Бір кәрі аңшымен бірге арқар атуға шықтым. өзім де бұрыннан аңкос едім. Аң жөнінде дардай хабарлы болатынмын. Әсіресе, аңның жатағын жақсы білмеген адамның аң ата алмайтынын әбден білуші едім.
Біз бір мойнақтан келіп қарсы бетке қарап едік, қарсыдағы болымсыз бір жар түбінде үлкен бір құлжа жатыр екен. Біз қайта бұрылып атқа міндік те, ұзақ айналып отырып, құлжа жатқан жотаның ту сыртынан келіп, төбеге шықтық. Шал мені осы араға қалдырды да, өзі бүкшеңдеп, атысқа қолайлы бір тастың түбіне қарай тұра жөнелді.
Мылтық дауысы қашан шығады деп әлі отырмын. Дыбыс жоқ. Анда – санда астыңғы жағыма үңіліп қоямын. Не аңның қашқан дыбысы, не мылтық дауысы шықпай ұзық зарықтырды. Бір заманда кәрі аңшы айғай салды.
-Ей, бері кел, – деді өзі де аң жатқан орынға қарай жүріп келе жатып.
Мен жүгіріп шалдың қасына келгенде бізге қарап секиіп тұрған құлжаны көрдім. “бұл қалай?” дегендей шалдың бетіне қарап едім, ол ақырын бір жымиып алды да:
-Қақпанға түскен құлжа екен. Алғашында мен де байқамап едім, атайын десем, қарауылға ілінбеді, жардан жоны ғана қылтиып тұрып алды. Сонан басын көтерсін деп арқардың өз дауысына салып “һыш” деп қалып едім. Басын көтеріп алды да, екбетінен түсті, – деді ол жайімен түсіндіріп.
Біз қасына таяған кезде құлжа да үдірейіп, айбар шегіп, қарсы қарап тұрып алды. Қос серперлі қақпанының үстіне екі құлаштай қыл шылбырды тұзақ қып құрған екен. Қызір ол осы шылбырға байланып тұрған көрінеді.
– Құлжа деген қиын жануар, жанына қысым келгенде, әсіресе, жаралы жатқан кезде қасына барған әр қандай нәрседен тайынбайды. Екі көзі қанталап қарсы ұмтылады.Байқамаған адамды жазым қып та жібереді.- деді кәрі аңшы.
Біздің қолымызда мылтықтан басқа қару жоқ болатын. Байлаулы тұрған аңды атып алу аңшы адамға намыс болатын да жері бар. Біз құлжаны айнала жүріп көріп едік. Ол да бізге қарай айналып, “келсең кел” дегендей, мойнынын ішіне ала күжірейіп тұрып алды.
-Жоғары жағына шығайық, – деді кәрі аңшы.
Біз үстіңгі жағына шығып әрі – бері тұрдық. Сонан бір кезде аңшы пышағын қолына алды да, “айт!” деп ақырып қалып, құлжаға қарай тұра ұмтылды. Үстіңгі жағы өз бойына таяу жар болатын. Онан қарғып шығып сүзе алмайтынын сезген құлжа еңіске қарай тұра ұмтылды. Бар пәрменімен шошына секірген ол алдыңғы аяғынан түскен қыл тұзақ тартып қалғанда екбетінен барып, омақаса кетті. Осы кезде кәрі аңшы да асқан тездікпен қарғып барып, кеудесіне міне түсті де, кеңірдегінен орып жіберді.
Біз қақпанды, тұзақты шығарып алдық. Екеуі де бір орыннан ұстап қалыпты. Жіліншігі сынып, күл – паршасы шығыпты да тарамысына ғана ілініп тұр екен. Қақпанға түскеніне де бір – екі күн болған сияқты. Жануар өзінің ажал аузында тұрғанын қайдан білсін, шылбыр жеткен жердің шөбін түгел тақырлап жеп қойған екен.
Біз құлжаның терісін сыпырдық та, ішек – қарнын ақтарып тастадық. Осы кезде шал:
-Біз өзімізге тиісті мүшені алайық, – деді маған. Мен оның бетіне қарадым.
-Аңшылық жолда адалдық керек. Ешкімге қиянат істеуге болмайды. Бұл біздің бұлжымас заңымыз. Қақпанның иесіне мергеннің мүшесін қалдыр, – деді маған бұйыра сөйлеп.
Меүше бөлу дегенді мен бұрын да білетінмін.
Қазақтың аңшылық кәсібінде толып жатқан ырым – жырымдар бар. Соның бірі аң атқан кезде мүшені қалай бөлу мәселесі. Әдетте үш адам жүріп бір құлжа немесе бір арқар атып алса, ең алдымен оның бір санын ұршықтап былай алып қояды да, қалған бір саны мен екі жамбасты көттік сан деп атап, жасы ең үлкен, беделді адамға байлайды. Әлгі шолақ санды екінші орындағы адамға береді. Мылтық ұстап, аң атқан мергенге кеуде жағы қалады. Бұл мергенге қалатын сыбаға қашан да өзгермейді. Аңның қуыс кеудесі мен терісі талассыз сонікі болады. Егер адам төртеу болса аңның ұшасын үшке бөледі. Яғыни құймышақтан екі жарылған екі сан екі сыбаға болады да, мергенге тағы да қуыс кеуде мен терісі қалады.
Мен осы заң бойынша бөліп шықтым да, мергеннің сыбағасын құлжаның терісіне орап, анандай тұрған бір секі тасқа шығарып қойдым. Хат жазып, қақпанның серперіне қыстырдық та өзіміздің кім екенімізді, оның мүшесінің қай жерде тұрғанын түсіндірдім.
Бұл кезде кәрі аңшы жағын тіліп жіберіп, тілін суырып алған құлжаның басын тасқа шығарып қойып жатыр еді. Бұл да аңшылардың бір ырымы. Бәлкім, аңды, немесе, өз кәсібін құрметтеп, қастерлегендік сияқты бір сезімнен туған, яки бұрынғыдан қалған бір жосын шығар. Мәселен, қозықалы аңды атуды барлық аңшы күнә деп білетіні сияқты ортақ бір наным шығар. Немесе, жүрегі жұмсақ қазақтың жанды нәрсені өлтіріп, қанына ортақ болғанын мойындап, соны жумақ болған ниеті, тәубәсі шығар. Оны біз қайдан білейік. Біздікі, әйтеуір, көз көргенді қайталап істегендік қой.