СІЛЕ

 

 

 

Есағасының шіріген байы Көпбай құдай қазасынан қайтыс болды да, оның асы келер жылы жазда, жайлау үстінде Сынтас көлінің жағасында беріледі деп Алтай – Сауырға сауын айтылды. Алыс – жықынға қадірлі, сыйлы карияның жылдығын жақсы өткізу үшін Жантекей ауылдары ерте бастан дайындық көре бастады.

Кішкене тау, Маңырақты тастап, ауып келгеннен бергі отыз жылға таяу уақытта аралас – құралас болып, қыз алысып, қыз берісіп, іргелес отырған меркіт руы да бұған елеңдемей қалған жоқ. Әсіресе, Сынтастың жанында ғана, Қарағай итының кезеңін жайлап отыратын Жәке бидің өз ауылы алдымен құлақ түрді.

“Керейдің Жәкесімін, меркіттің әкесімін” деп дәуірлеп, толқысып тұрған, Алтайдың құла шегір биі атанып, арғын мен найманға да сөз сөйлеп жүрген Жәке би бұл тұста Алтай Сауырдағы төрт орнының бәрімен түгел құда – тамыр болып араласып кеткен. Ата – бабасынан бері « қарамен араласпаймыз» деп шекара қойып, өзінен өзі алып, қара көктің тұқымының таза нәсілін сақтап келген төре баласы Жеңісқан гүң де ата сертін бұзып, керей ішінде ең алдымен осы Жәке бимен құда болып қалып еді. Енді мына ауыл үстінде болып жатқан мына асқа Алтай елі бірақ қотарылатын болса, Мәми бейсі, Өміртай бастаған Жәдік, Жәнтекейдің мықтыларынан басқа Қабаны мекендейтін Самен төре, Жабағы төре де қалмай келетіні хақ. Сонда ауылының төбесі көрініп отырған Жәке биге түсіп сәлем бермей, кете алатын қазақ баласы болмақ емес. Сол үшін меркіт ауылдары ерте қамданды. Қонақ түсетін басты – басты үйлердің іші – сыртын, жасау – жабдықтарын реттеп, күн бұрын жасап дайындап отыруға әмір етілді. Онан соңғы бір бас қатырған шаруа астың жүлдесі. Алтай – Сауыр өңірінде мұндай үлкен ас анда – сада ғана бір болады. Сонымен бірге мұндай астың дүбірі, дуы да оңай болмайды. Жақсысы болсын, жаманы болсын, тез тарайды. Алысқа шар тарапқа ұзап кетеді. Ауыздан – ауызға көшіп, аңызға айналады. Талай заман өткеннен кейін де ұмтылмай жаңғырып отырады. Әсіресе, осы аста билер арасында сөйленген сөздер, бәйгеден келген жүйрік пен жығып шыққан балуан даңқы тез шығады. Сол бір жүйрік ат, сол бір балуан ас атымен бірге аталып, сол рудың даңқын қоса таратады.

Меркіт елі мұны да ойламай қойған жоқ. Жәке би Әлмембеттің төрт баласынан Ақбай мен Оқбайды, Тыштықбай мен Сіргебайды шақыртып алып, мұны арнайы сөз етіскен. Жүйрік аттарды, мықты жігіттерді атасқан. Бұл күнде меркітте дәмелі – дәмелі аттар болғанымен, он екі керей бас қосқан бәйгеде жүлде алып беретін ат сенімсіз еді. Бірақ, Бурылтоғай мекендеген Құлсары меркітте Әлібайдың қарагері меркіттің аруағын бір көтеріп тастар деп межелеген. Оған арнаулы кісі де жіберілді. Қиыны балуан еді. Ары айтып, бері айтып, әркімдердің атын атап, шабыстырып келгенде сенім артарлық меркіт баласы Шықбай, қатты тарықтырған. Ақыры бұлар Кендірліктегі бес керейге барып, сондағы әйгілі балуан Мұқаны алып келуге келіскен. Мұқа меркіт емес. Атантай, Есағасы, Қазыбекке арырақ барып қосылатын атаның баласы. Көптен балуан аты шығып жүргенімен, ыңыршағы шыққан кедей. Оның үстіне бұл өңірде Атантай да көп емес. Егер жақсылап ыразы ғып бақса меркіт үшін бір жол күресіп берер дегенге келіскен.

Ақыры Жәке де осыған тоқтап, Ақбай мен Оқбайды кендірлікке аттандырған. Олар бір неше күн жүріп, ел қыстауға көшер алдындағы бір кезде Мұқаны ертіп келіп еді.

Сонымен қай – қай жағынан да қамсыз болдық деп есептеген меркіт елі қысты өткізіп, жазға қадам қойған. Қатын – баласын көшіріп әкелуге көнбегендіктен, Мақаның үйіне соғымдық мал, сусындық сауын айдатып, өзін жегенін алдына, жемегенін артына қойып, төредей күтіп еді. Онысыз да денелі, атан сүйекті атпал жігіт қыстан шыққанда тіпті тойынып алған. Желкесі күжірейіп, көзі битиіп, мойны бұрылмай қалған. Кейінгі кездері Жәке би сыншы, сарапшылар шығарып, Мұқаны арнаулы баптап, жаратып, қатыра бастап еді. Жілік майы ағарып, түледіп, түлеп алған Мұқаның дер бабына түсіп, қылшылдаған бір шағы да осы болды. Жүрегі жалғанып, көңілі өсіп, денесі толысып, күш – қайраты жетіліп алған Мұқа күреспеген күннің өзінде мына тұрған алып тұлғасымен – ақ қорқынышты көрінетін. Жүрегінің түгі бар біреу болмаса, қарсы барып ұстасудан айдынатындай болып, айбатымен сескендіріп, зәреңді алып тұрған құж бір жартас еді. Анда – санда кешкі, түскі бір уақыттарда еріккен меркіт жігіттері ойнап, алысып, жабыла кеткенде де, төртеу – бесеуін көтеріп, түрегеліп кететін. Салмағын салып, тіреп тұра қалғанда, көп – көрім дәмелі жігіттер де, оның бураның санындай бір аяғын көтеріп, жылжыта алмайтын.

Сонымен Сауыр елін бір жыл жініктірген Көпбайдың асы ақыры Сынтастың сары жазығында дүрілдеп өтіп жатты. Сарымсақтыдан асырып атты айдап жібергеннен кейін кезек балуанға келді. Бір төбеде тұрып атты жолға салып, енді екіге жарылған ел өз ұрандарын шақырып, екі төбеге жіктелуге қадам қойды. Сауырда негізгі ел болғандықтан, Есағасы, Қазібек бір төбеге, меркіт бір төбеге бет алды.

-Әлмембет, әлмембет! – деп меркіт батысқа таман шаба жөнеліп еді.

-Самембет, Самембет! – деп жәнтекей жағы да ду ете түсті. Тұс – тұстан айғайлап, ұрандап, қиқу салып жамырап кетті. Жер – көкті басына көшіріп, маңайды дүр сілкіндіріп қаранор, қалың топ болып:

-Самембет! Самембет! – деп жер сілкінтті.

Дәл осы кезде сүйекке қызынған Мұқа атты борбайға бір салып, меркіт жағының аузын аңқитып, көзін бақырайтып, жәнтекейдің қалың нуына кірді де кетті. Мұқаның өз ұранына қызып, өз қанына тартып, өз тобына қосылғанына қуанған жәнтекей жағының үлкендері оны алқап, мақтап жатты. Ақыры шешіндіріп, мінгестіріп алып:

-Самембет, Самембет! Балуан, балуан! – деп айғайлап әкеліп, меркіттерге қарсы майданға әкеліп түсіріп қойды.

Тақыр басы жалтырап, асыл бұқаша күжірейіп, бурадай буырқанып, езуінен көбік шашып зіркілдеген Мұқа меркіт тобына қасқая, қарсы қарап отырып алды.

Меркіт жағы қатты қысылып кетіп еді. Мынау деген кіші гірім той – томалақ емес, неше рулы ел жиылған ұлы дүбір, үлкен науқан. Неше күншілік алыстан келіп жатқан қалың елдің ішінде дос та бар, дұспан да бар. Оның үстіне өз балуаның болып, түзу барып, күресіп жығылып қалса, оның да керегі жоқ. Әйтеуір, біреу жығып, біреу жығылатыны қақ. Енді мынадай, бір жыл бұрын дайындық көріп, мұқым елге жариялап алып, бір жыл бойы ақы – пұлын төлеп, арнаулы бағып, сеніп отырған адамыңның мынадай сын сағатта, қапы кезінде жалт бұрылып алдап кетуі меркіт жағын төбесінен жай түскендей етті. Демдерін ішіне тартып, дыбыстары шықпай, ешкім қыбыр етуге батылы бармай сілейіп, отырып қалды.

-Саменбет! Саменбет! – деп айғайлап, жаңағы балуан иесі де арлы – берлі шауып өтіп еді, меркіттердің мыстай болып сүлкіні түсіп, тұқырып отырып қалғанына қыбы қанып, қуанып кеткен қарсы топтағылар да қосыла ұран салып, жер көкті дүр сілкіндірді. Қайта – қайта елеуреп, неше дүркін шулап, су сепкендей басылып, дыбысы өшіп қалған меркіттерді мазақ қып еліріп алды.

Амалы құрып, құр сөлдері қалған меркіт тобы ақырында жаутаңдап Жәке биге қарай беріп еді, қаны қашып, қуарып алған Жәкеби орнынан тұрды. Құлашегір көздерінен қаһар шаша, ызалы от ұшқындап, тым – тырыс отырып қалған елді айнала, тұтас бір шолып өтті де:

-Құржықай қайда, Құржықай?  – деп саңқ ете түсті.

-Мен мұнда. – деп қаңқжақай жас жігіт көп ішінен ұшып тұрды.

Жәке оның өзіне тайсалмай тесірейе қарап тұрған көзіне жанарын бір тоғыстырып, кішкене жеңіл денесін бір шолып өтті де:

-Сен түс, мен батамды берейін, – деді дауысы қалтырап.

Құржықай омырауын ағытып, шешіне берді де, Жәкенің қолын жая бастағанын көріп, қалт тоқтап, ол да алақанын жайып, Жәкеден көз алмай тұрып қалды.

-А, құдай, жан ғып жаратқаның рас болса…- деп күңіренді жасы жетпістен асып қалған Жәке би а дегеннен – ақ дауысы дірілдеп, онан кейін ерні жыбырлап, үні шықпай тұрып қалды. Екі көзін жұмып, тұла бойы қалшылдап, жаюлы алақандары селкілдеп, күбірлеп кетті. Кесек жүзін жуып, кеудесіне түскен үлкен ақ сақалынан тамшыларған көз жасы қара мәуті шапанының өңіріне тырс- тырс тамды. Жәке бимен бірге меркіттің ақсақал, кәрілері де жылап қоя берген еді. Жәке дұғасын айтып болып, “Аллаһуакбар!” деп бетін сипағанда, олар да “Амин” деп көз жастарын сүртті.

Орғып тұрған ақ көк атқа қаршығадай Құржықайды мінгестіріп алған Ақбай:

-Әлмембет! Әлмембет! – деп айғайлап келіп, өз балуанын Мұқаның қарсысына әкеп түсіре салды.

Көздері шатынап ұшып түрегелген меркіт жағы дүрілдеп, айғайлап кетті. Жәнтекей жағы да ұшып – ұшып тұрысты.

Біреуі дәу, біреуі қолтоқбақтай екі балуан бір дем аңдысып тұрып қалып еді. Денесі жеңіл Құржықай тиынша секіріп, біресе о жағына, біресе бұ жағына өтіп, сынапша жылтылдап ұстатпай, Мұқаның ашуын әбден келтірді. Қолына ілінсе болды, көтеріп алып лақтырып жіберуге дайындалып, азуын басып, тісін шықырлатып тұр. Бірақ, Құржықай көпке дейін жуытпай, маңына жақындатпай, ыршып жүріп алды. “әттең” деп Мұқа да қапысын аңдып, қолына бір іліктірудің амалын қарастырып әлекке түсті.

Кенет, ойламаған жерден Құржықай ыршып келіп, Мұқаның бауырына кірді де кетті. Бағанадан қашып жуымай жүрген Құржықайдың қалайша бүйтіп өзі жетіп келгенін Мұқа да аңғармай қалды. Ойламаған тұтқиыл бір әрекет еді. Мұқа сасқалақтап қалды. Енді ақыл тауып, Құржықайды ұстап болғанша, соның арасында, қас пен көзді ілестірмей Мұқаны ашадан көтеріп алған Құржықай екпеттеткен бойында апарып, жерге перді де кетті.

Соны аңдып дайын тұрған Ақбай:

-Әлмембет! Әлмембет! – деп шулаған қалың елдің алдынан Құржықайды мінгестіріп, ағызып өтіп кеткен кезде Мұқа орнынан әлі тұрмаған еді.

Мұқаның мына сұрқынан сескеніп қалып, атынан қарғып түскен өз иесі басын жерден көтерген кезде, оның бет – аузын қан жауып кеткен еді. Жабағыдай ұйысқан сірік шөптің арасындағы қай заманнан қатып қалған бұта – бүргеннің бір түбірі бет – аузын дал ғып, жыртып кеткен екен.

Мұқа қайта еңкейіп, бүгіліп отыра кетті де:

-Мені Құржықайдың күші жыққан жоқ, Жәкенің сілесі жықты, – деп бетін басып, еңіреп қоя берді, – деуші еді осыны көзбен көрдік дейтін ұлы кариалар.

Бізге бәрі белгісіз. Кім біледі, бәлкім, Мұқаның айтқаны да рас шығар!

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here