Дүниежүзі жан санының бестен бірін алып жатқан, бес мың жылдық тарихқа ие, шығыстың байырғы елі Қытайда“мәдениет төңкерісі”деп аталып, күллі мәдениет атаулыны ойрандаған сұрапыл саияси науқанның соғып өткендігі жалпақ жұртқа аян. Міне, осы саяси науқанның бүкіл қытай елін саяси, экономикалық жақтан әбден тұралатып барып, тізгін тартқан тұсы болатын. Бұл тұс біздің де жоғары оқу орындарына енді барып, әдеби өмірге әуестікпен қарай бастаған кезіміз болатын. Әрі бұл бұрын саяси науқандар кезінде жер аударылып, жекен су ішіп кетіпті деп еститін, ақын-жазушы ағаларымыз қуғын- сүргіннен қайта оралып, қолдарына қаламдарын жаңадан ала бастаған да тұсы болатын. 1983 жылы “Шұғыла”журналының (Шынжаңда қазақша шығатын, әдеби айлық журнал) 1-санында Жақсылық Самитұлын қысқаша таныстырып, оның «Гүлсара» деп аталатын повестінің алғашқы бөлімін жарялады. Шығарма оқырман қауымды бірден баурап алды. Журналдың келесі нөмірі шыққанша повестің қолдағы бар бөлімін сан қайтара оқып шықтық. Журналдың әр санына бөлмелеп жарялаған хикаятты ақыры оқып та біттік. Оқырман жастардың арасында Гүлсараның тағдыры, кейіпкерлік келбеті хақында алуан пікір- таластар болып, шығарма әр түрлі әдеби топтар арасында талқыға түсіп жатты. Қалайда, бұл шығарма, біздің сол уақытқа дейінгі оқыған (Шынжаңдағы қазақ ақын-жазушыларынан) дәл сол бір тұстағы ең тартымды туындыларымыздың бірі болатын. Осының алдында жазушының «Ананың ақ сүті», «Екінші той» деп аталатын шағын әңгімелерін оқып, жазушының шеберлік айшықтарын айқын тани бастаған болатынбыз. Қытай елін он жылдан астам ойранға салған“Мәдениет төңкерісінен ”кейін өзінің ежелгі арнасын қайта таба бастаған Шынжаң қазақ әдебиетінің көш-керуеніне Жақсылық Самитұлы өз оқырмандарымен осылайша өз өрнегімен, өнеге-нақышымен келіп табысқан болатын. Осыдан бастап Шынжаң қазақ әдебиетінің өзіндік өлкесінде Самитұлы атты сыршыл сезім суреткері, майталман шебер жазушы өз оқырманын әмәнда 364 қуантумен келе жатыр. Жазушы өз жанының бар байлығын, ой мен сезімнің телегей тебіренісін туған халқына тарту етумен келеді. Ж. Самитұлының сол жылдардан былайғы жарияланған әрбір шығармасын қадағалай оқып, өз танымымызша талғап, таразылай жүріп, жеке кітап болып шыққан әлде неше томдық жинақтарын қолға алып қарағанымызда Жақсылықтың шығармашылық бастаулары да негізінен сол 1970 жылдардың соңғы кезінен -“мәдениет төңкерісінен”кейін басталғандығына көз жеткіздік. Әрбір талантты жазушының өзіне тән қолтаңбасы, мәнер- машығы, өзіндік өрнегі, таныс бөгенайы болады десек, оның бұл қырлары жазушының дүние танымы мен өмірді өнер туындысында көрсету жолдарында жарыққа шығатын, жазушы шеберлігінің барша сипатымен бірлікте егіз, қатар бой көрсетіп отырады. Сондай-ақ жазушының өзіндік мәнеріндегі жарқыраған өрнек-нақыштарының көркем айшықталуына оның кешіп өткен өмір өткелдері, ғұмырлық таным-тәжирбесі, жасаған ортасы мен жанасқан табиғатының да тигізер ықпалының айрықша зор екендігін айтпай кетуге болмайды. Жазушының әрбір кезеңдегі шығармаларын оқып отырғанда, сол туындылардың мазмұны мен пішінінен танылатын жаныңа жақын өзгеше өрнектерді жыға тани отырып, сонымен қатар дәуір тынысының лебін, жазушы өмірінің бел-белестерін, ондағы ішкі жан-дүниенің толқулары мен пайым- парасаттағы айрықша өзгерістерді де аңдамау мүмкін емес. Әне, сондықтанда жазушының туған өлкесін, өскен ортасын, ғұмыр жолының қадау-қадау тұстарын атап өту – оның туындыларында көрініс беретін өмір келбеті мен көркем бейнелерді (образдарды) танып-түсінуімізге қолғабыс жасары анық. Бұл – бір. Екіншіден, Жақсылық Самитұлы Қытай елінен Қазақстанға соңғы жылдарда көшіп келіп қоныстанған, оралман жазушы. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бірер хикаят, әңгімелері мен «Сергелдең» деп аталатын трилогиясы жуық жылдарда жарық көргенімен, әдебиеттің оқырманы азайған бүгінгі күнде бұл жазушы Қазақстан оқырмандары үшін әлі де бейтаныстау екендігі түсінікті болса керек. Сондықтан, жазушы шығармашылығына барлау жасап, пайым айтудан бұрын оның өмір жолынан  қысқаша мәлімет бере кетудің айрықша маңызы болар деп білдік. Жақсылық Самитұлы 1940 жылы мамыр айының 8 жұлдызында қазақ даласының шығысында, Алтай аймағы, Жеменей ауданына қарасты Жәке Ласты деген жерде дүниеге келген. Бастауыш мектепті Жеменейде, орталау мектепті Алтай қаласында оқыған. Мектепті жақсы нәтижемен тәмәмдаған жас талап 1955 жылы Шынжаң институтының филология факультетіне келіп оқуға түседі. Иинститутты 1958 жылы тамамдайды. Қытай елінде осы жылдардан бастап етек алған, әсіре солшыл саяси науқандар қоғамдық өмірге жолдама алғалы тұрған жас мамандардың жолын кеседі. Институтта оқып жүрген жылдарында Жақсылық өзінің курстас-сабақтастары Задақан Мыңбайұлы, Тоқтархан Жекібайұлы, Тәліпбай Қабай қатарлы азаматтармен бірлікте қытайдың жоғары оқу орындарында қазақ сыныптарын ашып, қазақ тілінде сабақ берулерін талап еткен бастама көтерген болатын. Осы заңды талаптарының өзі-ақ саяси науқандар басталған кезде“Қазақ ұлтшылдығы”,“оңшыл- опортонис”деген саяси қылмыстарға айланып, алдарынан шығады. Осы аталған азаматтар бастаған бір топ жас 1958 жылдың шілдесінен бастап 1960 жылдың мамыр айына дейін Шынжаң институтында жүргізілген саяси тәрбиеде болады. Екі жылдай тергеп-тексерген империялық саяси тәрбие ақыры осы бір топ талантты жасты жаза лагерлеріне, сүргінге айдап жібереді. Задақан Мыңбайұлы бастаған бір тобын атақты Тарым лагеріне айдаса, Жақсылықты Корладағы жаза лагерге жібереді. 1963 жылдың қаңтар айында Жақсылықты осы жаза лагерінен өзінің туған ауылы Жеменей ауданына, белсенділердің бақылауында еңбекпен өзгертуге жібереді. Міне, осы 1963 жылдан тартып 1978 жылға дейін Жақсылық Жеменей ауданының қиырдағы шағын бір қыстағында, төңкерісші топтың бақылауы астында еңбек істеген.“Мәдениет төңкерісі”кезінде елдің алдынғы қатарлы зиялы қауымын, ақын-жазушыларын алуан-түрлі саяси жалалармен жаппай қуғындағандығы белгілі. 1976 жылы Мао өлгеннен кейін бұл сарысүрдек саяси науқандар саябыр тапты да, айдауда жүрген, абақтыда жатқан сан мыңдаған зиялы қауым өкілдері қайтадан ақталып, азаттық алып, елдің мәдени орталықтарына жаппай тартыла бастаған болатын. Осы қатарда Жақсылық та саяси жалалардан ақталып, Жеменей ауданының бір орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа кіреді. 1980 жылдың шілде айына дейін орта мектепте оқытушы болып жұмыс істеп келген Жақсылықты аймақтық өкімет сол жылы жаңадан жарық көрген «Алтай аясы» деп аталатын әдеби-көркем журналдың Бас редакторы етіп тағайындайды. Сөз орайы келгенде айта кететін бір жәйіт: Шынжаң қазақ- тарының “мәдениет төңкерісінен”кейінгі алғашқы басылымдарының бірі болып өмірге келген бұл журнал тар жол, тайғақ кешулі тарихтың талай тегеуірінді талқысынан өткен, азаттық үшін айқаспен ғұмыр кешкен халқымыздың ғасырлар қойнауында қордаланған рухани мол мұрасын жалаулатып, жарыққа шығаруға ерекше үлес қосқан басылымдардың бірі болды. Елім деп еңіреген ерлеріміз бен ел бастаған серкелеріміздің, қара қылды қақ жарған би бағландарымыз бен шешен-шежірелеріміздің өнегелі өмірлерінен сыр шертіп, қазіргі заманғы таланты ақын-жазушыларымыздың туындыларын талғампаздықпен саралап, санатқа қосуда айырықша аброй алған басылымдарымыздың бірі- осы «Алтай аясы» журналы болған еді. Сан-салалы, салиқалы азаматтық өмір сапары мен шығармашылық жолдарын салдарлы сөз еткелі отырған көрнекті жазушымыздың өз халқының алдында аброймен өтеген перзентік парызының бірі- осы журналшылдық саласындағы өнімді еңбектері болған еді. Жазушының өнегелі өнімді еңбек еткен, халқына қадірі артып, көркем сөз өнерінің қасиетті өлкесінде биіктерге өрлеген тұсы да осы кез. Бұдан кейін Жақсылық 1989 жылы мамыр айынан бастап Шынжаң өлкелік телевидениясының қазақ тіліндегі аударма орталығы бастығының орынбасары болып жұмыс істеген болатын. Қытай еліндегі екі милионға жуық қазақтың қазақстанға қарай көшіп, қоныс аударуы 1962 жылдан кейін үзіліп қалғандығы белгілі. Арада отыз жылдан астам уақыт өткеннен кейін қайта басталған екінші реткі көшті бастаушылардың бірі болып, Жақсылық 1993 жылдың сәуір айында Алматы қаласына келіп қоныстанған болатын. Көш демекші, Жақсылықтың қазақстанға көшіп келуінің өзін кәдімгідей ерлікке балауға болар еді. Ол өзі бұрын қазақсанға келіп, елмен, жермен танысып көрмеген адам. Оның үстіне бұл жақта ет бауыр жақын туысқандары да бола бермейтін. Соған қарамастан, Үрімжі қаласындағы отырған жәйлі баспанасын, лауазымды қызыметін тастап, шиеттей 6 баласын қолынан жетектеді де, Атамекен қайдасың деп тартып отырды. Алматыға келгеннен кейін алғашында «Шалқар» газетінде бірер жыл жұмыс істеді де, кейіннен әл- фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факултетінде дотцент болып ұзақ жыл ұрпақ тәрбиеледі. 2008 жылы Алматы қаласында науқастанып, Алланың ақ бұйрықты ажалынан қайтыс болды. Көріп отырсыздар, шолып қана өткен қысқаша ғұмырнамадан Жақсылықтың жалын құшқан жастық шағының 1958 жылдан 1978 жылға дейінгі 20 жылы сұрапыл саяси күрестің қара боранында, сергелдеңмен өткен. Онсызда қамшының сабындай қысқа ғұмырда саңлақ суреткердің қайталанбас, қымбатты өмірінің жиырма жылын сызып тастаудан өткен қандай қянат болуы мүмкін! Әрине, өткен іске өкініштен басқа қолдан келер жоқ. Бұл жердегі айта кетер бір тілегіміз – бұгінгі оқырман, келер ұрпақ Шығыс Түркістандағы санаулы ғана таланты ақын- жазушылардың өмірдің сан соққысын көріп, көзіне қамшы тигендей қорғалап қалған, рухани көңіл- күйіне тағзым етіп, түсіністікпен қараса деген ғана тілек. Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің күрт көтеріліп, сан- салалы тақырыпта тамаша туындылар бере бастауы Қытайдағы жел жаңғырық саяси науқандардың солығы басылған, соңғы бірнеше ондаған жылдардың мағдарында болды. Шынжаң қазақтарының таяу замандардан бергі басынан кешірген тарихи, әлеуметтік өмірінің бел-белестері негізінен көлемді прозалық шығармаларда көрініс тапты. Шынжаң қазақтарының өмірінен «Соңғы көш» деп аталатын тұңғыш роман-диалогияны сол елде туып өскен, 1960 жылдарда қазақстанға келіп қоныстанған Қабдеш Жұмаділұлы 1970 жылдарда жазып, жарялаған екен. Ал, қытайдағы қазақ әдебиетінде «Мәдениет төңкерісінен» кейін ғана көлемді прозалық шығармалардың қатары көбейе бастады. Қытай қазақ әдебиетінің классиігі Қажығұмар Шабданұлының эпопеялық романдары, Қаусылхан Қозыбайұлының әңгіме – повестері, Омарғазы Айтан ұлының, Жұмабай Білалұлының, Оразхан Ахметұлының, Мағаз Разданұлының тағы да басқа бір бөлім әуесқой жазушылардың шығармалары бұған толық дәлел болар еді. Әрине, Шығыс Түркістан қазақтарының әдебиеті де кеңестер дәуіріндегі қазақ совет әдебиетінің болмыс – бітімі, өмірге келу өткелдері сияқты империялық саясаттың тар сүзгісінен өтетін, саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын заманда туылған әдебиет екендігін қаперде ұстаған жөн. Сондықтан, саясаттың ызғырық желі есіп тұрған сүркей заманда өмірге келген әдеби шығармалардың мазмұн – мәйегі де, туған халқының тағдыры мен тарихы жайлы айтар ой, ашар қазынасы да ала-құла, әр сипатта екендігі шындық. Заман ыңғайына жығылып, империялық саясаттың сойылын соғып, солардың шашбауын көтеріп, отаршылдық саясаттың жалауын желбіретіп, жандайшабы болған жалаң, жалтақ шығармаларда, ұлттың жүрек сөзін астарлап болса да жеткізуге тырысып, бойына талай сырды бүккен тартымды туындылар да кездеседі. Бұл туындыларды сарапқа салып, олардың тарихи, әлеуметтік сыр-сипатын ашып, ұлтқа керекті асылдарын талдап алып, ұлт мүддесін сатқан, қатардағы кіріптар, жағымпаз, желбуаздарын іріктеп шығарып, ашып көрсету сыншы-ғалымдарымыздың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болар деп білдік. Осы ретте біз Шығыс Түркістандағы қазақ жазушыларының көрнекті өкілдерінің бірі, кейіннен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған, сыршыл, суреткер Жақсылық Самитұлының шығармашылық жолына қысқаша шолу жасап, ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік. Жақсылық Шығыс Түркістандағы қазақ қаламгерлерінің ең алдынғы қатарында тұрған, баршаға танымал, таланты жазушы- лардың бірі. Оның шығармашылық шалқар шабытынан туған әңгіме-хикаятары халық арасына кең таралып, қалың оқырман қауымның рухани жан серігіне айланған құнды қазыналар. Басқада көптеген әріптестері сияқты Жақсылық та о баста әдебиетке өлеңмен келіп араласқан екен.“Шопандарға”деп аталатын алғашқы өлеңі 1955 жылы «Алтай» газетінде жарияланыпты. Студент кезінде жазған алғашқы әңгімесі «Алғыс пен қарғыс» 1957 жылы Шынжаң «Әдебиет- искуствосы» (қазіргі“Шұғыла”) журналында жарияланған екен. Жақсылықтың “Мәдениет төңкерісінен”бұрын жарық көрген, біз білетін шығармасы осы екеуі ғана. Осыдан кейін 1978 жылға дейінгі 20 жылда көркем әдебиетпен шұғылдану былай тұрсын, жарық дүниені аман көріп, жан сақтап жүрудің өзі су ішеріңнің барлығы, үлкен олжа болғандығын жоғарыда айтып өттік. Сондықтан, Жақсылықтың шығармашылығын сарысүрдек саяси науқандар саябырлап, заманның беті оңала бастаған“жылымық”жылдардан бері қарайғы уақыттан (1978 жылдан) қарайластыру лазім. Аталған жылдардан бастап қаламын қолына қайтадан алған жазушы өкінішпен өткен жылдардың есесін қайырып қалуға барынша құлшынғандығы бірден байқалады. Бұлай деуімізге себеп – жазушының қысқа ғана он неше жыл уақыт ішінде тындырып тастаған қыруар еңбегі куә болып көзге түседі. Аталған жылдар ішінде, Ж. Самитұлы «Гүлсара», «Саған бақыт тілеймін», «Ата мекен», «Әркімнің бір арманы бар», «Ақ тілек», «Арманымның ақ құсы», «Жаңа бекетте», «Иендегі екі бейіт», «Қаданның қатын, баласы», «Алтын қазық», «Қаріптер» қатарлы он неше повест және Көбен Асқарұлымен бірлесіп «Арқалық батыр» кино синериін жазыпты. Қысқа әңгімелерінің өзі әлденеше том. Қытай қазақтарының отаршылдыққа қарсы ең соңғы жойқын күресін өзек еткен «Сергелдең» (кейінгі басылымдарда «Қаһарлы Алтай») атты трилогиясы тәмамдалып, оқырмандарына жол тартқалы да бір қанша жылдың жүзі болды. Бағамдап қараған адамға, өмірінің көк өрім жастық шағы тағдырдың қатаң талқысына түсіп, көңілін көп қырсықтың көлеңкесі шалған жазушының қуатты ойдан бас құраған, осынау құнды еңбектері қазақ әдебиеті үшін аз олжа болмаса керек. Ж. Самитұлының жемісті шығармашылығын ол жақтағы халқы мен қаламдастары да қадірлеп, бағаламай қалған жоқ. Жазушының «Ананың ақ сүті», «Екінші той» деп аталатын әңгімелері Шынжаң Жазушылар одағы жағынан бірінші дәрежелі сыйлықтарға ие болса, «Атамекен» деп аталатын повесті қытай Мемелекеттік аз санды ұлт жазушыларының үздік шығармаларын бағалауда екінші дәрежелі жүлдені иелеген болатын. Шынжаң қазақ жазушыларының маңдайалды өкілдерінің бірі ретінде танылып, шығармалары басқа халықтардың, әсіресе қытай тіліне көбірек аударылғаны да осы Жақсылық болатын. Жазушының «Атамекен», «Жаңа бекетте», «Ғажайып қалпақ», «Екінші той», «Ананың ақ сүті», «Құлақ», «Ұмытылмас қонақасы», «Тамшы», «Сұлудың шарапаты» қатарлы ондаған әңгіме-повестері ханзу тіліне аударылып, миллиярд халықтың оқырмандары мен сыншы- ғалымдарының жақсы бағасын алғандығын айта кету ләзім. Қазақ әдебиетінің арнасын толтырып, айдынын асыруда да Жақсылық өзінің тамаша туындыларын тарту етумен бірлікте, басқа халықтар әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне аударып, таныстыруға да үзбей атсалысып келе жатқан қаламгер. Ол қытай жазушысы Яң моның «Жастық жыры» атты романын қазақ тілінде қапысыз сөйлетті. Еуропа, Америка классиіктерінің бірқыдру таң- даулы әңгіме-хикаяттарын, сондай-ақ, көптеген көркем филімдер мен телефилімдерді қазақ тіліне аударды. Жазушы Жақсылық Сәмитұлының қазірге дейінгі жарық көрген шығармаларына зер салсаңыз, оның негізінен прозаның елгезек жанырлары повесттер мен қысқа әңгімелер жазып келе жатқандығына куә болар едіңіз. Жазушының жалпы шығармашылық мәнеріне пайымдап қарағанда, бұл да оның тақырып таңдаудағы, өмір шындығын елеп-екшеудегі, әдебиеттің жанрлық табиғатын терең игерудегі өзіндік талғампаздығы екендігін аңдағандай болдық. Жазушы әдебиеттің қай жанырына қалам тартса да, ең алдымен оның шеберлігі-сол жанырдың табиғатын түкпірлей түсініп, оның қыры мен сырын жеттік игеріп, ондағы бар мүмкіндіктерді толық кәдеге жарата білуінен де байқалады. Осы ретпен келгенде Жақсылық өз мүмкіндігіне ыңғай берген жанрдың болмысын терең танып, жеттік игерген жазушы екендігін бірден бағамдайсыз. Бұған оның кез-келген повестері, әңгімелері дәлел бола алады. Екінші бір алдыға қойып, әрлендіріп айтар сөз: Жақсылық Шынжаң қазақ әдебиетінде қазақ әйелдерінің образын, көркем бейнелерін жүйелі түрде тұлғалап келе жатқан жазушы екендігі. Бұл әлем әдебиетінде де бұрынды-соңды жарыққа шыққан өнегелі үрдіс. Жазушының жалпы шығармашылық еңбегін бағалап, барлау жасағанда бұл да әспеттеп айтуға тұратын айрықша белгілерінің бірі екендігін бағамдап білдік. Жазушы -адамгершіліктің, сұлулықтың, таң нұрындай тазалықтың пірі болған: Гүлсара, Дәрия, Гүлбану, Еркеш, Қадиша, Сәлима қатарлы бір топ әйелдердің ай нұрындай аяулы бейнелерін жасады. Ғұмырлық керуені, тірлікте тап болған тағдырлары, бітім-бөгенайлары өзгеше осынау алуандос қазақ әйелдерінің рухани әлемін айшықтап әсем суреттеу арқылы, жазушы әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерінен ойлы да мұңлы сыр шертіп, қазақтың аруларына деген жүректен шыққан асыл сырларын көркем сөзбен кестелеп келеді. Осы жолда ол өзінің ойшылдық өрнегін, өнеге-нақысын, жазушылық сыршыл сипатын, тақырып таңдаудағы тас таразысын айқын танытып, жазушылық келбетін бұл қырынан да қапысыз көрсетіп келе жатқан жазушы. Отбасы – жарық дүниеге келген әрбір жанның әлеуметтік, моральдық, салт-саналық, тағлым-тәрбие алатын бастау көзі. Келешек ұрпақтың кісілік келбеті де ең әуелі осы ұядан өнеге алып қалыптасады. Бұны-“Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі”деп түйіндеген халық даналығы. Отбасының тұрмыс- тіршілігі, ондағы қалыптасқан әдеп-иба, ұлттық үлгі-өнеге, бәр- бәрі де отбасының түп қазық тұтқасы болған әйел болмысымен бірге егіз қатар көрініс береді. Бұларды бір- бірінен бөле- жарып елестету мүмкін емес. Қазақ әйелдерінің қанына сан ғасырдан бері сіңіп, қаймағы бұзылмай қордаланып келген- бүгінгі замандастарымыздың бойынан біртіндеп өшкіндеп бара жатқан, ұлттық үлгі-өнегенің мәйегіндей болған осынау қыбыладай қастерлі қасиеттерді біз жақсылық кейіпкерлерінің бойынан бір шама жақсы көре аламыз. Біз енді жазушының шығармаларын парақтай отырып, ондағы алдымыздан ашылатын сан тарау өмір өрісін бетке ала, сол өмірде жасап жатқан алуан-түрлі адамдармен сырласа отырып, сөз сабақтайық. Әрине, бұнда да Жақсылықтың барлық шығармасын көзінен тізіп, атын атап, атағын беріп жатудың қажеті болмас. Біз мұнда да оның айырым шығармаларын алдыға ұстап, соларды ғана айтар ойымызға арқау етуді жөн көрдік. Ең алдымен, жазушының қазірге дейінгі жарияланған әңгімелеріне бағамдап қарағанымызда, бұлардың барлығына қытай елінің әлеуметтік өміріне саяси науқандар үстемдік құрып, ел басына алмағайып, аласапыран заман туған кездегі қарапайым, бейуаз, бейбіт еңбек адамдарының тап болған алуан-түрлі тағдырлары мен солардың өзегіңді өртер, мұнарлы мұңға толы өмір кешулерінің арқау болып тартылғандығын бағамдаймыз. Міне, осы әңгімелердің ішінде өмірлік және рухани әлеуметтік тағылымының құнары мол, талайға үлгі боларлық бір қанша туындылар бар. Солардың бірі «Ананың ақ сүті» деп аталатын шағын әңгіме. Бұл да сол, алмағайып замандағы тайғанақ тағдырлардан сыр шертеді. Әдебиетте мәңгілік жырланатын тақырыптар болады. Мәселен, ана туралы, махабат туралы, ерлік пен ездік туралы, ізгілік пен зұлымдық туралы, тағы-басқа. Бұл тақырыптар саналы адамзат өз тіршілігін бастағалы ауызша аңыз-жырға айланып, жазбаша мың-сан бояумен суреттеліп келеді. Бұлар бұдан былай да ғасырларға жалғасып, заманаларды жүлгелеп жырлана бермек. Әңгіме осы тақырыптарды жазушының қалай меңгеріп, оны ұлт пен ұрпақтың игілігіне жаратып, заманалық биік мұрат-мақсаттарға үйлестіре отырып жаңа да жарқын ұғымдар жасай алуында жатса керек. Жазушы Ж.Самитұлының «Ананың ақ сүті» атты әңгімесі міне осы талап-тілектерге толық жауап бере алатын, ой телегейі шалқар туынды деуге болады. “Мәдениет төңкерісі”аталып, мәдениет атаулыны түгелдей мәнсұқ еткен, қаһарлы жылдардың қара бораны түтеп тұрған кез. Қарапайым еңбек адамы“меннің”басына да ғайыптан қара бұлт үйіріліп социялизимге, коммунизимге қарсы деген қисынсыз қылмыс, ұшпа дерт жабыса кетеді. Ал енді әлеуметтік заң- ереже, адамдық хұқық аяққа тапталып, адам өміріне әлде бір қызылкөз белсенді көрсоқыр кесім жасай салатын, тұрлаусыз заманда бұндай “күнәға”кіріптар болған адам тағдырының тәлкекке қалай түсетіндігі айтпаса да түсінікті ғой. Дегенмен, осы сұрапыл жылдар адамдарды сапқа тұрғызып, сарапқа салып, кісілік келбетіне айдар болып тағылар бағасын беріп кеткені де бар. Әңгіме өз айтарын міне осы түйіннен өріс алдырып ой өрбітеді:“Біреудің кеудесіне жауыз, енді біреудің аузына суайт, тағы біреулердің бөксесіне жағымпаз, тағы бір тобының маңдайына адал, қайсар деп басты.”дейді. Дүрбелең жылдардың демігі басылып, өткен күндерді байыпты көзбен қайтадан бағамдай бастағанда. Әңгіме кейіпкері“меннің”жұрт алдындағы бағасы соңғы топтан табылып, абыройы өсіп, аты ардақтала бастайды. Ал, оның азаматтық тұлғасының іріленіп, атының аспанға көтерілуі “ұлы көсемнің нұсқаулары да”,“ұлы төңкерістің”ұлағаты да емес, қарапайым ғана қара кемпір, өз анасының берген тағылым-тәрбиесі, үлгі-өнегесі екендігі әнеки. Әңгіменің қысқаша ғана желісі былай: әңгіме бірінші жақпен жазылған.“Мен”қарапайым еңбек адамы, коммуна мүшесі екен.“Мәдени ревоюция”басталған кезде әлдебір шолақ белсенділер оған жала жауып, саяси қылмыскер етіп, халықтың алдына шығарып қойып, ұрып-соға бастайды (бұны сол тұстағы қалыптасқан ұғым бойынша“ күреске алу” дейді), сондағы тапқан күнәсі: “Асыл тұқымды қошқардың мүйізін ұрып сындырғансың”,“егістік жер жыртып, аударып жүрген кезде екі аттың арқасын жауыр қылғансың”, міне, осы тектес қайдағы саяқ-сандырақ нәрселер. Сенің осыларды істеудегі мақсатың:“социализімді, коммунаны құлату” деп төндіреді ғой ақкөз белсенділер. Ондай жат ойлардан таза, өмірі біреудің ала жібін аттап көрмеген“мен”алғашында мынадай қисынсыз жалаларға біразға дейін мойындамай, қасарсып тұрады да, белсенділердің таяғы жанына батқанда жан амандап, жалған айта бастайды. Зәресі ұшып, аузына келген өтірікті оттап, масқара болады. Белсенділердің айтқандарының барлығын мойындап, аяқтарына жығылып, жалынып-жалбарынып масқарасы шығады. Осыдан кейін ғана белсенділер оны онан әрі ұрып- сабай бермей құл болып, қолдарын сүйгендігі үшін босатып қоя береді. Осының барлығын өз анасы баспалап келіп, терезеден сығалап көріп тұрған екен ғой. Үйге келгеннен кейін, енді оны өз шешесі жағасынан алып, жанын көзіне көрсетеді. Бір күнгі бопсаға шыдамаған, жалған айтып, жан сауғалаған сендей ез ұлдың барынан жоғы жақсы деп, өткір пышақты қолына алып, ұлына қарай тап береді. Осы кезде ғана барып“мен” өзінің ар-ұяттан аттап жаңылып, жаза басқандығын сезінеді. Ұяттан өртеніп, ана бетіне тура қарай алмай, жерге кіріп кете жаздайды. Өзінің қоянжүрек қорқақтығынан ұялып, жазып-жаңылғандығын айтып, анасынан кешірім сұрап, аяғына жығылады. Міне осыдан кейін анасы өз жүрегінде сақталған, қыбыладай қастерлі ұлттық құндылықтарды ұлының көкірегіне құя бастайды.“… Ақымақ болма, балам, жас болсаң да ер азаматсың, ел үміті өздеріңде, ездікті құдай жауға берсін…,бұрынғы батырлардан қалған сарқытсың….ердің ерлігі өзгеге көрсеткен күшінен ғана емес, өзіне істеген қайратынан да білінеді…. мен оқымаған надан адаммын, жүрегімде жатталып, сүйегіме сіңісті болып қалған аталы сөз ғой бұл…”- дей отырып, өз көкірегіндегі өнеге тұтқан, қыбыладай қастерлейтін ұлағатты ұғымдарын басына күн туып, қиякез қырсыққа тап болғанда ардан аттап, адаса бастаған ұлына ата жолынан айнытпас үлгі етіп ұсына бастайды. Жан амандап, жалған айтып, масқара болғаннан, ер азаматқа ерліктің биігінде тұрып өлген артық дейді. Міне, осыдан бастап“мен”қаншалықты теперіш көріп, аузына қара қан толса да, ана тәлімі бойына қуат болып, басқа түскен тауқыметке қасқайып қарсы тұрады. Әңгіменің ұсынып отырған ой қазынасы да, оқырманға өз қақпасын осы тұстан ашары даусыз. Ғасырлар бойы қалыптасып, қанға сіңіп, жүректе жатталған, бір халыққа рухани мәйек болған ұлттық құндылықтар ана көкірегін көгілдір экран етіп, ұлының да, оқырманның да ой-санасына сәуле болып құйылып жатқандай әсер қалдырады. Бұндағы айтылып отырған “жүректе жатталып, сүйекке сіңісті болған аталы сөздер”мен ұлттық ұғымның өзгеше ұлағаттары біздің бір реткі тар есік, тас босағадан, ала-құла заманның бір реткі сынынан сүрінбей өтуіміз үшін ғана қажет емес, қайта ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, өзіндік ұлттық белгің ретінде адамдық, азаматтық қасиетіңді сақтап қалатын, өшпес рухани тірегің үшін қажет. «Ананың ақ сүті» атты әңгімені құнын жоймас, құнарлы туынды дегенде оның өн-бойына жұлын тұтқа болып тартылған, ұлағатты ойдан бас құраған жоталы ұғымдардың көкірегімізге көп нәрселерді ұялатқандығынан айтамыз. Жазушының осы әңгімесін анамыздан талай еститін, алып қара құстың балапандарымды жылан жұтып қоймады ма екен деп, көз жасынан нөсер төгіп келетін ертегісімен ұштастыруы айтар ойы мен аңғартар ауқымын тіпті де айшықтай түскен. Жоғарыда айтқанымыздай, Жақсылықтың көптеген әңгіме, хикаяттары өз тақырыбын кешегі ел басына күн туған, аласапыран жылдардағы әлеуметтік өмір мен алуандос адамдар тағдырынан алып отырған. Өз өмірінің қайталанбас көкөрім жастық зәуретіне өшпестей із қалдырған, сол күндердің қиянаты мен қырсығын өз басынан көп кешірген жазушы үшін бұл заңды да еді .Бұгінгі күнді танып-түсіну, болашақты бағамдау үшін де сондай тайғақ тағдыр, тар жолдардағы адамдардың ниет- пиғылдарына ой көзімен үңілу, халықтың басып өткен өмір жолдарын жаңғыртып, жадына қайта түсіріп отыру жазушы үшін үлкен парыз болары шүбәсіз. Әсіресе ерлік пен ездік, ізгілік пен қастандық, адалдық пен арамдық майдандасқан сын сағаттардағы адамдардың мінез-құлықтарының тарихын жасау, олардың өмірлік мұрат-мақсаттары мен дүниетаным деңгейлерінен суыртпақтап сыр шерте отырып, адамның құпия жатқан жан сарайына саяхат жасау тереңнен толғар, тұлғалы жазушының ғана алар асу, асар биігі болмақ. Төңірегінде туындап жатқан алуан бояулы оқиғалар мен тіршілік кешкен ортаңның ауа райын бағамдасаң да, заман құлқы мен дәуір дидарына зер салсаң да, жайшылықта өзің елеп-ескере бермейтін, адам мінездерінің алуан қыры сол ірі әлеуметтік мәреден бой көрсетіп, заман құлқына өз қолтаңбасын айқын басып, өз мінезіне заман мінезін жағызып жіберетін де адамдар екендігін аңғару қиын емес қой. Бір ортаның тұнығын лайлап, тұмасын суалтуға, ар-ұяттан құр алақан бір ғана аққаптал аярлықтың құрығы жетіп, қыбыңды табатынына өмірде сан мәрте куә болып жүргеніміз жоқ па? Бұл мәселені де жазушы шығармашылығына қатысты болғандықтан тілге тиек етіп жатырмыз. Қазақ халқы өзінің ұзаққа созылған бодандық кезеңдерінде империялардың әрбір кезекті саяси науқандары тұсында қарақан басының амандығы үшін, қатардағы жолдасын, қандас қарындасын орға жығып, солардың періште қонған иықтарын басып тұрып, қара қолын мансап-мәртебеге созатын қара жүрек қаныпезерлер қазақ қоғамында көп болды ғой. Жазушының «Ғажайып қалпақ» атты әңгімесін оқып отырып, ондағы Тоқтау бейнесін көргенде көңілдегі осы күдігіңіз тіпті де күшейе түседі. Бұл тіті күдік емес, шындық емес пе еді. Өткен ғасыр басталғалы бері бір толастамай, алуан түрлі айдармен келген саяси науқандар тұсында жан дүниесін арамдық жайлаған, осындай мерездер қаншама бейкүнә жанды шырылдатып шыңыраудан құлатпады. Кешегі күні орға жығылған талай боздақтарымыздың тағдыры да, сол тұстағы саяси науқандарға байланысты болды ғой дейміз-ау, бірақ, солардың көбін аяқтан шалып, желкеден түйіп қалғандардың көбі өз қандастарымыз екендігіне енді көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп жатқан жоқ па? Сондай адамдар бұгінгі күні тағы бір түрлі бетбүркеншік киіп, алдымызды орап, алшаң басып жүрген жоқ дей алмасақ керек. Заман тағы да бір аумалы-төкпелі күйге келіп, өмір тәртібі арнасынан аса қалар болса, әлгіндей құлқын құмар құзғындар тағы да қан тілеп, қарапайым халыққа тағы да қасқырша шабары даусыз. Тек, құдай ондайдың бетін ары қылсын! «Ғажайып қалпақ» тың(“қалпақ”-қытайдағы мәдени ревоюция кезінде режим астындағы адамдарды қалпақты адам деп атаған) қысқаша оқиға желісі мынау: әңгіме кейіпкері Тоқтау жиырма жылдан бері саяси науқандарда белсенді болып, талайларды домалақ арызбен допша домалатқан арам адам. Мәдениет төңкерісі ақырласып, сол тұста қалпақ киіп, қуғындалған адамдарды ақтап, адақтап жатқан кез. Тоқтауды да “қалпақ алу кеңсесі” шақыртады. Айтатын қуанышты хабар бар дейді.“Қуанышты хабар”дегенде Тоқтау өмір бойы істеп келе жатқан қиянаты мен арамдығына арланудың, ар алдында айылын тартудың орынына: бәлкім бір кезде жоғарғы орынның менің мансабымды өрлетуді бекіткен бұйрығы шығып қалуы да ғажап емес қой. Кім біледі, бөлім бастығын қойып, әуелі қазір-ақ әкім болып шыға келіп жүрермін? Ол кезде, менен өткен белсенді бар ма еді? Ондай болып жатса, неде болса үлкенірегі болса екен….”деп ойлайды ғой. Ал, бірақ,“Қалпақ алу кеңсесіндегілер”оған: Сенің 1950 жылдан бері қарай келе жатқан “Оңшыл”,“Жергілікті ұлтшыл”деген қалпағыңды алып тастадық дегенде әлгі тоғышар Тоқтау төбеден ұрғандай отырып қалады. Өзіңнің қара орман хан тағыңда отырмағаннан кейін, империяға итаршы болғандағы көрер күнің осы. Өмір бойы Қытайдың үкіметіне жанын жалдап, жағынып, өзінің қандас қарындастарына қасқырша шапқан Тоқтауды қытай ұлықтарының жарылқаған түрі осы. Өз ұлтына опа бермеген жалақор, жандайшап неме бізге де опа беріп жырғатпас, бұл итаршының басына да қарғыс қалпағын кигізіп қояйық десе керек. Империяларға керегінің өзі де осы. Кешегі Алаштың ардагерлерінің де көзін осындай домалақ арыз жөнелтетін итаршылар құртқан. Тіптен кеңестік қызыл империяға қалтқысыз берілген қазақтың талай қызыл қайраткерлеріне де опа бермеді ғой үйің күйгір империялар. Түн жамылған жалақор, жандайшап Тоқтаудың үкімет органдарына жазып беретін мәлімет –арыздарының түрі мынадай болып келеді екен:“Айдарханның үйінің шамы түнгі сағат төртке дейін сөнген жоқ, сиыр қорасының ығында екі баран ат байлаулы тұрды.”,“Қасеннің үйіне Елдос кіріп еді, жарты сағат бөгеліп шықты, екеуінің әйелдері де көшеден бірге келді”. Тоқтаудың жиырма жылдан бері үкіметтің барлау органдарына беріп отыратын құпия мәліметтерінің сиқы осы. Онысы: өзара бас қосып, әңгіме-дүкен құрған екі қазақ үкіметке қарсы құпия ұйым құрып жүрген адамдар демекші болғандағы түрі. Осы мәліметтерімен талай бейкүнә, бейуаз жандарды, қандас қарындастарын жардан құлатқан Тоқтаудың аңсаған арманы ит жүніне қонған болымсыз қылаудай мансап екендігін көргенде жағаңды ұстайсың. Жазушы міне осындай өмір шындықтарына табан тірей отырып бір ғана адам бейнесімен көп бейнені, кең көлемді аңғартып өтеді. Кейіпкердің мінез- құлқын, пиғыл-мақсаттарын мезгейтін пайымдаулар мен жеке деталдардың қайсыбір түрлері өте тартымды да, тиянақты беріліп отырады. Азаматтық өмір сапарының жиырма жылдан астам уақытын ауылда, қарапайым еңбек адамдарының арасында өткізген жазушы өзінің қазірге дейін жазған шығармаларының басым көпшілігін сол ауыл өмірі тақырыбына арнап келеді. Жүрекке жақын, көңілге таныс сол өмірдің сырын ашып, сипатын беруге, ондағы сан-алуан тағдырда тіршілік кешіріп жүрген адамдардың жан дүниесін суреттеуде жазушы таланттыға тән таным мен талғамнан табылып келеді. Ауыл өмірі, ауыл тақырыбы дегенде біз жазушының суреттеп отырған өмір көріністерінің өрістейтін орны мен ортасына ғана қаратып айтып жатырмыз, ал, шындығына келгенде Жақсылық қай тақырыпты жазып, қай оқиғаны арқау етпесін, ол ең әуелі адамды жазады. Адамның ішкі жан сарайына барлау жасап, оның сұлу да сырлы сезімдерін шертуге құлшынатын жазушы. Жазушының жасаған осынау мінездемелері мен кескіндеген алуан қырлы мінездемелерінің өзара шарпысуынан дәуір дидарын, уақыт белгісін танып отырасың. Әсіресе, жазушының басым көп санды шығармаларына өзекті кейіпкер болып тұлғаланатын сүйкімді де сыйлы, тағдыр талқысына түскенде тәуекел деп тас жұтар ер мінезді әйелдер бейнесіндегі ұлттық сипаттардың үлгі тұтар ұлағаттары оқырман көкірегіне ұя салып жатады. «Айым менің» атты әңгімені оқыңыз. Ондағы қазақтың қарапайым ғана шаруа әйелі Дәрияның бойындағы адамгершілік асыл қасиеттерді, ізгілік ұялаған жүректің мол шуақты мейірін көргенде оған деген құрметің арта түседі. Адамдардың өмірдегі орны, биіктер мен аласалар туралы талғам-танымыңды қайта бастан сүзгіден өткізіп, тас таразыға тартуыңа тура келеді. Дәрігерлік жоғарғы оқу орынын үздік нәтижелермен тәмәмдап, жұмысқа орналасқан Манат бірер жылдың ішінде- ақ жұрт көзіне түсіп, жақсы атағы жайыла бастайды.“Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтап”тасы өрге домалап, көңілі тасып тұрады. Сол ортаның сұлуы да, сылқымы да біз ғанамыз дейтін Шәрипа, Сәбира, Нәзигүл тағы сол сияқты қыз-қырқынның барлығы Манат төңірегінде айланып-үйіріледі. Манаттың көңілі осындай марқайып тұрған кезде (бұл да Мәдениет төңкерісінің кезі) бастығының тапсыруымен жазған, төңкерістік ұранхаттың бір сөзін абайсызда қате жазып алып, сол үшін күреске алынып, додаға түсіп кете барады. Осыдан бастап, Манат көрмегенді көріп, көзіне көкала шыбын үймелейді. Ер басына күн туып, етігімен су кешкен, осындай кілтең кезеңде күні кеше Манаттың төңірегінде айланып-үйіріліп шықпайтын, сұлу, сылқым қыздардың бір де-біреуі қан жұтып, қаңырығы түтеп жатқан ер азаматқа бір жұтым сусын әкеліп беруге жарамай, көлеңке достар ғайып болады. Тіптен, Шәрипа сияқтылары жау болып, жағасына жармасып, құлан құдыққа жығылғанда құлағына құрбақа болып ойнайды. Белсенділер алғашында Манатқа ит қорлықты көрсетіп, өлімші етіп ұрып-соғып, бөлек бір иен үйге қамап тастап жүреді .Осы кезде әлде кім оған жанашырлық жасап, түнделетіп келіп тамақ, сусын, дәрі-дәрмек әкеліп, Манат жатқан үйдің ауа алмастыратын кішкене терезесінен тастап кетіп жүреді. Бірақ, ол Манатпен тілдесіп, өзінің кім екендігін айтпайды. Ал, Манат болса бұл жанашыр жанның кім екендігін біле алмай дал болады. Алғашында ол бұны күні кеше ғана өз төңірегінде көбелек болып айланып ұшқан, ару қыздардың біреуі шығар деп ойлайды. Үйткені, жұмыс бабымен келген, жалқы жігіттің бұл жерде туыс-туғаны болмайтын. Кейін Манатты әділетсіз сот он екі жылға үкім шығарып, соттап жібереді. Ал, әлгі адам сол жұмбақ қалпы қалып қояды. Саяси жағдайдың оңалуына байланысты, Манат үш жылдан кейін ақталып, абақтыдан шығады да, бұрынғы жұмыс орынына қайтып келеді. Оның ақталып, басына бостандық алып шығуы үшін де әлдекім жоғары соттарға Манаттың қылмыс-күнәсіз екендігін дәлелдеп, арыз-хаттар жазған екен. Міне, енді осы әңгіме басталғаннан бермен қарай Манатты да, оқырманды да білуге ділгір еткен, жаламен күйген азаматқа қарлығаш қанатымен су сепкен, мейірімді жанды көреміз. Сөйтсек, ол Манаттың да, біздің де ойымызға оңай орала қалмайтын (әрине, ол әңгімеде өзінің қалтқысыз адалдығымен бір, екі рет көрініс берген болса да) емхананың қара жұмыскері, Дәрия деген жесір келіншек болып шығады. Дәрия тек Манатқа ғана емес, Манат сияқты жазықсыз жазаланған тағы да бірнеше қызметкерге айғақ- куә, арашашы болып, олардың да ақталып, бас бостандықтарын алып шығуына атсалысқан екен. Бұрын Манат өзінің еркін, ерке кезінде манағы сұлу, сылқым қыздардың ортасында жүргенде Дәрияны қарадай жек көріп, оны қисынсыз қыжырта жүретін. Оның жұртқа істеп жататын жақсылықтары да Манат көзіне жалған, күлгірлік сияқты болып, Дәрияның түр-тұлғасы да оған ұсқынсыз, көріксіз, сүркей болып көрнуші еді. Көз алдын көлегейлеген алдамшы көгілдір сағымдар ғайып болғаннан кейін қараса, бұл мүлде олай емес екен. Адамның адамшылығы бет-пішіндегі құбылғыш көрікте емес, таң тазалығындай пәктік ішкі жан сарайда жатады екен ғой. Дәрия қолынан келген осы жақсылықтарын, Манатқа ғашық болып, көңілі ауғандықтан емес, көз алда көрінеу істеліп жатқан қиянат, қырсыққа төзе алмай, адамдық ар алдында өтеуге тиісті борышым деп жүрек әмірімен істеп отырыпты. Оқырманды қызықтырып отырған мөлтек сыр-Дәрияның кейіпкерлік келбетіндегі осы кісілік пен кесек мінезінде екен. Дәрия жазушының сомдаған әйел кеиіпкерлерінің ішіндегі оқырманға айтары мен аңғартары мол сүйікті де, сыйлы бейнелердің бірі.“Құлан құдыққа жығылса, құлағына құрбақа ойнайдының”кебін келтірмей, ер азамат жаланың жабық орына жығылғанда оны құтқару үшін отқа түскен әйел ерлігіне қалай құрмет етпейсің. Қазақ халқы бодандық қамытын қигелі бері империялардың толассыз жүргізіп отыратын талай реткі саяси науқандарын басынан кешірді. Осы саяси науқандардың барлығы қазақ халқын қан жылатып, талай арыстарын атты, асты, жер аударып жекен су ішкізді. Сүргінге кетіп, сергелдең болған осы адамдардың басып өткен өмір жолы мен бастан кешірген тағдырларына зер салар болсаңыз, барлығы дерлік, ананың жапқан жаласымен, мынаның берген арызымен басы істі болып, жардан құлағанын көресіз. Сол жала жауып, қалқада тұрып тас атқандардың барлығы діні, ділі жат сырттан келген жау емес,“Ауру астан, дау қарындастан”, көпшілігі өз қандас, қарындастарымыз екен. Саяси науқандар кезінде соры қайнап, сорпасы төгілгендердің бір де-бірінің сондай сын сағаттарда бәленшекең кеуде керіп майданға шығып, мынау жазықсыз, қянатсыз еді деп ақиқатын айтып, арашаға түсіп еді, азаматтық ерлік пен әділдікті сол азаматтан көрдім деп риза болып отырған адамды шанда бір болмаса, естіген де, көрген де емеспіз. Осындай ерлік пен әділдіктің аздығы болар, Бейімбет Майлин туралы: Беиімбет халық жауы болса, мен де жаумын деген Ғабит Мүсіреповтің бір ауыз сөзі бүгінге дейін аңыз болып айтылып келе жатыр.“Жаным үшін малым садаға, арым үшін жаным садаға” дейтін тазалық туралы тамаша ұлағат қалдырған халықтың ұрпағының қиын-қыстау кезеңде қолдан келген бар қайраты қалқада тұрып бір-біріне тас ату болғаны ма деп қайран қаласың. Бұл да жазушы шығармаларынан өрбіген ойдан туындап жатқан пікірлер. Болмаса бұл өз алдына қаузап айтатын көшелі мәселелер. «Қамашпен қайта кездесу» деген әңгімеде жазушы өзінің көп ойысатын тақырыбы-саяси сүргін жылдарындағы қарапайым адамдардың тайғанақ тағдырлары туралы сыр шертеді. Бас кейіпкер Қамаш студенттік жылдарында пайым-парасатымен, сұлу сымбатымен жігіт-желеңге арман болған ару қыз еді. Сол Қамашты арада ондаған жылдар өткеннен кейін Ақан дейтін сабақтас құрбысы арнаулы іздеп келе жатады. Осы жылдар ішінде“Мәдениет төңкерісінің” қара дауылы соғып өткен болатын. Қамаш әлеуметтік жұмыстарға араласып, бірер жыл өткеннен кейін, тағы да сол біреулердің жапқан жаласымен кеңестер одағының “Тыңшысы”,“Жансыз”деген қылмыстар тағылып, жұмыс орынынан қудаланып кеткен болатын. Әңгімеде жоғары заң орындарында жұмыс істейтін сыныптас, сабақтасы Ақан Қамашқа тағылған осы жалған айыптардан ақтап алу үшін Қамаш тұрған ауылға келе жатады. Ақан жолдағы жұрттан Қамаштың үйін сұрап, біліп келеді. Нұсқаған үйге келсе, үйде аузы омпырайған, бет-аузын әжім торлаған, шүйкедей бір қара кемпір отыр екен. Ол бұны Қамаштың шешесі, не енесі болу керек деп ойлайды да, оған“шешей”деп амандасып, жөн сұрап, сөйлесе бастайды. Ал, шындығында Ақанның шешей, апай деп сөйлесіп отырған осы адамы, өзінің іздеп келе жатқан, азғана жылдардың алдында инситүтта бірге оқыған сабақтас- құрбысы Қамаштың өзі болатын. Ақан Қамашты тани алған жоқ. Тануы да мүмкін емес екен. Бір кезде көздің құрты болған, қызғалдақ қыз Қамаш ғайып болған да, оның орынында аузы омпырайып, алжа-алжасы шыққан шүйкедей ғана қара кемпір қалған екен де. Ақыры, Қамаш Ақанға өзін таныстыруына тура келеді. Мән-жәйін айтады:“Ана бір жылы тыңшылығыңды, шпиондығыңды айтпадың деп, ұрып-соғып, қасқа тістерімнің төртеуін қағып түсіріп еді, оны аз болды дегендей артынан азу тістерімді де бірақ саудыратып түсірді… сенде айып жоқ, танымадың деп саған қалай кінә арта аламын…кешегі бірге ойнап, бірге күлген құрбыма да“ шешелетіп ”қойды ғой… – деп үні шықпай, булығып жылап отырып қалды”дейді Әңгіменің түйін тарқатар тұсы. Әңгіме қысқа ғана. Жазушы сол дәуірдің сорақы сұмдықтарын, Қамаштың тартқан тақсыреті мен көрген қорлықтарын көзінен тізіп, көпіртіп жатпайды. Қайта, Қамаштың жаны мен тәніне түскен Қасірет таңбасын, оның жүректі сыздатар жаралы, жадау жүзінен ғана көрсетеді. Ал, бұл қасірет таңбасының қаншалықты терең басылғандығын бірге оқыған құрбысы Ақанның көзіне, Қамаштың ғасыр жасаған қарттай болып көрінуінен шебер айғақтайды. Бір адамның тұтас бір дәуірдегі тағдырын бір ғана құнарлы суретпен сипаттап беру деген осы болса берек. Жазушының мың қатпарлы қоғамның қойнауында қайнап жатқан, өмірден суыртпақтап сыр шертетін, шым-шытырық шытырманы жоқ, бірақ, тәбиғи тартымды туған туындылардың қатарына: «Ұмытылмас қонағасы», «Сұлудың шарапаты», «Құлақ», «Әке бейіті» қатарлы әңгімелерін де жатқызуға болады. Аталған әңгімелердің барлығы бір-екі кейіпкерді ғана тұлғалап, бір ғана кенеулі көрініспен әр нені нұсқап өтеді. «Ұмытылмас қонақасы»- ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеген саяси науқанды шенейді. Өз ошағының басына от жақтырмай, бұкіл елді бір қазаннан ас ішуге мәжбүр еткен, сорақы тәртіп орнаған тұстағы ел-жұрттың хал-жағдайын көрсетеді. Жаңа шаңырақ көтерген жас отау, жас жұбайлар қолдарына әлдеқалай кездейсоқ түскен қойдың қырық сирағын кеш жастана асып отыр еді, бір топ құдайы қонақ сау етіп үйлеріне кіріп келеді. Қонақтарға тартатын табақ емес, бірақ, амал жоқ, жас жұбайлар ұяла-қызара отырып қонақтарына әлгі қырық сирақты қонақасы есебінде алдарына тартады. Басқа берері жоқ. Өздері де ортақ тайқазаннан су-салам, көже-көлмек ішіп отыр. Қазақтың еркін кең заманы болса қонағына қойын сойып, басын қойып, сыйлап аттандыратын, қазақ сияқты қонақжай халыққа өмір-бақи сүйекке таңба болатын, әуелі айып- анжыға жығылатын ұятты тірлік. Отаршылдықтың қамытын киіп, бодандық күй кешкен кезде, солардың сайқал саясатының қолжаулығына айналғанда басынан нелерді кешірмеді бұл ел. Еркіңнен айырылғанда, елдігіңнен де айырлатындығыңды нұсқап тұрған жоқ па қонағасы ғибраты. Қазақ халқының аса бір кие тұтып, қастерлейтін ұғымдарының бірі- аруақ. Әсіресе, ата-баба аруағы. Аруақтан аттау, оны кие тұтып қастерлемеу адамшылықтан кеткендіктің, азғындықтың белгісі саналады.“Өлі- аруақ риза болмай, тірі байымайды”дейтін пәлсапа осыдан туындаған. Жазушы әңгіме тақырыбын тағы да осындай киелі, кілтең жерден тауып отыр. Бұл да сол, ел тағдыры тәлкекке түскен, тұрлаусыз кезеңде шағын бір ауылдың бас көтерер ер азаматының бірін қалдырмай, шалғайдағы бір қаздырып жатқан каналдың жұмысына қуып кетеді де, ауылда өлмелі кемпір-шалдар ғана қалған бір тұс екен. Ақмылтық аяз, қақаған қыстың кезі. Тап осы кезде ауылдағы Ақылбай, Нұғыман деген екі қарт араларына екі-үш күн салып, іркес-тіркес қайтыс болады. Бұларды арулап, жерлей қоятын ауылда ер азамат жоқ. Ауылдың шолақ белсенділері бұл қазаны канал қазып жатқан балаларына да айтып, хабарламай да қояды. Марқұмдардың кемпірлері, келін-кепшіктері Жұмабек деген ақсақалға келеді. Ауылда сенен басқа бас көтерер еркек жоқ. Мына замандастарыңды қара жерге тапсыр, көрлерін қазып, өз қолыңмен көміп бер дейді. Жұмабек те қару-қайраты қайтқан, сіңіріне сүйенген қарт адам. Бірақ, бұдан қайтып бас тарта алады.“Талай заман дәмдес болып, бақыр сорпасын бірге ішкен замандастарының сүйегін бір уыс топырақпен жасыра алмаса, махшар күнінде оларға не бетімен кезігеді, ел бетіне қайтып қарайды.” Жұмабек ақсақал қабыр қазуға келіседі. Дала қызыл шұнақ аяз. Жер көк шеге тоң. Алтайдың ақырған аязының атқа мінген кезі. Қаруы қайтқан жалғыз қартқа қабыр қазу қияметтің қиыны болады. Үш күн бойы қазып, үйінен отын апарып жағып жүріп бір қабырды зорға қазып болады. Өзі де шойырылып, үшып түседі. Ақыры, екі қабыр қазуға шамасы келмей, екі замандасын бір қабырға қатар қояды. Аянып қалған жоқ, әрине. Шамасының жетпегенін айтып, құдай, аруақтардан кешірім сұрайды. Қыс өтіп, жаз шыққанда канал қазған ер азаматтар қайтып келгенде, Жұмабек ақсақал марқұмдардың балаларына әкелерінің бейітін әрқайсысына жеке-жеке көрсетіп қояды. “Өлген адамның орынын қадірлейтін, ежелгі салт бойынша, бұл елде, аруағын қабыр топырағымен тастаған адамды ешкімде жақсы атамайды. Ел болып сөгеді. Сүйекке таңба деп, бетіне басатындары да болады. Бір орайын тауып: Өлгеніңнің аруағын сыйламаған, сен кімге опа бересің деп жерден ауыр сөз айтады.”Әне, сондықтан Ерубай әке бейітінің басына қорған жинап жатыр еді, Бөкен келді де:“Менің әкемнің зиратын жинап тастапсың,”деп бейітке таласа кетеді. Екеуі көрдің топырағына таласып, жаға жыртысуға дейін барады. Бұл екеуінде де күнә жоқ, бір бейітті екуіне де көрсеткен Жұмабек ақсақал еді ғой. Ақыры бұлар қартқа келіп жүгінеді. Жүкең марқұмдардың жерлену жағдайын, екі бейіт қазуға шамасының жетпей, марқұм замандастарын бір бейітке жерлегенін күйзеле отырып айтып береді:“Ана кезде сендерге не деп айтарымды білмеп едім, әуелі, осы сырды кемпірімнен де жасырып жүрген едім деп Жүкең дауысы дірілдеп, тоқтап қалды”дейді. Бөкен отырған орынында мізбақпай отырып қалды да, Ерубай бетін басып өкіріп, жылап қоя берді: -Ей, құдай тағала-ай, қабырдың топырағына да таластырдың-ау-, деді ышқына айқайлап. Халық өзінің кие тұтып, қастерлейтін құндылықтарынан қалай айырлып, жалаңаштана бастағанын жазушы осындай жан дүниеге, жүрекке шабатын, кілтең көріністер арқылы заман ажарын көре де, көрсете де біледі. Көзіңе жас, көңіліңе көлеңке ұялатар өкінішті өмір құбылыстарын көріп отырып, қилы заман қырсықтарын қинала отырып еске аласың. Көз алдымыздан өтіп жатқан осы көріністердің барлығы өткен ғасырдың 50-80 жылдарында Шынжаң қазақтарының басынан кешірген төл өмірінен ойып алынған жанды картиналар. Жазушы өзінің осы қысқа әңгімелерінде қитұрқысы көп, өгей зманның зар-запыранын жұтқан, бұратана, бодан елдің мұнарлы мұңға толы жадау өмірінен көңілге көп ойсалар кенеулі кеңес шертеді. Атар таң, келер күнінен ғана жақсылық тілеулер тілеп, арманыңды алданыш етіп қана өткізген күндеріңнің елестерін еске түсіріп, жан дүниеңді қайта жаңғыртып отырады. Біз тілге тиек еткен қысқа әңгімелерінен жазушының өзіндік өрнегі мен ізденіс үлгілері айқын аңғарылады. Өмір сырларын терең түсінуі, адам жанының нәзік ирімдерін дәп басып, дәл суреттеуі, тіл тазалығы, ой орамдылығы оқырманын баурап алып, өз телегейіне қарай тартып әкететін қасиет-қарымы жазушының сыршылдығын, суреткерлігін танытса керек. Мақаламыздың бас жағында айтқанымыздай, біз Жақсылықтың үлкен суреткер, сыршыл жазушы екендігін оның «Гүлсара» атты повесті жарияланғаннан кейін таныдық. Уақыт үні мен дәуір талабына сай жазылған бұл шығарма оқырман қауымға жазушының қарақан басын ғана таныстырып қойған жоқ, соның алдында ғана дауылдатып өткен,“Мәдениет төңкерісі”деп аталатын, сұрапыл саяси науқанның да, жас қауымға беймәлім сыр-сыпатын сипаттап берген болатын. Шығармада тәрбиелі, берекелі бір отбасының тас-талқан болған тағдыры, осы отбасының бір мүшесі Гүлсараның қысқа да, қасретті өмірінің өзегіңді өртер, ауыр өткелдері бейнеленеді. Әлеуметтік өмірдің тұтас кеңістігін торлаған, сұрқия саяси соққылардың зіл-батпан, зар-запыраны қабырғасы қатпаған, бейкүнә қазақ қызының жан дүниесіне жазылмастай жара түсіреді. Әлеуметтік өмірдің, уытты шеңгелінен түскен ауыр қайғы оның жас жүрегіне қасірет зарын құяды. Сұлулық пен сүиіспеншілікке жаралған дала қызғалдағының нәзік жүрегін қайғының қара құрты үзіп түсіреді. Гүлсара мәдениетті, берекелі отбасында туып-өскен тәрбиелі қыз. Әкесі -Жақып бүкіл саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Гүлсара өзінің балалық, жастық жылдарын осындай тәрбиелі ортада, берекелі жылы ұяда өткізеді. Ешкімнен қатулы қабақ, қатты сөз естімей нәзік жанды, арманшыл қыз болып құлпырып өседі. Бірақ, тағдырдың Гүлсараға тарту еткен бұл бақытты күндері баянсыз болып шығады. Қытай еліндегі бір толастамайтын әсіре солшыл саяси науқандар етек алған тұста әкесі Жақыпқа оңшыл, ұлтшыл деген жалған саяси жала жабылып, көрмегенді көріп, көзіне көкала шыбын үймелейді. Бұл зобалаң Жақыптың өз басымен кетсе бір сәрі ғой, Жақыпты күреске алғанда (күреске алу -қытайда мәдениет төңкерісі кезінде айыпты деген адамның басына, қағаздан ұзын қалпақ жасап кигізіп, бет-аузын қара сиямен аламыштап бояп, мойынына ажырғы тақтай асып, осы күйде әлгі адамды қала көшелерін аралатып, ұрып-соғып, масқаралайтын болған) әкесімен бірге Гүлсараны да күреске алады. Жақып өзіне жасалған зорлық-зомбылыққа көнгенімен, онекіде бір гүлі ашылмаған, аяулы қызы Гүлсараны көрінгеннің көзге шұқып, масқаралағанына төзе алмайды. Отбасына төнген бұл нәубеттен ол өзін өлтіру арқылы құтқармақшы болып, өзіне- өзі қол жұмсайды. Бірақ, қатігез тағдырдың талқысынан әлі де талай татар зар-запыраны бар екен, өлмей қалады. Өлмеді дегенмен өлі мен тірінің арасында тірі аруақ, мүгедек болып, бұғып, жатып қалады. Әлеуметтік өмірдегі осындай қиянат- қырсықтар Жақыптың өзегіне құрт болып түсіп, кеулеп жей береді. Әкенің жанын жайлаған осы дерт Гүлсараның жүрегіне де жазылмас жара түсіреді. Әке -бала арасындағы сүйіспеншілік, бірін-бірі аялау сезімі соншама күшті болғандықтан, бүлардың көкірегіне түскен жан жарасы да, қайғысы да қатты болады. Тірі аруақ болып бүк түсіп, бұғып жатып қалған Жақыптың еңсесін көтеріп, тіршілікке қайта тартсам ба деген далбаса оймен шешесі Гүлсараны Құмаш деген ауылдың қырыпсал, шолақ белсендісіне ұзатады(Құмаштың әкесі ауданның бастығы, ықпалды адам). Бұл туралы Гүлсара:“әке-шешемнің, қамкөңіл әке-шешемнің ақ батасын аттап өту қиын болды, көнбей қою, оларды құрту, жоғалту деген сөз еді”дейтіні сондықтан. Осындай шарасыз жағдайда Гүлсара өзі мүлде сүймейтін, дала даңғойының теперішіне түсіп кете барады. бұрынғы әлеуметтік өмір қиянаттарының үстіне енді махаббат мұңы келіп қосылады. Өзегін өртеген осы екі түрлі қиянаттың, зіл қара тасын көтерген нәзік жанды Гүлсара іштей тынып, қайғы –құсалықпен өгей өмір өткізеді. Жас күнінен көрген осындай қайғы-қасіреттің кесірінен, Гүлсара ауыр жүрек ауруына шалдығып, емханаға түседі. Осы емханада жатқанда Мақсат деген жігітпен танысып, сырласа келе екеуінің арасында шынайы сүйіспеншілік орнайды (Мақсат та саяси қуғынға ұшырап, сорлап жүрген жігіт екен). Бұл сүйіспеншілік Гүлсараның бұрынғы махаббаттан жұрдай, құлазыған өгей өмірінде жүрегіне байланған шер- шеменімен шарпысып, оның жан жарасын тіпті де асқындыра түседі. Кіршіксіз махаббатқа, аяулы сүйіспеншілікке жаралған нәзік жүрек- махаббат пен зұлымдықты қатар сиғызып тұра алмайды. Жан азабына түседі.“Құр сүлдер қуыс кеудемде шерлі-сорлы жүрегім, дәрменсіз, дімкәс жүрегім ғана ояу … … білегімдегі алтын сағат қана бір тоқтамай үздіксіз шықылдайды (оны кезінде әкесі Жақып сыйлаған болатын). Бала жүрегі, әке тілегі ортақ тіл тауып, оңаша мұң шаққалы жатқандай. Менің ендігі ең қасиетті жәдігерлерім осы екеуі ғана” дейтін Гүлсараның ішкі толғанысы осыны айғақтайды. Гүлсараның тағдыры отбасының тағдырымен, әкесінің тағдырымен тамырлас еді. Оның қайғысы мен қуанышы, бақыты мен соры, үміті мен торығуы, бәрі-бәрі де отбасының тағдыр-талайына сабақтаулы болатын. Гүлсара емханада емделіп жатқанда ауылдағы жарымжан әкесін оңшылдық, ұлтшылдық қылмыстарын мойындамады деген айыппен соттап жібереді. От-бастарының тірегі шешесін күреске алып, көше аралатады. Шашын күзеп, масқаралайды. Отбасын осынша ойрандағандардың басында басқа біреу емес, өзінің тағдыр қосқан қосағы, әумесір күйеуі Құмаш болғандығын білгенде тіршіліктен күткен бұлдыр үміті үзіліп, Гүлсараның қысқа да, қайғылы өмірі қиылып кетеді. Гүлсара өледі. Шығарма осы оқиғаларды өзегіне өріс етеді. Бұл, қасіретнама әлдебір қақсал қайраткердің, әлеуметтік арпалыста қарсыласынан ұтылған әлдебір азулының, қан майданда қаза болған хас батырдың қасіретнамасы емес. Бұл – жан дүниесі жақсылық тілеулерге жаралған, қорғансыз, бейкүнә қазақ қызының қасіретнамасы. Сондықтан, оның рухани, әлеуметтік тағылымының салмағы арта түскен. Гүлсара жазушы сүйіспеншілігімен сомдалған кейіпкер. Оның тағдыры сол тұстағы жазықсыз бейнет шеккен, бейкүнә әйелдердің басынан кешірген қайғы-қасіреттерін бейнелей отырып, олардың балалық, жастық шақтан қалай жұрдай болып, көрінгенге көз түрткі болып, өгей өмір өткізгендігін егілдіре жазады. Жазушы кейіпкерінің тағдыр-талайын сипай қамшылап, сырттай сипаттап бермейді. Шығарма өзегіне өрілген барлық оқиғалар мен ой-толғаныстарды Гүлсараның көкірек көзі арқылы нақтылы суреттеле отырып, оқиғаларды тәбиғи өрістетеді. Әрі бас кейіпкердің жан әлемін бүкпесіз ашып береді. Өмірін қырсық шалған қорғансыз қыздың жан сарайынан кері кеткен кенеусіз заманның қиянат -қырсықтарын, өмірдің бояусыз шындықтарын жаның түршіге отырып көресің. Адам мінездерін, тұрмыс суреттерін, уақыт белгілерін, түрлі мінездер арқылы көзің көріп, көңілің сеніп отырады. Ұлағатты ұстаз Жақыптың қасіретті тағдыры арқылы бүкіл елдегі мәдениет пен ағарту саласының шалажансар, өлмелі күйге түскендігі бейнеленсе, Гүлсараның бейнесі арқылы ізгілік пен сүйіспеншілік сынды аяулы сезімдердің қалай қорланғандығы сипатталады. Шығармадағы барлық оқиғалар Гүлсара тағдырымен егіз қатар өріліп, төгілмей-шашылмай, кемелді құрылым қалыптастырады. Бүкіл әлеуметтік өмірдегі көргенсіз дабыра -даңғазаның барлығы Гүлсараның жанына шаншу болып қадалады. Өмірдің осындай өлшеусіз мұң-зары, бас кейіпкердің жан жарасын күн сайын асқындырып, адам қолынан жасалған ажал -аждаһаның аузына қарай итермелей береді. Ақыры, әлеуметтік өмірдің есігін енді ғана аттаған, оң-солын әлі танып та болмаған жас қыздың қыршынын қиып тынады. Өмірге ойлы көзбен қарау, өмір құбылыстарын зердеге салып зерттеу, көрген-білгенді көкейге тоқып, оны көркем шындыққа айландыра білу – жазушының жетсем дейтін мәресі еді-ау! Осы ретпен келгенде, Жақсылық бұл мәреге өзіндік жолмен өзгеше сыр ала келген жазушы. Жазушының туған жер, өскен орта туралы толғанысынан туған туындысы – «Атамекен» деп аталатын повесі. Қазақ қаламгерлерінің көп ойысып, тебірене жазатын тақырыптарының бірі осы туған жер туралы болатындығы белгілі. Олар Қазақ даласын отаршылдардың ойып-ойып бөліп алып, төсінде тайраңдап жүргеніне жаны күйіп жазатын болса керек. Туған жер, өскен орта әрбір саналы азаматқа қастерлі де, қасиетті болатындығы шындық. Әне, сондықтан халық санасындағы қастерлі ұғымдарды көркем образға, мөлтек сырларға айландырып, оқушы қауымның жүрегіне жол таба білу де қаламгер үшін мұрат болары заңды. Жазушының бұл повестін оқығанда, шығарманы өмірлік шындықтарға негізделген реалстік туынды деуден көрі, бас кейіпкер Сәлиманың туған жерге арналған романтикалық толғауы екен-ау деуге жақын тұрасыз. Шығармада бас кейіпкер Сәлиманың туған жер, атамекенге деген теңдессіз терең сүйіспеншілігі суреттеледі. Сәлима өзінің сүйген жарына деген маздақ махабаты үшін туған отбасын, ата-анасын қиып тастап кетуге дәті шыдайды да, бірақ, туған жер, атамекені үшін сол махаббатын құрбан етуге еш екіленбейді. Туынды өзіне арқау болып тартылған осыбір өзекті ойды жүлгелей отырып, шығарма мүсіні шымыр өріледі. Бір кезде Ресей, Қазақстанды шарлап, кейін Қытай шегіне өткен, ежелгі саудагер Мәсіғұт ол елде де жаман тұрмайды. Қытайдың жаңа өкіметі құрылған кезде бір ауданның сыртқы сауда мекемесін басқарып тұрады. Қытайдағы саяси науқандар етек ала бастағанда ол енді ұлы мен келінін және екі немересін алып, австралияға кетпекші болады. Бірақ, Сәлима туған жерін тастап, жат елге кетуге үзілді-кесілді қарсы болады. Мәсіғұт көшер кезде Сәлима бір баласын жасырып тығып тастап, өзі де атасы мен күйеуіне ермей, өз ауылында қалып қояды. Жоғарыдағы айтқанымыздай, шығарма туған жерге арналған сезімдік толғау ретінде шертілетін жыр-дастан сияқты болғандықтан, оған өзек болып өрілген уақиғаның қаншалықты өмірлік негіздері барлығын тексеріп-тектеп жатпадық. Әйтпесе бағзы біреудің шетелге қоныс аударғысы келуімен, енді біреудің оған барғысы келмеуін көрсету арқылы белгілі бір отаншылдық идеияны бейнелемек болу бүгінгі таңда ешкімге қызық болмаса керек. Дегенмен, жазушы бір отбасының арасындағы көрнеу, көмескі тартыстарды кәдеге асыра отырып, сол тартыстарға қөркемдік жүк, әлеуметтік салмақ артуға талпынған әрі көркем болжалдың туындысы ретінде бұл ойын сәтті орындап шыққан. Оның үстіне, шығарманың құрылымдық қисынын, сюжеттік тартыстарын, қызғылықты әрі тартымды етіп құруға ойдағыдай машықтанған жазушының шебер мәнері де айқын көрініс бергендігін байқау қиын емес. Жазушының «Әркімнің бір арманы бар», «Ақ тілек», «Иендегі екі бейіт», «Қаданның қатын-баласы», «Алтын қазық», «Қаріптер» қатарлы әңгіме-хикаяттарының барлығы да халқымыздың басынан өткен алуан түрлі тағдырын өзек еткен, өз кейіпкерлерін қоғам мен уақыт аясына алып көрсеткен өткір де, өміршең туындылар. Елді уысында ұстап, ұйпалап үйренген қолы қанды, жолы зәрлі империялардың бұғауында болған бодан елдің кіріптар кебін күлбілтелемей көрсетіп, жазықсыз жандар тағдырын жанашырлықпен суреттеп отырады. Біз мақаламыздың бас жағында айтқанымыздай жазушының барлық шығармасының атын атап, атағын беріп жатуды мақсат еткеміз жоқ, жазушы шығармашылығы туралы айтар ойымызға тек айырым шығармаларын ғана арқау еттік. Жазушы шығармашылығы туралы айтылар ой бұнымен ғана ақырласпайтындығы анық.
Армиябек Сағындықұлы,
сыншы,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here