Адасқандар
Гүлбике бұл тойда онымен кездесемін деп ойлаған жоқ болатын. Би билеп жүрген қара нөпір қалың топтың арасынан байқай қалды да, жүрегі дір ете түсті. Төрт жылдан бері көргені осы. Жүзі сәл кесек тартып, нұрланып, ажарланып алған. Сол баяғысынша желкесіне түсіре сәндеп қырықтырған шашы желпілдеп, дөңгеленіп жүр. Денесі сонша зор болғанымен, бар қимылы ершімді, әдемі билейді. Маңайында бірнеше қыз-қырқын. Олар да оны айналып, үйіріліп жүрген сияқты. Кімдер екен деп Гүлбике бір сәт қадала қарады. Көкірегінің түбінде көптен жатқан бір алабөтен сезім бүгін қайта тірілді.
Ол – Мәнел де осы ауылда туып-өскен. Бәрі бір мектепте оқыған. Мәнел домбырашы, әнші бала еді. Мектепте әр жолғы маусымдық, мерекелік концерттердің бәрінде сахнаға сол шығатын. Ал Гүлбике де сол сахнада бір топ ұсақ қыздармен бірге билеп жүріп, өзінен бес-алты жас үлкен болса да, осы сері жігітті жақсы танитын. Жақындап сөйлескісі де келетін. Бірақ Мәнел мұны сезбеді. Гүлбикені тіпті қыз екен деп елеп, бетіне қарап та қоймады. Сөйтіп ол Алматыдағы жоғары мектептердің біріне оқуға кетті. Сонан екі жыл өткен соң, жаздың бір тамаша жайлы күнінде, өзімен Алматыда бірге оқыған Гүлзат есімді қара қызды аппақ гүлге орап, қолынан жетелеп келіп, той жасады да, айтадан Алматыға кетіп қалды. Сол кезде Гүлбике тұп-тура он төрт жаста болатын.
Ұзын бойлы, келіскен мығым денелі, қайратты қара мұртты жігітке бұл жолы Гүлбике ежелгі ыстық сезіммен тағы да ұрлана, ұзақ қарады. Қазір Гүлбике де есейген. Әдемі, керім қыз болып бойжеткен. Мәнелдің таңдап жүріп үйленген, сол Гүлзат деген әйелінен өзінің әлдеқайда сұлу екеніне де сенімді еді. Оның көкейінен пендешілік бір зауықпен, «мына сымбатыммен соның көзіне енді бір көрінейінші» деген бір сезім еріксіз белең беріп, барған сайын өршеленіп, есі-дертін ала бастады. «Қасындағысы кім екен, әйелі емес пе екен?» деп анықтап алғысы келіп, ұзақ барлады. Бірақ әйелін оның қасынан, тіпті бұл маңнан да көре алмады. «Жалғыз келген болды ғой» деп күбірледі өзіне өзі. Қалайда Мәнелге жақындап таяғысы, көзіне түскісі, бірер ауыз болса да тіл қатысып қалғысы келіп, жүрек құрғыр бұра тартып, еріксіз мәжбүрлеп бара жатты.
Бидің бір үзілісінде, ойда-жоқта, байқаусызда кезігіп қалған адам болып, Мәнелге аман-сәлем жасады:
– Мәнел аға, сәлеметсіз бе? – деді атын атай таныстық білдіріп.
Соның арасында-ақ: «Қандай тамаша жігіт! Осымен қолтықтасып, бірге жүрген қыздың не арманы бар екен?!» – деген бір көмескі ой көкірек сарайының бір қуысынан жылт етіп белең берді де, тез сөнді. Гүлбике сонысын біреу сезіп қойғандай, өзінен өзі-ақ екі беті ду етіп, ысып кетті.
Мәнел де бұған жалт бұрылып, назар аударды. Алдында өзін тым әшекейлегісі келмегендей баран түсті костюм-юбка киген, бидай өңді, орта бойлы, сындардай сұлу мүсінді, үкінің үлпілдек мамығындай, «фу» деп қалсаң ұшып кететіндей, уылжып тұрған ару қызды басынан аяғына дейін тез шолып шықты. Қанша шұқшия қарап, қабағын түйе ойланғанымен, сонда да дереу есіне түсіре алмай, бөгеле берді.
– Мен Гүлбикемін ғой. Осы ауылданмын. Сіз мектептің сахнасына шығып, «Желсіз түнде жарық ай», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деп шырқап тұрғаныңызда, арт жағыңызда соған ессіз ұйып, еліте тербеліп, есіріктерше жанталасып, көзсіз билеп жүретін елеусіз көп қыздың бірі болатынмын, – деді әдейі қағыта, онан арман сызыла түсіп.
Мәнел қарқылдап күліп жіберді. Әлі тым семіре қоймаған, сымбатты, толық денесі тұтас селкілдеп, дауысы да дірілдей шын күлді.
– Рас-ау, қандай ақымақпын, сендей тамаша, талшыбықтай бұралған керім қызды елеп-ескеріп, көз салмай жүрген!? Қандай әдемі едің, қалқам! – деді Гүлбикенің өн бойын сұқтана қайта бір шолып шығып.
Гүлбике де іштей қуанып қалды. Өшін бір алып, есесін қайтарғандай мәз болып, паңдана астамси түсті. «Әттең, мені кешегі күндері елемей, танымай кеткен сарамастығы үшін бір өкініп қалса, шіркін!» деген бір оймен тәкаппарлана, асқақ қарады.
– Иә, танымай қалатын жөніңіз бар, – деді әдейі қылықтана, бұраң қағып, – Сіздер мектеп бітіретін жылы мен жетінші класта оқитынмын. Бір мектептің бетке ұстары болып, дүрілдеп тұрған сіз сияқты мықтылардың көзіне түсе бермейтін көп жаман қыздың бірі болатынмын.
– Ойбай, қалқам-ау, оны дәл айтып тұрсың. Біз де албырт едік қой ол кезде. Жігіттерде сондай кезде өздерінен кейінгілерге тым көз сала бермейтін бір астамшылық, өрлік пе, әйтеуір сондай бір ыңғайсыз бірдеңе болатыны да рас, – деді Мәнел тез мойындап. Жалпақ алақанымен Гүлбикенің арқасынан еркелете қағып қойды. – Шынында да, ақымақпыз-ау. Соңымызда жүрген ұсақ қыздарға зер салып, бір қарасақшы. Көзді ашып-жұмғанша, айналасы бірнеше жылдың ішінде сен сияқты бір гүлдей көркем, перідей сұлу әдемі қыздың өсіп-жететінін білгенде, ептеп шыдап, осы уақытқа дейін үйленбей тұра тұрсақ та болғандай екен, – деді сөзінің соңын әзілге, күлкіге жастап.
– Рақмет, аға, – деді Гүлбике шын риза болып. Іштей күрсініп те алды.
Сонан бастап екеуі тым тартынған жоқ. Оны-мұны сөйлесіп, мектептегі әлдекімдер жөнінде айтысып, тосын қызықтарды еске түсірісіп, шүйіркелесіп, сөйлесіп кетті. Ендігі биге де екеуі бірге шықты.
Бұл күндегі би деген қызық. У да шу музыка. Ешқандай ереже, қағидасыз албаты желігіс. Бірақ солардың ішінде де, сол ереже, қағидасыз, ессіз биді даңғаза, шуылдақ музыканың ершіміне түсіріп, сонан ойнақы бір қылық шығарып, жарасымды әрекет қимылға айналдырып, наз шығарып, нәпсіні қоздырып, алабөтен жақсы ойнайтын қыз-қырқындар да аз болмайды. Тіпті кейбіреуі жан-тәнімен беріліп, ұршықша иіріліп, мың құбылып, толықсып билегенде, сырттай қарап тұрып, өзің де балқып кетесің.
Гүлбике де – солардың бірі. Сабаққа туада зерек емес еді. Биылғы жаздағы жоғары мектепке қабылдау емтиханынан өтпей қалған. Бірақ оның есесіне би жағына келгенде ерекше талантты болатын. Қазір де мынау думанды топтың арасында бар өнерін аяған жоқ. Жанын салып, кейде тіпті өзін-өзі мүлде ұмытып, қара терге түсіп, ұзақ биледі. Баяғыдан-ақ би мұғалімінің әрбір қимылын қаз-қалпында қағып алып, әрбір сөзін де есінде жаттап өскен: «Би деген адамзат жаратылғаннан, әлмисақтан бері жалғасып келеді. Ол ту баста еңбектен шыққан. Онан соң қуаныштан, назданудан, еркелеуден келіп, ары дамыған. Сонан бай – мырзалардың, патшалардың ермегіне де айналған. Ал қазіргі бишілерге қойылатын талап – биші өзінің әрбір қимылын жүрек сөзінің орнына жаратып, көрерменнің жан жүйесін жаулап алу… Бастарыңды көтеріп, кеуделеріңді шалқақ ұстаңдар. Әйелдің кеуде тұсы оның ең қасиетті және көз тартатын ең сұлу мүшесі… Биді аяқпен, қолмен, қысқасы, дене тұлғаларымен ғана емес, ең алдымен көзбен билейді…» деген сияқты көп сөздерінің әрбір сөйлемі оның жадында мықтап орнап қалған. Бүгін Мәнелдің алдында да ол барын салды. Мың бұралып, жүз толғанып, толықсып биледі. Кейде мүлде елемей, көз қырын да салмай, далаға қарап, енді бірде жігіттің көзінен көзін алмай, кірпік қақпай, қадала тесіліп, ұзақ арбады.
Сонан бір сәтте, түннің бір уағында Мәнел Гүлбикені сыртқа шақырды. Қоңыр салқын жаз түні еді. Есік алдына шығып, рахаттана дем алды.
Дәл осы кезде Мәнел Гүлбикенің білегінен ұстады да:
– Жүр, – деді алдыға қарай жетелей жөнеліп.
Гүлбике үндеген жоқ. Әнтек бөгеліңкіреп тұрып барып, ілесе жөнелді. Мәнел оны қақпаның сыртына шығарып қойған машинасының қасына алып барды. Машинаның есігін ашты да:
– Отыр, – деді орындықты нұсқап.
Алатаудың бөктеріндегі бір ауыл еді. Мынадай айлы түнде биік, аппақ ала болып қарлы тау тіпті жақын көрінді. Саяхатшылар үшін салынған даңғыл жол сол биік тауды бетке алып, қалың қойнауды аралап, ұзап кететін. Сол жолмен тартып берді.
Екеуінде де үн жоқ. «Қайда барамыз?» деп қыз сұрамады. Машинаны бір қуысқа бұрып тоқтатқаннан кейін, екеуі де сыртқа шығып, біраз салқындап алды. Мәнел сонда да үн қатқан жоқ. Тек аздан кейін ғана:
– Салқын тиіп қалмасын. Кел, мұнда отыр, – деді артқы есікті ашып. Гүлбике онан да бас тартқан жоқ.
Сонан Мәнел артқы жаққа қолын созып, бір пакетті бері алды. Гүлбике құмыраның сыңғырын естіді. Соның арасында-ақ бәрі де дайын болды. Арақ, коньяк, сыра, сусын, тіске басар… Бәрі бар.
– Гүлбике, саған көп рақмет, – деді Мәнел бір рюмка арақ құйып алып, Гүлбикеге таман таятып, қолын жоғары көтеріп. – Бүгін өзімді ерекше бақытты есептеймін. Сен сияқты бір аспандағы ай секілді созсам қолым жетпейтін гүл перизаттың менің ымыммен жүгіріп, «қайда апарасың?» деп бір ауыз тіл қатпай, осы иен, ай далаға ілесіп келгеніне өзімді мынау асқар таудан да биік мәртебелі санадым. Сол үшін…
Гүлбике үн қатқан жоқ. Сөздің бәрін Мәнел сөйледі. Көбінде Гүлбикені мақтаумен болды. «Қыз жанының кілті сонда. Олардың өлер жері сол. Қыз жүрегі соған ғана елжірейді» деп ойлады ол аракідік қулық-сұмдықты да ескере отырып.
Енді коньяк құйды.
– Ішімдік ішіп көргем жоқ. Осы күнге дейін тіпті сыра да татып көрген пенде емеспін, – деді қыз ұсынған рюмкаға қолын созбай.
– Адам бәрін де жүре көреді, – деді жігіт қиылып. «Сәті болып мынадан аздап ауыз тисе, онда құдайдың бергені. Ұяттан да, қымсынудан да, тіпті әдеп атаулының бәрінен де тез ада болар еді» деген жымысқы бір оймен. – Өтінемін сенен.
Гүлбике бұлданған жоқ. Коньякті қолына алды. Рюмканың шетіне ернін тигізіп, аздап ұрттап, тамсанып дәмін алып көрді. Сонан бірталай ойланып отырды, да, еш тартынбастан, бұрыннан ішіп, дағдыланып жүрген адамша түк қалдырмай бірақ сарықты. Тыныс ала алмай аузын басып, ұзақ тұншығып отырып қалды. Басын шайқады.
Мәнел Гүлбикенің қолынан ұстады:
– Қолың қандай әдемі, кіп-кішкене! Қандай сүйкімді едің, сәулем! Баяғыда қара басып, сені нағып байқамағанмын десеңші!
Көп уақыт булығып отырып барып қыз жылап жіберді. Мәнелдің уатқанына, құшақтап өзіне тартқанына еш қарсылық көрсетпей, оның кеудесіне басын сүйеп, көз жасын үйкелеп, ұзақ жылады. Бір кезде, әбден шерінен шыға жылап болып, түзеліп отырды да, тағы да бір рюмка коньяк сұрап ішті.
– Неге жыладың? Жылайтының бар, неге келесің? – деді Мәнел біраз нараулау әуенмен.
– Сізге сеніп келдім, – деді қыз бәсең дауыспен.
– Мен… Мен… Саған енді не қылдым сонша жылайтындай?
– Ой, аға, сіз түсінбей отырсыз. Қалайша түк түсінбейсіз? – деді ол жігітке қадала қарап. – Мен биыл міне он сегізге келдім. Аз жас па? Бір қыз үшін бұл бәрін білетін жас. Қулықты да, сұмдықты да… «Жүр» дедіңіз – жүрдім. «Отыр» дедіңіз – отырдым. Тіліңізді қайтарғам жоқ. Неге?
Жігіт иығын қиқаң еткізіп, қараңғыда бараны ғана көрініп отырған оның бетіне ұзақ қарап, үнсіз кідіріп қалды. Сөзді қайтадан қыз бастады:
– Ағажан, шынымды айтайын… Соны айтайын деп келдім ғой. Жынды кісіше, ес-түссіз еріп келіп отырмын. Неге? – деп ол тағы бір кідіріп алды да, жауабын өзі берді. – Мен бір адамға ғашық едім.
Жігіттің жүрегі зу ете түсті.
-Кімге? – деді ол шошып қалғандай.
-Білесіз бе, кімге?
– Қайдам? – деді Мәнел иығын тағы да қиқаң еткізіп. – Кімге сонда?
Гүлбике Мәнелдің екі иығынан ұстап, бетін өзіне тура қаратты. Сазарып, біраз үнсіз қалды да:
– Сізге, – деді сонан соң іркілмей жауап беріп. – Он үш жасымнан бастап сізге ғашық болдым. Ал сіз маған түк те назар аудармадыңыз. Неше рет хат та жаздым. Бірақ беруге батылым бармады. Бәрін жыртып тастап отырдым. Қанша хат… Ой… Көп өлең жаздым. Және ылғи түнде…Сіз соны білдіңіз бе? Жоқ. Білген жоқсыз. Сіз Гүлзатпен той жасадыңыз. Осы ауылға келіп. Сонда менің қайткенімді білесіз бе? Тойдың қызығына, Гүлзат екеуіңізге сырттай ұзақ қарап тұрдым. Сізді онан қызғанғанда бар ғой, өліп қала жаздадым. Әуелі сіздің үйдің алдындағы алма ағашына асылып өліп қалайын деп те ойладым. Сарайға кіріп, жіп іздеп жүргенімде, біреу келіп қалды. «Не іздеп жүрсің, ей, бала?» деді қатқыл дауыспен. Сонан шошып шығып кеттім де, үйге келдім. Шешем тосып отыр екен… Енді түсіндіңіз бе? Түсініп отырсыз ба, менің сонда қайда, қалай өлгім келгенін? Тұп-тура сіздің аулаңызда өлсем, сонда сіз мені ағаштан, асылып тұрған жерімнен құшақтап түсіріп алар деп ойладым. Сенесіз бе осыған?
Осыны айтты да, қыз үндемей, мелшиіп отырып қалды.
– Ойпырай, ә. Мынауың сұмдық екен! – деді жігіт қатты түршігіп, – ойға-түске кірмеген ғажап оқиға болды ғой.
– Ғажап дейсіз бе? Иә, сізге қызық. Ал маған ше? Осы күнге дейін маған мұнан үлкен дерт, мұнан ауыр қасірет кездескен жоқ. Өлім аузынан қайттым. Ал сіз ғажап дейсіз.
– Апырай, ә!
Қыз онан ары ләм деген жоқ. Жігіт те іштей ыңғайсызданып, ойланып қалды. Бір есептен өзін мүлде ақымақ, ойламсыз, түйтіксіз, арам адам қатарына жатқызды. Дәл қазірге, осы сәтке дейін ол мына қыз туралы мүлде басқа ниетте болып келді ғой. Сыртына, әдемілігіне қызықты. Арсыз нәпсінің жетегімен бір сәттік ләззатқа құмартты. Иә, бір сәттік қана. Онан басқа ештеңе ойлаған жоқ еді. Ал қазір…Ол күйініп басын шайқады. Қыз жүрегі басқа сөйлейді. Онымен салыстырар болса, бұл өзі қандай пасық? Қандай күйкі?
Бастабында ол осылай толғанды. Енді қызға не деп тіл қатудың, онан ары не істеудің байыбына бара алмай тарықты. Сонша жерге, мынау елсіз, меңіреу, иен далаға оңаша ертіп келуі тектен текке емес еді ғой. Жаңа қыз өзі де айтты. Бәрін біліп отыр. «Жарайды. Рақмет саған. Енді қайтайық» десе ше? Онда неге әкелдім деп жол табады?… Ақыры амалсыз тіл қатты.
– Кешір, Гүлбике, бәрін кеш біліп отырмын. Амалым жоқ. Әйелім бар ғой менің, – деді кібіртіктей сөйлеп. Бұл сөзі Гүлбикеге оның өзін-өзі ақтағаннан гөрі жалынғандай болып естілді.
Қыз да үндемей томсарып біраз отырды. Сонан соң іштен тынып, кеудесі көтеріле ұзақ бір тыныс алды да:
– Білем…– деді күбірлеп. – Сізде түк кінә жоқ. Тағдырдың жазуы солай шығар. Оның үстіне мен өзім де өте жасықпын. Бүгінгі осы сөзімді сізге сол кезде-ақ айтуым керек еді. Біз қыздар деген – сондай дәрменсіз, бейшара жандармыз. Жігіттер біздің ішіміздегіні өздері тапсын дейміз де, үн-түнсіз, тіпті, ешбір харекетсіз жүре береміз. Әрине, пысық, өжет қыздар да бар. Жігіттерге өздері барып соқтығады. Қандай жолмен болса да, жігіт жүрегін дір еткізудің бір амалын оңай табады. Ал біз оларды жеңілтек, көргенсіз, әдепсіз деп неше түрлі ат қойып, өсекке қосып, жатып кеп сөгеміз. Ал соңынан дайын бақыттан, бәрінен құр алақан қалғанымызды түсінген кезде, енді оны қайтарып алудың мүлде мүмкін емес екеніне көзіміз жеткен уақытта ғана, мына бүгінгі мен құсап босқа жылаймыз.
– Сәулем, Гүлбике-ай, қандай сұңғыла едің, – деді Мәнел кенет бір батылдықпен оның иығына қолын салып, құшағына таман тартып.
Қыз басын оның кеудесіне сүйеді.
– Осындай бір сәтті қанша аңсадым деші. Бүгін мен қандай бақыттымын, – деді ол тұмсығын жігіттің кеудесіне тыға, тұншыға сыбырлап. Сөйтті де, бір қолымен оның белінен құша қысып, бір сәт сұлық күй кешті.
Мәнел әлі де не істерін, қайтерін, не айтарын білмей дел-сал күйде отыр еді. Осыдан кейін-ақ дереу өзгерді. Алпыс екі тамырын қуалап, есірік бір құйын жүгірді. Кеудесіне басын сүйеп жатқан қыз қызуына төтеп бере алмай, жаңағы ақылды ойлардан мүлде ада болып, күйіп-жанған отты құштарлықпен қызды лып еткізіп, құшағына алды да, әлі ешбір еркек кіндіктінің беті жақындап көрмеген балауса қыздың ыстық ерніне қалың мұртының қап-қатты тікенектерін батыра қатты сүйді.
– Ағатай, босатыңызшы, қысылып, тұншығып кеттім, – деді сәлден соң қыз қатты бұлқынып, жігіт құшағынан сытылып шығып.
Енді ол да шындап ойлана бастады. Дәл қазіргі тағдырының қылдай ғана сәттің үстінде тұрғанын да білді. Егер бұл қасарысып отырып алса, Мәнел ондай арсыз, ақымақ жігіт емес. Өкпелесе, өкпелер. Аман-есен қайта апарып тастар. Сонда Гүлбике не ұтады? Талай жыл аңсаған адамы осы емес пе еді?! Құштар болған басқа да жігіттер болған. Талайы мұны оңашаға сүйреп те көрген. Бір жібімеп еді. Ал бүгін тағы туласа…Онда мұның не қасиеті болмақ? Мәнелді өкпелету деген бұл үшін тіпті қылмыспен барабар. Мәңгілік пәк кететін қыз бола ма? Ертең-ақ пендешілік көп құйтырқылықтың біреуінің асау жамбасына түсе қалған сәтсіз бір дәрменсіз минуттарда өзі мүлде сүймеген бір озбырдың қолына ілігіп, өмір бойы сақтаған сол асылынан қас-қағым сәтте, бостан-босқа айырылып қала беретін де шығар…
Осылай толғатып, босай бастағанымен, көкейінің арғы түкпірінен тағы бір өткінші ой жылт етті. Атан жілікті, зор денелі, алып жігіттің құшағында отырып, әлде неден тіксінгендей де болды. Соған орай ауылдағы бір жеңгесінің сөзі де есіне тез оралды: Алпамсадай күйеуі бар шынашақтай келіншекті қайындары, қайын сіңлілері қағыта мазақ қылып: «Жеңеше, қандай мықтысыз, ә?!» – деп қылжаққа айналдыра бастайтын. Сонда әлгі шымшық торғайдай, құйттай келіншек титтей ойланып тұрмастан-ақ: «Тү-у, қандай сарамассыңдар. Бастарыңа келгенде, білерсің әлі. Еркек дегендерде салмақ болушы ма еді, тәйірі. Олар перінің мамығы емес пе, сірә!?» – деп қолын бір-ақ сілтеп, жүріп кететін…
11
Гүлбикенің көңіліне әлдеқандай бір қауіп түсе бастады. Бірер айдан бері көңілді-ақ жүріп еді. Әсіресе, анау Мәнелмен оңаша түнеп, елең-алаңда үйіне келген кезде шешесі неге екені белгісіз мұның бетіне қадала қарап қалып:
– Қызым-ау, бүгін өңің біртүрлі ғой өзі. Ерекше албырап кетіпсің… – деген еді әлденеден сезіктенгендей.
– Сонша керемет биледік, апа, – деген қыз түк сыр білдірмеген болып, төсегіне таман жіті басып.
Өз өмірінде, ес білгеннен бері ұйқы дегеннің осыншама тәтті болатынын ол осы жолы, бірінші рет сезінген сияқты болған. Өмірінде өте бір көңілді оянғаны да дәл сол күні секілді еді. Қанша ұйықтағаны да белгісіз. Далаға шықса, дүние деген де сондай тамаша!
Күн жадырап, алтын кірпіктерін қуана шашыратып, сәулелі шашақтарын төгілте таудың бота мойын бір ойығынан нұрлана көтеріліп келеді екен. Аспан шайдай ашық. Мәңгі көкпеңбек, зеңгір қалпы. Ағаштар да әдемі. Анау ұсақ-ұсақ жапырақтардың жап-жасыл бояуы да ешқашан мұндай қанық болып көрмегендей. Елбіреп, жеп-жеңіл жыбырлап, ессіз сыбдырлайды. Таудан құлдап, аңқылдап соққан самал жел бойыңды сергітіп, тынысыңды алып, сарайыңды аша түседі… Гүлбике сондай бір рақат күймен балбырап тұрған. Және тұңғыш рет.
Ал қазір басқа. Күлкінің көлеңкесінде қасірет жататынын да ол бүгін түсінді. Мәнелмен алғашқы кезіккеннің өзінде-ақ қауіптеніп еді. «Әйелдің ес-түссіз балқып кеткен бір сәті – оның ең бір қатерлі әрі ең бір бақытты кезі» дейтін еді баласы бар жеңгелері. Өзі де сонан секем алып жүрген. Онысы жай үрей болып шыққан. Бірақ кейінгі жолғысы тегін емесі анық. Әке-шешесі қазақы дәстүрге берік, жуас, момын адамдар еді. Соларға қиын болады-ау. Бұл қауіп шынға айналып, елге жария бола қалатындай болып жатса, мұндай намыстан олардың тірі қалуы да екіталай. Өз ортасында инабаты күшті адамдар. Алақандарына салып, әлпештеп, ауылдағы ең әдепті, әдемі қыз атандырып отырған Гүлбикеден мына сұмдықты көре қалса, олар төбесінен жай түскендей болары хақ. Оның үстіне қазақ деген мұндайға сондай кірпияз, ырымшыл халықты айтсаңшы. Лаулап тұрған отқа май құймаса, кешірмейді. Гүлбике шұғыл ойланып, бұрынырақ қамданғысы келді. Мұнан ары бұл жерде тұра берудің пайдасынан қатері көп екенін біліп жетті. Міне, іргеде Алматы тұр. Өзі сияқты оқи алмай қалған қыздардың бәрі де сонда кетіп жатыр. Үлкен қала. Алуан түрлі кәсіп бар. Мұның да сонда барғысы келді. Ең алдымен дәрігерге қаралғаны жөн. Мүмкін, мұныкі бос сезік боп шығар. Бәлкім… Мәнелді іздеп табар. Ақылдасар. Ақыры бұл шешіміне әке-шешесін де көндірді.
– Бостан-бос қалай жүрем?! Елдің бәрі қалаға кетіп жатыр. Сонда барып жұмыс істеймін. Істей жүріп, бір жағынан келер жаздағы мемлекеттік емтиқанға да дайындалып көрермін, – деді сендіріп.
Қалаға кірген бойда, көшеде тұрып, Мәнелдің жұмыс орнына телефон берді. Бір жеке компанияда істеймін деп еді. Кеңсесінде жоқ болып шықты. Үйіне телефон беріп еді, дереу ешкім ала қоймады.
Бәлкім, тұтқаны ешкім көтермей-ақ қойса жақсы болар еді деген бір екіұштылы, жасқаншақ ой да қосамжарлана жағаласа, көңілін шайлықтыра түсті. Жүрегі аузына тығылып, дүрсілдей жөнеліп, ол аз ғана тыңдап тұрды да, онан ары шыдамы жетпей, тұтқаны өзі қоя салды. Сонда ғана жүрегі орнына түсіп, қуанып қалды. Сонан ары телефонды тек жұмыс орнына ғана шалды. Неше рет үміттенсе де, «бүгін жұмыста жоқ» дегеннен басқа ештеңе ести алмады.
Кешке таман біреудің жеке дүкенінде жалданып жұмыс істейтін Бәтіш дейтін бір қызды іздеп тауып, сонымен бірге түнеп шықпақ болды.
– Қалаға жұмыс іздеп келдім, – деді әңгіме арасында.
– Ой, қыздарға кәсіп деген көп. Алуан түрлі жұмыс бар. Ақшасы азы да, көбі де толып жатыр. Бірақ оған шыдай алмайсың ғой, – деді Бәтіш.
– Қалайша?
Бәтіш жауап бермей теріс қарады.
– Мені сондай әлсіз, өлез деп ойлайсың ба? Сендер шыдап істеген жұмысқа мен неге шыдай алмаймын?
– Сені білем ғой. Сен өте сетер, нәуетек, үркек қызсың. Сонан соң айтқаным ғой.
– «Басқа түссе басбақшыл» деген. Сетерлік, серілікке – бәріне де қош айтысатын шығармыз. Күн үшін күл тасуға да бел буып келмедім бе!? – деді Гүлбике шын ойын айтып.
– Ой, жоқ. Сен менің сөзімді түсінбей отырсың, Гүлбике. Оны айтып отырғаным жоқ, – деді құрбы қызы ойланып, үндемей қалып. Біраз бөгеліп отырып барып, сөзін қайта жалғап кетті. – Қиын. Қиын болғанда сен ойлағандай емес… Қазір біз сияқтыларға жұмыс беретіндердің бәрі – жекелер. Түгел байшікештер. Мына біз істеп отырған сатушылық деген жай бергі көрінісі ғана. Оның ар жағына үңілсең – жаның шошиды.
– Ар жағындағысы қалай? – деді Гүлбике аңқаулықпен.
– Тү-у, Гүлбике-ай, Не деймін енді саған! Не деп айтам? Төтесін айтайын ба? Керек болса, бұл жерде адам болып емес, қуыршақ болып істеуің керек. Бір қызға қырық еркектің көзі түседі дегенді білмейсің бе?
Гүлбике сөз төркінін түсініп, шошып кетті.
– Құдай сақтасын, – деді жағасын ұстап. – Сонда сен де…
– Қойшы, Гүлбике, – деді анау шытынап. – Бұл ауызбен айтатын сөз емес. Жүрекпен ғана түсінетін нәрсе. Ал мен саған қаланың жалпы жағдайын ғана айтып
отырмын.
Гүлбике қабағы түсіп, ойға шомып, онан ары үндемей қалды.
– Иә, айтпақшы, ана жылы бізден төрт-бес класс жоғары оқыған Мәнел деген бір бала бар еді ғой. Әнеугүні ауылда бір тойда кездесіп қалып, «қалаға келсең, жұмыс тауып беруге көмектесемін» деп еді. Соның қайда екенін білмейсің бе? – деді аздан соң сөзді қайта бастап.
– Әй, ол да сол шығар, – деді Бәтіш жаратпай теріс айналып.
– Қайдан білейін, оқушы кезінде адал да жуас бала сияқты еді ғой, – деді Гүлбике өтірік монтанысып.
– Адал, жуас! – деді Бәтіш сөзін нығарлай, танауынан мырс етіп. – Ол баяғыдағы бала кездегі мінез. Қазір қайда ол? Тегінде, қойдан жуас жігіттердің бұл күнде қасқырдан да жыртқыш боп кеткен талайын көріп жүрміз ғой. Байлық, ақша не істетпейді!
Гүлбике дауласқан жоқ.
– Десе де енді… Уәдесі жақсы еді. Ау-жайын бір түйіп көрейін дегенім ғой, – деді өздігінен басыла беріп.
– Пәленің бәрі сол әдемі уәдеден шығады.
– Сонда да деген ой.
– Менікі де әншейін айтқан жай сөз. Бәлкім, таза, жақсы жігіттер де бар шығар, – деді Бәтіш райынан тез қайтып. – Мәнелді білем. Тау жақта тұрады. Екі қабатты үйі бар. Әкесі көп-көрім чиновник деп естігем. Өзі де бір компанияда жұмыс істейді екен. Мінгені Мерседес– шетел машинасы. Бойы бір тұтам, қайқы тұмсық, алты ауыз қатыны бар. Қасынан екі елі қалмайды. Үш-төрт рет кездестім. Мәнелдің қабырғасынан бойы озбай, қолтығына жабысады да жүреді. Бірақ өзі былай жаман да әйел емес сияқты. Ақылды, мінезді, көңілі түзу адам ба деп қалдым. Мені үйлеріне неше шақырды. Бір-ақ рет бардым. Жігі-жапар болып жақсы күтті. Қонып қал деп жабысты. Некеленгендеріне бес-алты жыл болып қалды-ау шамасы. Бірақ балалары жоқ.
– Жоқ. Төрт жыл болды.
– Сен анық біледі екенсің ғой, – деді Бәтіш оның бетіне жалт қарап.
– Иә, біз көрші отырдық қой. Осы қызға үйленді де, көшіп кетті. Қыздың әкесі үлкен бастық деген. Сол қалаға, осында көшіріп алды деп жүр ғой ел.
– Болса болар, – дей салды Бәтіш.
Мәнелді табу Гүлбикеге оңай болмады. Жұмыс орнынан табылмады. Кешке таман үйіне телефон соғып еді, жүрегі әлденеге тағы да дүрсілдеп қоя берді.
– Алло… – деді әйел дауысы.
Гүлбикенің денесі кенет дір етті. Ар жағындағы адам мұны көріп тұрғандай, Мәнелдің өзімен оңаша кездесіп жүргенін де біліп алғандай сезінді. Тұтқа қолынан түсіп кетті. Сілейіп біраз тұрып барып, есін жиды. Сонда да өзінен өзі қуыстанып, жасқаншақтай берді. Мұнан былай үйіне телефон шалмауға бекіді. «Тіпті болмаса, көшеден тосам» деп ойлады. Бірақ мұнысын Бәтішке айтудан ұялды, «жынды боп қалған екен дер». Қайшыласқан қалың машина. Қайсысын таниды. Дегенмен Мәнелдің машинасы бұған басқаның бәрінен де анық, таныс секілді сезіле берді. Ақ түсті Мерседес. Аппақ. Тап-таза. Сол бір күні, аппақ таң атып келе жатқанда мәңгі пәк, тап-таза жүрегімен Мәнелдің құшағында тұрып ап-анық көрген. Елдің машинасы тәрізді емес, қашан да кір шалмайтын, шаң-тозаң деген сияқты бірдеңелер мүлде жұқпайтын бөлек бір қасиеті бардай көрінген. Нөмірі де есінде. 777. Сол алғашқы бір жолдың өзінде-ақ бұған өз машинасындай ыстық тартып еді.
Гүлбике сол күні кешке таман Бәтішке сездірмей, сол айтқан сораппен Мәнел жүреді-ау деген көшенің бір бұрылысындағы аялдамаға барып жолға қарап тұрды. Екі көзін көшеден алмай ұзақ аялдады. Сонан бір кезде анадайдан зырлап келе жатқан аппақ Мерседесті көре қалғанда бастабында қуанып кетіп еді. Кенет жүрегі тағы да зу ете түсті. «Егер қасында әйелі отырған болса ше!?» деген бір үрей жылт етті. Гүлбике қорғаншақтап, қасындағы адамның артына тығыла берді. Соның тасасынан сығалады. Бірақ ол басқа машина болып шықты. Осылайша ол талай-талай ақ машиналарды көзімен тінтіп, ұзақ сарылды. Сонан бір кезде әбден күдер үзіп, «енді қайтып кетейін» деп тұрған шағында бағанағы көп машиналар сияқты зырлап келе жатқан Мәнелдің машинасын танып, көзі жарқ ете түсті. Тағы да еріксіз шегіне берді. Жақындай бергенде байқады. Екі иығына екі кісі мінгендей, тұлғасының өзіне-ақ кісі қызығатындай атпал азаматтың қасында жұдырықтай, тұйғындай ғана болып әйелі отыр. «Шіркін. Бақыт деген соқыр ғой. Жоқ. Айтпақшы, сол бақыт деген нәрсе бар ма екен өзі? Иә, бар. Бар болғанда ол, тіпті, шыбын сияқты. Қайдағы арамға, жаманға әуес», – деп ойлай тұрып, Гүлбике сасқалақтап, теріс қарай берді. Тіпті сүрініп те кетті. Машинаның өз қасынан қалай зу етіп өте шыққанын байқамай да қалды. Соңынан ұзақ қарап, «қай көшеден бұрылар екен» деп, қас қақпай, тесіле телмірді.
Ертеңінде сол бұрылған көшенің бұрышынан барып тосты. Сол кешегі уағында аппақ Мерседес мұның қасынан тағы да зу етіп өте шықты. Тағы дәл кешегідей. Рульде Мәнел. Бұйра шашты, таудай биік кесек тұлғалы ер жігіт. Қасында томардай болып, бағы асқан әйелі отыр.
Гүлбике тағы да ұзақ қарап тұрды. Тағы да машинаның қай көшеден бұрылатынына зер салды. Үшінші күні сол бұрылыстан тосты. Сол межелі уағында ақ Мерседес тағы да зу етіп өте берді. Тағы сол баяғы көрініс. Бірақ бұл жолы онша ұзамады. Биік темір қақпалы, екі қабатты үйге кіріп, көрінбей кетті.
Гүлбике қуанып қалды. «Осы үй болды ғой. Таптым-ау ақыры. Енді бір жөні болар», – деді өзіне өзі күбірлеп. Кіруге батылдық етпесе де, үйдің нөмірін көре кеткісі келді. Әдейі көшенің қарсы жағына өтіп, ілби басып аяңдап келе жатты.
Үйдің тұсына таяп та қалып еді. Кенет қара қақпа айқара ашылды да, ақ Мерседес қайта шықты. Гүлбике сасқалақтап, қайда тығыларын білмей абыржып, теріс бұрылып, келген ізімен қайта құлдады. Ту сыртынан Мәнелдің әйелінің екі көзі өтіп келе жатқандай жон арқасы дуылдап, ысып кетті. Соның арасында машина мұның қасына келіп тоқтай қалды.
Екі көз түйілісе кетті.
– Гүлбикемісің? Қайдан жүрсің, жаным-ау? – деді Мәнел еңкейіп, машинаның оң жақ есігін ашып.
– Сәлеметсіз бе? Сіз екенсіз ғой, Мәнел аға! – деді қыз монтанси қалып. Жүзінен жарқын шырай төгіліп, ештеңе білдіргісі келмей, жайма-шуақ қалып танытты.
– Қайдан жүрсің? – деді Мәнел оны бастан-аяқ шолып шығып.
– Осы жақта бір кластас қызым тұрушы еді, – деді қыз жалтарып.
– Кім еді ол, қай көшеде?
Гүлбике дереу қулық ойлады. Алдыңғы жақтағы бір көшені айта салды.
Мәнел ойланып тұрған жоқ.
– Ой, ол – бірталай жер. Отыр. Апарып салайын, – деді есікті кеңірек ашып.
Мәнел үйден былай ұзап шыққан соң ашылды:
– Гүлбике, сенесің бе, неше күн бойы ойымнан да, түсімнен де бір шықпай қойып едің. Сонан өзім де алаңдап жүргем. Бірде ерекше шат, енді бірде ерекше көңілсіз елестедің. Қайран, Гүлбике сәулем… – деп демі дірілдей ұзақ күрсініп алды. – Жүрек құрғыр сезеді ғой…Сонан жаңа мына бұрышта тұрған кезіңде кенет көзіме жылы ұшырай кеттің. Мені іздеп келді ғой деп бірден білдім. Әйеліме бір өтірікті айттым да, сенен көз жазып, адасып қалмайын деп асығып шыққан бетім осы. Заман солай. Өтіріксіз жан баға алмайсың. Басқаны былай қойып, тек жер басып тірі жүру үшін де өтірік айту керек. Ал түтінің түзу ұшсын десең, оның орны тіпті бөлек. Бүгін ғана емес, баяғыдан, атамзаманнан солай. Оған бола қазір біреуді біреу сөкпейтін де болып кетті. Жаңа сен де өтірік айттың. Бұл маңда сенің ешқандай таныс қызың жоқ. Менен басқа ешкімің тұрмайды бұл көшеде. Дәл таптым ба?
Гүлбике күліп жіберді:
– Мәнел аға, бақсысыз ба, әлде балгерсіз бе? – деді мойындағанын жасыра алмай. Сонан ақырын күрсініп алды. – Ессіз, ақымақ кезімнен, бірінші мүшел жасымнан жабысқан дерт едіңіз. Білмеймін. Болса, болар.
– Қашан келдің? – деді Мәнел сөз ауанын солай өзгертіп.
– Үш күн болды, – деді Гүлбике де тоқетер жауап қайырып.
Мәнел онан ары ештеңе сұраған жоқ. Қаланың шет жағына таман, оңаша жаздық асханаға алып барды. Бірге отырып, тамақ ішті.
– Қайда жатырсың?
– Бір қыздың қасында.
– Көзімнің қарасысың ғой… – деді Мәнел өзінен өзі ойға шомып. – Жарайды онда. Мұнан былай ешкімнің босағасына телмеңдеме. Қатынасы қолайлы бір жерден, мейманханадан бір бөлме алып беремін. Уақытша сонда тұрасың. Жұмыс деген ол онша қиын емес. Нені қаласаң, сонда орналастырамын. Өзің лайық көрсең, менің әйелімнің – жеңешеңнің де үлкен дүкені бар. Сен үшін біреуді әдейі шығарып жіберсе де, сені жұмыссыз қалдырмайды.
– Мәнел аға, жұмыс деген – екінші мәселе, – деді Гүлбике кібіртіктеп.
– Онан басқа не бар? – деді Мәнел оның бетіне тіксіне қарап.
– Жақсы көретін сырлас бір жеңешем болушы еді. Сол айтатын: «Менің тілімді алсаң бар ғой, еркек дегенді өмірі қасыңа бір адым жуытпа. Жуытсаң болды, пәлеге қалғаның. Аяқ астынан, өзіңнен өзің-ақ сары майдай ери жөнелесің. Бір құдірет билеп, ұятты, арды, сақтықты – бәрін ұмытып, есіңнен мүлде адаса бастайсың. Ал есің кірген кезде бәрі кеш болады», – деуші еді. Сол жеңешем данышпан екен, – деді жұмбақтап.
Мәнел де түсінді. Алғашында тіпті қуанып кетті.
– Қандай жақсы едің, Гүлбике! Құдай берді десеңші, – деп еліре жөнелді де, сабасына тез түсіп, ойланып қалды. – Менде әлі бала жоқ қой. Жеңешеңнің де үміті аздау…Апырай, ә. Көрерміз. Сені жылатпаймын. Ешқайда қаңғыртпаймын да. Дәрігерге қаратам. Жұмыс та табам. Ол жағын да ақылдасармыз. Бәрін шешем. Оған алаңдама. Ант бер десең, ант берейін.
– Жоқ. Керегі жоқ. Сенем. Сау бол.
– Әзірше…– деді Мәнел машинасына жақындай беріп, қайта бұрылды. – Сені жалғыз тастауға қимай тұрмын.
– Ештеңе етпейді. Осы жасқа дейін мәңгі жалғыз келемін ғой. Оған алаңдамаңыз, Мәнел аға, – деді Гүлбике шын жүректен ризалық білдіріп.
Мәнел оның оң көзінен сүйіп қош айтты.
ІІІ
Уақыт деген бір білінбей, зымырап өтіп жатты. Гүлбикенің басында да көп өзгерістер болды. Жұмыс табу деген онша қиын болған жоқ. Мәнелдің арқасы. Алғашында өз әйелінің жеке дүкеніне сатушылыққа орналастырмақ болып еді. Оған Гүлбике көнбеді.
– Онымен бірге тұру маған қандай көңілсіз екенін ойламайсыз ба!? Тіпті көргім де келмейді оны. Иә, менің алдымда оның еш кінәсі жоқ екені рас. Бірақ мен оны қалайда өз бақытымды тартып алғандай жек көремін, – деді шынын айтып.
– Оны сезем. Басқа біреудің қол астына апарып қойғаныммен, оған өзім алаңсыз бола алмаспын деп ойлап едім, – деді Мәнел.
– Түсіндім. Бірақ мен тек қана сендікпін.
Сонан Мәнел оны басқа бір таныстарының дүкеніне апарып қойды. Жалақысы да, тұрмыс жағдайы да тым жаман болған жоқ. Анда-санда үйіне телефон шалып, амандығын айтып, әке-шешесінің көңілін де тыныштандырып отырды.
– Демалыс деген болмай ма сендерде? Бір келіп қайтсаңшы, – дейтін еді шешесі аналық сағынышын білдіріп.
– Жекелік дүкен. Әр күнің есептеулі. Оның үстіне бос уақыттарымда сабаққа дайындалып жүрмін. Кейде кешкі курстарға барамын. Енді бірде арнаулы ұстаздардан лекция тыңдаймын. Мұрныма су жетпейді, апа. Мемлекеттік емтихан тапсырып алған соң барамын үйге, – дейтін шешесін әдейі алдап.
Алдамасқа, өтірік айтпасқа шарасы да жоқ. Қазірдің өзінде-ақ дене тұлғасы мүлде өзгерген. Бұрынғы талшыбықтай, жіп-жіңішке Гүлбике емес. Күннен күнге толысып, жуандап келеді. Бұрынғы киіп жүрген костюмдары да түймелеуге келмей қалып, жаңасын ауыстырған. Онан да сорақысы, мұрнының үстіне көлденеңінен қап-қара ноқта түскен. Тіпті бет-аузы да қарала-қожалақ болып, түр шырайы өзгеріп, сиқы кете бастаған. Өңінде еркек салмағынан жаншылып түскен азғын тап, жадаулық бар. Күннен күнге арықтап, азып келеді. Айнаға қарап көрсе, өзі де күрсініп қалады. Қара көздерінің ұясында бір кетпейтін уайым, мұң жатыр. Бәрі де – шешесі бір көрген жерден тани қоятын өзгеше белгі.
Гүлбике осылай боларын мөлшерлемей қалған жоқ. Мәнелдің көзінше дәрігер де ашық айтқан.
– Қиын болды, – деп уайымдаған сонда Гүлбике, – Ел бетіне не деп қараймын!?
Оның бұл қасіреті Мәнелдің бақайынан да келген жоқ. Еркекке ғана тән бір парықсыздықпен ол қолын бір-ақ сілтеді.
– Немене, сен сонда аборт жасатпақ ойың бар ма?
Гүлбике ойланып қалды.
– Қыз деген сұмдықшыл болады дейді ғой қазақ. Солар біліп айтқан. «Шіркін, осы сенен бір бала тауып, соны әлдилеп отырсам» деп мен ішімнен, бір құдайдан басқаның бәрінен жасырын қанша рет ойладым деші. Бәлкім, жүз яки мың мәрте болар. Бір ойдан сол арманыма жеткен де сияқтымын. Бір есептен, бұл бір менің сорыма бола біткен бала шығар деп те ойлаймын. Сенімен үйленіп алып, туған болсам, маған бұл дүниеде мұнан артық бақыт болмас еді. Бірақ сенің басың байлаулы. Ал менің әке-шешем – қазақшыл, намысшыл бұрынғының адамы.Олар бұған тірі тұрып, шыдай алмайтыны анық. Оның үстіне менде не күйеу жоқ. Не күй жоқ. Қайда тұрам? Баланы қайда апарып бағам? Жоғары мектепке оқуға түссем деген арманым да желге ұшып бара жатқандай. Сонда мұны кімнің баласы деймін. Бұған кімнің фамилиясын берем? Мен үшін осылардың бәрі де – шешуі қиын ауыр сұрақтар, – деді Мәнелге ештеңесін жасырмай, ойындағысын түгел сарқа айтып.
– Мұны мен де ойлап жүрмін. Ең алдымен баланың әкесі өзім екенімді ешкімнен жасырмаймын. Фамилиясы Алпысбаев болады. Ұл болса, атын Мұрат қоямын. Қазақша ат. Мұратыма жеткенімнің белгісі. Қыз болса, өзің таңда. Мұны бір де. Екіншіден, әйелімді тастаймын. Сені аламын. Бірақ бұл бір күнде біте қоятын дау емес. Біршама уақытқа созылар. Құқық қорғау орындарына, сотқа жүгенетін шығармыз. Жүйкені де біраз жұқартуға тура келер. Бұл үшін саған да, бір қауым қиыншылықтарға төзуге тура келеді.
– Қандай қиыншылық болса да, мен оған шыдар едім. Бірақ осының шын болса? – деді Гүлбике күрсініп.
– Ант етейін.
– Жоқ. Оның керегі жоқ. Тіпті оған шамаң келмеген күннің өзінде де мен сені, әрі мынау ішімдегі шарананы дүниедегі ешқандай байлыққа, бақытқа айырбастағым келмейді. Ойлап отырсам, қазір менің көкірек сарайымда жап-жаңа бір гүл өсіп келе жатқан секілді. Соны білдім. Алла-тағаланың адам баласына тарту еткен сондай, баға жетпес керемет сыйлығы, ләззат деп аталатын бір бақыты бар екенін мен сол сенімен кезіккен жолы ғана, тумысымда бірінші рет сезініп едім. Тіпті соның сондай тойымсыз қуаныш, оның үстіне адамның қарсылық жасайтын мінез-құлқының бәрінен құдіретті екенін де соңынан мойындадым. Және сол ләззатты мен тек сенен ғана ала алатын сияқтымын, – деді Гүлбике қуанышын жасыра алмай.
– Жақсы. Келістік, – деді Мәнел .
Бірақ ол бастабында айтқандай, бұл шаруа, шынында да, қиын болды. Мәнелдің «некеден ажырасамын» деген сөзін естігенде, Гүлзат алғашында өз құлағына өзі сенбей, аңырып отырып қалды. Некеге отырып, той жасаған бірнеше жылдан бері әлі күнге дейін бірде-бір рет шай десіп, қабақ шытысқандарын есіне түсіре алмайды. Сондай ыстық, ынтық жұптар секілді болатын. Өз басы Мәнелді ерек сыйлайтын да. Басқаны былай қойғанда, күйеуінің көйлегінің жағасына бір күн кір шалдырып, шалбарының балағының қырына бір күн де көз салмай көрген емес. Не десе соған риза болып, айтқанына көніп, бәріне зыр жүгіріп, алақанына салып, баласындай мәпелеп келеді.
– Ойнап айтып отырған жоқсың ба? – деді аң-таң болып.
– Жоқ. Шын айтам, – деді Мәнел безеріп. – Сотқа арыз да кіргізіп қойдым. Міне, көшірмесі.
Бір жапырақ қағазды ұстап тұра алмай Гүлзаттың қолы қалтырап кетті. Жас толы жанарымен арыздың бас жағын шала-шарпы шолып шықты да, аяғына дейін оқи алмай, бетін басып отыра кетті. Еңіреп жылап қоя берді.
– Таяудан бері суық тартып жүргеніңнен өзім де ішімді тартып едім. Не жазығым бар еді? Сенің алдыңда қылдай қиянатым жоқтығына өзіңнің де көзің жетеді. Ал бала туралы болса, ол жалғыз менің кінәм емес қой. Өз тарапымнан мен дәрігерге де қаралып жатырмын. Құдайдың бермегеніне менің шарам қанша? – деді ол еңіреп, – Сенен мұндай сөзді естимін деп өмірі ойламап едім. Кет десең, сотсыз да кете берейін. Саған жабысып қалған мен жоқ, – деп ботадай боздап жүріп, қол сумкасын иығына асты да, бір қайырылмай жүріп кетті.
Әңгіменің көкесі ертеңінде басталды. Жұмыстан қап-қара болып түнеріп, өрт өшіргендей түтігіп қайтқан әкесі Мәнелді де, әйелін де алдына шақырды.
– Сен ен істеп жүрсің, миғұла, Гүлзат қайда? – деді дауысы бұзылып.
Мәнел үндеген жоқ.
– Сен білдің бе мына сұмның не істеп жүргенін? – деді ол онан соң әйеліне шұқшиып.
– Не боп қалды? – деді әйелі түк түсінбей, сыбырлай әзер тіл қатып.
– Мынау Гүлзатты қуып жіберіпті ғой. Соны білмей неғып отырсың? – деді шалы оған шадырая қарап.
– Не деп тұрсың? Мынау не деп тұр, күнім? – деді шешесі абыржып, онан соң Мәнелге бұрылып.
– Ол рас, апа. Сотқа арыз бергенім шын. Мен солай шештім, – деді Мәнел де міз бақпай.
– Мисыз! – деді әкесі тістеніп. – Бақытты басқа тепкен деген осы. Бағана құда телефон бергенде, мен әуелі талып қала жаздадым. Ондай керемет құда, Гүлзаттай жақсы келінді Меккені үш айналсаң да таба алмайсың, – деді әкесі Мәнел мен әйеліне қатар сөйлеп.
– Оның жөн болмапты, балам. Тым құрыса алдын ала ақылдассаң нетті? – деді шешесі Мәнелге қаратып.
– Мұныкі кекірелеу, астамдық қой, – деді әкесі зілдене түсіп. – Қазір бар да, арызыңды қайтарып ал.
– Жоқ. Алмаймын, – деді Мәнел қарысып.
– Алмайсың ба!? Алмағаныңды көрейін. Бағана-ақ телефон шалып, судьяға айтып қойғанмын. Ал құда кірісетін болса… білесің ғой атаңның кім екенін!
– Кім болса, ол болсын! – деді Мәнел сазарып.
– Сөйлес мына ұлыңмен, – деді әкесі әйеліне бұйырып.
Мәнел өмірі шешесінің тілін бұрып көрген емес. Шалы соны біліп айтып отыр. Шешесі Мәнелге ұрысқанның орнына өзінен өзі назаланып, зарлап кетті.
– Әй, құдай-ай, не жазып едім?! Қай қылығым жақпап еді!? Сүттей ұйыған ырысымды шайқалтатындай қандай шайтан азғырды екен ұлымды! Ей, Алла, бір бақытқа– қамсыз, қайғысыз күндерге, мынау молшылық дүниеге қолым жеткеніне де көрген түстей, аз ғана уақыт болып еді-ау! Соны менен тағы көпсінетіндей со ғұрлы не күнәм бар еді менің?! Өмір бойы қарығы тарқамайтын бір сорлы болғаным ба сонда менің!? – деді отыра қалып, бетін басып, еңіреп қоя беріп.
Оның айтқанында титтей өтірік жоқ. Мәнелдің әкесі Совхозбек пен шешесі Мәнсия өмірбақи қарапайым колхозшы болып күн кешірді. Бірде бар, бірде жоқ тұрмыста жасады. Колхоз, совхоз тарап, коллектив бытырап кеткен бір тұста тіпті балаларын қалай бағып, қалай өсірудің өзі уайым болды. Екі сиырдың сүтін сатып, сонымен қалт-құлт етіп жан бақты.
Сөйтіп жүргенде Мәнел университетке оқуға түсті. Араға екі-үш жыл салып, осы келіні – Гүлзат дейтін қара қызды жетектеп келді. Сәті болғанда, Гүлзаттың әкесі жай адам болмай шықты. Сәулетін ат көтере алмайтын, тү-у деген түкірігі жерге түспей тұрған лауазым иесі, бірнеше жерде жеке фирмасы бар бай болып кезікті. Алғаш құдалық сөйлесіп, қызын ұзатардың алдында-ақ Совхозбекті бір фирмаға директор ғып тағайындап жіберді. Соңынан қазір мына отырған екі этажды, кең ауласы, бау-бақшалығы бар осы үйді сыйға беріп, Алматыға көшіріп әкелді.
Өмірі колхозда өскен, оқу-білімі таяз, біліктілігі төмендеу Совхозбек сол компанияны түзу басқарып кете алмады. Көп сүрінді. Құдасы оны көріп, біліп жүрсе де, әйтеуір ерқарасы ғып, үш жыл отырғызды. Неше рет демеп, қайта тұрғызып отырса да ең соңында оның онан ары былықтыратынына көзі жетіп:
– Совхозбек құда, осы үш жылдан бергі табысың да бір өміріңе жетер. Енді тағы қателесіп, шиімізді шығарып алып жүрмейік. Ренжімей басқа бір орынға бар. Қалалық жетімханалардың біреуінің бастығы ауысқалы жатыр. Соның орнына бастық бол. Онда да ешкімнен кем-қор болмайсың, – деген арқаға қағып. Айтып – айтпай Совхозбектің кірісі онда да кеміген жоқ.
Оның үстіне шешесі келінін жанындай жақсы көретін. Гүлзатта бір мін бар десе, ол – оның сұлу еместігі ғана. Кісі қызығатындай ажары жоқ, түйтиген қара қыз. Онан басқа, құдайға күнәлі болып жазғыратындай еш қылығын әлі байқаған емес. Мінезі бір тоға, әдепті келін. Ата-енесінің ойындағысын тауып, ас-суын алдын ала дайындап отырады. Бастықтың, байдың қызы едім демей, күйеуінің де ымымен жүгіреді. Туыс-туған, ағайын-жекжатқа да мейірбан. Ешкімін сыртқа теуіп, ренжітіп көрген емес. Дос-жаран, қонақ-қопсы, көрші-қолаңға да қабақ шытпайды. Туада затты, дегдер жан. Бұл үймен аралас-құралас болып, келіп-кетіп жүретін алыс-жақынның: «Шіркін, Совхозбектің келіні-ай!». Қыз деген қазақтың қарнынан туған баласы, үш күннен кейін шешесінің беті бері қарады. Қисайған аузы, шадырайған көзі бірден түзеліп кетпесе де, қол-аяғы қозғалып, тамаққа тәбеті тартты.
Мәнелде ес қалған жоқ еді. Мұны көріп қатты қуанды. Осындайда Алланы да үзбей аузына алып, тәубесін үйірді. Шапқылап сотқа барып, арызын қайтарып алды. Онан соң Гүлзатқа жетті. Арызын соның көз алдында жыртып тастап, иіліп кешірім сұрады. Сонша жалынып, айналып-үйіріліп жүріп, әзер көндіріп, шешесінің қасына алып келді.
– Апа, кешір мені. Міне, Гүлзатың! – деді мөлиіп.
Гүлзат та енесін бассалып құшақтап, жылап жіберді.
Амалы таусылған Мәнел ақыры Гүлбикеден де кешірім сұрауға мәжбүр болды.
– Осылай боларын өзім де сезіп едім. Сен қанша төндіріп айтқаныңмен де, менің жаным бір сенбей тұрған, – деді ол күрсініп. Ұзақ ойға шомып отырып кетті. Соңында қайраттана серпіліп, басын көтеріп, Мәнелге батыл қарады. – Дұрыс бопты!
«Мені кекеп айтқан сөзі шығар» деп Мәнел оның бетіне жалт қарап еді. Қыз өңінде ашу да, кейіс те жоқ екен. Моп-момақан, жайдары шырай бар. Сабырлы, салқын қалпы екен.
– Сен қанша ант-су ішкеніңмен, сол бақыттың менен тым алыста екеніне өз көзім де жеткендей еді, – деді Гүлбике ұзақ қиналып отырып кетіп. – Оның үстіне Гүлзатпен некеден ажырасамын дегеніңе келісім бергенім үшін бірнеше күннен бері өзім де қатты опық жеп қалып едім. Біз адам деген – не деген күрделі мақлұқпыз. Былай қарасаң, ойлы, милы, ақылды, данышпан, енді бір қырынан қарасаң, мүлде бейшара сияқтымыз. Өзіміз, өздігімізден ештеңе жасай алмаймыз да, ылғи елдің бақытына таласамыз. Мен де сондай көп ақымақтың бірі екенімді сонда ғана пайымдадым. Дәл осы істе адамшылықтан пендешілігім басым түскендігі соның дәлелі. Әйтпесе Гүлзатта не жазық бар?! Сені сүйді. Үйіңді дұрыс ұстап, ата-енеңді бағып отыр. Ана уақытта, мен алғаш келген кезде мен үшін де қанша жүгірді. Өз дүкенінен орын бермек болды. Онан соң да мені бір дүкеннен екінші дүкенге ауыстырып, мен үшін, танымайтын біреу үшін, жоқ, ол ғана емес, өзінің көзіне шөп салып, күйеуін тартып әкеткелі жүрген қара жүрек, алдамшы, беті жылтырап, аржағы қалтырап тұрған өзімшіл бір қыз үшін жанын салып, зыр жүгірді. Әнеугүні сен кеткен соң, мен осыны ойлап, өзімді өзім жек көріп кеттім. Гүлзаттың алдындағы күнәмнің таудан үлкен, тастан қатты екенін сезініп, өзімді арам, лас, түкке тұрғысыз күйкі пенделердің қатарына қостым. «Қандай сұмпайымын. Қап!» – деп бармағымды тістедім. Үлкендер айтатын: Қасиетті қазақ өлкесінің анау аспанмен таласып, көк тіреген қарлы тауларында ақ қар, көк мұзды жарып, «қар гүлі» қауашақ ашады. Кәдімгі гүл. Тостағандай шанақты, жұдырықтай жүрегі бар аппақ гүл өседі. Қалың қарды, қожыр-қожыр тасты жарып шығады деуші еді. Кейде сондай гүлдің, сондағы егіз екі гүлдің арасынан сол қар мен мұзды, сол жықпыл-жықпыл тасты жарып бір түп тікен де өседі дейтін. Мен де өзімді сол тікенге балап, қатты күйзеліп, азап тартып кетіп едім. Енді дұрыс бопты. Әкеңді ренжітіп, анаңды кемтар қылып, мені алғаныңда, мен сенің оң жағыңа күн, сол жағыңа ай орнатып береді ғой деп пе едің!? Шаңырағыңды шайқалтып, ырысыңды төгіп, бейуаз біреуді зар жылатып жүріп, саған тиіп алғанда, мен өзім де не марқадам табармын деп ойлап едім. Құдай бір сақтаған екен, – деді кең тыныс алып.
Мәнел Гүлбикеден мұндай сөз күтпеген. Аузы аңқиып отырып қалды. Не заман дегенде ғана әрең тілге келіп:
– Сонда сорлайтын сен болмадың ба? – деді Мәнел жасқана сөйлеп. – Бар кінә менде. Бәлкім, кешпейтін де шығарсың!
– Маған, өзіме де со керек, – деді Гүлбике қабағын шытынып, ауыр ойға батып. – Қиыны қиын болды. Осы дүкенде де бір минут алаңсыз тұра алмаймын. Таныс біреу келіп қала ма дегенде, зәрем жоқ. Ондай біреудің қарасын көрсем болды, артқы есіктен шыға қашам. Әнеугүні бір күні ойда-жоқта шешем кіріп келе жатыр. Сасқалақтағаным сонша, шыға қашуға да үлгіре алмадым. Лып етіп, сөренің астына тығыла қалдым. Қасымдағы қызға ымдап жатырмын: «Жоқ» деп айта сал» деп сыбырлаймын. Ол ұға қойсашы. Зәремнің ұшқанын айтып, сұрама. «Осында қызым бар еді, Гүлбике деген», – дейді анам байқұс. Мені бір көргісі келген ғой. Ал менде оған көрінер бет жоқ. «Ондай қыз жоқ бұл дүкенде» деді серік қызым. «Бәтіш айтты ғой. Адресі, нөмірі бәрі дұрыс. Осы араны әзер таптым, – дейді шешем. Қиналып, налып тұр. Таныс дауыс. Мейірбан үн. «Шіркін, мойнына асыла кетсем-ау!» деп ойлап жатырмын. Көзімнің жасы да парлап кетті. «Апырай, ә, жап-жақсы бала еді, қалаға келіп ол да өтірікші болып алған ғой. Бәтішті айтам. Дұрыстап түсіндір деп көрім-ақ жалынып едім. Осы күнгі жастар…» – деп шешем Бәтішке өкпелейді. Ақыры кетті. Тамсанып көп тұрғаны, ернінің сылп еткені, сүйретіп басқан аяқ дыбысы. Бәрі ап-анық. Біліп жатырмын. Ал жыла. Көзімнің жасын тыя алсамшы. Жылай-жылай, тіпті, сілем қатып, орнымнан тұра алмай қалдым… Ол да өтті деші. Қыздың көз жасы деген, немене, тәйірі! Көк тиындық құны жоқ ащы сора баяғы. Сонда да бар ашуыңды көзіңнен аласың. Өйтпегенде кімге барасың? Бір ретте осы шешеме бар шынымды айсам қайтеді деп те ойлағаным бар. «Ғашық адам дәл сол сәтінде мүлде ессіз ғой. Ондайда өзін өзі билеуі мүмкін бе?!» – деп ақталмақ болдым. Бірақ шешем мұны түсінбес еді. Шешемнің әкеме ғашық боп көрмегенін бұрыннан жаным сезетін. Білесің бе ғашық болу деген ол бұл дүниеде ілуде бір адамның ғана қолынан келеді. Ал менің әке-шешем ондай топқа жататын адамдар емес. Мыңдаған, миллондаған қарапайым көп адамның қатарындағы жай жандар. Бірі еркек, бірі әйел боп жаратылды. Екеуінде де барлық өзекті жандарда болатын хайуандық табиғат бар. Сол құтырық желік адамды кейде отқа да түсіреді. Қосақтайды да. Қосады да. Көп адамдар осы бір мезеттік қызуды ғашықтық деп түсінеді. Жоқ. Олай емес. Махаббат деген ол емес. Махаббат – киелі де биік, ардақты нәрсе. Оған ең бақытты және ең сорлы адамдардың ғана қолы жетеді. Төсектес болу деген ол – уақыттық нәпсінің қажеті. Сол төсектің жылуы басылмай жатып-ақ бірін бірі мүлде ұмытып кететіндер де бар шығар-ау деп ойлаймын. Ал ондайлар үйленіп жатса қызығы аз, қызуы, жалыны жоқ, салқын дүрдараз күн кешеді. Кейде тіпті мәңгілік итшілік тірлікпен, күні-түні бір толас таппайтын, сүйекке сіңіп, әдет боп кеткен ұрыс-керіспен де бір өмірін, зайғы дәуренін өткізіп жатады… Міне, көрдің бе, сонда мен қайтем?! Өз шешеңнің бетіне қарай алмай отырып, басқа кімнен ақыл сұрайсың!?… – деп Гүлбике томсарып көп отырды да, қайтадан қабағын ашып, жарқ етіп Мәнелге қарады. Жасаураған көздерінде енді жарқын бір нұр бар. – Бірақ, Мәке, бұған бола сені кінәламаймын. Бар пәле өзімнен. Ақымақ қызбын. Біліп тұрып ұрындым. Өкінбеймін де.
– Сәулем-ай! – деп сыбырлады Мәнел дауысы қарлыға, тұншыға шығып.
– Бірақ, Мәке, жалғыз өтінішім бар. Басына тауқымет түскен, бір құдайдан басқа ешкімі жоқ сорлымын. Жалғыз сүйенішім өзің ғанасың. Күндіз-түні қайдағыны ойлаймын. Іштегі бала қозғалып, тынбай тулағаннан бері тіпті қорқамын. Мұндайды қазақ: «бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп айтушы еді ғой. Алуан-алуан ой бунайды. Бәлкім, бұл маған төте келген бір қатер шығар. Құдай қосқан некелі біреудің – Гүлзаттың несібесіне жасаған арамдығымның бодауына бола маған көресімді көрсету үшін Құдай-тағала мені әдейі осылай жазаламақ болып отырған шығар. Мынау жарық дүниеден көретін бар қызығым, шоп-шолақ дәуренімнің соңғы бір үзігі осы болар, бәлкім? Бір есептен бұл мүлде оның керісі болуы да ғажап емес қой. Бәлкім, осы бір шарана менің сорым емес, бағым боп туар! Сол жұдырықтай шикі еттің бойында сондай бір керемет ұлылық, сан ғасырда, мың жылда бір туатын даналақ, кемеңгерлік, ғұламалық қасиеттер жатпасына кім кепіл?! Тіпті менің ғана емес, мынау қазақ деген қалың елдің, ұлан байтақ сахараның оңынан туғалы келе жатқан алтын күні сол болмасына кімнің көзі жетеді?! Иә, бұл бос қиял. Жай далбаса тілек қана. Қазіргі әңгіме онда емес. Қиыншылықтың үлкені – менің күнім таяу. Болжаусыз бір күні бірдеңе болып жатса, басымды кім сүйейді? Қайда барып, қалай босанам?
– Жаным, Гүлбике-ай, қайдағыны айттың-ау. Сенің алдыңдағы күнәмді бұл дүниеде, өмірі жуа алмаспын да. Бірақ уәде етіп ем ғой әнеугүні. Сені ешқашан қараусыз тастамаймын. Қазір-ақ дәрігерге апарам. Нәрестелер үйіне жатқызам. Сондағы бас дәрігермен аздап таныстығым да бар еді. Тұп-тура соның өзіне тапсырам. Бәрін өзім жөндеймін. Өйткені бұл, анау…Ол жай шарана ғана емес, менің көзімнің қарасы да ғой. Қанша аңсадым соны! Жо-жоқ. Ант етем оған! – деді Мәнел бұл күндері азып, жүдеп, көкпеңбек тамырлары адырайып, сыртына теуіп тұрған Гүлбикенің аппақ қолының сыртынан қысып.
IV
Гүлбике нәрестелер үйінде босанды. Ұл туды. Толғағы да ащы болған жоқ. Қорқып жүретін. Бір күні іші аздап ауырған сияқты болды. Онан ары қалай туа салғанын да білмей қалды.
Мәнел де сөзінде тұрды. Шарбаққа салған керемет бір гүл шоғын жіберді. Нәрестеге Мұрат деп ат қойылды. Фамилиясы Алпысбаев болып тіркелді.
Бірақ осыдан кейінгі жұмыс қиындау болды. Ақыры Мәнелмен ақылдасты да, баланы уақытша жетімдер үйіне баққыза тұруға келісті. Анна Петровна дейтін жасамыс әйелдің қолына табыс етті.
– Кімнің баласы екенін әзірше құпия сақтай тұрыңыз. Бір қазақтың құлағына тисе, сол күні-ақ Алматыны кезіп шығады ол хабар. Бәлкім, бір жолын тауып, ұзатпай алып та кететін шығармыз, – деді болған оқиғаны бастан-аяқ түсіндіріп.
Гүлбике санаторияда жатып, біраз уақыт күтінгеннен кейін бұрынғыдан арман құлпырып кетті. Бетінің қара қожалағы да ғайып болды. Ағы ақ, қызылы қызыл болып, гүл-гүл жайнап, ерекше сұлуланып бара жатты.
Осы орайда үйіне де барып қайтты. Әке-шешесіне бағалы сыйлықтар алып, бір жылғы тапқан-таянғаным деп көп ақша апарып, бір байытып тастады.
– Қарғам-ай, сен бір келмей кеткенге бірдеңеге ұшырап қалды ма екен деп ішкен асым бойыма қонбай жүр еді. Аман келгенің қандай жақсы болды, – деді шешесі қуаныш жасын төгіп.
Сол жылы күзде Гүлбике университетке емтихан тапсырып, оқуға түсті. Мәнелмен де бұрынғыдай жақсы араласып тұрды. Бірақ оның өзіне өмірлік жар болмайтынын да түсінді. «Бәлкім, мәңгілік осылай, біреуден алған жасырын ләззатпен ғана күн өткізетін сорлы бейшара шығармын», –деп те ойлады.
Студенттік өмір біраз сергітіп жібергендей болды. Шыт жаңа жастық өмір әлдиледі. Көп қыздармен, жігіттермен танысты. Өзі де әдемілігімен, ақылдылығымен көзге түсіп, талайдың аузының суын құртты. Бірақ сонда да бір ішқұсалық оны әркез, әр уақыт мазалауын тоқтатқан жоқ. Кейде тіпті өзін сондай қораш, түкке тұрғысыз жымсыма сезінді. Мәнелмен соңғы бір кездескенінде:
– Мәке, бір тілегім, мені енді іздемей-ақ қой, – деді шын ниетімен.
– Немене, біреу тауып алдың ба? – деді Мәнел шошып қалып.
– Жоқ. Ешкімім жоқ. Осы күнге дейін жүрегімде сенен басқа ешқандай еркектің көлеңкесі болып көрген емес. Бірақ біз қашанғы осылай кете береміз. Құдай алдында күнә, ар, намыс алдында ұят екен. Мен де пендемін ғой. Сен рұқсат берсең, мен де құр сүлдеріммен, бос қаңқаммен болса да, бір адам болып күн кешіруім керек тәрізді, – деді оның құшағында отырып. – Кейде бұл дүниеде менен де сорлы әйел заты бар ма екен деп те ойлаймын. Түз тағылары секілді ылғи өз жарамды өзім жалап жазып жүрмін.
– Қанша қимасам да, саған өкпем жоқ, Гүлбике. Ғазиз басыңа қашан да бақыт тілеймін. Осыны айтайын деп өзім де аузым бармай әрі сені аяп жүргем, – деді Мәнел күрсініп.
Екеуі қоштасып ажырасқан. Бірақ бір аптадан кейін Мәнелді Гүлбике өзі шақырып алды:
– Шыдай алмадам, Мәке. Сенсіз маған сондай көңілсіз. Өмір сүру де, оқу да, тұрмысқа шығу да – бәрі де мәнсіз сияқты. Сенен кете алмадым. Кейінгісін тағы көрерміз. Келіп тұршы маған, – деді жігіттің аш белінен құша қысып, басын кеудесіне сүйеді.
Осылайша зырылдап, жыл артынан жыл жылжып өтіп жатты. Мұрат үш жасқа шықты. Анда-санда Гүлбике барып, көріп тұрады.
Мың болғыр, Анна Петровна – аузы берік адам. Көп ешкімге сездірмей көрсетіп тұрады.
Мұрат сондай сұлу. Шашы Мәнелге тартқан. Қайратты, қою, жып-жылтыр, бұйралау. Көзі Гүлбикенің көзі секілді. Гүлбике қалай салмақтаса да, жіп таға алмайды. Біресе әкесіне, біресе өзіне ұқсатады. Кімге тартса да, өте сүйкімді. Гүлбике қанша қараса да, бір тоймайды. Көзінің қарашығы, жүрегінің бір паршасы, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен бауыр еті баласын, осындай асыл ардағын қасына ала алмағанына жүрегі езіліп, қан жылап кетеді. Мұрат өзі ақылды. Оның үстіне тілі қандай тәтті деші!
– Атым – Мұрат, фамилиям – Алпысбаев, – деп, тақ-тақ етеді.
Гүлбике әр жолы кетер алдында : «Келер жолы болсын. Қайтсем де, алып кетем!» – деп қайталаудан бір танбайды. Бірақ тағы да келер жолға қалдырады.
Мәнел өзі мұнда бара алмайды. Әкесі сонда директор. Оның үстіне ол жұмыс болсын-болмасын, күніне сегіз сағат бойы кеңсесінен бір жылжымайтын тақуа адам. Ондағы басқа қызметшілер де мұны әбден таниды. Сондықтан Гүлбикенің де оны жібергісі келмейді.
Бір рет Гүлбике оның суретін көрсетті:
– Тү-у, қандай тамаша менің ұлым!.. – деді Мәнел фотоны кеудесіне басып. – Бір орайын тауып, үйге апарып алатын шығармын. Бәлкім, Гүлзатты көндірермін.
– Титтей сәбидің әке– шешенің мейірімінсіз өсуі қандай обал, ә!? Өскенде қара ниет, тағы боп кете ме деп те қорқамын, – деді Гүлбике жүдеп.
– Қайткенде де, оны бұл қапастан азат етейік, – деді Мәнел де қамығып.
Тағы да жарым жыл өте шықты:
– Гүлзатқа айттым. «Жетімханадан бір бала асырап алсақ қайтеді?» – деп едім, талағы тарс айырылды. «Өзіме құдай бермесе, мен бөтен ешкімнің баласын баға алмаймын!» деді теріс айналып, – дегенді айтты бір күні Мәнел Гүлбикеге.
– Онда, мен өзім алам. Күнәсіз сәбиді мұнан ары жаутаңдата алмаймын. Күйеуге шығам. Бір жігіт сөйлесіп жүр. Оған бәрін жасырмай айтам. Көнсе, соған тием. Көнбесе, көнетін біреуін іздеймін. Мұратты қолыма алам.
– Жарайды. Еркің білсін, – деді Мәнел.
Аз күннен кейін Гүлбике осы әңгімені қайта қозғады.
– Мәке, ренжіме. Күйеуге шығатын болдым. Әлгі жігітке. Бірақ сенен де мәңгі қол үзе алмаймын. Қанша күнәлі болсам да. Қашан, қай уақытта келсең де, саған құшағым ашық. Арманым едің ғой менің. Онан баз кеше алмаймын. Мұрат үшін демесем, бұл шешімге келмес те едім. Бәрін айттым. Оқыған, саналы жігіт. Түсінді. «Жазда каникулда ауылға барып, той жасап келейік. Сонан қайтып келген соң қолымызға алайық» деп келісім берді, – деді Гүлбике.
– Бағың ашылсын, сәулем. Бәрі де менің ездігімнен… Мұнан ары сенің алтын басыңды адамзаттың әлмисақтан бергі жол-жосынынан шет, дара қалдырып, саған тағы көлденең болуды намысым көтермейді. Тағдыр ісі. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, – деді Мәнел амалсыз жерге қарап.
Тамыз айының жақсы күндерінің бірінде, Алматыда алуан жеміс пісіп, қырда мал семіріп, қалада аста-төк молшылық болған бір кезде Мәнелдің туған күні жақындап қалған еді.
– Ертең он бесінші тамыз. Қасиетті жұма күні. Сенің туған күнің ғой. – деді Гүлзат Мәнелге. – Дастарқан мәзірін түгел дайындап қойдым. Енді бір ғана нәрсе – менің саған жасайтын сыйлығым ғана кем болып тұр. Соны алып келуге көмектессең. Мен өзім жалғыз әкеле алмайтын сияқтымын.
– Жалғыз әкеле алмайтын ол соншама қандай сыйлық? – деді Мәнел таңырқап.
Гүлзат Мәнелдің ту сыртын айналып барып, шкафтан бір нәрсе алды да, қайта келіп, оның иығына бар салмағын сала асылып тұрып, ақырын тіл қатты.
– Үлкен сыйлық. Жалғыз әкелуге шамам келмейді, – деді ақырын күрсініп.
– Қандай сыйлық екенін білуге бола ма? – деді Мәнел бұрылып, оның қолынан ұстап.
Гүлзат үндемеді. Мәнел оның бетіне қарап еді, көздерінің шанағы лық етіп жасқа толып тұр екен. Мөп-мөлдір, тұп-тұнық шықтар сау етіп, жамырай төгіліп кеткелі тұр. Кірпігін бір қағып қалса болды, домалай жөнелуге дайын.
– Білесің бе, үлкен сыйлық, – деді Гүлзат дауысы тұншыға шығып, жұтына әрең сөйлеп. – Мұратты әкеліп алайық.
Мәнелдің жүрегі зу ете түсті:
– Мұраты кім? – деді түршігіп.
Гүлзаттің көз жасы оның иығына тырс-тырс тамды. Мәнелдің алдына жаңа туған бір нәрестенің фотосын ақырын әкеліп қойды да, көз жасына ие бола алмай, булыға өксіп, жылап қоя берді.
Мәнел оның кім екенін тани алмай, тесіле қарап отырып қалды.
– Сенің ұлың, – деді Гүлзат дауысы қалтырап. – Гүлбикеден туған ұлың. Маған қанша ауыр, қанша қиын болса да, өзімді қанша қор, қанша бақытсыз санасам да, амалым жоқ. Сенің ұлыңды жетімханада көзін жаудыратқым келмеді. Сәби ғой. Бәлкім, шарапаты тиер. Аяғы құт болып, шаңырағымызға шаттық әкеліп, өзінен кейін, соңынан іні-қарындастары туып жатса, кім біледі, құдай: «Ал, құлым» десе, бізге де… – деді де, онан ары сөйлей алмай, Мәнелдің арқасына жабысқан бойы селкілдеп тұрып қалды.
– Гүлзат, жаным-ай, – деді Мәнел орнынан созыла әзер тұрып, әйелін құшақтай алып, толқығанынан дауысы да дірілдеп кетті. – Сен оны біледі екенсің ғой?
– Иә, білем. Баяғыдан… Ол қызды сен алғаш біздің үйге ертіп келгеніңде білгем. «Жай… Ауылдасым еді. Бірге оқып едік дедің ғой». Бірақ менің алдымда күнәлі екенін мен сонда қыздың маған жасқана, тайсақтап қараған көзінен оқығам. Ал анау перзентханадағы бас дәрігердің бізге туыс екенін сен әлі білмейді екенсің ғой. Мына фотоны содан алғанмын.
Мәнел сілейіп отырып қалды. Бір қауым уақыттан кейін ғана:
– Жарайды, Гүлзат, кешір мені! Ол іс енді қайталанбайды. Гүлбике де күйеуге шығып, ауылына барып той жасап келді. Енді оның да өзінің таза, тыныш ұясы бар. Саған көп рақмет! – деді арқасынан қағып.
Сонан соң тағы біраз бөгеліп тұрып барып, жасқана тіл қатты:
– Гүлбикесіз Мұратты ала алмаймыз ғой. Сен қарсы болмасаң, мен оған телефон шалсам. Ең ақырғы рет, – деді жалынғандай.
Екеуі дереу киінді де, Гүлбикеге қарай жолға шықты. Оны ертіп алып, түстен кейінгі сағат екіде, зырлатып отырып, жетімханға жетіп барды.
– Бөлім бастығы Анна Петровна керек еді, – деді Гүлбике.
– Анна Петровна ма? Ой, жарықтық, ол кісі, иманды болғыр, бір айдың алдында машина шырғалаңынан қайтыс болған, – деді бір қазақ келіншек.
– Мен Мұраттың шешесі едім. Әкесі міне, Мәнел Алпысбаев. Баламызды алғалы келіп едік. Анна Петровна әбден білетін.
– Ол кісі жоқ. Мұрат Алпысбаев пе? Ол бала да жоқ. Біздің мына директор қызық адам. Сол баланың фамилиясын естіді де, бір көргеннен-ақ кірпідей жиырылды. Директордың фамилиясы да Алпысбаев қой. «Менің фамилиямды кім қойып жүр мына тастандыға?» деп қатты ашуланды. «Біз оны қайдан білеміз, ағай. Баланың әке-шешесі өздері әкеліп тапсырды. Атын, фамилиясын өздері қойған. Бір жағдайы дұрысталып жатса, кешіктірмей алып кетеміз деген» деп Анна Петровна оның жөнін қанша түсіндірсе де, әйтеуір осы балаға директордың жүрегі бір жібімей-ақ қойды. Өзі – көп оқымаған адам, құдасының арқасында директор болып келген тәрізді. Айтқанынан бір қайтпайтын тоң мойын жан. Оның үстіне өлердей қорқақ. «Ертең біреу мұны менің бірдеңем екен деп пәлесі тиіп жүрмесін. Тастап кеткен баланың әке-шешесі үш жылдан бері келмегенде, енді қайтып келеді деп сенудің өзі ақымақтық. Өзін асырап алатын біреу болса, тезірек көзін жоғалту керек еді», – деп бір қоймады. Ақыры, Африкадан, сонау Нигериядан келген бір капиталистке сатып та жіберді. Анна Петровнаның қазасымен қарбалас жүріп, біз оның қалайдан қалай тез алып кеткеніне онша мән бермей де қалыппыз. Өте сүйкімді сәби еді. Қара көзді, бидай өңді, қыр мұрынды, қошқар тұмсық келіскен бала болатын, – деп келе жатып, тәрбиеші келіншек Гүлбике мен Мәнелге кезек қарады да, аузын тыйып ала қойды.
– Әй, сорлатқан құдай-ай! – деп Мәнел екі қолымен басын қысып, еңіреп қоя берді.
Гүлбике бүгіліп отырып қалды.
– Қап, әттеген-ай! Атама нағып ескертіп қоймағансың, – деді Гүлзат Мәнелді сүйеп, уатып жатып.
– Жарығым-ау, Күнім-ау, қарашығым-ау!.. – деді Гүлбике зар илеп.
Алматы аспанын жаңғырықтырып, тұрғандардың жүрегін зыр еткізіп, Алатаудың үстінен тағы бір самолет ұшып өтті.