Бұл күндері Қамида өзін ешкімнен кем санамайды. Шалқып жатқан тұрмыс мынау, жайнап тұрған үйі анау. Өңі де бұрынғысынан жасарыңқырап, ажарланып алды. Хош иісті майдың үстіне қалың жағылған ұпаның кереметімен болымсыз секпілі де білінбей кетті. Күн өткен сайын ақ бөртеленіп, сұлуланып бара жатыр. Таңдап киген бізөкше кебіс аласа бойын да бұрынғыдан сұңғақ көрсетеді. Бұрын өзін кемсітіп, қорсынғандардан есесін бір қайырған кезі осы. Қазір оларға пысқырып та қарамайды. Қалай көкиіп, қалай ақиса да мұныкі орынды. Байтұрдың бастықтығымен де буланады. Киген – ішкенімен, түтіні түзу ұшқан дәулетімен де көзге ұрғысы келеді… Бұл өмірде одан артық бақытты ол тілемейді де. Қазір бәріне мәз, бәріне риза.
Осының бәрін шалықтап, ойлай келгенде Қамида өз көңілінің түбінде жасырып жатқан «әттеген – айды» да есіне алмай тұра алмайды. Елеусіздеу кішкене нәрсе болғанымен, мына сияқты төрт түлігі толқысыған адамға дардай мін, өкініш болып сезіледі. Кейде тіпті үздіксіз мазалайды. Ойынан шықпайтын сәттері де болады. Онысы күйеуінің бір құлағы.
Әнеу күні бір желөкпе қатынның:
-Байым бастық деп шаптықпа, бастық болса қайтейін. Өле қал деп тұрмысың маған. Ол шұнағыңа бола шұрланба. Құлағын мен борышыма бергеннен аманмын. Бұған шамдансаң, анауыңның құлағын бүтіндеп ал, – дегені жүрегінен өлсе кетер емес. Ешкімді теңгермей, бойына тоғытпай – ақ жүргенде, осы сыңар құлақ мұны талай жерде мұқыратып, бетіне салық болып келеді. Көзбе – көз жаңағыдай айтқан ел сырттан не демейді дейсің? «Қамиданың шұнағы, бірқұлағы, шұнти шалы» деп сан – саққа жүгірітендер де бар шығар – ау» деп ойлағанда жарылып кете жаздайды. Адам кейде жоқтан өзге нәрсеге зәру болады екен – ау. Дәл осы кезде оған құлақтан қымбат ешнәрсе жоқтай көрінеді. Егер ел тыныш жүрсе, бұл да оған онша құндылы да болмас еді ғой. Бірақ, тойға жиылғандар да, қонақта бірге болғандар да, қылаяғы үйіне қыдырып келушілер де – бәрі де күйеуінің құлағына қарап, Қамиданы табалап отырғандай сезіледі. Екі әйел бір – біріне сыбырлап жатса да “Байтұрдың құлағын сөз етіп жатқан шығарсыңдар” деп қуыстанып қалады. Кейде бір малшылар келіп жоғалған малдың ен – таңбасы туралы сөз етісе қалса да, Қамиданы жасырын ілімдеп, мұқап, жасыту үшін әдейі айтып отырғандай көңіліне шаншу болып қадала кетеді.
Өйтпесіне бола ма? өлдім – талдым деп дүниеден әбден үміт үзіп жүргенде зарығып тапқан күйеуі ғой. Екі құлағы тең болғанға не жетсін.
Қамиданың ең шарыштаған кезі осы. Осының алдындағы бір жылдарда не көрмеді ол? Бір кезде осындай күйге жетемін деп ойлап па еді әуелі. Қанша – қанша ой шұңетіне сүңгіп, жүдеп – жадамап па еді сол үшін? Күздің сүркей күнінде жапырағынан айырылып, сояуы ғана қалған жол шетіндегі қурайдың беймезгіл ызыңы сияқты атсыз, атақсы, мазасыз бір дерт Қамиданы қанша жыл азаптап, жүдетіп сарғайтпады дейсің?
Әсіресе, соңғы бір жылдары Қамида әрі қамыға, әрі шошына есіне түсіреді:
Жасын сұраған елге жиырманың аяққы цифырларын кезек – кезек айтып жүріп те төрт – бес жылды өткізген. Ақыры одан да запы боп қажи бастаған. Амал қанша, сонда да мұны түсініп, жаны ашып, жарылқайын деген жан болған жоқ. Жігіт біткен түгел аспанға қарап шекиіп қалды. Күніне үш уақыт көзіне көрініп жүрсе де, Қамиданы олар мүлде ұмытып кеткен сияқтанатын да тұратын. Кейбір дарақы жігіттер ғана жол сауда еткісі кеп, анда – санда бір айналсоқтап кетеді. Қамиданың аузы мұнан да күйген жері бар. Сонан қорқады… Талай жыл запыс қылған сол қайталанудан барып, үйлі – баранды болып қызық көруден, тіршілік бақытынан ләззаттанудан Қамиданың үміт үзуіне тура келген.
Сол бір көңілсіз күндерде “неге бүйтіп дүниеден оқшау, жалғыз шығып қалды екенмін” деп қиналған сәттері де көп болған. Әділіне келгенде мұның бір клтипаны өзінде де бар екенін мойындамасқа шарасы жоқ. Мәдениет төңкерісі кезінде өзі де тым желігіп кетті. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білмеді. Ешкімге бетің – жүзің демей төңкеріс жолымен төте тартты. Сөйтіп он шақты жылды айғаймен – ақ өткізіп жіберді. Ал одан тапқан табысы осы болды. Амал қанша, талай жақсы жігіттер сөйлесіп еді – ау. Қиылып еді – ау бір қаншасы. Қамида кезінде олардың бәріне де шекесінен қараған. Ол кезде кейін осындай болып қаламын – ау деген нәрсе пәруәйіна кіріп шығып па еді?
Тағдыр мұның қарымжысын келістіріп отырып қайтарды. Кішкене көзінің айналасына көп әжім силады. Жүзінің нұрын алды. Бір күпәнә шөпті бірақ шаншып лақтырғанда қайыспайтын балғын дене бара – бара шөгіп, топаны да бір уыс болып шүкиіп кетті. Бір рет тұмау тиіп, ауруханаға барғанда бір ақымақ дәрігер: “омырауда бала бар ма еді? “ деп көп ішінде ұялтып та тастады.
Бірақ, бұл да онша бөгет болған жоқ. Мұнан кейін де бір талай жігіттер сөйлесіп еді. Қамида да оларды ұнатқан. Сорға қарай, әйтеуір, бір көлденең кезікті де отырды. Кейбіреуін қайдағы бір ашық ауз қатындар, аузы – аузына жұқпайтын кесірлі келіншектер жоқтан өзгені қоңырсытып, азғырып жіберіп отырды.
Алдыңғы реттегі бір жігіттің жеңгесі барып тұрған бір көкайыл болып шықты:
-Ағаңның сақалынан жұлғызатын адам таба алмай жүр ме едің? Бұл салдақы баяғыда бізге не көрсетпеп еді? – деп қайнысын үйінен қуып шығарды.
Ал анау соңғы жолғы жігіт айналсоқтап шықпай – ақ қойып еді. Сиыр қорада сөйлесіп тұрғанда мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп те алған. Қамиданың өне бойы ду етіп, от болып жанып еді – ау сонда. Әлгі бір қара қатын ұйып тұрған махаббатты ірітті де жіберді:
-Әкем – ау, Қамиданы апа қылайын деп жүрмісің? – депті қайлақы сүйрең қағып, – Тұп – тура генерал шегінген жыллы* бесіктегі бала болатын. Онысын да қойшы, мәдениет төңкерісі кезінде қыздан шыққан қолбасы болып тұрғанда қайтатпады ма есілің. Бір күні қасындағы қыздарға “осы мен бастық
———–
*Генерал шегінген жыл – 1947 ж.
болатын секілдімін” депті жуандап келе жатқанына мақтанып. Аз күннен
кейін – ақ бүйірінен бірдеңе түртіп кеп қалыпты. Үп – үшкір шынтағымен, қап – қатты тізесімен түрткілепті –ау кеп ғайыптан келген, тынышсыз, тентек бір дене. Сол тықыр Қамиданы мансаптан да омақастырып, үйінің табалдырығын аттап шықпастай да етті емес пе? – деп маңыратыпты ұялмай – қызармай.
Мұны естіген жігіт атының басын бері бұруға қайтып батына алсын? Сол бойы маңайды баспай зытып берген болатын.
Осыдан кейін қайдағы бір кем – кетік, шал – шауқан бірлеңелер болмаса, жібі түзу жігіттің бәрі де Қамидадан ат бойын аулақ ала қашатын болып алған. Қамиданың торығып үміт үзуінің, қамығып қасірет шегуінің мәнісі де осында еді.
Бұл күндер де өтті. Өстіп жүргенде дүние оңалды да, Қамиданың да бағы жанды. Абақтыда көп жатқан жасамыс жігіттер кәрі қыздардың қарығын бір тарқатты – ау шіркін. Осы Байтор да Қамидаға сонда сөйлескен.
Ақыры, міне, қайырлы да болды. Он шақты жыл абақтыда жатқан, жасы әнтек үлкенірек, бұрын да бір әйел алған, одан екі бала көрген дегендерді сыныққа сылтау етпесең, күйеуі ересен жақсы адам болып кезікті.
Алғашында біреулер “Байтұр деген сондай жақсы, мұндай тамаша жігіт” – деп таныстырғанда Қамиданың өзі де тым сеніп кете қоймаған. Оның көз алдына абақтыда сарғайып, арықтап жүрген, бет – аузында кейіп – кеспір қалмаған, ақ бас күшіген бастанған біреу елестей қалып еді. Мұнысының бәрі де бос секем болып шықты. Байтұр ол ойлағандай кәрі де, сиықсыз да емес екен. өңі де жап – жас. Шашы әлі көмірдей қап – қара. Оның үстіне бұлақ бетіндей бұп – бұйра. Күлімдеп тұрған қой көзінің алдындағы, жалпақ маңдайындағы әжімдері де Қамиданікіндей терең емес. Түріне қарасаң «қырықты қусырып қалды» дегенге адам нанбайтын сияқты. Еңсесі тік, еңгезердей толық денелі, жаурынды жігіттің сыртқы бітіміне де кісі разы болатындай.
Бойындағы жалғыз міні бір құлағы ғана. “дос бар, дұшпан бар, Қамиданың күйеуі қайсы дегенде алдымен шұнтиып тұрған жалғыз құлығына түседі – ау” деп қысылады Қамида. Кей кезде тағы да ойын түйіндеп: “қойшы соны, қайтеді дейсің? Осыдан жақсы күйеу табыла ма маған? Ана жылы әлгі бір шойнақ қойшы да сөйлесіп алып тайқап кетпеп пе еді? ‘ат құлағынан ақсамайды’ деген ғой. Оның үстіне қазір ғылым – техниканың да дамып келе жатқан кезі, бәлкім, кейінірек разинкеден болса да, бір құлақ жасатып алуға болатын шығар” деп жұбатады өзін – өзі.
Осындай кезде сыр шертісе қалған кейбір дос – жарандарына да:
-Жаман жігіт емес. Қай – қай жағынан да жарап тұр, – деп ағынан ақтарыла, мақтанып та алады.
Келесі бір сәтте құлақ туралы бір сөз бола қалса тағы да іштей толқып қалушы еді. Бірақ бұл Байтұрдың ойына да кіріп шықпайды. Жайі келсе:
-Байтұрдың бір құлағы шұнтиып тұрған соң жақсы әнді сүймейді деп ойлайсыңдар ма? Мен сендерден гөрі де жақсы ләззат аламын, – деп көп адамның ішінде ұялмай шұнақ құлағын бір сипап қояды.
Мұндайда Қамида өзінен – өзі қысылып кетеді. Жерге қарай береді. Байтұр елемегенмен, Қамида шыдамайды. “сол да мақтан болып па” деп ыза болады. “айналдырған екі құлағына ие болмай не қара басып жүрген өзін” деп жазғырады күйеуін. Әлде бала кезінен осындай ма екен. Енеміз жарықтық баласының құлағына қарамай не бітірген? Азамат боларын, ел сөгерін білмеген бе? – деп те ренжиді. Ал іштен туған болсашы? Құдай тағала да кейде ақымақтың ісін істейді. Не жасыруға не жабуға келмейтін, елдің бәріне көрініп тұратын құлақта несі бар екен? Егер бұған бір – екі жапырақ шеміршекті көпсінсе, аяғының бір бақайынан мінтесе де болмас па еді? Тіпті болмай бара жатса тебінгідей оң жақ құлағының жартысын сол жағына бөліп жапсыра салуға да шамасы келмегені ме?… деп те күнәлі болады.
Қамида бұлай қиналғанымен, Байтұр құлақ туралы мүлде ойланбайтын сияқты. Қамиданың көңіліне келер деп те ескермейді. Әуелі басқалар көрмей қалмасын дегендей елден бұрын өзі сөз ғып отырады.
Бір жолы қонағасыда бір қызық әйгіме болып еді. Байтұр тағы да өз құлағын көлденең тарта сөйледі. Үйге қайтып келгеннен кейін Қамида мұны жақтырмаған әлпет байқатты:
-Шырыштай топтың ішінде “шұнақ құлағым, шұнақ құлағым” дей беретінің не осы? Оның несі мақтан? Кекілік емессің ғой сен? – деді Байтұрға.
-Охо, сен бұған ашуланып жүрген болдың ғой,- деп күлді Байтұр кеңк – кеңк етіп, – Онда не тұр? Мен осы құлағымды бергендігім үшін сыйлымын олардың алдында. Менің құлағымның қайда кеткенін өздері де біледі.
-Қайда кетіп еді құлағың?
-Соны әлі білмеуші ме едің? Шешем менің екі құлағымды тебінгідейғып – ақ тапқан.
Қамида Байтұрдың аузына қарап қалды:
-Ал?…
-Ол мұнан он жыл бұрынғы әңгіме болатын. Қазір оны қоңырсытудың не қажеті бар? – деді де Байтұр тағы да басқа сөзге айналдырып әкетті.
Мұның сырын Қамида кейін барып білді:
Жексенбі күні еді. Ауданның секратары бұлардың үйіне келген болатын. Байтұр екеуі сөйлесіп отырды. Біресе шай даярлап, біресе тошала үйден ет әкеліп ас қамымен зыр жүгірген Қамида бұлардың сөзін үзіп – жұлып қана естіп жүрген.
-Сиыр фермасы шұрайлырақ, өлеңді жерде болғаны жақсы. Сенің ол айтып отырғаның қай жер? – деді ауданның секратары.
-Соны да ұмытып қалдыңыз ба? Баяғыдағы менің құлағымды берген ат қораны білетін шығарсыз?
Қамида босағаға жабысып тыңдай қалды.
Аудан секратары қарқылдап күліп кетті:
-Иә, иә, менің құлағымның орнына сенің құлағың кететін шилі өзек деген ғой. Ха – ха – ха …Өзің де тыныш отырмадың емес пе? Сор түртті ғой. Әйтпесе саған сол күні тұк те жоқ еді.
-Қайтып шыдап тұра аласың ондайда?
-Бәрінен де сөзінің ершімі қызық еді. “Айналайын ақылды хоң-вей-виңдер- ау, басқаға тимесеңдер де құлаққа жармаспаңдар. Ол біз үшін ғана емес, сендер үшін тіпті керек. Құлақ болмаса айтқан ‘ақылдарыңды’ қалай ұғамыз?”. Табылған – ақ шенеу. Ха – ха – ха. Сөздің күшінен қыздың күші асып түспеді ме? Бойы быртиып тұрғанымен, қолы мұндай қатты болар ма? Темірдей екен. Ха – ха – ха…Оның үстіне менің құлағым да ұстауға ыңғайлы, қолға толымды – ақ қой, – деп Байтұрдың қарқылдай күлген дауысы шаншу қадалғандай шанышқылап, бүріп әкетіп бара жатты. Қолынан түсіп кеткен тәлеңкені де, шашылып жатқан құр пен ірімшікті де жиып алуға шамасы келген жоқ. Қалтыраған қолымен жағасын ұстап мелшиді де қалды:
-Ой, тәубә, құдыреттің бізді бүгін енді былай қиюластырғанын қарашы, – деді ішінен өзіне – өзі күбірлеп.