ЖҮРЕГІҢНЕН  АЙНАЛДЫМ

 

Мен сыртқа шыққанда жүргізуші жігіт кабинаның төбесіне үлкен бір қара сумканы байлап жатыр екен.

-Мықтап байладыңыз ба, жолда түсіп қалып жүрмесін, – деді оған машинаның ар жағынан шыққан бір дауыс. Қыз ба, келіншек пе, белгісіз, әйтеуір, нәп – нәзік әйел дауысы.

-Мен  тұрғанда ешнәрседен  алаңдама, – деді жүргізуші аса бір ілтипатпен мойын бұрып, күлімсірей жымиып. Мен машинаның ар жағына айнала беріп байқадым, сөйлеп тұрған жаңа өзіміз шай ішіп аттанған үйдің бойжеткен қызы екен. Бағана кіріп – шығып, шешесіне болысып, дастарқан жасасып жүргендегісіндей жұпыны емес, шыт жаңа киімдерін киіп, таранып – сыланып, бір көрмеге әп – әйбәт болып жасанып алыпты.

Мен оның қасына жақындай бергенімше болған жоқ, жүргізуші жігіт жаныма жүгіріп жетіп келді:

-Мынау жаңағы үйдің қызы еді, қалаға дейін ала кетсең деп жабысып болмай тұр, – деді маған жылпалақ қағып.

Бұл жерден қалаға жүретін автобус болмайды, елдің көбі қалаға көлікпен барады. Орайы болып кезігіп қалғанда жүк басқан машина, трактордың үстіне шығып та кете береді. Бірақ біздің машинамыз екі жарым тонналық газик болатын. Үстіне тау мая ғып қамыс басқанбыз, осыны ойлап мен:

-Мынағұрша биік жүктің үстіне ол қалай отыра алады? – дедім таңданған бейнемен.

Жүргізуші маған бір, қызға бір жалтақтап алды да:

-Оқасы жоқ. Кабинаға лаждап сыйысып кетерміз, – деді қыбыжықтап.

-Екі адамдық кабинаға үш адам отыру мүмкін емес қой, оның үстіне мына күдір жолда кеше екеуіміз бір – бірімізге соғылысып әрең келмедік пе? – дедім мен оның мұнысын жақтырмағанымды ашық білдіріп.

-Ептеп көрерміз.

-Жоқ, ол мүмкін емес. Жолда шырғалаң туса кім жауап береді? Далаға тастай алмай жүрген жанымыз жоқ, – дедім мен тыжырынып.

Менің мына сөзіме Жүргізуші шорт айналды:

-Машина айдау міндеті менікі емес пе? Кабинада үш адам емес, екі адам келе жатып, шырғалаң туылса да, оған жауап ететін сіз емес, мына менмін! Егер жол бойы қысылып, қиналып қаламын десеңіз, онда сіз өз орныңызға емін – еркін отыра беріңіз. Мына қыз екеуіміз бір орындыққа сығылысып отырып кете береміз. Кәне, кеттік, – деді де таріс айналып жүріп кетті.

Дәл қасымызда, менің сөзімді естіп, қабағымды байқап тұрған қыз әнтек іркіліп, екі ойлылау болып, кідірістеп қалып еді.

-Әй, қыз, баратын болсаң жүр, отыр мына орынға! – деді жүргізуші кабинаның есігін ашулана жұлқи ашып, бұйыра сөйлеп.

Қытай деген елде бастықтан жүргізуші күшті болады. Онімен енді қанша кермалдассам да, ештеме өндіре алмайтынымды сездіріп, қыздың артынан кабинаға мен де шықтым.  Жүргізушінің мына қылығына ызам түсіп, іштей жиырылып, бір ауыз тіл қатпастан, тырсиған бойы бір кісілік орнымнан тапжылмай сіресіп отырып алдым. Ара – тұра машина ырғалып, шайқалған кезде соқтығысып қалған қызды да жақтырмай: “қайдағы бір ұшқалақ әуейінің бірісің – ау тегі? Сүйкенсең ана ар жағыңа сүйкен”, – деген кегалмен шынтағыммен әдейі қағып:

-Түзу отыр, ей, бикеш! – деп бір неше рет шытынап та қойдым.

Менің осы сесімен ығысты ма, жоқ, болмаса өзі де жұғысарға сылтау таба алмай оты ма, онысы беймәлім, бағана машинаға шыққанан бері – ақ  жүргізушіге тағыла жабыса түсіп отырған қыз мен шынтағыммен бірер рет қағып жібергеннен кейін сол жақ қолын жүргізушінің арқасына шығарып алып, бұрынғыдан бетер қырындап, жабысып қалды. “жас басынан сұмдықшылдығын қарашы өзінің, мен болмасам ананың мойнынан құшақтай түсуден де тартынар емес қой мына көксоққан…” деп мен оны көзімнің қиығымен шолып, іштей кіжініп келемін.

Мен аудандық құрылыс әтіретінің шаруашылық басқарушысы болатынмын. Машинаның бас иелігі жүргізушіде болғанымен, басқару жағына келгенде ол да маған жалынышты болмай тұра алмайтын. Сондықтан бағанағы менің “жолағы шырғалаң” жөніндегі айтқанымнан сескенді ме, бұл жолы ол машинаны өте сақтықпен, баяу айдап келе жатты. әншейінде онша еленбейтін болымсыз арық, жаралардан да қадағалап, кейбір қиын жолдардан жыбырлап, ілбіп ғана жүріп отырды. Сонымен жайшылықта екі сағатта жетіп келетін Қара нұраның ойына үш сағаттан аса жүріп, күн еңкейе әрең іліндік.

Біздің жүріп келе жатқанымыз жүре – жүре соқпақ болып кеткен құдай өзі жаратқан дала жолы болатын. Бұл жолда жүргізушілер қалаған жерінен бұрылып, қалаған жерінен айналып өтіп жататын. Кеше түнде жауын жауғандықтан, суы іркіліп, қара көлдеп қалған Қара нұра өткеліне ағындатып жетіп келген жүргізуші де тебітіп келіп, кілт тоқтай қалды.

жүргізуші кабинаның есігін ашып, машинаны артқа шегіндіріп көрді. Ілгері – кейін ырғалтып көп әлектенді. Бірақ қанша арып – таласса да, ештеңе өндіре алмады. Бырылдап ырғақтаған сайын машина тұрған орнына бата берді.

-Әй, әттеген – ай, кеше жауын өте көп жауған болды ғой. Әйтпесе мына арада өмірі батпақ болмашы еді, – жүргізуші өкіне басын шайқап.

Бұдан ары босқа қарап отыру бізге де ыңғайсыз еді. Мен кузовтағы темір күректі алып дөңгелектің алдына қаза бастадым. Қыз да зыр жүгіріп, маңайдан шөп – шалаң, шыралжын жұлып, тас теріп әкеліп, әбігер болып жүрді. Үшеуіміз үш жақтап қолдан келгеннің бәрін істеп жарым сағаттан артық арпалыстық. Түк те себі тиген жоқ. Біресе рульге шығып, біресе жерге түсіп жанталасқан жүргізуші де ең аяғына басындағы шапкісін лақтырып жіберіп отыра кетті.

-Болмайды енді. Амал жоқ. Бүгін осы арада қалдық, – деді ентігін әрең басып.

Қыз екеуімізде үн жоқ. Оның бетіне қарап дағдарып отыра бердік. Жүргізуші темекісін тамызып, маған да темекісін ұсынып бір аз ойланып отырып барып:

-Қиын болды. Трактормен сүйремесе шықпайды, – деді түңілген бейнемен түнере басын шайқап. Сонан соң орнынан түрегелді де, батып бара жатқан күннің соңғы шапағымен бұлдырап тұрған сонау қыраттағы қыстақтың қара барқын тұлғасына күн сала бір қарап алып, қайтадан үн – түнсіз тұрып қалды.

Алғашында жүргізушіің не ойлап тұрғанын аңғармаппын. Мен біраздан кейін барып түсіндім. Оның көкейіндегі себебі бойынша, әрине, қыстақтан трактор әкелуге мен баруға тиісті екенмін. Төрт – бес километрлік жолға жаяу адам бір сағатсыз жете алмайтыны анық. Онда барып трактор іздеу керек, оған – бұған сөйлесу керек. Содан сенделіп қайтып  келгенше түн ортасы болмаса да, екі – үш сағат уақыт кететініне дау жоқ. Бәлкім, жүргізушінің де, ана қыздың да көкейін тесіп келе жатқан осындай бір иен жер, осыншалық бір оңаша уақыт болса керек. Иә, иә, енді білдім, дәл солай…

Мен қайтерімді білмей аз уақыт ойланып қалдым. жүргізуші де түк білмеген кісімісіп, темекісін сора түсіп, басын жерге салып, тұқырып отыра берді. Қызға бұрылдым. Ол да анадай жерде селтиіп тұр. Көзінің астымен жүргізушінің қыбыр – қимылын аңдуда. Екеуінің мына бейнелері менің көкейімдегі күдікті одан әрі күшейте түсті. “титтей де қатесі жоқ. Менің кісі көргенім рас болса, мына екеуі қазір мені көзге шыққан сүйелдей көріп тұрғаны шын. Анау пысық неме бұрын да келіп – кетіп жүріп мына қызға әбден бауыр басып алған ғой. Қорлығы – ай өзінің… Жә, қойшы, неғылса о ғылмай ма? ‘екі кісі бейім тұрса, есті кісі кейін тұрады’, – деп бұрынғылар бекер айтпаған шығар. Екеуін қалдырып, тракторды мен – ақ алып келейін бе?” – деген бір ойға бейімделе бердім. Сонан соң күйгеніне қарамастан темекімнің тұқылын жалаңаш саусақтаруммен  мыжып – мыжып лақтырып жібердім де:

-Тракторды мен алып келейін, – дедім түнере міңгірлеп.

жүргізуші теріс қарай берді. Сонда да мен оның өңінен лып ете түскен жылы шырайды, жанарынан жылт ете қалған жарқыл бір сәулені көргендей болдым.

жүргізуші менің бетіме тура қарай алмады:

-Сөйтесіз бе? – деді кінәлі адамша қорғана міңгір ете түсіп.

Мен тіл қатпастан бұрылып жүріп кеттім.

Дәл осы кезде арт жағымнан:

-Ағай, тұра тұрыңызшы, – деген дауысты естіп артыма жалт қарасам, әлде неге асығып аяғын жіті басқан әлгі қыз маған жақындап таяп келіп қалыпты.

-Мен де барамын, ағай, мені де ерте кетіңіз, – деді ол асыға, ентіге сөйлеп.

-Саған не бар онда? Ол жерден менің қай уақытта келетінімді кім біледі? Бекер оралғы болмай қал осында.

-Мен өз аяғыммен барамын ғой,ағай,- деді қыз қабағын сәл шытынып.

-Мен сені жүре алмайды деп қорқып тұрғаным жоқ. Бірақ, сенің маған әлегіңнен басқа не пайдаң бар? Трактор табылмай жатса, бәлкім, мен қонып та қалармын. Жеті түнде сені ертіп жүріп қайдан қоналқа іздеймін?! – дедім мен де қиқарлана жауап беріп.

– Сізге түк залалым жоқ қой, ағай. Сол қыстақта әпкем бар, сонда қалып қойып, ертең басқа көлікпен барсам да болады. Кішкене тоса тұрыңызшы, мен сөмкемді алып алайын, – деді де менің жауабымды тоспастан жүгіріп барып кабинаның төбесіне ұмтылып, жармаса бастады. Сөмкені байлаған кендірді шешіп жатып: “қалай шандып тастаған өзі” – деп ренжи міңгірлеп қойып, ‘мені тоспай кетіп қалған жоқ па?!’ дегендей маған да жалтақтап бір – екі рет қарап жіберді.

Ол сөмкесін алып менің қасыма келгенше мен де ойланып қалдым. Оның бұл қылығын “бәлкім, залым қыздың бұл да бір қыры шығар. Көрер көзге болса да, менен жасқанғансымақ болғаны ғой…” – деп тұспалдадым да:

-Мейлі, онда өзің біл, – дедім міңгір етіп.

Соны айттым да, көзімнің қырымен жүргізушіге қарадым. Ол да екі көзі ежірейе, бізге қарай елеңдеп құлақ түре қалған екен. Қабағында салқын сыз бар. Қыз екеуіміздің бетімізге кезек жалтақтайды.

Осы арада мен өзімше тағы бір қулыққа бастым:

-Әй, қарағым Шяули, шынан айтар болсам, мен әрең барғалы тұрмын. Өзім де әбден қалжырап біттім. Екі аяғым бастырар емес. Тілімді алсаң, осы баланы ертіп, сен барып келсең қайтады? – дедім жүргізушіге.

Жүргізушіңің қысық көздерінен қуанышыты от жалт ете түсті. Иегінде бір тал түгі жоқ, жып – жылмағай қуаң жүзіне күлкі үйріле қалды. Маған ерекше разы болған көзқараспен жыныма лып етіп жетіп келді де:

-Онда да болады. Кешеден бері демалған жоқсыз ғой. Шаршайтын да болдыңыз. Жаңа өзіңіз “мен барайын” – деген соң үндемеп едім. Сіз демалып алыңыз. Қазір түн салқын. Кабинаға кіріп отырыңыз. Мына шолақ ішікті жамылып жатыңыз. Ұйқтасаңыз абай болыңыз, суық тиіп қалмасын, – деді ол маған бәйек болып.

Сөйтті де ол аса ынталы көңілді бейнемен қызға таман жіті басып барды да:

-Ал, жүрейік онда, – деді жымың қағып.

Қыз оның бетіне бір, менің бетіме бір қарады да, орнынан жылжымай тұра берді:

-Кәне, жүрмейсің бе? – деді жүргізуші қызға “сөзімді естімей қалды ма?” дегендей бұл жолы қаттырақ дауыстап.

Қыз тұрған орнынан қозғалған жоқ. Сөмкесін иығына асқан қалпы қыбыр етпей,

-Біз барғанша түн болып кетеді, ерте күнді кеш қылмай, тезірек жетіп алайық, – деді жүргізуші оның жанына таяп барып тақымдай түсіп.

Қыз оған да міз баққан жоқ.

-Үй, бикеш, саған не болған? Жүрмейсің бе?

Қыз бір аяғын болымсыз қозғады да, шоқаң етіп отыра кетті.

-Аяғымның сіңірі түйіле қалғанын қарашы, жүре алатын емеспін. Сіз жүре беріңіз, – деді еңкейіп қызыл асығын уқалап жатып.

жүргізуші “енді қайттік?” – дегендей дағдарып, менің бетіме қарады. Мен қайта айналып олардың қасына келдім.

-Аяғының сіңірі түйіліп қалыпты, – деді жүргізуші бағанадан бергі сөзді мен естімей тұрғандай – ақ қайталай түсіндіріп. Осыны айтқанда оның дірілдеп шыққан үнінен, мөлтең қаққан көзқасынан да: “мен қытай, сен қазақ болсаң да, ұзақ жылдық жолдас едік қой. Тракторды сен – ақ әкеле салшы, өмірі ұмытпайын” – деген бір жалынышпен тілек білініп тұрғандай сезіліп кетті.

-Ондай болса өзің ертіп шыққан бикешің ғой. Қасында өзің бол. Тракторға мен – ақ барайын, – дедім мен қызды да қағыта сөйлеп. Соны айттым да, жолға түсе жөнелдім.

-Жоқ, жоқ, – деп қытқыл дауыспен түршіге баж ете түскен қыз орнынан ұшып тұрды, – Онда мен де барамын.

-Аяғың ше?

Қыз жауап берудің орнына сумкасын мойнына қайтадан аса бастады.

-Жүре аласың ба?

Ол тіл қатпай басын изеді.

-онда екеуіміз барсақ та болады ғой. Ағай демала тұрсын, – деді осы кезде жүргізуші де көлденеңінен киліге кетіп.

Қыз үндемей тағы бір аз бөгеліп тұрып қалды. Сәлден соң:

-Жоқ, онда мен де бармаймын, – деп мен жаққа қарай бір – екі адым шегініп келіп тоқтады. Сосын мені оқты көзімен ата бір қарап алды да, – Не деген түк түсінбейтін адамсыз! Сіз барсаңыз барамын, Сіз бармасаңыз мен дебармаймын,- деді өжеттене кесіп айтып.

Күннің ең соңғы сәулесі қыздың жүзін күреңіттіре бір сипап өтті. Оның кеуде тұсынан батар күннің кешкі шапағымен таласқан қызыл ала бір сағым жалт етті. Қызыл күрең шапанының екі иығын шарпып, солғын, мөлдір жалын жанып сөнді. Мен сасқалақтап жерге қарай бердім.

Қыздың соңғы сөзін естігенде жүргізуші де ыза болып кетті:

-Қалай қыз өзі? Немене бекер ақымақ қып? Барсаң барамын деп, бармасаң бармаймын деп, осы сөзіңді бағанадан ашық айтсаң болмай ма? – деді көзінен ызалы от жарқ етіп. Соны айтты да ол сындардай сымбатты денесі сәл – сәл иіле түсіп ашулы бейнемен аяғын шапшаң басып қыстаққа қарай жүрді де кетті.

Иен далада үн – түнсіз сопиып қыз екеуіміз ғана тұрмыз. Болған істің байыбына бара алмай мен аң – таң болып, сілейіп қалыппын. Не заматтан кейін ғана:

-Кане, кабинаға кіріп отырайық, – дегенге тілім әрең келді.

Бейтаныс қыздың жұмбақ мінездеріне таң қала отырып, мен енді онан жаңа кезігіп отырған адамша шыт жаңа жөн сұрай бастадым.

Бір егіншінің қызы екен. Биыл он жетіге шығыпты. Орталау мектепті бітіргеннен кейін оқудан қалып қойыпты. Оның айтқандарынан ілікке аларлық мәлімет осы ғана. Сонан осылайша алыстан орағыта келіп, соңында бүгінгі әңгімеге қайта оралдым:

-Сен мына жүргізушімен бұрыннан таныс па едің?

-Ана жолы да келген.

-Содан кейін?

-Келер жолы қалаға ертіп барамын деп уәде барген.

-Содан кейін?

-Сонан кейін осы ғой.

Бағана шай қайнатып жатқанымда «ал дайын бол. Қалаға барсаң, жүр!» – деді. Бар болғаны осы ғана.

-Бар таныстығың осы ғана ма?

-Осы ғана.

-Өтірік айтып отырған шығарсың?

-Құдай ақы, осы ғана.

Мен сенерімді де, сенберімді де білмей бір мезет үндемей қалдым.

-Осы арада онымен бірге неге қалмадың?

-Барғым келмеді.

-Неге барғың келмеді?

Ол сәл бөгеліп қалды:

-Қорықтым, – деді естілер – естілмес қана.

-Неменеден қорқасың?

-Албаты бір жігітпен түнде…- деп келе жатып, ол сөзін кілт доғара қойды.

Мен күліп жібердім:

-Мені әйел ғой деп пе едің? Онда менен неге қорықпадың?

Бұл сұраққа ол еріксіз күліп жіберді:

-Қойыңызшы өзіңіз, қайдағыны…- деді де ары қарай қисая кетті.

Шынын айтайыншы, көңіл деген арсыз ғой. Дәл осы тұста мына қызға мен де қызыға бастап едім. Артықша сұлу болмағанымен, өзі бір түрлі сүйкімді. Балалық табы әлі арылмаған қара торы өңінен момақан бір аңқаулық танылады. Кәмелетке жетіп толқысып тұрған, балғын тұлғасы да шып шымыр. Демалған тынысымен бірге көтеріліп басылып тұрған кеудесінде жылы бір леп бар. Бір ғажабы, соның бәрін мен оның жанына жақындамай – ақ сезіп отырғандаймын, сол сезім менің де желігімді қоздырып, тұла бойымды дүлей бір соқпа жын құрсап, ерік бермей билеп бара жатқан.  Оның үстіне қыздың бағанадан бергі әр бұлтаққа салған қисынсыз қылықтары да менің бұл пиғылымды отқа май құйғандай өршіте түскен. “сырт бейнесі менен әлде қайда сымбатты жүргізуші жігіттен қашқалақтап, мені өзі таңдап отыр ғой”, – деп ой туғызған. Қазір менің де дер шағым, әлі отызға іліне қоймаған бұла кезім. Үйленгеніме де бір – екі жыл ғана болған. Жастықтың мас шалығы тарай қоймаған уытты бір кезеңім. қыздың ана пейілі, мынау иен дала, қараңғы түн, ойда жоқ жерден жабыса кеткен әзәзіл бір нәпсі, тар кабинада қатар отырған қыз денесінің жылуы – бәрі қосылып, сиқырлы уытын жайып, сүйек – сүйегімді шіміркендіріп, көзімді тұмандандырып болған.

Мен тұла – бойымның құрысын жаза бір – екі рет шірене керіліп алдым да, бір қолымды ақырын жылжытып апарып, білегімді қыздың мойнына арттым.

Қыз әлсіз ғана қымсынып, ары таман жылжып отырды. Мен барған сайын жылжып жақындай түсіп, оны құшағыма тарта бастадым.

-Қалайсыз өзі? Қойыңызшы! – деді ол дауысы дірілдеп, бұлқынып, қолымды мойнынан алып тастамақ болып.

Мен оған көне коймадым:

-Қандай жақсы қыз едің! – дедім сыбрлай аймалап.

-Өтірік айтасыз, құйдай өтірік айтасыз! – деді ол батыл да өжеттене сөйлеп, – Бағана осы араға келгенше қабағыңыздан қар жауып, мені шынтағыңызбен түйгіштеп, түксиіп өліп кете жаздамап па едіңіз?

Ол қолтығымның астынан басын лып еткізіп шығарып алды.

-Онда мен сені анадан қызғанып отырғам. Сені соған еріп келе жатыр деп ойлағам. Бұрыннан таныс бірдеңесі ғой деп ашуланып, әдейі түксигем, – дедім мен бұл жолы нақ шынымды айтып.

Соны айттым да, мен оны құшақтамақ болып тағы да жармаса бастадым.

-Түзу отырсаңызшы, ұят емес пе? – деп қыз ары қарай қашқалақтай берді.

Бірақ қанша тулағанымен де оның барар жері белгілі еді. Аядай қуыс, ар жағы темір есік, қанша бұлқынса да, басқа бұлтарар жер жоқ.

Бұл кез менің де әбден желігіп алған, есірік нәпсінің улауымен ақылдан адасып, алжасып бара жатқан кезім болатын. Оны кеудеме басып, тұншықтыра қатты қысып, өзеуреп өзеленіп жатырмын. Аузыма түскен бар жақсы сөзімді ірікпей, айналып үйріліп, үзіліп кетуге шақ қалып тұрмын.

Бұл тұста қыз да неше алуан өнер көрсетіп бақты. Біресе тулап ренжіген болды, біресе күлді, біресе алдады, біресе жалбарынды… Қойшы, әйтеуір, қанша уақыт өтіп, не айтылып не қойғаны белгісіз бір шақта оның да буыны босап бара жатқандай сезілді:

-Тоқтаңызшы, биттей босата тұрыңызшы, мен сізге бір нәрсе айтайын. Сонан кейін – деді тұншыға сыбырлап.

Мен оны еркіне қоя бердім. Ол түзеліп отырып, ұйпалақтанып, маңдайына түскен, самайына жабысып қалған ұяң шаштарын түзеп бір дем үнсіз қалды. Сабырым сарқылып, тағатым таусылып бара жатса да: “не айтпақ екен?” деген бір оймен мен де оның аузына телміріп соңғы сөзін күттім.

-Сіз маған сенсеңіз, мен шынымды айтайын, – деп бастады ол. Сөзін үзіп – үзіп сөйлесе де, үні мірдің оғындай. Жасқанып жаситын бейне жоқ, – Бағана машина мына батпаққа батып қалып, сіздер машинаны қалай шығарып аламыз деп жанталасып жатқандарыңызда, мен мүлде басқа бір нәрсені ойлап тұрдым. Шынымды айтсам, машинаның осы арада түнеп қалатынын да, мен сізден бұрын білгем болатынмын.

-Оны қалай білдің? – дедім мен оның сөзінің қисынына қызыға, таң – тамаша болып.

-Оны ма? – деді ол сәл күбірлеп, – оны ана жүргізушінің көзінен ұқтым.

-Иә, сонан соң…

-Машинаның батпақтан бүгін шықпайтынын мен сонда білдім… Сонда… Менің ойыма… Мен бір дәрменсіз қызбын. Сонда екі жігіттің ортасында ойыншыққа айналатын, әрине, мен болмақпын ғой. Менің кімге шамам келеді. Елсіз иен далада,  тас қараңғы түнде менің айғайымды кім естіп, жалынғанымды кім тыңдайды? – деп ол естілер – естілмес бірдеңелерді күбірлеп келді де, сөзін қайта жалғады. – Кейбір сөздер… қызық … тіпті ұят. Жоқ айта алмайтын сияқтымын.

-Жаңа келістік қой.

Ол ақырын бір күрсініп алды:

-Егер сенсеңіз, мен өзімнің қыз болып туғанымды бүгін ғана сезіп отырған сияқтымын. Осы күнге дейін мен әлі ешқандай ер адамға қолымның ұшынан ұстатып көргенім жоқ. Енді міне, сіздің алдыңызда бәрін ықтиярсыз мойындап отырмын. Сіз ер адамсыз, күштісіз. Егер сіздің пиғылыңыз да шындап бұзылатын болса, бүгіннен бастап мен бұрынғымнан мүлде басқа, бөтен бір адам болып шығатыныма да көзім жетеді. Бір жуылған көйлек қайтып жаңармайды. Мен осыны ойлай – ойлай келдім де егер әлде қандай жағдай болып…

Ол сөзін кілт үзді. Сөйлемей отырып қалды.

-айтсаңшы енді. Иә, не жағдай?…

Ол тағы күрсінді…

-Қара тұяғымнан хал кетіп бара жатса, анадан гөрі жынысымыз, қанымыз бір ғой. Бетімді әлде кімге ашқызғанша… Пана болса соны пана тұтып аман қалайын, ал пана болмаса, оған амалым не, осының – ақ…- деп…

Құлағым әлде неге шың ете түсті. Әлде бір қарулы қол дырау қамшымен қасқа маңдайымнан дәлдеп тұрып тартып кеткендей есеңгіреп, сілейіп отырып қалдым. Миым шайқалып, құлағым дүңгірлеп бара ма, жоқ, әлде қыз әлі сөйлеп отыр ма, оны айыра алмаймын. Өлі мен тірі, ауру мен саудың арасында бір мезет мәңгіріп шала – жансар күй кештім.

Қанша уақыт өткенін білмеймін. Нені ойлап, неге тиянақтағаным да есімде жоқ. Бір кезде әйтеуір, бағана ғана дуылдап жанып – тұрған тұла бойым бір-ақ суып, салқын тартып, тітіркеніп келе жатқанын сезіндім. Оның есесіне әлде бір буалдыр сезімдермен екі бетім дуылдап қызып, күйіп барады екен. Қара іске жан бергендей, аузым да сөзге әрең келді:

-Кешір, қалқам, – дедім мен үнім алқымыма тығылып. – Алдыңа басымды идім. Қайда жүрсең де, бақытты бол.

Соны айттым да, қалтыраған, дәрмені қалмаған қолдарыммен оның екі бетінен ұстап, маңдайынан сүйіп қойдым.

Трактордың барылдаған дауысынан шошып оянсам, таң ағарып айналаға жарық түсіп қалыпты. Қыз басын менің иығыма сүйеген қалпы әлі ұйықтап жатыр екен.

-Тұра ғой, айналайын! –деп мен оны ептеп, ырғап оята бастадым.

Дүние кезек деген. Жолдың ендігі жарымында жүргізуші титтей жылжымай өз орындығында жалғыз отырып алды да, қалған бір орындықта  қыз екеуіміз қырымыздан қысылысып, бірге отырып бардық.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here