ДҮРЕГЕЙ СӘУЛЕМ
Төкен деген бір замандасым болды. Жап – жақсы әнші еді. өзінің де бір қанша жақсы әндері бар болатын. Елден ерек бір мінезі ол өзі шығарған әндерін айтар алдында әннің туу тарихын өте бір қызықты хиғая етіп, баяндап алып, жұртты соған ынтықтырып, желпіндіріп болған соң барып, домбырасын қолына алатын.
-Мен енді сендерге “дүрегей сәулем” деген әнімді айтып берейін, – деді ол бір жолы. Сүйтті де кесек жүзі аздап күреңітіп, кеңсірігі биік шон мұрнына дейін қызғылтым тартып, көк шегір көздері қулана жымың қағып, жан – жағына ыржақтап бір қарап алды. Сонан соң сәл бөгеліп, ойланып отырды да, әңгімесін бастап кетті.
-Тұтас оңтүстік Шынжанды алып жатқан Тарым делінетін жаза лагерінің Қашқарға қарасты Қағылық көмір кенінде ұзақ жыл тұрдым да, сол жерде “Жаңа өмірге” шықтым. Ол кезде кесімді жыл толып, абақтыдан босағандарды үйіне қайтармай, тағы бір мезгіл бақылап ұстап тұратын бір заң бар. Соны “жаңа өмір” деп қояды. Онда абақтыдан гөрі еркіндеу болады. Өз бетіңмен жүріп – тұруға, кейде рұхсат алып сыртқа шығып келуге де жол қойылады. Менің де сондай бір “Жаңа” өмірде жүрген кезім. Жеңіл жұмыстамын. Күнәкәрлардің көбі ауыл – қыстақтан келген, оқымаған ұйғырлар еді де, бастықтарымыз қытай болатын. Мен соларға аударушылық істеймін. Жай келіп, ерте қайтамын.
Сондай күндердің бірінде щахтадан қайтып келе жатсам, көмір алғалы келген машиналардың кабинасының біреуінде баяғыдағы орман иниститутында бірге оқыған бір курстасым отыр. Алғашында ол мені танымай қала жаздады.
-Ей, амансың ба – ей? – деп жанына жетіп барғанымда, тұрып – тұрып барып әрең таныды.
Студент кезімізде жақсы өтіп едік. Шұрқырасып амандаса кеттік. Ол қазір қағылық аудандық орман мекемесінің бастығы болып өзінше дәуірлеп тұрған бір тұсы екен. Сонысын айтты. Өз жағыдайымды мен де жасырғам жоқ.
-Босап шыққаннан кейін біздің ауыл жаққа барып қыдырып қайыт, – деді ол сөзінің бір кезегінде.
Өмідің ең тәтті бір кезінде тату тату өткен курстасымның ауылына барып, саяхаттап қайтуға іштей қызығып – ақ кеттім. Әттең, шіркін, қалай барсам болар екен деп ойланып қалдым. Кенет есіме жақсы бір сылтау түсе кетті.
Қазір біздің шахтада үлкен бір қиыншылық бар еді. Жер астына үңгіп кеткен шахтаның жолы ұзарған сайын қауіп – қатер көбейіп, өлім – жітім молайып бара жатқан. Бұл жақта ағаш деген тапшы болады, діңгектер табылмайды. Жоғары орынның босатқан ағашы анда – санда бір жерден тіреуге әрең жетеді. Сондықтан шахтаның төбесі ойылып түсіп кетіп, жұмыс тоқтап, шығын шығатын жайіттер үнемі кезігіп тұрады. Бұған бастықтардың да еш амалы қалмай, әбден мысы құрып, тарығып жүрген бір кезі осы болатын.
-Кесімді мерзімім толып кеткеніне де екі – үш жыл болып қалды. Бірақ, ел – жұртқа, ауылға жуыр маңда қайтатын емес. Шынымды айтсам, әбден зерігіп, өлгелі жүрмін. Бірақ, босағаннан кейін үйіңе барамын деп өтірік айта алмаймын. Қашан босарым да белгісіз. Мұнан кейін тағы қайда апарып тастайтынын кім біледі. Сондықтан әлгі сөзің рас болса, сен бізге бір неше машина ағаш бер. Мен соны сылтауратып, машинамен ере барып, бір сергіп, серуендеп келейін, – дедім.
Курстасым ойланып қалды.
-Ей, несіне қиналып тұрсың? Кеше институтта оқып жүрген кезімізде мен сабақтан бес алып шалқып жүргенде, сен екі мен үш алып әрең көшуші едің. Енді міне сен бастық болып дәуірлеп тұрсың да, мен қылмыскер болып лагерьде жүрмін. Бұл дүние кімнің қолында тұрады ғой деп едің? – дедім.
Көңілі жақсы жігіт еді. Менің сөзімді естігенде ол да ерленіп кетті:
-Жарайды, онда сен үшін он машина ағаш босатайын, – деді дереу келісім беріп.
Мен бастықтарыма жүгірдім. Олар да қуанып кетті. Әлгілерді күнімен – түнімен қонақ қып, ет пен арақтың астына алып күтіп ала жөнелді. Машиналарына жақсы көмір тиеп берді. Ақшасына да долайласып бітірісті. Ертеңінде қолыма жүз юань жол қаражат берді де, он машинамен ағаш алып келуге мені жұмсады… Дсыммен кейін кезігуге уәделестім де, шоферлармен бірге қонақ үйге
——-
* Дүрегей – метц, бүдан
барып түсе қалдым. Аздан соң олар өз жайына кетті де, мен де басымның ауған жағына кетпек
болдым. Дүниеде адам баласына еркіндіктен қымбат не бар дейсің? Талай заманнан бері өз басын өзі алып жүруге зар болып, ішқұстада тұншығып келген адамға мына бір күндік еркіндіктің өзі өлшеусіз бақыт сияқты болып көрінеді екен. Дәл сол күні, бір сәтке болса да, қасыма ешкім ертпей жалғыз жүруді мен қаншалық аңсап, қаншалық мақтаныш көрдім деші! Сонымен алдымен жатаққа белет алып қойып, одан соң жалғыз өзім базарға шығайын деп ойладым.
Белет сататын жерге барып, терезенің кішкентай көзінен үңіліп едім, ар жағында отырған мөлдіреген бір қызға көзім түсе кетті. Ол да маған ұзын кірпіктерін төңкере бір қарап қойды. Одан соң алдындағы қағазға босқа үңіліп отыра берді. Мені көрмеген, елемеген адам іспетті сыңай байқатады. Тәкәппар, кербез, кермиықтың өзі – ау деп ойладым мен ішімнен. Оның үстіне өзі көп – көрім сұлу да екен. Қыр мұрынды, қиғаш қас, жарқын жүзді әдемі бір арудың ажарын танытады. Әсіресе, ажымсыз ақ маңдайы адамның түсіне кіретін бір таңғы ақ сәуленің жадырап төгілген бояуы секілді. Қыбырсыз бейнесі, төмен қарап отырғандағы ұзын қара кірпіктері, оны ояу отыр дегеннен гөрі қалғып отырған адамға көбірек ұқсатады. Қай – қайдағыны есіңе түсіреді. Көңілің сүйген бір қызыңның оңаша бір сәтте әлде қандай бір себеппен ағыл – тегіл жылап алып, уанған соң, көзін жерден алмай, тырнағын шұқылап отырып қалатын кездері болушы еді, соны сағынтады… Мен де бір сәт ойға шомып кетіп, қыбырсыз тұрып қалған екем. Күрсініп алып, кірпігімді қағып – қағып жібердім. Қайтадан қадала қарадым. Қыз шынында сұлу еді. Жүрегімнің үлпілдеп, алып ұшып бара жатқанын байқадым. Оған бірдеңе деп тіл қатқым келе беретін сияқтана бастадым. Бірақ, қалай сөйлеудің байыбына бара алмай, аз – кем ойланып қалдым. Нақтап қараған адамға оның қай ұлт екенін ажырату да қиындау еді. Қыр мұрыны мен қас – қабағы ұйғырға ұқсағанымен, басқа кескінінде өзге ұлттарға ұқсайтын бейнелер жоқ та емес. Мен бір аз кідіріп тұрдым да, оған қытайша сөйлейін деген қортындыға келдім. Бұлай сөйлеу бұл күнде заман ауқымына қарай менің оқымысты, білімді екенімді байқатса, енді бір жағынан осы күнде жастардың көбі қытайша сөйлеуге әуес болатын.
-Белетті сіз сатасыз ба? – дедім мен оған сыпайы тіл қатып.
-Ім, – деді ол маған қара көзін төңкере қарап.
Содан соң менің бас – аяғыма бір көз жүгіртіп шықты да, жымың етіп күліп қойды. Оның бұл бейнесін мен жақсы ырымға баладым. Менің мынау қазан басым, толық денем, аршын төсім, үстіме құйып қойғандай жарасып тұрған костюм – шалбарым оның көзіне де бөлек көрінген болса керек. Баяғыдан бері басыма қанша ауыр күн түсіп, қанша нәрсемді сатып жіберсем де, басқаның бәрін қиғанда осыны ғана әдейі сақтап алып жүрген, осы жалғыз костюм -шалбарыма кімде – кімнің де көзі бір түспей қоймайтынын өзім де білуші едім. Ер – әйел демей тұтас сары бәзден әскери үлгіде сым – пенжек, рәзинкә шоқай кию жалпыласқан мына заманда костюм деген елдің бәріне таңсық нәрсе. Оның үстіне қазіргі күнде бұл Қытай азаматтары үшін бір ерлік іс десе де болатындай еді. Жағалы киімді былай қойып, жылтыраған түймеге дейін қиып алып, буржуазиялық көне нәрсе деп шектеп отырған мынау тұста костюм киіп шертиіп шыға келу оңай – оспақ жігіттің қолынан келе қоймайтын іс екені де анық.
Мен төс қалтамдағы ақшамды алып шықтым да, қобыраған қылпымен ұстап тұрып, шетінен бір қағазды алып, қыздың алдына тастадым. Қыз алдына түскен жалғыз қағазға емес, менің уысымдағы ақшаға көзінің қиығымен бір қарап қойды. “ім” деп қойдым ішімнен. Өмірімнің көбін оңтүстік жақта, “саудада” өткізген жігітпін ғой, сезе қойдым. Біткен ақшамды бірақ алып шығудағы мақсатым да сол еді. Пендешілік дүние емес пе, әр қандай адам да екінші біреумен істес болар алдында, оның қалтасына көз салмай қоймайтын жайіт қай заман, қай ықылымда да бар нәрсе. Оның үстіне мынау оңтүстік жақтың қыз – келіншектері мұндайға тіпті үйірлеу келеді.
-Сіз қай ұлт боласыз? – деп сұрадым мен одан билетті алып алғаннан кейін де кете қоймай, терезенің жақтауына сүйеніп тұрып.
-Перротка боламын, -деді ол жымиып.
-Қалай перротка?
-Қытай мен ұйғур арасынан.
-сонда? – дедім мен сөз аяғын міңгірлете тоқтатып.
– Әкем – қытай, шешем – ұйғур.
Сөйлеп тұрып ол да менің түріме қарап – қарап қойды.
-Өзіңіз қай ұлтсыз? – деп сұрады соңында.
-Мен да перроткамын, – дедім құйдай өтірік соғып,
Оның перротка болып шыққаны менің бір таба жақын болуыма қолайлы болды – ау деп, жаңа ғана ойлап қойғамын. Ол сұрамаса да, өзім де солай айтпақшы болып, оқталып тұр едім. Қыз менің бітіме жалт қарады. Шын ба, өтірік пе деп барлап, сынап тұрған түрі бар. Бірақ мынау шоң мұрын, көк шегір көзге жіп таға алмады білем.
-Сонда қалай? – деп сұрады.
-Орыс пен қазақ арасынан.
Ол бетіме бір аз қарап тұрды да, “өтірік шығар” дегені қайсы, “ғажап екен” деп таңғалып тұрғаны қайсы белгісіз, басын ақырын ғана шайқап қойды.
-Қай жақтан жүрсіз?
-Құлжадан.
Мен оған өзімнің үкімет жұмысымен жүргенімді, асығыс қайтатынымды айтып, оның да жөн – жосығын ұғыса бір талай әңгімелесіп тұрып қалдым. Жасым отыздан асып қалса да, әлі үйленбеген, ылғи иесіз қыз, иен жүрген келіншектердің соңына түсіп, солардың қас – қабағын бағып, жұлдызымды белгілеп жүрген жігітпін ғой. Қыздың ыңғылын жаманға балағам жоқ. Құдай жатарқан ақ көңіл, ашық – жарқындығы ма, әйтеуір ол менімен жатсынбай, жатырқамай әңгімелесіп кетті.
-Әке – шешең бар ма? – деп сұрадым мен одан.
-Шешем ғана бар.
-Бір туысқан нешеусіңдер?
-Жалғызбын.
-Қайда тұрасың?
-Шешеммен бірге.
Содан ары бір аз әңгімелескеннен кейін мен де тартынбай әдейі сүйкеніп, әр нені сұрай бастадым:
-Тойды қашан жасаймыз?- дедім әдейі.
Ол күліп басын шайқады.
-Кім біледі, әлі белгісіз, – деді сезілер – сезілмес ақырын күрсініп қалып.
Осылайша онымен жарым сағаттай сөйлесіп, азды – көпті танысып – біліскеннен кейін мен оны енді сырттай торыдым. Қызметтен түсіп, үйіне қайтар кезін аңдыдым.
Межелі уақытта ол да кеңсесінен шықты. Қолында жалаңаш көтерген үлкен қарбызы бар екен. Менімен қарсы кезіге кеткенде әнтек ығысып, ійіліп шеттей беріп еді, қолындағы қарбызын түсіріп ала жаздады. Бұл маған тамаша орай болды. «көктен тілігенді жерден берген» деген осы деп қуанып кеттім. Сондай бір ептілікпен, көз іліспес шапшаңдықпен жетіп бардым да:
-Ұйбай – ау, ауыр ғой мынау. Көтере алмайсыз, мен жеткізісіп берейін. – дедім де оның жауабын тоспай тұрып – ақ қарбызды қолынан қағып алдым.
-Жо – жо, әуре болмаңыз, мен өзім – ақ… – деген болды. Бірақ шын ниетімен таласа қоятын ниет байқатпады. Нем кеттілеу ғана тартынған рай көрсетті.
Үйі тым алыста емес екен. Аз жүргеннен кейін тар есікті кішкене аулаға кіріп келдік. Үзім бараңының астына, бір шетке таман төсексымал ғып жасаған текшеден самайына ақ кіре бастаған қартаң әйел түрегеліп, оң қолын кеудесіне қоя тұрып, аман – сәлем жасаған болды. Үсті – басымды бір шолып шықты да:
-Хош, хош, үйге… –деді сол қолының алақанын жая есікті нұсқап. Содан қызына бұрылды да, – Қонақты үйге бастасаңшы, қызым, – деп қойды.
Шағын ғана ауыз үй – төр үй екен. Ауыз үйде өңі түскен кілем, алаша төселген сұпы. Бір бұрышта ыдыс – аяқ шкабы қатарлылар. Төр үйде жанына екі – үш орындық қойылған төртбұрышты үстел. Бір жағында жалғыз кісілік темір төсек.
Қыз мені үйге ертіп кірді де, көк бұлдан тігілген рашиланың сыртынан ұсталған қызыл торғын пердені ашып қойды.
-Кәне, жайғасып, емін – еркін отырыңыз. Мен тамақ дайындайын, – деді сырт кіиімін шешіп, киім ілгішке іліп жатып.
Ол шешінген кезде омырау тұсында гүл шеккен ақ жібек кофтаның ішінен оның дене – тұлғасы ап – анық көрінді. Киімін іліп болып, қайта бұрылып, қысқа етегін тартып қойған кездегі шығыңқы төсі, ту сыртынан қарағандағы жұп – жұмыр жоны мен түп – түзу дене бітім оның сыртының да сымбатты екенін аңғартып, жүрегіңе жып – жылы бір леп береді. Желкесінен қиып тастаған қара шашы оны тіпті уылжыған жас қыз сияқты етіп көрсеткендей…
Ол тамақ дайындауға бір талай айланып қалды. Үй ішінен ермек ете тұрарлық ештеңе табылмаған соң бір аз отырып мен де сыртқа шықтым.
Аула ішінде ешкім жоқ. Кемпір де көрінбейді. Ауланың бір жақ бұрышын ала, есігін үйге қаратып салған кішкене жаздық ас үйден қоңырсыған май иісі келіп тұр. Быж – быж еткен таныс дыбыстардың арасынан қашыр – ғұшыр сылдырлаған қырғыш дауысы да естіліп қалды. Мен есіктен басымды сұқтым. Қыз жалғыз екен.
-Сізді зеріктіріп қойған ұқсаймын, ғафу етіңіз, – деді ол маған жылы раймен бұрылып.
-Жалғыз отырып шыдай алмадым, – дедім мен шынымды айтып.
-Жалғыз адамға қиын ғой. Оның үстіне жалғыз адамға біздің үй тіпті де көңілсіз, – деді ол бұл жолы тіктеп қарамай, қазандағы тамақпен болып тұрып.
-Өзім жөнінде айтсам, сіз жоқ болсаңыз мен мұнда бір минут та тоқтай алатын емеспін.
-Солай ма? – деп ол маған жалт қарады. Оның көзінен өз бақытынан қуаныш тапқан адамның жанарынан ғана көрінетін еркекше бір нұр жарқ етті де, тез сөнді. – Оныңыз өтірік шығар, – деді теріс бұрылып.
Мен оның көтеріліп барып басылған екі иығына қарап, маған білдірмей күрсініп қалғанын байқадым. Бақытқа құштар бейшара қыз. Әрине, оған керегі бір ғана бақыт: Мынау көңілсіз жалғыздықты қуып шығарып, көкірегіңе толған мұң мұнарын серпілтуге серік болатын, әлі кім екені белгісіз біреу шығар, кім біледі?
Соңғы сөзіне мен таласпадым. Оның айтып отырғаны шын еді. Қазір дәл осы тұста мен оған қаншалық ынтығып, қанша ділгер болып тұрғаныммен, мұнымның оны алдау екені өзіме де айқын. Бүгін қанша өліп – өшкеніммен, мен оның көңілін жадыратып, іздеген бақытын тауып бере алмаймын. Оның көкейіндегі қасірет тұманына бір қабат қара бояу жағып, одан ары қалыңдатамын да ғайып боламын. Осыны ойлағанда байқұс қызға жаным ашып та кетті.
Бірақ, аздан соң екеуіміз бір – бірімізге қарама – қарсы отырып, жәйіміз жарасып, тәтті әңгімеге түскен кезімізде көңілімде жаңағы аяу сезімнің елесі де қалған доқ. Оның есесіне ынтығым құрып, тағатым таусыла бастады. Әңгіме арасында орнымнан тұрып, керіліп – созылған болып, терезеден сыртқа бір көз салдым да, қайта айналып келіп қыздың мойнына қолымды арттым.
-Қойыңызшы, қойыңызшы, – деді бетіне таяп келе жатқан демімді сезіп, мойнын ішіне ала басын қисайтып.
Мен оның от болып жанып тұрған бетіне бетімді бастым.
-Шешең қайда кетті? – деп сыбырладым дауысым дірілдеп.
-О кісі келмейді. Мен достарымды ертіп келгенде ылғи оңаша қалтырады.
Мен әнтек қысылып қалдым. Мынау елден шетірек оңаша аулада, бағанадан жігі – жапар болып жүрген қыз қылығының барлығын жаманға жорыдым. Қатын – қыздарын оңаша тастап кететін кемпірлерді бұрын да сан рет көргемін. Жергілікті жігіттердің әңгімесінен олар туралы естігендерім де аз емес болатын…
Осының бәрі менің жанып тұрған жүрегіме суық су шашып жібергендей дір еткізді. Мен орныма келіп, қыз төсегінің үстіндегі жиылған көрпеге арқамды сүйеп, бір сәт үндемей отырып қалдым. Қыз орнынан тұрып, кофтасының етегін тартып қойып, терезе жаққа барды да, пердені түсіріп, жауып тастады.
Терезенің жақтауындағы соңғы сағым өшіп, күн ұясына батып кеткен кез еді. Үй іші мұңды қоңыр көлеңкеге тола бастады. Қыз үстелдің арғы шетіне екі қолын тіреп, түрегеп тұрып қалды.
-Отырсаңшы, бері кел, мұнда отыр, – дедім мен жанымдағы орындықты нұсқап.
Ол орнынан жылжыған жоқ. Үндемеген қалпы, естімеген адамша сілейіп тұра берді. Мен ұмтылып оның белінен ұстадым да, өзіме қарай тарттым. Жұп – жұмсақ, жіңішке білек от болып жанып тұрғандай сезілді. Осы алау лезде мені қайтадан өртей бастады. Мен онің шегіне тыртысқанына қармастан, екі қолынан бірдей ұстап, өзіме қарай дедектете тартып әкелдім де, аш белінен құша жаныма отырғызып алдым.
-Босатыңызшы, өзім отырайын, – деп жалынды ол ентіге дем алып.
Мен құшағымды жазсам да, бір қолыммен оның арқасын сипап отырғанымды артынан білдім. Ол да қымсынбастан маған жабыса жақындап қисайып қалған екен… Мұнан ары өзім де шыдамай кеттім. Жаңағы жанымды тіксіндірген жаман ойларымды да ұмыттым. “кім едің сен? Бұл сенің қай бір аяулың еді? Ертең – ақ кетпейсің бе? Сотталып қаңғырып жүрген түріңе қарамай шелтірейген кірпиаздығыңа, жаны ашығыш адамгершілігіңе болайын. Өзіңнің жас балдырған жазықсыз басыңды кім аяп, кім қадірлеп еді?… ойдойт деген. Басың қанша қазандай болғанмен де миың аз – ау…” деп ойладым өзімді – өзім жәбірлеп.
Сөйттім де жалын атқан бір ынтықтықпен, бой бермес есірік бір құштарлықпен оның мойнына асыла бердім. Бетінен де, көзінен, тіпті желкесінен де сүйе бастадым. Жұп – жұмсақ мойнының қытығын келтіре мұрнымды тықтым. Көп заманнан бері жат боп кеткен таныс иіс. Мұрныңа қышқылдау білінгенімен жүрегіңе жып – жылы тиеді. Кеңсірігімді жарып, тұла бойымды балқытып барады. Ия, қыз иісі! Әйел иісі дегеннің қасиетін қойсаңшы. Әсіресе, мындай жерде, мынадай күйдегі адамға кезіккен жап – жас арудың уландығыш қасиетін неге теңеуге болар екен?
Мен бар дүниені ұмытып, ес – ақылымнан мүлде адасып, қызды құшақтап көтеріп жүргенімді артынан барып білдім. Бір бұрышта тіршілік нышанындай сығырайған шам ғана жылтырайды. Сыртқы дала тым – тырыс та, қап – қараңғы. Түннің қай уағы болғаны да белгісіз. Кұллі әлем, жан – жануар бір мезет тыныштық тауып, мызғып кеткен тәрізді. Мен өзім де бір қалғып оянғандай сезіндім. Бір қуанышым ару қыздың аппақ білегі менің мойнымда екен. Соған ғана мәзбін…
Біз таңертеңгі шайға ерте қамдандық. Баран астындағы төсекте бүк түсіп жатқан кемпір әлі оянбаған екен. Бұл дүниеден мәңгі безіп, үміт үзген адамдай теріс қарап жатқан бойы қозғалар емес. Айнала жым – жырт. Жақын бір маңнан еркексініп, елеурей айғайлаған әтештің үні алма-кезек жарысып – жарысып шығады. Алыстан, әлде қайдан, әлде қандай бір кішкене құстың ысқыра шиқылдап, сайрағаны естіледі. Аңыраған есек үні талып жетеді.
-Әйелім бар дедіңіз ғой ә?- деп сұрады қыз шай үстінде.
Мен жауап орнына оған сездірмей ақырын күрсініп қойдым.
-Егер салт болсам шы?
Бұл кезде ол тартынбайтын болып алған еді. Біз осы таңды сондай бір жарасқан тәтті әңгімемен өткізген болатынбыз. Онда айтылған сөздердің қасында мынау деген немене?…Сондықтан ол ойындағыны іркілмей айтты.
-Сізден қалмай қояр едім.
-Ілестірмей қойсам шы?
-Қайтсеңіз де ілесіп алар едім.
-Ұрып – ұрып қуып жіберсем ші?
-Өлтірсеңіз де шыдар едім. Бойыма қайта жан кірсе, қайтадан жүгіріп барып, мойныңызға асылып алар едім, – деп ол маған қылмыңдап, наздана қарап отырып, таңдайын шық еткізіп қағып қойды. Мұнысы сүю белгісі. “сүйдім” деген нышанды қытайлар осылай аңғартады. Олар көбінде наздана қиылып отырып, жігіттерге қарап, тәтті бір қылықпен таңдайын сыпайы ғана тақ еткізіп, иегін болымсыз көтеріп қояды. Жігітті сонымен арбайды.
-Құлжаға алып әкетсем барар ма едіңіз?
-Әйеліңізді ше? Оны қайтесіз?
-Ол балаларды бағып үйде отыра береді. Ал сізге сырттан патер тауып беремін.
Ол бір аз уақыт ойланып отырып қалды да:
-Мейлі, – деді кескін түрде басын сілкіп жіберіп.
-Сөзімді ұғып отырсыз ба? Бұл көңілдес ғана болу деген сөз ғой.
-Ұғып отырмын.
-Бұның артында көп әурешілік жатқанын аңғарасыз ба? Тұрмыстан, ақшадан бәрінен қиналасыз.
-Маған сіз ғана болсаңыз болды, басқа ештеңеге де қиналдым демес едім.
-Мәселен менің әйелім сезіп қалса, сізді өйтіп шолжыңдатып қоймайды. Ол өзі қара жон, адуын, аюдай қарулы қатын. Сізді тарпа бассалады да шашыңызды талдап жұлады.
Бұл сөзге ол бір аз байырқалап, тоқталып қалды. Еркек адам өзін қалай ұрса да, көтеретін нысай байқатқанымен, өзі сияқты әйел адамның озбырлық, өктемдігіне шыдай алмайтын ыңғыл аңғартты. Қабағы кірбең тартып, томсарып отырып қалды да, бір заманда ғана барып:
-Бәрібір сізді мен онан тартып аламын, – деді күбірлеп.
Байқұс қызды мұнан ары алдағым келмеді. Біреудің тып – тыныш көңілін соншалық бүлдіргеніме өзіме – өзім ренжідім. Осы бұзылған тыныштық, толқыған көңіл, бәлкім, оны бақытсыздыққа қарай итермелеуі де ғажап емес – ау деп ойладым. Оның алып ұшқан көңілін салқындатып, тоқыратып кетуді жөн көрдім.
-Кейінгі сөздерімнің бәрі де қалжың. Сені алдай алмаймын. Сендей сұлу қызды алдау ер жігітке кешірілмес күнә болар. Шынын айтсам, даңғойлық немесе көрсе қызарлық десең де дәл қазір маған сенен қадірлі ешқандай әйел зат жоқ секілді. Бірақ кешір мені, сені әкете алмаймын. Қайтып орала да алмаспын. Имандай шыным осы, – дедім.
Ол бір сәт үндемей қалды да, аздан соң қайта жарқ етіп:
-Бопты, көңіліңізге, шыныңызды айтқаныңызға көп рахымет, – деді ақырын күрсініп қойып.
Мен оны қимас бір іңкарлықпен соңғы рет құшағыма қысып, ұзақ сүйдім де жүруге қамдана бастадым. Қоштасар кезде өзіме темекілік бірдеңе алып қалдым да, қалған ақшамды тұтасымен оның қолына ұстаттым.
-Жо – жоқ. Алмаймын, – деді ол безек қағып, – сіз мені кім деп ойлап едіңіз? Ренжимін, бүйтетін болсаңыз сіз мені түсінбеген, қорлаған боласыз. Жо – жоқ, өйтпеңіз. Мені шын түсінсеңіз бүйтпеңіз.
Мен оған көп жалындым. Менің де басқа ниетім болмағанын айтып, тым болмағанда құдайдың құдіретімен ойда жоқ жерден, тосаттан қосақталған бір күніміздің естелігі үшін базардан бірдеңе алып сақтап қою керектігін түсіндіріп, көп әуре болдым. Ақшамды біресе қалтасына салып, біресе жастығының астына, көрпесінің арасына тығып күш қылдым. Бірақ ол айтқанынан қайтпады. Жарым сағаттық жанталастың нәтижесі оның жеңуімен аяқтады. Ешбір амалым қалмаған соң ендігі бір сәтте менің ойыма басқа бір қулық түсті.
-Жә, енді мені шығарып сал, – дедім қақпаның сыртына шыққаннан кейін де одан айырылмай, – Базарыңды аралат, магазиндеріңді көрсет.
Бұған ол да қарсы болмады.
-Әйеліме сәлем – сауқыт ала кетсем деп тұрмын, соған көмектесіп жібер. Зат танымайтын мінім бар еді, әр рет апарған нәрселерім жақпай қалып, еңбегім еш болып, әйелімнен сөз естимін де жүремін, – дедім.
-Онда әйеліңіз ақылсыз екен. Жігіт адамның сондайы жақсы ғой. Ондай адамның әйелі бақытты болатын шығар. Былай қарағанда кемшілігі сияқты көрінгенімен, ер адамның өзіне ғана тән қасиеті емес пе ол. Ондай – ондай мін болмаса әйелден не парқы болмақ, – деп ол тағы бір күрсініп қойды. – мен өзім сондай күйеуді таңдаған болар едім, ондай атты күн болып жатса…
Біз ең алдымен зейнет бұйымдар сөресінен алқа, жүзік, исімай сияқты нәрселерді алдық. Онан соң киім сөресіне келіп:
-Енді бір көйлек, бір пенжек алсам, жаңағы нәрселер сияқты ең тамашасы болсын, – дедім.
-Әйеліңізді жақсы көретін болдыңыз ғой?
-Онда шек жоқ.
Қыз жабырқап қалды. Онысын маған сездірмеген болып, сатушыға бұрылып, сөзге айналдыра берді.
-Қандай размер киюші еді?
Мен аңқаулығына іштей қызыға тұрып, оның бойын бір шолып шықтым да:
– Дене бітімі дәл сіздей. Сізге дәл келсе, оған да теріс кетпес, – дедім.
Біз магазиннен шыққан кезде менің жолға шығатын уақытым болып қалған еді. Біз жолдың айырығына келіп тоқтадық. Қыз білегіне іліп келе жатқан пенжек пен көйлекті, сумкасындағы ұсақ – түйек нәрселерді алып маған ұсына берді.
-Ал, сүйіктім, көріскенше сау бол. Ондағы нәрселер аз да болса менің саған қалтырған естелігім болсын. Қош тұр, – дедім де шорт бұрылып, жылдам басып жүрдім де кеттім.
Тапа – тал түсте менімен қайтадан дауласып жатуды ол да жөн көрмеді білем, мен бір талай жерге барып алған соң артыма бұрылып қарап едім, ол сол орнында сілейген бойы әлі тұр екен.
Қаладан шығып, тауға орман алаңына қарай қасқайып барамыз. Көз алдымда әлгі қыз. Көкірегімде көп толқын. Күндегі күйім емес, басқа бір буалдыр дүниенің арасында келемін. Жаңағы қыздың жарқын елесін қимай да тұрған сияқтымын. Алып та кетсем болатын еді. “Жаңа өмірге” шыққандарға үйленуге жол да бар. Бәлкім, кейін де осыдан жақсы жар таба алмаспын. Осылай сан алуан ойға батып кетіп, өзімнің не сөйлеп келе жатқанымды байқамай қалыппын. Артынан білдім, күбірлеп ән айтып, өлең жаттап келеді екем:
Сұлу қыз, жабыспашы, жалынбашы,
Жасай бер өзің өскен бағыңда осы.
Сүйдім шын
Бірақ сендік бола алмаймын,
Қаныңның жартысына қаным қарсы.
Дүрегей, сәулем, дүрегей,
Жан екенсің, жар екенсің бір егей!…
“дүрегей сәулем” деген бұл ән, міне, осылай туған.