Жаңа отау
әңгіме
Төңірегіндегілер «Шао Ван» деп атайтын Ван фамилиялы қытай жігіті биыл жиырма беске шықты. Қытайлар мұны жиырма бес көктем дейді. Бағы жанған сол Ван мына жиырма бесінші көктемін Алматыда өткізіп отыр. Туған отанынан алыста жүрсе де, ештеңеден өгейсіген жоқ. Жақында қырық жеті жастағы әйелі Элмира оның туған күнін тойлап өтті. Ерлі-зайыпты екеуі және оның бұрынғы күйеуінен қалған жалғыз қызы Светлана үшеуі бас қосып, шағын дастарқан жайды. Бір жақсысы 9 май. Онсызда мереке күн.
Бәрінен бұрын Элмира осыған мәз. Мәз болатын себебі: бұл өзі жасырын күйеу. Бұл құпиялықты білетін адамдар да аз. Олар: Ванның жерлесі, тегі қытай, Қытайдың Сычуан провинциасынан, сонау 1968 жылы мәдени революция тұсында Шынжаңға келіп, сонан шекарадан бері қашып өткен, Жяң фамилиялы азамат. Онан соң қалалық АХАЖ, Азаматтарды заңды некеге тіркеу орны және қалалық көші-қон басқармасы. Ал маңайдағы көрші-қолаң, таныс-білістер бұл жағдайдан мүлде хабарсыз. Мұны Элмираның үйінде пәтер жалдап тұрған көп қаңғыбастың бірі деп қана біледі. Элмираның үш бөлмелі үйі бар. Соның бір бөлмесін мынау ұлы көршіден келіп, қаңғырып жүрген қытай баласына жалға берген. Және ұзақ уақытқа. Әрине, оның түк те айыбы жоқ. Мына заманда кім қалай жан бағамын десе де өз еркі. Солай да солай. Әуелі көршілері бұған қызыға қарайды.
Мұндай некеге Элмира да, Ван да – екеуі де дән риза. Иә, алғашқы кезде біраз тосындау болғаны рас. Ол кезде Ван жиырма бір жаста еді. Сонау алыс Сычуаннан төрт жігіт бірлесіп, осы жақты, анау Европаны, Ресейді, Қырғызстанды, Қазақстанды, қайсысы болса да, кез келген біреуін көңілге алып жолға шыққандары өздеріне ғана аян. Құлжада бір-екі жыл тұрып қалды. Бұл жақтан, шетелден шақыру қағаз алдыру қиынның қиыны болды. Құлжа қаласында да тұрақты әдрестері жоқ еді. Оның үстіне таныс-біліс, ақша дегендер де оңай шаруа емес болатын. Дендері сау, аяқ-қолдары балғадай-балғадай төрт жігіт. Қызыл жандары ғана. Ақыры бұлар бір ақыл құрады: Шегінерге жол жоқ. Бір тәуекел жасау керек, әлбетте. Сонан біреулер арқылы шекардан ары-бері жүк тасып жүрген бір жүргізушіге сөйлесе кетті. Қалың жүктің, қабат-қабат тиелген көп жәшіктің біреуіне бір адамды отырғызып, шекарадан жасырын алып өтуге келісті. Төртеуі отырып «енді бұған кім барадыны» талқылады. Таңдау осы Ванға түсті. Оның себебі: Ван осы топтың басшысы есепті. Ту бастан ұйымдастырып жүрген сол. Жүрегі де, ерлігі де бар жігіт. Ақылы, айласы да жетерлік. Онан да маңыздысы қалған үшеуіне қарағанда мұның бой тұрқы аласа, дене бітімі шәкене. Жәшікке кіріп отырып бару үшін бұл табылмайтын шарт.
Иә, солай да болды. Аман-есен Алматыға жетті. Бір аптадай Құлжадан бері делдал боп жүрген әлгі қазақтың үйінде жасырынып жатты. Соның көмегімен жерлесі Жяңды тапты.
-Қанымыз бір туыспыз ғой. Бәріміз де Яо, Шүннің ұрпағымыз. Оның үстіне жерлес екенбіз. Көмектес, ағатай,- деді оның алдына басын иіп.
-Не істейсің бұл жақта?
Ван күрсінді:
-Ептеп жан бағамын ғой. Шамам келсе осы жақты мекендеп, мәңгілік қалып қоямын. Арт жақта достарым қалып еді. Екі көздері төрт болып күтіп отыр. «Әттең, Қазақстан!…» дегенде аузының суы құрып жүрген туыс, жерлестер де көп. Солар үшін жұмыс істесем деп едім.
Жяқ түсініп отыр, әрине… Біреуден Қытай паспортын алып, көшірмесін жасатты. Аты-жөнін, туған жылын өзгертіп, қайта дайындады. Ванды жетелеп, Қытай елшілігіне барды.
-Қазақстанды, қазақ деген елді білесіздер. Көшеде жалғыз келе жатқан мына байқұсты біреулер тонаған. Тапа-талтүсте, бір үйдің подьезіне сүйреп кіргізіп, қалтасын бірақ қағып алған. Ақшадан, паспорттан түгел айырылған…
Екеуі Қытай елшілігінен уақыттық паспорт алып қуанып шықты.
-Ал енді жөніңді тап,- деді Жяң осы арада.
Ван зар иледі:
-Сізсіз менің күнім жоқ. Өлсем де сіздің қолыңызда өлейін.- деді Ван оның алдында басын иіп, мықтап қысқан қос жұдырығын кеудесіне соғып.- Жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаспын, ағатай. Қамқорлығыңыздан айыра көрмеңіз мен пақырыңызды.
– Жарайды. Ал енді не істемексің?
-Достарымды шақыруым керек еді.
-Ол үшін Қазақстан азаматтығын алу керек қой.
-Бәріне дайынмын, аға.
– Ақшаң бар ма?
-Бар аздап. Достарым жинап берген. Қолыңызға бірақ тапсырам.
-Жоқ, бауырым,- деді Жяң басын шайқап,- Маған сенің соқыр тиын ақшаңның керегі жоқ. Берсең де алмаймын. Жерлес екенбіз. Туыспыз. Көмегім болсын. Елден алыста, шетте жүргенде бірімізге біріміз қараспасақ, басқа кім сүйеніш болады бізге. Сен ақшаңды маған ұсынғанша, жігіт болсаң, анау арттағы қалың жерлесіңді шақыруға жұмса.- деді оған шын ниетімен жанашырлық танытып.
-Рақмет, аға. Құлыңыз болуға дайынмын.
-Жарайды. Тоқта онда. Алдымен тиын-тебеніңді күтіп ұста. Саған әлі көп ақша керек. Азаматтық алу деген мұнда ең алдымен қып-қызыл ақшаны қажет етеді. Онан басқа шаруасы да шаш-етектен. Оған әуелі осы елдің Президенті қол қояды. Бәрі қиын. Қазірге дейін белгілі болған бір қолайлылық, ол – осы елдің бір азаматымен үйлену, некеге тұру. Қолында Қазақстан азаматымен үйленген неке куәлігі бар адамға бұл елдің азаматтығын алуға ешқандай заң көлденең болмайды.
-Бәріне дайынмын, аға.
-Әрине, жаңағы ақшыны осыдан бастап жұмсайсың.
-Міне, ағатай.
-Онан соң да ақшасыз болмайды.
-Ештеңемді аямаймын, ағатай.
Сонымен Жяң екі ай бойы Алматыдан қыз-келіншек іздеді. Оңай да болған жоқ. Көшеге құлақтандыру жапсырып, ақпарат құралдары арқылы жарнама жасайтын басы ашық жұмыс емес, жымысқы шаруа, әрине. «қиын іс жоқ жаһанда, ықылас қойған адамға» деген қытай ұстанымы бар. Іздей-іздей жүріп, ақыры, осы Элмираға кез болды.
-Әй-иоу, мынау кемпір ғой, аға,- деді Ван оны көрген жерден бірден жаны түршігіп.
– Әй, ақымақ, сен оны мәңгілік жар етпейсің ғой. Уақытша бір амал екенін қалай түсінбейсің, мисыз?!- деді Жяң оған дүрсе қоя беріп.
-Жарайды, кешіріңіз, аға, айтқаныңыз болсын.- деді Ван байқамай сөйлеп алғанына өзі де өкініп.
Бастабында, Ванды тұңғыш рет көрген кезде Элмира да тіксініп қалды:
-Үйбәй-ай, ұят қой,- деді өзінен өзі қысылып.
-Не ерсілігі бар? Басың бос әйелсің.
-Әй, өте жас екен, – деді Элмира екі беті дуылдап.
-Әй, жоқ. Бұл бір әншейін формални шаруа деп келістік қой бағана. Бұл тек қағаз жүзіндегі неке. Шын мәнінде ол сенің бір бөлмеңді жалға алып тұрған пәтершік қана.
-Десе де…АХАЖ-ға барғанда не деймін?- деп күмілжіді Элмира,- Болмаса қырық жастар шамасындағы еркек болса еді.
-Сен де қызықсың-ау, Элмира, мына бүгінгідей дарбаза демократияның тұсында кімді кім сөгеді ғой деп едің. Ұят, намыс деген қалған анау ХХ ғасырда. Мына ғасыр тек мүдделер ғасыры. Көріп жүрсің ғой, алпыстағы, жетпістегі шалдар он сегіз, жиырма жастағы қыздарды алып жатыр. Еркектерге өрескел көрінбеген шаруа әйелдерге қалайша ерсі болады? Заң бәрімізге бірдей емес пе?! Ал, анау білесің ғой, Руссияның атақты әншісі Алла Пугачеваны… Өзінің баласындай жігітпен… бүкіл әлем алдында мақтанышпен ән салып жүр. Қазақстан сияқты зайырлы елде бәрі де мүмкін. Тек ебін тапсаң ғана болғаны. Не істеймін десе де әркімнің өз еркі.
Элмира үндей алмай қалды. Бір қауым үнсіз толғанып тұрды да:
-Сонда бұл маған қанша төлейді? – деп қалды шыдай алмай құлқынын қылаң еткізіп.
-Қалағаныңша.
Элмира сонда да екі ойлылау еді:
-Жалғыз қызым бар еді. Биыл он бірінші клас бітіреді. Соны жоғары мектепте оқытып бере ала ма? – деді бөгеле сөйлеп.
-Оған не сөз бар. Оның сыртында өзіңді де бағады, әрине.
Сонымен не бар, Ван аяқ астынан Элмираның заңды күйеуі болды да «қол ұстасып» үйіне бірге келді. Дегенмен, алғашқы сәттер Элмираға да, Ванға да тым оңай болған жоқ. Бастабында екеуі де бірін бірі жатырқап, тосырқасып, үрпиісіп тұрды.
Ван пысық та ыспор жігіт еді. Үйге келіп, біріне бірі түзу қараса алмай тартынысып тұрған бір сәтте батылдықпен сөз бастады:
-Сізді не деп атасам болады?- деді бұдан былайғы қарым-қытынасына жол ашпақ болып,
Элмира ойланып қалды:
-Хозайка дей бер,- деді тамағына тас тығылғандай жұтқынып алып.
Ван киімдерін ауыстырып болған соң Элмирадан рұқсат сұрады:
-Хозайка, маған ас үйді көрсетіңіз,- деді қағазға жазып алған бірер ауыз орысшасымен былдырлай тіл қатып.
Мұның бәрін үйреткен Жяң. «Бұлар мына жүрген жасамыс қазақтар бәрі де орыстанған адамдар. Қанша дегенмен Европа салтына жақындау. Мына біздің қытайдың көп қылықтарын ерсі көреді. Біздің елде көбінде тамақты біз – еркектер істеуші едік қой. Ал бұлардың еркектері даяр тамақтың ғана иесі. Оның үстіне еркегі де, әйелі де шетінен жалқау. Сондықтан сен бара сала ең алдымен асхананы игер. Бұл – бір. Екіншіден, мына қатынның ваннасында кір жуатын машина тұр ғой. Автомат машина. Бәрін өзі істейді. Соған киім-кешекті ныға да тетігін бұрай сал. Оған сенің түгің де кетпейді. Біз қытай баласы ата-бабамыздан қашан мақсатымызға жетіп алғанша, қандай лат жұмыс болса да, арланбай істей беретін еңбекшіл елміз ғой. Сол ата дәстүрді ұмытпа. Сонда тамағы пысулы, киімі жуулы, ақшасы қолында тұрса, сендей адамды бұлар кетем десең де жібермейді. Жасыратыны жоқ, бәріміз де осылай сіңгенбіз»- деген. Мына орысшыны да сол жазып берген.
Элмира таң-тамаша! Ван сондай қылап. Қолы қолына тимейді. Тамақты лезде даярлап жіберді. Өз өмірінде бірінші рет өз үйінде басқа біреудің қолымен жасалған дайын тамақты жеп, қуанып қалды. Осы жігітті үйіне кіргізіп алғанына өзіне өзі риза болды.
Ван да қуанышты болатын. Тек жатар кезде ғана әлденеге алаңдап, тосырқаңқырап отырды. Элмира оған залдағы сафаға орын салып беріп еді, соған қисая кетті. «Шіркін, Қазақстан азаматтығын тезірек алсам-ау! Соған қолым қашан жетер екен?!» деп, дамбалының ышқырына тіккен ақшасын сипалап жатып ұйықтап кетті.
Ертеңінде таңертеңгі тамақтан кейін сөзді Элмира бастады:
-Ван, Светаның оқуын қайтеміз?
-Оқытамыз. Мен ағамнан ақша алып келемін.
-Сен айтшы, қызыма қытай тілін оқытсам қайтеді?
-Қалайша қытай тілі?- деп сұрады Ван «бұл қатын мені сынап отырмасын. Алдымен осының ішін біліп алайын» деген бір жымысқы есеппен.
Элмира шынын айтты:
-Әнеугүні бір жерде Қытайдан келген оралман қазақтармен бірге отырып қалдым. Жетеу ме, сегіз бе, – Бәрі ғалым. Түгел профессор. Алды елу, аяғы отыз-қырық кітап жазғандар. Алмаған сыйлықтары тағы жоқ. Соның біреуі айтады: Қытайдың мына төрт бұрыш иероглифін Кон Фуций деген ұлы ғұламасы ойлап тапқан. Сонан Кон Фуций жүз жастан асып, әбден кәртейіп, өлер шағына жеткенде, әл үстінде жатқанда оның шәкірттері: «ұстаз, бұл иероглифті неге төрт бұрыш қып жасадыңыз?» деп сұраса керек. Сонда Кон Фуций: «егер осы төрт бұрыш иерогифтен айырылмаса, менің ұрпағым күндердің күнінде дүниенің төрт бұрышын түгел билейтін болады» деп жауап беріпті. Шәкірттері тағы да: «ол қашан болады?» деп сұрапты. Кәрілік жеңіп, ауру меңдетіп халы азайған Кон Фуций онан ары сөйлеуге шамасы келмей , екі саусағын көрсеткен екен. Шәкірттері оны екі жүз жыл дегені деп мөлшерлепті. Екі жүз жылда ондай бола қоймапты. Сонан соң оның кейінгі мүриттері «ұстаз онда екі мың жылды межелеген екен» деп жорыпты. Қазір міне Қытай бір жарым миллиардқа жетті. Күн санап дамып келеді. Анау теңіздің арғы жағындағы азуын айға білеген Американы да қорқытып отыр. Кон Фуций біліп айтқан» деп отырғандардың бәрін ауыздарына қаратты. Сонан соң мен де қызыма қытай тілін оқытсам деп ойлап едім,- деді ол шын ниетімен шешіле сөйлеп.
Ван іштей жылмаң қағып қуанып отырды. Өзі қытай бола тұрып, Қытайда жүргенде де естімеген әңгімесі. Кон Фуцийдің әулие екені рас. Оның жетпіс үш мүшеліне қараған жасында қайтыс болғанын да біледі. Баяғыда мұғалімдері қытай иерогифі Кон Фуцийден 7-8 ғасыр бұрын дүниге келген деуші еді. Ал, мынау… Ван оны өтірік дегісі келмеді. «Айта берсін. Иә, айтқаны келіп, солай болғай.» деп тіледі. Сонан соң Элмираға бұл да шынын айтты:
-Қытай тілі ұлы тіл ғой. Бірлескен ұлттар ұйымында қолданылатын алты тілдің бірі. Оның үстіне Қазақстанда қазір Қытай фирмалары қаптап жүр. Мұнан былай да көбеймесе азаймайды. Олай болса, Қытай тілін білетіндерге жұмыс та оңай тыбылады деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, күндіз университетте оқыса, үйге келгенде мен де көмектесер едім. Кешке боспын ғой. Не бітірем?!- деді.
Күндер осылайша бір келкі ырғақпен ақырын жылжып өтіп жатты. Ванның осында келгеніне де екі жетіден асты. Сонан бір күні қызық болды.
Күн жексенбі еді. Элмира күндегіден ерте тұрды. Қазан-аяқ жаққа да Ваннан бұрын барды:
-Ван, мені құттықтап қой. Бүгін менің туған күнім,- деді мәз-мәйрәм болып.
Ван сумкасына жүгірді. Жяң айтқан: «күндердің күнінде мына қатынның туған күні болады. Сонда оның саусағына осыны кигіз. Бұны олар өмірі ұмытпайды. Әуелі қаласаң сұрағаныңды береді» деп күле жүріп, алып берген жақұт көзді, алтын жүзік бар еді. Соны әкеліп оның қолына салды.
Элмира қуанып кетті. Айғайлап жіберді:
-Света, қандай керемет! Сен әлі ұйықтап жатырсың. Мына Ван менің туған күнімді бірінші болып құттықтап, мына жүзікті сыйлады. Қандай тамаша! Қандай жомарт! Сен туғаннан бергі бірінші рет алған қымбат сыйлығым.- деп қызының бөлмесіне жүгірді.
Элмира бекерден бекер ерте тұрмаған екен. Түс әлетінде гүл ұстаған, арақ-шарап, кәнпит көтерген Элмираның өзі құралыптас саркідір әйелдер жиналып, оның туған күнін құттықтады. Коньяктан тартып-тартып алып, ән шырқады. Орыс әндері. Дауыстары онша келіңкіремесе де, әйгілі әншілерден кем орындаған жоқ. Қолға түсе бермейтін бақытты бір сәттерінің қалай тез өтіп кеткенін өздері де сезбей қалысты. Ван жасаған қытай тамақтарын сүйсіне жеп, оған арақ ұсынып, оны биге шақыруды да естерінен шығармады. Ван да тартынбай ішті. Өмірі би дегеннің иісі мұрнына барып көрмесе де, қиқаңдап билеген болды. «Әттең, біраз мосқалдау. Әйтпесе…Дегенмен мынау бөтен елдің, әсіресе, мына орыс тектілердің қызығын бір көру керек еді. Тұра тұр, бәлем. Орысша біліп алайын…»- деп ойлады музыкаға елітіп, көзін жұма жүріп.
Кешке достары кеткен соң Элмира оңаша үйде отырып жылап та алды. Қай-қайдағы есіне түсіп еді. Өмір деген мынау, бір қайырылмай, судай ағып өтіп жатқан. Жас кезінде де ешкімнен кем емес еді. Әке-шешесі тап-таза қазақ болғанымен, бұл орыс мектебінде оқыды. Ашық-шашық, еркін жүруге әуестеніп, тәйтік болып бой жетті. Он төрт жасынан бастап біреулерге ғашық болды. Қазір анда-санда бір ұйқысы қашқан кезде, қалың түннің бір уағында ойласа, көз алдынан көп жігіттің бейнесі елестеп өтеді. Бақытты, ләззатты кездердің суреті. Қас қағымдай ғана қысқа сәттер. Үзік-үзік көріністер. Алтын шынжырдың әрбір үзбесі секілді қымбат, қызықты өкініштер. Соның ішінде тұрақтап қалғаны біреу ғана. Ауданның бірінші секретары. Ол кезде Элмира талшыбықтай бұралып тұрған, сындардай әдемі қыз еді. Бипаздап жонған, күмістің буымен күптеген ақ қайыңдай аппақ сирақтарын қаздаң-қаздаң басып, тәкаппар жүретін. Бірінші секретарға бірден ұнады. Ол мұны көмекшілікке шақырды. Айтқанының бәрін орындатты. Шырын күндер өткізді. Мына үйді де сол алып берді. Мына жалғыз қызы Светлананы да содан көтерді. Сол бойы отырып қалды. Компартия құлап, тәуелсіздік алған тұста ол пенцияға кетті. Элмира да жұмыстан қалды. Оның үстіне бұрынғы сымбатынан айырылып, семіріп, жуандап, күмпиіп шыға келді. Сонан бері осы жалғыздық. Сүйеу болар, медеу тұтар, сырласар ешкімі жоқ. Әсіресе, еркектен салымы қайтқалы қай заман?
Ашуын бір румка коньякпен басып, төсегіне қисайды. Өне бойы от болып, күйіп-жанып ұйықтатпады. Ауырмаған жамбасына салмақ салып, ұзақ аунақшыды. Ұйқы мүлде қашып алды. Қарадай елігіп, әлденені сарыла аңсап, бір нәрсені сағынып, өзегі өртеніп, жүрегі сыздап соқты. Қарадан қарап алас ұрды. Етженді, толық кеудесін кере, жиі-жиі тыныс алды.
Түннің бір уағы. Иен үй. Шешесі достарымен еркін отырып алсын деп Света өз достарымен кеткен. Ең қиыны осы жалғыздық. Қырық жеті жасқа келгенімен, бұлшық еттері нығыз, әлі сезімі өлмеген. Оқта-текте қанына бір сарсу араласып, желіктіріп әурелейтін кездері көп. Бүгін де жалғыз өзі. Жоқ. Айтпақшы Ван бар. Есіне сол түсті. Жұрт білмесе де, заң қосқан күйеуі. Дені сау. Он екі мүшесі бүтін, жап-жас жігіт.
Элмира ұйқы киімін қолқылдатып, залға барды. Шам жақты. Ван ұйықтап қалыпты. Бір сәт қарап тұрды. Ақыры шыдамады:
-Ван,- деді оның қасына жақындап.
Ван ояна қоймады.
-Ван!- деді Элмира оны ырғап оятып. Еркек денесіне тиген саусақтары да зыр етіп, сырқырай жөнелді.
Ван көзін ашты. Басын жастықтан жұлып алып, шошына қарады.
-Ван, жүр анда!- деді оның қолынан ұстап, өз бөлмесіне қарай жетектеді. Ван қарсылық білдірген жоқ.
-Ван, сен менің күйеуімсің ғой,- деді бөлмесіне кіре сала оны құшақтап, ерніне жабысып. Өне бойын сипалап, аймалай бастады.- Қалай, сен мені ұнатпайсың ба? Мен сені сүйем. Пожалюста. Жақсы жігітсің. Ұлы елдің ұрпағысың. Қандай әдемісің! Ой, мен сені… әйеліңмін ғой. Сүйші мені. Тартынасың ба? Неменеге ұяласың? Қытайша тәлімсімеші. Енді біз екеуіміз…
Тіршілікті , жарық дүниені – бәрін ұмытқан Элмира масаң күйінде осы тектес бірдемелерді, ұғымсыз сөздерді сан қайталап, міңгірлеп, Ванның ес-ақылын шығарды.
Ван де екі ойлылау еді. «бір жуып алып, со бойы құтыла алмай қалып жүрмейін» деп бір ойлады. Жасы өте үлкендеу болып тұр. Өз шешесі де биыл қырық жеті жаста еді. Соны есіне алды…Мынаны ренжітіп алса, өмірлік жосапары күлге ұшып жатса… Қазір бұған қай-қай жағынан да бағынышты ғой. Бәлкім, мұның басқа бірдеңеге де себі тиіп қалар…
Ертеңінде таңертең жардай семіз Элмира құшағында жатқан жұдырықтай жігіттің басынан сипады:
-Ван, Светаға сездіруші болма. Ұят қой. Оған мен анау формални неке туралы да айтқан жоқ болатынмын. Жай пәтершік деп қойғам.- деген бір күрсініп алып.- Бірақ мен осыны айтты екен деп келмей қойып жүрме. Света жатқан соң қалаған уағыңда келе бер. Мен сенің әйеліңмін ғой шынында…
Міне, сонан бері төрт жыл өтті. Ванның Қазақстан азаматтығын алғанына да үш жылдан асты. Артта қалған достарын да шақырып әкелді. Бәрі ойдағыдай. Өзі де көп жұмысқа ысылып, барған сайын жатылып барады. Қытай жақтан келетіндердің бір мықты тірегіне айналды. Орысшаны да жап-жақсы игеріп әкетті.
Жиырма бес жасқа толған күнін тойлап отырған бүгінгі күні бәр-бәрі көңілдегідей болғанымен, Элмира оған бір өкпесін айтты:
-Ван, қалай, бір жылдан бері сен мұнда көп келмейтін болып алдың ғой?- деді румкасын соғыстыра отырып.
– Сауда-сатық. Ақша табудың қамы баяғы. Бір Қытай фирмасымен бірге Ақтау жаққа кетіп қалдым.- деді шімірікпей, құйдай өтірік айтып.
– Екі айдың алдында мен сені көшеден көріп қалдым ғой?
-Жоқ. Басқа біреу шығар.
-Дәл сенсің. Үстіңде былтыр мен таңдап алып берген әлгі жолақ жолды костюмың бар. Қасыңда ұзын бойлы бір қыз кетіп бара жатты. Орыс па, қазақ па, қызды анықтап байқай алмадым. Сыртынан қарағанда біздің Светаға да ұқсап кетеді.
-Иә, иә, айтпақшы, фирманың жұмысымен бір рет келіп кеткенім бар. Асығыс едім.- деді Ван онан ары жалтара алмай, қып-қызыл болып кетіп.
Сонан ары Светаға қарап сөйледі.
-Айттым ғой сонда шешең көріп қалды деп.- деді қытайша былдырлап.
Светлана биыл үшінші курста оқиды. Қытай тілін көп-көрім игеріп алған. Әрине, баяғыдағы уәде бойынша күндіз университеттен, кешке Ваннан оқып жүріп… Соның аяғы әуелі махаббатқа ұласқан.
-Света, мен сені сүйем,- деді Ван оңаша бір сәтті кеште өзі бойшаң, денелі, өзі сұлу, дәл шешесінің жас кезіндегісі сияқты әсем қыздың мойнына асылып. Сол асылған бойы оның мойнын күшпен иіп әкеліп, өкшесін көтеріп тұрып, ерніне жабысты.
Қыз да өзін бақытты сезінді. Миллиардқа келін болу қазір мұнда әр кімнің-ақ арманы…
– Енді жасырудың керегі жоқ,- деді қыз да қытайша міңгірлеп,- Айтатын болсаң, бүгін айт. Мамам мұндай кезде, аздап ұрттап алғанда ашу шақырмайды.
-Қорқам. Батылым бармайды.- деді Ван дауысы аздап дірілдей шығып.
-Мен білсем шешем бұған қарсы болмайды. Қуанады әуелі. Маған салсаң баяғыда –ақ айта салатын едім. Бізде қыз өз шешесінен ештеңесін де жасырмайды. Ал сен әйтеу мені ылғи ауызға қағып, бөгеп келе жатырсың. Білмеймін,- деді қыз нараулығын жасыра алмай.
Ван тағы бір румка арақ құйып ішті:
– Хозайка, жоқ, кешіріңіз, мамашка, біз Света екеуіміз…Жоқ, мына Света маған тұрмысқа шығайық деп жүр…- деді тұтығып.
– Не дейді?- деп шошып қалған Элмираның дауысы қатты шығып кетті. Ванға ажырая қарады.- Ван!…
Жігіт үн қатпай, тұқыжыңдап бір тілім ашты қиярды шаншып алып, аузын толтыра асап жіберіп, шапшаң-шапшаң шайнаң қақты.
-Ван, Не айтып отырсың?!- деді Элмира дауысы қалтырап.
Шешесінің мына ыңғайын байқай қалған Света сөзге дереу араласты:
-Мама, менің ішімде Ванның бөпесі бар ғой,- деді оған күш көсеткендей.
Шешесі «шын ба?» дегендей қызына да ажырая, ұзақ қарады. Сонан соң:
-Ван!- деп шыңғырып жіберді екі көзі шарасынан шыға қалш-қалш етіп.
Сөйтті де дастарқанды жұлқа тартып қалып, үстіндегі нәрселерді бір-ақ аударып тастады. Аяқ-табақ, шыны-шәйнек, бөтелке, стакандар шалдыр-шұлдыр етіп түгел жайрап түсті.
-Мама, Мамачка,- деді қызы жыламсырап.
Элмира көпке дейін мелшиіп отырып қалды. Не дерін білмей дал болды. Мұнан ары қолынан түк келмейтінін біліп, өз бармағын өзі тістеді. Өз бөлмесіне барып шкафтағы коньяктан бір стакан құйып алып басына бір-ақ көтерді.. Іші от боп өртеніп барады. Бөтелкеге тағы да қол созды…Іше-іше ақыры мас болып қалды. Шаршағанша жылады…
Ван үш күннен кейін Светлананы қолтықтап, жоқ, қолтықтап емес, дәлін айтқанда қолтығына кіріп… Жо, олай да емес, бұған қазақша дәл бір теңеу тауып айту мен пақырға да қиындау болып отыр. Құлынды бие сияқты. Жоқ. Қалталы қасқыр болушы еді ғой. Жоқ. Маймылдар балаларын арқасына немесе бауырына жабыстырып алушы емес пе еді… Ой, жоқ. Бұл да дәл емес. Иә, не болса, ол болсын. Осы сияқты бірдеме әйтеуір, Светаны ертіп Қытай банкіне барды.
-Мынау менің әйелім,- деді бойы өзінен жарты метр ұзын сүйіктісіне төменнен мақтанышпен қарап. Биіктігі кеудеден келетін сөренің ар жағындағы банк қызметкеріне соны айтты да, өкшесін көтеріп тұрып, ақшаның шегін ұсынды.- Үй алайын деп едім.
Сонымен қаланың ең көрікті жері Самал районынан жаңа бір отау бой көтерді. Біз көріп жүрген қазақтың көп отауы емес, ұлы көршінің, миллиардтың бір шаңырағы. Жай емес, алтыннан соққан күмбез іспетті, аса салтанатты отау!
Бұлай деуімізге кішкене ғана бір себеп бар. Естіген құлақта жазық жоқ деуші еді ғой қазақ. Біздікі де сол. Рас болса, осы отау көтеру тойы Алматының ең тамаша, әрі ең қымбат мейрамханасында, Медеуге шығар жолдағы салтанатты бір ресторанда өтіпті. Былайға жұрт түгел біле бермейтін, бүкіл Қазақстандағы елеулі-елеулі оқиғаларды қалт жібермей бақылап, қатесіз қадағалап отыратын ең әйгілі бір демограф ғалымымыз алдын ала шүйінші сұрап:
– Ұлы көршіміздің 999-ы отауы кеше Астана қаласында тіркеліп еді. Міне бүгін мыңыншы отауы Алматы қаласында шаңырақ көтеріп отыр. Қазақстан халқының жиырма миллионға жетуінің ең бір даңғыл жолында керуен түзелді. Қуаныңдар қазақтар!- деп аса салтанатты мәлімдеме жарияласа керек. Сонан Қазақстанның жер – жерінен құттықтау телеграммалар қарша борапты. Ірі-ірі саяси партиялардың басшыларынан, Парламенттің беделді-беделді депутаттанынан, белі-белді саяси қайраткерлерден…Ой, кімді санап отырасың…
Иә, солай ғой өзі де. Екі жас сүйісіп табысса, шешесі қарсы болмаса, заң ор
ындары документтерін даярлап берсе…Бізге не жоқ?! Біз де өз тарапымыздан жас отауға құтты болсын демегенде не дейміз!?
Құтты болсын жас отау! Іші ұлға, сырты малға толсын!