Гәкку
Әңгіме
Көксиыр жазығының толықсып тұрған бір шағы. Деген семізауыз кез. Майқапшағай тауынан сонау Ертіске дейінгі көз жеткісіз кең өлке
нің жомарт бір тұсы. Өткен көктем жауынды болған. Мидай жазық далада бетеге, жусан, селеу аралас биік өскен-ақ шөп самал желмен жан кіріп, ақырын қозғалған тұсында байтақ өңірде алтын түстес, ақ сары толқын еседі. Асықпай, жай ырғалып, бұйра-бұйра болып бояу теңселеді.
Жылда осы уақытта, қыркүйек айында шөп шапқан трактордың гүрілінен басқа көп ештеңе біліне бермейтін мынау тыныш, иен далада биыл өзгеше тірлік бар. Сонау мұз таудың түбінен біргі мынау тау мен дала, сай-сала, өзен, бастау, суат бойы түгел қалың ауыл. Өлке толы шұбартқан мал. Қарбалас, тынымсыз шаруа әлегі.
Оспан жасақтарынан жеңіліп, жан сауғалап, Жоңғария шөлі арқылы Үрімжіге кетпек болған бір полк Қытай әскері Жеменейден шығып, Сауыр тауына қарай жолға шыққанда беті қатты, ашынған жау жолынан ауаша отыруды жөн көрген Сарышоқы, Көксай, Қарағайты жайлауындағы қалың ел бірақ дүрк беріп, бір түн ішінде Аққолқа шекарасынан өтіп шығып, орсы өңірге келіп паналап отырған. Кеңес өкіметінен осы арнаны бір қыс қыстап шығуға рұқсат та алған. Ойдағы, қырдағы қыстау қоралырды иемденіп, киіз үймен қыстамақ болғандары құм арасына қарай Ертіске таман еңкейіп, бытырай қоныстаған.
Қытайдан, соғыстан қашып ауып келген жүдеубас елдің қазір көңілі орнығып, жандары тыныштық тыпқан бір кез. Оның сыртында бір сиырын яки бір топырағын осындағы сауда орындарына өзі тіке айдап барып, құшақ –құшақ бұл мен шайға қарық болған саудасы күсет сәті де осы. Аз күн болса да ел бір жырғап қалған еді. Осы тұста Зайсан жаққа барып қайтқандар мұның үстіне тағы бір қуанышты хабар да ала келеді. «Босқын елдің көңілін аулау үшін Алмаьыдан хал сұрау үйірмесі шығыпты. Алып жүрген кино деген бірдеңесі бар дейді. Жансыз көлеңкеге тіл бітіріп сөйлетеді екен. Өздері көп адам болса керек. Ішінде Күләш та бар деседі. « – деген бір гу-гу ауған елдің әр ауылына тез тарап үлгерді.
-Күләш кім, әкәм? Әлгі шикіл атаның келіні ме?-деп сұрапты бір кемпір.
-Ей, жоға, ол Күләш Сарсүмбеде емес пе? Ал мынау Күләш Алматыдан келеді. Бұлбұл көмей, жез таңдай әнші дейді. Оның өнеріне дауысына қазақты қойып, орыстардың Сталин деген патшасы да таң қалып, өз қолымен алтын медаль таққан деседі,- деп жауап береді оған тағы бір білгіш.
-Ой, астағыпралла! Қазақ па екен өзі?
-Қазақ болғанда қандай!? Әуелі біздің марас еліне жиен деседі.
-Біздің ауылға да келе ме сонда?
-Иә, келеді дейді. Тәжі атаң ауылына барамыз деп арнаулы сәлем де жолдапты дейді ғой.
Енді бірер күн өткенде: «Ойбай, әлгі қонақтар Қараталдың аясындағы Рамазан залың ауылына келіп түсіпті. Кішкенен жақын Зайсандағы әпекесіне барған екен, қайтар жолында өз көзімен көріпті.. « деген тағы бір нақ хабар меркіт руының ұлығы Қабыл тәж» ауылының маңынан алыс –жуыққа тарап жатты.
Мұның бәр еде рас еді. Рамазан залың ауылына Қабыл тәйжі үлкен ұлы Мәнкенді жіберіп, хал сұрау үйірмесін өзінің қызу қарсы алатынын білдіріп, ғизатлы сәлемін жолдады. Мұның бір жағы алыстан арнайы келе жатқан сыйлы қонақтарға құрмет ілтипат болса, енді бір жағынан «Меймандардың ау-жайы қалай? Кімдер бар? Қанша салмақ, қанша құрметке лайық? Адам саны қанша? Босқын елдің шетіне ілінгеннен бергі, әсіресе, бұл күнде «жарым патша «атанып, дәуірлеп тұрған Рамазан залың ауылындағы күтімі, көріп жатқан сый-сияпатлары қандай екен? Мүқым он екі керейге танымал аға тәйжі оларды қалай күтіп алу керек? « деген сияқты көп сұрақтарға жауап алу, соған жарай дайындық көру болатын. Мәнкендер күнбе-күн оралды:
-Жиырма шақты адам екен. Топ бастығы Қазақтанның мәдениет министрі Ілияс Омаров деген жігіт көрінеді. Әнші Күләштің, оның күйеуі Қанабектің бары да рас болып шықты. Сіздің сәлеміңізді жеткіздік. Сол маңайды аралып, концерт қойып болған соң біздің ауылға үш-төрт күннен кейін келетін болды. Адам жіберіп ертіп алуға келістік. Машиналары бар екен, сонымен келеміз деді- деді Мәнкен әкесіне бітіріп келген шаруасының жөнін айтып.
-Бұрыннан түсел түсіп жүрген үй емес, Рамазан жаңа пері ғой, күтімдері тым шіркін –ай көрінбейді.
-Әуелі дастарханның жалғыз кісі көтеріліп жүр.
-Әй, анау көрпе-жастықтарын байқадың ба?-дестібарғандар біріне бірі ым қағысып.
Ертеңінде таң атқан соң Қабыл тәйжінің ауылы жұрт жаңалап, өздері отырған көк тұма дейтін бастаудың шығыс жағынан батыс жағына танысып қонды. Аумақты жазықтың түңкелі, жасанды бір жұртына тәйжінің сегіз қанат ақ ордасын алып, ылғи бір үзікті ақ үйлер, қызылала тегеріш, кестелі дөдеге бастырған аппақ отаулар бой көтерді. Әр ауылдан таңдалып көшірілген бұл үйлердің ішкі сәнін ораулы шиі мен туырдығының қасы, керегенің басқұрына дейін, барлық баушуларын Меңкежан бәйбіше өз көзімен көріп тексеріп шықты. Әрқайсы үйге қылап, пысық жігіт, ыспар, сұлу келіншектерден күтуші белгілеп, бір үйге ылғи бір түстес, не ыңғай жасыл, не кілең қызыл көрпе-жастықтар даярлатты. Бір келкі ыдыс-аяқ қызыл шұбар тегене, табақтар, қымыз құятын қос басты ожау, өңкей бір сары ала тостағандар, бірінен бірі аумайтын сапты аяқтар әкелініп, кестелі дастарқандар жайылды.
Уәделі күн жеткенде қонақтардың «Машинамен барамыз « дегеніне қарамастан өңшең бір күміс ертоқымды, бес тұрманы сай суреттей сұлу, су төгілмес жорғалар кермеге байланды.
- Қалада өскен адамдар. Оларға машина емес, ат таңсық-деп әдейі жинатып, алған тәйжінің өзі болатын.
Төрт –бестен түйіп, үзенгілерін қайыра байлатып, екі жігіттің алдына салып беріп тұрып, тәйжі Құниязды шақырып алып, тағы бір тапсырмасын айтты:
-Менің кер жорғамды Күләшқа мінгіз- деді әдейі қадағалап.
Ерте аттанған жігіттер аттарды алдыға салып айдап, қуып отырып жетіп келгенде қонақтар таңертеңг шайларын енді ішіп болған екен. Өңшең күміс ертоқымды, жер-суды баспайтын сәйгүліктерді көргенде Алматылықтардың көзі жайнап кетті. Бұлай болады деп ойламаған. Тіпті көпшілігінің күміс ертоқым, бес тұрман дегенді естігені болмаса көріп тұрғандары осы еді. Аттарды жағалап, күміс ердің айшықты қасын сипалап, алтын жалатқан пыстан мен құймалы тебінгілерді, салпыншағы мол өмілдірік пен құйысқандарды тамашалап, таң қалғандары д аз болған жоқ. Қуаныштары көңілдеріне симаған көңілді топ, қыз-келіншек, жігіт-желең бір-бір аттың сулығына жармасып, лезде ерге қонып та болды. Көзді ашып жұмған аралықта Рамазан ауылын артта қалдырып, Көксиырдың жызығын көлденең кесе көсілтіп бара жатты.
Күн шайдай ашық. Қоңыр күздің мамыражай бір күні маужырап тұр. Көкзеңгір аспаннан алтын күн жомарт шұғлысын төгеді. Дала сергк те жарқын. Жігіттер мен қыз-келіншектер де көңілді. Дүние тіршілігін ұмытқан, кең көсілген күзгі даланың ұланғайыр көркіне көп заманнан бері өңдері емес, түстеріне де кіріп шықпаған сахараның ғажайып бір салтанатына ойда жоқта кез болып қалғандарына өздері де сенбегендей, балаша мәз болған қуанышты бір тұстары. Тұяққа қағар жоқ жазық далада бір-біріне
Н қалыспай жиырма жорға көсілтіп барады. Күн нұрына шағылысқан өмілдірік, құйысқандар бір тынбай жарқ-жұрқ етіп, қисапсыз күміс ұшқындар шашып, шұлғып тастап сүзе жөнелген ойнақы ат басындағы күміс құймалы жүгеннің ауыздығы ауық-ауық сылдырлап үн қатады. Еркін көсіліп, екпіндей ұмтылған көп аттың бауырынан лыпылдаған сары сағым дөңгеленіп, кейін көшеді. Ат үстіндегі қайта оралмас бір сәттің, қып-қысқа ғана баяны жоқ бір мезеттік бақыттың буына мас болған жүздер бал-бұл жанады. Жанарлардан жарқын бір шаттық күлімдеп. өңдеріне қызыл күрең қан жүгіртеді.
Топты адамның ең алдында, арқан бойы озық жерде Күләш кетіп барады. Төрт аяғын тең тастап, судай аққан кері жорға маңайындағы ешкімге шалдырар емес. Үстінен су төгілмес, тайпалған сұлу сәйгүлік бүгін өзінің үстінде отырған қауырсындай жеңіл, қардай аппақ, мынау сары даладағы сағымдай мөлдір аяулы бір перизат екенін сезініп, өзінің бар өнерін соған пәш етіп, сонысын мақтан тұтқандай басын кекжите көтеріп, сол періштені елден бөлек қастерлеп, абыройын асырып, әдейі даралап, сол үшін аққан жұлдыздай суырылып, жалғыз ноқат қып оңашалап әкетіп бара жатқандай.
Тұс-тұстан андыздап, тайпалтып келе жатқан басқалар да онан қалысар емес. Кейдк ызғытып таяп қалады да, соны сезіп суырыла жөнелген кері жорғаның шалымына ілесе алмай тағы да кейіндей береді. Аздан соң тағы ұмтылып, жақындай түседі. Мұндайда тек Қанабек қана тіл қатып:
-Байқа, Күұләш, байқа!- деп әлде қуаныш, әлде мақтаныш, болмаса кері жорғаның тебінінен секем алған сезікті бір қауіппен тамағы дірілдей дауыстап қалады.
Сары даланың төсінде, аппақ болып шаңқиған көп үйлі, ақ ауылдың қарасын көре аттарының басын тартып, аяңға ауысқан сыйлы қонақтарды қалың ел ауылдың сыртына арқан бойы жерге шығып қарсы алды.
Ең алдында Қабыл тәйжі мен бәйбішесі Меңкежан бөлек, дара тұр. Бұл күнде жасы алпысты алқымдаған аға тәйжі әдемілеп қырыққан бурыл сақалды, қырлы мұрынды, кең маңдайлы, екі шекесі толық, дөңгелек нұрлы жүзді, орта бойлы адам еді. Бүгін жайшылықтағыдан мүлде өзгеше, бөлек киінген. Басында қара шіләпа. Үстінде қара палто, қолында сәнге ұстаған қара сырлы шәңкіш таяқ. Қозалы түйреуіштері жалт-жұлт етіп, ақ шұлауышы жерге шұбатылған Меңкежан бәйбіші де сондай. Қара мәуіті палто киіп, тәжіге пар болып, қатарласып бірге тұр. Олардың артындағы көп нөкер, тәйжінің өз ауылына қарасты туыс-туған, үлкен-кіші – бәрі де жақсы киінген реттілігімен оқшау танылады. Тәйжі мен Меңкежаннан басқасы түгел қазақша, жасы үлкен еркектер елтірі, пұшпақ тымақтар, жұрындаған, қарағайдың қабығымен бояған күрең тондар, қаптал шапандар, балағын кестелеген шүкірлі сары шалбарлармен келсе, жігіт-желең жағы бастарына кепеш киіп, кестелі шыт тартып, жағасы кануаланған ақ жейденің сыртынан жеңсіз желеткелер, күпілер ілген. Шұлауышының ұшы жер сызған әжелер де өзгеше. Үкілі тақия, әсем бөрік киген қыздар мен өңкей бір тірсек жең мешпеті көз тартып, қос етек көйлегі көлбіреп, бөртпе салысы желбіріген, үлбіріген келіншектер де шетінен әдемі. Биязі де сәнді. Алыстан келген, қала үлгісімен тәрбие алған, Еуропаға бейім, оқыған мәдениетті қонақтар «атағы таудай Жәке бидің мұрагері, абақ керейдің бетке ұстаған данасы Қабыл тәйжінің ауылынан көргеніміз мынау ма?!» деп қорашсынып, кұлкі етіп қайтпасын деп, ата даңқы, ел намысы үшін әдейі жасалған дайындықтың белгісі.
Мама ағаштан бері жаяулап, мамырлай басып жақындаған қонақтарға Қабыл тәйжәі де ақырын қозғалып, ең алдындағы қырықты аңғарлап қалған қара торы жігітке таяй берді.
-Ілияс Омаров,- деді ол да жақындап келіп, өзін таныстырып, екі қолын бірдей ұсынып.
Қабыл тәйжі үндеген жоқ. Ілиястың созылған алақанының сыртфынан ұстады да екі құашын керіп жіберіп, алдымен оң төсін, онан соң сол жақ төсін соғыстырып, керейге амандасты.
-Қош келдіңіз, құрметті бауырым,- деді оның екі қолын әлі босатпаған қалпы жүзіне көз тоқтатып.
Сонан соң Ілияс сәл шегініп, артына бұрылды да, қалған серіктерін бір-бірлеп таныстыра бастады. Қабыл тәйжі әрқайсысының сәлемін алып, басын изеп амандасып тұрды да, тек «Күләш Байсейтова» деп таныстырылған жаңа туған айдай жіңішке имек қасты, қысықтау өткір көзді, етегі жалпақтау қыр мұрынды, оймақ ауыз, жұқалтаң, аққұба өңді, талдырмаш, нәзік келіншекке бар зейінін аударып, қадала қарап қалды да, бір басып ілгерлеп:
-Кел, айналайын, іззетті, сыйлы мейманым боласың,- деп екі қолын соза ұмсынып барып, маңдайынан сүйді.
Қонақтар Қабыл тәйжінің ақ ордасына бас сұғып, аранулы даярланған қымыздан ішіп, төрт кісілеп көтерген дастарқандағы құрт, бауырсақ, ірімшік, қант аралас мол тамағын жемей тойып, разы болып шегінгеннен кейін ғана оларды бөлек отауларға жайғастырды.
-Алыстан а соғып арып-шаршап келді ғой. Бүгін рахатанып бір тынықсын. Мазаламай жақсы күтіңдер.- деді тәйжі адамдарына.
Сонан соң Ілияс Омаровпен, Қанабек Бәйсейітовпен бірге болып, ұзақ-ұзақ әңгімелер шертті. Керейдің кемеңгері атанған әйгілі Мәми бейсіге он бес жасынан бастап шәкірт болып, Алтай бетіндегі талай-талай ас пен тойға қатынасқан, не бір шешуі қиын жесір дауы мен жер таласына, құн мен құныкерге қатысты кесілген билік пен төреліктің басы –қасында болған қарт тәйжі сөзге шешен, мол білімді, сұңғыла адам еді. Алғашқы әңгімені өзін таныстырудан бастады да, а дегенненн-ақ өзінің орамды, шалымдылығын бірден танытты. Меркіт деген елдің сонау Шыңғыс хан заманынан бергі ұзақ тарихын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, қызықты ғып баяндады. Бұл жөнінде «монғолдың құпия шежіресінен» дәлелдер келтіріп: «Ботахан, Боржидан қалың қол қозғалып, Хилго өзеніне келіп сал байлап өтеді де, Буркер деген жерге жетіп, Тоқтабектің төбсінен түсіп, құдіретті киесін күл етіп, қыздарын күң етіп, Сиынған нәрселерін күл-талқан ғып, тайпа елдің тас-талқанын шығарып, тып-типыл болғызады…» деп бір тоқтап алды да, онан ары өлеңдете жөнелді:
Тамам меркітті күл етіп,
Тырбық үйін күйретіп,
Тәуір әйелін олжа етіп,
Орхын, Селенгі арасын,
Орман, тоғай даласын,
Ойран етіп қайтады….
-деп ұзақ өлеңд бір мүдірмей айтып шықты. Онан әрі сонан бергі меркіт, керей тарихы, өзінің арғы атасы Жәке би туралы, оның шешендік сөздері мен тақпақтарынан да көп қызықты әңгімелер айтты.
-Ойпырай, қадірменді тәйжі-ай, қақпағы ашылмаған алтын сандық екенсіз ғой. Асықпай айтыңызшы, жазып алайық,- деді ерекше қуанған Ілияс хатшысының қаламынан көз алмай қадала қарап отырып.
Осындай разылықтан, қызығудан болар топ бастығы Ілияс Омаров тәйжі ауылынан кетуге асықпады. Кешке артистер емін-еркін демалды. Ауылдың бір жақ шетіне, далаға құлырған экранның маңайына жиылған ел өз өмірлерінде кино дегенді көздерімен көріп, бір қызыққа батты. Әсіресе, экраннан қалың атты солдат атой салып, ұрандап шауып шыға келгенде Ұнасбек деген аңғал қарияның:
-Әлмембет! Әлменбет! Аттан! Аттан! Қырды-ау мына камонестер, қырды-ау!- деп тайпа елді баса көктеп, сүріне-қабына тұра қашқан әңгімесі де мұқым елдің ішек-сілесін қатырды.
Ендігі қызық концертте еді. Әнші, күйшілердің өнерін тамашалап, әсіресе, «Күләштің әнін тыңдаймыз» деп асыққан ел ертеңінде қонақтар орындарынан тұрып болмай жатып жинала бастады.
Ойхой деген! Смал ескен ары дала. Шағаладй аппақ үйлер. Аяқ жақта шұбартқан ертоқымды аттар. Ауылдың қасындағы кішкене төбешіктің бауыры қайшалысқан көп адам. Аса таяқты, ақ сақалды аталар, күндікті әжелер, қызылды-жасылды қыз-бозбала, жігіт-желең…
Күн төбеге келе концерт те басталды. Бірінен бірі асқан әншілер мен күйшілер. Ашық аспанды кернеген, бозторғаймен үн таластырған асқақ ән, күмбірлеген күйлер, сары даланы сағым боп кезген «сары арқа», «сары жайлау», «он алты жыл» күмбірі…Өиірінде бірінші рет, жаңа ғана естіп тұрса да, осынау қазақ баласының әрқайсысының жүрегіне сиқырлы өктем үн қатып, әмірін жүргізіп жаулап алып бара жатқан Құрманғазының, Тәттімбеттің, Динаның құдіреті. Қазір бір қыбыр етпей, іштен тынып тыңдап қалған қалың жұрт қазір дүр етіп, дуылдап, айғай салып елеуреп, оырндарынан ұшып-ұышып тұрады.
-Паһ, шіркін, күй деген!
-Ой, ерім-ай, бармағынан бал тамған сабазым, тарт солай!- дер әр тұстан әркімдер ентіге айғай салады.
Бір кезде елді әбден зарықтырып, жұрт алдына Күләш те шықты-ау, әйтеуір. Аяғының басына түсіре қара пүліш көйлек, кеудесін тік ұстап, маңғаз басып, ізетпен ілтипат көрсетіп, сызылып келіп тұра қалған әншінің бой-тұрқы сымбатты еді. Жалғыз қабат пүліш көйлектің ар жағынан анық білініп тұрған сындардай тұлғасы түп-түзу. Арық та, етті де емес, талшыбықтай денеде балғын бір әсемдік бар. Нұрлы жүзі, шалқақ төсі, болар-болмас қана білініп тұрған екі мықыны оның тал бойынан жас адамның бұлықсыған дер шағында, сол бір бұла кезінде ғана байқалатын әдемі бір ажарын танытып, сұлу мүсіннің бар қасиетін пәш етуге дайын. Жасы отыздан енді ғана асқан әншінің бітімінде әлі алауы сөнбеген, бояуы солғындамаған уылжыған жастық табы ап-айқын. Тамағының астынан, бұғағынан ақ күмістің буындай кіршіксіз пәк ақ толқын елбіреп, кеудесіне таятып қысып ұстаған аппақ саусақтарынан үлбіреген нәзік бір леп еседі. Маңдайынан екіге жарып, орап әкеліп, төбесіне түйген қолаң қара шашы оның орташа бой тұрқын биіктетіп, ұзарта түскен. Мойнына қара пүліш койлектің сыртынан салған бес тармақ ақық, маржан да оның ақ жүзіне айысты бір ажар қосқандай.
Ел тынып, тыңдай қалды. Сызылған, балғын әсем ән тамылжыды. Жас баланың дауысындай сәби үн. Тылсым бір дүние ортасынан, оның кіршіксіз таза алтын сарайынан, қор қыздарының күміс көмейінен шыққан мөп-мөлдыр әуен. Сондағы тұп-тұнық қауыздардығы фонтан болып атылып шыққан моншақтардың сиқырлы сыңғыры. Сол ғажап бақтан көк зеңгір аспанға самғап кетіп сонан қайта сорғалап шымырлап жеткен бұлбұл дауысы.
Алдымен «толқымалы», онан кейін «ақ мақта» кетті.жарбиған жаман тон, тымақ киген, дереу құтырынып басына қаны шапшыған қалың қазақ ал шула. Ал айғайла! Қалың қыз-қырқынның шатырлаған шапалағының дауысын басып ұрандады-ай келіп. «Күләш! Күләш!» деп шуласты. Есе бермей, ешкімді тыңдамай әулігісті-ау бір сәт. Күләштан бұрын өздерінің тьамағы жыртылып, үндері шықпай, көзінен аққан жас пен мұрынынан тамған сораны да елемей, әбден дымы құрып, болдырған кезінде бір-ақ тоқтады.
«Қос қарлығаш» «бұлбұл», «Майра», «гәккуден» кейін сахнаға жұрт алдына Қабыл тәйжі өзі шықты. Күләшті ұзақ құшақтап, арқасына қағып:
-Өнердің киесі дарыған, Аллатағала ерек жаратқан бұлбұл қызым, жасың ұзақ болсын! Төбемізді көкке жеткізіп, мерейімізді бір тасытып тастадың-ау!- деп маңдайынан сүйді де, бақытпен балқаштап, мерейленіп, жүзі бал-бұл жанған Күләшті шынтағынан демеп, қайта қайырылып көпке қарап, шәңкіш таяғын жоғары көтерді. Ел тынып, толқып қалды. Тәйжі сөзін қайта жалғады,- Оу, халайық, қалың жамағат, алыстан ағайын ақ тілегін жолдап, Алматыдан бауырларым ағам бар деп ағам бар деп іздеп келіп, ауылымды думандатып жатқанда ақтарылмас қай жөнім бар. Бүгін біздің ауылда торқалы той!- деп оң жағына көз салып еді, басына ақ шыт тартқан бір жігіт ақ сарбас қойды сүйрелеп жақындай берді. Оның артынан көк қасқа тайды тақымға басқан жылқышы жігіт те тасырлатып, оның қатарына келіп тоқтады. Қабыл тәйжі дауысын көтере, бетін қонақтарға бұра:
-Кешегім қонақасым еді. Ал бүгінгім отыз күн ойын, қырық күн тойдың салты. Сауық-сайран, мерекенің жалғасы. Күмбірлеген күй, айысты әннің көкесі енді басталады. Ал, Қатшыбай, көк қасқаңды бері көлденеңдете тарт!- деді екі қолын жоғары көтеріп, алақанын жайып, өзі бата жасады.- Арысым, азаматым, Ілиястің жолына ақ сарбас қойымды айттым. Ару қызым Күләштің тілеуіне көк қасқа тайымды айттым. Ақ тілегімді Алла қабыл айласын. Аллаһу акбар!
Ілияс та тартымды, шешен жігіт екен. Ол да алдыға шығып, қадірменді тәйжінің сый-құрметіне, жұрт пейіліне алғыс айтты. Сол күнгі концерт те бұрынғы дайындалған сценариден мүлде бөлек болып кетті. Аздан соң кигіз үйдің ішінде жалғасты. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер мен мың бұралған қыз-келіншектер бойдағы өнерлерін бір салды-ау сонда! Тіпті Күләш та қайта-қайта, әбден шршағанша шырқады.
Арасында бір рет:
– Ауыл азаматтарынан да бірер ән тыңдасақ,- деген талаптар да болып еді.
Көпті көрген тәйжі бұған да алдын ала дайындалып қойған екен. Меркіт баласында, осы өңірде кімнің қандай өнері бары да оның алақанында. Бұлар келмей тұрғанда, жайшылықта да тәйжі ауылында күнде думан, сауық-сайран жүріп жататын. Тәйжінің өзі де, ауылы да ежелден сауықшыл болатын. Өз үйінде ертеректе Зайсаннан алдырған патефоны, тіпті өзі әнші, өзі ерке Ғазизаға бір ат беріп сатып алған баяны да болған. Ауылда домбраны ғана емес, скрипканы да жақсы ойнайтын жігіттер жоқ емес. Әншілер де бар. Анда-санда Сілембекті, Әнуарды шақырып, олардың сазды әуендерін Меңкежан бәйбіше екеуі қатар тыңдап, ән қадірін танып, өнер құдіретіне бас иіп, думандатып отырушы еді.
-Алдыңғы кезек Сіләмбекке берілді. Көп заманнан кірме болып, осында сіңіп кеткен Байсынбай деген көршінің баласы. Жақсы әнші. Жасы жиырмаға енді келген, оқыған, зерек жігіттің жанып тұрған дер шағы. Домбыраны ала салып, қоңырлата безктетіп жіберіп, «Қызжібек» операсындағы Шегенің әнін соқтыра жөнелді:
Тотыдайын таранған,
Сұңқардайын сыланған,
Сұлу жібек бар ма екен?!…
Бұл ән әдейі Күләшқе арналған еді. Ән аяқталған кезде Ілия Омаров Тәйжіге қарап:
-«Қызжібекті» сіздер де біледі екенсіздер-ау. Мына отырған Күләштің жиырма төрт жасында тағын алғаш шығарған, әлемге танытқан, кеше өздеріңіз айтқандай ұлы көсем Сталиннің қолынан алтын орден алдырған осы «Қызжібектің», «Гаккудің» құдіреті болатын,- деп қысқа ғана түсінік жасады.
Шегенің әнін Кұләш та қуанып тыңдады. Басқалар да қол соқты. Сөйтседе өздеріне он неше жылдан бері әбден жаттамалы болып, құлақтаына сіңіп кеткен бұл арияның бүгінгі айтылуына онша разы болып кетпегендей, нйумездеу болса да, тек мезірет ретінде ғана:
-Жақсы!
– Тамаша!
– Сіләмбек жақсы әнші екен!- деген сияқты қолпаштау айтқан болды.
Ендігі кезек Әнуарға келіп еді. Қабыл тәйжі бір әкеден тоғыз ұл. Әнуан соның ең кенжесі. Кіші шешесі Гүлсімнен. Отыз жастар шамасындағы бай мырзасы. Сері жігіт. Оқыған, көзі ашық азамат. Сондығымен Қытайдың аудандық үкіметінде бөлім бастығы. Бұл ауылдағы үлкен-кіші оны Қытай берген сол мансабының атауымен «Ко Жаң» деп атайды. Қазір де мына топтың ішінде шаш қойып, иісу шашып, таранып, сыланып жалаңбас жүрген жалғыз сол мырза. Сталин фасонындағы төрт қалталы шұға кител, галифе шалбары бойына құп жарасқан. Қисық табан құрым етігі де сәнді. Денесі сымбатты, маңдайы кере қарыс сұлу жігіт. Бай баласы сияқты кердең емес, ақырын ғана жымиып күлетін, сыпайы, биязы мінезі де жағымды.
Әнуар бетіне болар-болмас күрең бояу тепшіп, жай ғана жымиып алды да, домбырасын қоңырлата күйлеп алып, соған қосыла аысқпай шырқап кетті. «Гүлдарайым» деген халық әні. Сыңғырлаған дауысы тұнық та, ерекше шырқау еді. Кең көкіректен емін-еркін шалқып шыққан айысты әуез. Ән қанаты ерек серпінді. Шымырлап, шырқап асқақ кетеді. Әнші еркін. Жан сарай кең. Әуені таза. Тартынбай аспандатып, қысылмай құйқылжытып, тамылжыта шырқайды.
Жым-жырт болып, үнсіз мүлгіп, ұйып тыңдап қалған қонақтар ән аяқтай бере кенет ду етіп, қол соғып дулап қоя берді:
-Жарайсың, Әнуар!
-Керемет! Керемет! – деп жақсы мақұлдық танытты.
– Күләш та қатты толқып кетіп еді:
-Ах, шіркін, қандай тамаша ән! – деп жіберді бетіне ду етіп, қан жүгіріп, аппақ алақандарын бір-біріне аямай, қатты соғып, өзі байқамай көк торғын көйлегінің етегін судыр еткізіп, орнынан тез қозғалып, ұмсынып барып тоқтады. Қарадан қарап шыдамы таусылып. Әнуардан көзін алмай қадалып қалды. – Түу, Сондай керемет! Жазып алатын ән екен.
-Тағы біреу.
-Ойпырау, мына Әнуар ғажайып әнші екен.
-Апырай-ә!
-Тәйжі аға, ауылыңыз толған өнер ғой,- десті қонақтар разы болып, қошамет көрсете сүйініш білдіріп.
Әнуар екінші жолы «Аға жай, Алтайдай жер қайда-ай» деген халық әнін шырқады. Оған да көп қолпаш айтылды. Тек Күләш қана:
-Әнуар, алдыңғы әніңді, « Гүлдарайымды» қайта айтшы. Қадай ғажайып, сазды ән.-деді де бұрылып қасындағы серігіне сыбырлады.- Бұл елде де мұндай әнші болады екен-ау. Ойламаппын. Әншісі де, әні де қандай ғажайып. Қоңыр бір мұң жатыр-ау өзінде. Қуанышқа, шаттыққа айырбастамайтын тысылым, қасиетті бір мұң. Сырлы сазы қандай терең!- деді күрсініп.
Әнуар іркілген жоқ. Бұл жолы тіпті де саңлақтанып, құлшына айтты.
Өлеңінің қайырмасын да үш құбылтып:
Ахау, гүлдарайым, күн мен айым.
Қасымда өзің жоқсың, неғылайын.
Немесе:
Ахау, гүлдарайым, күн мен айым,
Ұшарға қанатым жоқ, не ғылайын.
Соңғы жолвндағысында:
Ахау, Гүлдарайым, күн мен айым,
Дариға-ай, арманым көп, неғылайын!
-деп құйқылжытты.
Арадағы бір әредікте, бой жазып, сейілдеугн шыққан бір тұста жанына екі қыз ерткен Күләш топты жігіттің ортасында тұрған Күләштің қасына келді:
-Әнуар, керемет әншісің! Жаңағы әнің де қандай тамаша! Үйреніп алайын деп едім,- деді жүзіне аздап ыстық қан жүгіріп, қызара тіл қатып, Өңінде ән қадірін шын түсінген, сонан туған құмарлық, ынтық алау бар.
Әнуар жарқ етіп, қадала қарап, ақырын жымиып алды да:
-Қалқам, Күләш-ау, біздің қой жайып, жылқы қайырып жүргенде барқырайтын, жарқышақ көмейімізден шыққан бұл ән сізге ұнап, сіздің ақ тамағыңыздан күміс әуен болып тамылжып қайта шығып жатса, бізде де, әнде де не арман бар!? Үйретейін.- деді ақтарыла қарқ-қарқ күліп.
Сөйтті де Күләштарды өзінің отауына ертіп барды. Мұқым Алтайдың күн бетінен таңдап жүріп айттырған, анау Қабадағы атақты Құлжақазының немересі Бақтикамал дейтін мінезді, сұлу әйелі бар еді. Тұңғышы Сәденнің бесіктегі кезі. Соларды таныстырды. Бақыттың көркем ұясындай сәнді отауы да Күләшқа қатты ұнады. Үй ішінен, ретті мол жасаулардан, әсіресе, Әнуардың жымиып қана күлетін биязы мінезінен, толықсыған айдай ару Бақтикамалдың сыны мен сымбатынан, сызылған сыпайы қылығынан ершімді бір жарасым көріп, тату-тәтті тірліктің райыс ұясын таныды. Күйеуінің ойындағыны айтқызбай біліп, көңіл ауанын дәп басып, жарқын жүзбен ширақ қимылдап, жарқылдап қызмет етіп жүрген жас келіншекке, осындай ару жары бар, өзі сері, өзі әнші жайсаң жанды ер жігітке де тамсана, қызыға көңіл бөлді.
Әнуар «Гүлдарайымды» бірнеше қайтара айтып берді. Күләш та ақырын ыңылдап, қосылып отырды. Зерек көңілмен тез түсініп, бір-екі реттен кейін-ақ өзі де дара айтып кетті.
-Кімнің әні? Бұл әнді кім шығарғанын білмейсің бе?- деп сұрады бір кезде.
-Бұрыннан айтылып келе жатқан ән ғой. Біздің жақта ән шығаратындар өте аз.- деп Әнуар біраз іркіліп, ойланып қалды да, ішінен тынып, өзгелерге сездіргісі келмегендей тұншыға күрсініп қойды.- Осы өңірде Ғазизадан басқа ещшкімнің ән шығарғанын білмеймін.
-Ғазиза дейсің бе?- деді Күләш жарқ етіп, сұраулы көзбен қарай қалып.-Кім ол Ғазиза деген?
Әнуар дереу жауап бере қоймай, үнсіз бөгеліп отырып қалды. Сәлден соң қайта селт етіп, Күләштің сұрағын өзінің бұлайша жауапсыз қалдырған әбестігін тез түсініп, оған зорлана күлімсірей қарап қалды.
-Ғазиза деген менің қарындасым еді. Тәйжінің ызы. Жасынан ерке өскен. Біздің ауылға ежелден бері Семейден, Зайсан жақтан да талай-талай әншілер келіп, апталап, айлап сауық ұрып жатып кетуші еді. Мына тәйжі ағам өзі де көп өлеңдер шығарған. Өлеңші, әншілерді ерек құрметтеп, мадақтап отыратын көпшіл адам. Жақсы ән, салиқалы кеңестерді сүйсіне тыңдап, мәсілихат құрудан жалықпайтын сауықшыл да зерделі кісі. Абайдың, Шәкерімнің, Біржанның, Әсеттің, Майраның әндерін көп айтқызып, бізге де үйреніп алуды тапсырып, қадағалап отыратын қамқорлығы да бар. Сонан құдіретше Ғазиза он жасынан әнге құмар болып көзге көрінді. Майраша ән тартамын деп талпынды. Зайсаннан баян сатқызып алдырды. Мұғалім швақыртты. Он бес жасқа клгенде үкілеген жирен жорғаның төрт аяғына күміс білезік салдырып, меркіттің ауылдарын аралап, сауық-сайран құрып, ән тартты.
-Сал болған екен ғой,- деді Күләш аздап таңданғандай әуенмен.
-Жоқ. Сал болған жоқ.- деді Әнуар мұңлы, қоңыр дауысымен асықпай баптай сөйлеп,- Жай әншейін балалық, еркелк мастықпен бір дәурен, қысқа ғана бірнеше жыл солай шайқап алды.
Осыны айтты да Әнуар кенет сергіп, сөз тақырыбын дереу өзгерте қойды да Бақтикамалға бұрылды:
-Байқашы, тәтем естіп қалып жүрмесін.- деп келіншегі есік алдына шығып қайта оралғанша моп-момақан болып, үндемей отырды да, ақырын іштен тынып алып, сөзін қайта жалғады. Екі көзін Күләштан алмай тесірейе отырып сөйледі. Ғазизаның әні еді. Әннің аты да Ғазиза. Күләш, қазақтың Күләшісіз. Маңдайына біткен жалғыз ғана жұлдызысыз. Күйтабақта әндеріңіз бар. Сонан білеміз. Әдейі сізді құрметтеп, қадірлейтіндігімнің белгісі ретінде сол «Ғазизаны» айтып берейін.
-Рақмет, Әнуар,- деді Күләш бар ынтасымен зейін қоя құлақ тігіп.
Әнуар оянақы да ,ркін бір ән төгітті. Бұл жолы ерекше көтеріп шырқамай, қоңырлатып қана айтса да, әннің жеп-жеңіл тынысы мен әсем ырғағы Күләштің жүрегіне де назды, сазды бір үн қатты. Әншінің кең де кіршіксіз көкірек сарайынан мамырлай сорғалаған тұнық та мөлдір әуен оны да еріксіз баурап алды. Әннің қайырмасын екі қайырып:
Ғазиза-ау, кәләлім,
Ақ торғындай аппақ тамағың.
-деп тоқтағанда Күләш та бір сәт толқып барып, қозғалақтап қойды.
-Ғазиза қазір бар ма осында?- деп сұрады дереу елң етіп.
-Жоқ. Ұзатылып кеткен. Ар жақта қалды.
-Осы бір ән ғана ма?
-Тағы бар.
-Солай ма? Бұл әндерді ол қалай шығарып жүр?
-Баянға қосылып айтатын.
-Қалайша, қандай жағдайда шығарды дегенім ғой.
-Неге шығарды дейсің бе? Кейбіреуін бақыттан, кейін күйіктен.
Күләштүсінбей аңыра қарап қалды. Соны біліп Әнуар болымсыз езу тартқандай болды.
-«Ғазиза» оның алғашқы әні ғой. Алаңсыз, қам –қайғысыз кезіндегі еркелігі іспетті. Ал онан кейінгі әндерін күйіктен шығарды.
-Күйіктен?
-Иә, солай. Күйіктен.
-Соның мән-жайін сұрасақ әбестік, әдепсіздік болмаспа екен?
Әнуар ойланып қалды. Тағы да Бақтикамалға қарап отырып барып, онан көзін тез тайдырды.
-Түк те әбестігі жоқ. Бұл өзі Алтай, Сауыр түгел білетін әңгіме. Тыңдауға құлқыңыз соқса, аппақ, таза көңіліме кірбең түсірді-ау демесеңіз, қаласаңыз оны сізге айтып та берейін. Бірақ жалғыз шарт бар: Ағам мен тәтемнің алдында бірдеме деп қалмасаңыз ғана болғаны.
-Жарайды. Түсіндім.
Қаймақты күрең шайды анда-санда сараң ұрттай отырып Әнуар Ғазиза туралы хикаяны онша ұзаққа созбаса да ұғымды ғып толық айтты:
-Ғазиза тәйжінің екі ұл, төрт қыз – алты баласының біріншісі. Жанып тұрған жұлдыз еді өзі де. Ойнамайтын күйі, тарпайтын әні болмайтын. Жер бетінде онан бақытты, онан көңілді адам жоқтай керемет бір алаңсыз, әрі баянсыз қып-қысқа ғана дәуренге мас болған сәті еді-ау еді ол бір. Бірақ сондай бір ғажайып жандардың, ай мен күндей ару қыздардың да бір жұлдызы теріс туатын, басқаның бәрін толық қып берсе де, жомарт Алланың соның маңдайына бір бақытты тайқы жазатын бір хикіметі бар ғой. Ғазиза да солай болды. Біздің арғы тамаыз Жәкеден басталып, онан бері Ақбайға дейін өз билігін нығайтып, абыройын асырыудың жақсы әдісі, даңғыл жолы он екі абақ керей еліндегі әйгілі ордалармен, мәртебелі, қара көктің тұқымдарымен, атақты бай ауыфлдармен тату болу деп түсінгені белгілі. Оны көбінде қыз алып, қыз берісу арқылы орындап отырған. Алтайдың күн бетіндегі төрт би төреден, Сарсүмбедегі Мәми бейсіден тартып, Қабадағы Жарықбас, мынау Әлен Сары шоқысындағы бұрын қарадан қыз алмайтын Көгедай төре тұқымдарына дейін біздің ауылмен құда, жекжат болмаған ешкімі жоқ. Қарға тамырлы қазақ ретінде сары сүйек болып, шатысып кеткен. Ғазизаны осындай бай жерге, қазыбек Бұлан бидің ауылындағы біреуге бесіктегі кезінде-ақ атастырып қояды. Күйеу жігіт толықсыған бай баласы, ерке, шолжың болып өсіп келе жатады. Он төрт жасқа шыққан сол жылы, асық ойнап жүріп өзінің бірге туған бір ағасымен ұрысып, төбелесіп қалады. Екеуі шаппа-шұп алыса кетеді де, біздің күйеу ағасын алып соғып, нығарлай бастайды. Сонда осы қорлыққа шыдамаған, астында жатқан ағасы бір қапысын тауып үстіндегі інісінің тұмсығынан кірш еткізіп тістей алып, мұрнының ұшын бір-ақ жұлып алып, түкіріп тастайды.
-Астағыпыралла!
-Сұмдық қой!- десті отырғандар түршгіп.
Әнуар біраз іркіліп отырып бьрып сөзін қайта жалғады:
-Сонан күйеу жігіт пұшық болып қалады. Мұны Ғазиза ол ұрын келгенде бір-ақ біледі. Қыз баланың бой жетіп, кәмалатқа толып, толықсып бұлғақ қаққан бір тұсында жас дәуреннің жаңа дарыған сиқырлы бір буымен дүниенің бәрінен асқақ, биіктен қарайтын бір тәкаппар шағы болады ғой. Ғазизаның да сондай бір ағаш басына шығып, ұшып тұрған бұла кезі. Талшыбықтай бұралған сұлу қыз. Кеңсірігі саңырайған пұшық күйеу. Көрдің бе, қандай бұйрық!?Қыз басына ашық күнде жай түскендей болады. Жылайды. Зарлайды. Шашын жайып, бет-аузын жұлып, дода болады. Өліп алмаққа да ниет етеді. Ақыры еш амалсыз жазмышқа мойын сұнуға мәжбүрленеді.
-Құдай сақтасын…Біздің жақта басқа. Қыздар өз сүйгенімен кетеді.- деді Күләштің қасындағ қыз басын шайқап.
-Әкесінің – тәйжінің қолынан бәрі де келеді ғой. Жандары ашымада ма?
-Неге жаны ашымасын. Ағам да, тәтем де қатты жүдеп кетті. Бірақ ұлық адамға өздері жасаған заңды өздері бұзу, ол енді өліммен тең шаруа.- деп Әнуар күрсініп алды да әңгіменің алғашқы жүйесіне қайта оралды.- Сөйтіп, Ғазизаның қолынан бар келгені өзінің ұзатылу уақытын кейінге соза түсу ғана болды. Мұны көріп, біліп отырған меркітелі оның көңілін аулап, күнде қонаққа шақырып, қыз-бозбала жинап, ойын-сауық құрып, қасіретке ортақтасып, тілеулестігін білдірген болды. Ғазизаның басқа қызықтың бәрінен кешіп, баянын құшақтап, ән тартып, өзін-өзі басқа бір әлемге апарып, алдарқатқан болып, тұңғиық бір сырға батқан кезі де осы екі-үш жылдық шерлі тұсына тура келеді. Бейшара қыз күні-түні мұңға батып, меңірейіп отыра береді. Өңінен нұры тайып жүдеп кетеді. Толық денесі солып, еттен арыла бастайды. Қарғаның тұяғындай қатып қалған, жіп-жіңішке саусақтары баянның тілдеріне жабысып, қудай иегін соған бір қозғалтпай тіреп, өлі көзбен мөлиіп, шала жансар тірлік кешеді. Жалғыз ермегі ән болады.- деп Әнуар өзі де жүдеп, жасып барып тоқтады.
Күләш та қабағы түйіліп, көңілі кірбең тартып, ұзақ үндемей отырып барып, күрсініп қойды.
-Тамаша ән екен. Бірақ…- деді күбірлеп,с ол көңілсіз күйден арыла алмай, екі көзімен жер тесіп. Сонан соң басын көтеріп Әнуарға қарады.- Басқа әндері ше?
-Тағы бір әні бар: «Сұлуды-ай» деген.
-Ол қандай ән?- дедә Күләш әлденеге шыдамы таусылып, тақатсызданған көңіл күймен, елегізе, еліте түсіп.
-Жарайды. Оны айтып берейін. Бұл әнді ол ұзатылар алдында, той болардың аз-ақ күн бұрын шығарыпты. Бір күні даладан баянын құшақтап, үйде жалғыз отырған шешесінің қасына келіпті де:
-Тыңдашы, бір ән айтып берейін,- депті.
Сондағы әні:
Ақ кигізді жасайды түңлік қылып,
Қызды құдай жаратқан мұңлық қылып.
Қызы болмай әкемнің ұлы болсам,
Жүрмес пе едім ауылда билік құрып.
Сұлуды-ай, қыз кетеді ұруға-ай,
Амал жоқ мойын бұруға-ай…
-деп көз жасын төгіп-төгіп жібереді де, шешесіне жасты көзімен ұзақ қадалып, соңғы өкпесін айтады:
-Апа, бақытымды да, жастығымды да, сауфқ-сайранымды да, дүниенің бәрінен артық көріп қастерлеген сырласым, алданышым, қимасым болған мынау әнім мен мынау жетім қалған баянды да өз босағаңда қалдырдым.- деп түрегеп барып, баянды босағаға, керегенің басына іледі де, жылап шығып кетеді. Сонан қайтып баянды өолына алмайды. Ән де айтпайды. Қолқалаған құрбыластарына да: «не деп айтам, қай жетіскеніме, қай қуанышыма айтам!?» деп түңілген, торыққан көңілмен қолын бірақ сілтейді.- деп аз бөгеліп алып, Әнуар ендігі сөзін Күләшқа арнады,- Сіз әншісіз ғой: Ән де бақыттан, көңіл күймен айтылатын шығар, солай ма?!
Күләш оған жацап берген ожқ. Жерге қарап, ұзақ мүлгіп, үнсіз қалды. Сәлден соң қап-қара кірпіктерін көтеріп, түрулі есіктен алысқа қарады.
Көкжиектің сонау бір қиырында, Алтай тауының өркеш-өркеш жон арқасының бір биігінде ақ отаның шудасындай бір шөкім ақ бұлт ілініп тұрды. Аппақ армандай. Жоқ, сол арманның адасып қалған бір үзік бөлшегіндей ақша бұлт. Қонағы, баяны жоқ, бір уыс жетім шүйке. Қап-қара жартастың, меңіреу құздың төбесінде қалқып, соған төніп, мүлгіп қалған. Түңілген, қуарған, кесілген үміттей боп-боз. Қауырсындай қауқары жоқ, жеп-жеңіл, бір тұтам шерлі ұлпа.
Күләш көкірегін кере тағы күрсінді:
-Сонан кейін не болды?- деп сұрады Күләштің қасындағы қыз.
-Ұзатылып кетті.
-Сол күйеуіне ме?
-Иә, соған.
-Еркімен кетте се? Көнген болды ғой соған?
-Жоқ. Қайда-а!? Зорлықпен кетті. Әке-шешесіне де бір жібімей, өкпесі қара қазандай болып, көрместей рай танытып, ренжіп аттанды. Жігіттер атқа көтеріп салғанда да екі-үш рет ауып түсіп, бүкіл елді зар еңіретті. Онда барғаннан кейін де қашант құда-құдағилар қайтқанша бір апта бойы тымағының бауын шарта байланған қалпы бір шешпестен төрге шығып отырып алыпты.
-По, бейшара-ай!
-Қандай қасірет-ә!?
-Кейін ше?
-Кейін бе? Кейін…- деді Әнуар қабағын шытынып, жүдеп қалып,- Сол ауылдың салпы етек бір әйелі болды да кетті. Ән де, саз да сол бойыұмытылған. Бұрын да, кейін де – өмірінде еш уақытта ауыз ашып, «әу» деп көрмеген, ештеңе білмейтін, топас, надан, ешкімге ашық қабақ танытып, жылы шырай білдірмейтін, тоңырайған, мылқау біреу болып өзгердіә де кетті. Екі жылдан кейін, жайлауға шығып бара жатқанда көш үстінде көрген біреу оның алдындаген бесігі бар, ат үстінде қалғып бара жатқанын айтып таң қалып келді. Сол беті төркініне, біз жаққа да ат ізін салмай кетті.
-Әнуар, жүрегімді езіп жібердің ғой. Жүрші, биттей далаға шығайықшы,- деді сәлден соң Күләш үлбіреген торғын көйлекті шертіп тырсылдап тұрған кеудесін кере тағы ьбір рет ұзақ күрсініп алып.
Есік алдына шығып әнтек бөгеліп қалған адамдардың арасынан бөлініп, Әнуар мен Күләш екеуі ақырын аяңдап, үй артына қараша беттеді. Күн еңкейіп, Маңырақтың яки Кішкене таудың бота мойын бір кезеңіне таяп қалған кез. Елдің бәрі кешкі мал қамымен әлек. Ауыл сырты шилі жазық. Сақалын мал қырқып, шолтитып тастаса да етекті, қара қоқымы мол, жуан ши түбірі әлі биік. Ши арасы қараң-құраң мал. Бекітулі аттар. Ауылдан бір-екі арқан бойы жерде біріне-бірі қарсы қарап сөйлесіп тұрған Әнуар мен Күләш дәл осы түңкелі, жыныс нудың арасында батып бара жатқан күннің соңғы сәулесімен күреңіткен мынау далада бейне бір күміс теңізге малтығып, белуардан кешіп жүзіп бара жатқандай буалдыр ғана көрініп тұрды.
Әнуар мен Күләштің осы қып-қысқа, сүт пысырым ғана бірге тұрған сол оңаша сәті меркіт ауылының әйелдеріне сол кештен бастап қанша айтса да таусылмайтын, жиырма-отыз жылдан кейін де, тіпті өмір бойы сыбырласса да айыздары қанбайтын, құпия қызығы тарқамайтын бір әңгімеге арқау болды.
-Күләш, қандай әдемісің! Өнеріне өңі, ақылына келбеті сай келен сендей әйел затын бірінші рет көріп тұрмын,- депті Әнуар сығрыая, арбай қарап.
-Әнуар, тамаша әншісің Егер біздің жақта, Алматыда болсаң, шіркін, сенен асқан әнші болмас еді. Естуің бар ма Әміре Қашаубаев деген ағамызды? Парждың мекрофонын қара шақшасымен қағып тұрып қазақтың әнін бүкіл әлемге танытқан. Оқысаң, үйренсең, сен де сондай әнші болар едің,- депті Күләш.
-Бізге ол қайда?- деп күрсініпті Әнуар,- Мүмкін емес қой ол. Жас кезім болса, шіркін, сендей сұлудың көлеңкесін көріп жүрсем де мен өзімді бақытты санаған болар едім.
-Рақмет, Әнуар.
-Күләш, әрқандай жігіттің де қолына түсе бермейтін арусың. Асыл перизатсың. Ертең бұл ауылдан да кетесің. Бәлкім, енді мәңгі кездеспеспіз де. Бір тілегімді айтсам айып етпе… Сен Бансұлу болсаң, мен Қозың болар ем. Қызжібек болсаң, Төлегенің болайын…Бір сәтке…Өмірімде ұмытылмайтын бір бақытқа…- депті қиылып Күләштің қолынан ұстап.
Кожаңның көзінің сұғы бар. Ол шын назырын салып, қиыла сығырайып бір қараса болды, жадылап тастайды. Әрқандай әйел де есінен бір адасуында адасып-ақ қалады. Баяғыда әлгі Қадиша күйеуі келіп, ертең ұзатылады деп отырған күні-ақ…Ой, құдай сақтасын…Күләш та оның бетіне ұзақ қарап тұрып қалыпты. Содан не заман дегенде, дәл қастарында ши арасында ат тұсап жатқан кіші ағаның сыбдырын естіп, селк ете түсіпті де, қолын дереу тартып ала қойыпты…Мұны Қанабек те сезіп қалса керек. Күләшті оңаша шақырып: «Сен, Күләш, немене, бір буржуаздың мырзасына, бай-кулактің күшігіне есің ауа жабысып қалғаның қалай!? Сендер жатқан үйді таң атқанша торуылдады дейді ғой.- депті өкпесі қара қазандай болып. Күләщ ақырын күрсініпті. Сонан соң жайлап қана: «Қана, білем, өте қызғаншақсың. Саған шынымды айтайын. Әнуар деген бір асыл азамат қой. Онан жігіт өте ме! Оның оңаша сөйлескені де, ер жігітке тән бір лебізін білдіргені де рас. Өз тілегін айтқаны да шын. Мен де оған өзімнің азаматтық жауабымды бердім. Онда тұрған не тұр!?» депті жүзі балбұл жанып, сыңғырлай күліп…
-Бақтикамал байқұстың да қатты жүдеген бір тұсы сонда еді.
…Иә, әйелдер не айтпайды. Айта берсін. Сонысының өзі қызық. Әйтпесе өмірдің мынау бір келкі ырғағы өз әуенінен жаңылып, ауысып кететін де шығар, бәлкім, кім біледі!? Ол бөлек әңгіме. Соған қарамастан Күләштер қоштасып аттанар кезде меркіт ауылының қалың жұрты қайта жиналды.
-Қош, Күләш!
-Өнерің үстем болсын!-Қайда жүрсең де аман жүр, күнім!- деп батасын берді. Зайсанды бетке алып, ай татырмен зырлаған машинаның соңынан меркіт жігіттері бірақ дүркіреп, ілесе шауып, ұзақ қуып, қозы көш жерге дейін шығарып салды. Аттары қарлыққанша қалыспай жалбаңдап еріп отырды.
-Қызжібек, Қызжібек!
Гакку! Гакку!- деп шуласты. Тамақтарын жырта айғайлап, тымақтарын бұлғап, әзер қалды.
Сол жолы машина үстінде Күләштің:
Шилі өзен, қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай…
-деген әніне де ұзақ қосылып, жаттап барды.
Ал әйелдер болса:
-Күләш сол әнін біздің кожаңға арнап айтыпты.- деп өздерінің табиғатына тән бір сәуегейліктерін білдіріп, сыбырласуды да ұмтқан жоқ.