Қызыл әскердің әйелі
әңгіме
Дүниеге әйгілі Қытайдағы мәдени революцияның қан жалап тұрған бір кезі. «Төңкеріске қарсы елементтер, партия ішіне жалбызбалап кіріп алған капитализм жолымен жүрген ұқықтылар» деп аталатын бір топ адамды күреске алып жатты. Бұлардың көбі осы ауданның бұрынғы секретары, әкімі және сол қатарлы лауазым иелері. Бәрі де еркектер. Ішінде жалғыз ғана әйел бар.
Ол кез, қысқа ғана бірнеше жыл болса да, кедейлер мен тексіздердің құтырынған заманы еді ғой. Оларға Хоң Вей биң (қызыл қорғаушы) деп ат берілген. Бәрінің білегінде қызыл жең белгі. Құдайдан кейінгі билік солардың қолында. Атса да, шапса да сұрақ жоқ, шексіз бейпіл үстемдік.
Сол күнгі кезек әлгі жалғыз әйелге келген. Аудандық әйелдер бірлестігінің бастығы еді. Аты Ли Жыңжу болатын. Таныстарының көбі оны Жыңжу деп атайтын. Қытайда фамилиясын қоспай, тек атын ғана атау таныс, жақын адамдар үшін жан тартып, еркелетудің белгісі есептеледі. Оның үстіне Жыңжу меруерт деген сөз. Бұл әйел шынында да меруерт десе дегендей меруерт еді. Бір көрген адам «мынау өзі адам ба, әлде перизат па?» деп таң қалатын. Ақ бөрте, дөңгелек жүзінен жып-жылы бір нұр есіп тұрушы еді. Үлкен бота көздерінен танымайтын жат адамды да жан тартып, баурап алатын жанашыр, мейірім сәулесі үзілмейтін. Тіл қатқанда қай қашан да жарқ етіп барып, жадырап сөйлейтін. Анасынан туғаннан бері ешқашан қабағын түю дегенді білмейтін жайдары жандай сезілетін. Анда-санда оңашада, үнсіз бір ойға шомып отырып қалғанда көз шанағына жасырынып жатқан болымсыз мұң көлеңкесі де еркек кіндіктілердің оған деген құштарлығын арттыра түспесе, әсте кемітпейтін. Келбетіне сай дене бітімі де келісті, орта бойлыдан биіктеу, сұңғақ тұлғасы сындардай әдемі еді. Ұзақ уақыт кездеспей жүріп, қол беріп бір амандаса қалғанда ып-ыстық, әрі жұп-жұмсақ алақанымен еш тартынбай қысып-қысып қоятын. Ал мінезін айтсаң, одан мүләйім, одан мейірбан, одан ақылды жан баласы жоқ сияқты болып сезілетін. Сыртынан көріп бәріміз де «әттең!» дейтінбіз.
Мұндай жиынды «күрес» деп атайтын. Күндіз елдің бәрін ауыр еңбекке апаратын да, кешке осы «күрес жиынына» әкелетін. Содан түн ортасы ауғанша, хоң вей биңдер қашан жалығып, шаршағанға дейін қалай ұрып-соғып, қалай қорлап, қалай аяқ асты етсе де, солардың өз еркінде болатын.
Ли Жыңжуды екі белсенді екі қолынан сүйрете, дедектетіп алып келді де, ортаға апарып, басын игізіп, тұрғызып қойды. Ұрандар шақырды. Оның компартияға қарсы қылмыстарын әшкереледі. Сонан соң қысқартып қиған шашынан кейін қарай жұлқа тартып, басын кекжите жоғары көтерді.
Сұрақтың, қылмыстың түйіні екеу еді. Біріншісі, ол өзінің бір құрбысына сыр етіп, аузынан жазып: « Компартия, Қызыл армия дейсіңдер. Адам емес, айуан ғой бұлар. Барып тұрған жауыздар да осылар» деп айтып қалса керек. Алдымен осыған жауап сұрады.
-Айтқаным рас.- деді Ли Жыңжу титтей шімірікпестен қасқая қарап тұрып. Сахна күңгірттеу блғанымен, оның жүзі аппақ қудай болып, анық көрініп тұрды. Дөңгелек жүзі бейне бір қараңғыда, ақша бұлттың аржағынан көрініп тұрған солғын ай секілді. Мынау жұрт алдында, талқы үстінде де өзін түзу ұстап, шалқақ тұр.- Айтқаным рас. Бұл туралы мен орталық комитетке, төраға Маоның өзіне де жазғанмын. Оны сендерге айтпаймын.
Белсенділер қанша қысап, қинап сұраса да, ұрып-соқса да онан басқа ләм деп ауыз ашпай тұрып алды.
Онан соң:
-Аудан секретары Шүй Пұңтұңмен көңілдес болғансың.- десті бұл сұраққа көбінесе әйелдер жағы белсенділік танытып.
-Қайсысың ұстап алдың? – деді Ли Жыңжу олардың өзіне қадалып.
-Елдің бәрі біледі оны,- десті бейбастақ топ босқа әулігіп.
Ли Жыңжу оларды масқаралай, мырс етіп күліп алды. Жауап бермей бәрінің басынан аса жоғары қарады.
-Сендерге әуре болып аузымды ауыртпаймын,- деді ол оларды бойына тоғытпай.
Белсенді қыз-қатындар онан арман жындана түсті. Оның мойнына құрым кигіз, шақай-шұлғау әкеліп ілді. Моральсыз, жезөкше адамды Қытайда осылай масқаралайды.
Ли Жыңжудың ыза болғанын көргенім осы. Көздері шатынап, түсі құп-қу болып, сұрланып алып, қалш-қалш етті. Мойнына таққан нәрселердің бірін бір, екісін екі жұлып алып, белсенділердің өзіне лақтырды.
Күрес жиыны дегенді біз көргелі қашан? Қаншама жылдар өтті? Қаншама ер жігіттер, атан жілікті атпал азаматтар әлдеқандай себептермен ортаға түсіп, соның зардабын тартты. Бірақ ешкім дәл мына Ли Жыңжу сияқты қарсылық көрсетпеген еді. Бәрі де жұп-жуас болып, үйдей пәледен үндемей құтылатын. Тек мына бейшара, шүйкедей әйел заты ғана қорлыққа шыдамай жан таласты. Жан дауысы шыға шырқырай айқайлап, янаттағанын янаттап, ұрғанын ұрып, екі қолымен екі әйелдің шашынан ұстаған бойы айырылмай, тістеніп, қарысып қалды.
-Жауызсыңдар түгел!- деді қырқырап
Белсенділер де кәріне мінген еді. Бәрі жабылып, қаптап кетті. Біреу олай сүйреп, біреу бұлай тартқылап, жұдырықтың астына алып, ұрып-соғып, тепкілеп, ес ақылын шығарды. Ең соңында әл-қуаты құрып, еш қауқары қалмаған, бет-аузын ғана қорғаштай беруден арыға бара алмаған дәрменсіз әйелдің үстіндегі киімдерін де дал-дұлын шығарып, жыртып тастады. Кеудесіне киген пенжегінің жағасы біреудің, жеңі біреудің қолында кетті. Өңірлерін айырып-айырып талап алды. Іш көйлегінен де ештемесін қалдырмады. Бір белсенді оның бауы үзілген лефтігін биік көтеріп, аспанда айналдырды. Дәл осы тұста ғана Ли Жыңжу бүгіле берді. Қара қорым қалың топтың арасынан аппақ денесі батып-сіңіп, аппақ жоны бір көрініп, бір жоғалып, еңкейіп қалды.
Мұндай кездерде мен ылғи шетте тұратынмын. Әр күні кешке күрес жиынына жүрер алдында әкем мені ерекше сақтандырып: « Аллатағала бәрін көріп тұр. Ешкімге қол тигізуші болма!» деп, тежеп-тежеп жіберетін. Бойым да биік еді. Сырт жақта тұрсам да ештеңені көрмей қалмайтынмын. Бағанадан Ли Жыңжуды да көріп тұрмын. Бір есептен ерлігіне риза болғандайсың. Бірде жаның ашиды. Бір кезекте қалың топтың ішінен мен оның екі қолымен екі омырауын ғана басып, бүрісіп, бүктеліп, қауқарсыз шыр айналып жүргенін ғана байқап қалдым. Сонан ары шыдамай кеттім:
-Тоқта!- деп қалай айқайлап жібергенімді өзім де білмеймін. Топты адамды кие-жара алдыға жетіп бардым. Ли Жыңжудың маңайында үймелеп жүрген бірнешеуін кейін қарай лақтырып-лақтырып жібердім де, тыржалаңаш бүгіліп, еңкейіп тұрған аппақ арудың ту сыртынан қаусыра өзімнің шапанымды жаптым. Көзіме қан толып кеткен еді. Ештеңені көргем жоқ. Ештеңеден тайынатын да емеспін.- Тоқта! Тарт қолыңды! Төраға Маоның нұсқауы бар ғой: «қару күресін қолданбау керек» деген. Қылмысы болса жауабын дұрыс ал. Қорлама әйел адамды!- дедім ызадан жарылардай болып, қалш-қалш етіп…
Күндер өтті. Кейін Қытайда осылайша, қырық жыл бойы ойына келгенін істеген Мао өліп, жаңа ұрпақ таққа отырды. Одан мүлде басқа, ақылды басшылар билік басына келді. Ілгерінді-кейінді болып, қырық жыл бойы Маодан қорлық көрген бейуаз жандар көз жасын сүртіп, компартия билік басына келгеннен бері бірінші рет адамша өмір сүре бастады. Сол қатарда Ли Жыңжу да азат болды. Бұрынғы міндетіне қайта отырды.
Мен де сол ауданда малшаруашылық бөлімінде бастық болып істейтінмін. Біздің жұмыс жыл бойы мал соңынан шапқылау. Малшылар қыстауға орныққаннан кейінгі бірнеше ай болмаса, көбінде кеңседе отырмаймыз. Сол себепті Ли Жыңжумен де түйе боталағандай, анда-санда ғана бір кездесіп қалатынбыз.
Иә, түк те таңқаларлығы жоқ. Сол бір абыройсыз күрес жиынынан кейін ол маған ерекше бір ілтипатпен, жылы қабақпен қарайтын болып алып еді. Әр жолы кезіккенде жадырай жарқылдап, аппақ қолын ұсынып, ұзақ кідіріп қалатын:
-Жыл құсындай әрең кезігесің,- дейтін қолымды дереу босата қоймай.
-Біздің шаруа осылай. Мал қайда болса, біз сондамыз ғой.
-Сені үзбей ойлап жүремін.- дейтін кейде екі көзі күлімдеп, жүзінен нұр төгіліп, қып-қызыл болып,- Ертегінің батырлары сияқты балуанға біткен денеңе сай жүрегіңнің түгі де бар ер жігітсің!
-Қалайша?- деймін мен әдейі монтансып, өзім жайлы жақсы лебізді жұрттың аузының суын құртқан әйгілі сұлудың өз аузынан естігім келіп.
-Анау күрес жиынындағы ерлігіңді айтам.
-Жоқ, нағыз ерлік сенікі болатын.
-Менікі дейсің бе?- деп ол ондайда ақырын күліп қоятын,- Қайдағы-ау?! Қалың тобырдың дүлей толқынына жалғыз қарсылық көрсетем деген есерлік қой менікі. Нағыз ер жігіт деп сені айтса болады. Сол күнгі күрес жиынында, бәлкім, бірнеше жүз, бәлкім, мың адам болған шығар. Солардың арасынан жолбарыстай атылып шыққан жалғыз сен болдың ғой. Оның үстіне мен кімің едім сенің?! Бұрын тіпті аман-сәлеміміз де жоқ албаты біреумін. Сенің маған күйінді болатындай түгің де жоқ еді? Мың адамның арасынан басыңды қатерге байлап жарып шығатындай менің саған қандай өтілім өтіп еді?- дейтін еді көздері жасаурай түсіп.
-Бәлкім, мен саған ғашық шығармын,- деймін мен әзілдеп.
Ол менің кеудемнен еркелете нұқып қояды.
-Шынын айтсам, маған ғашықтар болған. «жанымды сенің жолыңа арнайын» деп үзіліп, жалынып жүрген талайы сол күні де сонда отырған. Бірақ өз сөзін ісімен дәлелдеген ешкімі болған жоқ.- дейтін еді. Өзінен өзі жасып, күрсініп қалатын.
-Әй, сен шыныңды айтшы, Жыңжу, сондағы саған қойылған екі сұрақ та қызық еді. Әсіресе, біріншісі. Сен соны түсіндірмей кеттің ғой.
-Несі қызық оның?- дейтін ол түсін салып.
– Мына заманда, жүрегінің түгі бар адам ғана жауыз деп әшкере айта алады оларды,- деймін «компартия, қызыл армия» дегенді айтуға қазір де батылым бармай.
Мұндайда оның түсі сұрланып кетеді.
-Ол рас. Бірақ оның саған не қажеті бар?
-Әншейін. Деседе білгім кеп тұрады. Соны бір ұмытпай ойлаймын да жүремін.
-Ол қызық емес, қасірет. Дегенмен аңсарың ауса, сенен жасырмаймын.
Шынын айтқанда мен де оны жақсы көретінмін. Сұлу әйел, оған қоса мінезді, қылықты болса, ол да бір дерт қой төте келген. Оның үстіне оның анау естен кетпес қайсарлығы мен ерлігін айт. Қай заман, қай кезде де шындықтың бетіне тура қарап сөйлей алу мың да бір адамның қолынан келе бермейтін асыл қасиет екенін ойлағанда көз алдымда ылғи Ли Жыңжу тұратын. Бірақ біз әдептен аттап, сыпайы әзіл- қалжыңнан асып, ештеңе дескеміз жоқ . Сонда да екеуіміздің жүрегімізде де ауызбен айтуға дәтіміз бармайтын аса бір құпия сыр жасырынып жатқан секілді еді.
Қызық болғанда мұны сол Ли Жыңжу шешті.
Аймаққа жиынға барғанмын. Он жеті этажды үлкен мейманханада жаттық. Кешкі уақытта, бөлмеде жалғыз отыр едім, ойда жоқта Ли Жыңжу кіріп келе жатты. Мен қуанып кеттім бе, таңданып қалдым ба, өзім де білмеймін. Қапелімде аузыма сөз түспей:
-Ау, сен қайдан жүрсің мұнда?- деппін оған амандасудың орнына.
Ол әдетінше жымиып езу тартты.
-Иә, сенен басқа ел келмей ме мұнда?- деді мен ұсынған орындыққа отырып жатып.
Мен үндегем жоқ. Оның бетіне барлай қарап отырып қалдым:
-Мен келеді деп ойламаған болдың ғой,- деді ол сәлден соң ақырын күрсініп,- Өзім де солай мөлшерлеп едім. Сенің артыңнан әдейі келдім.- деді ол бұл жолы әнтек тартына, жасқана тіл қатып. Дірілдей шыққан дауысынан толқып тұрған жан күйінің бір тынысы анық аңғарылғандай еді.
-Қашан шықтың, шаршаған жоқсың ба?- дедім мен оған жалбақтап.
-Таңертең шығып едім. Түсте жолда біраз демалдым.- деді де аз кідіріп барып, сөзін қайта жалғап әкетті,- Сенің осында жиынға кеткеніңді естідім. Сонан бір шаруаны сылтаураттым да осылай қарай тартып отырдым. Бармақтай мансап, үкіметтің машинасы – оны осындайда бір пайдланып қалайын дедім. Сен білмейсің ғой, маған елге үлестірген сияқты тектен-текке, оп-оңай бере салды дейсің бе? Мұны мен қор болған өміріме, жайнап тұрған жастық шағымның бодауына, ар-намасымның төлеуіне алып отырмын. Оның бәрін мен саған кейін айтып беремін. Жоғарыда оңаша бір бөлме дайындатып қойдым. Соған барып сөйлессек қайтеді?
Аздан соң жайлы да тыныш, кең бөлмеге шықтық. Былқылдақ диванда Ли Жыңжу екеуіміз ғана отырмыз. Алдымызда аласа үстел. Дастарқан толық. Тағамы да, шарабы да – бәрі дайын. Бірер румкадан ішіп, бетімізді аздап қалыңдатқандай да болдық. Сонан әңгіме-дүкен қызып, жадырап сала бердік.
-Осындай бір көңілді отырған уақытымды ғана тірі жүрген күніме есептеймін. Өкінішке орай мұндай күндер менің өмірімде саусақпен санарлықтай өте аз.- деді ол маған сездірмеген болып, ақырын күрсініп,- Бәлкім, әйел болып туғандығым үшін, бәлкім өзгеше тағдырға тап болғандығым үшін шығар, біреудің мейіріміне, біреудің еркелетіп, маңдайымнан сипағанына зәру сияқты болам да тұрам.
-Жарайды, онда мен сені ерелетіп, арқаңнан қағып, құшақтап қояйын, бола ма?- дедім мен оның мойнына қолымды артып.
-Оны несін сұрайсың, сен мені бірінші рет құшақтап отырған жоқсың ғой,- деді ол еш қымсынбастан.
-Қалай?- дедім мен оның сөзін түсінбей.
-Баяғыда, анау күрес жиынында қалың елдің көзінше құшақтағаныңды айтам,- деп күлді ол менің қолымның сыртынан сипалап.
-Ой, иә, солай еді-ау,- деп мен де жадырап күліп алдым,- Айтпақшы, сондағы екі сұраққа сен әлі жауап бермей келесің ғой. Соңғы бір кездескенде «кейін айтып беремін» дегенсің. Бірақ сәті түспеді.
-Өзім де саған соны айтайын деп едім.- деді ол әнтек ойланып,- Бәлкім, сол үшін де келген шығармын. Мұқым елден алабөтен кез болған ит тағдырымды енді өзгерте де алмаспын. Десе де маған сүйеу, медеу болатын бір ержігітке зәру едім.- деді кеудеме басын сүйеп,- Оны еске алу мен үшін қандай ауыр десеңші. Бірақ ұмытайын десең де, ұмытылмайтын қырсық қой ол мені таңдап жабысқан!
Ли Жыңжу менің кеудеме маңдайын сүйеп, бетін үйкелеп жылап отырды.
Х Х Х
Осы бір ит арқасы қияндағы шекара ауданға мен тұңғыш рет 1952 жылдың қараша айының орта шенінде қадам бастым. Ол кезде бұл жер ақ қар, көк мұз еді. Гүйжоу деген өлкеде, соның Ән-чуан деген аймағында, қар жауып, боран соққан дегенді білмейтін жылы жерде өскен маған бұл жер ту бастан-ақ тозақ болып көрінгені рас. Оның үстіне біз үйімізден аттанғаннан бері қанша жол жүрдік деші. Тұп-тура алты ай. Алғашында бір-екі ай Гуйяаң қаласында болдық. Бізді сонда оқытамыз деп әкелген ғой. Төраға Мао бастаған компартияның, төртінші және сегізінші қызыл армияның қалың халықты бақытқа жеткізетіні жөнінде сабақ алдық. Коммунистік жастар одағына қабылдандық. Сонан компартияға мүшелікке кандидат болып, аз уақыттың ішінде мерейіміз өсіп шыға келдік. «Жастар сендер қоғамның иесісіңдер. Қытайдың болашағы сендердің қолдарыңда» деген тәрбиені құлағымызға құя-құя, ең аяғында бізді алыс шеттегі ауа райы суық, жағдайы қиын, жан бағысы нашар әрі санасы мүлде төмен, әлі оянбаған, жабайы тұрмыстағы аз ұлттар қоныстанған аудандарға барып, халық үшін еңбек көрсетуге үгіттей бастады. «кім ержүрек, қаһарман болса, сонда баруға ерікті тізімделсін» деп ұран тастады. Он жеті жастағы кезім еді. Кеудеммен тау соққан албырт шағым. Мен де тізімделдім. Біріншіден, өз құрбыластарымнан бөлініп қалып қоюға намыстанған шығармын. Оның үстіне ауылда жер реформасын жүргізіп, тап талдаған кезде біздің семьямыз орта шаруа болып айырылған. Ата-бабадан қалған жеріміздің бір бөлегі кедейлерге алынып берілген. Біздің помещик, бай диқандар тобына, жау қатарына қосылып қалуымыз да, кедей, төмен орта шаруалар санатында ұкіметтің қамқорлығына бөленуіміз де оңай, екі ұдай күйде тұрған жайымыз бар еді. Әке-шешем осыған да тәубе деп аузын бағып үндемей қалған. Кедей-кембағалдардың балаларын қызметке алып, комсомолға кіргізіп, қастерлеп жатқанда біз де оған қызыға қарайтынбыз.
Енді мынау мен үшін жақсы орай еді. Алысқа, шет аймаққа барсам да мұндағыдай көз түрткі болып, төменшіктеп жасып жүрмеймін ғой. Ол да адам жасап жатқан жер. Үйреніп кетермін. Оның үстіне партия әдейілеп, таңдап апара жатса…» деп ойлайтынмын.
Сонымен төсек-орнымызды буып алдық та, Гуйяң-Чүңчиң-Ланжоу поезымен батысқа қарай бет алып, зымырап жүрдік те кеттік. Біз бір вагонда қырық қыз едік. Айтуға қарағанда ұлдар кейінгі жолы, бөлек поезбен келетін болса керек.
Ланжоудан бері өткеннен кейін-ақ жол бойынан бұрын үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін қара мұртты, қаба сақалды, қоңқақ мұрынды жерлік халықтарға кез болдық. Үрімжі қаласында да қытайлар көп емес екен. Қытай дегенде бізді компартяның кадрлары, қызыл армияның жауынгерлері ғана қарсы алды. Бұл арада ішкі Қытайдың әр-бір өлкесінен келіп жатқан қыздар да көп екен. Бұрын келгендер кейін келгендерді тосып, тағы біраз уақытты босқа өткіздік. Оның үстіне бұл арада бізге шыт жаңа бөліс жүрді. Мұндағы қытайлар бізге жан тартып, қамқорлық танытты. Әрі жанашырлықпен ескертіп:
-Ендігі баратындарың Алтай деген өлке. Алты ай жаз болса, алты ай қыс болатын суық аймақ. Оның үстіне компартияға, қытайға қарсы ұзақ жыл бүлік шығарған бандиттердің мекені. Барған жерлеріңде партияның төңірегіне тығыз ұйысыңдар. Қырағы болыңдар. Бір-біріңмен ынтымақтасып, тату жүріңдер.- деп ақыл айтты.
Сонымен біз бір-бірімізді танымайтын жиырма алты қыз бас қосып, қараша айының бас шенінде бір жүк машинамен солтүстік жақты бетке алып кете бердік.
Біз ауылдан шыққанда мамыр айының маужыраған бір тамаша кезі еді. Енді бірнеше күн жүргеннен кейін өзіміз туада көрмеген қарлы даланың шетіне іліндік. Бізді ол жерде ат жеккен шаналар күтіп тұр екен. Үрімжіден әрқайсымызға бірден тері тон таратқан. Соған оранып алдық та, кейде шанамен, кейде жаяу итырықтап отырып осы жерге, аудан орталығына келіп тоқтадық.
Жүрегіміз лүпілдеп, көзіміз бақырайып қорқа-қорқа келсек те, мұнда да бізді ылғи қытай тектілер қарсы алды. Айтуларына қарағанда олардың келгеніне де бір жылдай ғана болыпты. Жалпы саны жиырма-отыз мөлшерінде болса керек. Олар да түгел біз сияқты ішкі Қытайдан шыққандар екен. Партияның осы аудандағы қызметіне жауапты болып келген азаматтар. Бастарына көк түсті шүберек малақай, үстеріне де дәл сондай көк шапан, көк шалбар киген партия қызметкерлері. Ұзақ уақыт армияда болған, қызметке тәжірибелі, кішпейіл, сабырлы, орнықты адамдар. Бәрі де жасамыс, егде еркектер. Қызыл армияның сақа жауінгерлері.
Біздің келгенімізге олар ерекше қуанды. Жылы үйге орналастырып, жақсы тамақтандырды. Көңілімізді аулап, көпшік қойып дегендей үгіт жұмыстарын жүргізді. Оқу, үйренуге ұйымдастырды. Алғашқы бір апта ішінде біз: «партияның айтқанын екі етпей орындауға, осы ауданда орнығып, тұрақтап қалуға, сол арқылы жаңа Қытай үшін өзімізді арнап, еңбек көрсетуге дайынбыз» деген мазмұнда тәрбие алдық. Соған адал болуға аузымыздан ант беріп, қолымызбен серт қағаз жаздық.
Бәленің басы, міне, осыдан басталды. Ваң фамилиялы секретарь бар екен. Бір күні сол келіп жиын ашты:
-Қыздар, сендерді қызыл ту алдында ант берулеріңмен құттықтаймын. Ендігі міндет – осы шекара ауданда мәңгілік тамыр тартып, орналасып қалу. Ол үшін сендер түгел тұрмысқа шығуларың қажет. Біздің осы аудандық комитетте жиырма алты ер азамат бар. Былай қарағанда олардың бәрінің де жасы үлкендеу. Өйткені олар бәрі де жастайынан қызыл армия қатарында болып, ұзақ жылдар бойына өзінің жеке басының қамын ойламай, өз өмірлерін партия ісі жолына арнағандар. Бәрі де қаһарман жігіттер. Партия орталық комитеті мен төраға Мао олардың күрескерлік рухын жоғары бағалап, олардың ұзақ жыл бойы армия қатарында жүріп, үйленуге мұршасы болмаған осы жағдайын ескеріп, соларға қамқорлық жасау үшін сендерді осында жіберіп отыр. Сендер соларға күйеуге шығасыңдар. Мынау шекара ауданда мұнан былай солармен қол ұстасып, бірге төңкеріс жасайсыңдар.- деді ұзақ сөзін қорыта келіп.
Қыздар шулап кетті:
-Бізді қызметке барасың деп жіберген.
-Мұны бірінші рет естіп тұрмыз.
-Жоқ. Бұған көне алмаймыз.
-Бізді қалайша зорлап тұрмысқа шығармақсыңдар?- деді әркім әр тұстан наразылық пікірлерін ашық айтып.
Секретарь ендігі сөзді ұзартқан жоқ.
-Бұл – ақылдасу емес, бұйрық. Қазір сендер де түгел қызыл армияның жауынгерлерісіңдер. Солдаттың міндеті бұйрықты орындау. Бұл – бір. Екіншіден, бәрің де партия мүшесісіңдер. Партияға кіргенде ант бергенсіңдер. Ант, серт – біреу ғана. Басқа жол жоқ,- деді кесіп айтып.
Қыздар қайтеді? Біреу жылады. Біреу ыза болды. Біреу янаттады. Біреу өкпеледі дегендей. Улап-шулап, зарлап-жылап, толқып-толқып барып сабасына түсті. Ақырында ересек бір қыздың айтқан сөзі соның бәрінің ең соңғы кесімі сияқты болды:
-Қыздар, босқа әулікпеңдер! Біз үйден шыққанда қателескенбіз. Енді басымызды тауға ұрсақ та, тасқа ұрсақ та ештеңе өнбейді. Білесіңдер ме, біз қазір қайда тұрмыз? Поездбен, машинамен, ат-көлікпен алты ай жүрдік қой. Ел қайда, біз қайда? Қанатың болса ұшып көр. Әйтпесе амал жоқ. Маңдайымызға жазған екен, шалға болса да тиеміз. Көнсең де осы, көнбесең де осы!- деді.
Ақыры оған да келістік. Сонан «енді кімді таңдаймыз, кімге тиер екенбіз?» деп, жүрегіміз лүпіллдеп, соған алаңдап едік. Аудандық партия комитеті мұны да шешіп қойыпты:
-Ұранымыз – Коммунизм. Жолымыз – Әділдік! Алабөтен әңгіме шықпау үшін жігіттер шар суырады. Шарда қай қыздың аты жазылса, сол соның әйелі болады.
Парткомның бұл шешіміне еркектер жағы түгел разы болса керек. Ал бізде ерік жоқ. Секретарь өзі есік алдында тұрып, бірден- бірден атымызды атап шақыра бастады. Табалдырықтан аттаған қыздың ар жағында бір-бір еркек, жай еркек емес, бір-бір шалдауыт күтіп тұр. Қолыңнан шап беріп ұстай алады да, жетелеп жүре береді.
Білесің бе, менің қолымнан бірінші рет ұстаған еркек, менің тиетін күйеуімнің кім болғанын? Туада бағым жанбаған, шыр етіп жерге түскенде қырсық шалған сормаңдай пендемін-ау, сірә!
Секретарь:
-Ли Жыңжу!- деп қырқ ете қалғанда-ақ жүрегім зу ете түсіп еді. Дір-дір етіп, орнымнан әзер қозғалғанмын. Есік алдына қалай барып қалғанымды, табалдырықтан қалай аттағанымды да білмеймін. Біреу келіп, қолымнан шап ете түсті. Қол емес, тастай суық, темірдей қатты, ап-арық бір сіңір. Қарғаның тұяғындай қатып қалған, жіп-жіңішке бір тегеурін. Білегімнен бүре ұстап, қысып ала жөнелді.
Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасы болатын. Күн шайдай ашық. Айнала аппақ қар. Ашық әуеден лып-лып етіп, күміс қылаулар түсіп тұрған. «Кім екен» деп бетіне жалт қарадым. Кім екен дейсің ғой. Бір жақ беті мүлде жоқ, аузы бір жағына қисайып, бір көзі аспанға шадырайып қарап қалған, қудай арық шал екен. Жап-жалтыр бір шекесі ашық күннің өткір сәулесімен шағылысып жарқырай түседі. Адам емес, әруей сияқты. Түске шайтан кіреді деуші еді. Сол тектес бірдеңе. Басы да жұдырықтай ғана. Біз көріп жүрген әдеттегі көп бастың бірі емес, бас сиқы жоқ, бас болғанда да қағаздай жұп-жұқа құрысқан терілері сүйегіне жабысып қалған, шала мұжылған жарты шеке…Есім ауып қисайып бара жаттым. Көз алдымда көкпеңбек аспан дөңгелейді. Көк иірім бұйра толқындар аунақшиды. Жер бетін жапқан мынау аппақ қар аспанға өрлеп, ақша бұлт болып көшеді…
Есімді жисам ала көлеңке, күңгірт бөлмеде отыр екенмін. Мұз қатып, қырау басқан тебінгідей ғана терезеден шалаңдау бозғылт жарық сәуле бұлыңғырлайды. Сол терезенің мұзы еріген үстіңгі бір көзінен өткен күн сәулесі екі кісілік ағаш төсектің бас жағына түсіп тұр. Күнге шағылысқан айнадан жалтыраған оймақтай сағым тектес. Босаға жақ бұрышта жалғыз көзді плита қойылған балшық пеш. Соның үстіндегі қап-қара тоғадан бозалаң бу елбірейді. Қасында маған бір қырынан, бір жақ бетін ғана көрсетіп біреу тұр. Әлгі… Маған әдейі егескендей тыртық беті жылтырайды. Ап-анық. Бір қолында шөңке. Бірдеңе жеп тұрған сияқты. Шайнаң-шайнаң қағады. Мен екі қолыммен бетімді басып, еңіреп қоя бердім. Сол жылағаннан ұзақ жыладым. Демімді алып алып қайта боздаймын. Солығымды басып алып, тағы өксимін.
-Сен жылама.- деді әлгі бір кезде қасыма келіп,- Орныңнан тұрып тамақ іш. Бидай ұнынан жасалған ақ мома.* Қуырдақ бар. Бір кезде анау ұзақ жорықта жейтін ештеңе табылмағанда біз белбеуімізді, тіпті аяқ киіміміздің ұлтанын да өлжал еткенбіз. Қазір жеңіске жеттік. Азық-түлік, киім-кешекті түгел үкімет қазынасынан тегін үлестіреді. Бәрі бар.
Мен теріс аунап түсіп, екі құлағымды бастым. Сонан қанша уақыт өткенін білмеймін, құлағымның түбі тағы дүңгір-дүңгір.
-Сен алдымен мені танып қой. Фамилиям – Мо. Елдің бәрі комбат Мо деп атайды. Білесің бе сен менің кімдермен бірге төңкеріс жасағанымды. Төраға Мао, бас қолбасшы Жу Де, анау маршалдар Лин Бяу, Ие Жан-иің,Чын Ий, Фың Дехуай – бәрімен бірге болған, солармен бірге бір окопта жатып соғысқан адаммын. Хуай хай шайқасында төраға Маоны зеңбірек оғынан өз денеммен қорғап, ауыр жаралы болдым. Баққа жарай Мао аман қалды да, менің бір бетімді снаряд жарқышағы жұлып әкетті. Көріп тұрсың ғой, одан ештеңе де кем болған жоқ. Дәрігер ұзақ емдеп, бәрін қалпына келтірді. Аздаған тыртық демесең… Бір есептен соның өзі жақсы әуелі. Менің төңкеріс жолында қандай құрбандық бергенімнің айғағы сол. Ел оны бір көргеннен, айтпай-ақ біледі. Ал анау комбат Лин, комиссар Ұу дегендер өтірік бөседі. Мықты болса көрсетсінші кәне қандай ерлікке барғанын. Ал менің қаһармандығымды басқа емес, төраға Маоның өзі де жоғары бағалады. Маған өз қолымен анықтама жазып берді. «Қызыл армияның сақа жауынгері Мо Санпу жолдас қай-қашан да партияның қамқорлығында болуға тиісті» деп анық бұйырған. Өз қолымен. Маған анау генарал Ваң Жын, Ваң энмао, Жаң Жұнхан, Чи Голардың ешқайсысының да тісі батпайды. Сен біліп қой…
—–
*Мома- қытайша. Нан.
Не керек?! Қанша уақыт өткенін, күннің батқанын, таңның атқынын да
білмей жыладым да жаттым. Есімді бір жиған кезімде қасымда әлгі әруей сарнап тұрады:
-Сен мені жасы үлкен деп ойлайсың ба? Жоқ. Олай ойлама. Мен қағаз жүзінде биыл қырық жеті жастамын. Содан менің Гоминдаң армиясымен, Чан Кайчимен, арасында Жапон албастыларымен тұп-тура отыз жыл соғысқан төңкерістік стажымды, сол қырық жетіден менің осы отыз жылымды алып тастағанда, мен де өзіңдей тұп-тура он жеті жаста боламын.
-Оттапсың!- дедім мен оған бірінші рет тіл қатып.
Бұл тұста менің көз жасым да сарқылаған болатын. Тұла бойымды кернеген ашу-ыза ғана қалған. Енді соған кезек бердім.
-Бүгін міне үшінші сөтке. Сен әлі нәр татпадың. Бірақ адам аштықтан жуырмаңда өлмейді. Жеті күн, он күн деген сөз емес. Деседе, дұрыс емес мұның. Соғыс кезі емес қой аш жүретін. Ол кезде біз амалсыздан, жейтін ештеңе болмаған қиын жағдайда аш жүрдік. Ал қазір бәрі де молшылық. Біз халықты, сендерді осы жақсы өмірге жеткізу үшін күрестік. Азаттық үшін қан төктік. Енді немене…- дейді әлгі көлеңке менің қасымда тұрып алып, аузы-аузына тимей сарнап.
-Жоғал көзімнен! Молшылығыңмен, жақсы өміріңмен, азаттығыңмен бірге жоғал көз алдымнан! Батыр қараңды! Саған қарайтын көзім жоқ. Босат мені. Немесе шақыр анау бастығыңды! Кетемін!- деп мен тағы да екі құлағымды басып алып, теріс аунап түсемін.
Естіп жатырмын. Анда-санда біреулер есіктен келіп хабарласып кетеді. Кім екенін білмеймін. Күбір-күбір сөйлеседі де тез жоғалады. Кейде тамақ әкелетін сияқты. Аяқ-табақ сылдырлайды. Соңғы бір ретінде демімді ішіме алып, құлағымды тіге қалғаным бар.
-Секретарь Ваң…- деп қалды мынау бірдеңе сыбырлап.
Мен орнымнан ұшып тұрайын дедім де, секретарьдың сөзіне құлақ түре қалдым:
-Не ғыл дейсің маған. Енді мен саған оның дамбалын сыпырып беруім керек пе? Қаһарманмын, ермін дейсің. Бір қызға шамаң келмей…Құдай болмаса, оны сенің қолыңнан алатын бұл дүниеде ешкім де жоқ. Өлсе де сенікі, тірілсе де сенікі ол. Не қылсаң да өзің біл. Енді басымды қатырма. Шамаң келмесе, өтінішіңді жаз да қайтарып таста!- деді ол да күбірлеп, ақырын сөйлесе де бар зілімен зірк-зірк етіп.
«шағым айтамын ба» деген секртарымның сөзі осы екенін біліп, түңіліп кеттім. Мұнан құтылатын жалғыз жол бар екен. Ол – өлім ғана.
Секретарь кеткен соң әлгі түнеріп ұзақ отырды. Сонан бір уақытта түрегеп барып, есіктің күршегін іліп қайта келді.
-Шешін!- деді ол маған бұйрықты раймен.
Өзі де түймелерін ағыта бастады.
-Аулақ!- дедім мен барқырай айғай салып, оны жақындатпай кеудесінен итеріп.
-Міне, аулақ!- деді ол шапалақпен бетіме жанып жіберіп.
Қолы қандай қатты. Қызыл әскердің қолы ғой. Бетім дуылдап, басым зеңіп кетті. Ерегісе түсіп, орнымнан ұшып тұрдым. Ол да құшақтай алды. Арбақ-құрбақ алыса кеттік. Еркек қой кім болса да. Оның үстіне байырғы қызыл әскер. Мені алып соқты. Мен де жанталасып, оның бетін тырнауға ұмтылып, екі қолымды ербеңдете бердім. Бір рет тырнап та жібердім.
Сонан ол қайтадан ұшып тұрды. Төсектің астынан, қызыл әскердің көрпе-жастығын буатын шылбырдай ғана кендір жібін алып шықты. Екі қолымнан лып еткізіп, ілмектеп ала қойды да, кіреуеттің бас жағына апарып байлады. Сонан соң екі тіземнен баса, өгізге мінгендей мініп отырып алды да кеудешемді, ішкөйлегімді шеше бастады. Шешті деген әншейін аты ғана, екі өңірінен, екі инішінен ұстап екі жаққа айырып, дал-дұлын шығарды. «енді біттім» деп ойладым мен зар илеп, долылана жылап жатып.
Елде жүргенде, ой, шіркін, қайран ауыл десеңші, өзім құрбы бір жігіт қыр соңыма түсіп жүрген. Ғашық еді. Мен де жақсы көретінмін. «үйленейік. Жаушы жіберем» деді ол бір күні. «жарайды. Қарсы емеспін. Бірақ мен Гуйяаңнан, қысқа мерзімді саяси курыстан қайтып келейін. Сонан соң жібер жаушыңды» дедім. Түн. Айлы түн еді. Біздің есіктің алдындағы орып әкеліп үйіп қойған күріш шөмелесінің түбінде отырғанбыз. Ол маған жабысып, аймалай бастады. Тоқпақпен жебесінен ғана соғып, ақтап алған күріш сабанының қап-қатты сояуларының үстіне нығарлап, кеудемді жаныша қатты қысты. «Айтқаныма көнші. Алшы тілімді» деп жалынды аузынан ып-ыстық жалын бүркіп. Мен тастай қатып, сіресіп қалдым. «жоқ, сен біліп қой. Мен анау аспандағы ақша бұлттай тап-тазамын. Сол аппақ етімді сол күйінде, сенің сол аппақ неке төсегіңе ғана тигіземін»- дедім қасарысып.
Енді міне, сол аппақ денемде, екі тіземді қозғалтпай, есекше мініп алып, қайдағы бір қызыл әскер, кәрі солдат отыр. Анда-санда еңкейіп, ашық жатқан кеудемдегі омырауымның қап-қатты түймешесін шымшып-шымшып ұстап көріп, мәз болып күліп қояды.
-Қымсынады өзі,- дейді мені мазақ қылып.
Ли Жыңжу әңгімесін айтып осы араға келгенде сол оқиғаға қазір ғана душар болып отырғандай ыза болып, булығып кетті. Үн-түнсіз меңірейіп, ұзақ отырып қалды.
-Сонан кейін?- дедім мен ол ауыр күрсініп, солығын басқан бір тұста.
-Сонан кейін… Ол күні ол осыдан арыға бара алмады. Оның есесіне қолымды шешкеннен кейін сол шылбырмен жалаңаш етіме осқылады-ай келіп. Қолының қышуы қанғанша. Жоқ. Ентігіп шамасы келмегенше. Сол күнгі барлық қылығын ертеңінде тағы қайталады. «шіркін, мына шылбыр менің қолыма түссе, буынып өле қалсам» деп ойлап мен жатырмын. Бірақ әлгі мені аңдып алды. Тіпті түнде де жатпай, ошақ басында мүлгіп отырады. Құлағы қандай сақ. Қыбыр етсең көзін ашып ала қояды. Кейде отқа қойған тоғадан бірдеңені алып, ұзақ шайнаңдап, жеп отырады. Шандыр ет пе, ағаш па, шөп тамыры ма, бірдеңені өлгендейін тартқылайды келіп.
Оны кейін білдім ғой мен.
-Сонда сен түні бойы шайнаңдап не жеп отырдың?- дедім бір күні тұңғыш ұлымыз туғаннан кейінгі оның өте бір көңілді сәтінде.
-Онда ма, Һе-һе!- дейді ол сау көзі емес, анау аса қарайтын шадыр көзі де бір мақтанышпен күлімдей түсіп,- Білесің бе сен. Мен өзім туып, өмір бойы әйел қасына барып көрмедем ғой. Басқалар сонан дейді. Сонымен сенің қасыңа жату маған қиын болмады ма? Шіркін, біздің анау қытай медицинасы. Ол қайда-а. Алыста қалды. Сонан әлгі Ваң секретерь, жақсы адам еді ғой, сол бір ем айтты. Мұндай әлжуаздыққа бірден бір дауа иттің шыбығы екен. Һе-һе…
Сөйтіп, мен затымыз төмен, табиғатымыз әлсіз әйелмын ғой. Үш айдан кейін ауыраяқ боп қалдым. Сонда да: «әттең, шіркін, осы кәрі иттен құтылсам» дегенде, еңірегенде етегім толушы еді. Ваң кетіп, ауданға жаңа секретарь келіпті десті. Шүй Пұңтұң деген. Ұзын бойлы, аққұбаша, қырықтар шамасындағы сұлу өңді, келбетті адам екен. Соған барып, зарымды төктім.
-Компартия, қызыл армия халықты азаттыққа шығардық, азап-бейнеттен құтқардық. Еркіндік бердік дейсіңдер. Құтқарғандарың осы ма? Құтқару емес, құрту қой бұларың. Қандай жауыз, қандай мейірімсіз едіңдер!- дедім тілімді тартпай. Әбден ашынып алып едім ғой. Мына қақбастың құшағынан маған өлім ыстық көрінетін. Абақтыға жіберсе де қуанар едім.- Бәрің де алдамшы, бәрің де қара ниетсің шетіңнен!
Шүй Пұңтұң ренжіген жоқ.
-Білем сенің жағдайыңды. Естідім. Айтты бұлар. Бірақ, Жыңжу , Меруерт қыз, өйтпе сен. «сұлу қыз еді. Жүдеп кетті. Адам кейпі қалмады» деп елдің бәрінің жаны ашыды. Көріп отырмын. Бірақ менің қолымнан да келер ештеңе жоқ. Бұл – жоғарының – Маоның өз бұйрығы. Оны ешкім де өзгерте алмайды.- деп маған ұзақ қарап, ойланып отырып қалды.- Тар ойлама, қарындасым, Басқалардың істеген оғаш қылықтары үшін мен сенен кешірім сұраймын,- деді жұп-жұмсақ, әдемі қоңыр дауысымен.
-Жоқ. Кешірім сұраумен ғана бітпейді. Бұл – жауыздық, шектен шыққан қаныпезерлік, қайуандық, қатігездік қой. Бұған жаза керек. Біріңе ғана емес, бәріңе аяусыз, ауыр жаза керек! Құлақ естіп, көз көрмеген ауыр жаза!
-Жоқ. Олай ойлама сен, Жыңжу.- деді Шүй Пұңтұң сол баяғы биязі үнімен. Маған кішілеу қысық көздерінен мейірім төге күлімдей отырып,- Жассың ғой сен. Көп нәрсені әлі дұрыс пайымдай алмайсың. Бұл дүние, мынау әлемнің қашан да екі беті бар. Күн мен түн, аспан мен жер, ер мен әйел, мейірімділік пен жауыздық деген сияқты. Ашулы адам шолақ ойлайды. Сен де солай қысқа кесіп отырсың. Өзің ойлашы, біздің данышпан партиямыз, қаһарман армиямыз халықты осы күнге, мына азаттыққа жеткізу үшін қанша күресті? Қырық жыл. Осы қырық жылда қанша қан төкті? Қанша боздақтарынан айырылды? Қанша адамның өмірі ойран болды. Қанша адам өлді, қанша адам жаралы болды. Қаншасы аяғынан, қаншасы қолынан айырылды. Егер біреу қырық жыл бойы өзіне ілесіп жүріп, жастық жалынын, бар өмірін соған арнап, адалдықпен қызмет етіп келе жатса, ал, жеңіске жеткен соң партия оған қамқорлық жасамай ұмытып кетсе, мейірім көрсетпесе, онда не болар еді?! Маған қырық жыл ілессең де, енді оныңның түк те құны жоқ. Партия үшін бұл өмірде соғыстан, азап-бейнеттен басқа еш қызық көрмей өтіп кет. Қатын да алма. Бала да сүйме… деуге бола ма?! Оның үстіне тағы да діні басқа, қаны бөлек жат бір елдің арасына келіп, соңғы өмірін тағы да сол компартия үшін, отан үшін аранап отырса…Ендеше, партияның істегені саған жауыздық болып көрінгенімен, сақа қызыл әскер үшін жасалған мейірім, шапхат болып есептеледі. Мұны бір де. Екіншіден, біздің қытай халқында бұл ертеден қалған игі дәстүр. Біз осы Шынжаң деген шұрайлы мекенге екі мың жылдың алдындағы сонау Хан дәуірінен бері көз тігіп келеміз ғой. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 125 жылдар мөлшерінде Жаң Чян деген бақауыл үйсін еліне келіп қайтқаны үшін дәлежесі тоғыз уәзірмен теңеліп, мәртебе алғаннан бері қанша тырысшаңдықтар зая кетті. Сонан бері бірінші рет ерлік жасаған Генерал Зо Зұңтаң болды. Ол 1870 жылдар шамасында Шынжаңға кірді де, Үрімжі, Тарбағатай, Іле өңіріне әскер орналастыра бастады. Олар да дәл бүгінгідей салт басты, сабау қамшылы солдаттар болатын. Кейін Чиң патшасы Чян Лун олардың Қытай үшін сіңірген осы еңбегін жоғары бағалап, әрі олардың осы өлкеде қоныстанып, тұрақтап қалуын қамтамасыз ету үшін оларға сыйлық ретінде ішкі Қытайдан сұлу қыздар жіберген. Ол тұстағы солдаттар түгел хат-сауаты жоқ, оқымаған жігіттер болатын. Сондықтан ол кездегі ұлықтар әділдік болуы үшін бір қызды бірден қапқа салып, қаптың аузын буып қойған. Жігіттер бір-бірден аузы буулы қапқа ие болған. Міне, көрдің бе, бұл бізде баяғыдан, бұрыннан қалған сый-құрмет. Мұның мәнісі, кім Қытай үшін өзін арнаса, оның еңбегі ешқашан далада қалмайды дегенді білдіреді. Мұны екі де. Ал, үшіншіден, Жыңжу, біз бәріміз де – сен де, мен де, дәл солар сияқты мынау Қытай деген еліміздің құрбандығымыз ғой. Дүние заңы біреу ғана. Бүгін жылап отырсаң, ертең қуанасың…- дейтін еді Шүй Пұңтұң ұзақ сөйлеп.
Өте білімді, шешен адам еді. Мен оның жалтармай шындықты айтқанына разы болдым. Қанша жек көріп барсам да, осы әңгімеден кейін іштей өзін ұнатып, жақсы көріп те қалдым.
Сонан келесі жолы өзі шақырды:
-Жыңжу, кешірім ет! Айттым ғой саған, сен де өзіңнің қыршын жастығыңды ұлы Қытай үшін, революцияның жолына арнап отырған жанның бірісің. Осы құрбандығың үшін саған да құрмет көрсетілуі керек. Мансап ал. Мына бір ауданның әйелдерін түгел өзің басқар. Жылама. Жарқылдап жүріп жақсы күндерге жет!- деді қолыма аудандық партия комитетінің жазбаша бұйрығын ұстатып.
Ли Жыңжу әңгімесін аяқтап, ауыр күрсініп, керіле шалқалап отырды:
-Білесің бе, Ереке, сұлуға қашан да қатер көп. Бірақ, кім көрінгенді көңілің қаламайды. Және көңілің сүйген біреуің болмаса , (тіпті ол қасыңда болмаса да) бұл өмірдің қызығы жоқ секілді болады да тұрады.- деді құштарлыққа мас, әдейі былдырлаған тәтті үнмен…
Ендігі бір әредікте мен оған өзімсіне тіл қаттым:
-Күйеуің сезбей ме?
-Сен оны білмеуші ме едің?- ол таң қалған әуенмен.
-Иә, бірақ…
-Кейін мен онан өшімді келістіріп қайтардым.- деді ол тістене тіл қатып. Сонан әлденеге аз бөгелді де,- Шүй Пұңтоңның ауысып кетуіне де соның арызы себеп болмады ма?- дегенді қосып қойды ақырын күбірлеп.
Мен оның бетіне жалт қарадым. Ол дереу көзін менен тайдырды да, шалқалаған бойы төбеге тігіліп қалды. Әп сәтте қуарып, сазара қалған сұлу жүзінде енді темірдей көкбеңбек, сұп-суық тап тепсінді. Онан ары мен де қуарлағам жоқ.
Осыдан соң бір ай ма, әлде жарым жыл өтті ме, есімде жоқ, бір күні таңертең қатты ұйқыда жатыр едім, біреу есіктің қоңырауын қағып тұр екен.Таңғы сағат алты мөлшері еді. Күн жексенбі болатын. Мен оянсам да, ұйқымды әзер қиып, еріне тұрып барып есік аштым. Алдымда үстінде кір- қожалақ көк шапан, көк шалбары бар, сол түстес көк шәпкасының маңдайына Қытай қызыл армиясының «1-тамыз» белгісін таққан, бірақ, адам емес, албасты бейнелі біреу тұр екен. Тани кеттім. Көшеде қоқсық ақтарып жүретін сондай бір жарымес бар еді. Жүрегім зу ете түсті.
-Жолдас полковник, доклат беріп тұрған бірінші батальон командирі Мо Санпу, бір жапырақ нан беруіңізді өтінемін,- деді мені көре сала қолын шекесіне апарып, тік тұра қалып.
Мен асханаға кіріп, бір тоқаш алып, есік алдына қайта келдім. Көз алдыма айдай ару Ли Жыңжу келіп еді. Қолымдағы нанды «беремін бе, бермеймін бе» деп ойланып тұрып қалдым.