1969 жылы жаз. Үрімжі қаласында «Кеңес одағы ревизионистеріне қарсы» арнаулы көрме ашылды. Көргізбеге Үрімжі тұрғындары, завод- фабрикалар, жұмыс орындары, университеттер, мектептер… бойынша кезек-кезегімен міндетті түрде апарылып жатты. Барып келгендердің бәрі де көргізбенің кереметіне таңдайларын қағып, таңданысып жүрді. Әсіресе, ұлы көсем Маоның шекара аудандағы Шынжаң халқына арнайы жіберген Жын бао дау аралында қолға түскен Кеңес одағы танкісін өз көздерімен көргендіктерін айтқанда әрқандай адамды да бір таң қалдырмай қоймайтын. Сондай алып танк. Жын бао дау аралындағы соғыста мұз үстінде зақымдалып жүрмей қалыпты. Кеңес одағы ондай ауыр салмақтағы алып танкты алып кетудің еш амалын таба алмапты. Қытай қолына тастап кетуге де қимапты. Ақыры, Америка құрама штаттарынан көмек сұрапты. Олар: « Танкті Қытай қолына қалдырмаудың жалғыз амалы-маңайын бомбылап, мұз астына, өзеннің түбіне шөктіріп жіберу. Одан басқа амал жоқ»– деп ақыл беріпті. Кеңес одағы олардың айтқанын істепті. Бірақ, коммунистік Қытайдың қаһарман қызыл армиясы өзен түбіндегі сол танкті ақыры алып шығыпты. Сонан ұлы көсем Мао: «Бұл танкті Кеңес одағы ревизионистеріне қарсы алғы шептегі Шынжаң халқына тарту етейік. Кеңес одағының жауыздығын, шапқыншы екендігін, Коммунистік Қытайдың ұлылығын, қаһарман халық азаттық армиясының теңдессіз ерлігін олар өз көздерімен көрсін»– деп , осында жіберіпті. Сол танкті көрдік. Ойпырай, керемет! – десіп, бізді де қайран қалдыратын.

Сол тұста науқас ініме операция жасату үшін мен де райондық екінші емхананың маңынан пәтер жалдап, сонда жатқан болатынмын. Күнде барып, көпіріп келіп жатқан көп елдің таңдай қаққан таңданыстары біздің де делебемезді қоздыра бастады. «Танк дегенді кітаптан оқып, кинодан көргеніміз болмаса, өмірімізде оның қасына таяп барған жандар емеспіз. Шын танкті бір көрсек. Танк болғанда да ол – дүниеге әйгілі күшті мемлекет Кеңес одағының танкісі. Оның үстіне ауырлығы сонша, жасауын жасап алса да бұзылып тоқтап қалған кезінде қайтадан алып кетуге өз иесінің де шамасы келмеген алып танк. Осындай қызығумен көргізбеге кіретін билет іздеп сарсаңға түстік. Неге зәру болсаң соның табылмайтын әдеті. Көргізбе көп уақыт бойы коллектив орындардан босамады. Ақырында тамыз айына таяғанда ғана ел саябыр тартып, азая бастады.

 

Өмешегіміз құрып жүріп, біз де жеттік-ау, бір күні. Қасымда інім Рысқан, жақын туыстарымыздың бір қызы Уәзипа бар– үшеуіміз ғанамыз. Біз әдейі жексенбі күнді таңдадық. Ойлағанымыздай сол күні адам аз екен. Күндегідей иін тірескен қалың адам болмағандықтан үштен-төрттен, өз бетімен аралап жүрген тамашашыларға көргізбенің қызметкерлері де онша мән беретіндей емес. Айлар бойы аузы-ауыздарына тимей зарлаудан олар да жалыққан. «Мыналарға бірдеңе түсіндіріп қояйық» деген жан баласы болған жоқ. Бір тәуірі әрбір заттың, фотоның тұсында қытай иероглифтерімен үлкен-үлкен етіп, бадырайтып жазып қойған түсініктеме бар. Қытай иероглифі дегеннің бір қасиеті осында. Төрт бұрыш-төрт бұрыш– мөр сияқты ғой. Алыстан да жақсы оқылады.

 

Фото суреттер. Алуан түрлі заттар. Көріп келеміз. Оқып келеміз.

Міне, мынау Жеменей– Зайсан шекарасы. Кеңес одағының соғыс самолеті. Жер бауырлай ұшқандығы сонша қалың жылқыны үркітіп, тас-талқан етіп қуып жүр. Заттық факті де айқын. Қытай жерінде қалып қойған солдат қолғабы.

Енді мынау Қашқардағы генерал Мәжит оқиғасы туралы. Қарапайым бір полиция қызметкері. Қытай компартиясының ұзақ жылдық қамқорлығында тәрбие алғанына қарамастан ат төбеліндей ұйғыр бұзақыларын бастап, Қашқардағы армия штабына шабуыл жасап, көп қару-жарақ бұлап алып, өкіметке қарсы бүлік тудырмақ болған. Онысы сезіліп қалғанда Кеңес одағына қарай қашқан. Ақыры, шекараға сегіз километр қалғанда азаттық армияның қоршауына түсіп, бір машина адам атыс үстінде оққа ұшқан. Бірнеше фото тіпті айқын. Қанға боялған Мәжит, қасында үш-төрт серігі. Біреуі әйел. Ұйғыр қызы . Екі қолды керіп жіберіп, шалқасынан жатыр… Компартияға қарсы шыққандардың көретіні осы. Қытай халық-азаттық армисына бұл дүниеде тең келетін ешқандай күш жоқ. Сенбесеңіз мынаған қараңыз: Мәжит генералдың қолына түскен қару -жарақтар, пулеметтер, автоматтар, винтовкалар. Қып-қызыл өрт оқтар. Гранаталар. Не жоқ дейсің. Бүтіні де, шағылғаны да, қанға боялғаны да, тазасы да– бәрі бар. Көздің жауын алып, сөреде тізіліп, самсып тұр. Осынша көп қару-жарағы бар Мәжит те халық-азаттық армиясының бір қимылына төтеп бере алған жоқ. Әне, түгел, жер құшып жатыр. Қарсы келсең сенің де көретінің осы.

 

Көргізбе осылай сөйлейді. Осынша көп фактілерді көріп келе жатып , өзіңнің де жаның шошиды. Компартия не десе соны атқар. Қылдан тайма. Жат ниетте болдың ба, басқа жоқ, өлдім дей бер. Қытай армиясы осындай керемет. Соны есіңде сақта.

Жағалай-жағалай, көре- көре зәреміз ұшып, жанымыз мұрнымыздың ұшына келіп, түскі демалысқа таяған кезде екінші этаждағы көрменің бір шетіне де шықтық-ау әйтеу. Ендігі аңсарымыз ауғаны– әлгі алып танк. Оған бағанағылардың бәрін көріп боған соң, бірінші этажға түскенде, шығар ауызға барғанда ғана жете аласың.

Ақыры оған да келдік. Біздің артымызда көрермендерден ешкім қалмап еді. Үшеуіміз ғанамыз. Түсіндіруші де тамаққа кетіп қалыпты. Үлкен залда, айналысына көлденеңінен екіқатар қызыл ала жіп тартқан қара танк қаңқиып, жалғыз тұр. Сорайған зеңбірегінің мойны тіпті ұзын. Шынжыр табанының әр жері сөгіліп кеткен. Быт-шыты шыққан болат сынықтар. Бір жақ тұмсығы мүлде жемпірейіп қалған. Сынған бөлшегі де қасында жатыр. Ерекше мықты болат екендігінің белгісі ретінде опырылған жері аппақ болып, жарқырап көрінеді. Тұтас танктің өн бойында сау тамтық қалмаған . Шұрқ-шұрқ. Жүрмесе жүрмей қалғандай. Ал , алыптығына баға жоқ.

 

Көп жылдан бері халық коммунасында темірші болатынмын. Ауылдағы өзіммен кәсіптес қария ұсталармен оңашада әңгімелесе қалғанымда Микелайдың (Николайдың), Кеңес одағының болат-құрыштарын мақтағанда ауыздарының суы құритын. «Көк шыбық қой шіркін . Пышақ соқ яки балта, шот соқсаң, суын тапсаң болғаны. Ақ лескердің өзі боп шығады» деп тамсанатын. Кенет меніңойыма: «Анау опырылып жатқан сынықтардың бірін ұстап көрсем қайтеді. Нағыз болат қандай болады екен? Осындай ешкім жоқ, иен тұрғанда соны бір көрмеймін бе?! Тіпті қайтып барғаннан кейін елге мақтанғаныма да жақсы болар. Бұрынғы келіп жүргендер танктің кереметін қанша майын тымызып айтқандарымен қолыммен ұстап көрдім деген ешкімі болмап еді. Енді әуелі олар да маған таң қалатын болсын…» деген бір мақтан түсе қалды да керулі тұрған жіптің астынан еңкейіп, сып етіп өте шықтым. Екі-үш аттап танктің қасына жетіп бардым. Есі дертім болаттың анау үлкен сынығында . Әлгі ұсталар орыс болаты әрі ауыр, әрі ересен мықты деп суреттейтін. Бәлкім , мына бөлшегі де жиырма-отыз килограмнан кем болмас . Жалма-жан еңкейдім де екі шетінен ұстап алып, бар күшімді салып көтеріп қалдым. Күшене көтергенім сонша, өзімнің шалқамнан түскенімді де білмей қалыппын. Қолымдағы болаттың сынығы тұп-тура Уәзипаның кеудесіне барып тиіпті. Ол да оқыс тіксініп: «Алла!» деп кейін шегіне берді . Мен де орнымнан ұшып тұрдым. Уәзипада да, Рысқанда да ес қалмаған екен. Шошып кетіпті.

 

– Ойбай, бол! Мынаны орнына қой да шапшаң шық бері!

– деді Уәзипа қалш-қалш етіп, аузы сөзге әрең келіп, әлгі сынық болатты жерден алып маған ұсынып жатып.

Не болғанын аңғарып отырсыз ба? Біздің қолдан қолға алып көтеріп жүргеніміз болат емес, жеп -жеңіл бірдеңе. Тіпті ағаштың үгіндісі дерлік. Сынды деген тұсына жарқыратып потал жағып қойыпты. Бір көрмеге нақ құрыштың сынығынан бір аумайды. Ал, алып қара танктің қаңқасы шебік тақтайдан жасалып, қара сырмен сырланып тасталыпты. Танктен титтей аумайды.

Мен танктің сыртқы қорабын жұдырығыммен шертіп көріп жатқанда Уәзипа да, Рысқан да шыдамай кетті:

– Ойбай, бол. Тез шық! Біреу көріп қалады, – десті қатар бажылдап.

Шықтық та тұра қаштық. Көшедегі автобус бекетіне дейін алды-артымызға қарамай, өкпемізді қолымызға алып, әрең жеттік. Рысқан мен Уәзипада да өң-түс қалмапты. Құп-қу. Жол бойы да тіл қатысуға шамамыз келген жоқ. Тек пәтерге аман жетіп, көңілі орныққаннан кейін ғана Уәзипа алқына дем алып:

– Құдай бір сақтады-ау бізді. Бір ажалдан аман қалмадық па?! Көшеге шығып, кәріп-кәсір біреуге садақа беріп қою керек еді, – деді күбірлеп.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here