың керегі жоқ,ата. Сізге жасаған сый-құрметім болсын. Мынау Абылай хан,мынау Сүйінбай ата,мынау Жамбыл ата,мынау алып Абай,мынау Шоқан…

Берген ақшасын қайтып алып қоятындай Тастемір жас жігіттің ұсынып тұрған ақшасын қалтыраған қолымен тез-тез жұлып алды. Екі шетінен кере мықтап ұстап,ұзақ қарап тұрып барып,әрқайсысынан бірден сүйіп шықты. Сонан соң жас толып буалдырланған көзін алмай ұзақ телмірді. Ақша берген жігіттің қашан кетіп қалғанын да білген жоқ.

Сол күннен бастап Тастемірдің көкейінен басқа бір тілек оянды.

– Мен Қазақстанға қайта алам ба? Тіпті  өлсем де сонда жатқым келеді де тұрады. Жансыз мүрдеме болса да,  ата мекеннің бір  бұрышынан,шағыл,тастақты жаман бір төбешігінен кісі бойы жер тиетін болса, сонда,шіркін, мәңгі рақатта жататын сияқты боламын.- деді бір күні Иылмазға.

– Қалай, Түркия ұнамай ма ?

– Досым-ау, әркімнің туған жері өзіне ыстық емес пе!? Оны бұл әлемде басқа ештеңеге теңеуге келмейді ғой.

– Қалжыңдаймын,- деді Иылмаз досын арқасына қағып. – Оның жөн. Ондай ойың болса көмектесуге дайынмын.

Осыдан  кейін тағы да үш-төрт ай өткенде Иылмаз Тастемірді шын қуандырды.  Қолына бір паспорт, Стамбол- Алматы рейісінің белетін ұстатты.

– Ой,Алла,паспорт деген осындай болады екен-ау!- деп таң қалды Тастемір оны айналдыра қарап шығып.

– Бұл-отансыз деген паспорт.

Тастемір аппақ,қауғадай сақалы қауқылдап,қарқылдап ұзақ күлді.               –     – Рас-ау. Қандай хикмет!

Иылмаз да қосыла күлді.

-Жан досым,саған көп рақмет! Маған ренжіме. Анау фабрика  жайындағы арызымды қайтарып алайын. Маған енді басқа ештеңенің керегі жоқ.- деді Иылмазға өтініш етіп.

– Мейлің,- деді ол да күрсініп.

Сонан соң Тастемір Сәлимаға телефон шалды.

– Тағы не шаруа ?- деп шаңқ етті Сәлима.

– Сәлима, сен көптен бері хабарласпай кеттің ғой. Ренжіме,- деді өзінің бір қимас досымен сөйлесіп отырғандай аңқылдап,жайылып түсіп қалып,- Маған енді ештеңенің керегі жоқ. Фабриканың да,ақшаның да,үй-жайдың да-ештеңенің керегі жоқ. Мен Қазақстанға кеткелі жатырмын.  Сонда жетсем,шіркін,қайыршы болсам да өзімді бақытты санар едім. Туған жермен салыстырғанда басқа байлық не керек!? Бірақ,сен Сәлима,маған Фатиманы бер. Мен оны алып кетейін.

– Біз кеше оның жетісін бердік.

– Қалай?-деп шаңқ етті Тастемір.

– Көп ауырды. Есінен алжасты. Ақыры үшінші этаждың терезесінен құлап,өзін өзі мерт етті.

Тастемір телефонды қоя салды. Бәрі түсінікті еді. Байқұс Фатима…Көпке дейін соны ойлап қайғырып жүрді.  Қазақстанға кетер алдында оның басына барып,тас қабырға еңкейіп, сұп-суық құлпытасқа маңдайын тіреп,ұзақ қоштасты.

Сол күні  Сәлиманың  үйінде де де қуанышты бас қосу болып жатты.

– Біз жеңдік!- деп  шаттанды Сәлима.

– Әрине, ең алдымен бұл менің  ақылымның арқасы. Қаңғыбасты қуып шығуды  бірінші рет айтқан мен болатынмын.- деді оның түрік күйеуі.

– Мен отырғанда байқап-байқап сөйлеңдер. Көпір! Көпір!… Соны білесіңдер ғой!?- деді курд жездесі де  онан қалыспай масайрап.

Олар осылай шалқып жатқанда Тастемір де қуанышты күйде әуе алаңына қарай кетіп бара жатыр еді. Оны бұл сапарға Стамболдағы  жалғыз досы Иылмаз шығарып салып бара жатқан…

Тастемірдің көптен бері бір толқығаны осы. Самолетте әдейі терезенің түбіне отырып еді. Ештеңе көрінбесе де жер бетінен көзін алған жоқ. Мынау Иран болар!? Мынау тұста,бәлкім,Баршагүл жүрген шығар!… Онан кейін…

Қасиетті қара мекен , Қазақстанның әуе кеңістігіне де  ілінді-ау әйтеу! Шығыстан аппақ таң атып келе жатты. Балық бауыр ақ таң.  Саяқ кеткен бір қаңғыбасын алтын сәулесімен шомылдыра бастаған. Сахара төсінен ескен салқын самалдың тынысы,лебі де жеткендей. Асығып,аңқылдап келіп,жаман ұлының кәрі кеудесін аймалап жатыр.

Тастемірдің жанары толған меруерт. Мөлдір-мөлдір меруерттер. Шайқалмай,төгілмей тұнып тұрған  тұнық тұма.  Соның қарсы алдында шайдай ашық көк аспан. Дәл сол түстес,сондай пәк,кіршіксіз,сондай ұлы,ерек мәртебелі көк ту. Ой-хой,шіркін,ұлан  байтақ жасыл өлке!  Қазақ жері! Сағындырған сахара! Көрмегелі қашан? Қанша жыл болды?  Жарты ғасыр…

« Ұшы-қиыры жоқ осы алып өлкеде қазір маған жанашыр кім қалды ? Кімім бар менің ?» – деп ойлады ол кенет. « Ешкімің жоқ « деді бір жаңғырық. « Бар сияқты еді!? « деді Тастемір. « Иә, айтпақшы, бар!» – деді сол жаңғырық тез мойындап… Салқын самал, сары жайлау. Асау өзен,асқар таулар. Сол заңғар таудың үстінде,ең биігінде желбіреген көк ту.

–               Алматы әуежайына келіп қалдық. Дайындала беріңіздер, – деді жолсерік қыз көпшілікке хабарлап. Содан кейін бұрылып келді де:

–               Алтай, сіз асықпай елдің ең соңынан түсіңіз, – деді Тастемірге жанашырлық көрсетіп. – Мен өзім түсіріп қоямын.

Тастемір үндеген жоқ. Мылқау кісіше меңірейіп бір қарады да, қол сумкаларын жиыстыра бастады.

Содан соң ешкімге тіл қатпастан мүгедек арбасын жақындатып алып, алдыға ептеп жылжытты да, самолеттің ең түсетін есігіне басқалардан бұрын жетіп барды.

Есіктен де бірінші болып Тастемір шығып еді. Маужыраған ашық күн, ұлан байтақ жаймашуақ дала… Өзі бұрын мүлде көрмеген ғажайып бір бөтен әлем сияқты… Өның көзі қарауыта бастады.

Ол арбаны жылжытты да, баспалдақтан түсуге қамданды. Жолсеріктер жүгіріп келіп сүйей берді.

Тастемірге енді мына баспалдақ сондай ұзын көрінді. Бірталай төмендеп барсада, алдында таусылып бітпейтін тағы бір ұзақ жол жатқандай сезінді. Ақыры шыдамы таусылып тебініп қалды.

Маңайдағы ел де, жолсерік қыздыр да шу ете түсті. Тастемір сол зырлаған бойы жолға төселген кілемшелерден ары асып барып, арбасы аударылып, төңкеріліп түсті.

Тастемір енді мүлде ессіз еді. Әлдекімдердің шулап, жүгіріп келіп сүйеп жатқанын да сезген жоқ. Маңдайынан шып–шып шыққан тер ме, әлде көзінен аққан жас, мұрыннан сорғалаған сора ма,белгісіз, дып–дымқыл бірдеңе айғыздаған, от болып күйіп тұрған ыстық бетін сап–салқын жер тәніне төседі:

–Ой Алла, құдіреті күшті Расул Алла, Шын ба, түсім емес пе? Шын жеттім бе, өмір бойы аңсаған, бір шымшымына зар болған қасиетті қара топырағыма!? – деді өзіне–өзі күбірлеп.

 

Алматы  2001 ж.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here