СҰЛУДЫҢ ШАРАПАТЫ
(әңгіме)
Адам өзгеге ғана емес, өзіне де әділ болуы керек қой. Өткен күндеріме көз жіберіп, ой таразысына салсам, өзімнен өзім жиркенетін талай қылықтарым бар екен: Шектен асқан пысық та болдым. Жел өкпе де болдым. Пайдакөстігім мен суайттығым тағы бар. Бригадир болып тұрған бірнеше жылда қазымыр, қайрымсыздығыммен бұқараның қарғысына да жолқытым. Мұның үстіне бірер іс ойыма түсе қалғанда алды – артымды аңдып, барлап отырмай – ақ көр соқыр тәуекелмен көсіп кетіп, артынан өкінішке қалып жүретін кездерім де аз емес… Осының бәрі жиылып, бірнеше жылдың алдында бригабирлықтан да ұшырып түсірген еді. Сонда да жүрегіме тиген жоқ. Кейін де талай рет бармағымды тістеп қалған жерлерім көп. Талай – талай сөгіске де ұшырадым. Талқыға да түстім. Бастықтармен де шарылдасып жатамын. Жолдастармен де дүлдаразбын. Қойшы, әйтеуір, осы бір қырсықтан құтыла алмай – ақ қойдым.
Өстіп жүргенде мұны аз сынғандай коммунаға жіберілген қызмет тобының бастығы ұзын бойлы, қара сұры жігіт те келе сала – ақ менің қыр соңыма түсті. Әр күнгі жиында құлағымды бір шулатпай қалмайды. Күреске алынып жатқандармен бірге мені де бір – екі рет алдыға шығарып тұқыртып қойды. Домбытқан жай сес емес, текті, зәрлі мұқырату байқалады. Биыл не ғылса да, маған үлкен бір зобалаң келмесе игі деп қорқа бастадым.
Басыма түскен бар тауқымет осы ғана болса, ол да бір сөз ғой. Пішен тасып жүргенде аударылған арбаның астында қалып, әкемнің аяғы сынды. Алғашында қисық бітіп, соңынан қайта таңдырдық. Екі көзі жаудырап, аппақ шөлмек болып ол жатыр. Бұл ғана ма? Осы кезде әйелім тағы ауырып қалды. Түнделетіп ауруханаға апарып жүрып, операция еткізіп, жанын әрең алып қалдық. Мүгедек әке, жарымжан әйел, шиеттей жас, үйелмелі – сүйелмелі төрт балының бар ауыртпалығы жалғыз менің мойнымда. Мұндайда көмек қолын созар жан баласы болсайшы?! Жаны ашып, жақын тартқысы келгендер де бастықтардың, қызмет тобындағылардың ымымен жүгіреді. Сөйтіп бар үмітті қызмет тобының бастығына артқанда мен дегенде кірпідей жирылып, ұрынарға қара таба алмай, қарадан қарап сілтідей төніп жүрген оның кейпі анау.
Бір есептен, оған да сөгіс жоқ. Біріншіден, мені жамандаушылардың тілі де оны маған осылай төндіріп қойса керек. Екіншіден, менің өзімде де бар. Ана бір жолы әкемді сорпалайтын бір бас мал сұрап атірет бастығының есігін тоздырған едім. Ол қызмет тобының бастығына сілтеді. Әке қарызы, басқа түскен мұқтаждық үшін оның алдында да мөлидім. Қайдан жібісін – ау?!
Сол күнгі қорланғанымды, ыза болғанымды айтып сұрама. “бұлардан маған тырнақтай рақым жоғына көзім жетті ғой. Егеске егес, қысасқа қысас” дедім де, түн ортасы ауған шақта ауылдың бір жақ шетіндегі коллективтің қорасынан семіз бір ту қойды сүйреп шықтым. Адам тұр ғой, ит екеш ит те сезбей қалып еді, үйге келе – ақ тошала үйдің есігін ішінен бекітіп алдым да, сығырайған коресин шамның ала көлеңке жарығында жаркемдей бастадым.
Дәл осы кезде біреу есікті тақылдатып, жұдырықтай жөнелді – ау келіп. Үрейім ұшып, ес – ақылым шыға, сілейіп тұрыппын да қалыппын. Адуын күштің тебініне шыдамай есіктің ілгегі де шығып кетті.
-Ім, пысығым, түстім бе үстіңнен? – деп зәр күлкімен сығырайып тұрған қызмет тобының бастығы екен.
-Ойпырай, төраға, қателестім, кешіре көріңіз, – дей бердім мен қалш – қалш етіп.
Оның атының кім екенін мен шынында білмеуші едім. Атірет бастықтары да, белсенділер де, әуелі коммунаның бастықтары да оны осылай атайтын. Менің олардан асып аты – жөні кім екенін сұрауға, құдай сақтасын, дәтім қайтып барсын?!
Кешірген қайда мен сорлыны? Нақ қылмысымның үстінен түскеніне өзі де жерден алтын тапқандай қуанды.
Ертеңінде мені әбден желкеледі. Бастықтардың бейғамдығын да сөкті. Бұқараны қырағы болуға шақырды. Оның мынадай парасат, мынадай іскерлігіне жұртшылық та бас шұлғыды. Тіпті менің өзім де қайран қалдым. Көзге түртсе көргісіз айсыз түн болатын. Жан біткен түгел ұйқы құшағында. Алдын ала ауылды бір айналып шыққанымда бүкіл маңда әлгі бір сестра келіншектің жатағының терезесінен ғана бір жарық жылт етіп сөнгені болмаса, ояу отырған тірі пенде жоқ екені даусыз еді.
Бұл жолы « төраға » мені бұрынғыдан да арман тұралатты. Басқасын қойғанда, “ұрлық істеп, нақ майданда қолға түскен Қасымбайдың семьясының бір айлық астық нормасы тұтас тартылып қылынсын” деп бұйрықты бір – ақ соқты.
Қиын болса да шыдадық. Көрші – қолаңдар көмектесті. Қалған – құтқан тары – талқанымызды талшық еттік. Ол да ұзаққа бармады. Аз – ақ күнде қаптың түбін қағып алдық.
Шиқылдаған шиеттей балалапдың көз жасы, ыңырсыған ауру әйел, қамырықты әкенің қабағы жанымды жегідей жеп, жүрегімді қарабас құртша кеміреді. Олай қиналдым, бұлай қиналдым, құтырып кетуге аз – ақ қалдым. Екі көзім қып – қызыл болып, кімге қалай соқтығарымды бідмей, қаным қарайып, түнеріп алдым. Ақыры не болса да деп тағы бір тәуекелге бел будым.
Көре тұрып бір үйлі жанды аштан өлтіретін емес, тағы бір түнді жастанып, қабымды қолтықтап, мая – маяның арасымен бұқпалап, қырмандағы қызылдаулы бидайға жетіп бардым.
Құдыреттің ісіне не шара бар?! Тағы да қолға түстім. Бұл жолы “төраға” емес, күзетші ұстап алды. Орта қап бидайымен ыдысымды тартып алып, танып кетпеуім үшін кепілге үкісі көбейіп үлдіреп тұрса да қамсау ғып жүрген қара шапанымды қоса шештіріп алып, сүмірейтіп жолға салды. Алғашында табанда айдап әкеліп тапсырмақ еді. Бірақ, қырманды иен тастап кетуге мен сияқты басқа да халық жауларынан қорықты.
Бойымда құр сүлдерім, шықпаған шыбын жаным ғана қалды. Сүлкінім түсіп, аяғымды теңселе басып, әрең жүріп келе жаттым. Бір емес, екі емес, мұнан артық масқара бола ма? “ертең қандай көргілік көрер екенмін” деп те дірілдеймін. “қызмет тобы келіп жатқанда ұрлық істеген адам жайшылықта ел тонамай ма?” деп әнеу күні де кіжіңдеп еді – ау “төраға” енді қайттым?… басқаны қойғанда күнде тежеп, құлағыма құйып отыратын әкеме, алал несібені азырқанбай қанағат тұта білетін әйеліме не бетімді айттым?!
Жол үстінде маған кенет бір ой түсті. Осы бетіммен “төраға” алдына барсам қайтар еді? “алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш” деген ғой. Жалынып – жалпайып көрсем. Ел айтқаннан гөрі өзім айтсам. Бәлкім, ауған түйені басқандай болса да, аздап жеңілдерме екен қылмысым? Әйтеуір, ішуден шыққан көже емеспін бе?…
Ақылымнан алжасып, есім шығып кеткен еді. “төрағаның” жатағына таяған сайын жүрегім аузыма тығылып, аяқ – қолым дірілдей бастады. Бір тамға сүйеніп, сілейіп тұрып қалыппын.
Кенет “төрағаның” жатағы жақтан шыққан аяқ дыбысын естіп, селк етіп, есімді жидым.
Ұзын ішігін күлбіретіп, “төраға” өзі келе жатыр екен. Қорыққанымнан тамға қалай жабысып қалғанымды өзім де білмеймін. Бір тәуірі “төраға” мені байқамады. Дәл менің қасымнан тамды айналды да, терезесінен шам сәулесі жылтырап тұрған сестра келіншектің жатағына қарай аяңдады. Тағы сырқаттанып ауырып қалған ғой тегі. Сыртқы қарасы алпамсадай болғанымен, денсаулығы әлсіздеу болу керек. Әр күні дәрігердің маңынан көретінмін.
Артынан қуа барсам ба екен, әлде бармай – ақ қойғаным жөн бе? “ауру адам тырысқақ” деп ашуын менен алып жүре ме? Жоқ, неде болса тәуекел. Алда – жалда қалаға емханаға баратын болып, ат – көлік іздеп жатса, бірер нәрсеге қажеті түсе қалса, жалпақтап , желпуштап, сәті түссе бір жағынып қалудан орайы табылып қалып жүре ме, кім біледі?!
“Төраға” сестраның жатағына кіріп кеткеннен кейін де мен есік алдында буыным қалтырап, аз – кем тұрып барып, қолым дірілдеп, тұтқаны әрең ұстадым. Есікті ептеп әрең ашытым да, табалдырықтан жүрексіне аттадым. Сол – ақ екен, мелшиіп тұрдым да қалдым. Қу сорым – ай деген. Не көрдім деші?!
Жаз күндері көбінше майкішең жүретін “төрағаның” күнге күйген қап – қара білегі аппақ алма мойынға орала қалыпты. Келіншектің құлаң қара шашы оның білегінің сыртынан төгіліп тұр. Бетін жігіттің кеудесіне сүйеп, көзін жұмып алған келіншек:
-Бүгін тіпті сарыла күттім ғой сені “тағы бір қойдың соңынан кетті ме” деп күдер үзе бастап едім, – дейді наздана еркелеп.
“Төраға” оған бірдеңе дей бермекші болды да, кенет мені көре қойып, селк ете түсті. Оның оқыс шадыраң ете қалған ала көзінен қаһарлы ұшқын, жап – жасыл от көргендей болдым. Жүрегім тас төбеме шықты. Есіктен зыта жөнелдім. Артыма қайрылмай зыттым.
“енді құрыдым” деп ойладым. Бұрынғым аз дегендей, енді оның ізіне шөп салып, басқан – тұрғанын аңдып жүрген адам болып шықтым. Таңертең – ақ ол сақшыдан кісі шақыртады. Маған бір ауыз сөз кезегін берместен – ақ түрмеге айдатады. Сүйеніш, медеуі жоқ жарымжан қатын, жас бала, жаман әке қалады зарлап. Ойпырай деген! Түбіме өзім жеттім – ау бүгін.
Осындай ойлармен шиыршық атып, есік алдында олай да жүрдім, бұлай да жүрдім. Біресе отырдым, біресе тұрдым. Үйіме кіруге де батына алмадым. Бала – шағамның алдында да күнәлі адам сияқтымын.
Таңның қалай атқанын да білмеппін. Бір тәуірі күн тез шықты. Қорадан мал өріп, ел тұра бастады. Мен де тошала үйге кіріп, от тамызып шай қайнату қамына кірісіп жатыр едім.
-Қасымбай, – деп атымды атап шақырған дауыстан селк ете түстім.
Жүгіріп сыртқа шықсам, есік алдында атіреттің завхозы тұр. Сүйреген қол арбасы бар.
-Мынаны түсіріп ал, – деді маған арбадағыны иегімен нұсқап.
Арбадағыға көзім түскенде, шошығанымды айтпа. Кешегі өзімнің қырманда қалдырған қарала қабым. өз қолыммен салғанлағыдай орта емес, серейіп, діңкиіп тұр. Қасында тағы екі қалта ұн.
Миым тұтанып от болып кетті. “мына төрағаның залымы – ай, жарты қап бидай ұрлады дегеннен гөрі бір қап деген көрер көзге де, айтар ауызға да толымдырақ болады деп әдейі алдап жіберіп отыр ғой. Оның сыртында ұны анау. Қырман тонады, қойма шақты деседе сиып тұр. Оның үстіне осы атіреттегі қас дұспаным – мына запхозбен бірлесе қалғанын көрмеймісің” деп суқаным ұшып кетті. Қайтерімді білмей, қалтырап тұрдым да қалдым.
-Не ғып тұрсың сілейіп? Қимылдасаңшы бойыңда жаның болса, тез кіргізіп ал, – деді завхоз қуарлап.
-Жо – жоқ, алмаймын. Рақымет, керегі жоқ, – дей бердім мен березеп болып.
-Алмағаның не сандалып тұрған. “Төраға” өзі бергізіп отыр мұны. Осы үшін құзғын сәріден келіп, сирағымнан суырып алып, “қасымбайдың үйінің ішер астығы таусылып қалған ұқсайды, тез апарып бер, қазір жеткіз” – деп қолды – аяққа тұрғызбады, – деді завхоз түсіндіріп. Шын көңілімен – ақ айтып тұрған кісімісиді. Ар жағында қандай зіл жатқанын мен білмейді деп ойлайды ғой өзінше.
Мен завхозға ләм – мем деместен, “төрағаның” жатағына қарай тарттым. Ол тамағын ішіп болып, темекі тартып отыр екен. Есіктен кіре – ақ зарлай жөнелдім:
-Мен тағы қателестім. Рақым ете көріңіз. Алдыңызға кіріп, аяғыңызға жығылып, қылмысыма тәубә келтірейін деп соңыңыздан барып… ақымақ болдым. Күнәмді кеше көріңіз. Өзім де білмей қалдым, – дедім бас ие жалбарынып.
“Төраға” біраз уақыт өңі бір ағарып, бір қуарып, түнеріп отырды да, одан соң маған көзін жыпылықта та қарап алып:
-Әй, Қасымбай – ай, – деп зорлана езу тартып қойды, – Кел, отыр мына араға. Темекі тарт. Алқыныңды басшы әуелі, – деді жұмсақ үнмен. Шырайы да жылы көрінді.
-Завхоз барды ма?
-Барды.
Ол бір аз түбегеліп, ойланып алды:
-Менде де бір кемшілік болды. Сенің семьяңды ішер астықтан қағуымыз тым артық шара екен. Сенің қырманға баруың да соның себебінен болған. Осыны ойлап завхозды таң атпай жұмсаған мен едім. Онан соң, – деп ол тағы іркіліп отырып барып, жұтқына сөйледі, – Сен енді қорықпа. Сен туралы біз көп тексеру жүргіздік. Кеше кеште – ақ тексеру қортындысын өзіңе оқып беріп, қуантбақ болған едім. Қолым тимей қалды. Біз алғаш келгенде ахуалды қанық білмегендіктен кейбір өтірікшілердің сөзіне нанып қалып, сені бір мезет шетке қақтық. Кейін ойлап көрсем, сен оншалық нашар жігіт емес сияқтысың. Кісі байқайды ғой. Соынмен барлық жұмысты басынан түсіп қайта қарап шықтық. Міне, – деді ол осы араға келгенде папкасын ашып, қағаздарын алып қарай отырып, – Анықтап келгенде оның бәрі өтірік болып шықты. Сен бір кедейдің баласысың. Бұрын да ешбір жамандығың болмағаны анық. Кейбір нәрсені қысым арқылы өтірік мойындағансың. Бұғалтыр болып тұрғанда 1200 юанға қиянат істедім депсің. Мұның да бекер болып шықты. Трактор айдап жүріп, арақ ішіп тракторды жарға құлаттым депсің. Бұл сенің арақ ішуіңнен емес, трактордың рульының венті босағандықтан дұрыс істемей бой бермеуінен болған, техникадағы мәселе. Біз бәрін де жіңішкелеп, тексеріп шықтық… сонымен сені осы коммунаның “Қостөбе” атіретіне бастық қып жіберуді ұйғарып қойғамыз. Міне, тағайындау бұйрығы да жазылып болған. Қазір апарамын да, таңба бастырып әкелемін, – деді “төраға”.
Мен сенерімді де, сенбесімді де білмей, әңкі – тәңкі болып отырдым да қалдым.
Бірақ “төраға” шын айтқан екен. Бірнеше күннен кейін “Қостөбе” атіретіне бастық болып көшіп те кеттім.
Арада бір – екі ай өтіп, қырман жиылып болған кезде қайта бір оралып едім. Қызмет тобы да қайтып кетіпті. “төраға” да жоқ. Сестра келіншек те көрінбеді.
Ес жиып, сергіп те қалған кезім еді. Сол бір келінешекті енді бір көруге қаншалық құмарттым десеңші?!
Пай – пай деген. Өзі де керім – ақ еді. Алма мойын, ақша бет, қиғаш қас, қара көз, бетінің мөрі тамып, дидарынан күн күлімдеп тұратын сылқым еді – ау! Алтынмен қаптаған екі қасқа тісін ақсита күлгендегі күлкісі қандай әдемі деңізші!
Менің бүйтіп ел санатына қосылып, шалқып жүргенім соның арқасы ғой. Құдайым оны енді бір көруге нәсіп етсе еді, аяғына бас ұрып, алтын қолынан сүйер едім. “шапағатшы періштем, ғайыптан қолдаған әулие пірім, қыз болып туғаныңнан айналайын, көк ылағың болайын, садағаң болып кетейін” деп үйірілер едім – ау, әттең!
Шіркін – ай. Қазір қайда екен деші сол жұлдыз!
Мен оның ана кездегі әрі кеңсе, әрі жатақ қып тұрған үйінің тұсынан өте бердім де, атымнан түсіп, ійіліп үш қайтара тәжім еттім.