ҚЫРСЫҚ
Қырекеңді бір қырсықтың айналдырғанына жеті – сегіз жыл болды. Қандай ұшық болды екен, аяғын қалай басса да алдынан бір көлденең шықпай тұрмайды. Жайдың бұлтындай теңгедей бір қара көлеңке төбесінен аумай – ақ қойды. Қырекең қалай ойласа да, байыбына бір бара алмайды. Әйтеуір, қыр соңына қалмай соңына түскен бір пәле, бір шайтан жоқ емес сияқты.
Міне, мынау биылғысы да ойға – түске кірмеген тосын пәле. Маңдайға басқан жылғыз қыз. Ешкімнен кем – қор қылмай, алақанына салып мәпелеп өсіріп – ақ еді… Елдің мұнан жаман қыздары да қайдағы бір әдемі, жігітің қайсы десе мынау дейтіндей біреулердің етегінен ұстап кетіп жатыр. Барған жері де әп – әйбәт. Ақылды, маңғаз, ата – енелерінің алдында маңдайы жарқылдап, бағы жанып, жайнап жүр. Ал, Қырекеңнің жалғыз қызының тапқаны жер – көктен адам құрып қалғандай бірдеме. Митиған, аласа, кемиек, көк көз біреу. Ия оны да қой, өз обалы өзіне, өз соры, өз бағы. Инабатты біреудің баласы болса, құдасы өзімен тең отырып, тең түсе алатын біреу болса тағы керегі не? Елде жұртта жоқ, қу аяқ бір залым. Қырекең онымен араласып жақын жүріп көрмесе де, сыртынан әбден біледі. Мұқым елді шулатқан бір сұмпайы әнеугүні кемпірі осы әңгіменің шетін шығарғанда – ақ жүрегі тас төбесіне шығып, мелшиіп отырып қалып еді. Кемпіріне қатты – қатты айтқан. «қызыңа жақсы сөйлес» деп қадап – қадап тапсырған. Бірақ, кейінгі бір неше реткі әңгімеде қызының алған бетінен қайтпайтыны мәлім болды. “соған барам, бармасам өлем”. Айтатыны осы дейді. Амал жоқ. Жалғыз қызды жамандыққа қиятын шама мұнда да жоқ. Қанша ренжіп, қанша налыса да, ең соңында “баяғы бір қырсық қой” деп, күрсініп барып, қойып қойған.
Енді, міне, сол құда келіп отыр. Қиқырайып қамшысын сүйретіп, кеше кеште жетіп еді. Соза сәлем беріп, қол беріп амандасып, төр алдынан бірақ шыққан. Берген сәлеміне қырықбайдың ерні әзер жыбырлағанына да қараған жоқ. Сөйлеген сөз, айтқан әңгімесін Қырекеңнің қыртысы сүймей, тыжырынып отырғанымен де есептесетін емес көрінеді. Жылп – жылп етіп, маймаң қағып, іші – бауырыңа кіріп, сөйлеп жатыр. Ар жақ, бер жағыңнан түсіп, алды – артыңды орап қоятын емес. Құда мен қосып құдағиды да мақтап, жібітіп әкетіп барады.
Қырекең түнннің бір уағына дейін көз ілген жоқ. Қайдағы – жайдағыны ойлады. Құдаға таңертең не деп жауап беретіні жөнінде толғанды. өзінің амалсыздығына өкінді. “осы қырсық менен неге арылмады? Не жазығым, не күнәм бар? Бір ұшық менен неге шықпай қойды?” деп ширықты.
Көп ойды қуа – қуа келіп жеті – сегіз жыл бұрынғы бір әңгімеге тиянақтатты.
Бала жасынан жетім қалып, қарығы тарқап көрмеген Қырықбайдың бағы жанғаны сол жылы. Қой бағып жүрген Қырекеңды аяқ астынан Комунаның бастығының бірінші орынбасары етіп қоя қойды. Оның үстіне малға жауапты бастық болып, қара жорға ат мініп, қасқыр ішік киіп, бір қыс бойы шайқады – ау гөзәлің. Бірақ, құдайшлығын айту керек қой, кейбір жел өкпе, әпербақандар сияқты елге тынышсыз болған емес. Алдына келгеннің бәріне қарасып тұрды. Ешкімді бөле жарып алалап, ешкімге зәбірін тигізген жоқ. Елдің бәрі құрметтеп Қырықбайдың атын ұмытып, Қытайлар Коммуна бастығының Хы фамилялы орынбасары деп, Қазақтар Қырекең атандырып жіберді. Ия, үкіметке де сүйкімсіз болған жоқ. өзінен жоғарылармен шынайы ынтымақтасып, қызметті барын салып істеді. Соның бірі мал нәсілін жақсарту жұмысы болатын.
Аудан басшылары мал нәсілін жақсартуды ұзақ уақыттық, стратегиялық үлкен жоспар, көз алдағы маңызды міндет деп ортаға қойды. Қырекең бұған қарсы болған жоқ. Қуана құптады. Жанын салып үгіттеді. Барған жерінің бәрінде ауыз жаппай айтып отырды.
Коллективтің малынан ұлығаусар әңгіме шыққан жоқ. Айтқанының бәрі орындалды. Бірақ қарсы келіп дау айтпағанымен, жеке меншік малына келгенде кейбіреулер нарау болды. Әсіресе, қолындағы бірді – екілі сиырларын ту алыстағы пунктке айдап апарып ұлықтандырып жүруді артық жұмыс көрді. Сонымен келер жылы көктемдегі есепте сиыр түлігінің қақ жартысына таяуы асылданбай қалғаны айқын болды.
Мұны естіген аудан бастығы Қырықбайды жерден алып жерге салып, қатты сындады. Соңында кесетіп:
-Биыл біткен қазақы бұқаны түгел піштір! Асыл тұқым бұқадан басқа, ең аяғы сол жылы туған еркек бұзау да қалмасын! – деп ашулы бұйрық берді.
Қырекең қайтып келді де, мал дәрігерлерін жиып алып, шұғыл міндет тапсырды. Олар тіркеудегі сан бойынша ауыл – ауылды аралап, өз міндеттерін күзге таяу әрең аяқтады.
Қырекең көңілденіп бастықтың алдына беті жарық болып, бір қысты алаңсыз өткізіп еді, кеселдің үлкені келесі жылы болды. Елдің сиырының бәрі қысыр қалыпты. Асыл тұқымды қойып, жабайы бұзауға, шайлық сүтке зар болған қалың бақташы, егінші қауым зарлап кетті. “өткен жылғы іс өтті, енді келер жылдың қамын ойлайық” деп шулағанымен, мұқым бір ауданнан бір еркек тайынша таба алмай мысы құрыды.
Аудан бастықтары да қысылды. өз міндерін мойындап, тексеру жасағандары да болды. Соңғы есепте Қыркеңді қырына алғысы келіп жүрген бірнешеуі оны коммуна бастығының орынбасарлығынан шеттеліп, бір отрядътың ғана секретарьлығына тағайындады. Жаңадан бұйрық берілді:
-Енді бұқаны көбейтіңдер, еркек бұзау актсыз пішілмесін! – деген қаулы қабылданды.
Қырекең бұл бұйрықты да жан сала атқарды. Бір – екі жылдай құлағы тыныш жүрді. Үшінші жылға өткенде тағы пәле шықты. Алдыңғы пәле пәле ме!? Қиын қылса сиыр қысыр қалды ғой, енді міне жерде бұқа, көкте бұқа болды да кетті. Сиыр сауып отрған үш әйелді жаралап, төрт – бес баланы басып кетті. Сүзеген бір содырлары бір кемпірді жарып өлтірді. Үйлерді қиратып, пішендегі шөме – шөме шөптерді шашіп, талай сиырды жардан ұшырып өлтірді. Бұл апатқа шыдамаған ел жоғарыға арыз айтты.
Ауданнан келген бастық әр отрядътың бастықтарына шұқшиды. Сол қатарда Қырекеңді де міндетінен алып тастады. Әуелі “осындай көр соқырлық саясат жүргізгендігі үшін қашан бір жайлы болғанша бір табын бұқаны өзі бағады” деп кесім айтты.
Қарасан айдап, ошақ келсін!… Бастықтан түскенін қойшы, ата – бабасынан бері бастық болып жүрген кісі емес. Сұрап алған жоқ, өздері берді, өздері алды. Оған бола Қырекеңнің түгі де кетпейді. Бірақ, мына қалың қарасаннан тартқан азабы қиын болды. Оқыра дегенің ойыншық нәрсе емес екен. Күн ысығанда әрі – бері шапқылап барып, бір жотаға шығып желдей қалса басыла кетеді. Бұлардікі оқыра ғана емес, ыстықта да, салқында да, күндіз де, түнде де бір басылмайтын желік. Азан – қазан болып, күлді тарпып, өкіріп – өкіріп алады да, тұмсығын көкке көтеріп, ауаны иіскеп аз – паз шүйіріп тұрып барып, еліріп ала жөнеледі… Мал болып айдағанға көнсеші, бір – біріне басы қосылмайды. Қора – қалтқы тауып қамап еді, оны да құлатып тоқтатпады. Ергеншек, есік касектерін мойындарына іліп жоғалады. Бірімен – бірі сүзісіп, бір – екеуі солтақтап ақсап та қалды. Ал онан соң бұлардың безерін айт. Кем дегенде күніне бір екеуі жоғалып кетеді. Бір жоғалса, он – он бес күнсіз табылып бермейді. Аз болса тағы көрер еді. Тұп – тура бір табын -сексен құтырық…
Қырекең әбден титықтап болды. Аты да арықтап жүрмей қалды. Бала – шағасы да қажып зар жылады. Былайша айтқанда Қырекеңе бұрынғы өмір бойы тартқан азабы да бір, мына сексен бұқадан екі – үш ай тартқандағы азабы да бір болып көрініп кетті. Өмір бойы жемеген таяқты жеді. Бір делқұлы біреу сиырымды мертіктіріп өлтірдің деп сабап та кетті.
Дәл осындай бет – аузы қан – жоса болып отырған кезінде құдай айдап осы ауылға Коммунаның бастықтары келе қалды. Қырекең оларды көргенде шыдай алмай, шағынып жылап жіберді.
-Қараңдаршы міне бет – аузымды! Оның сиырын мен өлтірдім бе?! – деп еңкілдеді.
Бәрі де бұрыннан жолдас болған таныс жігіттер. Кейбірі “ол сиырды сен қуып па ең?!” деп әзіл айтты. Кейбірі ішегі қата күлді. Көбінің жаны ашыды.
-Әй, Қыреке, бері қара, жылама да ренжіме. Бұл қарасан бәрімізге пәле болып тұр. Өзін түгел піштіріп таста! – деді ішіндегі ең мықтысы.
Қырекең шошып қалды. Шын айтып тұр ма деп сенбеді.
-Түгел дейсің бе? – деді қайта сұрап.
-Ия, түгел. Бірін қоймай.
Қырекең шекесін қасыды.
-Ойпырай, қиын болмай ма? – деді жасқанып, дауысы қалтырай шығып.
-Жоқ, түк те етпейді. Жауабын мен берем, – деді бастық кеудесін ұрып.
-Әй, қайдам. Тағы маған пәле болып жүрмесе. Бір жапырақ қағаз жазып берсеңдер, – деді Қырекең жерге қарап күмілжіп тұрып.
-Мақұл, Ол да болады. Қайтсын, Қырекең жүрекалды бп қалды ғой, әй, жазып жібер, – деді бастық хатшысына.
Қырекең қуанып кетті. Шауып отырып, мал дәрігерлерін ертіп келді де, енеңді ұрайын, сексен бұқаны шетінен алып соғып, сылдырып – сылдырып тастауға кірісіп, айызы бір қанып қалды. Дәл осы кезде тағы бір оқиға шықты.
Қырекеңнің қазіргі жұрты темір жол торабының жанында ғана болатын. Осы арадағы шағын вокзалда қалың жұмысшы қызмет істейтін. Кім айта қойғанын кім білсін, қызыл қырғын, май шелпек үстіне осы темір жол жұмысшыларының бір тобы сау етіп жетіп келді. Кейбіреуі Қырекеңе қуана қол беріп, темекісін ұсынып, бірдеңесін айтып бәйек болды. “Жас немелер, ерігіп жүріп, қызық көргелі келді ғой” деп елемеп еді, олай емес екен. Аз бөгеліп тұрып бұйымтайларын айтты:
-Ақсақал, бұқаларыңыздың мына енін сатсаңыз, – деді шын пейілдерімен ынтығып.
– Қой қылжақтама.
– Жоқ, қылжақ емес, шын сөз.
– Оны қайтесіңдер?
– Керегі бар ол өте күшті тамақ.
-Әй, қой ары, мұны иттен басқа ешкім жемейді, қылжақ қылмаңдар, – деді Қырекең.
-Жоқ, ақсақал. Түк те қалжың емес. Шын айтамыз.
-Осыны естіп әдейі келдік.
-Бекерге алмаймыз, ақша береміз, – деп шуласты олар Қыракеңді ортаға алып, жан – жақтан ұтылап.
Қырекең сенер – сенбесін білмей аң – таң қалды.
-Жә, сонда нақ шындарыңды айтшы, мұны қайтесіңдер? – деді шын көңілден білмек болып.
-Ойбай ақсақал, сіз білмейді екенсіз ғой, бұл дәрі болады.
-Қымбат дәрі болады.
-Табыла бермейтін дәрі! – десті біреуі ыржыңдап, шалбарының ауын ишарат етіп, әлдекім сұқ саусақтарымен бейбастақ қылықты ығымдап, әлде нені шала бұлындырып шала – пұла ұғындырып.
Қырекең бұлардың шын айтып тұрғанына енді көзі жетті де:
-Ей, қойшы өздерің, қайдағыны айтпай. Дәрі болмақ тұр ғой, жан салатын неме болса да ала бермейсіңдер ме? Жатыр ғой әне бада боп! – деді қабағын түйе, ашулана зекіп сөйлеп.
Бірнеше жас жігіт жүгіріп барып тере бастап еді, мосқылдау бір нешеуі қабағын шытып, оларға жекіріп тастады. Олар да дереу тиыла қалды. Кейбіреуі соститып екі қолын артына ұстай берді. Кейбіреуі ұшы ілмек сым темірге шаншылған ендерді жерге тигізіп, сым темірдің бір ұшынан ғана ұстап тұрды.
Үлкендері күбірлеп – сыбырлап кетті.
-Ей тоқтаңдар.
– Мынау ұлттық район, сырын білмейтін бір ұлттың шамына тиіп алып жүрмейік.
-Бұлардың табынатын бірдеңесі болып жүрмесін.
-Ол да мүмкін.
-Байқайық! – десіп торығып тұрып қалды. Қайтадан сойлесіп көрмек болды.
-Қанша дегенмен адам баласы ғой, ақша берейік деп нақтап ұғындырсақ жоқ демейтін шығар.
-Ақша береміз дегенді ол ұққан жоқ.
-Ия, сол дұрыс, ақшаның көзі қызыл емес пе?
-Босқа келген ақшаны кім жек көреді, – десіп, Қырекеңді қайта төңіректеді.
-Әй, ақсақал бері қара, мұны текке алсақ бізге де ұят болады. Біреуін бір юаннан, жиыны 160 июан ақша берейік. Сен бізге сат енді. Сөйт. Соған көн! – деп жалынды. Тұс – тұстан шулап ақшаларын суырып алысты.
Ақшаны көргенде Қырекең онан арман шошып кетті. Қайтерін білмей қол – аяғы дірілдеп, буын – буыны қалтырай бастады. “бір пәледен енді құтылдым ба дегенде мына кеселдіі қарашы. Енді бұқаның енін сатып, қиянат қылған деген сөзге қалып жүрмейін. Қойшы осы, тек жүрсең, тоқ жүресің деген. Пәледен машайық қашты деген қайда. Осымен байымай – ақ қойяйын!” – деп ойлады да қолын бірақ сілтеді.
-Әй аулақ, мазамды алма. Сатпаймын. Ақшаңның керегі жоқ, кетіңдер. Жұмысыңа бар, айландырма, бар, бар! – деп оларды қуып салды.
Жұмысшылар наумездеу қайтты. Көздерінің қиығымен арт жақтарына анда – санда қарап қойып, жалқау басып аяңдап бара жатты.
Дәл осы кезде жолдан өтіп бара жатқан біреу олардан жөн сұрай қалған еді, бұлар жасырған жоқ, бәрін айтып берді. Сонда әлгі адам күліп тұрып:
-Әй, жігіттер, сендер жөн білмейді екенсіңдер, Қазақ деген ел ақшаның қадірін білмейді. Сендер оған ақша беріп әуре болмаңдар. Одан да осы ақшаларыңның оннан бірін жұмсап, шалға бір тарту – таралғы апарыңдар, – деді білгішсініп.
-Не тарту – таралғы?
-Немене апарамыз? – деп жұмысшылар қайта жанданып, қайтадан гуілдесіп кетті.
-Ол оңай, – деді жолаушы саусағын бүгіп санап тұрып, – төрт – ақ нәрсе.
Жұмысшылар магазинге жүгірді. Біреуі бір июан жирма бес тиыннан екі бау ақ шекер алып, тоқсан екі тиындық бір дана сүлгі орамалға оралд. Мұны үш июан жетпіс алты тиындық тас шайдың үстіне қойды да, Қырекеңнің алдына апарып ілтипатпен қойып қойды.
Қырекең амалсыз басын шайқады. Еріксіз езу тартып күлді де:
-Жә, алыңдаршы, қойшы! – деді қолын бір- ақ сілтеп.
Қыракең осымен үш – төрт ай тыныш болып, қуанып та қалып еді. Қыстауға қона, социялистік тәрбие жүргізілгенде құлағы қайта дыңғырлады.
-Сексен бұқаның енін 160 июанға сатқан.
-Ақ шекер, шай алған.
-Малдың басын қойып, енін сатқан кісі коммунан оңдырта ма?
-Неше жылдан бері көп ішіп, көп жегенін айтсын!
-Қиянатын тапсырсын! – деп қалың зар жақ белсенді суырылып отырды да алды.
Әйтеуір, партия әділ ғой. Қалың өсектен арашалап қалды. Жазғұтұрымғы үйрену қортындысында Қырекең елу жеті юан он сегіз тиын төлеп, қуанышы қойнына симай құтылып шықты.
…Қырекең осы жатқаннан таңға жағын ғана көз ілді. Ояна келсе құдасы да сыртқа шығып барады екен. Таң аппақ атыпты.
Таңертеңгі шай үстінде де Қарекең әлі жібімеген. Қатаң реймен түксиді де отырды. Құдасының сөзін де, мінезін де, тіпті шайды сораптай ұрттап, нанды шапшаң – шапшаң шайнаған бейнесін де жақтырмай жек көріп отырды.
Қырекеңнің бұл қылығына құдасы да шыдамаған болса керек:
-Ал, құда сіздей жақсы құда тапқаныма ерекше қуанышты екенімді айттым. Мен де өзіңіз сияқты момын, жуас адамның бірімін. Құдай да бізді осы ерекшелігімізге қарап жұптастырған шығар. Енді бір ауыз лебізіңізді естігім келеді, – деді бір кезде.
Қарекең құдасының бетіне бажырая қарады. Танымайтын, білмейтін адамды алдағандай артық сөйлегеніне шыдай алмай кетті.
-Әй, сен жаңа момын, жуаспын дедің ғой. Бірақ, елдің бәрі сені қу, залым деп жүрген жоқ па? – деді әдейі ыза болса ыза болсын, көрмесе көрмей кетсін деп.
Құдасы ыза болғанның орнына сылқ – сылқ күлді.
-Әй, Қыреке, қызықсыз ғой, ел не демейді!? Баяғыда осы ел сізді де сөз ғып, сексен бұқаның еніне қиянат қылған деп не көрсетпеді?! – деді жымың қағып.
Қырекең үндеген жоқ. Құдасына сездірмей ақырын бір күрсініп алды да ,жерге қарап, шайын ұрттай берді.