Жақсылық САМИТҰЛЫ
Жалғыз тілек
әңгіме
Өскемен қаласының бір шетіндегі абақтыда жатқан Көккөздің түсіне Әзірейіл кірді. Оның осындай бір ғажайып түс көретіні бар. Жаны ең қиналған сәтте ылғи періште көреді. Бір есептен түс емес, аян сияқты. Өзі де анық білмейді. Қалың ұйқының бір уағында оянып кетеді. Сонан қайта көз ілді ме, ілмеді ме, оны нақ біле алмайды. Оянғаннан кейін байыптап ойлап отырса, өңі де емес, түсі де емес, тылсым бір нәрсеге ұқсайды. Бір ғажабы, сол көргені өңінде айнымай келеді. Бірақ, бірде дереу , енді бірде барып-барып, тіпті, әлдеқашан естен шығып, ұмытылып кеткен бір кезде. Алғашқысы, қане, қашан еді? Иә, қырық неше жыл бұрын. Жоқ. Нақтырақ айтқанда тұп-тура қырық бес жылдың алдында. Онда да дәл бүгінгідей абақтыда болатын. Бірақ, Өскемен емес, Көктоғай түрмесінде. Қытай қамағында.
Көккөз биыл алпыстың жуан ішінде. Осы алпыс неше жылда оның көрмегені жоқ. Тіпті алғаш дүние есігін ашқанда да Семейден қашып, Қытай асып бара жатқанда дәл шекара үстінде туған екен. Ойланып-толғанып, шілдехана жасап, азан шақырып ат қойып отыратын күн қайда?! Шешесі түріне қарапты да, «көк көзім»дей салыпты. Со бойы Көккөз атанып кетіпті. Сондығынан болар, оның өмірі ылғи көңілсіздіктерге, бақытсыздыққа толы болып, дау-шардың, талас-тартыстың, мырза қамақ пен абақтының маңында өтті. Жақындары, туыстары, дос-жарандары оны «ойламың аз. Аузың жеңіл. Бар пәлені осы тіліңнен тартып жүрсің» деп кінәлайды. Көккөз оған мойындайды. «Әй, енді осыдан кейін бе… Естігенімді емес, көргенімді де айтпаспын-ау» деп тәубеге келеді. Бірақ, былай шыға бере онысын ұмытып қалады. Жөпелдемеде шыдамай кетеді. Артынан тағы да: «Қап!» деп бармағын тістейді. Сүйекпен біткен ауру. Жазылмайды.
Гоминдаң тұсы. Он неше жастағы кезі. Қалашықтағы жалғыз мектепте бесінші сынып оқитын. Ол тұста бұл үлкен оқу. Жоғары білім санатында. Сонан Қытайдың мемлекет басқарып отырған «гоминдаң» партиясы өзінің кезекті бір құрылтайының алдында партия мүшелерінің санын көбейтуге қаулы шығарады. Мектептегі партия ұйымы Көккөз оқитын бесінші сыныптағы жиырма екі баланы партияға топтық түрде қабылдауға шешім жасады. Алдын ала үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонда осы Көкөз орнынан тұрып:
-Беске оқыитындар да, екіге оқитындар да кіре бере ме?- деп сұрады.
-Оқу нәтижесі емес, идеясына қаралады.- деді партия ұйымының басшысы.
-Қыс бойы қыстаудағы үйіне қашып кетіп, мектепке анда-санда бір келетін, барлық сабақтан екіден басқа баға алып көрмеген мына отырған Жатқанбай да мүшелікке кіретін болса, сонда бұл партия қашқан-пысқан топастардың партиясы болды ма, әлде ақсақ-тоқсағына қарамай бір қораға қамай беретін біз қой болдық па?- деп қойып қалды.
Артынан мүшелікке қабылданғандардың тізімін жариялаған кезде жалғыз Көккөздің ғана аты аталмай қалды.
Сонан тағы бір жыл аунап, келесі жылдың көктемінде аймақ орталығынан Шығыс Түркістан армиясы бас қолбасшысының орынбасары, Кеңес одағының офицері, генерал Палиновты қорғайтын дивозион жасақталды. Қабылданатындардың шарты біреу ғана. Ылғи орыс пен татар болуы керек. Еріктілердің қатарында Көккөз де тізімделді. Қазақпын деп емес, татармын деп қабылданды. Әскер қатарында аянбай қызмет етіп, тәп-тәуір жақсы атанып келе жатыр еді. Аяқ астынан аузынан жазып, бәрін өзі бүлдірді.
Өзімен бір қатарда қабылданғандардың бәріне көп ұзамай еңбек жазылып, шен таратылып жатты. Бір-екі жылды ішінде капитан дәрежесіне дейін өрлеп, кәдімгідей офицер санатына ілініп, өрлеп кеткендер де көп. Сонан бір күні тағы сондай бір марапаттау жиынында Көккөз қарап тұрса, бәрі тағы да орыс, өзбек, ұйғұр, татарлар екен. Іштерінде бір де бір қазақ жоқ. Көккөздің аузы қышып кетті:
-Мұхтарам, генарал литенант, соғысқа қазақ барады. Қанды қазақ төгеді. Ал марапат пен шенді ылғи басқалар алататыны қалай?- деп сұрап қалды.
Сол бір ауыз сөзі үшін екі тәулік суық үйге қамалды. Артынан бұған сонда генарал Палиновпен бірге Кеңес одағынан барған бір қазақ полковник Дідәбекұлы Досболов Шәріптің көзі түсіп, рақымы келіп, жаны ашыды:
-Әй, сен өзің татар бола тұрып, қазақтың дауын даулайтын нең бар еді?- деді оңаша шақырып.
-Ағатай, шынымды айтсам мен татар емес, қазақпын. Солдатқа қазақтарды алмайтын болған соң татар болып жазылып едім,- деді шынын айтып.
Полковник Дособолов ойланып қалды.
-Дегенмен, сен әлі басыңның дымы кеппеген сары ауыз бала екенсің. Үкіметтің саясатында сенің нең бар еді, айналайын. Олардың не ойлап отырғанын сен қайдан білесің?! Қазір сен жай қазақ емес, солдатсың. Мұндай жерде осындай бір ауыз сөзің үшін сотталып яки атылып та кетуің мүмкін екенін қалай ескермейсің. Ниетіңді теріс демеймін. Бірақ, мына түріңмен бірдеңеге ұшырап қаласың ғой… Тоқта, сен бала, басқаны қой, енді маған оққағар бол.- деп оны өз қасына ертіп алды.
Көккөздің өз өміріндегі аса бір көңілді кездері, алтын дәурені осы Досболвтың қасында өтті. Досболов Шәріп оңаша кездерінде оған көп-көп әңгіме шертті. Сырттай қарағанда аузы тойпаң, мінезі ауыр адам сияқты көрінгенімен, Досболов әрі шешен, әрі өте білімді адам екен. Оның үстіне ерекше қазақшыл да болып шықты. Көп жағдайдан Көккөздің көзін ашып та кетті. Кейде бір аздап ұрттап алған кездерінде: «әттең шіркін, жарым-жарты болса да, Шығыс Түркістан делінетін осы Республиканы сақтап қала алсақ қандай бақыт болар еді!» деп бар шынын жасырмай айтып та қалушы еді.
1949 жылы 20 қазан күні Қытай қызыл армиясы, бірінші дала армиясының Ху Жян басқарған броновик әскер полкі Үрімжіге жетіп келді. Бұл кезде Көккөз тұрған полк те тұтас құрамымен Ұланбай атты әскер полкі деген атпен Үрімжі қаласының іргесінде тұрып жатқан болатын. Қытай қызыл армиясын ең алдымен осы полк қарсы алды. Жауынгерлер жолдың екі жағында тұрып, винтовкаларын жоғары көтеріп, ұрандар шақырды. Көккөз да ерекше қуанды.
-Қызыл армияны қызу қарсы аламыз!
-Компартия жасасын?
-Мұратымыз – Коммунизм!
-деп кеңірдегі жыртылғанша айқайлады. Компартияның қазақ халқына да бақыт әкеледі деп сенетін еді.
Осыдан тағы жарты жылдай уақыт өткенде Қытай қызыл Армиясының генералы Ваң Жын бұрынғы Шығыс Түркістан ұлттық армиясының жоғары дәрежелі офицерлерін Үрімжі қаласына жиынға шақырды. Алтындай жарқыраған поталмен «1-тамыз» деп жазылған Қытай армиясының қызыл туы биік ілініп, қызылды-жасылды плокаттармен, жалаулармен әлем-жәлем болып кеткен әскери клубқа ұлттық армияның офицерлері мен жауынгерлері бір жағына, Қытай қызыл армиясының жауынгерлері бір шетіне лық толды. Генерал Ваң Жын өзі ұзақ баяндама жасады. Ұлттық армияның ерлік істерін мадақтады. Олардың Қытай төңкерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Соңынан осы барыста үлкен еңбек сіңіріп ерлік көрсеткен офицерлер мен жауынгерлерге ордендер мен медалдар тапсырды. Залдың іші қызу мерейге, қуанышқа толды. Кеудесінде медалдар жарқырап, пагондарына жұлдыздар қосылып жатқан офицерлер мен жауынгерлер түгел мәз-мәйрам еді.
Сонан бір кезде залдағы қуаныш пен дабыр-дұбырды басып түскен қаһарлы да сұсты, ащы бір дауыс:
- Қазір ұлттық армияның ту тапсыру мұрасымы басталады,- деп жариялады.
Зал іші тына қалды. Ұшып өткен шыбынның ызыңы білінетіндей жым-жырт тыныштық, әрі аса ауыр да мүлгіген тұңғиық күй орнады.
Батыс солтүстікке жорық жасаған Қытай қызыл армиясының қолбасшысы әрі комиссары генарал Фың Дехуайдың 1949 жылы желтоқсанның 20- күнгі бұйрығымен қызыл армия қатарына қосылып қайта құрылған Бұрынғы ұлттық армия, қазіргі бесінші корпусы командирінің міндетін атқарушы полковник Ділдәбекович Досболов Шәріп армия туын көтеріп сахнаға шықты.
Сонан соң биікте ілініп тұрған «1-тамыз» туының алдында қасқайып тұрған Ван Жынның алдына жетіп барды. Клуб іші әлі де сілтідей тынған қалпы. Офицерлер түгел демін ішіне алып, сілейіп қалған бойы. Алдарында «Ла һила илла алла мұхаммад расул алла» деген мұсылманша қасиетті сөздер жазылған ай-жұлдызды ақ ту. Өздері бес жыл бойы табынып көтерген құдіретті ту. Құлжа қаласында, Шиху, Жың қалашықтарында болған неше-неше сөткелік қанды соғыста жандарына медет, руқына қуат берген киелі ту. Осы тудың дүрілдеген дауысына арқаланып Гомин қытайдың талай-талай полктерін қан жоса қып, қынадай қырып Манастан асырып Үрімжіге қарай қуып салып еді. Сондағы жеңімпаз ақ ту. Шығыс Түркістан республикасының, бостандықтың, тәуелсіздіктің ақ байрағы… Енді сол туды өз қолдарымен тапсырғалы тұр. Офицерлер түгел кірпік қақпай сахнаға қадалып қалған. Иығына екі сызықты, үш жұлдызды полковник пагонын таққан Досболов марыш қадамымен адымдап барып, қалт сіресіп тұра қалды да, алдымен қолын шекесіне апарып құрмет көрсетті. Сонан соң ақ тудың сабынан екі қолымен мықтап ұстаған бойы оң аяғын алдыға жіберіп, сәлем еткен келінше иілді де, ол жақ тізесін жерге тигізді. Дірілдеген қолының қимылымен болымсыз ғана қозғалып қалған ақ туға – ақ жібекке ернін қадап, ұзақ сүйді. Үнсіз мүлгіп отырып қалды.
Қытай қызыл армиясының офицерлері бастап, клубты басына көтере шапалақ соқты. Оған ұлттық армияның офицерлері де қосыла дүрілдетіп әкетті. Бәрі де маз-мәйрам.
-Қытай компартиясы жасасын!
-Қызыл армия жасасын!
-Сегізінші армия мәңгі жеңімпаз!
-деген ұрандар көтерілді.
Досболов басын көтерді. Көккөз сахнаға жақын отырған. Алдында не болып жатқанының бәрі сайрап тұр. Өз көзіне өзі сенбей, кірпіктерін қағып-қағып жіберіп қадала түсті. Дәл осы арада… Досболовтың жылап тұрғанын көрді. Ештеңеден, өлімнен де қорықпайтын қайсар, қаһарман офицер еді. Қанды қырғын соғыс кезінде де полктің айбары, жеңімпаз рухы бола білген асқақ жан болатын. Енді соның жылап тұрғанын анық көрді. Тіпті ол бүгілген тізесін дір-дір еткізіп, қалтырап барып әрең жазып, еңсесін зорға дұрыстады. Ағыл-тегіл боп бетін жуған айғыз-айғыз көз жасын сүртпестен залға, көпшілікке қарады. Жүзі аппақ қудай. Бойында жан жоқ. Тірі аруақ.
Көккөздің жүрегі шаншып-шаншып кетті. Өзі де сезбестен орнынан ұшып тұрды.
-Қасиетті ақ туым, қайран бостандығым-ай! Шынымен келмеске кеткенің бе?! Шықпай қалғыр қу көзім, не көріп тұрмын?!- деп бұл да еңіреп жылап жіберді.
Ұлттық армия тараған кезде Досболов Көккөзді Үрімжідегі бюро-кадрлер мектебіне жіберткізді. Көккөз онда Қытай компартиясы мен қызыл армиясы туралы саяси сабақтар оқып, білім алды.
Бір күні сәлемдесе келген бір жерлесі одан:
- Оқуың қалай? Марксизмге жетіліп қалған шығарсың?- деп сұрап қалды.
-Әй, қойшы соны. Қайдағы білім?! Ылғи шұлғауын сүйретіп, шақайының ұлтанын жеген қытайлардың соғысы туралы айтады екен.- деді күрсініп.
Курстас бес қазақ бар еді. Соның төртеуі қол қойып, ертеңінде мектеп басшылығына мұның үстінен арыз жазды.
-Айттың ба?- деп сұрады сұқтарын қадап.
-Айттым,- деді Көккөз тайсалмай.
Тұрмыс жиыны, саяси үйрену дегендер бір ай бойы Көккөздің үстінде болды. Мектеп бітірер кезде оның архиб қалтасына: «қауіпті бүлікші елемент» деген сөз жазылды. Оны қиыр бір шеттегі Көктоғай ауданындағы орыстар басқарып тұрған түсті метал кеніндегі жұмысшылар арасына қызметке жіберді.
Бұл жер оған жаман болған жоқ. Сол арада ол Көктоғай қалашығында тұратын, бір кезде Қазаннан қашып шығып, Алтай бетінде жан сауғалап мекендеп қалған ноғай шалдың үш қызының ең кішісі Ғалиябәнуге ғашық болды. Мөлдіреп тұрған, әдемі ақ сары қыз болатын. Көккөз әнді жақсы айтатын. Баян ойнайтын. Кеш болса болды, ноғай үйінің маңайын торыуылдап, кен районындағы орыстарға еліктеп желкесіне түсіре қойып алған бұп-бұйра жирен шаштары кере қарыс ақ маңдайын жауып, үшкір иегін баянның жып-жылтыр сауытына тіреп, көк көздерін сығырайта түсіп, баянды құлаштай тартып-тартып жіберіп:
Оралыңнан озған шақта,
Қақпаң болсын қағарға.
Ешбір хайла таба алмасаң,
Ғалиябәну,
Сұлуым-ай, еркем,
Шық дерезе жабарға.
-деп татар халқының тамаша бір әнін жырлайтын да жүретін болды.
Ғалиябәну оның әнін алғашында аула ішінде, ай астында жүріп тыңдады. Онан соң төсегінде, көз іле алмай, аунақшып жатып тыңдады. Ақыры шыдай алмай жүгіріп далаға шықты. Қақпаға сүйеніп, мүлгіп тұрып құлақ тікті. Сонан бір күні:
-Әй, жігіт, саған не керек?- деп тіл қатты өзін-өзі ұстай алмай.
Ақыры маңайдағы қазақтар жиналып, ноғайға жаушы жіберді. Келгендердің бұйымтайын естігенде қыз әкесі шалқасынан түсе жаздады:
-Кім ол? Анау қаңғырып келген жалаң аяқ, жынды қазаққа ма? Ғалиябәнуге ме? Не деп сандалып отырсыңдар?- деді көздері шатынап.
-Қаңғырғанның бәрі жаман болса, сен кімге күлетіндейсің? Басыңа күн туғанда қазақтан қамқор ешкім таба алмайсың. Енді қарның тойған кезде ат қойып, айдар тағып, тұмсығыңды көкке көтересің. Сен бізді ашуландырма. Намасымызға тиме. Әйтпесе білесің ғой, біз атқа мінетін болсақ не көретініңді!..- деді барғандар сес көрсетіп.
Қыз әкесі онан ары қарсыласқан жоқ:
-Жарайды. Бердім бір қызды садақаға. Той жасайтын шамам жоқ. Үстіндегі киімімен қолынан жетеле де әкете бер.- деді ауыр тынып.
Сонан соң, соның артынан көп ұзамай қалған екі қызын да едел-жедел біреуін бір өзбек жігітіне, біреуін бір ақсақ татарға ұзатып жіберді.
Бір жылдан кейін Қытай компартиясының Шынжаңдағы алғашқы саяси қадамы «үшке қарсы» деген қозғалыс жүрілді. Аты жұмбақтау болғанымен, мазмұны кісі қуантарлық. Бюрократтыққа, қиянатшылдықа, парақорлыққа қарсы. Соған орай тебіні де қатал. Қытай компартиясының тегеурінін танытып, нысанаға ілінгендерді ай-шай жоқ қамай бастады. Тіпті олардың көпшілігін өлім жазасына кесіп, үкімді орындауға орталықтан бұйрық күтіп бөгеліп қалды.
Көккөз де алдыңғы топта тұтқындалды, әрине. Архип сайрап тұр. Бұған да өлім жазасы кесілді. Не үкімді орындап атып тастамай, не босатпай сарғайтқан бір жыл уақыт қандай ауыр болды десеңші!
Көккөздің алғашқы түс көргені де осы кез. Онда да тас қараңғы абақты. Онда да таңға жақынғы бір уақыт-ау шамасы. Бірдеңе сақыр-сұқыр ете түсті. Көзін ашып алып еді, абақтының төбесі ортасынан қақ айырылып, сол жарықтан түрі-түсі ерекше қорқынышты, адам пендесіне ұқсас бірдеңе түсіп келеді екен. Көккөз шошығанынан көзін жұма беріп еді, анау зәресін алған ащы да кәрлі дауыспен ақырып қалды.
-Аш көзіңді?
Көккөзге де тіл шығып кетті:
-Ағатай-ай, сіз кімсіз?- деді дауысы қалтырап.
-Мен Әзірейілмін. Сенің жаныңды алғалы келдім.- деді ол гүркіреп.
Көккөз орнынан ұшып тұрды. Жалмажан оның аяғын құшақтап, маңдайын жерге соғып:
-Тақсыр-ай, жиырма жастан әрең астым ғой. Бұл дүниден ешбір рақат, қызық көрмей өтіп келемін. Жаңа ғана жар сүйіп, бұл өмірдің ләззатын енді ғана тата бастап едім ғой,- деп жылап жіберді.
-Мен білмеймін оны!- деді анау зірк етіп.
Шашынан тартып қалған сияқты болып еді, Көккөз өзін енді жеті қат көктің ар жағынан көрді. Байқап қараса, жер бетінде кезікпейтін ғажайып бір құрылыс секілді.
-Кір мұнда!- деді желкесінен нұқып қалып.
Алтынмен аптап, күміспен күптеген, көз қаратпайтын асыл тастармен зерлеген әдемі сарайдың төрінде біреу отыр екен.
-Арызыңды анаған айт,- деді Әзірейіл оны соған таман дедектетіп итеріп жіберіп.
Ажалы жеткендердің тізімін шығарып отыратын періште сол екен.
-Ананы қарап көрші,- деді ол оның арызын тыңдап болып, жанындағы тағы бір періштеге алуан түспен мың құбылып жайнап тұрған ғажайып бір сандықты нұсқап.
Ол жап-жасыл бір түймешені басып қалып, сырлы сандыққа үңіліп отырды да:
-Аты-жөнің кім?- деді бұған мойын бұрмастан.
-Атым – Көккөз, әкем аты – Итаяқ.
Періште архивты қарап көрді де:
-Жоқ. Бұл емес екен. Алланың бұйырғаны Итбайұлы болатын.- деді хатшы періште басын шайқап. Сонан Көккөзге қарап сөйледі,- Алла тағала жер бетіндегі ит мінездес, ит өмір кешіріп жатқан адамдарды азайтуды бұйырған. Жер бетіндегі адамдардың тізімін қарап кеп жібергенде иттігі де, соған жарай ит аттас адамы да ең көп халық осы сендер – қазақтар болып шықтыңдар.
-Тақсыр-ай, сонда бізден басқа елде иттік те, ит аттастар да жоқ болғаны ма?- деді ол ежелгі әдетінше аузына келгенін ірікпей күсіп қалып,- Жер бетінің көбін иемденіп жатқан анау ағылшындар, үнділер, испандар, франсуздар мен немістерді, араптар мен түріктерді қайдан білейін, өзім жақсы білетін мынау Қытайда да, анау орыстарда да бар ғой ондайлар.
-Қане, айта қойшы ал.
-Гу фамилиялы қытайлар да, Собокович деген орыстар да бар ғой.
-Ей, ақымақ, Алланың сөзі бар: «ат Алладан, нұр пейіштен» деген. Ол – адам туғанда қандай ат қойылса, сондай болып өседі деген мағынада. Әрине, сен айтқандай ондай иттік те, ит аттастар да басқа халықтарда да бар. Бірақ, қазақ деген халық бұл жағынан қара үзіп алда тұр. Міне, қарашы өзің мына тізімге,- деп періште оқи бастады,- Итбай, Күшікбай, Ұялас, Төбетбай, Ұябай, Итсары, Итқосқан, Иткөз, Сарқасқа, Маңқасқа, Төрткөз, Итаяқ, Қаракүшік, Ұшар, Алыпсоқов, Дөрбіт… дейсің бе?! Ой, толып жатыр. Оңайшылықпен санап тауыса алмайсың. Мұны қойып итемген, ителі деген тұтас бір ру ел де бар емес пе? Оны қайтесің?
Көккөз үндей алмай қалды.
-Кет ондай болса,- деді Әзірейіл оған тағы зірк етіп. Сөзінің соңын тағы бір періштеге қаратқан бұйрықпен аяқтатты,- Апарып таста мына Итаяқұлын. Мұның орнына мен енді Итбайұлын әкелемін.
-Тақсыр, дат!- деді осы арада бойы үйрене бастап, барған сайын өжеттене түскен Көккөз оң қолын көтеріп, рұқсат сұрап,- Тақсыр-ай, келерін келдім ғой. Алла тағалаға бір кезіксем, сұрайтын бір сұрақтарым бар еді.
-Аса мәртебелі расул Алла кім көрінгенді қабылдай бермейді. Онымен тек пайғамбарлар ғана сөйлеседі.
-Менің тілегімді де бір айтып көріңізші.
-Жоқ. Ол мүмкін емес. Сұрағың болса маған айт. Алла тағала пенделерімен тек мен арқылы ғана тілдеседі.
-Жарайды, онда, әулие тақсыр-ай, мынау пәни дүниеде менің бағым бір жанбай-ақ қойды. Не жазығым бар? Соны білейін деп едім.
-Оның себебі бар.
-Қандай себеп, тақсыр?
-Сен күнәкар пендесің.
-Қандай күнә екенін біле алам ба?
-Сенің күнәң ба? Әрі көп, әрі ауыр.
-Біреуін болса да біліп кетейінші, періштем?
-Ең ауыр күнәң – сенде тәубе жоқ. Ылғи күпіршілік ойлайсың. Қайдағы жоқты көксейсің.
Көккөз ойланып қалды: «Со ғұрлы не көкседім? Мектепте оқып жүргенде ешкімге бас игім келмей төбелестім. Әскерде жүргенде, Шығыс Түркістан Ислам республикасы ұлттық армиясында жүргенде «қанды қазақ төгеді де, мансап пен атақты қалайша орыстар мен татарлар, өзбектер мен ұйғұрлар алады» деп өкпелі болдым. Қытай басқаруына өткен кезде «қытай қалайша дербес ел болып үкімет құрады да, біз неге осыларға бодан бола береміз» деп ренжідім. Онан басқа не күпіршілігім болды екен?» деп күбірлеп қалып еді, оның сөзінің аяғын тоспай, періште сөйлеп кетті:
-Дұрыс ойлап тұрсың. Сенің күнәң дәл сол!- деді батылымен түсініп.
-Тақсыр-ау, ол қайтып күнә болады? Мен білетін ұлттардың бәрі де дербес мемлекет болып, өзін-өзі басқарып жатыр ғой?
-Дұрыс. Бірақ сен жазаланған халықтың ұрпағысың.
-Жазаланған дейсіз бе?- деді Көккөз таң қалып.
-Иә, жазаланған,- деді періште сөзін нығарлай бекітіп,- Сен, бәлкім, білмесең білмейтін де шығарсың. Алла тағала әділ ғой. Тегінде сендерге де тәуелсіз мемлекет мәртебесін берген. Ол кезде ол «патшалық, хандық» деп аталатын. Алла тағала олардан қандай тілектері бар екенін де сұраған. Сонда анау қытай патшасы: «ей, аспандағы құдай әулие, жалғыз тілегім бар. Ұрпағымды көбейте көр. Мына бессадыра жан саныммен маңайымдағы ентелеп тұрған анау ғұндар мен үйсіндерге, түріктер мен монғолдарға қалай төтеп бере аламын. Тұс-тұстан анталап келіп, бәрі қаптап, бізді жеп қояды ғой. Елдік бергенің рас болса, үбірінді-шұбырынды қыл. Қара ормандай қалың адам бер»- деп сұрапты. «алақандай жерің бар. Оның бәрін қалай бағасың?» деп сұрапты Алла. «Шегіртке теріп жесем де өлмеймін ғой»- депті Қытай патшасы. «Жарайды. Айтқаның орынды. Тілегің қабыл болсын» – депті оған жаратушы паруардигар. Кезек орыс патшасына келіпті. «Ей, жаратушы, киелі кітап түсірген иссус-хрустос, патшалық бергеніңе разымын.- депті ол да үш саусағымен шоқынып алып,- Жер бетінде бір патшалық болып жасағаннан кейін адамдарымның кең көсіліп, емін-еркін өмір сүргенін қалар едім. Анау мұзды мұхиттың бергі жағы, анау Тайга, мұқым Сібір даласы иен жатыр ғой. Соны маған бере сал». «сонша көп жерді не қыласың?»- депті жаратушы. «жер көптік етпейді ғой. Үсті орман, асты қазына мұндай жер босқа жатқанша адамзаттың игілігіне жарағаны абзал емес пе?! Оның үстіне ел болған соң тентегі-тебізі болады. Тіпті өзің қойған патшаны – мені аударып тастамақ ниеттегі бұзықтар да шығады. Олар елді бүлдіреді. Басқа еш кәдеге жарата алмасам да, мұз құрсанған, кейде тіпті күн де шықпайтын анау Тайга, Сібірге сол бұзақыларды апарып тастап, елімді тыныш сақтып отыра алсам, сол да жетер еді.»- депті орыс патшасы. «жарайды. Орынды сөз. Сенің де тілегіңді бердім»- дерті карим Алла. Ендігі кезек қазаққа келіпті. Алланың алдына қазақтан біреу емес, екі адам барыпты. Және Алладан өздерін жеке-жеке қабылдауды өтініпті. «жарайды. Бірден кіріңдер»- депті кеңшілігі мол Алла. Сонда біріншісі: «Ей, Алла, Ұрық жалғаған қара көктің тұқымы екенімді білесің. Патшалық тақты маған түсіргенің өзіңе аян. Оған ана бір Мырқымбай таласып отыр. Ол өзі бір сұмпайы адам. Жағымпаз, пәлеқор, жалақор жан. Кеселді сұмырайдың өзі. Мына тақты тек менің ғана меншігіме бер»- депті Алланың жіберген періштесінің аяғын құшақтап, табанын жалап. Алла екінші қазақты шақырыпты. «Құдіреті күшті жаратқан ием, анау сасық байды білесің. Ол өзің қарғыс айтқан анау қарау байдың, әлгі шық бермес Шығайбайдың шөбересі ғой. Бұл да атасындай сараң неме. Барып тұрған жемқор. Алып жатса тойып бермейтін ашкөздің өзі. Оның үстіне ерекше топас, надан бейшара. Ол таққа отырса мына қазақты жеп тауысады. Онан да патшалықты менің еншіме бер»- депті қойнына тығып барған алтын жамбысын періштенің алдына қойып.. Сонда құдіреті күшті Ғафур рахим екеуіне бірдей ыза болыпты да: «кет, жоғал. Бара беріңдер. Қайсының мықты болсаң, тақты соның алыңдар» -деп қайтарып жіберген екен. Сонан екі қазақ Аланың ұрсып айтқан сөзін шын көріп қайтып барыпты да, біреуі медет тілеп орыс патшасына, енді біреуі көмек сұрап Қытай патшасына шауыпты. Бұлардың бар қылығын көріп отырған карим Алла: «Түу, иттер-ай, мына түріңмен ел болып та жырғатпассың. Өз обалдарың өздеріңде. Сен орысқа, сен Қытайға бодан бол. Пара бергішсің ғой, беретін параңды соған бер. Басың ұшкір, жағымпаз немесің ғой, жалайтын болсаң, солардың табанын жала!» деп қолын бір-ақ сіліккен екен. Сонда: «Ей, он сегіз мың ғаламды жаратқан, құдіретті Алла тағала, неге ашуландыңыз?»- деп сұрапты қасындағы періште. «неге ашуланбайын. Өзің айтқандай мен он сегіз мың ғаламды жаратсам да, соның ішінен екі басты мақлұқ жаратқам жоқ. Егер жаратқан болсам, ол сұмдықты мен жыланға ғана бергенмін»- депті Алла.
-Түсіндім, Алланың жаны сүйген көмекшісі, қасиетті періштем. Алла тағаланың ол төрелігіне құлдық! Әділетті, ақиқат дұрыс шешім екен! Бірақ, Алла тағала аса мейірімді, аса кешірімді емес пе еді?! Аталармыздың сол қателігіне кешірім жасап, біздің де таңымызды атырып, күнімізді шығаратын бір сәті болмас па екен?- деді Көккөз де енді зарлай жөнеліп «қалған сөзімді тыңдамай қуып шығар ма екен?»- деп безелектей шапшаң сөйлеп.
-Оның рас. Паруардигар аса мейірімді, аса кешірімді. Бірақ бұл жөнінде бір шарт бар.
-Қандай шарт екен, тақсыр-ай?
Періште жауап берудің орнына оның өзінен сұрады:
-Бұл сенің өзіңнің ғана тілегің бе?
-Жоқ. Бұл – қазақ деген елдің бәрінің тілегі.
Періште мырс ете түсті:
-Сенің қанша таныс адамың бар?
Көккөз ойланып алды:
-Көп қой, тақсыр!- деді ішінен мөлшерлеп санай бастап.
-Жарайды, Санамай-ақ қой,- деді періште,- Алла бәрін біліп тұр. Сенің бұл тілегің өзің танитын барлық адамның оннан жетісінің тілегіне айналған кезде ғана іске асады. Оның үстіне құрбандық бермей, қан төгілмей тәуелсіздік келмейді.
-Тақсыр-ай, не құрбандық керек сонда?
-Бұған ба? Тәуелсіздікке ме? Ол оңай емес. Оған қазақ деген елдің ең ардақты ұл-қыздарының қып-қызыл қаны керек.
-Астағыпыралла,- деп Көккөз шошып қалып кейін қарай бір адым шегініп кетті.
– Міне, солай!- деді періште еш ойланбастан сөзін онан әрі нығарлай түсіп,- Тәуелсіздіктің жалғыз ғана қажеті сол. Құй сен, құй сенбе. Оны өзің біл. Оның ірге тасы тек сонымен ғана бекиді. Шырайы да сонымен ғана ашылады. Онсыз бәрі бос сөз. Тіпті оның баянды болуы да соған байланысты. Онсыз ол баянды болса да бір мезгіл құмға орнатқан сарай сияқты солқылдап тұрады.
-Апырай-ә!- деді Көккөз қиналып шекесін қасып.
-Ал, бар енді!- деді періште оны тоғыз қабат аспанның ар жағынан жерге қарай итеріп қалып…
Сонымен, Қытай үкіметі Шынжаңға жіберген басшысы генерал Ван Жынның келе салып, жергілікті халықтың бас көтерер азаматтарын алғашқы тебінде-ақ абақтыға қамап, көп адамға өлім жазасын кесіп, ел көзінше атып тастап, өз құдіретін көрсетіп, тегеурінін танытпақ болған қатал саясатын онан әрі жалғастыра беруін орынсыз деп тапты да, оның орнына Шүй Жыңшын деген қайраткерін жіберіп, жұмсақ саясат жүргізуге көшті. Абақтыға жатқанына бір жыл болған Көккөз де қайтадан бостандыққа шықты.
-Аман-есен келдің-ау, әйтеуір,- деді дос-жарандары оны қуана қарсы алып.
-Бір босауын босадым-ау.Әй, білмеймін қанша ұзаққа барарын. Бұл жолғысы Қытайдың алғашқы сес көрсетуі шығар. Мұнымен тоқтай қалмас,- деді басын шайқап.
Досболов керемет бір жан еді ғой. Офицер ретінде қатал көрінгенімен, адам санатында түзу де мейірімді болатын. Көккөзді ұнатып, жақсы көрген жалғыз офицер де сол ғана болған.
-Әй, Көккөз, мына мінезіңмен сен ешкімге жаға қоймассың. Осындағы Коңес консулы Кеңес азаматы деген паспорт таратып жатыр. Соны алып ал. Мен телефон соғып айтып қояйын. Керек қылмасаң сандығыңның түбінде жата береді. Ал басыңа күн туып жатса арашашы болады.- деген еді оны жан тартып.
Көккөз де оның тілін бұрмаған. Абақтыдан босағаннан кейін сол паспортын алып шықты да, өзінің Ғалиябәнуін, екі баласын соған тіркетіп алып, 1954 жылы Майғапшағай шекарасынан бері қарай өте шықты.
-Құтылдым-ау!- деп бір кеңіп «уһ» деді.
Қуанғаны сонша, біраз уақыт емін-еркін сайран құрды. Той-томалақтан қалмай, баянын құлаштай сермеп татар әндерін –«Көзләріңді», «Саман тойын», «Ғалиябәнуін» жырлады. Жаңа достар тауып, сыр шертті. Солардың арасынан арақтан басқа кәсібі жоқ бір баянистті бұл да жақсы көрді.
-Әй, Көке,- деді сол досы бір күні тілін шайнап отырып,- Әй, Көке, Қытайдың Гоминдаң партиясына қарсы болдың. Шығыс Түркістанға да разы бола қоймадың. Қызыл Қытайға да көңілің көншімеп еді. Арман қылғаның туған жерің мен Ленин партиясы болатын. Ол арманыңа да жеттің. Енді риза болған шығарсың?- деді мұны арқасына қағып.
-Оның рас. Қытайдағы партия біткеннің бәріне қарсы болғаным өтірік емес. Мұнда келіп әділеттікке, теңдікке қолым жетеді-ау деп армандағаным да шындық. Бірақ…- деді ол басын шайқап,- Бірақ, осында келіп бір жылдан бергі көрген-білгенімді саралап, ойлап отырсам, бұл жақтың атмосферасы соның бәрінен ауыр ма деп қалдым,- деді күрсініп.
Үш күннен кейін оны милиция шақырды. Сол беті Зайсан түрмесіне әкеліп қамады. Соңынан Өскемен түрмесіне апарып тастады.
Көккөз аң-таң еді. «қай қылығым жақпай қалды екен?» деп ойлады. Оны тергеу барысында білді.
-Ленин партиясына разы емессің ғой?- деді тергеуші.
-Разы болмағанда…- деп бөгелді Көккөз ойланып қалып,- Разы болмағанда енді бұл жақта да қазақта күн жоқ екен ғой.
-Жақсы. Енді екінші сұрақ. Баяғыда Шығыс Түркістан армиясында Досболовқа оққағар болып жүрген кезіңде Шәуешек қаласын басып алдыңдар ғой?
-Иә.
-Сонда сақшсы мекемсінің қамбасынан екі жәшік алтын алдыңдар ғой?
-Иә, алдық. Екі жәшік емес, үстінде бір қуық дорба алтын тағы бар.
-Оны кімге апарып бердіңдер?
-Генерал штабына тапсырдық.
-Штабта кім бар еді онда?
-Генерал Палинов.
-Өтірік айтпа. Полковник Досболов шығар?
-Жоқ. Генерал литенант Палинов болатын. Досболов онда генерал штабында емес, алғы шепте соғыста жүрген.
-Досболов ол алтыннан алған жоқ па?
-Мен ештеңе көргем жоқ.
-Сен жасырма. Шындығыңды айт. Сонда өзіңе жеңіл болады.
-Айғақ-кершің болса әкел алдыма!
-Ол оңай. Бірақ сен ойлан. Біз мұны білмей айтып отырғамыз жоқ. Сенің адалдығыңды сынау үшін ғана, жай, әншейін,- деді тергеушілер үлкен папканы көрсетіп,- Міне, мынау Қытайдан келген материал. Мұның ішінде бәрі бар.
– Фактің толық болса, менен несіне сұрайсың. Апар да атып таста.
Жалғыз кісілік қараңғы камерада жатып Көккөз көп ойланды. Көп нәрсені жаңғыртып, жадына түсірді. Солардың арасынан Досболов айтқан бір әңгіме де жарқырап қайта тірілді.
Бір күні, Үрімжі қаласында, генерал Ваң Жын Досболовты шақырады.
-Ал, Досболов, мен саған бір нәрсені алдын ала айтып қояйын деп шақырдым. Біз еш бүкпесіз сөйлесейік. Шындықты айтсам, мен Қытай КГВ-сының адамымын. Ал, сен Кеңес одағы КГВ-сының адамысың. Бұл рас қой? Енді саған айтайын дегенім –Мен бар билікті қолыма алдым. Енді бұрынғы бізге қарсы оқ атқан Шығыс Түркістан ұлттық армиясының офицерлерін еш аяусыз жазаға тартамын. Тегінде сен мен жақта бол. Осы есіңде болсын.- дейді қаһарына мініп.
Досболов үндемейді. Былай шығып, бір кездегі Шығыс Түркістан үкіметі басшыларының бірі, қазіргі коммунистік Қытай халық республикасы, Шынжаң өлкелік үкіметінің де бас хатшысы Сәйпиден Әзезиге барады.
-Осылай да осылай. Ваң Жын осыны айтты.- дейді оңаша кездесіп.
-Ваң Жын оттайды,- дейді Сәйпиден титтей ойланбастан басын шайқап,- Қытай компартиясының көсемі Мао Цзедун өзі айтты ғой «үш аймақ революциясы Қытай революциясының бір бөлігі» деп. Ваң Жын қанша мықты болғанымен, төраға Маоның сөзін бұра алмайды. Қорықпа. Ваң Жын жынды айта береді.
Досболов онан шыққан соң кезінде ұлттық армияның басшыларының бірі болған, қазір де Ваң Жын үкіметінде биік мансапта отырған Мәмтемен Еменовқа барады. Оған да айтады.
-Осылай да осылай. Ваң Жын сүй деді ,- деп.
Еменов мұны естігенде бірден ашуға басады:
-Осы сен, Досболов, маған разветка қылғаныңды қашан қоясың? Менің қыр соңыма неге түсе бересің? Маған бір тыныштық беретін күнің бар ма, жоқ па?- дейді Досболовтың өзіне дүрсе қоя беріп.
Бір күні Ваң Жын Досболовты тағы шақырады:
-Білдім сенің кім екеніңді. Бәрін де естідім. Айттым ғой мен саған әнеугүні не істейтінімді. Сол айтқаным айтқан. Енді сен де қолыңнан келгенін қыл. Мен де қолымнан келгенін істеймін.- дейді сұқ саусағын шошайтып, қалш-қалш етіп.
Осыдан кейін-ақ Ваң Жын ұлттық армияның офицерлерін бір-бірлеп қамаққа ала бастайды. Досболовқа да ауыз салмақ болады. Досболов Кеңес одағының Үрімжідегі консулына қашып барып, солар арқылы шекарадан өтіп кетеді.
Көккөз енді білді. «Досболовтың басына да күн туған екен-ау. Бағанағы қалың папка Досболовтың артынан қуып келген Қытай генерал Ваң Жынның бомбасы болды ғой»- деп қортындылады.
Не керек! Сонымен Көккөз абақтыда тағы да екі жыл жатты.
Бір күні тағы да камераның төбесі сақыр-сұқыр етіп, қақ айырылды да аппақ денелі, белуарына түскен ақ сақалды біреу түсіп келе жатты. Көккөз бірден тани кетті. Баяғыда жеті қат көктің ар жағында сөйлескен періште екен. Ондағыдай емес, түсі жылы көрінді.
-Иә, Көккөз, мені саған көмектесуге Алла жіберді,- деді ол мұның қасына келіп.
-Құлдық, тақсыр, алланың жақсылығына мың мәрте тәубе!
-Халың қалай?
-Абақтыда жатқан кісіден не хал сұрайсыз. Тергеу, қинау, янат, таяқ, қорлау, аяқ асты ету…
-Кім олар, орыстар ма?
-Жоқ, ойбай, өтірік қайдан айтайын, бәрі өзіміздің қазақтар. Тергеушісі де, солдаты да, күзетшісі де, айғақ, куәшісі де – бәрі солар. Түгел өзімізден.
-Жарайды. Жасыма. Ержігітсің ғой. Алла тағала соның бәрін біліп отыр. Сондықтан сені осы азаптан құтқаруға мені жіберді. Сен ертең бостандыққа шығасың.
-Тақсыр-ай, нақақтан нақақ екі жыл босқа қиналып кеттім ғой. Аллатағала мені ертерек неге босатып жібермеді?
-Алланың мейірімі кең, шапағаты ұшан-теңіз. Дегенмен ол пенделерін сынап көру үшін пәни дүниенің бар билігін, барлық еркіндікті олардың өз қолдарына берген. Бәрін көріп, біліп отырса да, жазалауға асықпайды. Ақтық есеп бақи дүниеде, ахиретте жасалады.
-Сонда қалай, бұл дүниеде әділет деген мүлде болмай ма?
-Әй, мен айтып тұрмын ғой. Сен өзің сөз ұқпайтын болып қалғаннан саумысың?
-Тақсыр-ай, басыма көп ұрды ғой. Сонан ұқпайтын болып қалсам, бәлкім, солай да болып қалған шығармын. Қайталап бір түсіндіріп кетіңізші.
-Аллатағала аса ұлы. Оның қолынан бәрі де келеді. Өзің ойлашы, анау күн мен айды, жұлдыздар мен жер шарын, күн мен түнді, қыс, күз, көктем, жазды. т.б. Кім жаратты? Алла жаратты. Қазір мынау құдайға сенбейтіндер ғылым-техникамен бәрін жасаймыз деп мүлде қателесіп жүр. Алла біреу. Оның жасағанын ешкім де жасай алмайды. Сондықтан да Алла өте кешірімді. Өте кең. Бұл дүниедегі барлық еркіндікті пенделердің өз қолына берген. Мәселен, сен жаңа әділетті сұрадың. Мен саған айтайын. Адам жер бетіне алғаш пайда болған кезде алуан түрлі идеялогия бірге қаптаған ғой. Соның ішінде ең мықтысы екеу болған. Бірі әділет, бірі әділетсіздік. Екеуі адамбаласының ой-санасына басшылық жасаймыз деп жолға шыққан екен. Кемеге отырып, теңіздерді, мұхиттарды кесіп өтіп келе жатқан. Содан жол үстінде екеуі дауласа кеткен. «адам өміріне билік жүргізетін мен боламын» деген әділетсіздік аяқ астынан адыраң ете түсіп. «жоқ. Онда бұл дүние былығып кетеді. Тіршіліктің еш рақаты болмайды. Адамдардың жақсы өмір сүруі үшін мен үстемдік жасауым керек» деген әділет оған қарсы шығып. «артыңа қарап сөйле. Мен болмасам сенің қадіріңді ешкім де білмейді. Сондықтан мен билік жүргіземін»- деген әділетсіздік. «жоқ. Сен де әліңе қарап сөйле. Барлық адамның мені жақсы көретініне бәс тігуге дайынмын. Мен болмасам бұл дүниенің қызығы қалмайды» деген әділет. Екеуі келісе алмай, ақырында төбелеске барған. Әділетсіздіктің денесі зор, атан жілікті, бура санды, әрі семіз, әлуетті, оның үстіне қара күші де мығым болса керек. Әділетті кемеден итеріп, суға батырып жіберген. Бірақ, құдай жаратқан нәрсе өздігінен өлмейді де жоғалмайды ғой. Әділет те өлмеген. Сонан бері әділет анда-санда судан басын шығарып, ақырын қылтитып қарайды да, қайтадан батып кетеді. Сол бойы әлі судың астында жатыр. Оны күнде іздеп босқа әуре болма. Түсініп отырсың ба?
-Иә, ұқтым, тақсыр! Алланың бұнысына да тәубе!
Сонымен Көккөз абақтыдан шықты. Жай шыққан жоқ, «алтынға қиянат қылу» делосынан ақталып та шықты. Досболовтың да ағарып шыққанын біліп, қуанып қайтты.
Үйіне келді. Бала-шағасымен, Ғалиябәнуімен жылап көрісті. Көңілді күндер өткізді. Баянын құлаштап тартып, «Ғалиябәнуін» шырқап жүре берді. Ең әуелі бір мотоциклге қолы жетіп еді. Онан жүк машина, одан автобус, одан Москвич, онан Жигули… әй, отырмаған машинасы жоқ шығар-ау. Техника дегеннің бар қызығын көрудей-ақ көрді. Жасы алпыстан асқанда Қазақстан тәуелсіздік алып.. Ой… Көккөздің қуанышында шек жоқ. Баянын құлаштай тартып, «Ғалиябәнуін», «Сабан тойын», «Менің Қазақстанымды», « Туған жерді», «Қара торғайды»… Ой, мұнда да есеп жоқ, шырқады-ай келіп…
Қуанышты, көңілді күндер білінбей жылжып, жоқ, тіпті сондай шапшаң зымырап өтіп жатты. Пенсияға да шықты. Сонан соң Ғалиябәнуін қасына отырғызып алып, ағайын-туған, дос-жаран, құда-жегжаттарды аралап, сыйлы қонақ болып бір зәурен өмір кешірді.
Сонан бір күні, ойда-жоқта…
Қасында Ғалиябәнуі бар Зайсан қаласынан ауылына қарай жолға шықты. «Жигули» машинасы бар. Ат сияқты. Бәрін өзі жөндеп алады. Күтіп ұстайды. Зырлап тұр. Қаладан шыға беріп еді, біреу такси тосып тұр екен. Өзі құралыптас шалдауыт біреу. Көккөз тоқтай қалды.
-Ала кет мені. Алыс емес, Андреевкаға дейін.
-Жарайды, отыр.
-Қанша аласың?
-Ақшаңның керегі жоқ. Сен үшін кетіп бара жатқам жоқ қой. Жақсы әңгіме айтып отырсаң, сол да жетеді.
-Ой, рақмет,- деді бейтаныс еркек машинаға отырып жатып.
-Ал, сөйлей отыр. Кімсің? Қайда барасың?- дегендей. Баяғы қазақы қысыр кеңес қой,-деді Көккөз замандасына.
-Атым Сергей,- деді жолаушы.
-Әй, сен орыссың ба?- деді Көккөз оның бетіне жалт қарап.
-Жоқ. Қазақпын.
Көккөз біраз кідіріп барып тіл қатты:
-Иә, саған сөгіс жоқ. Бір кезде орысша ат қою мақтан болды ғой.
-Иә солай. Дегенмен, Бөлекбай, Көнекбай, Шөнекбай дегеннен Сергей деген әлде қайда жақсы есім ғой. Достарым Серожа деуші еді.- деп ол біраз мүлгіп, ойланып алды,- Ол кезде өмір қандай тамаша еді десеңші.- деді ол ұзақ күрсініп алып.
-Ал, Серожа, қандай жұмыс істедің сонда?
-Мен бе? Ой-хой, шіркін, Кеңес одағы кезінде керемет бір ұжмақ болды ғой. Шайқап ішіп, үрлеп ұрттап дегендей.
-Не жұмыс істеп едің?
-Ол кезде құпия еді. Қазір жасыратын түгі қалған жоқ. Астыртын жұмыста болдым.
-Шетелде ме?
-Ей, жоға. Осы өзіміздің ел ішінде.
-Үкімет органдарында ғой?
-Жоқ. Ауылда. Жұмыстың нағыз жақсысы, байлықтың көзі сонда еді ғой. Ішесің, күлесің, ойнайсың. Ол тұста қалтаңда он рубли ақшаң болса, достарыңмен бірге рестораннан былай да былай тойып шығатын едің. Қайнаттық қой сонда.
-Ім, солай де.- деді Көккөз мұның бетіне барлай қарап.
-Иә, солай. Осы біздің қазақ деген ақымақ халық. Тәуелсіздік деген бірдеңені шығарып алды да бәрін құртты. Колхозды жекешелендірген кезде маған да қырық-елу қой тиіп еді. Бір жыл ішіуге жетпеді ғой. Немене, бір қойың бір бөтелке. Түк те емес. Осы тәуелсіздік деген неменеге керек болды десем, мына шенеуниктер өздері ішіп-жеу үшін екен ғой. Көмір, темір, мұнай – бәрін сатып жатыр.
-Әй, тоқта,- деді Көккөз мойнын бұрып, оның бетіне қадала қарап.- Кешегі Кеңес заманында бар байлығыңды еш бодаусыз текке тасып әкетіп жатқанда сонда қайда қалғансың?
-Ойбай, онда бар байлықты алғанымен, бір жағынан қайта қайтарушы еді ғой. Қазақстан қандай дамыды сол тұста. Қалалар, зауаттар, фабрикалар қандай керемет болды деші. Әр колхозда елу-алпыс мың қой.
-Әй, сен ақша мен малды ғана айтасың ғой.
– Жоқ, досым, білімді, ғылымды да сонда алдық. Әйтпесе, қазақ деген белгілі едік қой. Тау-таудың қуысында қаңғырып жүрген , әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз ел емес пе едік. Коммунистер қолымызды бір жеткізуінде жеткізіп-ақ еді. Қазір немене, бәрін құртты. Түгел құрдымға жіберді. Тәуелсіздік деп айғайлайды. Кедейлік, жоқшылық, ашаршылық…- деді жолаушы өзін-өзі жұлып жеп, алқына түсіп.
-Тәуелсіздік деген рухани байлық қой. Оны сен ішкен-жегенмен салыстырма. Қанша ғасыр, қанша уақыт армандадық біз оны.
-Жоқ. Ол бос сөз. Адам деген өмірге жақсы тұрмыс кешіру үшін келеді. Кедейлікпен мақтану деген, ол- ақымақтың ісі. Өз басым Кеңес одағының бізге берген жақсылығы мен байлығын ешқашан ұмытпаймын. Және оны ештеңеге теңемеймін де….Сен менен сол кезде не істедің деп сұрамайсың ба? Мен ауылда тұрдым. Жасырын жұмыс істедім. Бір адамның үкіметке қарсы бір ауыз сөзін жеткізіп берсең, елдің бір айлық жалақысын аласың. Менің бағыма жарай ол кезде біздің ауылға Қытайдан көп семья көшіп келді емес пе! Көбі Қытайдың шпионы. Мен соларға қарсы жұмыс істеген адаммын. Бай тұрдым. Молшылық болды. Ал, қазір не бар? түк те жоқ. Тәуелсіздік, Тәуелсіздік! Кедейшілік, жоқшылық. Мұндай қайыршы тәуелсіздігіңе түкіргенім бар.- деді жолаушы ызалана түкіріп қалып.
-Әй, сен қай ауылда тұрдың?- деді Көккөз кенеттен оған шадырая қарап.
-Алғашында «октябрьдің қырық жылдығында». Онан соң…
Көккөз жолдың шетіне таман барып тоқтай қалды.
-Тоқта.- деді Көккөз оның сөзін бөліп,- Сен сонда Қытайдан келген Көккөз дегенді білетін бе едің?
-Иә,- деді ол біраз ойланып барып,-Иә, әлгі баянист пе? Білгенде қандай. Баянды қандай құйқылжытып ойнаушы еді? Ауылдың қыз-келіншектері ол дегенде… Бірақ ол сорлы Қытайдың шпионы екен. Кеңес үкіметіне, коммнистік партияға тіс-тырнағымен қарсы, барып тұрған сұмпайының өзі болатын. Оның үстіне шылғи ақымақ еді. Аузына ие болмай, ойына не келсе соны айта беретін.
-Сен ұстап берген болдың ғой оны?
-Жасыратын не бар. Ол кезде бұл даңық болатын. Оның үстіне сол үшін маған қанша сыйлық бергенін білесің бе?
-Қазір қайда ол?
-Өскеменге алып кеткен. Өлген шығар Сиберияда. Итім біліп пе оның қазір қайда екенін!
Көккөз машинадан қарғып түсті де, жолаушы отырған жақ есікті жұлқа ашып, оның жағасынан бүре ұстап, далаға жұлқып шығарды.
-Жымсыма ұры ит!- деді жұдырығын оның мұрнына жақындатып, көзіне кәрлене қадалып,- Сол баянист мен боламын. Өлді деп жүр екенсің ғой. Тәуелсіздік те, тәуелсіздікті армандағандар да ешқашан өлмейді. Олар мына сен сияқты сумақылардың қасқа тісін қағып алу үшін мәңгі тірі жүре береді. Соның бірі менмін. Міне сенің сыбағаң!- деп шойындай жұдырығымен ауыздан асатып жіберді.
Көккөздің қызыл сары жүзіне қою қан тепшіді. Бет-аузы ғана емес, мойнына дейін күреңітіп кетті. Өзі әлі де қарулы болатын. Еңгезердей зор денесі біраз ысыла түскенімен, әлі сол қапсағай қалпы. Білектерін жазып-игенде бұлшық еттері ойнап тұратын. Қазір де бейтаныс жүргіншінің алқымына жабысқан салалы саусақтарының тарамыстары жирылып, сіресіп қатып қалған. Оң қолының жұдырығы да тастай мықты. Екпіні мығым. Кусетіп ұрады.
Ғалиябәну бажылдап келіп арашламағанда Көккөз оны не күйге ұшырататынын өзі де білген жоқ. Бойын ашу кернеп, көзіне қан құйылып кетіп еді. Сонда да сілейтіп салған екен. Сұлаған жерінде тастаған бойы машинасына отырып жүрді де кетті.
Ертеңінде онымен милицияның алдында кездесті. Аузы-басы добалдай. Еріндері дүрдиіп ісіп кеткен. Екі-үш жерінен тіккен жіптің қара қотыр түйіншектері бұртияды. Бір жақ көзі де күптей. Көкбеңбек. Бір қолымен бұйірін басып, бүгіліп отыр.
-Мынаны танисың ба?- деді Көккөзге кешегі жол серігін көрсетіп.
-Танимын бұл итті.- деді Көккөз ақырын күрсініп. Ашу үстінде қатты ұрып алғанын енді біліп, ақырын басын шайқады. «бүйтпеу керек еді. Мұсылман баласына кек сақтаған дұрыс емес еді ғой. Кейде өстіп, өзіме ие бола алмай кететін жыным бар. Бұл үшін сазайымды тартуға тиістімін»- деп ойлады ол іштей өкініп қалып.
-Мынау немене?- деді оған үстелдің үстінде қағаздың бетінде жатқан қызыл ала бірдеңелерді көрсетіп.
Анадай жерде отырған Көккөздің оған көзі жетпеді.
-Бұл мынаның үш қасқа тісі. Сен ұрып түсірген тістер!
-Қанша адамға қанды аузын салып, қанша жанды жаралап, қақсатып жүрсе де бұл иттің қасқа тістері әлі аман ба еді?- деді Көккөз таясанбай, «қолыммен істегенді мойныммен көтерермін, не болса да тәуекел» деген оймен.
-Бұл ғана емес. Оның сыртында екі қабырғасын тағы сындырғансың. Дәрігердің анықтамасы бар.
-Мен төртеуін сындырайын деп едім.
Көккөзді тағы үш жылға соттап жіберді. «адам денесіне ауыр зақым келтіргені үшін».
Қазір оның да екі жылын аяқтатып, үшінші жылына ауысып бара жатқан. Тағы сол абақты. Тағы да таңға жақын. Бірдеңе сақыр-сұқыр етті де, төбе қақ айырылып, ақ сақалы белуарына түскен, ақ киімді біреу түсіп келе жатты. Әрі ұзын, әрі аппақ қас-кірпіктері көзін жауып нақ көрсетпесе де, қызыл шырайлы жүзінен жып-жылы нұр есіп тұр екен. Көкөз қуанып қалды.
-Иә, Көккөз, аманбысың?
-Аллаға шүкір, періштем.
-Мені саған Алла жіберді.- деді сол баяғы періште мейірімді, жұмсақ үнмен.
-Алланың рақымына мың-мың шүкір!
-Өзің сақал қойып алыпсың. Қандай жарасымды. Бұрын күзеген тай-байталдай сымпиып тұрушы едің. Келбетің енді түзеліпті. Қаулап біткен қалың күрең сақалыңа қауметің де сай келген екен. Өте жақсы. Сақалдың әр талында иман тұрады.
-Иә, пайғамбар жасынан да астым ғой.- деді Көккөз кібіртіктеп, бұл жолы оның не мақсатпен келгенін біле алмай, әнтек жүрексінген дүдәмал оймен.
-Мені Алла саған көмекке жіберді,- деді періште қормал бейне, жұмсақ әуенмен,- Қандай жағдайда да шын сөйлейтін, ғайбат, өтірік айтпайтын адамдарды Алла тағала сүйген құлым деп есептейді.
-Алхамдулелла, мұсылманмын ғой,- деді Көккөз басын иіп, қолын қусырып.
-Құдіреті күшті Алла бәрін көріп тұр. Қартайған шағыңда тағы бір қиындыққа ұшырағаныңды біліп, саған тағы рақымы түсті.
-Бәріне күнәлі өзім. Сол баяғы сүтпен бітіп, сүйекке сіңісті болған ит мінезім. Оның үстіне баяғыда екі рет, бір жолы Қытай абақтысында, бір жолы Кеңес одағының абақтысында жатқан кезімде жаным кейіп: «ей, Алла, «жаны ашымыстың қасында басың ауырмасын» деген бар еді ғой. Ылғи біздің желкемізге мінуге келген бөтен елдің қамағында жатқанша, тым болмаса тәуелсіз қазақ мемлекеті болып, соның заңымен жазаланып жатсам, тіпті арманым болмас еді» деп бір күбірлеп қалғаным бар еді. Бәлкім, соным Алланың құлағына шалынған шығар. Айыпты екенім рас. Бірақ, өз елімде көрген жаман-жақсы, әрқандай күндерімнің бәрін бақытқа есептеймін. Көріп тұрсыз міне, денсаулығым, өң-ретім – бәрі жақсы. Қайғысыз қара суға семіреді деген. Қадір Алла өз нығматын қайдан берем десе де өз ықтияры ғой.- деді Көккөз шын ниетімен қатесін өз мойнына алып.
-Әй, Көккөз, сен енді мені тыңда.- деді періште,- Өзің білесің. Мен Алланың бұйрығын орындаушы ғанамын. Алланың саған рақымы түсті. Бұрын екі тілегіңді беріп еді ғой. Енді үшінші және ең соңғы тілегіңді де қабыл көрмекші. Соны сұрап кел деп жұмсап еді. Келген бұйымтайымды енді түсінген шығарсың.
Көккөз мұны күтпеген. Қапелімде не айтарын білмей қалды.
-Кішкене ойланып алсам қайтеді?- деді басын жоғары көтере көзін жұмып.
-Иә, асықпа. Ойланып айт. Сенің өмірің, көрген азап-тозабың менің де көз алдымда. Бұл жолы не тілісең соның ғасыл болады.
-Білмей тұрмын,- деді Көккөз басын шайқап.
-Бұл өмірде көп қиыншылық көрдің. Соның бәрі де басқалардың қиянатынан болып еді ғой. Мәселен, анау Үрімжі партия мектебінде, сенің үстіңнен Қытай үкіметіне арыз түсірген анау төрт сұмпайының үшуі әлі тірі.
-Олар әлі бар ма?
-Бар болғанда қандай! Екеуі тіпті үлкен лауазым иесі.
-Иә, иә, жөні бар. Сол кездің өзінде-ақ біреудің шашбауын көтеруге әбден жатылып алып еді.
-Солардан өшіңді алғың келмей ме?
-Жоқ,- деді Көккөз ойланбастан шорт кесіп,- Олар бәрі де қазақтар еді ғой. Ойламы таяз, өз қандасым болатын. Білгендері сол еді. Битке пышақ суырғандай болып оларды қайтем. Біреудің итаяғын жалап жүрген сол күндері де жетеді.
-Ал, анау Кеңес одағының түрмесінде де аз бейнет тартқан жоқсың. Сондағы қорлығы өткен жендеттер болса…
-Ойбай-ау, олар да түгел қазақтар болатын. Тегінде «әттең!» деп тісімді қайрағаным да рас. Кейін ұмытып кеттім. Өйткені, олардың үстіңгі жағында орыстар тұрды ғой.
-Ал онда сол орыстардан кек алғың келмей ме?
-Жоқ,- деді Көккөз жұлып алғандай, қабағын түйіп,- Олар да пенде ғой. Бала-шағалары бар шығар. Мұсылман адамға үш күннен артық кек сақтау күнә деген. Керегі жоқ. Оның үстіне тәуелсіз мемлекеті бар адамның пейілі кең болуы керек емес пе!? Қайдағы бір жаман біреуге ұқсап жоқ нәрсеге тарылып қайтем. «Желтоқсан көтерілісі» кезінде біраз қиналсақ та, ақыры Алла қолдады. Біз жеңдік. Көгімізде көк байрағымыз желбіреген тәуелсіз елміз. Сол да жетеді.
-Жарайды онда.- деді періште әнтек ойланып,- Биік мансап алып таққа отырғың келмей ме?
– Жоқ. Құдай сақтасын. Енді қартайған шағымда ұстараның жүзінде нем бар?!
-Өмірі кедей болып өттің. Бірде тоқ, бірде аш күн кештің. Енді пенсияға шыққан шағыңда болса да, дүниенің қызығын көріп, жалғанды жалпағынан басып, дәулетің шалқып, бай болып кетсең ше?
-Тамағым тоқ, кимім бүтін. Оны қайтем.
-Әй, Көккөз, байлықтың істетпейтін нәрсесі жоқ. Мына заманда бар құдірет соның қолында. Өміріңде сен де бір оңды-солды шашып көрсең нетті?!
-Артық ысырап күнә деп еді ғой.
-Оның жөн. Бірақ, енді деседе… Алпыс деген тоқал алатын жас емес пе?! Өзің әйел жағына онша құлықты емессің-ау деймін. Әйтпесе…
-Жоқ, тақсыр, сұлу әйел көздің құрты ғой. Құрғырды кімнің құшқысы келмейді. Басқаны қойып, анау Американың 39- сайланған президенті Билл Клинтон жайлы да естідік қой. Неше жүз конгресмен қия басқанын аңдып, қатаң режиммен бақылап отырғанда, билігі мен өмірі қылыштың жүзінде тұрғанда да Моника бикештің күнтимесіне темекісінің күлін қағып қойып, ойланып отырып кетпеді ме?! Оның қасында мен еркін пендемін ғой. Шынын айтсам, қартайып та тұрғаным жоқ. Бізге төрт әйел алудың күнә есем екенін де білем. Бірақ, кезінде Ғалиябәнуге серт беріп едім. Уәде – құдай сөзі деген.
-Иә, мұныңды да түсіндім. Сонда енді Алладан тілейтін басқа еш тілегің болмағаны ма? Мен Аллаға не деп барамын?
Көккөз «айтамын ба, айтпаймын ба» дегендей біраз кідіріп қалды:
-Апырай, ә. Бір тілегім бар еді. Ыңғайсыздау ма қалай?- деді ол батылсыздау күбірлеп,- Баяғыдан көкейімде жүрген. Жалғыз-ақ тілек.
Періште ол енді ерекше ауыр, орындалуы да қиын, оның үстіне ауыз барып айтуға да қолайсыздау басқаша бір тілек тілегелі тұр-ау, соны батылы барып айтуға дәті жетпей бөгеліп тұрған шығар» деп оны демеп жібергісі келіп:
-Иә, айт соныңды. Естиін,- деді көңілдене түсіп.
Көккөз тағы бір қауым уақыт үнсіз мүлгіп тұрып барып, ерні әзер жыбырлады:
-Қазағым аман болсын!
Періште тағы біраз тосып тұрды. Тағы бірдеңе айтатын шығар деп еді. Көккөз онан әрі ештеңе де айтпайтын бейне білдіріп көзін жұма берді.
-Әй, Көккөз,- деді періште дауысы қатқылдау шығып,- Құдіреті күшті қадір Алланың саған ерекше рақымы түсіп, мені әдейі жұмсап, не тілеген тілегі болса да қабылдаймын деп отырғанда, қайтып екі келмейтін осы орайда тым болмаса тағы бірдеңелер қосып сұрай алмағаның ба? Не тілеген тілегін түгел берем деді ғой Алла.
Көккөз үндемеді. Мелшиіп тұра берді. Періште оны бірдеңе ойланып тұр-ау деген үмітпен ұзақ тосты.
– Кәне, ойланып болдың ба? Айтсаңшы.- деді бір кезде шыдамы таусылып.
Көккөзде зуан жоқ.
-Бол енді. Айтатыныңды шапшаң айт,- деді періште асықтырып.
-Тақсыр, жалғыз-ақ тілек дедіңіз ғой. Оны айттым.
-Екеу болса не тілер едің?
-Екеу болса ма? Екі тілек болса дейсіз ғой?- деп Көккөз тағы титтей ойлана қалды да дереу басын шайқады.- Иә, онда да сол. Қазағым аман болсын!
-Ең соңғы сөзің ғой бұл? Кейін өкінбейсің бе?
Көккөз сөйледі ме, сөйлемеді ме, үні шықты ма, шықпады ма, өзі де анық білмейді. Әйтеуір ерні жыбырлады:
-Басқаға тілім келмейді , тақсыр!-деді шорт кесіп
…Көзін ашып алса, баяғы сол абақты. Сонау биіктегі жалғыз көзді тесіп өткен, сүмбедей сұлу күн сәулесі тас қабырғаға найзадай шаншылып тұр екен.