Жақсылық Сәмитұлы таланытты ғана емес, тағдырлы жазушы, өткен ғасырдың ортаңғы екі ширегіндегі қазақ халқының басынан өткен нәубеттің тірі куәгерлерімен тағдыры тоғысқан жазушы. Оның алғашқы әңгімелерінен бастап, соңғы «Қаһарлы Алтай» трилогиясына дейінгі негізгі арқау осы адамдар өмірінен алыс кеткен жоқ. Тек сатылап күрделіленіп, салмағы арта түсті. «Қаһарлы Алтай» романы өткен ғасырдың алтын аңызы Оспан батыр туралы. Негізгі жіптік Оспан батыр болғанымен, роман қамтыған тақырып әлде қайда ауқымды. Ол ең алдымен аталмыш кейіпкер туралы сүрдек жолды тастап, жаңа алқапқа түрен салды. Оның өмірі, өсуі, тағдыры туралы тың дерек беріп, талай тылсымның бетін ашты. Сонымен қатар заман бейнесін, заманға байланысты адам санасының терең шүңетін қазбалады. Қилы замандағы халқымыздың жағдайын ауылдас назары мен сырт көз арқылы дәл көрсетті. «Қаһарлы Алтай» Оспан бастаған қаншама жау жүрек батырлардың ерлік образдарының антологиясы іспетті. Роман құрылымының соншалықты күрделілігіне қарамастан, өрімінің шымыр, ширақ, жинақылығымен ғана ерекшеленбейді. Күрделі сюжеттің шебер үйлесімі, ортақ өзекте өрілуі, тілдік ерекшелігімен қоса, суреттеулердің дәл берілуі «Қаһарлы Алтайды» қазақ романының алдыңғы легіне алып келді.

Аталмыш романдағы Оспан батыр ғана емес, көк мылжың Көнекбай да қазақ әдебиетінде сирек кездесетін образ. Көнекбай былай қарағанда қарапайым еңбек адамы, теміршілікті кәсіп еткен, сол өңірге аты мәшһүр белгілі ұста. Былайғы ел оның дүниеқоңыздығы, жинақылығын, көңілі түспеген кісіге қиыршық тасын да қимайтын сараңдығын ұнатпағанымен, оның әпенділігі, біліп, не білмей айтқан қисынсыз өтірік әңгімелері оның ел алдындағы беделін арттыра түседі.

– Е, сұлы деген бар ғой, қарағым. Алыстан созылып, ұзақ жүріп келген жолаушыға ұқсайсыңдар. Аттарың сатқа ұрғандай болып, сенделіп қалған екен. Шіңгіл бойында сұлы деген менде ғана болады. Көнекбай бай дегенді естулерің бар ма еді? Сол мен боламын…., – деп есіп кететін Көнекбай. Шындығында қонақтың аты тұр ғой, өзінің атына қимай, тұқымдыққа алып отырған  жарты қапқа жетпейтін сұлы. Қулық-сұмдықтан ада, қарапайым да, меймандос ауыл адамының бейнесі бұл. Осындай аңқылдақтық, өзіне қимағанын мейманына садағалайтын жомарттық, лепірме мінез халқымыздың жақсылығы ма, дарақылығы ма? Соры ма, бағы ма? Бұны бағалау енді сіздің еншіңізде. Өн бойына зар мен өксік, қан мен кек толған романды күрсіне оқып отырасыз да, Көнекбай бас көрсеткен тұстарында еріксіз күліп, күрсінісіңіз басыла қалады. Мұнда сатира да, сарказм да кездеседі.

Жалпы бұл Көнекбай бейнесі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы судыр Ахымет образына келеді. Оның алды-артын ойламайтын ақкөңіл судырлығы, қолы қысқалығына қыңқ етпей, бай-бағыланша жүрер саппастығы, бәр-бәрі осы судыр Ахыметті елестетеді. Жайшылықта осы өз шаруасын ғана күйттеген еспе Көнекбай, ел басына күн туған, ер етігімен қан кешкен, елдің елдігіне сын келген тұста, ұлғайған жасына қарамай, азаматтармен бірге жаумен алысуға аттанады. Елдің еңсесін көтерер, қорған етіп ұстар азаматтарынан айырылған тұста, Көнекбайдың әпенділігі осы мінезі жауынгерлер жүзіне күлкі үйіріп, еңсесін көтеруге септігін тигізеді. Көнекбайдың қиыннан қиыстырып айтқан әңімелері, әсіресе ұшақ жасағаны туралы әңгімесі былай қарағанда тіпті ертегідегі қиял-ғажайыптан да асып кеткенімен, тым қисынсыз емес те еді.

«… Ол тегіннен онша зердесіз адам емес болатын. Біреуден бір әңгімені естісе, дереу ұға қоятын. Ақыт қажы туралы жаңағы әңгімені жақында үйіне қонып кеткен бір молқы шалдан естіп еді. Сонан бері, осыны айтайын десе, тыңдарға адам таппай жүрген. Бүгін де қисыны тым келе қоймаса да, әдейі мыналарды таң қалдырып, өзінің көпті білетін білгірлігін бір көрсетіп қалмақ болған. Көңілі солай лепіріп келе жатқанда мақтағанның орнына өзін сөзден тежеп, ауызға қағып тастаған қонаққа онша разы болмай қалды». Осы әңгімені тыңдап отырған қонағы қытайдың ел арасына жіберген тыңшысы, Ақыт қажы секілді елдің сорпа бетіне шығар азаматтарын орға жығып берген Зияқандай сұмпайы еді. Олардың да тілегені, іздегені осы. Әңгіме соңы насырға шауып, Көнекеңнің басын жұта жаздайды. Бірақ қанға сіңген әдет қалмайды, келесі бір жерде де осындай әңгімелерді айтып, талай ұятқа жолдас қылған жерлері бар.

Көнекбай туралы қызықты желі романның соңына дейін қатар өріліп отырады. Ал осы Көнекбайдың характері былай қарағанда сүйкімсіз көрінгенімен, оның құрдасы, сараң бай Жетібас екеуін шендестіре қарасаңыз, Көнекбай елге бірде болмаса бірде пайдасы тиер адам. Ал біреуге залалы келсе, оның ниетінің терістігінен емес. «Қан мен тердегі» судыр Ахыметтің Кәлен қашып, өзеннің арғы бетіне өтерде, келсап жасаймын деп әкелген ағаштан, ескек жасамақшы болады. Ескек емес, ағаш қасық та шықпай, есіл ер Кәленнің обалына қала жаздаған бір деталды есіңізге түсіріп көріңіз. Судыр Ахыметтің Тәңірбергеннің Ақбаланы алып қашуына көмектесіп, ақысына ат мінуі оның характерін, оқырман алдындағы сүйкімін кетіреді. Бірақ Көнекбай образында ондай жамандық кездеспейді.

Шығармадағы кейіпкерлерді жағымды және жағымсыз деп саралайтын мектеп бағдарламасындағы дәстүрге келетін болсақ, Көнекбайды жағымды образға жатқызамыз. Десе де адам баласының кіршіксіз, кемшіліксіз болуы мүмкін емес. Ендеше адам өмірін, тағдырын баяндайтын шығармадағы кейіпкердің барлығы мінсіз адам болуы шарт емес, сол секілді ілікке алғысыз «жаман» болуы да міндетті емес. Осы тұрғыдан Көнекбай, Шәмсия образдары оқырманды екіұдай күйге қалдырады. Көнекбайдың өтірік әңгімеге әуестігі мен мақтаншақтығы әрине жақсы қасиет емес, бірақ ол бірді-бірге соғар өсекші емес. Сол секілді Шәмсияның істеген істері, суық жүрісі де құптай қоярлық емес. Дегенмен оның жан дүниесіне үңілсеңіз ғана, оны іштей ақтап аласыз. Зияқанмен арада болған ісін оқыған кезіңізде әрине жек көресіз. Ол кезде Шәмсия бейнесіне Зияқан образының күйесі жұғады. Кейін Жексендей ердің махаббатына бөленіп, оның адал жары болды. Ол негізі жаман әйел емес. Тек итпен қосақталып ит болған жан. Асқабылдай надан, өзімшіл, ездің көртышқандай көмескі пиғылы Шәмсияны осы күйге түсіреді. Асқабылдың ездігі, өз майданы жоқ, біреудің қолымен от көсейтін жексұрындығы соңында оның түбіне жетті. Асқабыл образы да Жақсылықтың адамның ішкі жан дүниесін, психологиясын терең меңгерген, оны оқырманға жеткізудің майталманы екенін әйгілейтін образ. Асқабыл үшін ел өлді ме, қырылып қалды ма, бәрібір. Тіпті отбасының жағдайы қандай, оған не керек. Көршісі, не жақыны қан жұтып, қайғы шекті ме, құдай қосқан қосағының өмірі құсалықпен өтіп жатыр ма, бәрі бір. Жан-жануарлар ертегісінде суреттелетін, күйкіліктің бейнесі қоңыз бен жалқаулықтың прототибі, жасырын, әрі арам пиғылдың иесі жарқанаттың ерекшелігін осы Асқабыл бойынан табасыз. Адамша туып, елеусіз, арты боққа малынып, ез тірлік кешкен Асқабылға бірде жаныңыз ашиды, аяйсыз. Ендігі бір іс-әрекетіне қарап, қаншама ерлердің басын жұтқан бір түйір қорғасын оқтың бұйырмағанына ашуыңыз келеді. Кейде тіпті сол оқты оған өзіңіз арнағыңыз келеді.

Осы секілді жиіркенішті мінез-құлықтың иесі, тағы бір жағымсыз образ көртышқанша күн кешкен Жетібастың тірлігіне қарныңыз ашады. Ал оның малға сатып алғысы келген қалыңдығы, он екіде бір гүлі ашылмаған Мәлипаның ерлік істері жаныңызды сүйінтеді. Жетібас пен Асқабылға әйел болса да Мәлипаға біткен мінездің бір түйірі бітсе, әлде қашан адамша өмір өткізер ме еді. Осы тұрғыдан алғанда жазушы халық даналығынан қалған «Алтын басты әйелден, бақыр басты ер артық» дейтін сөзіне қарсы шыққысы келді ме? Тегінде осы сөз қазақтың әйел затын қорлауы, адам санатынан шығаруы емес, жаугершілік заманындағы ел қорғаған ерлерге берген бағасы болуы керек. Сосын, бұл сөзді осынша көркем айтқан дуалы ауыз ер адам болмаса керек. Өйткені халық даналығын бойына жиып, өмірде түйген тәжірибесін тамаша түйіндеген дуалы ауыз адам, ол кім болса да, өз анасын, әйел затын бұлай қорламайды. Бұл сөздің түп төркіні әйел ананың ел қорғаған ерлерге, отбасының тыныш тірлігін қамтамасыз еткен отағасына деген ризашылығынан шықса керек-ті. Ал Мәлипа заты әйел болғанымен, замана талабынан туған ер бітімді жан. «Диірменде туған тышқан үркуді білмейді», «Қорқақты қуа берсең батыр болады» дейді қазақ тағы да. Ендеше кері заманға дүп келіп, қанды қырғын ажал сепкен заманда ер азаматтармен бірге әйелдің де ерлік көрсетуге қақысы бар.

Ал Зияқан, Жарқаш пен Абзалдардың образы басқа. Алғашқы кітапта бұл екеуінің тек сұрқия бейнесін ғана көресіз. Қытай ұлықтарының табанын жалап, итке лақтырған сүйектей болымсыз сый-сияпатына масаттанған саппастығына жиіркене қарамай тұра алмайсыз. Олардың ойында ел тағдыры, жұрт мұраты деген ұғым жоқ. Зұлымдыққа қарсы бас көтерген ерлердің ісі олар үшін еріккеннің ермегі, ел бұзардың сөзіне еріп, қаншама жанның обалына қалған бірер сотқардың ісі. Зияқанның бағасын Оспан батырдың аузынан берсек: «көлденеңі мен ені жақын, төртбақ адамның бойында ант тұрмайды». Ант деген сөз олар үшін далалықтардың қастерлегеніндей қымбатты нәрсе емес. Ант деген ұғым олар үшін өз саясатын, зұлымдығын іске асырудың құралы ғана. Олардың анты көздеген мақсатты жүзеге асқанға дейін ғана өмір сүреді. Одан кейін анттың ешбір құны жоқ. Оларға қарғыс тимейді, оларды ант атпайды.

Жоқ ант атады екен, қарғыс тиеді екен. Аздаған мансабына сеніп, ауылын жау жолындағы түңкелі, мал-жанға жайлы жерге қоныстандырған Зияқан ауылын жау шапты. Жау болғанда былайғы қазаққа жау, Зияқанға бас ұрар, аузына ас салар қытай ұлықтары, олар басқарған қытай әскерлері. Ауылы толығымен қырғын табады. Жалғыз қарындасы құтырып кетеді. Есі ауып, далада жабайы тірлік кешеді. Зияқан осы жағдайды көргеннен кейін өзгереді. Жалғыз қарындасын атып тастаған жанындағы саптасын, ол да атып өлтіреді де, қытайдың өзіне сеніп тапсырған қару-жарағын, азық-түлігін жетелеп, Оспан ауылына тіке тартады. Жоғарыдағы баяндап өткен, Оспанның Зияқанға баға беруі осы тұс. Ер Оспан бұрын қолға түсіре алмаған жауы, қаншама рет қапыда соққан әккі Зияқанды өлтірмей жібереді. Өлтіріп кегін алуға ұмтылған жігіттерді тоқтатады. «Батыр болсаң қан майданда қарсы келгенде қайда қалдың!». Оспанның бұл ұстанымы өзі аталас жауы Қоңқайдың да алдынан шықты. Ал Қоңқайдың істеген ісі Зияқаннан бетер. Ол – ішкі жау. Ішкі жау болғанда да Оспанның қыр-сырын, соғыстағы тактикасын, әлсіз тұсын, жер жағдайын жақсы білетін жауыз. Оспанның ұстанымы қолға түскен тұтқын – міскін. Оған қылыш көтеру, ердің ісі емес, тіпті қатын да өлтіре алатын байлаулы жау, жау емес. Ол өлі мен тірінің арасындағы қу шірік. Бала мысық қолындағы тірі тышқан. Жазушы Оспанның образын жасауда осындай детальдарды көбірек, әрі ширақ, орынды пайдаланады. Бұл дала заңының қатаң белгілемесі. «Қашқан жауға қатын би» деген тіркес, осы дала заңының бір тармағы болса керек. Қан майданда көрсетпеген ерлігін, тұтқынға көрсету нағыз ерлер үшін намыс. Ал Оспан дала заңын берік ұстанған соңғы көкжал. Зияқан секілді арамның қанын өз аяғымен келген кезінде төкпеуі заңды да. Бірақ Оспанның жауы әділет пен ерлікке қоңсы қонбаған, дала заңының иісі мұрнына бармайтын, біреуді жеңсе ерлігімен емес, шиебөріше көптігімен, сұрқиялығымен жеңетін ұсақ пенделер. Ал олардың жандайшаптары түлкі бұлаңымен жаққан, жағымпаз, ауырдың астын, жеңілдің үстін талдайтын сүмелектер.

«Қаһарлы Алтай» романы тарихи көркем туынды дедік. Демек оның кейіпкерлері де тарихи болған адамдар. Оспан, Есімхан, Ырысхандар, Ақтекедей билер. Барлығы да кеше ғана, осыдан 50-60 жыл бұрын болған оқиғалар мен тұлғалар. Сол заманның бет-бейнесін, халық тұрмысын, адамдар психологиясын жазу үшін тарихи тұлғаларды ғана кейіпкер етіп алу жеткіліксіз. Осы тұрғыдан жоғарыдағы айтып өткен кейіпкерлер өмірде болмаған болуы да мүмкін. Сол секілді романдағы басты кейіпкер, жазушы бүге-шігесіне дейін жазуға тырысқан, образын жан-жақты шұқшия ашқан, ер жүрек батыр, жез таңдай әнші, аузына құс тістеген ақын Жексен типтік кейіпкерге жатады. Оның махаббат хикаялары, ерліктері, бейнесі автор ойынан шындық негізінде шыққан. Осыған қарап авторды тарихи шындықты бұрмалады деп кінәлай алмайсыз. Автордың бұндай қадамдарға баруы заңды да. Себебін мына бірнеше жақтан қарастыруға болады. Біріншіден, шығарманың тарихи артқы көрінісі қазақ тарихындағы ең күрделі кезең есептелетін өткен ғасырдың алғашқы жарымы. Бұл кезең дүние халықтары үшін де аумалы-төкпелі, саяси желіктің ойына келгенін істеп, күштінің әлсізді жеген, көптің азды азық еткен заманы. Ендеше осы соғыстың қатысушылары да, жүйеден барлық кейіпкерлер күрделі. «Заманына қарай адамы» деген сөз осыған саяды. Екіншіден, бұл оқиғалар мен адамдардың барлығы да Жақаңның бала кезден естіп өскен, құлағына жатталған әңгімелері. Осы соғыстың тірі куәгерлерін көріп өсті. Естігеннің бәрін қағаз бетіне өңдеусіз көшіре беру жазушының жұмысы емес. Саралау, жүйелеусіз, болған оқиғалардың барлығын тізбелеу талантты жазушының мақтанарлық қасиеті емес. Жазушы болған адам дайын сюжет негізінде шығарма жазды екен, қолдағы материалдарын сұрыптай білуі керек. Үшіншіден, көркем әдебиетті типтік образсыз, типтік оқиғасыз жасау мүмкін емес. Төртіншіден, нақты болған кейіпкерлер мен типтік кейіпкерлердің ара байланысын жасау үшін, типтік оқиғалар жасау керек. Бұл тұрғыдан Жақсылық Сәмитұлы ұтымды жол тауып, сәтті шешім жасай білген.

«Ақ тілек», «Әркімнің бір арманы бар» повестеріндегі секілді дерексіз кейіпкерлер, дерексіз оқиға туралы жазу бір басқа да, тарихта ізі суып үлгірмеген шындықтар туралы жазу басқа.  Талабы да өзгеше. Тақырыпты ашу әдісі мен стилистикасы бір болғанымен, бұл екеуінде жазушы шеберлігі өзгеше тұрғыдан көрінуі керек.

Жақсылық адам характерін ашуда оның ішкі жан дүниесіне көбірек үңіледі. Әлде бір жағдайлардағы терең ойға беріліп, алма-кезек жеңістік тапқан ішкі пікірлер арқылы кейіпкердің өмірде көргені мен түйгенін, тума мінезі мен қоршаған орта қалыптастырған әдеттерін шабыстыра суреттеп келеді де, кейіпкер монологы арқылы оның жалпы мінездемесіне барлау жасайды, байлам айтады. Ал адамның ішкі ойы ешқашан алдамайды. Адам не ойласа, қандай деңгейде ой шүңетіне түссе, оның қимыл әрекеті де сол шеңберде болады. Оспанның ішкі жан дүниесіне барлау жасағанда Ж. Сәмитұлы осы түйткілді өте жақсы ұстайды және мақсатынан ауытқымайды. Оспан сол елдің ханы. Қиын шақта ел мұратын әдірә етпеуге серт еткен тарихи тұлға. Жазушы Оспандай тұлғаның он минуттық ойын он бетке шұбалтып жазуға сөз табар. Ең бастысы ол кейіпкердің жан дүниесін ашуға шынайы қызмет ете білуі керек. Бұл тұрғыда қаламгер сөзге сараң, ойға жомарт болуы шарт.

Жазушы үшін басқа кейіпкердің ойына диалог салу басқа да, Оспан секілді жұмбақ тұлғаның ойын айту басқа. Орта қолды бір кейіпкердің жағдайына қарай әр түрлі деңгейде ойлауы мүмкін. Оның үстіне оның бар ойы тірліктің әр саласындағы ұсақ істер туралы болуы да, не өзінің ойы жете бермейтін ұлы істер жайлы болуы да мүмкін. Ал Оспанның ойы, әсіресе өткен ғасырдың ортасындағы күрделі тарихи кезеңдегі саяси қайраткердің ойы сол кездегі қоғамдық, тарихи жағдайға, тіпті керек десеңіз әлемдік жағдайлар туралы болуы мүмкін. Ал Оспан ойын жазушы қалай жеткізеді?

«Дәлелқан шығып кеткен соң Оспан биіктетіп қойған құс жастыққа шынтақтап, жағын таянып ойға шомды. Дәлелқанның айтқандары жөнінде толғанды. Жалғыздық құдайға ғана жарасады. Кімде-кімге де бір сүйеу, пана, сенімді жолдас керек екені рас. Егер оның ниеті дүрыс болса. Жолдас болып, аралас-құралас жүрген екі жылдан бері, Дәлелқанмен әмпей-жәмпей, тонның ішкі бауындай болып араласып жүрген мыналарды да байқап, сынап келеді. Сөздері әдемі-ақ. Бір көрмеге мұнан артық дос жоқ дейсің. Бірақ… Айтқаны бөлек те, істегені тағы бір бөлек. Мейлі үлкен, мейлі ұсақ-түйек бірдеңе болса да бір бармағы ішінде бүгулы жүреді. Шіңгілді босатқаннан кейін еш себепсіз Сартоғай бойында бостан-босқа жатып алуы. Құлжа полкінің Сарсүмбеге кіруін тосуы, осы жүрген қазақтарды ептеп екіге жара бастауы, көп мәселенің мынау Консул дейтін көк көз орыстың айтқанымен шешілуі, тіпті Алтай бетіндегі Оспан білмейтін кейбір әрекеттерді олардың бұрын біліп отыруы, Алтай қозғалысымен түк қатысы жоқ, бұл жаққа өмірі аяқ басып көрмеген кейбіреулердің осында келіп маңызды-маңызды басқарма, бөлімдерге бастық болып қонжиа қалуы… Толып жатқан іш кірне.

Оспан ойлады: нақтылы жұмыс жүргізетін, құпиялығы күшті, негізгі орындарды бұлардың қолына өткізбеу керек. Бұрынғы өтіп кеткендерді де енді ептеп қайтарып алған дұрыс. Иә, бұл оңай шаруа емес. Бірақ оның жалғыз жолы бар. Ол – мұсылманшылық, шариғат жолы. Мына жүргеннің көбі шоқыншы. Мешітке барып, басын сәждеге тигізгенді қойып, екі күннің бірінде арақ ішеді. Айық жүрмейді. Айық жүрмеген адамның ойы сергек, ес-ақылы толық болмайды. Миы лайланған адам Құдайға да дұрыс құлшылық етпейді. Ойына келгенін істейді. Өтірік айтады. Зина жасайды. Жалған куәлік береді. Шариғат жолында бұл үлкен күнә. Мұны былай қойғанда апин тартып, арақ ішкен адам қорқақ болады. Мұндай улы нәрселер ең алдымен адамның жүрегін жаулайды. Жүрегін берген адам басқа ештеңеге де тоқталмайды.

Қарап отырсаңыз, Оспан өзгеше ойлайды. Ол өзі құралыптас саяси қайраткер Дәлелханша ойламайды. Олай болмағанда тарих бетіне дара тұлға болып жазылмайтын еді. Адамның ойы ғана емес әр бір қас қағуы, сөз сөйлеуі, бет мимикасы, керек десеңіз оқыс қимылы, қорқыныш-қуанышы да кейіпкер образын ашудағы маңызды детальдар болып табылады. Жазушы Оспан бейнесін жазуда осы бір нәзік тұстарда айрықша шеберлігін танытады.

Жазушы қаламында суреттелген Оспан тарихи деректердегі Оспаннан алыс кетпейді. Бір тұлға, бір адам ретінде қабысып жатыр. Ол ең алдымен ұлы ойдың адамы. Басқалар ойлағандай надан, қара күштің иесі емес. Онда үлкен жүрек те бар. Оспан туралы АҚШ консулы Макнанның жазбалары, Германиядағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін 20 жыл басқарған Хасан Өралтайдың жазбаларымен салыстырар болсақ, бұл романдағы Оспан бейнесі сәл көркемдік әрлеуден өткен тарихи шындық.

«… Құнияз молла Оспанның үйде жоқ бір орайын тауып, оның үйінің төр алдына, дәл есіктің қарсысына бүкіл қабырғаны алып жатқан үлкен бір сурет әкеліп шегеледі. Сонан соң сыртта тосып жүріп, Оспан келгенде бірге ілесе кірді. Күндегісінше жай бір-жадағай есікті ашып кіріп келген Оспан кенет қалт етіп, тұрып қалды. Дәл қарсы алдынан, төрт-бес қадам жерден, қалың қамысты қақ жарып, азу тістері ақсиған, көздері шатынаған, қаһарлы бір жолбарыс өзіне қарай атылып келе жатыр еді. Қапелімде сескеніп, жүрегі түршігіп қалған Оспаннан басқа біреу болса мынадай тұйықсыз қауіп астында маузерін шап беріп жұлып алуға да қам жасар еді. Құдайдың берген бір қасиеті – Оспанның жүрегі үлкен болатын. Оңайшылықпен қорықпайтын. Қандай бір қатер, үрей алдында да өзін сабырлы, салмақты ұстауға үйренген».

Оспанның осы қасиетін көрсету үшін жазушының бұдан да қатерлі детальдар алуына болар еді. Мәселен, мүйістен шыға келген жау әскері, не болмаса далада кездескен тағы аң. т.с. Көптеген халық аңыздарында батырдың жүректілігін көрсету үшін алынған осыған ұқсас жәйіттер көбірек кездеседі. Ел аузында айтылатын «Ер Жәнібектің үш ерлігі» дейтін аңыз бар. Соның біреуі далада ұйықтап жатқан батырдың төсінен абжылан өрлеп келе жатады. Еш сескенбеген батыр, жылан таяп келгенде аузын ашады да, басын сұққан бетінде қыршып түсіреді. Дәл осыған қарағанда жоғарыдағы деталь түк те әсерлі емес. Қазақта «батыр аңғал» деген тіркес бар. Бірақ жортуылда көп жүрген батыр, түзде жүргенде қанына сіңген сақтығын жоғалтпайды. Батырдың батырлығының бір шеті оның сергектігінде жатса керек. Ендеше кез келген қауіпке саналы-санасыз түрде дайын жүрген жан, жолбарыстың суреті тұр ғой, өзінен сескене қоюы екіталай. Ал мына жағдай түзде емес, өз үйінде болды. Өз үйі батырдың жалғыз жаусыз жері болуға тиіс. Оның үстінде ер қадірін өте жоғары білер Баяндай асыл жардың отауында. Өмірінің жарты байлығы есептелер аяулы жары тұрған үйден қас дұшпаны алдынан шыға қоюы екіталай. Батырдың табиғи сақ санасы бұндай жағдайда ұйқыда болуы мүмкін. Батырға қорқыныш осы жағынан келуі мүмкін. Жазушы жоғарыдағы детальды осы себепті таңдады.

Қазақта «дұшпаның да ер болсын» деген аталы сөз бар. Оспанның дұшпаны тым ақымақ, қоянжүрек емес. Досы да қайтпас батырлар. Қапас, Жетпіс, Мұсадай батырлар соның айғағы. Бұл кейіпкер образын жасауда да жазушы көп еңбектер жасаған. Палуан күшін сынау үшін, ол барлық күштімін дейтін білектімен күш салыстыра беруі шарт емес. Ол тек өзіне тең келер білек іздейді. Сол секілді кез келген білімді адамның қаншалықты білетіні қарбайыр надан алдында емес, өзімен тең тұра алар, білігі де, білімі де озық оқымсты алдында көрінеді. Оспанның жан серігі, рухани көмекшісі Құнияз молланың образы бас кейіпкердің шырқау биікке көтерілуі үшін баспалдақ секілді. Білімі мен білігі жоғары Құнияз алдында Оспан жақсы шәкірт секілді тыңдай да біледі, өз пікірін айта да біледі.

Кейбір жазушы қаламынан шыққан тарихи кейіпкер болсын, типтік кейіпкер болсын, оны биіктету үшін адам ретінде мінсіз көрсетуге көптеп ұрынады. Ал «Қаһарлы Алтайдағы» Оспан образы басқаша. Ол үйінде мінезі жайлы отағасы, қамқор әке, ет жүректі пенде, жылай да, күле де біледі. Құрбы-құрдастары алдында майын тамыза әзіл айта білетін қарапайым адам. Жауы алдында қатігез қолбасы. Саяси сахнада әділ төреліктің иесі. Оспанның осы қырларының әр қайсысы жазушының қырағы назарынан қағыс қалмаған. Оспанның әскери күші басым жаудан шегінуге мәжбүр болған бір көш үстінде, айсыз қараңғыда жанындағы адамның кім екенін білмей аузына келгенін айтқан Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы «Қара қатыны» секілді бір шайпау әйелдің сөзін ашусыз тыңдап, ауған түйесін оңшап беруі өте сәтті алынған деталь. Ұлы тұлғаны кішіпейіл адам ретінде көрсететін үрдіс қазақ ертегілерінде көп кездеседі. Бұқараша киініп, халық арасында жүретін хан немесе ескі киімдерін қабырғаға іліп қойып, тәубеге келетін Аяз би. т.с.

Түйіндей келгенде жазушы «Қаһарлы Алтай» трилогиясында тек бас кейіпкердің ғана мінсіз тұлғасын айшықтап қоймай, сан-қилы образдар жүйесін жасап шыққанына көз жеткіземіз. Бұл шығарманы қолына алғанда Ж. Сәмитұлы Оспанның ғана ерлігін жырлауды мақсат тұтпаса керек. Ұлы тұлғаның өскен ортасы, айналасындағы адамдар, қарапайым да, бейбіт ауыл өмірі, ондағы қарапайым адам, сол адамдардың ел басына күн туғандағы мінез-құлқы мен қам-қарекеті, осылардың бәрі жазушы қаламынан тыс қалмайды. Ж. Сәмитұлының бұл еңбегі Оспан батырды өзек еткен өзге шығармалардан озық тұсы да осы.

Серікбай Әбілмәжінұлы,

ақын

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here