Бозмұнар

Роман

 

І

Биыл қар ерекше қалың жауды. Тау қыстаған ел желтоқсанның аяқ шенінде-ақ «қос іздеп келдік» деп зарланып жүрді. Бұрын ұзын аяқты малдары қыстан тебінмен, өз аяғымен күйлі шығатын Шіңгіл, Бұлғын өзенінің екі қанатындағы қыстаулар да ерте тарықты. Тіпті, төменгі, ойдағы Сартоғай бойына да аттың жалпақ тізесінен қар түсті. Өзеннің екі жағындағы ұлан-ғайыр кең жазықта ақ селеудің көп шашақты аппақ үкісі ғана әрең қылтиып тұрды. Онан өзге бүкіл өлкедегі сай-жылғаны қасат қардың нығыз тәні жып-жылмағай ғып, мықтап қымтап жатты. Көпті көрген ұлы кәрілер: «Дүнген төңкерісінен» бір жыл бұрын осындай бір қалың қар жауып, қатты қыс болған. Биыл да қыс аяғы жұтқа айналмаса игі еді», – деп уайымдады.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here