АҚ ТІЛЕК
Бұл әңгіменің кей жерін, әсіресе, аса бір дәмді жерін ұмытып та қалған ұқсаймын. Өйткені, мұны естігеніме де, міне, табаны күректей он бес жылға таяп қалды. Содан бір-екі жыл ғана кейін, жетпіс сегіз жасында дүниеден көшкен Ақберді атайдың анау қабақ үстіндегі сандықша зиратының қаласын да жауын шайып, жел тоздырып, маусымдар мұжып, өңін-сиқын алып ескіртіп те болды.
Анда-санда жолым түсіп сол зираттың жанынан жанап өте қалған кезімде, сол бір күнгі бір ғана әңгімесімен есімде мәңгі қалған, көңілімде аса бір қадірлі сүйіспеншілік тудырған сол марқұмның ол дүниеде жаны жаннатта, хор қыздарының қасында болуы үшін шала-пұшық білетін дұғамды күбірлеп оқып, бетімді бір сипамай қала алмаймын.
Ақаңмен бір қыстақта бірге тұрғаныма да талай заман болған. Мінез-құлқын, сыр-сипатын да дардай білетін сияқты едім. Көп сөйлегенді жақтырмайтын, өзі де аузы тойпаң, тілі ноған адам еді. Аштық пен тоқтықты, барлық пен жоқтықты да көп елеп ескеріп жатпайтын, біреудің сесінен, алайтқан көзінен сескеніп, қаймығуды да білмейтін, әбден басынан асып кеткенше мылқау, керең кісіше үн қатпай, шырт түкіріп қойып отыра беретін де, шыдамы тақа таусылған кезде ғана орып түсетін бір-екі ауыз сөзбен көңіліне келгенді іркіп, бүкпей, бетің-жүзің демей турасын айтып салып отыра беретін.
Сыныққа сылтау таба алмай, қу бастан қуырдақтық ет аламын дейтін сонау бір шайпау жылдар да Ақаңа да: “ жас кезінде қарақшы, ұры болыпсың, ел тонап, кісі өлтірген қанды қолсың” деп жармасқандар да аз болған жоқ. Ақан осының бәрін естімеген адамша, мүлгіп отырып талай түнді өткізген. Ең соңында бір кезекте орнынан атып тұрып, екі көзі шатынап, тұла бойы қалш-қалш етіп:
– Ой, Әлекендей жалаң қаққан мұндарлар, менің жас кезім деген қай заман? Ақылды, әулие болсаң сол тұста қайда қалғансың? “Елің қалай болса беркің солай”, “аш кісі ұры қылады, жалаңаш кісі өтірік айтады” деген қазақ сөзін естігенің бар ма, түге? Ол заманда ұры десең ұры, қарақшы десең қарақшы болғаным да рас. Сонау баяғы заманғы, сендер түгіл өзім де ұмытып қалған бірдемелер үшін бүгін мені шажылы қылып, кесейін деген басың болса міне. Әйтпесе құлағымды дыңғырлатып, басымды ауыртпай аулақ жүр. “Тырнадан би қойсаң құлағыңнан қиқу кетпейді” деген осы екен ғой. – Деп желөкпе, ырықты топқа қасқайып қарсы жүзгенін өз көзіммен көргенім де бар.
Осы секілді көп қылықтарына қарап мен Ақаңды домбырауын, сөзге сараң, мінезі морт, тұйық адам деп ойлайтынмын. Ол кезде оның қаптың аузын бір ашса әңгіменің майын тамызатын өң беті ішіндегі адам екенін қиялдап та көрмеген екенмін.
Оның үстіне ол тұс біреуге біреу сеніп, әңгіме айтып, сыр ағытқанды қойып, жай сөздің өзін аңдып сөйлейтін тақуа, іш пысты, керқайыр бір кез еді ғой. Бойыңдағы қара күш пен сол арам қайрат жасырынған дене, түр-тұлғаң, бет-бейнеңнен басқаның бәрін тыққыштап, бүкпелеп сақтана жүру әдетке айланған. Үп еткен жел, болымсыз салқын тисе құрсай жөнелетін, суықтан запыс болған ескілікті ауыруы бар адамдай бүркеніп, қымтанып, бүрісіп қалатын сүркей бір күндерді кім ұмыта қойды дейсің?
Алғашқы кезде мен Ақаңның сыртқы тұлғасына, бітіміне ғана қызығып жүретінмін. Жасы жетпісті қусырып қалса да бетінің нұры әлі қайтпаған, кесек жүзді, қызыл шырайлы, зор денесіне жарай басы да үлкен, батырға лайық балуан мүшелі кісі еді. Бертініректе ғана қылаңдап, ақ араласа бастағаны болмаса қайратты шашы да тікірейіп тұратын. Самайынан құлдата біркелкі қырыққан қаумет сақалы оның келбетін онан ары айбаттандырып, шалғысы ұзын бурыл мұрты дөңгелек жүзіне сұсты, суық кескін қосып тұратын. Осы пішініне сай өтер-өткенше қаруы қайтып, белі бүгілмеген алуетті адам еді.
Осы қайратынан да болар, еңкейген кәрі, еңбектеген жасқа дейін еңбек істеуге міндетті болған сол бір кезде Ақаң да бір күн үйде қалып, демалып көрген жан емес. Бастықтардың мейірі түсіп, есіркеп жатса пішен кезінде тартпа шыңау, жазда – орта егісте көмей күзету, айыр тарақ жасау, күзде қырман қору сияқты жасына лайық жатымдырақ жұмыстар істейтін де, олар қыңыратқып қылт ете қалып, азаматтармен бірге ауыр еңбекке бөліп жатса, онда да қыңк етпей кете беретін.
Сол жылы күзде Ақаң иен бір сайдың қуысында шөптен күрке жасап алып, пішен қорып жалғыз жатқан. Мен арба айдаушы едім. Бұл ара ауылдан шалғай болғандықтан, қашан жұмыс аяқтағанша ол үйіне де барып келе алмайтын. Қажетті бір шаруасы “ала кел, айта кел” деген сияқты бұйымтайы болса, ылғи маған тапсыратын. Жарықтық өзі мені жақсы да көруші еді.
Бір жолы маған:
–Ей, ертең келерінде маған бір уқалам темекі тауып ала кеп берші, иен далада насыбайым таусылып, шаңырқап, қаңсып кеттім,- деген еді жүргелі жатқанымда әдейілеп тапсырып.
Ертеңінде пішен басына мен де келдім, соны күтіп тұрғандай шелектей жаңбыр да құйып кетті, аттарды доғарып жіберіп Ақаңның күркесіне жүгірдім.
Күрке биіктеу бір дөңесте болатын. Итарқалап басын қосқан бірнеше ағаштың үстін көк шөппен қалыңдап жапқан екен. Сел жауса да өтер емес, ергесінен су кірмесін деп айнала морлап тастапты. Күркенің орнына мына дөңді таңдауы да тегін емес сияқты.
Күннің түнеріп, түйіліп келе жатқанын ойлап, Ақаң шайын да қайнатып алған екен. Бірге отырып шай ішіп жайланған соң:
– Жә, кешегімді әкелдің бе? Босқа отырғанша тықырлата отырайын,- деді Ақаң.
Көп уақыт бірге істеп, оның үстіне көңілі жақындау жүретін адамдарда үлкен мен кішінің парқы болмай кететін бір жәйіттер болады. “Сіз” деген сөздің орнына көбіне “сен” жүрсе де тым ерсі көрінбейді. Құрдас адамша қалжыңдасып, қылжақтасып, сырласып те кетіседі. Мен Ақаңды “сен” деуге аузым бармаса да, оны-мұны айтып әзілдеп ойнай беретінмін.
– Ойби, шалым-ай, тас есімнен шығып кетіпті,– дедім санымды бір-ақ салып.
– Ей, ойыңды қойшы, алдымен сарығымды бір басып алайын. Қылжақтамай әкелші,– деді Ақаң да сенбей қолын созып.
– Ойбай, Ақа, өтірік айтсам желкемнің шұңқырын көрмей кетейін. Жаңа өзіңіз айтқанда ғана есіме түсіп отыр,– дедім мен оны зарықтыра түскім келіп.
– Тап бар ғой, енді менен өле қаласың, шірік неме. “Жыланды үш кертсе де кесірткелік әлі бар”,– деген. Қаусап отырсам да сендік қауқарым бар. Аузыңды бақадай ашырамын да арбаңа таңып тастап, мына жауында ойнағанның әкесін көрсете қоятынмын мен саған,-деп кіжінген болды ол да зілсіз құқай көрсетіп.
– Мақұл онда күресіп көрейік.
– Әттең-ай ә, “пілдің ісі тышқанға түсіпті” деген осы екен ғой, мазақ қылуын қарашы. Құнан өгізді ат үстінен іліп алатын қайран жас даурен-, деп өзінше күрсініп қойды Ақаң.
Мен қылжақты онын ары созбадым. Ақаң насыбайды ерніне салушы еді, шешемнің темекісінен ағашы мен ірігінен қосып қос уыс темекі алып шыққанмын, соны бердім.
– Бәсе-, деп Ақаң көңілденіп, жымиып қойды,- сенің осындайыңды білем ғой, айтқанды екі етпейсің. Бірақ, әнтек қорқақтаусың, маған ұнамайтын жерің сол.
– Қорқақ болып не істедім?
–Мәселен, кешке таман күн біраз толастаса сен бос арбаңды шарқылдатып, қайта қуғалы отырсың. Бастықтардан қорқасың.
– Ойбай, олардан қорықпаса бола ма?– дедім мен ойымның дәл үстінен түскеніне басқа жауап таба алмай.
– Ой, тәйір-ай, адам баласы адамнан қорқып не керек. Не қылады ол саған. Біреуді біреу жұта ала ма? Егер сенің орныңда мен болсам, ертең де осында қонар едім. Жер сабыр, жол батпақ, шөп су. Су шөпті маяға бассаң ертең-ақ тотияйын болып, тұтанып қоқси жөнеледі. Есі бар адам осыны біледі ғой,– деді ол аспай-саспай.
Оның сөзі маған да қамшы болды.
– Ал қонып-ақ қалайын. Сонда сіз маған бір жақсы әңгіме айтып беремін деп уәде беріңіз.
– Немене әңгіме?- деді ол менің бетіме бажырая қарап.
– Не әңгіме болса да мейлі. Мәселен өзіңіздің жастық шағыңыздағы әңгімелер болса тіпті жақсы.
Ой, құдай-ай, ол не керек? – деді ол теріс айнала күбірлеп.
Сізді батыр болған, көп жортқан дейді ғой?
– Әттең, балам-ай, осы елге көзі көрмеген істі айтсаң бәрі мақтан емес пе, “жоқ жоғалтқан жомарт, жолаушы мырза” деген сөз бар бұрынғыда. Оны қайтер едің сұрап?
Өзім де әңгімеге жасымнан құмар едім. Ақаң қанша қашқалақтаса да қоймадым. Үзіт болып, жалынып отырып алдым.
Ей, сен мұны қоқсытасың ғой тағы бір жерде,– деді Ақаң бір кезде икемге келген рай білдіріп.
– Одан қорықсаңыз айтпай-ақ қойыңыз,– дедім мен де әдейі оны егестіре түсіп.
Ой, көгерген-ай. Енді мені былайша жануын қарашы, дегенмен өзің бір қу немесің. Болмадың ғой жан-жағамнан ұтылып. Сонда маған не айт демексің?
–Қызық әңгіме айтыңыз. Жастық шағыңыздағы бастан кешкендеріңізді айтыңыз,- деп мен де үміттене, өзелене, жабыса бердім.
Ақаң бір талай уақыт үндемей отырып қалды. Насыбайын ерніне салып, шырт түкіріп тастап, ойланып отырып барып:
– Жастық шақтың әңгімесі дейсің бе? Айтайын, не десең де білгенімді, көргенімді айтам ғой… Иә, шынында да бұл сонау көгілдір жастық шақтың хикаясы,- деп алысқа қарап көзін жұма бір күрсініп қойды да, әңгімесін бастап кетті.
***
Тауға шықсақ та таққа отырғандай қуанатын халықпыз ғой. Тауда туып, тау бұлағына кіндік қанын жуып, таудың тұнық салқын ауасына үйренген адамның аңсайтыны, көксейтіні қашан да тау болады емес пе? Нелер биік заңғарларға, көк тіреген шыңдарға құмартасың да тұрасың. Сол биіктен аяқ астыңа қарайсың. Қай жағыңа көз салсаң да төбелер, жоталар, жондар жатады. Бірінен-бірі биік, бірінен-бірі мәртебелі құздар ереуілдейді. Ирек-ирек алып дене, сыры терең, құпиясы мол көгілдір дәу толқын бірімен-бірі жалғасып көз ұшына дейін көсіліп кете береді…
Адамның өмірі де осынау ұлы тауға ұқсайды. Оның үстіне ойлы-шұңқыры, ұра-жырасы көп, соқпағы жоқ, бұлыңғыр немесе тұманды күнгі таудың дәл өзі. Ал әркім өз өмірін беталыс-бағдары, жетер жері, барар тұрағы белгісіз бір ноқаттан бастайды да, басы ауған жағына қарай, өзі де сезбестен, ес-түссіз домалай берді, жылжи берді.
Оны былай қойғанда, әр дәуір, әр кезеңнің өз мұраты, өз тәрбиесі, өз сұрқылтайы болады. Шыр етіп жерге түскенде қайсысына кез болсаң, соған қарай иіліп, соның ығына жығыла бой созып, соған бағынышты бола отырып мәуелемеске лажың жоқ.
Мен білгенде бұл дүниеде өзгермейтін, өшпейтін бұрын да бұлжымаған, кейін де солай бола беретін бір шындық осы дер едім.
Иә, сонымен мынау енді не айтпақшы болып отыр дейсің ғой, бұл сонау баяғы замандағы әңгіме.
Ол тұста ұлан-байтақ далада, тау кеудесінде туып өскен қоңырқай елдің елдігі мен ерлігі де, бірлігі мен жаулығы да, дағдысы мен салты да өзгеше, соған орай сол елдің азаматы болған саған да сын бөлек. Қолтырмаш салып текпішекті ашамайға өбектеуден бастап тайға мінуің керек, атқа шабуың қажет. Ат жалын тартып мінген соң-ақ, қолыңа құрық алып, жылқы ішінде болуың міндет. Арысқа түсуің, жортуылға шығуың шарт. Әйтпесе, сен жігіт емессің. Ер де емессің. Түз тілеуін тілеп, үй күзеткен, от басынан оза алмайтын балалы қатынан да күнің төмен. Сондықтан да қазақ “ер жігіт үйде туып түзде өледі” деген емес пе!?
Біздің ауылды ел “Жексеннің ауылы” деп атаушы еді. Жексен менің әкем. Арғы атамыз дәулетті, бай болған. Сол байлықтың арқасында өз тұсында жаз жайлау, қыс қыстаулығын қалағаныша ойып-пішіп алған деседі. Бірақ, сол қисапсыз мал мен басқа қонған дәулет сол кісінің өзімен ғана тоқтапты. Барған сайын азайып, қазанның қаспағы жұқара келіп, әкемнің тұсына жеткенде, ата дәулеттің болымсыз жұғын, сарқыны ғана қалған екен. Мен ес білгенде біздікінде сусындық қана, шолақ айғыр үйір жылқы бар болатын.
Әкем марқұм қартайған шағында тұғырдан түсіп, қолындағы осы аз ғана қараң-құранды ене көкірек етіп отырып қалғаны болмаса, жас кезінен бастап атқа мінген, кәсіпті түзден қуған адам екен. Әр рудан саяқтап шыққан жылбурынды, пысық жігіттерді маңына жиып, қоныс беріп, бар мен жоқты солармен тең көріп, ашшы мен тұшшыны солармен бірге татқан көрінеді.
Олардың бұлай ірге қосуына ең алдымен әкемнің ата-бабасынан мұра болып, кейін қаңырап тұл қалған қыстауы мен жайлауы дәнекер болса керек. Аз ғана малды ауыл “сен, мен” деспей пішенін де бірге шауып, өрісін де тең жейді екен. Сонан соң әкем бір кіндіктен жалғыз болып, жалқы өскенімен дәулеті қайтпаған билік ұстаған жамағайын туыстарын да тірек ететін сияқты.
Әкемнің маңына жиналған он шақты үйдің ауқаты артықша болмағанымен, сайдың тасындай ірі, қысы-жазы белдеуінен ат кетпейтін жылбурынды, пысық жігіттері болушы еді. Әр үйден екіден-үштен атқа мінетін сайлауыт жігіттері әр қандай егер болған кездерде, кімнің тобына қосылса да қарсы жағын ойсыратып, ықсырып жұм тисетін. Ат үсті ұрысқа әбден жатылған кәнігі, кеуделі, өлермен, атпал азаматтар болатын. Бір жағы туыстық қарызы дегенімен, шынын қуғанда басқа көп ауылға тізесін батыра, ықтыра жүретін ел билеген жақындарамыздың біздің ауылды қанатының астына алып, қорғаштай жүруінің бір себебі де осы еді.
Осылай бола тұрса да біздің ауыл жаз жайлау, қыс қыстауда да жалпақ елден шеттеңкіреп, бөлегірек отыратын да, көзеулі бір кезеңдерде сығайлаған жігіттерін көз көріп, құлақ естімейтін қиян шеттерге бөліп-бөліп аттандырып отырушы еді. Олар кейде, Алтай тауының сонау батыс сілеміндегі арғын, найман жаққа, кейде арғы беттегі қалқа еліне бет алып, ұзақ жоғалып, ошарылып қайтып келіп жататын.
Мұндайда олар күн бұрын аттырын баптап қос-қолаңын дайындап, тас түйін болып алады да бірақ түнде зытып жоғалады. Бірер ай, кейде тіпті бірнеше айға дейін оралмайтын кездері де болады.
Ал келгеннен кейін не хикімет, қызық әңгімені солардан естисің. Кейде үрейлі, кейде күлкілі сан алуан оқиғалар ауыл адамдарына бір қанша уақыт жыр болады. Әсіресе, жолы болып, олжалы қайтқан кезде сарбаздарың еседі-ау келіп. Аузыңның суи құриды.
Сол жылы ел қыстаудан көшер алдында тағы да сондай бір жортуыл дайындығы болып жатты. Оның жай жапсарын мен де сырттай ұғынып жүрмін. Өйткені, көптен бері-ақ осындай бір жортуылға бір барып қайтуды, басқалар айтатын көп қызықты өз көзіммен көруді ниет қып, іштей елігіп жүруші едім. Бірақ, әкеме айтқанмен ұлықсат бермейтіні белгілі. Жас кезінде өзі де көп жортқанымен қартайып, қайраты қайтқан шағында жалғыз ұлы менен екі елі айрылғыш ойы жоқ.
Ол кезде мен де жылқының түнгі күзетіне, іңіртіне шығып, өзімше жігіт болып қалдым деп жүрген кезім. Оңаша шыққанда өзім құралпы жас жігіттер де көп әрбілеп, делебемді қоздырып, қайрап-қайрап қызықтыра беретін.
Осының желігі ақыры мені де шыдатпады. Әкемнің маңдайына басқан тәуір бір аты болушы еді. Тілін қылымен буып, соны жасырын жаратып жүрдім. Көзеулі күн жеткенде әке-шешеме білдірмей-ақ, лып етіп, еріп кетпекшімін.
Қашан жолға шыққанша жүрегім дүрсілдеп, ұйқым қашып жүрді. Мені жассынып, баласынып тастап кете ме дегенде зәрем жоқ еді, ақыры олар сертінде тұрды.
Тастай қараңғы бір түнді жастанып, жолға шыққан кезімізде, қос бастығы Ахмет аға да мені байқамаған екен. Ауылдан ұзай бергенде ғана бұрылып, бетіме үңіліп:
– Үй, сен қалай қосылдың? Қайтып келгенде Жөкең төбемізді қашап жүрмесін, – деді тізгінін тарта, екі ойлылау болып.
Жоқ, Ақа, атам өзі жіберді, – дедім мен де түйсінбей-ақ.
Әй, кім біледі?… – деп Ақаң іркіліп қалып еді, қасымдағы басқа серіктерім мен жақ болып шықты.
Былтырды тастап кеткенбіз.
Атасы риза болғаны шын.
Жүрсін бірге, – деп бірін-бірі қостай жөнеліп еді, Ахмет аға да мұнан ары қарысқан жоқ.
Жөкең ұрсама демесек, бізге мұның зияны жоқ. Болды онды жүрсін, ел көріп – жер көріп ысылып қайтсын, – деді атын тебіне беріп.
Міне, менің ең алғаш рет азамат болып атқа мінуім, еркек болып ел шетіне шығуым осылай басталды. Бұрын талай-талай қос бастап көрген, ел мен жер сырын алақандағыдай білетін Ахмет ағадан басқа төртеуіміз де үргіліжің жаспыз. Соның ішінде әлі ұядан ұшып, бау ашпаған маубас, шикі өкпе мен ғанамын. Көңіліме лықсып толған бір қуанышты желікпен, құрбыластарыммен ойнап-күліп, Ахмет ағаға ілесе отырып, құбыланы бетке алып, Семей қай жақтасың деп тарттық та кеттік.
Бір ғажабы, біз өз елімізден түнделетіп аттанғанымызбен былай ұзай шығып алған соң жасырынып, тығылмай-ақ әр ауылды қонақтап, көрінеу жылжи бердік. Кей ауылда бірер күн ерулеп жатқан кезіміз де болды.
Серіктерім шетінен өнерлі, сауықшыл жігіттер еді. Майын тамызып, құлақ құрышын қандырып ертек, қисса айтатын ділмар, заржақ та, шырқап салар ән иесі, сылдыр көмей, жез таңдай да, зарлы, шерлі күймен естігенді еңірететін сыбызғышы да бізден табылады.
Мен де мұндайдан тым қара жаяу емес едім. Домбыра да шертемін. Ән де тартамын… Не десең о де қайда барсақ та, қандай топ ішінде де сый-құрмет, “бәрекелдінің” иесі біз болдық. Зайыры серіктерімнің мені ертіп шығуға ыңғылды болуының мәні де менің қару-қайратым, ерлігім көзі жеткендіктен емес, осы өнерім ғана болса керек.
Құдай аузына салды ма кім біледі, барар бағыт, жөн жосығымызды айтуға тура келгенде, Ахмет аға мені нұсқап:
–Мына бір ініміз қайындап бара жатыр. Анау найман елінің болысы тәйшүбәр деген құдамыз болушы еді, соған аман-сәлемге кетіп барамыз,-деп қоятын.
Қойшы, сонымен әңгіме-қызық та бізде, ән мен күй, айтыс та бізде, сайрандадық та кеттік. Мұндайда адам күн есептей ала ма, таңды түнге, түнді күнге жалғаймыз. Үйден шыққалы дәл қанша күн болғаны да нақ есімде жоқ, бір зәурен өтсе керек. Мөлшері Семей тұсынан ары өтіп, тағы бірнеше күн жүргеннен кейін:
– Жә, жігіттер, межелі жерге таядық. Елді тастап иенді сағалайтын кез жетті енді. Сауық-сайран аяқтады деген осы. Ендігі қоналқамыз тау-таудың ұры қуысы, жан баспайтын дарасы болады. Түнде жортып, күндіз бекінетін сын сағаттың басталғаны осы деп біліңдер. Жинақы, ширақы, сергек болыңдар,-деді Ахмет аға бір жерге келгенде бізге ақылын айтып.
Қайдан шығып, қайда келе жатырмыз, нақ білмеймін. Ол кезде жер сыры, ел жайына әлі таныс емес кезім. Ылғи түнде жүріп, күндіз бекініп отырып елсіз, иен бір ну орманның ішіне паналадық.
Ахмет аға көп іске орамды, әсіресе, мынадай түздегі жүрістің бар сырына қанық, шалымды адам еді. Әр қандай істі күні бұрын межелеп, алдын-ала мөлшерлеп отыратын. Бірақ, анда-санда ғана кей нәрсенің жөнін білдергені болмаса, бізге ашылып сыр айтпайтын. Ақыл да салмайтын. Өз кеудесімен істейтін. Біз де оның қабағын бағып, ымымен жүгіретінбіз.
Бұрын түзге шығып ысылмаған деді ме екен, мені көбінде арт жақта, түнде бірден-екіден алып келген жылқыны бағып тұруға ғана қойды. Өзі де қасына көп адам ертпеуші еді. Әр жолы бірден ғана жолдас алатын.
Сөйтіп жүріп айналасы аз күн ішінде жиырма қаралы жылқы алдық. Қараңғы түн ішінде қалай танып, таңдап алатынын ол кезде мен де білмеуші едім. Әйтеуір, шетінен сайгүлік, суреттей сұлу, құлын мүсін саңлақтар.
Бізге қажеті – бір тайпа елдің бетіне басқан сетері, жорғасы мен жүйрігі ғана. Жылқы атаулыны шетінен бөліп қуып ала жөнелетін барымтаға келген жау емеспіз… Мына сарбауырға алдыңғы жылы көзім түсіп, қолыма түсіре алмай арманда кетіп едім, жануар биыл әрең дегенде ғана шылбырынан ұстатты-ау,– деп қояды Ақаң, есік пен төрдей сарбауыр аттың кекілінен сипап, өзінен-өзі мәз бола тұрып.
Келесі бір күні таңға таяу оралған кезінде:
– Мынау осы арғын, найманды тиған әсемкер деген айтулы жорға, үстінен су төгілмес майда қоңырдың өзі…- дейді, тағы бір жетегін табыс етіп жатып.
Сонымен, енді елге қайта бет алдық. Егер білгір, тәуіп бір құмалақшы немесе жауырынға қарап сөйлейтін әулие-көріпкелдің бірі біздің бұл сапарымызға арнап пал аша қалған болса: “Қырық бір маңдайда, алды ашық, көңіл орнықты, жүрек түзу, ешбір қауіп-қатер жоқ, құйысқаны қолпылдап, екі аяғы үзеңгіде, қос-қосармен, олжалы келе жатыр. Босағаға байланғалы-ақ тұр ” дер еді ешбір ойланбастан-ақ.
Бұл рет қайтар жолымызда біз әуелгі келген жазық, даланы тастап, жон тауға шығып алдық та, қайдағы қиын, ұры дараларға бекініп, кейде күндіз, кейде түн қатып жүрдік.
– Бұл кезде ұлы тау иен болды. Жолы күдір болғанымен, қатері жоқ. Ақ жабағы сары жондарға із де түспейді. Бұдан кешіксек жайлауға көшкен елмен ұшарласып қалуымыз да ықтимал. Ең кемінде, қоныс шалып-жұрт таңдаған бейсауат біреудің көзіне шалынып, соңымыздан қуғыншы түсіріп алуымыздың қаупі де жоқ емес,-деген Ахмет ағаның ақылы бойынша неғұрлым суыт жүріп, жолды ұту қамында болдық. Осындай асығыс, бірнеше күнгі сарпалдаң жүріспен бері таман келгенде ғана Ахмет ағаның ыңғылына қарап біздің де көңіліміз орнығып, арқымыз біраз кеңігендей болып қалды.
Айтайын деген әңгіменің қызығы да енді осы арада. Өткен қыста бүкіл Алтай сілеміне қар қалың жауған еді. Бірақ, көкек айының соңын ала күн маужырап, жылынып сала берді де, қар ерте кетті. Жылымық өтіп, жүйке-жүйесі босаған қарлы өлке аз-ақ күн ішінде ағыл-тегіл, ақтарыла қотарылды. Сай жыралар күндіз-түні бір тоқтамай қаурыт құлаған қар суларын біріне-бірі қоса жойқын тасқын қылып, Ертістің кең сабасына құйып беріп бірақ тынған.
Қыстайғы ақ күпісін шешіп тастап бір түлеген, бұрқырап бусанып бойына дымқыл нәр жинаған байтақ өңірдің қазіргі келбеті де бөлекше. Толықсып түрленіп, уылжып қайта оянған уыз жас шағы. Кіршіксіз пәктігімен паңсып, үр жаңа сәулетімен сәнденіп, ажарланған-таккаббар, керім-кербез бір кезі.
Даланың осынау келбетіне бізді қойып Ахмет аға да көп тамсанып, қызығып разы болып келе жатқан:
– Шіркін, биылғы көктемінің кереметі-ай. Шөп дегенің тасқа да шығыпты-ау өзі. Бір талайдан бері ерек көрген алшыным осы. Дәл осы мезгілде қашан көрсең-ақ жабағы болып кеп жатушы еді, – дей беретін өзінен-өзі күбірлеп.
Бұған мен де таңырқамай келе жатқаным жоқ. Шынында да мен өзім туып көрмеген көкорай. Бірер сай, бірер қобы ғана емес, жалпақ бір жазық, бүтін бір беткей, тұтас тау құшағы-бүкіл Алтай сілемі ат бауырын соғатын көк алшын, көк теңіз. Таңғы күн сәулесімен құлпырып, тау желімен наздана ырғалып мың құбылған жасыл толқын. Қызарып батқан күн шапағы мен жанданып, жалынша шалқыған қызыл күрең жон-жоталар.
Жан баспаған, мал тұяғы кетімеген, биылғы жаңа қызығымен көз тартып, жанданып келе жатқан сахара көктемінің қасиетін сол далада, сол шақта жортқан, дәмін татқан адам ғана түсіне алады. Ұлы табиғаттың адамға берер ләззәті-ай десеңші. Не деп айтсам жетер екен, қайсы жұпар, қандай тағам, қандай жеміске теңесем болар екен? Қышқыл ма, ащы ма, тұщы ма, әттең, осыған бір үйлесімді теңеу тауып дәп басып айта алмаған қуыс кеуде, ноған тілді де малданып жүрміз-ау… Қойшы, әйтеуір бір мұрынды жаратын, шаңырқаған жеңісігіңді басатын, көкірегіңді босатып, көңіл құсын шарықтататын жақсы лепес еседі. Жаңа көктемнен жастық иісі аңқиды. Хор қызының лебізіндей ме, сүйген адамыңның – уыз жас, балдырған сүйіктіңнің алқымыңа тиген алғашқы тынысындай ма… Иә, сөйтіп, балқытып, мас қып, табындырып, желпіндіріп, қоңыр самал аймалайды.
Мұндайда адам қанша жол басса да қажып-шаршап, жалығу дегенді білмейтін көрінеді. Күдір-жаттық, алыс-жақынымен де есептесіп жатпайды екен. Сол бір күндері қаншалық жол бастық, қай өңірде келе жатырмыз, оны мен де білмейді екенмін. Бір күні кешке таяу бір бұлақ бойына келіп түстік.
– Мынау бір аралықтағы иен өңір. Көш жолының қиындығы мен ұзақтығынан ба екен, мен білгелі бұл араны ешкім жайлап көрген емес. Алдымыздағы, артымыздағы ел де бұл арадан дардай шалғай. Бел шешіп демалмағанымызға да көп болды ғой. Бүгін бір жайланып жатып, қамсыз ұйықтап алыңдар. Даланың балауса төсегіне рахаттанып бір бас қояйыншы,- деді Ахмет аға тамақтанып жайланып алған соң.
Әрине, біз үшін ол не айтса да мақұл. Бір ауыз сөзі бұйрық, бұлжымай атқарылатын әмір. Жылқының күзетіне шыққан бір жігіттен басқамыз бырдай боп ұйқыға кеттік.
Өткен түнгі күзетті мен өткерген едім, оның үстіне Ахмет ағаның әлгі сөзі де демеу болса керек, еш нәрседен алаң болмай, сеспей қатқан екенмін.
Бір кезде қатты түршігіп, шошып ояндым. Жанымдағылар асығып-үсігіп қарманып жатыр екен. Әркімнің аузында шолақ-шолақ, қысқа, алқынып шыққан үрейлі сөздер.
Келіп қалда әне.
Жаяу басып қалады-ау.
Жүгір аттарға.
Тез.
Бол.
Шапшаң,- деген, ысылдап ақырын естілгенімен тағат таптырмас суық, кәрлі үндер. Әркім қос-қолаңын сүйрете ертоқымын көтере анадай төскейде жатқан аттарына жүгірісті. Алқын-жұлқын, ентігіп, ырсылдаған; арыпталас басталды да кетті. Біреулер атқа ерін салып, біреулер бекітуді керігінің аяағын шеше алмай сасқалақтап, абдырап кеткен кез. Біреуді біреу білер емес. Мен де өз атыма қарай жүгіріп келемін.
Тез, тез болыңдар, әне, бергі ойға түсті. Олар кезеңге шыққанша ана тұмсықтан айналып кетейік, – дейді Ахмет аға өзі де жанталасып жатып, бізді асықтыра түсіп.
Менің мініп шыққаным Жай күрең дейтін есік пен төрдей айтулы жақсы ат болатын. Ежелден сыр мінез, қойған жерінде тұратын, әсіресе, жалғыз жүргенде, иен жерде бос қоя берсең де маңайыңды айналып қана жайылып жүретін ежелгі ер серігі еді. Тұңғыш шыққан сапарымда осы атты таңдауымның бір себебі де сол естілігі. Қай жерге түнесек те шылбырын сүйретіп қана бос қоя бере салып келе жатқанмын. Маңында бірер қара болса болғаны, жануар еш қайда ұзамайтын. Жүгіріп барсаң қолға тұратын.
Басқалардың бекітулі аттары бір астаушаның аузында жайылып жүр екен де, менің атым олардан арырақ, бір тепсеңнің ортан беліне таяу бір топ жылқыға қара татып ұзаңқырап кеткен екен.
Ел бекітулі аттарына жалма-жан ер салып, абың-күбің болып жатқанда, бағанадан еш нәрсені байқамай отырып мына сұмдықтан кенет сасқалақтап қалған күзетші жігіт алдындағы жылқыны бел асырып қуа жөнелді. Үркіте қуған дүрліккен жылқымен қоса елігіп менің атым да бірге кетті. Таяп қалған қуғыншының сесі, үрейлі, сасқалақ желікпен жолдастарым мені байқаған да жоқ. Көзді ашып-жұмған аралықта бір кезеңді асып қарасын үзді.
Екі өкпемді қолыма алып сүріне-қабына арттарынан ұшыртып келемін. Айғайлауға дәрмен де жоқ. Оның үстіне мұндай қысылшаң шақта, жортуылдың сын сағатында айғай салып үн шығару, серіктеріңді шақыру ең қатерлі іс деп те құлағыңа құйатын үлкендер. Жігіт болсаң алдымен аузыңа берік бол. Өліп бара жатсаң да, етіңнен ет кесіп алса да, қыңқ етпе. Басыңа түскен тауқыметті не болса да өзің ғана тарт. Өз мойныңмен көтер… “Біздің оқитын сабағымыз, сыйынатын дұғамыз осы ғана.
Енді бір мезетте, сасқалақтап келе жатып артыма бір қарағанымда, қарсыдағы мойнақтан ыра төмен құлдилап шауып келе жатқан он шақты адамға көзім түсті. Аралығымыз тым қашық қалмапты. Бір сыдырым ғана жер екен. Алдымдағы кезеңнен асуым үшін маған әлі талай аралық жатыр. Осылай жүгіре берсем олар мені қазір-ақ қуып жетіп, тапап өте шығуында дау жоқ. Өкпем аузыма тығылып, аяғым ауырлап, әл-дәменім де құрый бастаған еді, құтылмасымды өзім де білдім де “балта көтергенше дөңбек жал табады” дегендей қарсы алдымда тарбиып жатқан, үйдің орнындай нән аршаның бір бұтағын көтеріп жіберіп, астыңа сүңгіп кеттім.
Мен ентігімді басып, әнтек тыныс тапқан әредікте қуғыншының дүбірі де таяп қалды. Еріксіз көзімді ашып, аршаның бүрінің арасынан сығалап қарай бастадым.
Ақ жал, ақ құйрық шабдар атқа мінген біреу топ алдында оқ бойы озып келеді екен. Дәл мен жатқан тұсқа таяй бергенде атының басын тартып, іркіле берді. Жүрегім аузыма тығылып, атша тулады.
“Байқап келе жатқан екен-ау мына кәпір” деп қорыққанымнан басымды жерге тығып, көзімді жұма бердім. Бақытсыз сәтті амалсыз, үнсіз күттім.
Бір ғажабы, олар менің қасыма келмеді. Шабдар атты кезеңге таман тартып еді, қалғандары да оның соңынан солай қарай ойысып дәл жанымнан салып ұрып өте шықты. Бірақ, тым ұзаған жоқ. Сөйлескен сөздері, аттарының пысқырған, жер тарпығанына дейін дәл жанымнан ап-айқын естіліп тұр.
Шіркін, жер екен ғой.
Көрімбай да бекер қызықпаған екен.
Ойбай-ау, ол да жер жасап жүр дейсің бе?
Дегенмен біздің мырза қапысын бір тапты.
Құтты, берекелі болса болғаны да,- десіп гу-гу етіседі.
Бойымды билеген қорқыныш әлі арыла қоймаған еді. – Ара-тұра кейбір сөздерді шалаңғырттау, болжалдап қана ұғып жатырмын. Олардың дауысынан өз жүрегімнің дүрсілі күшті болғаны ғой, сірә.
Олар осылайша гуілдесіп біраз тұрғаннан кейін, алғашқылардан мүлде бөтен шәңкілдеген бір дауыс дара шықты:
– Әз аға, сіздің ауыл анау қаңсардағы Ақбұлақтың бойына түссін. Нағашы, сіз жаңағы өзіміз өткен көк өзеннің бойына кереге жайдырыңыз. Ақа, сіз сонау көкжүрекке, Іреке, сіздің ауыл, анау қара жартастың маңына түссе қалай дейсіздер?- деді.
– Ал, мырза қайда барады?
– Біздің ауыл ма? Мен осы тепсеңді ұнатып тұрмын. Анау екі ағаш алтыбақан тепкенге әдейі атап жасағандай екен, сонысына қызықтым,- деді әлгі жіңішке дауыс тағы шіңкілдеп.
– Әй, балалық-ай деген. Мына жұрт тым жайлы емес қой, әнтек қиялау екен.
– Мырза бізге өкпелеп жүрмесін.
Бұған жауап ретінде әлгі жіңішке дауыс:
–Бағана әкем ерікті өзі бермеді ме маған. Ұнатпай жатса көзі көрер, кане, енді солай болсын. Айтпақшы, Іреке, жайлаудағы алғашқы ойын биыл сіздің ауылдан басталатын шығар?- деп сылқ-сылқ күлді.
Тағы бірдеңелер жөнінде біраз сөйлесіп тұрды да, көп кідірмей азғана топ, ат басын кері бұрды.
Мен әлі де дүдәмәл ойда жатқанмын. “Шынымен-ақ байқамай етіп кетер ме екен, әлде алдыңғы жұмыстарын бітіріп болып, қайта айналып келіп, басып қалар ма екен” деген үміт пен күдік арасында, қыл үстінде қылпылдай бастадым. Аршаның арасынан тағы да көз тастадым. Топты адам менен қиғаш беталыста өздері мен өздері әңгімелесіп, қамшыларының сабымен алдыңғы жағын нұсқап қойып, түзу кетіп барады екен. Мұны көргенде бойым қайта жазылып, арқам кеңи бастады. “Үһ” деп тыныстап қалдым.
Бірақ бұл тыныс ұзаққа барған жоқ. Басқаларды былай таман шығарып жіберіп, топтан бөлініп қалған екі-үш адам тұп-тура маған қарай жүрді. Манағы шабдар аттың мойны қалған екеуінен сәл оза, алдыда келеді. Үстіндегі жеңілтектеу келген жұқа өңді жігіттің екі көзі мен жатқан аршада. Әлде нелерді ақырын сөйлесіп, жақындап таяп келді. Мен қайтерімді білмей, көзімді жұма бердім.
– Сен екеуің аттарыңды анау ағашқа апарып байлаңдар,- деді бағанағы шіңкілдеген дауыс дәл жанымнан саңқ етіп.
Соның арасында аршаның түбіне келіп тоқтай қалған ат тұяғының сыбдыры ауыздықтың сылдырымен ілесе шалғын шөпті күрт-күрт еткізіп аттан түсіп жатқан адам аяғының дыбысы да анық білінді. Өне бойым қалшылдап, басымды бұға бердім. “Қолды болған деген осы-ау, енді қайтер екенмін” деп ойлап үлгіргенімше, үстімнен бір нәрсе жалп етіп басып қалды. Селқ ете түстім. Шошығаннан дыбысым да шығып кете жаздады. Әуелі орнымнан атып тұруға да аз-ақ қалып едім:
–Кім болсаң да қозғалмай жат, қорықпа. Кешке өзім шығарып жіберемін,– деді әлгі шіңкілдек дауыс ақырын ғана, сыбырлағандай жұмсақ үнмен.
Осы сөз мені тағы да аз-паз байырқалатты, жүрегімнің дүрсілін зорға басып, есімді жия бастадым.
Ол осыдан кейін тың тыңдап, жауап күткендей кішкене аялдап тұрды да, менен үн шықпаған соң атын жетелеп жүріп кетті.
Барған сайын ес тоқтатып, бойым үйреніп, өзіме-өзім тоқтау салып, ойлана бастадым. Жат-жер, жат ел. Маған мұндай рақым ете қояр кім бар мұнда? Оның үстіне, жай-бейсауыт жүргінші емен, жылқы алып келе жатқан ұры тұрсам. Шапағаты қалай түсе қалды бейтаныс біреудің? Әлде мені қорғап-қолдап жүрген әулие-әнбиелердің бірі ме екен? Құдай құлым деген адамға қызыр әулие жолығады деуші еді. Бақ болып, дәулет болып дариды дейтін. Бұл жөніндегі бір талай аңыздарды естігенмін. “Ол ең тәлейлі, жұлдызы жанған адамға ғана көрінеді. Кейде түсінде, кейде өңінде де кезіге береді. Бірақ, ылғи өңі жылы, ақсақалды шал болып жалғыз келеді, басқа пенде атаулыдан бір ғана парқы – оң қолының бас бармағы болмайды” дейтіндерді білетінмін. Ал менің мына көріп тұрғаным уыздай жас жігіт. Иә, бұл мынадай елсіз, иен тауда кез болған жын-шайтан емес пе екен?! Үстімнен зілдей болып басып жатқан албасты болып жүрмесін. Ерте де естіген бір сөздерде: “Иен қыстауда, ежелгі күл – күресіндерде шайтан болады, зинахор әйелдерге, өтірік куәлік берген жалақорларға, біреудің ақ малын, адал қақысын жеген сұмпайыларға ілесіп, соларды иектеп, соларды жақтайды. Кейде олар иен – түзде кәдімгі адам бейнесінде жасанып көрінеді. Сұлу – сұлу қыз болып алдайды, сықылдап күледі, тәтті сөздерімен азғырады, желіктіреді, ет пен терінің арасына сіңіп алып жадылайды. Арамдыққа, зұлымдыққа, күнәға бастайды. Айтқанына көніп, алдағанына жүрмесең сиқырымен арбап, қап – қара қанатымен басып тұншықтырады. Өте оқымысты молда адам болмағанда, жай мұсылман оларды айырып тани алмайды. Тек жүріп кеткен ізінен ғана білуге болады. Шайтанның өкшесі болмайды…”. десетін еді бір молдалар көзбен көргендей түсіндіріп.
Мұны ойлағандар қарадан-қарап тынысым тарылып, тұншығып бара жатқандай қысылып кеттім”. Рас-ау, мен де біреудің алал малын ақысыз, пұлсыз айдап келе жатпаймын ба?! бір пәлеге тап болмасам несі кісі. Жаңағының сыбырлаған сөзі де жат қой. Әруейдің өзі болмасын. Еркек адамның дауысы осындай жіңішке болатынын өмірі естіп көрмеп едім ғой…“ Әттең, өкшесіне қарар ма еді…” деген бір үрей келіп тығыла береді алқымыма.
Өлмеген соң адам бәріне көнеді ғой. Басы жұмыр пенде басқа түскеннің бәріне де шарасыз емес пе. Бастабында шошисың, үрейленесің, қысыласың… ақыры “нар тәуекел” дейсің де, ақылға тоқтайсың. Мен де осылай түзеле бастадым. Ақырын абайлап байқасам, үстімде жатқан ертоқым сияқты. Алғаш үстіме тастай бергенде үзеңгінің қағысқан шылдырында естігендей болып, өз құлағыма сенбеп едім. Міне, аттың тері сіңген таныс қышқыл иіс те аңқып тұр. Мынау құлағымның тұсын жанап салбырап түсіп тұрған жіңішке қайыс қанжығасы болар. Қолдың майын сүртіп уқалап жұмсартқан кәдімгі қанжыға. Ғажап дүние, бұл қалай болғаны? Несі екен мұнысы?
Еш нәрсенің байыбына бара алмай, әңкі-тәңкі болып қанша уақыт өткенін де мөлшерлей алғаным жоқ. Бір кезде бағанағы аттылар келген жақтан алуан түрлі дыбыс естіле бастады. Адамдардың дабыры, шалғынды есіп келе жатқан ат тұяғының сусылы, түйенің табанында күртілдеген шөптің сықыры…
Бойыма қайтадан жан кіріп, көзімді ашып, ептеп қарай бастадым.
Түйелі көш таяп қалған екен. Кілем-кілше жапқан бай ауылдың көші. Үштен-төрттен бір тізбек болып, найқалып басып, шұбатыла тіркелген сартабан атандар. Көш алдында бие қарын, мінген арқалы ат кексе бәйбішенің маңайы кілең жорғалы, жалт-жұлт еткен күміс тұрманды сәнді киінген қыз-келіншек. Көштен шетірек, өздері бөлек бір топ болып келе жатқан еркектердің бірнешеуінің қолында бүркіт, қаршыға.
Бағанағы жұқалаң қызғылт өңді жігіт алдыңғы тізбектегі түйелерді мен жатқан аршаға таяу әкеліп тоқтатты. Бақ-бақ етіп түйелер шөгерілді. Тең-тең жүк, сырмақпен ораған сандықтар, су жаңа, жосасының өңі түспеген, шымқай қызыл үй ағаштар түсіріліп, шалғынды жапыра сегіз қанат кереге, құлашын жайды да, үлкен ақ боз үй тігілді. Оның қасынан мен жақ шетке кішілеу ақ отау шаңырақ көтерді. Онан соңғысы да ежелден таныс күйбіңдер: далада қалған мүлік –жабдықтар үйге тасылды. Есік алдына от жағылып, мосыға шәугімдер ілінді. Аттардың ері алынып, оңаша апарылып, қаңтарылып байланды.
“Әттең, кешті қолға берсе, көз байлана бастаған апақ-сапақ шақта ана аттардың біреуіне тақымым тисе, мынадай тау ішінде қайысқан қалың қол қуса да бір амалын тауып, көз жаздырып кетер едім…” деп ойлап қоямын, түйілулі тұрған аттар жаққа әлсін-әлі қарап қойып.
Менің осы ойымды сезгендей бағана маған тіл қатқан жұмбақ жігіт те үйге кірген жоқ. Есік алдына үлкен қара ала сырмақтың үстіне қабаттап көрпе жайдырып, құс жастыққа шынтақтай отырып, шайды да осында алдырып ішті. Ауық-ауық мен жатқан арашаға да қарап қояды. Кейде көзінің қырымен шолып өтіп, қарамаған кісімси қалады. Мені сыртымнан бағып отырғаны анық.
Алғашқы қорқыныштан сейіліп бойым үйірлесіп қалған соң, мен де әр нәрсенің қылпын жібермей, жіті қарап, аңдып, бағып жатырмын. Орай шыға қалса қайсы атқа, қайсы жолмен, жүгіріп баруым керектігі жөнінде де есеп соғамын. Қай үйде қандай адам бар, жігіт саны қанша, мұны да іштей межелеудемін. Мұны қойғанда, өзіме титтей қажеті болмаса да анау бәйбішенің, отырған қазаншы әйелдің, көзіме көрінгеннің бәрінің өңі-түсін, киген киіміне дейін қарап, байқап отырмын. Әсіресе, көңілімді алаң етіп көп бөлген-дәл қасымда шынтақтап жатқан мына бір жігіт. Түсі жылы, талдырмаш келген жіңішке денесі бала бейнелес. Әдемі көздерінде мүләйім, әдептілік бар. Қай қылық, қимылына қарасаң да қулық-сұмдықсыз момындық байқалады. Тұлғасы да сындарлы, уыз жас нұсқа.
Менің ендігі бір таңданған нәрсем осы бала жігіттің өңінде әлде қандай бір кірбең, жүдеулік бар. Анда-санда қабағын тұйықсыз шытынып қалғанына қарап сырқат па екен деп те ойлап қаламын. Кейде, бір нәрсе жөнінде ауыр ойға шомғандай қабағына салқын бұлт үйіріліп, сұлық отырып қалады. Енді бірде сырт жағынан тықыр еткен тосын аяқ дыбысынан да селт етіп үркіп кетеді.
Ақыры аршаның арасына шашқан ала теңбіл сәулелерін сыпыра жинап алып, биік қара шоқының бір шекесінен күн де асып жоғалды. Төселген ұрыша ептеп қана кешкі қараңғылық та зілдей салмағымен тау қойнын қымтай бастады. Желсіз тымық, тынысы ауыр масыл түн енді бір сәттен соң еңкейе төніп келіп, қап-қара құшағына орап жіберіп, ешкімге көрсетпей мені де жалмап, жұтып қоятындай аранын ашып келеді.
Алдыңғы бір кездер де, жортуыл тұсында түннің айсыз, қараңғы болуы таптырмайтын сәтті орай, үлкен олжаның қара қоржыны сияқты сезілулі еді. Бүгінгі кештің сұрқы онан бөлек. Бейбақ жанға сұғын қадаған қаралы кештің алғашқы белгісіндей ызғырлы да суық.
Қазір да менің тырп етер амалым қалмаған еді. Бағана күндізгі “ түнді қолға берсе…” деген үмітім де құр дәме, бос далбаса болып шықты.
Күн ұясына кіре берген кезде әлгі жігіт те сырмағын маған жақындата сүйретіп әкеліп, аршаның шеткі бұтақтарын баса шынтақтап жантайып жатты да алды.
Үлкен үй жақтан:
–Қарағым Еркеш-ау, бейуақыта далада нағып отырсың? Үйге кірсеңші күнім,- деген мосқал әйелге де:
–Қазір, апа, кіремін ғой. Өзіңіз бері келіңізші,- деп алып, шылауышын сүйретіп, ауыр басып қасына келген денелі, семіз бәйбішіге,- қарашы апа, анау биік қоңыр белдің ар жағындағы ал қызыл арайға қараңызшы. Қандай кіршіксіз тұнық сәуле. Аппақ мүсіні қандай пәк. Сіздер көп айтатын бақыт дегеннің түсі соған ұқсай ма? Шіркін, шомылар ма еді барып. Ал енді анау жұлдызға қараңызшы, қандай жарық. Лүпілдеп соғып тұрған жүрегі қандай аяулы. Байқадыңыз ба?- деді еркелеген дауыспен.
Шешесі оның басынан сипады:
– Сенің сөздерің қызық болып барады ғой құлыным, қайдағы жоқты айтасың. Жұлдызда жүрек бола ма екен, күнім-ау,- деді мәпелей, маңдайынан иіскеп.
Шешесі кеткен соң Еркеш ақырын ғана бір күрсініп алды да, көпке дейін үн-түнсіз отырды. Бір қауымнан соң тағы бір рет күрсінді. Онан кейін мұрнын бір-екі рет тартып қойды. Бастабында “жылап отыр ма екен” деп те ойлап қалып едім, бірақ, әлгіден басқа жылаудың да ешбір белгісі білінген жоқ.
Күн қараңғы түсіп кеткен еді. Енді оның бет-бейнесі де маған анық көріне қойған жоқ. Оның үстіне ол бұл кезде маған ту сыртын беріп отырған сияқты болатын.
Тағы бір қауым уақыт өткеннен кейін ғана ол маған бұрылып:
– Кім болсаң да қорықпа. Қашып құтыламын деп те үміт етпе. Менің саған қылдай зияным тимейді. Қолымнан келген көмегімді аямайтыныма әлі-ақ көзің жетеді, – деді сыбырлап.
Мен үндегемін жоқ.
– Өзің ұйықтап жатқаннан саумысың? Үндемейсің ғой?-деді тағы да.
– Ояумын,- дедім аузым сөзге әрең келіп. Даусымның оған естілген-естілмегенін де білмеймін. Әйтеуір, ернім жыбырлағаны хақ. Десе де, осыдан кейін көкейімде болар-болмас үміт ұшқыны тіріле бастады. “Бәлкім құдайдың маған бір болыстығы болып, мына бір мұсылман баласының көңіліне таупиық енгізген шығар. Жамандық ойласа бағанадан бері де мен сияқты мүсәпір, жалғыз ұрыға қолынан не келсе соны істеуіне болатын еді ғой. Не болса да тәуекел. Маңдайыма жазылған бір нәрсе бар шығар,”– деп ойладым ерленіп.
Ауыл маңы жым-жырт, тыныштыққа шома бастады. Даладағы оттар сөніп, жер бетін жылтсыз қараңғылық бүркеді. Ел аяғы басылып, мүлгіген түннің меңіреу, суық шытқыл райы қалыңдай түсті.
Сол кезде:
Ал батырым, тұр орныңнан. Үйге кірейік, – деді Еркеш үстімдегі ертоқымды көтеріп алып жатып.
Таңертеңнен бері қыбырламай сіресіп жатып, үйелеп те қалған ұқсаймын. Созылып әрең көтерілдім. Еркеш үлкен шойын құманды алып келді:
– Алдымен беті-қолыңды жуып ал,– деді, әлі де сыбырлай сөйлеп. Бір-ақ күн ішінде еріндерім кезеріп, жарылып кеткен екен. Түтігіп әзер шыдап жатқанмын. Бетімді жуған судан аузыма сор дәмі татиды. Таңдайыма жабысып, құрғап қалған тілім де енді ғана жанданғандай сезілді. Жуынып болып, Еркешке ілесіп үйге ендім.
Кірген үйіміз шеттегі отау. Ішінде адам жоқ, иен екен. Сығырайған май шамның ала көлеңке жарығында күдікті көңілмен айналма қанша қарасам да екеуімізден басқа ешбір адам пендесін көре алмадым.
– Егер, біреу-міреудің тықыры біліне қалса, мына жүктің артына тығыла қал,- деді ол маған төр алдындағы жүкті нұсқап,- әйтпесе, түн ішінде мұнда ешкім келе қоймас. Үлкендердің бәрі де ат соғып шаршап келді де, ерте жатып қалды. Түн ортасынан көшкеміз,– деді ол тағы да менің көңілімді орнықтыра түсіп.
Менде үн жоқ. Айтқанының бәрін мақұлдап, басымды изеп қойып қана отырмын.
Ол алдымен керегенің басынан торғауыт торсықты алып келіп, сырлы аяқпен қымыз құйды. Онан соң тоңазыған ет тартты.
Кенезем кеуіп, қарным ашып әрең жатқан мен қымыз бен етке бас қойдым. Үй иесі өзі де менімен бірге ішіп-жеп отырды. Бір аңғарғаным екі көзін менен алмайды. Қымызды асықпай, сыздықтата жұтып отырып, аяқтың үстінен де көз қиығын салады. Табақтағы етке сараң ұмтыла отырып та қарап қояды. Танитын адамша қадалып, ойланып қалады. Мен де анда-санда ұрлана қарап қойып отырмын. Еш жерде көрген адамыма ұқсамайды. Тіпті күндізгі жарықтағы бейнесінен де ешқандай түс таныстық белгі таба алмаған едім. Үнсіз бағысып, тіс жармай аңдысып отырмыз.
Дастарқан жиылған соң, әңгімені ол өзі бастады:
Жә, жігіттім, жөніңді ұғыса отырайық?- деп бір қозғап қойды.
Мен ойланып қалдым. “Не десем рауа, әлде алдап бар сырымды біліп алғалы отырған бір қу болмасын. Ал шынымды айтпағанда не деп жалтарғаным абзал, өтіріктің де ебі, қисыны керек қой…”
Менің бұл қиналысымды ол да сезген болса керек. Енді тіке сұрады:
Қай туған боласың?
Орта жүзденмін.
Оның ішінде?
Кереймін.
Ім,- деді Еркеш азырақ жымиып,- кең қолтық керей деген сен екенсің ғой.
Осыны айтып ол да біраз іркіліп қалды. Мен іштей қипыжықтап қысыла түстім. Оның ендігі сұрағын қалай беттетсем болар екен, ол да сеніп, өзім де сытылып аман шығатын қандай жауап бар? Жау қолында шынын айтып ақтарылу ер жігіттің басына намыс. Әуелі, ездіктің белгісі. Ол сенің бір басыңмен ғана кетпейді, еліңді жаман атқа қалдыру, руыңның игі жақсыларының бетіне шіркеу келтіру, жолдас-жораларыңды ұстап беру, ең аяғы өзіңнің жігіттік сеніміңді кетіру сынды көп жақты шарпиды. Өз маңдайыңа да өле-өлгенше, сүйегіңмен бірге кететін қорлық, ынжықтық таңбасын басады. Сондықтан, мен бұдан кейінгі сұрақтарға ішкерілеп келе жатқан таныс-білістік жәйіттерге қашқалақтап, жалтарып жауап беруге іштей дайындала бастадым.
Бір жақсысы Еркеш онан ары қазбалап сұраған жоқ. Оның есесіне:
– Мұнан ары тәптіштеп сұрай бергенімен нақ шыныңды айтпайтыныңды мен де межелеп отырмын. Өйткені, сен жортуылшысың. Нағын айтқанда ұрысың. Таңертең мен сендерді сонау арғы қырқадан, кезеңге шыға келгенде-ақ көріп қалдым. Бір тәуірі менен басқалары өздері мен өздері болып, гуілдесіп келе жатып байқай қоймапты. Егер сен де жаяу қалып аршаның арасына кіріп кетпеген болсаң, біз сендерді қуып жетіп айқаспасақ та, бір састыратын едік. Ал маған сендей бір адамның қажеті бар еді…
Оның үстіне сендер қанша жылқы қуып келе жатқандарыңмен, менің өз ауылымның малы аман. Албаты біреуге соқтығудың бізге не керегі бар. Сондықтан да өзіңді, міне, өз отауымда елден ұрлап күтіп отырмын,- деді менен бұрын өзі алдыма түсе, шешіле сөйлеп. Сонан соң тағы да бір сыпыра уақыт үндемей, ойланып отырып қалды.
Нешедесің?- деп сұрады бір кезде.
Он тоғыздамын.
Осы сапар алғашқы атқа мінуің болар?
Иә,- дедім мен бұлтара алмай.
Бәсе, мен де солай ойлағанмын. Егер ысылған, жырынды біреу болса, жұртта лағып қалып, аршаны паналай ма? Дегенмен ақылың бар екен. Сасқалақта ес табудың өзі ерлік. Егер сол беті салпақтап қаша берген болсаң, біз сені сол заман, адымыңды аштырмай ұстап алатын едік. Одан соң тырдай ғып соғып, байлап тастауымыз да кәдік емес. Жә, ол солай бітті ғой. Енді мен сенің жөніңді сұраудан бұрын өзімнің кім екенімді айтайын: Бұл ауыл-Естемес деген байдың ауылы. Мен сол кісінің жалғыз баласымын. Әкем осы өңірдің абыройлы адамы, әрі мырзасы. Өз теңдестерінен мойны озық дәулетті адам. Мен ес білгелі ешкімге есесін жіберіп, әттеген-ай дегенін білмеймін. Мұны мен саған мақтанға бола айтып отырғаным жоқ. Әншейін сөз сырағысы ғой. Осы жайлаудағы мына қонысқа да Көрімбай деген атақты баймен таласып қалып, жылдағыдан бір жұма ерте көшіп келіп отыр,- дей келіп ол тағы да біраз бөгеліп қалды. Сонан соң сөзін қайта жалғап:
– Иә, оны қойшы, мен саған бір нәрсе айтайын. Егер астыңа бір жарамды жақсы ат тауып берсем, еліңді таба аласың ба?- деді төтесінен бетіме барлай қарап отырмын.
–Табамын ғой, таппағанда,- деп жібердім мен қуанып кетіп алдына түсе сөйлеп.
Еркеш күліп жіберді. Мен өзімнің қапы соғып, шырғаға түсіп шын ниетімді ақтарып алғанымды сонда ғана сезіп, “қап” деп қалдым.“Мен көп ешнәрсе білмеймін, елімнің қай жақта қалғанын да ұқпаймын, әйтеуір дүрмекке ілесіп шығып кетіппін. Ылғи түнде жүрдік те бағдардан да адасып қалыппын…” деуім керек еді. Бұлай бұлтарғанды қойып, білетінімнен гөрі де асыңқырап бөсіп кеткенімді артынан аңғардым. Шынын қуғанда, ауылымның қайда қалғанын өзім де нақ білмеуші едім, көңілімде шығыс жақты бетке алып, жүре берсем бір табармын деген досайсома меже ғана болатын.
–Неше күншілік жер?–деп сұрады Еркеш онан ары қазбалай түсіп.
Мен күмілжіп қалдым.
– Әй, оны дәл басып айта алмаймын,–дедім міңгірлеп.
Еркеш тағы да жымиып қойды.“Мені мазақ қып, тәлкек етіп күліп отыр-ау” деп мен онан ары жасып, қысыла бастадым. Көңіліме келген бұл түйінді тағы да Еркештің өзі таратты. Қайтадан жуып-шайып, майдалай жөнелді.
–Оның да өтірік емес. Сендер ылғи түн қатып жүрсеңдер керек. Жәнесінде сен бірінші рет басып отырған жер ғой. Мөлшерлей алмауың да мүмкін. Солай ма?– деп бір тоқтады.
– Солай,– дедім мен басымды изеп.
– Енді тағы бір сөз бар,– деді ол қабағын түйе ойлана сөйлеп, – бұл бәрінен де маңызды сөз. Менің бір жұмысым бар. Мұны-осы өңірдің, өз елімнің адамы емес, өзің сияқты ел-жұрты басқа біреудің көмегімен істеуім керек. Әйтпесе, мен секілді бай баласына азамат жігіт табылмай отырған жоқ. Тиісті ақысына жалдап алуыма да болар еді. Өзі онша қауіпті жан қинайтын да жұмыс емес. Әнтек құпия, кілтең жері бар. Егер жігітшілік етсең мен сенен осыны ғана қолқалар едім. Бұған не дейсің?-деді.
–Алдымен айтып көр,-дедім мен.
Еркеш күліп жіберді:
–Қызық екенсің, бұл көрінгенге айтып сарапқа салатын іс қой деп пе едің? Уәдеңді берсең, аузыңнан ант алып отырып бірақ айтамын, – деді кескін түрде.
Мен ойланып қалдым. “Әуелі осының есі дұрыс па”-деп те күдіктене бастадым. Бір сөзді айтып келе жатып, шорт доғарып, енді бір сөзге ауысып кететіні қалай? Серімас, әңгүдіктеу бірдеңе болып жүрмесін, бұның тіліне еремін деп мұнан да үлкен пәлеге қалып жүрмейін…Әй, жоқ. Көп сөзіне қарасаң оп-орнықты, ақылды, зерек жігіт тәрізді. Ар жағынан түсіп терең ойлайды. Адамға қараған көз жанарынан да бір түрлі жағымды рай, мейірбан, естілік байқалады. Сыпайы, көргенділік сездіреді. Бірақ, бұған қарап тон пішу де қиын. “Адамның аласы ішінде” деген емес пе, а дегеннен уәде беріп алғаныммен арты қиынға соғып, арандатып жүрсе қайтемін. “Ердің екі сөйлегені өлгені”- деген тағы бар. Бір айтсам қайта алмай қалармын. Онан да не десе о десін, ойланып-толғанып алып бермеймін бе жауабын…”-деп қорыттым ойымды. Сонымен:
–Уәде беру оңай. Орындау қиын ғой. Егер қысамайтын болсаң алдымен қабырғаммен ақылдайсын. Ойланайын. Сонан соң бірдеңе десем қалай болар екен?- дедім сөз аяғын кібіртіктей сүйей салып.
Бұлай деп айтарын айтсам да, артынан тағы қобалжып қалдым. Ашығын айтқанда қазір мен қолдағы адаммын, күнәлі, айыпкер жанмын. Ықтай жалдап, айтқанының бәрін мақұл деп изектей бермей, көңілін қайтарып, ренжітіп алсам, тағы бір кеселге душар болып қаламын ба деп те уайымдап едім.
Еркеш бұлай қарамапты.
– Мұның да жөн. Уәде оңай, орындау қиын деп дұрыс айттың. Ойланып көр, бірақ, тым кереғар, пәлелі жұмыс екен деп шошыма,- деп аңқ ете түсті де, сөзін басқа арнаға бұрды. Онан соң алдымен мынаған келісейік, – сен қашпайсың. Мен саған залал келтірмеймін. Ал осыған уәде бере аламысың, айтшы кәне?- деді соңында.
–Оған мақұл. Сен сөзінде тұрсаң, мен айтқанымнан қайтпаймын.
–Мен сөзімде тұрмасам мұны саған айтпас та едім.
–Ондай болса мен тұрдым.
Келісіміміз осы болды. Ел көзіне түспеу үшін түнде қол-аяғымызды жазып, еркін көсіліп осында жатып, күндіз жүктің артына тығылып жасырына тұратын болдым.
Жатар алдында сыртқа шықтық. Бір талай отырып қалған екенбіз. Ай әлде қашан батқан. Түн тастай қараңғы болса да, жеті қарақшының еңкейіп бара жатқан басына қарап таң таяп қалған-ау деп мөлшерледім. Соны жайлаудың салқын ескегі өн бойымды тітіркендіре, аңқылдап есіп тұр. Маңай жым-жырт. Алып тау денесі өлі, ұйқы құшағында. Сол тыныштықты бұзып, анда-санда аяқ жақтағы қой ауылдан еріншек бір маң тәбеттер нарау ғана маңқ етіп қояды. Аюдан сақтанып, қора шетіне жағылған оттардың жарығы да өлеусіреп, өшкіндеп барады. Анадай шетте, қарағай түбінде таң асырған аттардың пысқырғаны да түңгі мылқаулықты елең еткізеді.
Түңгі салқын ауа желпіндіріп, бойым сергек тарта бастады. Мынау, тұңғиық-түпсіз түн құшағы, анау аттардың тықыршыған дыбысы көңіліме басқа бір лоблу түсірді. Менің мынау тұтқын халіме жаны ашып, бостандыққа, еркіндікке шақырғандай ерлік қимыл, тосын қайратқа меңзегендей жұлдыздар да көз қысып ымдап тұрған секілді.“Әттең ат жалына қолым бір тисе…”-деген оймен қайтадан алақыза бастадым. Бірақ, Еркеш те қасымнан екі елі қалар емес. Ұрып тастап, күшпен кетуге де батылым бармайды. Бұрын жекпе-жек айқасып көрген жерім жоқ еді. Оның үстіне, адамдарды дене бітіміне қарап, сырттай жобалау деген де қиын шаруа. Мына сияқты кәнтиген қатпалардың да не бір диюлары болады. Мейіз боп қатқан қайың шоқпардай шыдамды, ұстаған жерінен айырылмай тістей қатып қалатындарда кезігеді. Адамның ерекшелігі қашан да көмескіде жасырын жатады. Сыртынан қарағанда қарқарадай болып көрінетін не бір денелі, құж жігіттердің де шынашағыңа ілінбейтіндері көп. Біздің ауылдан мұндай хикіметті әңгімелердің талайын естисің. Өз әкем де жас күніндегі бір аусарлығын, аңғалдығын айтып бізді таңғалдыратын.
– Жігіт кезім еді. Қаруым толып, жастықтың буымен жан шақ келтірмей қылшылдап тұрған, ұрынарға қара таба алмай, көрінгенге соқтығып жүрген кеуделі кезім,- деп бастайтын әңгімесін,– ел көшіп иен қалған бір тау ішінен астында жайтаң қаққан ақ боз аты бар жұдырықтай ақ шолақ шал, жолдың көлденең бір салмасынан келіп қилыса кетті. Сәлемдесіп, амандасқан соң, ана-мынаны айтып әңгімелесіп бірге келе жатырмыз. Зайыры, мен бұл жаққа жүрмекші емес едім. Бағытым басқа болатын. Бірақ, а деп кезіккен жерде-ақ шалдың астындағы атына қызығып, көзім тұнып кетіп еді. Жануар жылқы-ақ екен. Деген боз баланың аты. Алды аяңдап, арты желіп ауыздықты сүзіп тастап, аяғын әсем тастап алшаң қағады. Кеуделеп омыраулап басадым. Қос құлағын қайшылап, елең қағып, селтеңдеп еліктіріп отырады.“Шіркін мынаны қолыма қалай түсірсем болар екен”деп есі-дертім соған ауа берген. Ес-түс жоқ тарпа бас салуға шалдың мына саяқ жүрісінен де қауіпсініп, жүрексініп келемін. Өзіне-өзі сенбеген адамның мұндай иенде жалғыз жүруі кәдік. Алда-жалда жерді құртқан бір кәрі шораяқ болса өзімді оқыс қып кетуі де мүмкін ғой. Ал, әлде мөңдібас біреу болса аттың үстінен жалғыз қолыммен де жұлып алуыма болатын ешкінің асығындай мұжық бірдеңе. Талай жерде құнан өгіз шығар бұйрабастарды ат үстінен іліп әкетіп жүргемін. Қара күшіме әбден сенімдімін. Бірақ, мына шал есуас адам болмаса ешнәрсені кәперіне алмайтын, елең етпейтін нақ сабаздың өзі сияқты көрініп кетті көзіме.
Сонымен ойлана келіп “алдымен бір байқап көрмеймін бе” деген жерге келдім. Жөн сұраса келе, шалға:“жездем екенсің”-деген сылтаумен қылжақтай бастадым. Бір рет ебін тауып, жауырынынан қапсыра ұстап, ырғап-ырғап байқап көрсем, бәлекет, құйып қойған қорғасын жол қалсын, былқ етіп, мизер емес. Ішімді тарта қойдым. Алғашқы әптікпен әулекілене келіп тисе кетпегеніме шүкір дедім.
Аз жүрген соң шал бір топ талдың түбіне келіп атынан түсті де:
– Ей, көк соққан әумесер неме, анадан жуантықтауынан бір тұтам тал кесіп әкелші-, деді мені жұмсап.
Айтқанын екі етпей бір тұтам тал кесіп әкелдім. “Тағы осындай біреу әкел”-деді, оны да әкелдім. Сонан біреуін қолына алып, оң қолымен уыстап қолын жоғары көтере тістеніп, қатты қысып тұрып қалды. Сол кезде саусағының арасынан жас талдың сарсуы шып-шып шығып, тамшылап тұрғанын өз көзіммен көріп шошып кеттім. Біраздан соң шал қолын түсіріп, алақанын жазып еді, жаншылып кеткен ағаш талшықтары жік-жік болып саудырап қалған екен.
–Жә, жігітім, андағы талды менше қысып көрші,– деді ол менің алдыма алақанын тосып.
Мен үндей алмай сілейіп тұрып қалдым.
–Ондай болса, отыр мұнда,– деді шал көк жасаңға жеп-жеңіл отыра кетіп, – мен саған бір ақыл айтайын, жас басыңнан мұндай әптік болма. Жаңа сен мені жездесініп ойнаған болып, ырғап көргенде, ниетің басқа болатын. Егер менен басқа біреу болса осы күнде мына ақ боз ат сенің қосарында кетіп бара жататын еді. Сен мынаны біліп қой, барлық адамның қару-қайраты күрбиген денесінде болмайды. Алғашында сен мені өзіңше бөктер қыстаған елдің тесесіндей тәутиген бір жаман шал деп алымсынбай келе жаттың ғой. Менің атым-Ақбалуан. Естіуің бар ма еді?– деген кезде, мен кірер тесік таппай кеттім. Ақбалуан мұқым Алтай, Сауырға әйгілі, құдықтан түйе жұлып алған балуан деп еститінмін. Шалдың сөзі маған қамшымен көзге ұрғандай ауыр тиді. Қайтерімді білмей аяғына жығыла кеттім.
–Ататай-ай, жаздым-жаңылдым, айтқаныңыздың бәрі рас, кешіріңіз мені. Бір жолға кәріңізді төге көрмеңіз, айыбым үшін астымдағы атымды алдыңызға тарттым…– дедім безек қағып.
–Болды. Мұның да білгендік,– деді шал қасыма жақындай жылжып отырып жатып,– ер атағын алам десең, әр істі ақылмен қыл. “Ердің ерін көрсең тақымында күлерсің”деген аталы сөзді ұмытпа. Жә, атыңа мін де, жолыңа түс. Жолың болсын,– деді де аттанып жүрді де кетті,-дейтін еді әкем баяғы замандағы бір әңгімесін есіне түсіргенде.
Маған ақыл-серік болып, сақтандырып жүретін де осындай әңгімелер болатын. Бүгін мына Еркешке де шын ниетіммен сеніп тұрғаным жоқ. Бірақ, қайрат қып көруге жүрексініп тұрмын. Мен жалғыз, жалқы жанмын. Ал мынау қара ормандай қалың елінің ішінде отыр. Егер мен атқа мінгенше қаптап басып кетсе, жалғыз жаяуды таптап тастамай ма? Бәлкім, мұның сырттан қойған аңдушы адамдары да бар шығар. Ебін тапсам жатқаннан кейін, Еркештің көзі ұйқыға барғанда тағы бір амалын көрмеймін бе. “Қиын-қыстау кезде сабыр етіп, ақыл табу ерліктің бейнесі”-деп үлкендер көп айтатын. Мұның да аялына бағып көрейін деген тұжырымға келдім.
Төсекті Еркештің өзі салды. Мұндай ұсақ іске епті, пысық неме екен. Бәрінің де ығын біліп тұр. Оны айтпай-ақ қойған күннің өзінде, маған көрсеткен сыйы бөлек. Үлкен текеметті үш еселеп, үстіне қос қабаттан көрпе жазды да құс жастық жастады. Үстімді де қалыңдап жапты.
Төсек-орын қанша жайлы болғанымен, бір талайға дейін ұйықтай алмадым. Алдымен Еркеш қор ете түссе, мынау таң қараңғысында қаңтарулы аттардың біріне тақымым тисе деген ой мазамды алып, кірпігімді айқастырмады. Бірақ, мұның да сәті түспеді. Қыбыр етіп аунап түссем болды, отаудың ана жақ шетінде жатқан Еркеш те ояу жатқандығының бір белгісін білдіріп қояды. Не жөтеліп қалған болады немесе ол да аунап түседі. Кейде ақырын күрсініп те бір сыбыс аңғартады. Басқа амалым жоқ, “көзіне тіреу қойған неме”– деп іштей сыбап та қоямын.
Сонымен таң да атты. Ақыры Еркеш айтқан жүктің артына жасырынудан басқа шарам қалмады.
Осы жатқаннан әбден ел орныға отырған кезде ғана қозғалдым. Онда да Еркеш өзі келіп шығарып алды. Тағы да қымыз ішіп, ет жедік. Әлде нелер жөнінде аздап әңгіме шерттік. Әңгімеміз ылғи қысқа-қысқа, сұраққа жауап негізінде ғана болып, оншалық өрістемей үзіліп қалып отырды. Деседе, бір-біріміз жөнінде көп нәрсені аңғарысып, біліп алуымызға мүмкіндік туды.
Еркеш өзінің кешегі сұрағын үшінші күн дегенде ғана сұрады:
–Атың Ақберді болды ғой, е, солай ма?-деді ол.
–Солай. Атым-Ақберді.
–Ал, Ақберді батыр, менің әлгі бұйымтайыма не дейсің? Ойланып болған шығарсың?
Үш күннен бері, шынында, мен де бос жатқамын жоқ. Ойланып-толғанып бір шешімге тиянақтап алған болсам да, қашан өзі сұрағанша үндемей тұра тұрайын деп қасақана, ұмытып кеткен адамша ешбір лебіз білдірмей қойғанмын.
Еркешпен екі-үш күн дәмдес болып, сый құрметіне бөленіп, адал асын ішіп-жеп жатып, оның жеке өз басымнан ғана қолқалаған бір тілегінен бас тартуды әрі ұят әрі көргенсіз, білімсіздік деп санаған едім. Оның бәйек бола күтіп, төредей қастерлеп, жігі-жапар болған меймандостығын былай қойғанда, бір тоға, сабырлы мінезі де қатты ұнаған. Әрбір сөзін ақылмен ойланып айтады. Күлкісі де риясыз, пәк. Шын жүректен ақтарыла салады. Кей кездегі ұялшақ, тартыншақтығы да сыпайы ершімімен жарастық табады. Зеректік, өжеттігі де тал бойына ұнасып тұрады. Қазір оны мен іштей жау санап, арбасып отырсам да, ол мені дос санайды. Осы ақ-жарқын пиғылымен-ақ мені бойсұндырып, баурап әкетіп барады… Ілуде бір кезігетін мұндай аяулы адамдардың меселдесін қайтаруды жігіт басыма намыс, бықсықтық деп ұғып, не айтса да көңіліндегісін орындап беруге ниет байлап қойған едім.
— Еркеш мырза, сен мені бір батыр, асқан жүректі, мықты жігіт деп ойлап отырған шығарсың. Күні бүгінге дейін ешқандай бір ерлік, ыспорлығыммен жұрт көзіне шалынған жігіттігімді өзім де білмеймін.Қазір сенің қолыңа түсіп отырғанға дейін өзімді-өзім сынап, барлап көрсем, егер мен де бір қасиет бар деп есептелінсе, ол — менің даңғойлығым ғана екен. Бұл мінімді екі-үш күннен бері өзің де сезіп-білген болсаң керек. Ал соны біле тұра, көре тұра алғашқы тілегіңнен әлі қайтпаған болсаң, “пәруәйсіз-даңғой болса да үмітімді ақтар”-деп сеніп отырған болсаң, сенің лебізіңді қайтаруды жігіт басыма мен де ұят деп санаймын, — дедім мен де бүкпесіз ақтарылып.
Менің бұл сөзіме ол онша қуанған рай білдірмеді.
–Жарайды. Бұл жігітшілігіңе рахмет – деп күбірлегендей болды да, қабағын шытып, ойланып отырып қалды. Сәлден соң ғана,– басым неге осынша лықылдап кетті екен, аз ғана сергиінші. Әр-бері домбыра тартсақ қайтеді. Ән-күйді қалай көруші едің?– деді әлі де жадырай қоймаған бейнемен.
Түскиіз орнына ұсталған Кәшімір кілемнің бас жағында әдемі, үкілі домбыра тұр екен. Еркеш орнынан жеңіл ұшып тұрды да, менің мақұлдаған-мақұлдамағаныма қарамастан домбыраны әкеліп қайта отырды.
–Тартасың ба?– деп сұрады менен.
–Алдымен өзің тарт,– дедім мен.
Ол білегін сыбанып, жеңін түре бастады. Енді байқадым, оның дауысы ғана емес, білегі де жіп-жіңішке екен. Домбыраны күйлеп алып, сыңғырлатып қаға жөнелгенде сүйріктей салалы саусақтары тіпті де нәзік көрініп кетті. Мөлшерлеп отырмын: Домбыраны менен тәуір шертетіні даусыз. Күйлері де айысты. Кейбір жедел қағысты төкпе күйлерге келгенде оң қолының басы бұлдырап әрең көрінеді. Пернеде ойнаған саусақтары да епті. Кідірмей, жаңылмай дәл басады. Енді бір қызыққаным – әр қандай күйді өз ырғағымен, өзі де теңселе балқып отырып беріле шертеді. Күй-сазымен бірге толқиды. Мұндайда қашан да басынан түспейтін пұшпақ тымағының ішіне жымырған бір жақ құлағының бауы да селкілдеп, тербетіліп жарыса билеп, тершіген нұрлы, алқызыл жүзімен еркелей ойнайды.
Ол домбыраны безілдетіп, бір қауым шертті. Бір ғажабы-шерткенінің бәрі ауыр сарынды, мұңлы, қоңыр әуендер, Біресе“жетім қыздың” сыңсыған, қасіретті үні ызыңдайды. Жаншылған, күйікке толы кеудесінен көк жалын бұрқ етеді. Маңдайының соры қалың бейшара қыздың мөп-мөлдір, ашты көз жасы жүрегіңе у болып тамшылайды. Енді бірде“ақсақ құлан”,“бозінген” кетеді. Бәрі де қабағы қатқан, жүдеу, бақытсыз тағдырымен айықпас бұлт, соқыр тұман ішінде қаңырығы түтеп, зарлап, өксіп жылап, араша іздейді. Шапағат тілейді. Күй сарыны да жүдеп, жабығып барып тынады.
Оның мұнан кейінгі тартқандары да “ой–хой дүние”, “бөкен жарғақ” тектес күйлері. Жапан даладағы, елсіз иендегі жүрегі жаралы мүсәпір жандардың шерлі сыры. Меңіреу, қатыбас тау құшағындағы азалы үн, қара жартастай шөгіп, мелшиіп басып келе жатқан зілдей қайғы. Қап-қараңғы бұлттан, сонын қап-қараңғы жүрегінен тамшылаған қанды көз жасы…
Әр күйді шертіп аяқтаған кезде Еркеш өзінің де қабырғасы сөгіліп, қан жұтып отырғандай қамығып, жүдеп барып тоқтайды. Домбыра ырғағымен бірге тынысы жиілеп, дөңгелек жүзінің қаны қашып, қуарып кетеді.
Аздан соң ол маңдайының жіпсіген терін сүрте отырып, домбыраны маған ұсынды.
–Қорғанбай шерт…-деп бұйырды да – мен әр күні түнде бір уақ шертіп тұрамын. Үйдегілерге де әдет болып қалған. Ешкім келіп көңілімді бөлмейтін. Сырттағылардан алаңдама,– деп ескертіп қойды.
Домбыра жарықтықтың да бір бөлекше қасиеті бәрін көп адам біле бермейді ғой. Егер түк білмейтін ноған біреу болсаң ол бір сәрі, ал бұрыннан шетіп дағдыланған адам болсаң, қолыңа тие сала-ақ бойыңа бір елірме жын қосады. Жұлындырып, ерлендіріп, қайрап-жанып кетеді. Өзі көтермелеп, өзі сүйемелдеп, өзі айғайшы болады.
Осы жолы сондай бір соқпа пері мені де “әуп” деп жебеп жібергендей болды. Тұтқын реуішті қолда отырғаным да есімнен шығып кетіпті. Шүу дегенде шыға жөнелетін ұшқыр бестідей іркілмей, бөгелмей-ақ суырыла жөнелдім.
Енді бір қызығы: менің білетіндерім көбінде бәдіктеу әңгімесі бар, тұрпайы қағыстар араласқан күлдіргі шертпелер болушы еді. “Қыз бен жігіттің домбырамен қағысуы”, “маңқа шалдың кемпірімен айтысы” сияқты бейбастықтан да таза емес бірдеңелер. Кейбіреулерінің тұсында Еркеш ішегі қатып, қисая күліп алады да, өрескелдеу жерлеріне келгенде тыңдауға, қарауға да ұялып, ернін тістеп теріс қарай береді. Осындай күйден екеу-үшеуін шерткеннен кейін-ақ ол бір қолымен көзінің жасын сүрте отырып, бір қолымен домбыраның мойнынан ұстай алды да:
–Қойшы, бәтір еке, өзің бір жынды жігіт екенсің ғой, -деді қисая кетіп, даусынан ұялшақ, биәзі базыналық байқалады. Өңінде ренжу нысанынан басқаша оншалық жек көрмеген қызығу, сыпайы кінәләу бар.
Еркеш айтып айтпай, менде жындылық, жастық желік, ешнәрсені елең құрлы көрмейтін пәруәсыздық та жоқ емес еді. Еркештің кей мінез, қылықтарына таңдана отырып, қазір де өзімнің кіммен істес болып, не халде отырғанымды есептеп жатпай-ақ, оның бәрін де ұмытып, бірнеше күннен бері көңілімде жүрген кей нәрсені Еркештен сұрауға да батылым бара бастады.
–Ал Еркеш мырза,– дедім көңілімдегі алғашқы бір түйіншекті алдымен шешіп алмақ болып,– отау өзіңдікі болғанда, келіншегің қайда?
Еркеш бастабында қып-қызыл болып кетті де, бір талайға дейін жауап бермей отырып барып:
–Айттырып қойған қалыңдығым бар еді, әлі алғамын жоқ. Әке-шешемнің жалғызы болғандығым үшін, өзі біліп, емін-еркін жүріп тұрсын деп бөлек шығарып қойған, Нағын қуғанда мынау-әкемнің қонақ үйі. Жайшылықта, қонақ-қопсы жоқта мұнда мен боламын. Айттым ғой бұрын, менің әкем “сән-салтанатым, абырой-атағым елдің бәрінен жоғары болсын” дейтін мырза адам деп. Енді бір жағы: барлық адамға не ойлатқызбайды. Ойына келгенді істегені ғой,– дей келіп, өзі де байқамай ақырын бір күрсініп алды.
Сонан соң біраз аялдап, жерге қарап отырып қалды да:
–Ақберді, шыныңды айтшы, сенің ауылың қаншалық жер?- деді бетіме қадала қарап.
–Мөлшері он-он бес күндік болар.
–Осының рас па? Сен шынында да сондай қиян шеттің адамы болсаң, менің саған айтарым бар. Оның жалтарған сөз болса, мен де сені қинамайын, сен де мені алдама. Астыңа ат мінгізіп, қоржыныңа азық толтырып беріп, жолыңа салайын. Маған тек шыныңды айтшы,– деді салмақ салып.
–Еркеш мырза, сені қалай сендіреріме өзім де көзім жетпейді. Айтқанымның қылдай өтірігі жоқтығына Алла атымен ант етейін. Осыдан басқа не деймін? – дедім мен де қысылып кетіп.
–Болды. Сендім. Бірақ, мен саған “ант бер, қасам іш” дегенім жоқ қой, тым артық айттың. Басқа сөзбен де сендіруге болатын еді. Мақұл, онда мен саған бұйымтайымды енді айтайын,- деді. Оның мұнан кейінгі сөздері де, үні де бәсеңдеу шықты. Анда-санда сырт жаққа құлағын тіге отырып елеңдей сөйледі.
– Мен сенің ер жігіт екеніңе сендім,- деді ол ойлана сөйлеп, сөзін жалғап,- екі-үш күннен бері менің қарайлағаным да осы еді. Оған азда болса көзім жеткендей болды. Мен өзімнің бір сырымды сенің ерлік намысыңның алдына үлкен сын етіп, шарт қоя отырып айтпақпын. Бұған не дейсің?- деді бетіме қарап жауап күткендей.
– Айттым ғой жаңа. Мен дайынмын,- дедім мен де іркілмей.
Ол сөзін мұңлы, бәсең дауыспен соза түсті.
– Бұл – ел де, жұрт та білмейтін, өзімнің әке-шешемнен басқа жан баласы сезбеген құпия сыр еді. Әке-шешем тұп-тура он сегіз жылдан бері жүректерінің терең қатпарында сақтап, қайғысы мен қасіретіне орап, бір құдайдан басқаның бәрінен жасырып келе жатқан осы кілтең әңгімені тағдырдың табыстыруы бойынша саған айтпақпын,- деп бір іркілді ол маған “ сен не дейсің” дегендей.
Мен не демекпін. Оның аузына қарадым да қалдым.
– Мен биыл он сегізге шықтым,- деді ол сөзін онан ары жалғастыра түсіп,- менің әкем Естемес сонау ерте кезде батыр болған кісі екен. Бір жолғы жортуылда бір ауылдан менің шешеме көзі түсіпті де, алып қашып келіпті. Шешем ол кезде желегі алынбаған, жаңа түскен келіншек екен. Күйеуі өзі сүйіп, қашып тиген біреудің жалғызы дейді. Тағдыр екеуінің бірге өткізген қызықты ғұмырын баянды етпепті. Көрген түстей, елес боп еткен, сағымдай ғана жарқ етіп сөнген аз сәттік бақыт сыйлапты. Сол баянсыз бақыттың куәгері болып, мен шешемнің құрсағыңда кетіппін. Бұл әңгімені шешем маған бертінде, мен ат жалын тартып мінгеннен кейін айтты. Егіліп жылап отырып сөйледі. Ұзын сөздің қысқасы, мен сені елден жасырып, тығып отырғандағы жалғыз мақсатым өзіңмен ілесіп кету болатын. Әсіресе, былтырдан бері осы пиғыл мені қатты иектеп алды. Жалғыз кетудің ретін мүлде таба алмадым. Әнеу күні сен аршаның астына кіріп кеткеніңде өзгелерден жасырып, ер-тоқыммен бастыра қоюымның да мәні осы. Көз қарақты, жолдас болуға татитын адам болып кезіксе, еріп кетейін деп ойлағамын. Қайталап айтайын, бұл сөздерді мен саған сенгендіктен ғана айтып отырмын. Ендігісін өзіңнің азаматтық арыңа тапсырдым,– деп тоқтады ол.
Мен бір сәт не дерімді білмей аңырып отырып қалдым. Сонан соң оның кімді іздейтінін, қай жерге бармақ екенін сұрадым. Еркеш бұның бәріне де ашып-жарып жауап бермеді. Оны “кейін айтамын” деп көнбеді.
Мұнан кейін біз бұрынғыдан да жақын, ортақ тіл табыса отырып сөйлестік. Арамыздағы бірнеше күннен бергі бүлыңғыр бөгет те арылған сияқты. Жәме-жәге келісіп, жол қамына кірістік.
Сөйтіп бір күні түнде қос-қос атпен “Алтай – Сауыр қайдасың”-деп тарттық та кеттік. Қос-қостан қоржын, ыдыс-аяқ, азық-түлік те толық. Жол жабдығы сай.
Алғашқы үш күнде күндіз бекініп, түнде ғана жортып отырсақ та, суыт жүріспен бір талай жолды ұтып жіберген сияқты едік. Онан кейінгі жүрісіміз онша манди қойған жоқ. Түн жастанған, жер сырын білмейтін адамға Алтай тауы қап-қара түн құшағынан да суық, меңіреу, ажалдың аранынан да үрейлі еді. Елсіз иенмен жүреміз деп көп қиналдық. Қайдағы бір жалама беттен сырғыған қорымды қысаңдар жол берсеші. Бір шатқалдың бергі бетінен аттың мойнына мініп әрең түссең, қарсы бетінен өлдім-талдым дегенде қасқайып әрең шығасың. Оны былай қойшы, өзендері қандай дүлей. Мынадай қары қалың көктемде тіпті де есіріп, ағаш басына шығады. Ашулы атты қазақтай долырып жөңкиді. Оңайлықпен өткел бермейді. Деседе, Еркештің елінен дардай ұзап кеткенімізге екеуіміз де сенімді едік.
Үш күн бойы сыр бермей, түйіліп келе жатқан Еркеш, соңғы күні тәңертен биік бір мойнаққа шыққанымызда артына ұзақ қарап отырып көз жасын төгіп жіберді:
–Қайран елім, өскен жұртым-ай, қандай ыстық едің. Қалдың ғой бұлдырап, қасиетті қара мекенім, бейбағыңның күнәсін кешегөр. Ақ сақалды әкем, ақ сүтін берген анам, сілеңді төге көрме жалғызыңа. Әрі сендердің, әрі өзімнің намысым үшін ғана бәріңді қиып, амалсыз тастап кетіп барамын. Кешіріңдер мені ел-жұртым…Самал жел, салқын белім, сайранды күндерім қалды ғой қызықты жас шағым. Қош бол еркін дәуренім,- деп еңіреді-ай келіп, боздады-ай келіп.
Оның осылай күңіреніп, жер тырмалап, балауса салқын шөпке бетін басып, ышқына өксік айтқанын көргенде менің де қабырғам қайысты. Өзім де қосыла жылап жіберуге аз-ақ қалып тұрдым. Бірақ, шыдамдылық еттім. Көрінгенге қосыла жылайтын қатын емеспін ғой мен. Әйелдің көз жасы таяздан лықсып шығады да, өткінші жауындай сыр етіп барып, көңіл көгін тез жуып, тез тарайды. Қажет болса, орнын тапса олар үніне үш уақ жыласа да оқа емес, көкірегін тазартып, күнәдан аршиды. Жас үміт, жаңа тілекке өріс дайындайды. Ал еркектің көз жасы? Бұл бөлек нәрсе. Көздің сұрғылт бұлтынан сараң түскен ірі-ірі суық тамшылар сияқты аяғы барып қарға айналады да, қыс бойы, қашан күннің жылуы жеңіп тозғанша тарамайды. Зіл салмағымен шөгіп жатып алады. Оның үстіне, ерліктің өлшемі де көбінде ер жігіттің көзінен танылады. Әсіресе, басыңа іс түскен қиын сәтте осылай болады. Ал қуаныш жасы болса оның орны басқа ғой, ер деп, әйел деп бөлудің де қажеті шамалы болса керек.
Бастабында жаным ашып, есіркегеніммен, осы бір ойлармен жарыстыра келгенде, серігімнің осынша көп жылағанын іштей тым жақтырмай да қалдым.
–Болды емес пе, қытынбысың сен? Тұр орныңнан!- деп зекідім оған тұңғыш рет қатты тіл қатып.
Ол да менің әміріме бағынды. Анадай төскейдегі тұмаға барып бетін жуып қайтып келді де, маған қарап алдымен бір күрсініп алып, артынан ұяла жымиып күліп қойды.
Осыдан кейін тағы да төрт күн жол бастық.
Ел шетіне ілінейін дедік пе?- деп сұрап қояды Еркеш.
Таяп келе жатқан сияқтымыз.
Енді неше күншілік жол бар?
Соны мен де анық білмей келемін ғой. Үш –төрт күнде бір қарасын көріп қалармыз,- деймін мен де шүбәлілау болып.
Ол қабағын шытып қояды. Балау өскен, бір үйдің жалғыз еркесі, бір ауылдың алақанына салып мәпелеген мырзасы үртіс жүріске шыдамай, шаршап келе жатқан болар де ойлаймын да қоямын ішімнен. Ұсақ-түйек әңгімемен, өткен-кеткеннен, естіген-білгенімен алдаусыратып, өзімше жол қысқартқан боламын. Ер жігіттің түздегі таусылмайтын кеңесі- боз балалық туралы да қызық-қызық әңгімелер айтып күлдірмек боламын.
Мұндай әңгімелерге ол оншалық қызыққан ынта білдірмейді. Сөзге де араласпайды. Өз жайында айтқанды былай қойып, мен айтқан өрескелеу сөздерді естіген кезінде ұялып, қызарып кетеді, “әй, қанша бай баласы болып өскеніңмен түн баласында үйден шығып көрмеген әлжуаз, жасық бірдеңесің-ау” деп ойлаймын мен ішімнен оның мына қылықтарын ынжықтыққа теліп.
Мұның шын сыры басқа екен. Сол кезде сол бір әңгімелерді аузым барып қалай айтқаныма кейін көп уақытқа дейін өзім де қысылып, ұялып жүрдім.
Бұл күндері біз ешнәрседен алаңдамайтын болып қалған едік. Арттан келетін қуғыншыдан да қауіп жоқ. Елден ұзап алдық. Оның үстіне, осы сапарда менің бұрыннан құлағымда жүретін жортуылшылардың әңгімесінің де көп пайдасы тиген. Біз көбінде белгі түспейтін, шөбі тығырық жасаңды өңірлермен жүрдік. Шалғыннан жосылып қалатын ізден де сақтандық. Май топырақты өзен жағасына келгенде су ішімен бірталай жүріп отырып, ойламаған бір жерден барып шығып, құйқасы қалың, шымды жағадан ғана ат басын бұрып отырдық. “Алтай тауында кейбір асулар болады,- дейтін Ахмет аға,- екі жағы қалың қорымды құзар шатқал немесе қиялап, иректеп әрең жүретін жалама беттер, шағылды мойнақтар кезігеді. Көргені көп қуғыншы көбінде басқа емес, дәл осындай кілтең-кілтең жерлерден ғана із шалады. Мұндай қорымнан астыңғы беті аударылып түскен алақандай тас та жүргіншінің бетін белгілеп береді”.
Өзіміз көңілге кәдік алған мұндай асулардан біз көбінде күндіз өттік. Түнде өткен күнде де арғы беттен таңды тосып, жерге жарық түскен соң жаяулап келіп, ат тұяғымен төңкеріліп қалған бірен-саран тастарды қайтадан аударып қойып кетіп отырдық.
Сондықтан ендігі жерде асыққамыз жоқ, көбінесе Еркештің еркіне жіберіп, өзімді азаптан, қорлықтан құтқарған серігімнің қабағына қарап, қоналқаны соның қалауына қарай белгілеп отырдық.
Сол күні кеште біз бір самырсынды беткейге келіп түскен едік. Өйткені, күннің арты түнеріп, қара қошқыл бұлттар қалыңдай бастаған. Салқын ауа қоюлай түсіп, тынысы ауыр дымқыл түн құлап келе жатқан.
Ат соғып қалжырағандікі ме, Еркеш те күндегіден арман көңілсіз еді. Мінезі де бұрынғыдан өзгешелеу, бір нәрсеге күлгенде қабағы жарқ етіп, жадырай керіле кететін әдемі қастары да қыбырсыз, күн бойы түнеріп кіржиіп келеді. Күлсе де көңіл аулап қана өтірік жымиған сияқты сезіле береді. Көз жанары да тұңғиық. Қатар жүріп келе жатып маған көзінің астымен түнере, тігіле ұзақ қарап қалады да, мен жалт қарасам ұзын кірпіктерін қағып-қағып жіберіп жанарын тез тайдырып әкетеді. Көз шарасынан жасаураған дымқыл мұнар мөлдірейді. Бозарған еріндерінен де оқта-текте болмашы бір діріл елес беріді.
Мен жол бойы осының бәрін байқап, сезіп келе жатсам да оны басқаға емес, шаршағандыққа жори бергем. Кәперімде түк жоқ болатын.
Үлкен бір самырсынның түбіне жайғасып алғаннан кейін:
Бір жерің ауырып келе ме?- деп сұрадым мен онан қабағына қарап.
Жоқ,- деді ол пейілсіз жауап беріп.
Кірбеңсің ғой бүгін?
Әншейін өзім.
Көңілін ауламақ болып мен оны тағы да әңгімеге айландырып, сөзге тарта бастадым. Бір кезде:
–Еркеш, сен әлгі іздеп келе жатқан еліңді әлі айтпадың ғой, соныңды ұғындыршы енді?- дедім әдейі.
Еркеш екі көзін жерден алмай бір қауым уақыт үнсіз түнеріп отырды да:
– Өзім де соны айтпақшы болып, қалай айтудың ретін таба алмай қиналып келемін,- деді ол түйткілсіп әрең сөйлеп.
– Онда не тұр, айта берсең болды ғой,- деп мен оған жақындай түстім. Бірақ, Еркеш:
– Қойшы, қазір айта алмайды екенмін, соңыра қараңғы түскенде айтайын,- деп зорлана жымиғансымақ болды да, қисая кетті.
Күндіз айтса не болады екен?
Сен менің көзіме қадалып аласың.
Ой, енеңді ұрайын, ынжық неме. Сен қыз ба едің жігіттің көзінен қорқатын?- дедім мен.
Менің бұл сөзіме Еркеш те теріс қарап алып сықылықтап ұзақ күлді.
Бұл әңгімені ол шынында әбден кешке айтты.
Түн тастай қараңғы. Себелеп жаңбыр жауып тұр. Арқандаулы аттардың тықыры, ұсақ-ұсақ жаңбыр тамшыларының жапырақтарға түсіп, тырсылдап қатайып естілген дыбысынан басқа бұл маңда тіршілік атаулы жоқ сияқты жым-жырт. Меңіреу, керең, қараңғы тас түнек, соқыр дүниенің құшағында, самырсын бұтақтарының ығында Еркеш екеуміз ғана ояумыз.
–Саған бүгін нақ шынымды, құдайға адал жүрек сырымды айтайын, -деп бастады ол әңгімесін мұңлы, қоңыр дауыспен,– менің әке-шешемді білдің ғой, төрт түлігі толықсыған дәулетті бай адамдар екеніне көзің жетті де. Бұл дүниеде олардың қолы жетпейтін, олар мұқтаж болатын ешнәрсе жоқ шығар деп ойлаған боларсың. Олай емес, аппақ қардың бетінде де тарыдай мең жатады, Алтын аяқтың да бір сызаттысы болады. Сол сияқты олардың жүрегінде де бір қаяу бар болатын. Ол – мен, әке-шешемнің тұңғышы, әрі жалғызы екенмін. Оның үстіне сор маңдай қыз болып туылыппын.
Мен жантайып, шынтақтап жатыр едім, мына сөзді тосын естігенде басымды жұлып алдым:
Үй, сенің денің сау ма ей бүгін?- деп жібердім оның сөзін бөле.
Еркеш менің сөзімді естімеген, ұқпаған адамша өз әңгімесін жалғастыра түсті:
– Әке-шешем мені туған күніммен бастап ұл деп сүйіп, еркекшоры ғып өсіріпті. Әкемнің дәулетіне мас болып мен де шолжаңдап, өзімді мырза санап ержетіппін. Өзімнің қыз екенімді, затым әйел екенін мен іштей он бес жастан асқаннан кейін ғана мойындадым.
Мен оның мына сөздеріне сенерімді де, сенбесімді де білмей аңырып отырып қалдым.
– Әй, қойшы қайдағыны қоқсытпай,- дедім аздан соң оны тәлкек қылып,- қыз болсаң келе қойшы менің құшағыма, қалыңдығым жоқ екенін айтып едім ғой өзіңе.
Бұдан соң Еркештің дауысы бұзылыңқырап, өзгеріп естілді.
–Мен саған сеніп, дос санап, ағымнан ақтарылып, бар құпиямды алдыңа жайып отырсам, сен мені мазақ қыла бастадың ғой,- деді ол шын өкпелеген рай байқатып.
Соны айтты да ләм демей отырып қалды. Біраздан кейін ғана оның сырылдай шыққан демалысына қарап жылап отырғанын байқадым.
– Әзіл ғой, Еркеш, бір ауыз қалжың көтермейтін баламысың сен? Болды, кешірші мені, айта бер әңгімеңді. Иә, сонан соң?- деп мен оның көзін сипадым. Бетіне тұңғыш рет қолым тигені осы еді. Алақаныма дып-дымқыл жас білінді. Енді оны қалай жұбатарымды, не деп уатарымды білмей сасқалақтап жалына бастадым.
Менің мынадай шын ықыласты пейіліме ақыры ол да риза болды. Дарбаза қалжыңымды да түсініп, кешірген сияқты. Күрсініп алып, әңгімесін жалғай түсті.
Иә, солай, ол қыз болып туып, ұл болып ержетіпті. Әкесі алған бетінен қайтпайтын намысқор, аршыл адам екен. Кейін құрбы-құрдастары баламның бетіне басып жасытады дей Еркештің екі жастағы кезінде өзінің туып-өскен мекенін, елі-жұртын тастап осы Алтай бетіне ауып келген екен. Жалғыз ауыл келіпті. Өзінің ет-бауыр туыс-туғандарынан басқа ешкімді ертпепті. Әуелі, қойшы-қолаң, жылқышыларын да тастап кетіпті.
Сонымен кейінгі ортада ел Еркештің қыз екенін де білмесе керек. Өйткені, ол ержетіп, ат жалын тартып мінгеннен кейін әкесімен көңілдес жүрген немесе дәулетіне қызыққан кейбіреулер бойжетіп отырған қыздарына да құда болуды талай рет қолқаласа керек. Әкесі соның әріне де:
“Балам әлі жас, кейін көрерміз” деген бір ғана жауапты қайталайды екен де, қайтып қозғамайды екен.
Мұның бәрін Еркеш кейін шешесінен естіпті. Шешесі мұны айтқанда көз жасы көл болып кетеді екен. Құдайға да налып, өздерінің сонау ерте замандағы Еркеш туған кездегі қылықтарына да өкінеді екен. Ол кезде қазақ ырымы бойынша “еркекшораның артынан ұл туады” деген нанымға сенсе керек. Бірақ, Еркештен кейін қыз да көтермепті.
Еркеш ер жетіп, азамат болған сайын әке-шешесін де айықпас, бітпес сары уайым баса беріпті. Шынын айтып қыз жорасын жасайын десе, намыс көріпті. Дәттері бармапты. Өмір бойы еркекшора ғып жіберуге қолынан келмейтінін біліп, қабырғасы қайысады екен. Оларды қойып Еркештің өзі де кешегі бірге ойнап-күліп, “мен де өзіңдей жігітпін” деп шіреніп, үзеңгі қағыстырып жүрген тең-түс замандастарының біріне бүгін келіп мөлиіп, әйел болып ұзатылып қалуды ойлағанда жүрегі қара құмандай болады екен. Осы түйіншек әке-шешенің көкірегіне де сарсу боп байланып, дерт болып батып, Еркештің титтей жүрегін де санамен жүдетіп, зағыпырандай сағайтып күн асқан сайын шие боп, шешілуі қиындай беріпті.
Еркештің кейінгі мына тәуекелге бел байлауына түткі болған шешесінің бір ишараты екен.
– Қарағым, Еркеш, ана болған адамның тілегі біреу ғана,- депті шешесі тағы да көңілсіз оңаша бір сұхбатта,- ол-ақ тілек. Балапаным ұядан ұшса екен, адам болса екен дегеннен басқа не мұраты бар оның. Ана атына лайық ең мәртебелі борыш та осы… Менің де барлық қызығым, тірлігім өзің сияқты болатынсың. Көзімнен жарым күн таса болсаң, ішкен асым кеңірдегімнен өтпеуші еді. Сенің жолыңда басымды бәй тігуден, құрбандығың- көк лағың боп пышаққа түсуден де тайынбас едім. Бұл менің аналық қасиетім, ананың балаға деген мейірімі ғана ғой. Осыны айтып отырғанда менің саған осы тұрғыдан білдірейін деген бір ойым бар. Ол- жолыңды өзің тап. Мен өзімнің аналық махаббатымды аналық борышымның құрбаны етуге бел байладым. Бірақ, мұны әкең білген жоқ. Ол мұның бәріне де шыдамас, көнбес те төзбес,- депті бұлыңғыр бір ишара жасап.
Міне сонан бастап менде де өзгеше бір қиял оянды,- дейді Еркеш сөзін аяқтай бере,- өмірден жалғыз өте алмайтыныма өзімнің де көзім жетті. Кеудемде тұтанған жастықтың оты күн сайын алаулай түсті. Бойымда жасырын өніп, өршіп келе жатқан жастық желігін де кейін аңғардым. Өз жынысынан бөлек өсіп, бөлек тәрбие ұстанған қыз балаға бұл шыңырау ойлаған сайын үрейлі көрінеді екен. Сонымен ақырғы, ең соңғы бекімім- әке-шешемді жерге қаратып, сүйегіне таңба түсірмейін, өзімнің ар-намысымды да ешкімге қолжаулық еткізбейін. Ол үшін құлақ естіп, көз көрмес бір жаққа кетсем дегенге келіп тоқтадым. Бақ пен сордың арасында ұстараның дүзіндей жалғыз ғана кезең бар деуші еді үлкендер. Алдымда не күтіп тұрғанын кім біледі. Саңылаусыз көгілдір бір тұманды бетке алып, көзді жұмып келе жатырмын ғой мен бейбақ, – деп тынды ол.
Мен жағымды таянған бойы мелшиіп отырдым да қалдым. Қараңғы түн. Себелеп жауған жауынның мұңлы сыбдыры әлі үзілген жоқ. Ұсақ-ұсақ тамшылар жапырақ бетін аялап, әдеппен шертеді; абайлап оятқысы келеді. Түн құшағы тас меңіреу. Өлі ме, тірі ме белгісіз. Жоқ, олай емес, дүние атаулы түгел хикімет, шетінен жасанды, ғажайып өтірік сияқты.
Осы мылқау түнекті Еркештің егіліп жылаған дауысы ғана дірілдеп бөліп тұрды. Көзімнің бар жеткені сол ғана- сыңсыған қыз дауысы.
***
Қыз болып жасанғанда оның өңі тіпті де құлпырып шыға келді. Ақша бетінің үшінде толқынды қызыл қан ойнайды. Сөніп, жанып тұрған қызғыш бояу. Бауырсақ мұрнының үстіңгі жағына мөлдіреген ұсақ-ұсақ тер тамшылары оның қысылып, ұялып отырған бейнесін онан ары сүйкімдендіре түседі. Қасы да жіп-жіңішке ежелгі күндегі қас батырдың садағы сияқты сәл иіліп барып, сол қалпында сіресіп қатып қалған. Төмен қарап отырғанда ұзын кірпіктері көзін жауып көрсетер емес.
Қоржынының бір басын ашып, қыз киімін алып шығып еді, онысы да құйып қойғандай құп жарасады екен. Қынама бел қос етек көйлектің сыртынан оқалы қамзол кигенде талшыбықтай бұраң белдің өзі болып шыға келді. Шыбарлап гүл сіңіріп, күміспен құймалаған көк сауыр етігі де кіп-кішкене. Оның үстіндегі балғын дене қолың тиіп кетсе, жоқ, әуелі, үп еткен желге де құлап кететіндей. Бұшпақ тымағын алып, төбесіне түйген шашын төгілте жазып жібергенде, жібек талды, қап-қара жалын лап ете түскендей, жүрегіңді дір еткізеді… “Пах” неткен аңғал едім, барып тұрған сарамас екенмін-ау, әнеугүннен бері бір байқамағанымды айтсаңшы… Дегенмен, еркек мүшелес әйелдер де, әйел бітімдес еркектер де болады ғой, әрине.
Еркештің мына өзгерісі маған да жаңа, тосын ойлар әкелді. Бұрын оны жігіт есебінде бағалап, оған таққан міндерімнің бәрі де қазір жасынға шыққан. Қайта сол мінездері оның сүйкімін арттыра түскендей еді. Уайымшыл, ойшаң тұңғиықтығы да қызықтыра береді. Тегінде жігіттің өзгеден артықтығы-тауып айтқан бір ауыз сөзінен, одағай, орашолақ болса да ерлерге тән жүректі қимылынан көрінсе, әйелдердің қасиеті көбінесе ажары мен мінезінен, тәтті бір қылығымен бағалатыны рас қой.
Оның үстіне әр адамның өзіне ғана меншікті талғамы, қалауы болады. Мен Еркештің бір тоға, жуас мінезін ғана емес, тура сөзді батылдығын, бүкпесіз адалдығын, бір нәрсеге бел буса өлім болса да тайынбайтын өр мінезін ұнатушы едім.
Мен саған бүкпесіз шынымды айтайын. Мынау кәріліктен ғарып болған, төрінен көрі жуық дейтін қаусаған шағымда асырып мақтанып, жасырып іріксем бәрі де күнәға жазылмай ма? Екі иығыңдағы екі періште, қия басқаныңды қылға тізіп, махшар күні сыбағаңды береді ғой. Менің де жастық желік қоздырған, асау тайдай жүгенсіз, жел өкпе шағым еді ол. Жүрген жерің иен дала. Төбеңде төңкерілген көк күмбез, беткей толы қарағай жап-жасыл шымылдық іспетті. Балауса шалғынның пүліс төсектен қай жері кем. Қасыңды өзіңе қиыла жабысып балдырған жас қыз еріп келе жатса… Бұзыласың ғой, әрине, пендеміз емес пе. Бірақ, мысымды құрқанда Еркеш бір сүйгізбай қор қылды ғой. Ернімді апара берсем болды, аузымды алақанымен баса қояды.
Қыз киімін киген соң тіпті еркіндеп, ерке-шолжаң болып алды.
– Етегіңнен ұстадым, оным құдайға хақ. Бірақ, алдымен ауылыңа жеткіз, шашуыңды шашқыз, тойыңды жасат,- деп орнын тауып, өктем күш танытады. Ренжісең мойныңа оралып алдайды. Қылығымен қызықтырып күйдіреді. Бұлаң қағып от боп, жалын боп өртейді…
Шіркін деген! Ол бір тәтті күндер еді ғой. Мәңгі оралмайтын алтын шақ деп соны айт. Амал қанша, баянсыз болды. Некен-саяқ болмаса қызықты жақсы нәрсенің бәрінің де тұрағы аз, ғұмыры қысқа болады екен. Соны ойласам болды, күні бүгінге дейін кеудемде тіл жетпес бір тәтті нәрсенің жұғыны қалған сияқты болады да тұрады. Жүрегімнің тұсын еріксіз бір сипап қоямын. Иә, мұны не десем, қалай ұғындырсам болар екен. Сол кезде менің көкірегімнің қуысында қасиетті бір ақ періште мекендеген. Жүрегімнің әр қатпарында соның күнәдан пәк, кіршіксіз табанының шипалы мөрі қалған. Сол әндігер періште әр сәт, әр кез жаңылмай, бір мүдірмей қуаныш, шаттық қылының ең тәтті пернелерін ғана тыңдап басатын сияқты ма еді, қалай? Иә, қызық еді-ау сол дәурен. Естен кетпес тәтті еді. Бақыт еді ғой. Көзіңді жұмшы, сондай бір сәтің бар ма еді, қалқам, сенің де? Ой көзімен, қиял қанатымен үңілші соған. Қиналып болса да есіңе түсірші көрші сол бір шуақты шұғыланы…
Е, ол дәурен бұлбұл ұшты ғой көзден. Енді ол қалайша баянсыз болды десеңші.
Еркеш екеуміз жүріп келеміз, тападай тал түс бір мойнаққа шыға келдік. Мен әнтек алдында келе жатқанмын. Анадай бұрымнан, сай тағанындағы шынтақтан айланып бара жатқан жалғыз салт аттыны байқап қалдым. Кенет, көкейіме әлде қандай бір жын кіре қалды. Артыма қарасам Еркеш ат үстінде қалғып келеді екен. Атымның басын тартып тұра қалдым.
– Еркеш, сен қалжырап келесің-ау, кішкене мызғып, көзіңнің шырымын алшы,- деп оны аттан түсірдім де, өзім әлгі жалғыз аттының соңынан құтырған кісіше шаба жөнелдім.
–Қайда барасың?- деген Еркештің сұрағына:
–Қазір қайтып келемін,- деп жүре жауап қайтардым.
Бейсауат салт аттыны бір-екі айланбадан ұзатпай-ақ қуып жеттім. Мен тасырлатып таяп қалғанда, артына жалт бұрылған бейғам жолаушының өңінен үрейі ұшып сасқалақтаған қорқыныш нышанын анық байқадым. Күндіз шабатын ұрыларылардың дағдысынша бет-аузымды таңып ала қойған едім. Сол кейпімнің өзі-ақ шошытқан болса керек, бурылдап қалған сақал-мұртын шошаңдата артына жалтақтай қарап, атына қамшыны үсті-үстіне басып қаша жөнелді. Бірақ, құтқармадым. Едемде қуып жеттім де, атының теріс жағынан асыра аударып тастап, астындағы атын іліп ала жөнелдім.
Қайта айланып Еркеш қалған мойнаққа таяған сайын көңілдене түстім. Оның алдында тұңғыш рет көрсеткен ерлігіме, мықтылығыма марсиып, масайрап келемін. Әрине, ол өзінің албаты ынжық біреу емес, екі жүзді алмас қылыштай ержігіттің етегінен ұстап келе жатқанына көзі жеткенде қуанып, жырғап қалар деген сенімдемін.
Еркеш сол орнында шынтақтап, ешнәрседен алаңсыз көзін жұмып жатыр екен. Мен қасына таянғанда ғана басын көтерді.
Атың не андағы?- деді жетегіме таңырқап.
Мен аттан асықпай түсіп, екі аттың шылбырыннан қосып ұстай отырып марсия жауап бердім:
–Олжа деген осы,- дедім жымың қағып.
– Қайдағы олжа? Иесі жоқ ат па екен?
– Мына иенде иесіз ат бола ма? Үстіндегі бір ерқара екен. Онысын өзі де біледі-ау деймін. Тұра қашып еді, табан аттатпай қуып жеттім де, аударып тастап, атын алып кете бердім.
– Қайда аударып тастадың?
– Анау қара тұмсықтың арғы айланбасында.
Еркештің өңі кенет бұзылып, сыздана қалды.
–Ақау, Ақберді, бұл қайткенің? Бе юаз бір момында не қақың бар еді? Осыны ерлігім деп мақтанып айтып отырсың ба? Жапан далада жалғыз жүрген біреудің астындағы керігін аударып алғанда не марқадам таппақсың. Дереу қайтар. Апарып бер өзіңе- деді бұйыра сөйлеп.
Мен үндемей тысырайып, қыңырайып отырып алдым. Әрине, Еркішті әйелге тән көңілшектік, орынсыз мейірбандылық, жүйесіз қамқорсудан басқа түк те емес. Мен ұққанда дүние, дүние болып жаралғаннан бері қарай қай заман, қай ықылымда болсын бәрінде заман күштінікі мен мықтыныкі. Қашан да солардың құмалағы төрттен. Екі елі балық, бір елі балықты жұтып күн көрмей ме? Біз естіп білетін дүние заңы осылай. Мен жантайып жатып, жарқаш тастың арасынан жарып шыққан бетегенің бір тал ақ қияғын жұлып алып тістелей отырып, өзімдікін өзім жөнге сиғызып отырмын.
– Ақберді, ойлап көрші өзің. Мынау иен тауда жаяу адам қайтып жан бағады? Қалай жетеді еліне? Бәлкім балалары бар шығар. Әйелі де алаңдап, екі көзі төрт болып жолына қарап отырған болар. Сорлатпасаңшы беюаз жанды,- деді жаныма жақындап келіп, шынтағымен тіземнен баса отырып.
– Оның беюаз жан екенін сен қайдан білесің, мүмкін ол бір қанқұйлы қарақшы болмасына көзің қайдан жетті?- дедім мен де бой бермей.
–Сонау бір бала кезімізде қараған-бұтаның түбінен торғайдың жұмыртқасын тауып алып, қуана жүгіріп үйге келгенімізде: “Қойшы, құлыным, айналайын күнәсізім. Сен білмейсің ғой әлі, дүниеде ешқандай жанды нәрсеге албаты тисуге болмайды. Обал болады, қарағайды” дейтін еді шешем. “Торғайда тіл болмаса қайтып сөйлейді” дейтінбіз. “ Әр нәрсенің өзінше тілі болады. Ертіс жағасындағы құстарды көріп едің ғой. Аққу да, сарала қаз да жұп-жұбынан айрылмайды. Біріне-бірі үн қосып қаңқылдайды. Әуелі қуыршақ сияқты біттей бір сарала торғайлар да қос бұтаққа қатар қонып алып шиқылдайды ғой. Өз тілдерін өздері ұғады” дейтін шешем тағы да. “Олар қарғағанды да біле ме? Не деп қарғайды?” деп те құтқуырлаушы едік. “Әрине біледі. Торғайдың жұмыртқасына тиссе оның қарғысы тіпті ашты болды.
“Торғай деген етім бар,
бір жапырақ етім бар.
Әкең жауға кеткенде,
шешең өліп жетім қал” деп қарғайды екен” – дегенге сендіретін бізді. Жұмыртқа болсын, балапан болсын, басымыздан үш рет айландырғызып, қайтадан орнына апарғызып тастайтын. Ал мынау сенің зарлатып, жапанға жалғыз тастап кетіп отырғаның адам ғой. Өзіңе соқтықпаған соң, сен оның қанқұйлы екенін, қарақшы екенін қайдан білесің? Тілімді алшы менің, атын апарып бер. Менің саған айтайын деген сөзім әлі де көп. Бұдан былай біз алал кәсіппен жан бағайық. Кісі қақысы деген ақиретте де қиын болады дейді ғой молдалар. Шаян боп шағады дейді. Осы бір пысықтығыңды қойшы айналайын. Мұның аты-ерлік емес, ұрлық. “Ұрлық түбі-қорлық” деп айтпап па еді атам қазақ,- деді ол жалына жабысып.
Мен үндегем жоқ. “Мұндай пәтуа кімге дәрі дейсің, айта берсін… ” деп ойладым қыңырайған қалпымнан бір жазбай.
Еркеш, кенет орнынан ұшып тұрды.
–Жарайды, сен намыстансаң мен-ақ апарып берейін,- деді менің қолымдағы шылбырға жармасып.
Мен мізбаққам жоқ. Менің қолымнан шылбырды жұлып алу үшін бір Еркеш емес, он Еркеш келсе де шамасы келмес еді. Алысып-жұлысып ойнап жүретін құрбы-құрдастарым “мұның қаруы қолында, ұстаған жерінде темірдей қатып жабысып қалады. Ал құдай өзі мұның сілтеген шоқпарынан сақтасын” деп үрлейтін мені. Айтып айтбай Еркеш шылбырды жұлып ала алмады, ызыдан булығып, бетін басып, жылап отыра кетті.
–Ақ ниетпен ұстап едім етегіңнен. Ақ тілек, ақ жол тілеп келе жатқан алғашқы сапарымда менің сол адал жүрігімді аяғыңа басып таптағандай болдың ғой. Жарайды онда… Дәл осы кезеңнен айрылысайық. Не қаңғырып өлермін, не тағы бір жерден несібемді теріп жүрмін. Құдайдың маңдайыма жазғанынан қайда қашып құтыламын. Туада сор маңдай жанмын ғой. Бейнеті арылмаған бейшарамын,- деп еңіреді-ай келіп. Екі қолымен бетін басып, жүрелеп отырған қалпы екі иығы селкілдеп жыласын-ау сонда.
Дәл осы араға келгенде, мен де шыдамай кеттім. Көкірегі шерлі байқұсты иен далада осынша қамықтырғаныма өзім де өкініп қалдым. Кеше ғана ақ тілегін ақтарып, азат басын менің бұғалығыма өзі сұққан Еркеш осы емес пе. Қайғы жұтып, қан жылағысы келіп еріп пе еді менің соңымнан. Дүниедегі адам біткен түгел бақытты болсам екен деген бір ғана тілекпен жасайды, бірақ, бұған әркім өзінше, әр түрлі жол таңдайды. Ал мына Еркеш, ешбір қулық-сұмдықсыз-ақ менің қара басымды ғана таңдап келеді ғой. “Алғашында сенбей, сынап жүрдім, кейін сенен бөлінудің өзі де қиын екенін сездім…” демеп пе еді кеше ғана. Сондағы сенімнің қарымжысы осы болған соң жылайды ғой, әрине. Бір жерге түтін түтетіп, бір шаңырақты паналауға ниет қылған екі адамның бақытты болуының ең бірінші шарты-бірінің қадірін бірі білу десек, менің мына қыңыратқуым жойдақсыздық-ақ екен. Мұндай тасбауырлық ер жігітке жау алдында ғана жарасар еді. Ал Еркеш ше? Сүйіктім менің… Кішкентай көлеңкем емес пе еді!
Мен орнымнан қалай тұрып, оның алдына қайтып барып жүрелеп отыра қалғанымды өзім де аңғармай қалдым. Бетін басып отырған екі қолының сыртынан ұстадым. Сұп-суық кішкентай нәзік саусақтары қанша күшенсем де бетінен ажырар емес. Қазір тартып алсам саусақтарын уысымнан лып еткізіп босатып алып, бетін қайта басады. Ақыры оған енді мен жалына бастадым.
–Қойшы, Еркеш, осығұрлым жыламашы, жаным. Сенің-ақ айтқаның болсын. Мұнан былай не десең де құдыреттің әміріндей құлдық ұрып орындауға қасам ішейін. Бір жолға ашуыңды берші маған,- дедім мойнынан құшақтап аймалап отырып.
Сыралғылы болып қалған кезім ғой. Еркеш шынында да бір ақ көңіл байқұс еді. Не айтсаң соған сенеді, алдасаң тез көнеді. Ашуланып ренжісе де шорт кетеді. Бұрқ-сарқ етіп барып тез басылды.
Бұл жолы да тез уанды. Қайтадан сабасына түсіп өксігін басты.
–Жылауық,- деп әдейі мазақ қылдым мен оны, сұқ саусағыммен бетімді ақырын сызып.
Ол да ұялып жерге қарады:
–Ызамды соғұрлы келтіргені несі?- деді күбірлеп.
Мен атты жетектеп қайтадан шаба жөнелдім. Келсем шал бетін қыбылаға қаратып, жүрелеп отырып алып, көк шөпті ұстап жұлып қарғап отыр екен. “Бәлкім, бағанадан бері осылай сіленіп отырған шығар-ау” деп ойлағанда жүрегім зу ете түсті. Атын жетектеп алдына көлденеңдеп тұра қалғанымда да көзін бір ашып қарағаны болмаса, бейне мені көрмей отырған соқыр адамша көзін жұмып алып: “Бұл дүниеден жақсылық таппа. Қыршыныңнан қиылып көктей орыл. Өле-өлгенше көрген-баққаның осы болсын” деп сарнап отыра берді.
Бұл қарғыстарды естіп тұрып, мен оның бетіне қарауға да дәтім бармады. Шала-шарпы бір шалып қалғанымда қарасынан ағы дендеу бурыл сақалды адам екен. Көзімді тайдырып, теріс айнала бердім де:
–Ақсақал, міне атыңыз, балалық жындылықпен ойнап едім,- дедім үнім әрең шығып, неше жұтынып, қылғына әзер сөйлеп.
Шал менің сөзімді елең құрлы көрген жоқ. Көзін де ашпады. Сиқырлы дұғасымен жадылап отырған жандай баяғы бір әуенінен жазбай суырылып отыр, “алдыма келді ғой, кешіре салайыншы” деген ойдан ныспын жоқ.
Мен мұнан ары шыдап тұра алмадым. Шумақтап ұстаған шылбырды алдына, тізесіне жеткізе лақтырып тастадым да қайта бұрылып шоқыта жөнелдім. Тұмсық айлана беріп артыма бір қарағанымда, шал әлі сол баяғы қалпында тізерлеп жүгінген бойы отыр екен.
Оның сол бір бейнесі, қанша үркітсем де көз алдымнан кетпей-ақ қойды. Ойлаған сайын жүрегімді зілдей ауыр қара таспен бастырып, жаншып тұрғандай лобли бердім. Сол киелі тастың суық ызғарын да, езіп бара жатқан салмағын да сезіп келе жатқандай қобалжып қалдым. Қайтып келген соң, Еркекше шынымды айттым.
–Бәсе, өңің бұзылып кетіпті. Түсі суық адам болды ғой? Ойпырай-ай, жүрегің атқалақтап тұр екен-ау. Шошымашы, болды, ештеңе етпес,- деді де, киімінің түймелерін дереу ағытып жіберіп, өз бойындағы тұмарын алып, менің мойныма тақты,– “жасаған ием, өзің жар бола гөр”… деп күбірледі қолға түскен еліктің лағындай менің бетім үрке қарап отырып.
Бұл көңілсіздік мені ауылға тезірек жетуге асықтыра түсті. Мені жоғалтып, серіктерім қайтып барғанда ауылдағылар қалай дүрлігісіп жатыр екен? Әкем байқұс та басы қаңғырып не өлі, не тірі екенімді біле алмай, ішкені ірің, жегені желім боп қасірет кеміріп, шөгіп қалған шығар. Бір қыз үшін найқалып, ойнап-күліп, серуендеп жүрген менің кейпім мынау. Жә, қой енді, бір сапарға осы сауық-сайран да жетер. Алдымен ел табайын деп бекідім іштей. Бұл ойымды Еркешке айтып едім, ол да құптаған рай білдірді.
Егер жол-жөнекей мына бір кеселге кезікпеген болсақ, бірер күнде аман-есен ауылға жетіп, ел-жұртты бір қуандыратын да едік. Әке-шешеммен қауышып, дос-жарандармен табысып, шұрқырасып, мәз-мәйрам болып қалуымызда шек жоқ еді. Еркеш жоқ жерде аздап бөсіп алуым да қиын емес болатын. “Мыналар сасқалақтап қаша жөнелгенде, мен тіпті быққамын жоқ. Жап-жақын мойнақтан саусылдап асып келе жатқан қуғыншы емес, бай ауылдың нөкерлі қыз-келіншектері екенін біле қойдым. Жігіт басыңмен қыздан қашқан бар ма, тәйірі? Мен осылай найқалып жүрсем, мына қоян жүректер менің атымды да қуып әкетіпті. Сонымен аршаның астына жасырынып жата қалғанымда да топ қыздың ішіңнен мынау Еркеш сылқымға көзім түсті. Ақыры екі түнгі алтыбақан ойындарында бірге болып, ән тартып, бірге қалқып, бірге тербеліп жүріп басын айландырып алып, үшінші күні түнде алып қаштым да кеттім” деп сендіруім де кәміл еді.
Ойламаған жерден сап ете түскен бір қара домалақ пәле, біткен істі бүлдірді де кетті. Өмір бойы төлемі жоқ өкініш, орны толмас опық, дауасыз дерт болып жабысты.
Біз кіші бесінде бір дамылдап, тамақтанып алып, атқа отырғаннан кейін ілгерілеңкіреп барып түнеуге келісіп, суыт жүріп кеттік.
Бұрын нақ жүрмегеніммен, жер мөлшеріне қарап ел шетіне таяп қалғанымды өзім де мөлшерлеп келемін. Сонау алыстан жұп-жұқа көгілдір мұнар ішінен, маңайындағы барлық өлкеден, жап-жасыл ортадан мойны озып шымырап шыққын шырқау биік төбе көзге шалынады. Аппақ маңдайын күнге төсеп маңқиып бөлек жатыр. Көзге жылы ұшыраған таныс шыраймен ереуілдеп, мен мұндалап тәкаппар тұр. Жаңылмасам бұл Болбадай- Сарқамырдың жүлгесі болса керек. Онан бергі бірталай жерлер де көзге таныс қанық өңірлер сияқты. Түзде ұзақ жүріп, өскен ортаңды сағынып, аңсап келе жатқаныңда, сол туған мекеніңнің өзге ешкім анықтап айыра алмайтын, өзіңе ғана қанық бір түсі болады. Бір жер мен екінші жердің иісі де ұқсайтын секілпі сезіледі. Егер менің осы тұспалым қате шықпаса біз енді кереге тасты басып, көкжотадан асып, қызылашының басымен иендеп ойға тартып, Сарбұлаққа түсеміз де жарқаш-жарқаш иен сары керішті аралап барып, Қабаның суынан өтеміз. Онан ары бөктерлей тартып, быдырмақ көп адырды кесіп өтіп, қалың тоғайға кіреміз. Мұнда қазір де ел бар. Біреу-міреудің көзіне шалынып қалмау үшін бұл арадан түнделетіп өту керек. Егер осы жоба бойынша соқтырып жүре берсек ертең кешке “күйеу келді” уақытта салаң етіп, ауылымның үстінен түсермін деп межелеп келемін.
Бұл үшін біз керқайыр тау жолын тастап, бөктерге кенере жолға таман ойыстық. Тау ішінің күдірінен құтылған соң, жусан иісі аңқыған адыр-адыр дала төсін қырқалап, бұлаң құйрықпен тынбай жортып отырып, ымырт үйіріліп, көз байланып қалған кезде бір талды өзектің бойына іліндік.
Қазір жер жүзінің бәрі теңселіп тұрған көкорай шалғынды кез. Ат тізесін соғатын балаусадан есілген іздер ғана жосылып, шұбалаңдап қалмай, артыңнан ілесіп келе жатқаны болмаса, жол сорабы анық көріне де бермейді. Беталыс, бағдар ғана айқын. Даңғыл көкірекпен соқтырып келеміз.
Талды өзектің бойы шытырман жыныс екен. Тал мен қайың аралас ну өскен солқылдақ қара саз өткел бермейді. Жағалап құлдап келіп, жіңішке тас өткелді тауып, өте шықтық. Осы кезде арқан бойы алдымыздан байбалам салып быжылдаған бір адамның даусы бізді селк еткізді.
–Тоқташы, Ақан,- деді артымда келе жатқан Еркеш те тебініп қатарласа беріп. Ат басын тартып, жат үнге құлақ тігіп тоқтай қалдық.
–Ей, мейірімді жандар, мұсылман баласы болсаң құтқара гөр. Өлуге айландым. Бір мүсәпір, кемтар жан едім. Бағана түске таяу осы арадан қарақшылар кезігіп, атымды тонап алып, өзімнің қол-аяғымды байлап тастап кетті. Рақым етіп босата көріңдер,- дейді зар-зар етіп, қайта-қайта жалына сарнап.
Еркеш екеуміз бір-бірімізге қарасып, аңтарылып біраз тұрып қалдық.
– Қасына таман таяп көрмейміз бе,- дедім мен Еркешке сыбырлап.
Еркеш үндеген жоқ. Ат басын тарта, сақтанып аяңдап таяй бердік.
– Жоқ қараған жолаушы едім. Астымдағы жаман биеме көзі түсті ғой малғұндардың. Тым құрса аяқ-қолымды да бос қоймай шандып кетті. Иен далада көзін қарға-құзғын шоқып өлсін дегені ғой. Көк жан қатын, шиеттей көк қарын балаларым бар еді. Тәңір тілеулеріңді берсін, рақым ете көріңдер,-дейді ол өлердегісін айтып. Біз таяған сайын безек қағып, аузы-аузына тимей жалбарына түсті.
Еркеш те, мен де бір сәт бап таба алмай аңырап тұрып қалдық. Дәл осы кезде Еркештің алдындағы бағанағы ақымақшылығым есіме түсе қалды. Сол мінімді мойындап, күнәмді жуып ақталатын орайым да осы болар деп түйдім. Бағанағы қаталдық, есіріктігіме ренжіген Еркеш, менің де албаты тас жүрек емес, мейірімі бар есті жігіт екенімді көзімен көрсін деген оймен аттан түсуге ыңғайлана беріп едім, Еркеш етегімнен тартып қалып, бірдеңе деп ымдағандай сыңай білдірді. Байқаймын, жүрексініп қорқып тұрған тәрізді. Қараңғы түн. Иен дала, сөйлеп жатыр демесең мынаның адам екені де, албасты екені де айыра танығысыз. Ет жүректі пенде Еркешті қойып, астымыздағы аттар да осқырып, үдірейіп ығыстай береді. Бірақ, мен оған қарамадым. Атымның шылбырын Еркешке бере салып, қамшымды онтайлап арт жағыма жасыра жанына жетіп бардым.
Сонау алыс қыраттан, қара жон қоңыр қабақтан сынық сақинадай ай да баспалап көтеріліп келе жатқан. Соның көгілдір жиекті күміс сәулесі бұғып шөгіп қалған өлі қараңғылықты сескендіре сырып, сұйылта бастаған кез еді.
Таяп келіп үңіліп қарап едім, шынында да адам екен. Су орған жыраға нығалып, бүктеліп бір қырынан жатқан біреудің денесі анық көрінді. Еңкейіп сипалай бастадым. Қолын артына қайырып байлаған қыл шылбыр алақаныма анық біліне кетті. Жүйелеп саумалап көрсем бір ұшымен аяғын да буып тастаған екен ойланып тұрмай-ақ шеше бастадым.
Байлауда көп жатып үйелеп қалған ба, ол қол-аяғы босағаннан кейін да өздігінен орнынан тұра алмады. Екі қолтығынан көтеріп былай алып шықтым да:
– Қайдан жүрген адамсың?- деп сұрадым.
–Жазғасалым біреуден жалғыз атыма айырбастап алған бір сиырым мекенін көксеп қашып кетіпті. Соны іздеп шығып едім, ойда-түсте жоқ мына кеселге тап болдым,- деді ол үһілеп отырып.
– Ауылың қайда?
– Ауыл ұзап кетті ғой, мына көктеректен алдыңғы күні көшкен болатын.
– Енді қайтып жетесің ауылыңа?
Ол бұған жауап берудің орнына:
–Өздеріңнің беталыстарың қай жақ еді, қарағым,- деп өзіме сұрақ қойды. Әлгіндегідей емес, бойына жан кіріп тіріліп келе жатыр.
–Біз анау Болбадай-Сарқамырдан ары кетеміз,- дедім мен де жасырмай.
– Онда жолдарың екен, мінгестіре кетіп мына Көктеректің тұсына таятып тастаңдар, кейпім мынау, аяғым да ақсақ еді,- деді ол қайтадан жалбарынып, жабыса түсіп.
–Көктерек қанша жер?
–Міне, міне, жап-жақын. Бір желім жер.
–Ел бар ма онда?
–Шешек шыққан жалғыз үй ғана бар.
Мүгедек, кемтар адамды жеті қараңғы түнде айдалаға тастап кету де қиын еді.
– Кәне, онда, анау жетек атқа мініп ал,- дедім аттарға таман аяңдап.
–Қарағым-ау, жаңағы шылбырды қайда тастадың? Менікі еді, біз сияқты жоқ-жітік адамға ертең ол да табылмайды ғой,- деп ол жерді сипалап құнжыңдай жүріп, шылбырын тауып алып, маған ілесе жүрді. Байқұс шынында ақсақ екен. Ақсақ болғанда бір тізесін қолымен басып бүкіреңдеп, қиралаңдап жатқан мүгедек жан көрінеді. Аттың қасына келіп біраз іркіліп қалған ол:
– Әй, қарағым-ай, мына кемтар аяғым мүлде алғызбай қалыпты, қараңғыда жығылып-сүрініп қалсам мына күніме зар болармын. Өзіңе мінгесе салайыншы,- деді жалынышты әуенмен өзеурей түсіп.
Оған да мақұл дедім.
Ай көтерілген соң жол сорабы да айқындала түсті. Біресе өрлеп тау ішіне таман сұғынады, онан қайта жалт беріп еңіске таман ойысады. Кейде балта сабы кезеңдерден асып, кейде бұлталақтап шынтақ айланып өтеді.
– Көктерегің қай жер?- деп сұрадым мен одан бір кезде.
–Міне, міне келдік. Жеттік,- дей берді ол да жылпалақтап,- әнеу тұмсықты айланған соң-ақ түсіп қалайын. Алла разы болсын сендерге.
Оның меңзеген тұмсығы алыс емес еді, соған жете беріп қысаңдығы бір шынтақтан айлана бергенімізде артымда жабысып келе жатқан әлгі мүгедек ысқырып қалды. Сол-ақ екен, дәл өкпе тұсымыздан, таяқ сілтем ұрымтал жерден жартастың тасасынан шыға келген екі атты адам тұтқиыл тап берді.
Әркім өзінің ұстазынан үйренеді де, соған еліктейді ғой. Мені баулып, осы алғашқы жортуылға ертіп шыққан Ахмет аға көпті көрген жырынды мықты адам болатын. Оның үстіне, елден ерек тағы бір қасиеті-өмірі қолына қару алып жүрмеуші еді. Сол өз өнегесі бойынша бізге де сойыл, шоқпар, айбалта сияқты нәрселерді алғызбайтын. “Алдымен ол сенің өзіңнен секем алдырады. Оның сыртында ер жігітке диуана құсап шолтыраңдатып таяқ ұстап жүрудің не керегі бар. Қажет болып жатса оны дұспапыңның өзі-ақ қолыңа ұстатпай ма” деуші еді. Сол кісіден көре қалған қазіргі менің бойымдағы қаруым да ерсілі-қарсылы өрген алты таспа қамшы ғана болатын. Қандай мықтымын деп жүрген жігіт болса да, осы қамшымен екі тартсам, атының теріс жағынан ауып түсетініне сенімім кәміл еді.
Бұл жолы оған келтірмеді. Тұтқиыл тасыр-тұсырдан жалт берген атымның басын қайта бұрып қамшшымды онтайлай берейін дегенімше болған жоқ, артыма мінгестіріп келе жатқан мүсәпірімнің қолындағы қыл шылбыр кеудемнен сарт ете түсті де, екі қолымды білегімнен буа тартып, қолтық жазуға мұрса келтірмеді. Соның арасында дәл шекемнен арт-артынан екі рет тиген бос мойын шоқпар да есеңгіретіп жіберген екен. Аттың жалын құша беріппін. Тамағым қаңсып, кеңсірігім қоңырсып, басым зеңіп бара жатты, қас қағым уақыт ішінде олар мені аттан жұлып алысты. Қол-аяғымды бағанағы дәл өзім шешкен байлаумен шандыи бастағанын шала-шарпы ғана сезіп жатқан сияқты болатынмын. Онан ары не болғанын өзім де білмейді екенмін.
Есімді жиғанда маңайымда тірі пенде жоқ екен. Домалап аунап барып, бір сандықша тастың қырына шылбырды егеп босандым да, Еркешті іздедім. Ол да мен сияқты бір жерде байлаулы жатпасын деп үміттеніп едім. Ұра-жыра, бұта, бүргенді қанша тінтсем де Еркеш табылмады.
Сорымның нақ қайнағанын сонда білдім. Секиген секпіл қара жартастың үстіне шығып алдым да:
– Еркеш, Еркеш,- деп айғайладым көз жасымды төге тұрып. Бұған мені мазақ еткендей қаңқ етіп жаңғырыққан қара жартас қана сақаулай сәңгірлеп жауап берді.
***
Кеудемнен бір жарық сәуле оянып еді, күлімдеп еді сол шұғыла. Мезгілсіз сөнді ғой сол арай. Ауылға келгеннен кейін де көңілім титтей сергімеді. Кеудемде басынан бұлт кетпейтін суық, сұрғылт жартас шөгіп жатқандай. Әке-шешемнің, сыбайлас достарымның менің аман келгеніме қуанып мәз болып, ақсарбас шалып жатқаны да мағынасыз бір ермек тәрізді. Көз алдымда көп көлеңке, құлағымда даңғырлаған беймаза жаңғырық қана бар. Серіктерінің мені іздеп үш-төрт күн бөгелгені, мен қалған жұртқа жансыз жіберіп, ешбір сыбыс ести алмағаны, осы кезде тағы да адам аттандырып, іздетуге қамданып жатқаны туралы айтқандары да құлағыма кірер емес.
Көңілімде бір ғана қапалық, бір ғана сәуле. Ол – Еркеш. Құдай өзі оңына басташ, қиуасыздан табыстырып еді. Теңдессіз бір бақыт сыйлап еді. Көрген түстей өте шығыпты. Неге ояндым екен сол ұйқыдан. Дерт боп, албасты боп неге баса бермеді сол масыл. Онан қалған ендігі күнім күн емес, тамұқ сияқты.
Жасаған тәңір, өзі берген бақытын өзі қимаса, онда тіпті өлгенім-ақ абзал емес пе деп те толқыдым бір сәтте.
Бірақ, адам деген ит емес пе. Қия бассаң қырсық болып жабысып, барыңды тартып алып, басыңа пәле бұлтын қаптатып, сорлатып отырса да, осынау құбыжық дүниенің болымсыз бір саңлау, титтей бір жарық сәулесін қимайды екен кісі.
Ой түбіне шөккен сайын өзіме де, өзгеге де өшіге түстім. Бұл дүниеде қашан да жауыздықтың маңдайы жарық, жаны тастан жаралған. Оған оның өзінен де өкім, өзінен де озбыр жауыздық керек. Өкініштің есесі сонымен ғана қайтады. Ендігі менің жолым да осы болады,- деп серт бердім іштей өзіме-өзім.
Осыны білгендей бір күні біздің үйге Ахмет аға келген екен.
– Салының суға кетіп не ғып жүдеп жүрсің, жаман неме? Ер жігіттің басына не келіп не кетпейді. Бәріміз де бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді делінетін жұмыр басты пендеміз ғой. Ондай-ондай істер біздің де басымыздан өткен. Талай жерде қолға түсіп, талай жерде көгала қойдай болып дүреге жығылғамыз. Соның бәрі де жабысып қалған жоқ. Ұнжырғаңды түсіріп, и болып жата бермей серпіл бір уақ. Тағы да атқа мінейік. Уды у қайтарады деген бар емес пе, көңілің көтеріліп, сергіп қайтасың,-деді білген ақылын айтып.
Бұрын үйден ұзап қия басуыма рұқсат бермей қасарысатын әкем де оның сөзін іле қостай жөнелді.
– Ақаң дұрыс айтады. Ержігіт көміліп үйде жата берсе жабы болып кетеді, кең дүниеге шығып көсіліп қайтқанға не жетсін.Үйдегі күйбің мен ауылдағы өсек-аяң қауқары біткен біз сияқты шалдар мен қатындардан да аспайды. Ақаң қолқалап отыр ғой, барып қайт, балам. “ат үсті-әулие” деген емес пе,- деді алдын ала аңқылдап разылығын білдіріп.
Екеуі күні бұрын келісіп алған түрі бар. Бірі өптеп, бірі жөптеп қолды-аяққа тұрғызар емес. Байқаймын, менің кейінгі хал-жайым оларға жұмбақ болып көрінгенімен, нағын білмесе де нобайлап долбарлайтын сияқты. Бәлкім олар мені топқа ілесе алмай жұртта қалғанына опық жеп, соны ер азамат басына мін көріп жасып жүр деп межелейтін болса керек. Менің жүрегімдегіні, жүрегімді жайлап жатқан қара тұманды қайдан көре алсын. Менің сүйікті Еркешімді қайдан білсін олар.
Адамның кеудесі дегенің ол бір алтын сандық қой. Көздің қабы сияқты оған бәрі де сияды. Керектісі де, жарақсызы да, алтыны да, мысы да бар көп қазына сол бір қуысқа жиыла береді. Мәңгі басылып жатады. Ахмет ағаның да, әкемнің де менің сол құпия сандығымда не жатқанынан хабары жоқ еді, сырттай тон пішеді.
Кей күні шырт ұйқыдан шошып оянамын. Айғайлап түрегелемін. Еркешті біреу тартып алып бара жатады. Адам сиқы жоқ албасты. Құдайдың қарғысына ұшыраған шойнақ біреу. Менің қолым байлаулы. “Арам қолыңды тигізбе. Періштесі шошиды, соқтықпа деймін. Қоя бер тізгіннен”- деп кіжініп оянамын. Түсім екенін біліп, ес жиямын. Қойныма қолымды сұғып, тұмарымды тауып алып, алақаныма қыса түсемін. Жүрегімнің тұсына басамын, аяулы Еркештің тұмары жоқ. Оның маған сыйлаған жүрегі секілді. Өз жүрегі еді-ау!
Бір күні тіпті тапа-тал түсте:
–Әй, сені бірдеңе соққаннан сау ма? Көзіңнің жасы не андағы?-деп әкемнің зекігені де бар.
“Шыныда да мені бірдеңе соққан ба екен” деп сұраймын өзімнен өзім оңаша отырып. Пері қызының қанатының салқыны тиеді деуші еді. Өзін Еркеш деп атаған перизат сол ма екен әлде? Білегіне қолың тисе болды, жүрегіңнен лыпылдап қан тулайтын. Тынысынан қасиетті бір леп соғушы ме еді қалай? Үздіктіріп ынтықтыра есетін. Жүрегіңді шымырлатып, мас қылып есеңгіретпей тынбайтын сиқырлы лебіз. Өзі де ақ кептер сияқты сүйкімді болатын. Бәлкім оның сол қасиетті қанаты барын байқамаған да болармын.
Әкемнің бір білері де менің осы бір есалаң сандырағым ғана еді. Еркеш туралы олардың санасында сайтан да жоқ. Десе де мына ақылдарын тым теріс көрмедім.
Еркек басыммен мен іздеп таппасам, Еркеш мені қайдан табады? Менің ендігі парызым, азаматтық борышым біреу ғана. Ол – Еркешті іздеу. Тауап етер қыбылам да сол – Еркеш кеткен жақ. Егер құдайтағала “ал, құлым” деп қайта табыса қалсам, күніне мың ракағат бас қоятын саждам да соның кеудесі болмақ. Ал таба алмаған күнде, қолымнан түк өнбеген күнде де басқа ойым бар. Тағдыр мені ит қылды ғой. Мен қасқыр боп есемді аламын.
Сонымен тағы атқа міндім. Менің осы сапарым-ұзақ жылдық кәсібімнің бастамасы, үртіс бірнеше жылға созылған есепсіз шиырымның алғашқы адымы болды.
Ақымақ, албырт шақ. Аңдаусыз, адуын кез. Алды-артыңды ойланбайтын бір желіктің жетегімен бір кісідей-ақ жорттық қой. Ат жеткен жердің бәріне бардым. Бәйтік, Қаптықтан асып торғауытқа да тидік. Майлы, Жайырдағы уақ пен найманды да шулаттық. Еренқабырға мен Қара таудың да талай-талай дараларына бекіндік. Кішкене тау, Маңырақты арылытып, Зайсан өтіп, Семейді де сан орадық. Олжалы қайттым деп қуанғам жоқ. Олжасыз оралдым деп өкінгем жоқ. Басым ауған жаққа, ойыма не түссе соны қуып жорта бердім.
Мұның қайсы бірін айта беремін. Қанша жортсам да, қанша кезсем де Еркеш туралы ешбір дерек іліндіре алмадым. Семейден ары ұзап бір орап қайтқан жолымда ғана Еркештің әкесі Естеместің жалғыз баласын жоғалтып, өлдіге жорып күдер үзген дақпыртын ғана естідім. Кейінгі кездері менің өзім де Еркеш жайлы осыдан ары байламға бара алғамын жоқ. “Ел құлағы елу” біреу болмаса біреуден бөтен-бастақ бірер сыбыс шықпағанына қарағанда, Еркеш бұл дүниеде жоқ деген ойға мен де күрсіне сенген едім. Бірақ, мұным де теріс болжал болып шықты. Сегіз жыл өтіп, тоғызыншы жылға аяқ басқанда, сәтсіз бір сапарымда, ойға-түске кірмеген бұйрықсыз бір орайда, әлдеқашан күдер үзіп, үміттен ада болған шағымда Еркешке тағы кездестім. Бұл дүние дегенің бір алдамшы ғой. Бір нәрсеге ділгер болып, қыр соңынан түссең, сен зәру болған сайын ол алыстап, қашықтай береді. Алғашында алдап, дәмелендіріп, шырғалап жетектейді де ақыры қарасын үзіп, ғайып болады. Закотқа отырғызып бір-ақ тынады. Ал әбден үмітің кесіліп, күдерің үзілген, аяқсыз тастаған бір ісің сен тілемеген, көңілден ұмыт болған бір шақта, елеусіз бір жайда өздігінен қайта оралады.
Иә, қалқам, енді осыны білгің келіп отырған шығар. Мейлің білсін. Бұны да айтып берейін.
***
Қанша жортсам да қанағат еткемін жоқ. Аңсағанымды тауып, өшім алынып, кегім де қайтқан жоқ. “Жайын құйрығын жеген жатпас” деген дейін, атқа мінбесем ішкен асым бойыма қонбайтын болып алды. Атқа не үшін мінетінімді, бұл дүниеден неменені тиянақ ететінімді де ойлап көрмедім. Мал үшін дейін десем оның да игілігіме жарап, бұйырғаны шамалы болды. Үйірімен қуып, матап әкелгенде алақаныма кір қонып, бойыма шыр жұқпады. Құр қол қайтқан кездерімде де өзегім талып өзеуреп елге көз сүзіп көрмедім. Қойшы әйтеу, қарайып артта қалып, ана Ақберді дегізгем жоқ. Ағарып алдыға озып ана жалға шыққамын да жоқ. Ел-жайімен, дау-шармен, артық олжа, кем үлес дегендермен де жұмысым болмады. Басқаны қойшы, айттырып қойған, оң жақтағы қалыңдығым да тоса-тоса сарғайып, ақыры күдер үзіп, біреумен қашып кетті де, екі ру арасында үлкен лаң тудырды. Қасқа мен жайсаңдар қызыл шеке болып қырқылысты-ау келіп. Онда менің нем бар. Көңілім сүймеген қыз кіммен кетсе онымен кетсін. Барған жерінде бақытты болсын. Оған барып килігетін ақымақ емеспін ғой мен.
Ойлап отырсам, дүниеде Еркештен басқа қыз, онан бөлек әйел заты бар деп түсімеде кірмепті. Мен үшін байлық дегенің де, бақыт дегенің де, басқаң да бір тиын. Бірақ, менің осынау қуыс кеудемде Еркештен соң, соның бәрінен артық, бәрінен қымбат жалғыз-ақ нәрсе болды. Ол-ат. Тақымымнан бір жақсы ат үзбеуші едім.
Пай-пай деген. Жер-суды баспайтын бір сайгүліктер болады-ау. Ер жігіттің сенімді серігі, қанаты, мақтанышы ғой ол, жануар-ай десеңші. Ондай аттың үстіндегі адам өзін әулиеден бір кем санамайды. Жау алдында жасытып, дос алдында жерге қаратпайтын да соның қасиеті.
Көп адамдар білмейді. Ерлік деген қашан да желпінген асқақ көңілден туады. Қайрат деген, сенім де сонымен егіз нәрсе. Жасыған көңілде жалын болмайды. Жалынсыз жігітті қазақ ынжық деп атайды. Ал, жақсы ат деген, шіркін, жастықтың да жанын қайрап, өлезді де желпіндіріп отырады емес пе?!
Бәлкім, сондықтан да болар, пәлен жерде біреу де бір жақсы ат бар екен десе соны қашан қолыма түсіргенше көңілім орнына түспеуші еді.
Бір жылы осындай бір бұйымтаймен бәйтік-қаптыққа бардым. Сол арада бірталайдан бері айқасып жүретін Көпберген дейтін тамырым болушы еді. Тамыр болғанда біздікі, қазақтың әдеттегі көңілдес тамырлығынан басқарақ. Ең алдымен олар да өзіміз сияқты жортқыш, батыр болуы керек. Онан соң осылай бет алғандағы сүйеніш, тиянағымыз да сол болады. Жақыннан алып, алысқа айдап көз жаздыратын алым-бердім де осылар арқылы астыртын істеледі. Осы арада ескерте кетейін, ол кезде жең ұшынан жалғасатын мұндай сыбайластарсыз өзіңнің де өрісің болмайды. Бір жерден алынған мал тек солар арқылы ғана сіңеді. Өткелектен өтіп, өңі-түсін неше ауыстырып ен-таңбасын өзгертіп келмей қолыңа тұрмайды. Әлгі Көпберген де, міне осындай тамыр болатын.
Кейінгі кездері мен көбінше саяқтап жалғыз кетуші едім. Жақсы мен жаманның талайын көріп, ысылып алған жырынды кезім. Өзіме-өзім әбден сенімдімін.“Ұрлық қылсаң жалғыз қыл, екеу болсаң біреуің айғақ боладының” талай-талай жерде басқа тигені бар. Сондықтан бұл жолы да ешкімге жынысымды қоспай жалғыз шыққанмын.
Алдымен астыртын келіп Көпбергенге тілдестім. Менің бұйымтайымды естіп, ол да жанып кетті.
–Сол итте көптен бері қайтпай жүрген бір кегалым да болушы еді. Соны бір қан қақсатсам деп тісімді басқаныма қай заман. Бір реті келмей жүрген. Әсіресе, анау қатыны, әттең, әттең қолыма дес тисе алдымен сол қайлақыны кергіге тандырып, үстінен қой айдатар едім, -деп кіжінді ол ішкі дертін жасырмай төге салып.
Оның айтып отырғаны Бесбай деген зәңгі еді. Мұқым Алтай-Сауырды тиып, уақ пен найманның да жүрегіне запыран болған атақты қара кер аттың иесі сол. Бір кезде арғын-найманның бір асында керейдің аруағын көтеріп, бәйге алып берген құлашегір мен көкжалдан мәртебесі кем түспейді деп мақталатын жүйрік ат соның қолында.
Бесбайдың қолынан қара кердің шығуы да тым оңайға түсе қоймайтын сияқты. Дәулетті, атқұмар адам қара керді биенің саумалымен суарып, сұлымен баптап, бағады екен де, түнде кісендеп, ауылдың қыз-келіншектеріне күзеттіріп отырады екен.
Мөлшері төрт-бес жылдың алдында болса керек, осындай түнгі ойынға Көпберген де кірісіп, келіп-кетіп жүреді де, Бесбайдың жалғыз қарындасымен ұнатысып, табысып қалады. Біріне-бірі ынтық екі жастың жайлауда, тәңертеңгі жапырақ бетінде тұратын жалғыз тамшы меруерт шықтай мөп-мөлдір бір аяулы сәттері өтеді. Зәңгінің қарындасына құда түсерлік кедей жігіттің салауаты жоқтығын да ұғынысады. Дағдыдан, салттан аттап, атаның киелі аруағынан кешіп, қашып кетем деуге қыздың да батылы бармайды. Осы бір мөп-мөлдір, көгілдір шақтарын екеуі де мөп-мөлдір көз жастарымен жуады. Баянсыз дүниенің аз күнгі қызығын өліп-өшіп, жүректерінің жалынына орап, сайран салады.
Екі жастың бар дүниені ұмытып, мас болып, үздігіп сүйісіп тұрған бір қастерлі шағында, бұрыннан сырттай аңдып жүрген Бесбайдың келіншегі үстілерінен түседі. Қайын сіңілісінің атағын жайып, өздерінің бетіне шіркеу келтірмеу үшін Көпбергенді қара керді ұрлағалы жатқан жерінен қолға түсті деген дақпырт таратады. Дүреге жатқызып, ат бастаған тоғыз айып тартқызады. Асығыс-үсігіс қамданып, шерлі қызды да қалың берген жеріне ұзатып жоғалтады.
Осы сырын ақтара келіп, Көпберген тағы бір тілегін айтты:
– Ақберді, сен асықпа. Еренқабырғадан келген жолаушы атағын жамыл да, ел ішін емін-еркін аралап, сауық-сайранынды құрып жүре бер. Атты саған мен шығарып беремін. Бірақ, ана Бесбайдың қара талағынан сол өшімді бір алып беріп кет. Жақында осы өңірде бір той болғалы жатыр. Бесбайдың келіншегі мұндай той-тоймалақ десе елден бұрын ұшып тұратын жел өкпенің өзі. Атқа да мықты. Қыз қуардан да қалмайды. Дәл сол күні соны бір масқаралап берсең болды. Қалған жұмысты маған қоя бер,- деген.
Арада бірнеше күн өткен кезде Бесбай зәңгі мені үйіне шақырды. Бір бағланын сойып, қонақ қыла отырып, менің астымдағы атымды қолқалады.
–Тамыр болайық. Осы атыңды қи маған. Қос қара кер ғып бағайын. Ауыздығына атан түйе байлайын,–деп жабысты. Мен көнбедім. Қанша айландырса да жібімедім. Маған атан түйе, үйірлі жылқы, қоралы қой не керек. Өмірдегі бір күнгі қызығым, бір реткі мерейім өзіме елдің ен дәулетінен артық көрінетін кез еді ол.
Жалғыз атты жолаушыға сұғының жүрмегеніне Бесбай да қатты намыстанды. Сонан Көпберген айтқан әлгі тойдағы қызқуарда өз келіншегіне әдейі мені қалатып, бір соққызып алмақ болды.
Танауы әнтек қусырылған, әдемі қара торы келіншек кер төбел аттың ауыздығымен алыса, алдымнан сан рет ойқастап өтіп, мені шақырып тұрып алды. Менің де тілегенім осы еді. Бесбайдың көзі түсіп жүрген өз атыма мініп шыға келдім.
Жануар менің қоңырым да ат-ақ еді. Оның сағымқоңыр аталуы да тегін емес. Тақымыңды қысып қалсаң болды, құстай ұшады. Талай жылдан бері, талай қиын қыстауда да, ұтылап аттандаған сан топтың қыспағынан, ешкімнің тырнағына ілінбей шығып кетіп жүргенім соның арқасы. Сағым десе сағым еді жануар. Төрт аяқтыда оның шаңына ілесер жылқы маған әлі кезігіп көрген емес. Келіншектің астындағы суреттей сұлу көр төбел ат алды артымды орап, қабырғалай қырындап қанша желіккенімен, мен өз атыма сенімдімін. Сол үшін де топтан шыға бере-ақ әдейі ел көрсін деген бір қияс қылықпен келіншектің мойнынан құшақтап, бетінен сүйе бастадым. Ел көзінше тәлкек қылған бұл дарбаза қылығыма оның да ашуы келді білем, қабағын шытып, тымырая қалды. Бір – екі рет кеудемнен итеріп те жіберді. Қазіргі барар жолда оның одан басқа қолынан келері жоқ еді. Оған тиетін есе-теңдік қайтарда. Ол кезде менің жаңағы бір сүйгенімнің есесін он қамшымен қайтарып алуға ол да қақылы. Байқаймын, аты жетсе жонымнан таспа алудан да тайынар емес. Мен мазақтап әлегін алған сайын түтігіп, ыза болып келеді. Осыны іштей сезіп келе жатып мен де барған сайын аса түстім. Желкесінен мықтап байлаған ақ бөртпе салысын шешіп жіберіп, тамағынан бір-екі рет тістеп те алдым. Онан соң бір құйтырқы жынды ой сап ете қалды да, ел алдында таңба болсын деп бетінен де екі рет тістеп қызартып жібердім. Келіншек қиықшалау келген қара көзінен от жайнап, жасаурап, менің тәлкегіме әзер шыдап келе жатса да, әдейі ұзағырақ тартты.
Ол межелі жерге жеткенде атынан түсе қалып шеттікке қол созғанда, мен де қарғып түсіп айылын тартып бермек болын ұмтыла беріп едім, қолымды қағып тастады. Ой, бәлекет дерсің. Айылды ашулана тартқанда жырымның жайшылықтағы тап түскен жерінен екі көз өрлетіп апарып бекітті де, лып етіп қайта мініп алды. Қара торы жүзі сұрланып, қанын ішіне тартып, қуарып алған екен. Қалыңдау келген астыңғы ернін тістеп, қамшысын қымтай ұстап, мінер жағымнан жаналасып қатарласа берді. Екеуімізде де үн жоқ.
Тек жаңа аттан түскен жерде мен қауіпсініп, қара ләстікпен тыстаған кеудеше күпімді шалбарланып жатқанымда ғана ол маған жалғыз ауыз тіл қатқан:
–Сасайын дедің бе, батырым?- деп зілді кекесінмен мырс еткен.
Бұл сөзі де оның аямас, өшіккен пиғылын аңғартқан еді. Бала күнінен ат құлағымен ойнап өскен өжет, пысық келіншектің ат үстінде жігіттен де мықты, орамдылығы жөнінде жақыннан бері ел аузынан естігендерім де аз емес. Пәленшені ат үстінен жұлып алған, түгеншені өңгеріп әкелген деген мақтаулар да айтылған. Кей жолы көмбеге таяп, ел ортасына кіре бергенде басын ғана қорғап келе жатқан аңғал жігіттін айылын ағытып жіберіп, ер-мерімен аударып тастап, атын жетектеп шыға берген әккілігі де құлағыма тиіп еді. Жаңағы қамдануым да соның сақтығы болатын.
Айтып-айтбай а деп қайтқан кезде-ақ ол менің түп етегіме жармаса берді. Ежелгі әдетінше алдымен мықтап ұстап алып, ұрғанның көкесін онан кейін танытпақ сияқты. Жаңағы шалбарланып алғанымның пайдасы тиді. Ол неше рет ұмтылып келіп, қарманып көрсе де қолына ешнәрсе іліктіре алмады. Енді бір сәтте ол менің қанжығама таман жабыса берді. Мен де оны аңғара қойып, қолын шапшаң қағып жібердім де, сағымқоңырға қамшыны басып-басып қалдым. Сол-ақ екен, жұлдыздай ағып, сытылып шыға бердім. Келіншек кер төбелді қанша сабалап, тақымдағанымен барған сайын созылып, кейіндеп қала берді. Бірақ, мен де оны дәмелендіріп, атымның басын ірке шауып, қамшы сілтер жерге таяй бергенде қайта ұзап алып отырдым да көмбеге таяған кезде қамшымды үйіріп, масқара етіп, көсіліп шыға жөнелдім.
Ыза болып, терісіне симай түтігіп келген келіншек ел ортасына іліне бере атының теріс жағынан қарғып түсті де:
–Қартаң түскір, иттің малы,– деп атын басқа бір салып, жылап жіберіп, отыра кетті.
Артынан білдім. Бұл әңгіменің аяғы жанжалға да соғып қала жаздаған сияқты. Бұрын да маған ат үшін өкпелі болып жүрген Бесбайдың туыс-туғандары сыныққа сылтау тауып, “қаңғырған қайыршының сыбағасын береміз.”-деп әулгіссе керек. Ел ағалары басу айтып тоқтатып тастапты. Көрінеу сойқан шығаруға батынбағанымен олар: “Қарайған халықпыз ғой, қайтсек те қапысын бір табармыз”- деп кіжінісіп тарасыпты. Бірақ, бұларына бөгет болған қара кер аттың жоғалуы болды.
Мен барғанда Көпберген де аттан жаңа ғана түсіп отыр екен.
–Жігіт екенсің, бәрін естідім,- деп жымың қақты ол.
–Сен өзің барған жоқ па едің?
ол күліп жіберді:
–Қара кер ат кісіні тойға барғыза ма?-деп көзін қулана бір қысып қойды.
Басқа кезде орайы келмейтінін біліп, қапысын аңдып жүрген ол күндіз ел тойға айналып, ауылдағы азаматтардың сиреген уақытын аңдып жүріпті де, Қара керді тапа-тал түсте кермеден қиып алып, жайлақ қарғып міне салып, бір-ақ сыдырыпты. Әдейі із тастап, сан шиырға соғып, тығып тастап келіп отырған беті осы екен.
Мен де қуанып кеттім.
–Нағыз жігіт сен екенсің ғой- дедім оны құшақтай алып,–онда мен қазір-ақ аттанып кетпеймін бе?
Бұған ол көнбеді.
–Олар саған түк те қылмайды. Қазір оның есі-дерті атын қалай табуда. Бесбай тойдан келе салып күйіп-пысып, малшы-қосшыларын қырып-жойып, азаматтарын жан-жаққа аттандырып, із шалдырып, тосқауыл салдырып әлек екен. Секем алдырмай, асықпай кет. Атқа өзім ие боламын. Түнде жайылтып, күндіз байлап тастап отырамын. Қазір оны Бесбайдың сайтаны да таба алмайды. Бірақ, түбінде, тым ұзатып жібермесең саған да қол болмас па екен. Керей танитын даңсалы ат емес пе,- деді ол арғы-бергіні түгел ескертіп.
Сонымен, бесінші күні түнде Көпбергеннің үйінен сартап боп кеуіп қалған қозының санын шала пысыртып алдым да, Қара керді қосарға алып, тарттым да кеттім. Сол тартқаннан бір кідірмей, аттың белін кезек суытып отырып, ертеңінде кешке Бурылторғай өзенінен бір-ақ шықтым. Ендігі ойым, Үліңгір жағасындағы қорық шеңгелге жетіп, өзім де демалып, аттарды да тынықтырып, таңертең жолға түсу еді.
Ол кезде бұл ара ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс болады. Өзен бойындағы талды былай қойғанда, даладағы сексеуіл мен қара шеңгелінің өзіне түйе бойламайды. Кей жылы күзде жоғалған қысырақтың үйірі қыстай қыстап, көктемде әрең табылатын жалпақ қопанын көлденеңі мен еніне көз жетпейді. Жер сырын білмеген адамның жол тауып өтуінің өзі мүшкіл. Менің ендігі беталысым осы. Жаз күндері жан баласы тұрмайтын тымырсық, бүк, иен көр сексеуілді аралап, жалғыз аяқ ұры жолмен келе жаттым.
Ел жатар уақ болған мөлшерде Қылының тұсына таман келіп ілінген болсам керек, қалың қопаны жарып, бейғам келе жатқан кезімде, үлкен бір шеңгелдің далдасынан тұтқиыл тап берген біреудің шоқпары дәл шекеме келіп сарт ете түсті. Басым зеңіп айланып, көзім қарауытып бара жатты. Аттың жалын құшып, ерден ауып түсіп қала жаздап, теңселіп-теңселіп барып әзер қалдым. Сол бетіммен еңкейіп дардай тұрып қалған сияқтымын. Есімді жиғанда жетегім жоқ екенін бір-ақ білдім. Іші удай ашып, көзіме қан құйылып кетті.
Бұрыннан белгілі бір қасиетім-қанша сойыл, шоқпар тиіп жатса да басымнан қан ағып көрген жігіт емеспін. Көбінде шоқпардай боп бірнеше күн ісіп жүріп басылып кететін. Бұған серіктерім де таң қалушы еді. “Сенің басыңның құйқасы атан өгіздің терісінен де қалың-ау, сірә”-деп қалжыңдасатын. Сипап көрсем, бұл жолы да қан шықпапты. Шоқпар тиген шекем қол тигізбей, ып-ыстық болып, томпайып келеді екен.
Қара кердің ашуы, қапыда соққан қорлығы өзегімді өртеп барады. Алысып әлім жетпесе армансызбын ғой.
Өлген-тірілгеніңді елетпейтін долырған ашу-ыза көтерді ме, болмаса жансебіл мықтылығым ба, кім білсін, әйтеуір тез сергіп, ес жидым да, қайта бұрылып із шалдым.
Аз жүргеннен кейін бір алаңқыдағы өлеңнен жосып өткен шұбанды із ап-айқын боп көріне кетті. Енді бір желім жер жүріп едім, құм үстіне түскен жылқының жас құмағы жатыр екен. Бұл кезде ай да көтеріліп қалған еді. Түсе қалып қарасам неше күндей қамалған, түйенің құмалағындай боп қатып қалған жайлаудың сары отын жеген өз атымның тезегі екен.
Бұдан былай жолға қарап, із шалып аялдауымның қажеті жоқ еді. Қайда баратын беталысы көкейімде ап-айқын сайрай жөнелді. Үліңгірді жағалап, бұйрат-бұйрат құмдардың шетіндегі шалғыннан жосылтып өткен екі аттың анда-санда бір көрініп қалатын ізіне де қарамастан көксін тауын маңдайға алып, аттың басын қоя бердім.
Жаңылмаған екенмін. Көп ұзамай-ақ бір доңғыл тұмсықты айланып бара жатқан екі баранның қарасын анық көрдім. Аппақ сүттей ай сәулесінің астында, аппақ құмның бетінде екі қара ноқат зырылдап барады. Атымды тебіне түсіп, әудем жерге жібермей қуып жеттім де, өзімді-өзім тоқтата алмай:
–Әй, кім болсаң да тоқта,- деп ақырып қалдым.
Менің даусым шыққан заман ол да тақымындағы сойылын суырып алып, қарсы ұмтылмақ болып бұрыла беріп еді, оған үлгірткемін жоқ. Шіркін, сағым қоңыр-ай. Жанынан ағып өте беріп, қамшымен жалғыз тартып өте шықтым. Қолымның қатты тиіп кеткені өзіме де белгілі болып қалып еді. Ежелгі дағды, үйреніскен әдет қой. Біз ел сияқты қамшының өн бойымен көсіліп ұрмаймыз. Адамның денесіне қамшының ұшынан бір тұтам жер ғана тиеді. Көп машық етіп, әдістес болған адамның талмау жерге дәлдеп сілтеген қамшысы сойылдан кем тимейді. Кейде нұратып та түсіреді. Ашу мен аяусыз ұрсаң оқыс қып та жібереді.
Менің бүгінгі дұспаным да өзінің осал жау еместігін дәл осы арада бір байқатты. Теңселіп барып, тез түзеліп барып, қайтадан ұмтыла берді. Бірақ, мұнысы құр айбар ғана екені маған да белгілі болатын. Ол есін толық жиып, қылшылдап дер бабына келіп болғанша мен қарап тұрамын ба? Қолындағы сойылын сілтеуге мұрсасын келтірмей жұлып алдым да, қара құстың тұсы-ау деп ақырын ғана қағып қалдым.
Бұл жолғы соққы оның еңсесін қайта көтертпеді. Қолынан тізгіні сусып түсіп кетті де, атының жалын құшып, еңкейіп тұрып қалды.
Мен қара керді жетекке алып, қасына таман таядым. Сол кезде ғана ол қиналып, сырылдап шыққан даусымен:
–Ей, мені аттан түсір.- деді әмір етіп.
Ешкім белгілеп, қаулыдан өткізіп шегелеп отырмағанымен біздің де өз заңымыз, бұрынғыдан кейінгіге ауысып дағдыға, әдетке айланған, бұлтармай бағынатын өз жосығымыз бар. Жеңілгенді жәбірлеу ерлік санатқа лайық қылық емес. Мынаның аузынан шыққан жаңағы сөзде “жаулығымыз осы арада аяқтады” деген ишара. Сондықтан мен аттан қарғып түстім де оны көтеріп алып, қолтығынан сүйеп жерге отырғыздым. Ол да тізерлеп отыра кетіп тымағын алып еді, басы жарылып кеткен екен.
–Шешіндір, жейдемді жыртып басымды таң.- деді ол бір қолымен тізесін тірей, басын еңкейте, сіресіп отырып жатып. Айтқанын істедім.
–Бойында жаның бар немесің бе, қаттырақ тарт,- деп зекіді ол, мен оның басын таңып жатқанымда бір рет.
Мен мырс ете түстім. Екеуіміз осыдан кейін тілге келдік.
–Сен кімсің өзің?- деді ол алдымен, бетіме бажырая қарап.
–Алдымен өз жөніңді айт.
–Менің атым-Қарымсақ.
–Е, е, – деп мен тани кеттім. Танығанда сыртынан білетінмін, жәнтекей ішіне кірме болып сіңіп кеткен Қарымсақ деген бір мықты бар дегенді көп еститінмін. Бір кезігіп танысуға іштей өзім де ділгер едім. Сол батырмен міне қан майданда, қып-қызыл ала болып кездесіп отырмыз.
–Менің атым-Ақберді,-дедім оған енді мен де бәлсінбей.
–Ақберді сенбісің? Ой әттеген-ай… бұрыннан естуші едім, іздеп те барайын деп жүргемін. Ойпырай, қолың не деген қатты еді,- деп басын шайқады ол.
Мен үндемедім. Ол аз бөгеліп отырды да:
–Жә, менің атымды әкел, жұрейік,- деді орнынан тұрып жатып. Екеуіміз тіл қатыспай суыт жортып отырып, түн ортасы ауа Ертіс бойында жайлап отырған екі-үш үйдің біреуіне келіп түстік.
Ұзын бойлы, жүдеу қара келіншек от тамызып шай қайнатты.
Ебдейсіз еңкейгенде жердегі отынға қолы әрең жетеді. Анда-санда лапылдап жанған оттың жарығымен келтелеу мұрнының үстіндегі қара қожалақ ноқтасы да айқындалып көрініп қалады. Аузы-мұрнынан әрең демалып, кекірейіп отыр.
Келіншек жүдеу болғанымен жап-жас екен. Күбірткідей қараша үйдің қазіргі көркі де осы ғана сияқты. Үй ішінде көзге түсер басқа ешбір жасау-жабдық жоқ. Келіншектің жаңағы тұрған төсегінде де жамылышы орнында көнетоздау күпі жатыр. Төр алдында ескілеу сырмақ. Онан былайырақ сабалақ жүнді қара серкенің терісі бар. Сырмақтың бір шетінде иірілген ұзын біреу сары тонға оранып, бүркеніп жатыр.
Қарымсақ жаңағы серке терісінің үстіне жүрелеп отырып жатып:
–Алдымен бір құман су жылытып жіберші, Гүлжікен, жаңа мына жігіт екеуіміз жылқы ұстаймыз деп жүргенде аттан жығылып басымды жарып алдым,- деді жай ғана, елеусіздеу етіп.
Енді байқадым, Қарымсақтың киімі де сауыс боп қалған қан екен. Жарғақ тонының жағасы да қып-қызыл ала. Мойнынан құлдай кеудесіне дейін жоса боп бояп кетіпті.
Ол басын тұзды сумен жуып, қайта таңдырып алған соң, шайға отырды. Дастарқан жиылған соң Қарымсақ маған:
–Жә, мен аттарды жөндейін, сен жатып ұйықтай бер,- деді де, сыртқа шығып кетті.
Мен төр алдындағы иірілген сары тондының қасына киімшең құлай кеттім.
***
Бүкіл Алтайдың жон арқасында Қалқа жеріне ететін бірнеше ғана асу бар. Бұлардың көбінің бергі беті терең шатқал, құлама бет, қия болып келеді де, сырғымалы қалың қорымнан аңдып қана өтетін жалғыз аяқ жол түседі. Осы жолдың өзі де жылдың он екі айының қақ жартысынан ауданды уағында берік жатады. Жыл маусымының жылымық райына қарай кейде ертерек ашылып, жайырақ бекитін кездерін есептемегенде, көбінде ел жайлауда отырған кезде ғана жол береді. Басқа уақыттың бәрінде маңындағы мәңгілік мұз құрсанып, бір жібімей көк беттеніп, ызғарын төгіп, түнеріп жататын биік-биік қарлы шоқылар сияқты мұны да қар ерте басып, қайнауын толтыра нығап тастайды. Ұшар қанат құстан басқа жан асырмайды.
Көктем. Жыл маусымының осы бір кезеңі туралы адам баласы да елжіреп сөйлейді ғой. Қара жердің тоңын жібітіп, өлген дүниені жылына бір рет қайта тірілтуге дәрмені қаптал сол қасиетті көктемнің құдыретті шұғыла, шуағын да ол қаһарлы салқын жүзбен сараң қабылдайды. Аз уақыт қана амалсыз жол береді де, тез тыжырынып, қайта қымтанып, бүркеніп алады. Шыңылтыр көк айдынданып, сіреседі де жатады.
Осындай асулардың бірі Қом-Қонас болып қосылып, Буыршынға құятын екі өзеннің Қомға тарап тентек айырығының басында. Бұл араға біз Қарымсақ екеуіміз күн бата іліндік. Ойда жоқта менің осылай сапар шегуіме себепші болған Қарымсақ. Соның тілегі.
Мен оның үйіне келіп түскеннен кейін үшінші күні тәңертең Қарымсақ мені оңаша шақырып алып бір сырын ашты.
–Жә, батыр, дидәр ғайып, дәм ғайып деген осы. Өзіңмен жайсыз кезігіп, сенің де етіңе таңба түсіріп, өзім де жаралы болдым деп ренжіп отырғамын жоқ. Қайта, “сәтті күні, ақ тілек үстінде табыстым-ау” деп қуанып отырмын,- деген ол сөзін орғыта бастап, қатпары қалың қабағын түйе, аузынан шыққан әр дыбысты нықтай шегелеп тістене сөйлеп кетіп еді,- кедей демесең, тонаушы ұры демесең, менің де Алаштың ешбір азаматынан кем жерім жоқ. Осы ұрлық құрғырды да мақтанға бола, “ер атанайын, батыр атағын алайын ” деп қуып жүрген жайым тағы жоқ. Біреудің қойын бағып, қоқайына көнгенді ар көрдім. Барға жалынып, байға жалбарынып, итшілеп күн өткізгенше, жалғыз жанымды отқа тастап, жасымай жан бағайын дегендік қой менікі. Осы кедейлік, қолы қысқалық, шабандықтың кесілінен жігіт басыма қорлық атты қара қамытын ілген, сүйегіме жеткен таңба бар. Саған соны айтпақпын,- деп бір тоқтаған. Сонда оның қалың, қыртысты еріндері салпиып, жүзіне ойнап шыға келген суық ызғарды мен де айқын аңғарып едім. Кірпігін қағып қалғанда тереңде жатқан кішкене шегір көздерінен жап-жасыл от жарқылдап барып сөнеді. Адамды обып жіберердей шүйіліп қадалады. Үнінен қорлық көріп, сүйегі жасып, еті өлген адамның әлжуаз жалынышы емес, кекке жанып, ашуға суарған ақ алмастай қайтпас, майырылмас суық ызғар білінеді. Оның сөзін мен де ұйып тыңдадым.
Мына үйінде жүрген оның жалғыз қарындасы екен. Біреуге қарсы құда болып өткен жылы ұзатыпты. Адамын алған соң олар ана сылтау, мына жағдай деп мұның қалыңдығын бермей, кешеуілдетіп соза беріпті. “Ел қыстауға орын теуіп, іргесін көме құтты орнына қондырамыз” деген сөздеріне нанып, бұл да бейғам жүре береді екен. Содан ол жайлаудан бері түсер кезде олар бір-ақ күнде түн жастанып ары көшіп Қалқа жеріне өтіп кетіпті. Қарымсаққа басқасы емес, мұны қорғансыз, туыссыз, кедей деп, ұры деп басынғаны батады екен, жесірінен кешейін десе де жігіттік намысынан кеше алмапты. Айдап берген қалыңмалы болып, оған да іші тарылып отырған жоқ. Қызыңның үлкендігі деп белдеуіне байлаған жалғыз атын да ол тышқақ лақ құрлы есептемейтін көрінеді. Қара басты адамын алып, өзін жұртқа ұлытып кеткен қорлығына ғана күйеді екен. Осы құсалық дерттен жарымжан шешесі де қыстай сары ауру болып, жазға салым дүниеден көшіпті. Күйікпен, қайғымен көз жұмыпты.
Ел жайлауға жаңа қонып жатқанда, асуға алғаш жол түскен кезде қалқа жаққа қарымсақ өзі де бір рет жансызданып барып қайтыпты. Қалыңдығын біреуге ұзатып жіберген екен. Кешегі сар тонды мұның Қалқа жеріндегі бір тиянағы, Әбеу деген жігіт екен. Соған барып мұң шағыпты. Ол мұның қалыңдығына бата алмапты, тірегі күшті дейді. Астыртын тілдесіп қарындасын бергі бетке алып қашып келіп, ағасына табыс етіпті.
Көр шенгелден мені тосқан жолында да ол Әбеуге жарамды бір керік мінгізіп қайтару ойымен шыққан екен. Мен Қытай есігінен еңкейіп түскен кезімде, ол сол керіште баспалап жатып байқаған екен. Атқа да сонда көзі түсіпті. Ақыры ол Қара керді сол Әбеуге мінгізіп жолға шығарып та салыпты.
Осыны айта келіп Қарымсақ маған да бір қолқа салған:
– Құдай оңдап өзің келдің. Алтайдың күн бетінен сендей сенімді серік маған табыла бермейді. Кеткен есемді, алынбаған өшімді сен қайтарысасың. Қане, алдымен осыған уәдеңді бер,- деген.
Ол кезде біздің мұндай қолқадан, біреудің ақтарыла алдыңа жайған ақ тілегінен бой тартып, бас шайқайтын кезіміз емес. Мұндайда шалқақтап, кері бағу біздің батырлық атағымызға да мәнсүп емес. Мұндай сәтте көңілде бір-ақ байлам, ойда жалғыз бекім тұрады. Оның аты-тәуекел.
Оның үстіне Қарымсақ та аты шыққан ер жігіт. Білген кісіге оның қолқа салуына татудың өзі мақтан. Ол оншалықты оңай мәртебе де емес. Адамға қашан да адам керек. Ер көңілін қалдыру- ездің ісі.
Жаманмен мың күн жолдас болсаң – дағы,
Жақсының болмайды екен бір күніндей,- деген өлеңді қазақ бекер айтпаған. Бұрынғылардың сөзінің бәрі де алтын ғой. “Досың да ер болсын, дұспаның да ер болсын” деген тілегі қандай десеңші.
Қарымсақ Әбеуді әдейі күн бұрын жолға салыпты..
Ақберді екені рас болса “ермеймін” деп айта алмас, бізді жұма күні түнде шолақ адырдан тос,- деп жіберген екен.
Бұл кез жолдың даңғыл, соқпақ шағы. Түнделетіп-ақ өтіп кетуге болатын жайлы, орайлы бір уақыт. Ай да жарық болатын. Біз кезеңг шыға келгенде-ақ байқалды, алдыңғы жағымсыз ұсақ адыр екен. Былай қарағанда бір таудың екі қанаты сияқты болғанымен, күнгейі мен теріскейі екі бөлек болып шықты. Күнгей жағы құлама құзар, шыңырау шатқал. Ал теріскей беті жазықайлап, келте-келте ұсақ адырға айналып, үстірттеп кетеді екен.
Біз осыдан былай ат басын шығысқа таман бұрып аз жүргеннен кейін-ақ, бір қойнаудан көлденең кесіп ете бергенімізде тасырлап жалғыз атты біреу қуып жетті.
–Ал, батырлар, жол болсын, – деді ту сыртымыздан жанасалап таяй бергенде-ақ.
Астындағы қара кер атты тани кеттім. Жануар қос құлағын алдына тіге, әсем басып, қабырғалап қырындап келеді екен.
Мұндай кездескенде біреудің атын біреу дауыстап атамайтын бұрынғыдан қалған бір жосын бар. Бізде сол жора бойынша,
–Уай, батыр, әлей болсын,- деп шұрқырап ұйлығыса қалдық.
Әбеу келгелі де үш-ақ күн болыпты. Келген күннің ертеңінде Қарымсақтың жесері Қалиманың ауылын тауып, барып қайтыпты. Олар қазір қара адыр, көк бұлақтың ар жағында көк таста отыр екен. Бір ыңғайсыз жері-ауыл оңаша, оқшау емес. Біріне-бірі таяп, ығы-жығы қонған көп ауыл екен. Біреуінен аттан шықса бір өңір, бір аймақ лезде құлақтанып, тез бас қоса кететіндей шап берме қоныстарда көрінеді дейді. Зайыры, Алтайдың күнгей бетіндегі ұлықтармен араздасып, өкпелесіп көшкен бір зәңгі ел әлі де іргесін бөлмей, тобын жазбай, әдейі ұйлығып отырған бейнесі бар.
Әбеу олардың қонысын, ауылын, жер сырын ғана біліп қоймай, Қалиманың отауына да кіріп, шай ішіп аттаныпты. Күйеуін де көріпті. Бәрінің де ойында алаң жоқ, бейғам қамсыз жатқан жайын байқапты.
Әбеудің хабарын ұғынып болғаннан кейін Қарымсақ біраз бөгеліп тұрып қалып барып:
– Көк тас деген көп жер. Қазір таң да қысқа ғой, үлгіре алмапсыз. Қораның шетінен өңгере жөнелетін тоқты-торым емес. Сен айтқандай, айғай шықса елеңдеп жұм отырған жайы анау. Бүгін осы бетімізбен қара шоқыға барып бекінейік те, құдай бұйырса ертең , ертең кешке көрмейміз бе,- деді шолақ байлам жасап.
***
Біздің ежелден ұстаған тағы бір әдетіміз бар. Ол – жергілікті адам ешқашан да өз ауылына басқамен бірге шаппайды. Алдын-ала жансыз болып кіріп, отшылап, жасырын хабар жеткізеді. Жер сырын ұғындырып, таятып апарып нұсқап жібереді де зытып жоғалады.
Осындай дағды бойынша Әбеумен қоштасқаннан кейін Қарымсақ екеуміз ығы-жығы қалың ауылды сыртынан торуылдап баспалап келдік те Әбеу нұсқаған тұсқа, кішкене қолтықшада шилеуіт жұртта отырған бес-алты үйдің сырт жағынан келіп тоқтай қалдық.
Ай туып, күлгін, ақ сәулесін төгіп тұрған кез еді. Қораның оң жақ шетіндегі ақ отау да ап-айқын болып қалғып тұр. Ауыл әлдеқашан жатқан. Ел түгел шырт ұйқыда. Бізде де үн жоқ. Қарымсақ қамшының сабымен санымнан ақыры нұқып, маған иек көтеріп қойды да қайта бұрылып бір қырқаның астына түсіп кетті.
Мен дүсірлетіп Қалиманың отауының ту сыртынан жетіп келдім де:
– Көшербай, әй, Көшербай! – деп дыбыстадым Қалиманың күйеуінің атын атап.
Түнгі тұтқиыл дауыс суық болады ғой, шырт ұйқыдан шошып оянған бір еркектің:
– Уай, кімсің?-деп сасқалақтап қалған үні үй ішінен мыңқылдап әрең естілді.
– Қасекең тіл-ауызсыз жатыр, басқа туыстар түгел жиналып сені тосып отыр, – дедім мен.
– Қасекесі кім? – деген оның дауысы да қатқыл шығып кетті.
Ой, тәйір-ай, нағашы ағаң Қасейінді білмеуші ме едің?
– Бағана сап-сау емес пе еді,- деді ол абыржи міңгірлеп.
– Кешке таяу аттан жығылған екен, сол бойы әлі ес кірген жоқ. Тезірек қамдан, – дедім де құлағымды түріп тұра қалдым.
Үй ішінен міңгірлеген дыбыстар естілді де, біреудің қараңғыда сыбдырлатып киініп жатқаны анық білінді.
Апырай, аттар оңай табыла қойса көрім болды-ау, – деді ол күбірлеп.
– Атың аяқ жақта тұр,- дедім де мен иттерді абалатып, желе-жортып жүріп кеттім.
Бұл қулықты бағана Әбеу тапқан. Қасейін Көшербайдың жалғыз нағашысы. Көшербайға ие болып, Қалимаға құдалық сөйлесіп жүрген де сол екен. Оған бармайтын Көшербайдың да қошқанағы белгілі. Қасейіннің ауылы төменірек, сай ішінде, бір қыдыру жер. Көшербай оған кетсе таң атпай орала алмайды. Үйде Қалима жалғыз өзі қалады. Оның үстіне хабар айта келген кісіден жөн сұрап, үйге түс демейтін қазақтың бір салты тағы бар. Өліп кеткен адамды да әл үстінде деп естіртетін әдет бойынша Көшербай Қасейінді өлдіге жориды да, айланбай аттанады деген зәкүнді соққан да сол әбеу болатын. Бізге оның бекітулі атын да көрсетіп, Әдейі ауылдың аяқ жағына жақындатып, айдатып әкеліп тастап, бар жұмысты ыңғайласып беріп бір-ақ кеткен.
Үйінен аттанған Көшербайдың қалқаңдаған қарасы өшкіндеп барып, қою көгілдір мұнарға сіңіп көзден ғайып болған соң біз үйге таман ұмтылдық. Ши-шиді аралап, қараған-бұтаны паналап, бүгежектеп жүгіре жөнелдік. Қорасында қой көрінбейді. Ауылды айнала бытырап жатқан сиырлар ғана ыңыранып, ыңқылдап тыныс алады. Күйіс қайтарып, бырт-бырт шайнайды.
Алдыда келе жатқан Қарымсақ шетте жатқан үйдей үлкен өгізді орнынан тұрғызып алды да, ақырын қақпалап Қалиманың отауына қарай беттете айдады. Өгіздің қалқасына жасырынып екеуміз үйге жеткенде тіпті ит екеш ит те сезген жоқ. Сып беріп кіріп келдік.
Қалиман да ояу жатыр екен.
– Әлі кеткен жоқсың ба, ей, сен?- деді ұйқылы ояу манаураған жуан дауыспен.
Осы кезде жатқан орнын дауысынан мөлшерлеп жетіп барған Қарымсақ бейғам жатқан әйелді сипалап тауып алып бас салды да қаусыра құшақтап бауырына баса қойғандай болды.
– Әй, қойшы, ей, мынау қайсының өзі жыртыңдап жүргені?- деді әйел
тұншыға тіл қатып.
Әй-пүй дегенше болған жоқ, Қарымсақ оның аузына басындағы байлауышын тығып жатып:
– Шығарма дыбысыңды! Мен Қарамсақпын, байыңмын сенің, білдің бе?-деді ысылдап.
Мен киіз есікті жамылып, сырт жақты байқап тұрғанмын. Көйлек-көншек, кебіс-мәсі, сырт киімін сипалап жүріп тауып алған ол Қалиманы құшағына көлденең салып, балаша көтерген бойы қасыма жетіп келді.
– Ал кеттік,- деп сыбырлады маған.
Алдыда Қарымсақ, артында мен, жүгіре басып аттардың қасына тез жеттік.
– Сені жеп қояды ғой деп пе едің? Қалшылдамай ки киімдеріңді!- деп зекіді Қарымсақ оңаша шыққан соң,– Айтқаныма көнбесең тап осы арада бауыздап кетеміні.
Қалима киімдерін өзі кие қоймады. Оның орнына шамасының келгенінше тепкіленіп, жұлқынып, тырмаланып қару көрсете бастап еді, Қарымсақ атына қарғып мінді де:
– Сал алдыма. Бұл көк талақпен кейін сөйлесейін- деді тісін шықырлатып.
Елден шетірек, оңаша бір қалтарыста алдын-ала Әбеуге дайындатып қойған ерттеулі атымыз бар болатын. Соған жеткен соң, Қалиманың киімін жөндеп киіндіріп, өзіне жеке атқа мінгізіп, аяғын сарпостап байлап алдық та жетектеп, біріміз соңынан айдап жолға түстік.
***
Бізде бір ағат ұғым бар. Қашан болсын біз еркектер өз құмалағымызды төрттен қоюға дағдыланып алғанбыз. Ал құдайшылығын айтсақ айла мен қулыққа келгенде қандай жаман әйел жақсы еркегіңді сан орайды. Қазір олай, қазір бұлай ұйтқып, далаға жаққан оттай шалқып, кейде бұртиып, кейде назданып, сан құбылып, отырып-ақ өз дегеніне келтіріп тынады. Ақылымен де айласымен де меңгеретіндер толып жатыр. Қалима да соның бірі еді.
Ол еркек сияқты зор денелі, жуан дауысты әйел екен. Шатынап сыртына шығып тұрған көздерінен ызғар шашып, алғаш ауызын босатқан кезден бастап-ақ Қарымсаққа дүрсе қоя берді:
– Қарақшы неме, босат мені! Саған қатын болғанша өлгенім жақсы. Артық кетті дейтін ештеңең жоқ емес пе, нең бар менде? Ана қайлақыңды қайтарып апарып алыпсың ғой, соныңды қатын ғып ал!-деді дода болып.
Онсызда кегі қайнап жүрген Қарамсақ қамшысын ала жүгіріп еді, оған да ығып тайсанған жоқ.
–Өлтір мені, іш қанымды!- деп өзіне қарсы ұмтылды.
Қарымсақты мен тоқтаттым.
– Сабыр, батыр, сабыр, “ашу алдында, ақыл соңында” деген бар емес пе,-дедім арашаға түсіп.
Жол бойы Қалимадан көрген қорлығымызды айтып сұрама. Мұндай қиқар, кесірлі әйелді көргенім сол. Біресе дода болып жылап, бажылдап, иен тауды басына көшіреді. Біресе ауызына келгенін айтып, қарғап, сілеп ес ақылымызды шығарды. Атқа да түзу жүрсеші, жетек атқа мінгізсең өлген – тірілгеніне қарамай басы ауған жағына домалап түседі. Өңгеріп алсаң тізгеніңе жағаласып, қолыңды тістелеп әлегіңді алады.
Асуға дейінгі жарым жолға жеткенше біз неше түсіп, неше тоқтадық. Қорқытып та көрдік, күшке де салдық, ақыры ешбір амал таба алмай кезек өңгеріп, итырықтап отырып, ақырын-ақырын жылжи бердік. Таң ата ілінеміз деген жерге сиыр түсте әрең жеттік.
Дәл осы кезде бағанадан ешбір ләйлаға көнбей келе жатқан адуын әйел кенет жұмсарып, былқ ете түсті.
– Ей, Қарымсақ, тоқта! Еркек басыңмен қатынға шамаң жеткеніне мақтанып келесің бе? Мені алдыңа мінгізіп, бала ғып алайын деп пе едің? Жігіт болсаң биттей жібісең нетті? Мен де сенің осы қылығыңа ыза боп келе жатқамын, болды, түсір мені. Ана жетектегі атыңа мінгіз, өзім-ақ жүрейін,-деді ойламаған жерден ақыл кіріп.
Біз оны қосар атқа дара мінгіздік. Бірақ ол бұған да разы болмады. Қарымсақпен тіке сөйлесіп келеді.
– Қатыннан қорыққан сендегі қайдағы батырлық? Әйтпесе аяғымды байламай, тізгін-шылбырымды өзіме бер,- дейді оны әдейі егестіре түсіп.
Оның бұл қулығын біз артынан білдік. Біраз жерге жап-жақсы жүріп келе жатқан ол бір кезде жалт бұрылып, тұра кеп қашпасы бар ма. Жаңағы жерде оның аяғын босатып, тізгінін қолына бергенімізбен Қарымсақ шылбырдан айырылмай қойған. Тақымынан шығармай, алдыға түсіп алып, үн-түнсіз жортып келе жатқан. Айлакер, өлермен қатын бір әредікте байқатпай атының басындағы ноқта-жүгенді бірақ сыпырып жіберіпті де жалынан мықтап ұстап жабысып алып, келген жолымен қайтадан тартыпты.
Екеуміздің астымызда да жұтынып тұрған жарау сәйгүлік. Құтқарамыз ба, бір-екі белден асырмай қайта ұстап алдық.
Қарымсақтың түнерген қара сұр жүзінен ашу-ызаның көкшіл табы талауратып, өңі түтігіп кетіпті. Күдіс жауырыны онан ары күржиіп, жуан, быртық саусақты қысқа қолымен әйелдің жауырынынан қапсыра, аттан жұлып алды.
–Неменеге буырқанып тұрсың?- деді Қалима ештеңе болмағандай-ақ, – Маған кіжінгенше мына қаран қалғырыңның сағалдырығын жөндеп салсаң болмай ма? Мұрнын құрт жеген талағың шыбындап, тізесіне басын үйкегенде өзі сыпырылып кетті. Қартаң түскір әуелі мені өлтіріп кете жаздады емес пе, – деді түк білмеген кісімсіп, дереу моп-момын бола қалып.
– Залым, монтаны,- деп кіжінді Қарымсақ әлі де ашуын баса алмай қалшылдап, – Сені босағамнан бір аттатбасам әкемнен тумай кетейін.
Біз желе жөнелдік. Егер осы желіспен енді бір сүт пысырым уақыт іркілмей жүре берсек асуға ілініп те қалатын едік. Бірақ оған келтірмеді. Қалиманың ойыны бізді қапыда қалтырғаны енді айқын болды. Арт жағымыздағы белден асып, умақ-шумақ боп созылып келе жатқан қуғыншы бізді басып қала жаздаған екен. Қапелімде сасқалақтап қалдық та, атқа қамшы басып, жолдан бұрылып, тау ішіне таман жалтара жөнеліп едік, Қалима тағы бір қырсық шығарды. Топ етіп аттан ауып түсіп қалды.
Қарымсақ қайта бұрылып жетіп келді да оны ат үстінен іліп алып, өңгере жөнеліп, менің қасымнан өте бере:
– Аналардың алдын бөге! Мен мына жаман қарды қара тұяғымнан хал кеткен жерде ғана тастаймын. Ал қайт! Аяма! Жігіт болсаң құтқар мені!- деді.
Ойланып, толғанып тұратын кез емес. Атымның басын қайта бұрдым да, аласатып ашынып келе жатқан ашулы топқа қарсы шаптым.
Бір тәуірі олар үздік-создық келеді екен. Алғашқы біреуінің сойылып сілтетпестен көлденеңдей келіп, аттың омырауымен соға ұшырып түсірдім де, қолыңдағы шоқпарын іліп алып ендігі біреуінің тізесінен қағып жібердім. Қас қағым аралықта алдыңғы екі ат ойнап шыға берген соң кейінгілерінің жүрегі де шайлығып қалды. Ет жүректі адам еме пе, сескенейін деді. Енді бұрынғыша жеке-жекелеп, андыздап келмей, соңғыларын тоса топтасып алып, біріқ ұмтылды. Шұқ болып тиісіп, ортаға алып, тұс-тұстан ұтылып, жұмыла тап берді.
Ұрып таста!
Қапта, қапта!
Аяма!
Өлтіре соқ!
–Араға түсір!- десіп, біріне-бірі үн қосып, өшіге ат қойды.
Мұндай зобалаңды жаңа көріп тұрған кезім емес. Ат үсті ұрыстың алуан түрінің бәріне де машықтанып, сыр десте болған, жырыңды, ысылған шағым. Өзіңді қанша мықтымын дегеніңмен өзгенің бәрі қурай емес, әсіресе мынадай тобымен шүйілген көп сойылдың қатері көп. Талай-талай жерде басқа тиген, әбден запыс қылған, опық жегізген зілді апат. Мұндайда не ғұрлым соза тартып, қаша соғысқаннан әбзалы жоқ.
Осы оймен қашып келе жатып мен де өз жауымның аңысын аңдып, қапысын түйіп келемін. Алдыңғы төртеу–бесеуі тізе қосып, тықсырып келе жатқанымен онан басқа бір-екеуінің аянкестеп, тартынақтап келе жатқанын да сезіп, біліп келем.
Мен атқа қамшы басып, ұзаңқырап шығып алдым да бір шынтақтан кілт бұрылып кейін айланып, жұдырақтай қара төбенің сыртын орап, қуғыншының ту сыртыла қайта шықтым. Екі көзі алдында, далақтап босқа шауып бара жатқан екеудің біреуін қуып жетіп, көк желкеден ақырын ғана қағып қалдым. Ол аттан домалап түскенде алдыңғысы көзі шарасынан шыға, жалтақ-жалтақ қарап алды да жан сауғалап бұрыла қашты. Қуғамын жоқ. Онда менің нем бар, қуғыншының қатары әлсіреп, тобы азайса, Қарымсақ аман-есен құтылса болды емес пе?
Бұл кезде асуға таяп та қалған едік. Қарымсақ асудан ары бір еңкейсе болғаны, арғы бет ұрысуға қолайсыз, тар соқпақ. Қорымды қия. Оның үстіне иек астында, жап-жақын жерде іргелі ел жатыр. Жүрегінің түгі бар қуғыншы болса да оған басып кіре алмайтыны қақ.
Осы оймен мен бағанадан бері қуғыншыларды кейде таятып дәмелендіріп, шырғалап келе жатқан болатынмын. Менің бұл қулығымды олар да сезген болса керек, бұрыла тартып бір кезеңге шыққанда байқадым, қуғыншылардың біреуі басқаларынан қара үзіп, мені тастап асуға қарай төтелеп барады екен. Менің де қаупім осы еді. Қанша мықты дегенмен адам өңгеріп, өбектеп бара жатқан Қарымсақтың екі қолы бірдей байлаулы ғой. Қазір онда қару қылар қауқар қайда? Мынау оны қуып жетсе неше күнгі еңбектің еш кеткені сол.
Ұстараның дүзіндей қыл мойынға тақалған осы сәтте менің аяң-пұяң ғып, аянкестенуімнің реті жоқ еді. Не болса да нар тәуекел дейтін шақ. Мен ойланып тұрмастан жаңағы жалғыз аттыны қуа жөнелдім.
Бір белге шығып артыма қарағанымда басқа қуғыншы сонау көз ұшында далбаңдап, текіректеп қалған екен. Бірақ алдымдағы жалғыздың тебіні тентек көрінді. Балта сабындай қысқа-қысқа екі-үш кезеңнің арғы біреуінен тырмысып асып бара жатқан Қарымсақты қазір-ақ қуып жететін сыңайы бар.
Осыны ойлағанда қысылып кеттім. Жанға қысым түспеген кезде онша қинамай, етін ауыртпай ғана сипай, қамшылап аялайтын сағым қоңырды бауырлап-бауырлап жібердім. (Қандай қиналды екен бейшара. Бұл қатыбас қатігездігімді, әй, өмір бойы ұмытпай, ішінде сақтап-ақ кеткен шығар-ау) жануар сағым болып ұша жөнелді. Алғашында көзіме зақпының тасындай зулап, сонша арынды кетіп бара жатқандай көрінген жалғыз аттыны кезең асырмай қуып жеттім.
Қайт, тоқта,- деп ақырын жібердім таяй беріп.
Ол да байқап келеді екен. Жанына жетіп барған кезімде ұршықша иіріліп, шорт бұрылды да менен бұрын тізеге таман сілтеп жіберді. Мен де шапшаң жалтара беріп, оның жарқ ете түскен ақ сойылын дәл ортан белінен қағып жіберіп едім, оның қолыңдағы ақ сойыл шарт етіп опырылып ұшып кетті.
–А, құдай-ай,- деп айғайлап жібердім мен өзімді тоқтата алмай.
Алғашқы айқаста жауымды құр қол қалтырғаныма қуанып едім. “Енді маған өзі де беттей алмас. Алда-жалда қайтадан айқасуға орайы келе қалса да омақасып құлайтын кезек оныкі болуында дау жоқ” деп сенген едім.
Бірақ ол да жүрек жұтқанның өзі көрінеді. Ешнәрседен тайынатын ерің емес екен. Биттей жасқанып сескенбей-ақ қайтадан қарсы тап берді. “Жығылар жерің осы-ау” деп қатқан қара сойылмен құлақ шекені дәлдеп ұрып қалдым. Ол да бойына дарытпады. Сынған сойылының бір кездей тұқылымен-ақ менің соққымды қағып тастап, сытылып шыға берді. Тағы да бірнеше рет айқасып өттік. Ол да өшігіп, менің де намысым қозып, егесе ұмтылыстық.
Бір кезде тағы да бетпе-бет келіп қалып едім. Менің ұрып тастауыма ораты келген, оңтайлы бір сәт осы еді. Тағы да құлақ шекені дәлдеп сілтеп қалдым. Бұл жулы ол лып етіп атының қамшылар жақ баурына ауып түсе берді де қасынан жанап өте бергенімше болған жоқ, сойылының тұқылымен тіземнен қатты соғып өтті.
Денемнің оң жақ жартысы ұйып кетті, қас-қағым сәтте-ақ жаны кетіп, салдырап қалған. Оң жағыма таман қисая беріп, бойымды билей алмай теңселіп барып ат үстінен ауып түстім. Сонда да қолым аттың шылбырынан айырыла қоймаған еді, сүріне-қабына қайта тұрғанымша болған жоқ, ол да жетіп келіп сағымқоңырды сауырлап-сауырлап жіберді. Қолымда аттың шалбыры ғана қалды. Ноқтаның сағағынан үзіліп кеткен екен.
Бұл кезде қуғыншының соңғы тобы да жетіп үлгерген еді. Жаңағы көк атты мені соларға қалдырып, асуға таман шаба жөнелді де көп айланбай қайта оралды. Қолға түсіп тұрып, “алдымда не қорлық, не зорлық көремін” деген ой басыма оралған жоқ, бойымды есірік бір шаттық кернеп “уһ” деп отыра кеттім. Қарымсақ құтылып кеткен еді.
***
Жақсы мінез-жігіттің жан асылы. Бірақ жаман мінездің де адамға шанда бір уақытта пайдасы тиіп қалатын кездері болады екен.
Мен қолға түскеннен кейін көп қорлық, бейнет тартқаным жоқ. Алғашқы күні айқаста сойыл тиген сол жақ шекем шодарайып, оң аяғым әлі де бастырмай, аттан жығылғанда жер сүзе түскен оң жақ қабағымның ісініп, бір көзімнің жұмылыңқырап қалғанын есепке алмағанда, он екі мүшемде басқа көп ақау жоқ еді.
Алғаш ұстаған жерде мықтысынып айғұлақтанған бір-екі жігіт сойылының үшімен қағып-соғып, көзге шұқып есе қайтармақ болып еді, әлгі қас жауым-көк атты өзі ара түскен:
– Ей, тоқта былай. Мықты болсаңдар бағана ат үстінде қайда қалғасыңдар. Тарт қолыңды, “құлан құдыққа жығылса құлағында құрбақа ойнайдының” керін келтірмей кейін тұр. Соқтықпа,- деп қатты зекіп тастаған.
Оның бет-ажарына көз тоқтатып, түстеп қарағаным да сол жолы еді. Басындағы шарта байланған күләпарасының бауын шешіп, желпініп тұрғанда көрдім. Ат жақты, нұрлы жүзді, кесек денелі, келіскен жігіт екен. Бағана маған қаһар шаша жауыға ұмтылған кезде селдір түкті қабағының астындағы үлкен көздері шапыраштанып, алайып көрініп еді. Мына кейпінде жанарынан мүләйім бір ұшқын жылтырайды. Жайнаң қаққан әдемі қой көздері шапыраш та, қыли да емес екен.
Ауылға келген соң ол өзі бұйырып мені бір кәрі қойшының үйіне түсірген. Аяғыма кісен салды демесем мұнда да маған залал салған ешкім болған жоқ. Анда-санда айланып-айланып келіп, есіктен сығалап таңырқасқан балалардың:
–Еңгезердей неме ғой мынау.
– Мынаны ұрып жаққан Қасейін ағам да батыр екен-ау.
–Бір көзін шығарып жіберген екен-ә, жұмылып кетіпті ғой.
–Шекесін айт, шекесін. Жетібастың өзі болыпты,- деп тәлкектеп, табалап кететінін айтпағанда үй иесі кәрі қойшы да естілік көрсеткен. Алғашқы күні жатарда екі құлағы бірдей тас керең кемпіріне бір аяқ қойдың майын шыжғыртып:
–Ер жігітсің ғой, жабығып, жасып жатырмысың, енеңді ұрайын. Осының өзі де қызық. Тірі адамға тіршіліктің қай қыры да ғанибет. “Сейіл де серуен, сергелдең де серуен” деген емес пе? Кейін әлі осыны да сағынасың. Саған не қылады ғой деп едің, түксиіп жата бермей мана майды ішіп ал, ішіңе қан қатырмайды,- деп өз қолымен ұстап отырып бірақ жұтқызған.
Дүние хабарын да осы шалдан ұғып отырамын. Күндіз кешке дейін сарылып жатамын да шал қойын қоралағаннан кейін әңгімеге кәні боп қаламын. Қасыма келіп жамбастап жатады да білгенінің бәрін айтады.
Менен зор шыққан көк аттының аты – Қасейін екен. Әнеугүнгі Әбеу айтқан Көшербайдың нағашысы осы болып шықты. Көшербай алдауға түсіп, алаң-салаң етіп түн қатып жетіп келгенде сойқанның басқа екенін ең алдымен осы Қасейін сезген дейді. Басқа емес, қалимаға төнген қатер екенін де дәл басып айтады да жақын маңдағы жеті-сегіз жігіттің басын құрап, тұп-тура асуды бетке алып, төтелей тартып, асығыс жөнеліп береді.
Қазір де бұл жақтың жоқшысы сол Қасейін көрінеді Келе сала ауыл ақсақалдарымен, ел басылармен бас қосып арғы бетке, Мәми бейсіге кісі жіберіпті. Қалима дауы біткенше қанды мойын ұры деп мәні кепілге ұстап тұрмаққа сөз байласқан сияқты.
Мен осы бойынша тып-тыныш жата беретін де едім. Бірақ, бір сойқанды өзім тілеп алдым. Ә-әй, адамның қырсық мінезі-ай деген…
Түскі қой кезі болатын. Мен үйде жалғыз жатыр едім. Үстіме Қасейін кіріп келді.
– Я, батырым, аман жатырмысың?- деді ол көзімен бірге екі мұрты да жымың қағып, қасыма отырып жатып,- сен зерігіп қалды ма деп көңіліңді ашайын деп келдім.
Мен үндемедім. “Қорлығы-ай мынаның. Қамқоршы бола қалуын қарай гөр. Қамқорлық деген нәрсе күштілердің бір алдамшы тәсілі, мықтының әлсізді безек ететін келемеж сөзі ғана. Ет бауыры елжіреп тұрса мені қоя бермей ме? Азат басымды құл етіп тұтқында ұстап отырып қайдағы қормалсу…” деп ойладым тіркістеніп. Оның үстіне өз өмірімде дәл осы жолғыдай жекпе-жек сайыста қашан да тұқым жығылып көрген емес едім. Құдай, аруақ қолдай ма, жоқ, басқа ма, оны білмеймін. Әйтеуір жұлдызым оңынан тұрушы еді. Дәл осы жолы мына сұмның қай салауаты басқанына өзім де таңмын. Бәлкім менің сол сәттегі астам көңіл, күпірлік ниетімді Алла тағала күнәға жазған шығар. Әйтпесе дәл осының мына сайқы, мына табасына қалмаған да болар едім”- деп ширықтым Қасейінге іштей әлі де жауыға түсіп. Сол үшін Қасейін қанша жан тартқансымақ болған сайын доңыз айбатымды сыртыма салып, сызданып, тысырая түстім.
Қасейін мұнымды кәперіне алар емес, тіпті менің жақтырмай ренжіп отырғанымды да әдейі көрмеске салып, қасақана қазбалап, табалай түскісі келетін сияқты. “Жеңген Хан, жеңілген қарақшы” деуші еді ғой. Оның мана астамшылығы да одан да басқа емес деп қыжылдандым іштей.
Ол менің қасыма жайғасып отырды да:
Әй, батыр, көтер басыңды. Әңгімелесе отырайық,- деді иығымнан ақырын қозғап.– Алдымен аты-жөніңді айтшы?
Мен жауап берудің орнына түксиген бетімнен теріс қарап бір аунап түстім. Бірақ, Қасейін менің жақтырған-жақтырмағаныма, естіген-естімегеніме қарамастан тілі жаңа шыққан баланы ермек еткен сияқты ананы бір, мынаны бір сұрайды. “Қашаннан бері атқа міндің? Қанша батырлық істедің? Не көріп, не білдің?” дей ме, ойына келгенін айтады. Мен құрысқан сайын құтқуырлап, қазбалай түседі. Қандалаша қадалып, жабысып отыр. Сонан бір сәтте:
–Әй, басқаны қойшы, айтпасаң айтпай-ақ қой, үйіңе барған соң кежеңе қатық қыл. Алдыңғы күні менің сойылым сынып кеткенде сен “А, құдай-ай” деп қалайша айғалап жібердің? Соныңды ғана айтшы,- деді тағы да иығымнан тартып.
Бағанадан бері де жәбірленіп, тығылып әрең жатыр едім. Оның мына соңғы әшкере табасы көңілімдегі шиқанның аузына тотияйын сепкендей, бойымдағы теріс азу бір жынымды онан ары қоздырып жіберді. Орнымнан қозғалып көтеріле бердім де:
– Өзі қатып отырған басымды онан ары қатырмай аулақ жоғалшы өзің,- деп шынтағымен дәл иектен қағып кеп қалдым. Бейғам отырған адам талмау жерден қатты тиген соққыдан шалқасынан түсті.
Есеңгіреп біраз жатып, басын көтергенде байқадым, бір жақ езуінен көпіршіген қызыл қан иегінің астына қарай жылжып барады екен. Ұзарған сайын көп шашақты тамыр секілді бытырай тарамдалып жайылып барады. Сөзге бейім жұқа еріндері де долана жегендей қып-қызыл.
Жаңа тілін қыршып алған болса керек, бір қолымен аузын басып, орнынан созылып тұра берді де керегенің басындағы қамшыны жұлып алып, мені дәл бастан тартып-тартып жіберіп, шыға жөнелді.
Аяғым кісендеулі болғанымен қолым бос қой, шынтағымен басымды қорғаштап қалдым. Бірақ, таяқтың көкесі аздан кейін басталды.
Қасейіннің өзі сияқты еңгезердей, қарулы екі інісі бар екен. Солармен ілесе тағы да екі жігіт адыраңдап кіріп келді де байекеңді төрт жақтап кергіге алды-ау келіп. А дегенде қамшының астына ала жөнеліп еді, аздан кейін оған өші қайтып, айызы қонбағандай болған тәрізді, бүйірімнен, кеудемнен, шонданайымнан жамбасыма дейін тарс-тұрс тиіп жатқан етіктің тепкісін сезе бастадым. Қорпылдаған дорба бас, темір нәлілі саптама етіктер, тұмсығынан жұлығына, сірі өкшесіне дейін құймалаған көк сәуір кебістер тиер жерін дәлдеп, таңдап жатқан жоқ. Қайдан шықса онан шықсын дегендей бейберекет тасырлатып, тепкілеп әкетіп барады.
Алғашында әр жерім зырқырап, шанішқақтап ауыра бастап еді, аздан соң оны да сезбей қалдым. Басым дыңылдап, қазанда қайнап тұрған құртқа тығып жібергендей шымырлап қыза жөнелді.
“Өзім тілеп алған бейнет қой, бейнет емес, өлім болса да не шара? Көнбеске лажың да жоқ. “Төрт жігіттің табанында илектеніп жатып, тұманданып бара жатқан басымнан соңғы рет жылт еткен ой ұшқыны осы болды. Мұнан арғыны білмеймін, қанша ұрды, қанша тепті, қанша көргілік көрсетті, оны сараптауға дәрменім жеткен жоқ. Есімнен танып кетіппін.
Кейін естуімше осыдан кешкі қой келгенше ессіз жатыппын. Ащу үстінде ұрарын ұрып алса да, артынан тамам ауыл болып қатты сасқан көрінеді. Көпті көрген көз қарақты үлкендердің бәрі де “жұлдыз шыға қайтер екен” деген қауіп айтыпты. Інілеріне Қасейін де ренжіпті. Алғашында да ол оларға “ұрыңдар, соғыңдар” деген қабақ танытпағаны да рас екен. Ағасының бір қарақшыдан, қолда жатқан бір ұрыдан таяқ жегеніне намыстанып, алды-артына қарамай аулігісіп жеткен өздері екен. Қасейіннен бастап, үлкендер жағы түгел соларды кінәлапты. Алдыңғы лаң Қалиманың дауы беті теріске бұрылып, ушығып бара жатқанда, оның үстіне арыстай бір азаматты ұрып өлтіру оңай соқпайтынын біліп, мұның аяғы ұзақ жаулыққа, дүрбелең барымтаға, құнға апарып кіріптар етеді-ау деп қорықса керек.
Есімді жиғанда қай жерде жатқанымды, қай уақыт болғанын өзім де анық білмейтінмін. Әлде кімдердің өне бойымды зырқыратып, сүйек-сүйегімді сырқыратып аунатып, көтеріп жатқанын ғана сезгендей едім. Дүрдиіп, жаны кеткен еріндеріме біреулер сусын тосқан сияқты еді. Оны да бала жасымнан таныс, майсақталып, мап-майда боп білінетін саптаяқтың салқын ернеуінен байқағам. Әйтеуір таңдайымды жібіткенім есімде. У ма, су ма, оны да айыра алғам жоқ. Бәлкім ол бір әулие ананың ақ сүтінің нәріндей қасиетті шұбат шығар. Яки бір таза арудың ықыласты демімен ұшықталған шипалы дәрі болар. Ең кемінде ұшқан құстың қанаты талып, басына әрең жететін асқар таудың жан баласы басып көрмеген бір қуысындағы хор қыздары ғана мекен етіп, суат қылған, солардың салқыны тиген бір тұмасынан осынау шалғайға үзіліп әрең жеткен бір ұрттам кәусар шығар, кім біледі. Немесе өзім де жаным темірден жаралған, отқа күйіп, суға батпайтын сірі жанды бір бейшара шығармын. Әйтеуір осыдан бастап кеудемде қайтадан жан кіргенін сезіндім.
Алды-артымды ертеңінде ғана аңғардым. Сатқа ұрғандай болып, меңдеп қалыппын. Өне бойымды қозғалта алмаймын. Аунап түсудің өзі мұң болып, қу жаным әзер тұрған секілді. Бір тәуірі кісенді алып, тұттай ғып шешіндіріп, жайлап төсек салып, жұмсақтап жатқызыпты. Күтімім де жаман емес секілді. Өздері ұрып жығып, өздері сорпалай бастаған түрі бар.
Әзірше үй иесі шалдан басқа ешкіммен тіл қатысқамын жоқ. Тіпті менімен тілдесуге бейіл білдірген де ешкім болмады. Анда-санда бірен-саран шалдар келіп, үн-түнсіз отырып шығып кетіп жатады. Шұлауышын шұбатылып, кебіс-мәсісін сарпылдатып бірер кемпір кіріп шығады. Ноқалы кимешек-шылауыш тартқан, желек салған жас әйелдер, үкілі тақия киген бойжеткен қыздар да бас сұғып, таңырқап қарап, үрпие, үрейлене көз салып, тамсанып тұрып, сыбырласып алып, сыңғырлай күлісіп ғайып болады.
Алғашқы кезде кейбір жәйіттерді осылардың өзара сөйлескен сөздерінің ыңғайынан байқап біліп жаттым. Қасейін өзі де дардай ауырып қалған екен. Қыршып алған тілі ісіп кетіп, үйінде жатқан көрінеді.
Өлмейтініме көздері жетіп, көңілі орнықты ма екен, бірер күннен кейін менің үстіме бас сұғатын жан баласы да азайды. Керең кемпір өрмегін тоқып, ертеден кешке дейін тұқыжыңдап, басын бір көтермей далада отырады. Шалы қой соңында. Иен үйде мен жалғыз өзім ғана.
Үш-төрт күннен кейін көп-көрім сергіп қалдым. Тамаққа тәбетім ауып, ұйқым тыныштала бастады. Бәлкім бұрынғы сау күнімдегіден де көп ұйықтайтын сияқтымын. Бірақ тым тәтті ұйқы емес, беймаза, меңзығыр масыл басады да тұрады.
Осындай бір ауыр ұйқы шағы еді. Қайдағы бір шытырман түстермен әлекпін. Баяғы еркін күнім екен деймін. Құйын қуалап, желмен жарысқан азат шағым. Көңілді алаңсыз кезім. Күршім өзенінің жағасы тәрізді. Биік жардың дәл ернеуіне таяп, көк жасаңда шалқалап жатыр екенмін. Таудан құлаған өзеннің тасқа ұрылған екпінімен бетіме ұп-ұсақ тамшылар себелеп, жауып бара жатқан секілді. Сескеніп барып, басымды көтере берейін дегенімде оқыс сырғанап өзенге таман құлап барады екенмін. Жамбасыма басып жатқан атымның шылбырынан қармана ұстай беріп, селк етіп шошып ояндым.
Көзімді ашып алсам қасымда бір әйел отыр. Басында бұрыштап салған аппақ шылауыш. Алтын-күміс зер жіпті араластыра, айшықтап кестеленген кимешекегі бетінің қақ жартысын жауып тұр. Қара пүлістен, белін қынай тіктірген тірсек жең мешпеті де су жаңа.
Мен ояна қалған заман ол да селт етіп, оқыс қымсынып, кейіндеп шегіне берді.
Мен де тіксініп, қабағымды шытына қарай қалдым. Бір көрген адамым тәрізді ме қалай? Жоқ, еш жерде көрмеген сияқтымын. Өмірімде мұндай әйелмен дидарласып көргенім жоқ. Есімде қалмапты. Бәлкім осы жаққа ұзатылған біздің елдің қыздарының бірі болар. “Сұраса келе қарын беле шығады” дейтін қарға тамырлы қазақ емеспіз бе. Өз елінде жүргенде еленбейтін көп адамның дүзге, алысқа кеткенде сүйек, жақын болып табыса кететіндері аз емес. Қайсы қызды есіңе сақтай аласың. Ел-жұртын сағынып, өлгелі жүрген талай-талай кеген көздер туған жерінен “біреу келіпті” деп естісе болды, әкесінен жаман, ат сабылтып іздеп келетіндерін сан жерден көріп жүрміз ғой.
Менің ойымды оның денесінің болымсыз қыбыры-аққудың сусылдаған судыры бөліп жіберді. Көзімнің қиығымен қайта-қайта қарадым. Ол шылаушының үшімен көзінің жасын сүртіп жатыр екен. Я, ғажап-ау, жаңағы бетіме тамған суық тамшылар осының көз жасы болып жүрмесін. Мен өлі мен тірінің арасындағыдай масыл ұйқыда жатқан кезімде бұл менің бетіме төніп отырған жоқ па екен? Көзімді ашып алған кезімде қатты қымсынып, сөдегей селт етіп, шегіне беріп еді-ау. Бәлкім, содан болар онысы. Бірақ, бұл жақта менің мұншалық күйінерлік ет бауыр туысым бар екенін күні бүгінге дейін білген емеспін.
Мен үнсіз мөлиіп, ойға шомып жата бердім. Бір әреліктен соң:
– Ақбердімісің? – деп сыбырлады әлгі әйел тамағын қырына, қарлыға тіл қатып, өксікпен аралас шыққан осы дауыста да бір таныс сыңғыр жатқандай. Мөп-мөлдір, тұп-тұнық, жағымды үн. Я, әлгі бір ақ жеңгемнің ақтарылып төге салатын әдемі күлкісінің соңынан осындай бір сыңғырлы бояу қоңыраулап тұрушы ма еді, қалай? Жоқ, ана жылы ауылымызда Көрімбала дейтін сұлу бір қыз болған. Әзілдеп күлсе де, қабағын түйіп ренжіп ұрысса да көмейінің ар жағынан айысты бір сыңғырлы үн қосанжарлап тұрғандай естілетін. Құлаққа жылы тиер көмескі бір жаңғырық алыстан жарыса ілесіп, үн қататындай сезілуші еді. Я, кім екен бұл? Кім болса да мені танып, әбден біліп келіп отыр-ау байқұс!
Мен сонда үндеген жоқ.
–Мені танымадың ба? Шынымен-ақ ұмытып қалғаның ба, сорлым-ау?-деп ол енді мұнан ары шыдай алмай, көзінің жасын төгіп-төгіп жіберді. Бір тізерлеп шоқиып отыр еді, тізесінің үстіне айқастыра қойған аппақ қолының сыртына кесек-кесек тамшылар тырс-тырс тамды. – Мен Еркеш емеспін бе?-деді қыстыға әрең үн қатып.
Мен басымды жастықтан қалай жұлып алғанымды өзім де сезбеппін. Сүйек-сүйегімнің, белімнің сырқырап ауырғанын да елемей, екі қолыммен жер тірей, шалқайып сірескен қалпымда мелшиіп қалыппын. Еркеш пе мынау? Сол болғаны ма шынымен-ақ? Әй, жоқ, оның сүйегі алда қашан қурап қалған болар? Ғазез басы қай шұңқырда қалғанын құдай білмесе кім біледі? Тоқташы… Мынау қадала үрке қараған көздері біраз ұқсайтын да сияқты. Қолға түскен еліктің баласындай жаудырап қараушы еді-ау. Жоқ, жоқ, ол көздер мәңгі сөнген. әлде бір арам тұмсықты сауысқан, қанға үйір қарға, құзғын шоқып суалтқан шығар оны.
Ақан,- деп сыбырлады ол тағы да.
Ой, құдауанда… Мархұм шешемнен басқа ешкім де мені бүйтіп еткелетіп атап көрмеп еді ғой. Жоқ, я, сол бір сапарда әлгі бір қыз-қайран Еркеш, бірнеше рет солай мәпелеп еді-ау. Не бары бірнеше рет қана. Басы да, аяғы да сол болған. Дұрыс, дұрыс, кірпігін қарашы мынаның. Ұзақ түйіліп отырып барып, қағып-қағып жібергенде жүрегіңе қадала кететін қалың қара найзалар. Ренжіп, жылап уанғаннан кейін ботаның көзіндей мөлтілдей қалатын мөлдір жанар… Бір кезде бақыт болған жас шағыңмен бірге жоғалып, өмір бойы өкініш шемені боп көкірегіңде қатып жатқан асылың осы емес пе? О, құдірет, қалай өзгерген? Көзінің шетіндегі ұсақ әжімдері не деген көп. Танылмастай болып, кәртейіп кетіпті-ау өзі. Ой, қара басқыр Ақберді, қара басқыр Ақберді, қара бассын сені… Өзі іздеп тауып, егіліп, төгіліп отырса да танымағаныңды қарашы. “Аяулым еді, арманым еді, жұлдызым еді” деп өмір бойы зар болған, елесіне бас ұрып, көлеңкесін көре алмай көз жасыңды көлдеткен алтын сәулең осы емес пе?…
Өзім де байқамаппын, көзімнен төгілген жас бетімді жосып, айғыздап кеудем де құйылып жатыр екен. Жоқ, бұл жас та емес шығар. У шығар бәлкім. Жүрекке байланған тас берішті жарып шыққан заһар, соның іріңді сарсуы болар.
Таныдың ба, Ақан? Таныдың ғой,- деп сыбырлады ол тағы да еңкейе түсіп.
Тілім байланып қалған. Аузыма сөз түсер емес. Сөйлесуге шамам да жоқ еді. Қалтыраған, баржиып қатып қалған алақаныммен қолының сыртынан сипадым. Өзімді өзім тия алмай, әлгіден арман ағыл-тегіл болып жылай беріппін.
– Мен қайдан білейін, сорлы басым бірнеше күннен бері білсемші. Мына бойтұмарыңнан таныдым,- деді ол талай жыл мойнымда жүріп, қап-қара күс болып, тер сіңіп кеткен бойтұмарымды сипалай отырып. Сонан соң оны екі қолымен үлбірете ұстап көтеріп барып, еппен еңкейіп, мойныма қайта тағып қойды,- Баяғыда әкем жарықтық осы тұмарды жазып әкелген моллаға ат мінгізіп еді. Жаны менің үстімде еді ғой байқұстардың. “Пәле-қазадан, тіл-сұқтан сақтап жүрсін” деп әдейі жаздырып еді. Сол әке-шешеге не көрсеттім мен,- деп ол тағы да егіліп алды да көзінің жасын қайта сүртіп алған соң,-Шарапатты дұға деп еді. Рас болды ғой, мені болмаса да сені сақтап жүріпті. Сол қасиетімен бізді қайта табыстырған да өзі ғой осы жарықтықтың,- деді уһлей отырып.
Осы кезде сырттан бір аяқ дыбысынан секем алды да Еркеш орнынан тез тұрып кетті.
Өзім хабарлассам,- деп сыбырлады асыға, жеп-жеңіл басып шығып бара жатып.
Мені адам болмайды деп, өледіге жорып, киімімді шешендіргенде, баяғы заманнан етіме жабысып, жүрегімнің лүпілін жаттап, сонымен бірге соғып, денемнің бөлінбес бір бөлшегі тектес болып кеткен бойтұмарды да мойнымнан шығарып алыпты. “Тым болмаса кім екенін; аты-жөнін білейік” деп сөктіріп, оқытпақ болыпты. Бірақ оның жазуы өшкіндеп, сиясы езіліп, танылмастай болып жәйіліп кеткен екен. Үлкендердің көзі жетіп шығара алмапты да Еркеште оқытыпты. Бұл тұмар сонау бір бақытты сапарда жас жүрегінің сыйы, риясыз адал, мөлдір көңілінің куәгері ретінде осы Еркеш өз қолымен таққан тұмар еді. Таза ақ шүперекке тігілген, кір шалмаған дұғалық болатын.
Еркеш кеткеннен кейін дел-сал қалпымда ұзақ жаттым. Бас-аяғы жоқ тұлдыр бір күңгірт елес ғана көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жатқан сияқты. Құдіреттің әмірі-ау деген. Еркешті бүйтіп тірі көрем деген кімнің ойында болған. Егер осылай кезіктіргені шын болса, бүгін емес, ең кемінде бұдан жеті-сегіз жыл бұрын табыстырғаны жөн емес пе еді. Алла тағаланың өз құлына мейір-шапағаты түсіп, жаны ашитыны рас болса, менің сонау бір кездегі көз жасымды сол кезінде көріп есіркеуі керек еді ғой. Рақымы болса дәл сол кезле мүсіркеуге тиісті еді мені. Ит басына ғана берсін дейтін мына күнді сол кезде-ақ көріп, мына таяқты сол кезде-ақ жеуім керек еді менің. Тіпті мұнан да қиын пәлекеті, қорлығы болса да сол бір күндерде-ақ төбемнен тастай салса, маған онан артық бақыт, онан қадірлі сый керек деп айта алар ма едім.
Әй, жоқ, мен бүгін сандырақтап жатқан жоқ па екенмін. Кешегі қамшының ұшынан, тойтық етіктердің өкшесінен жұққан, шошындырып жабысқан шалық болып жүрмесін. Еркеш деген қайда? Қай заман еді ол періште болып, жеті қат көктің ар жағына ұшып кеткелі…
Басым мыңғы-дыңғы. Ойым әлем тапырық. Жерде де емес, көкте де емес, өлі де, тірі де емес, миша былығып шатасқан, қым-қуыт қара түнек, түпсіз тұңғиық, саңлаусыз соқыр тұманның ішінде қарманып, қалқып жүрген секілдене беремін.
Үй иесі шал тамаққа шақырды. Күн кеш болып қалған екен. Жаздың ұзақ күні шаңырақтың шеткі күлдіреуішіне ілген ең соңғы ақ теңгесін де аз кідіртіп барып, тез сырғытып әкетті. Үй ішіндегі қара көлеңке қалыңдап, тұншықтыра қымтап келеді. Қарсы алдымда отырған жұдырықтай тайпақ шал да құбыжықтай қарбаңдап, теңселіп тоқтамайды.
Ақсақал, мен ояу отырмын ба?- деп сұрадым бір кезде онан.
Шал кесіп жатқан етін қолына ұстап сілейген қалпында менің бетіме танымаған адамдай тесірейе қарап отырып барып, мырс етіп күліп жіберді:
–Қалқам-ау, андағы мен сенен сұрауға тиістісі сауал емес пе?- деді бажырайып.
Шалдың сөзі мені биттей сергіткендей болды. Селт ете қалдым. “Әрине, мен ояумын. Еркешті көргенім де шын. Түсімде емес, нақ өңімде көрдім. Қолынан да сипадым ғой әуелі. Алақанымды әлі ысытып, дуылдатып тұрған соның қолының табы. Я, бұл үшін Қарымсаққа да, Қалимаға да, анау Көшербай мен кеше өзімді сойылға жыққан Қасейінге де сансыз рақымет айтуға міндеттімін”,- деп күбірледім ішімнен.
***
Ауылдың шетінде, оңашарақ тігілген қойшының қара құрым үйінде албаты ешкім де келе бермеуші еді. Бұл күндері, күндізгі иен кезінде бір орайын тауып, жалғыз Еркеш қана келіп-кетіп тұрады. Кейде майы мен шайын, кейде қымызын ала келеді.
Қойшы шалға оңашалап:
– Ата, елге жария қылмай қорадан түсі ұнамды, беделді бір мал әкеліп сойыңыз. Өзіңіз де бірге ішіп-жеп, ана сойылға жығылған алаштың азаматын да сорпалаңыз. Оқыс боп кетсе пәлесі, елге, бәрімізге тиеді,- деп мені күткізіп жатқан да сол болып шықты.
Мұны Еркешті мақтай келіп, “кісілігі, адамгершілігі” деп алқай отырып, кейінірек бір кезде қойшы шалдың өзі айтқан.
Қазір осы бір ауылдың ханы да, биі де сол Еркеш екен. Түздегі жұмыс та, үйдегі береке де көбі-ақ осы Еркештің ақылымен, орамымен бітетін көрінеді. Үлкендерді иба-сәлемімен, кішіні мейірім-шапағатымен разы еткен ақылды әйелді жұрт та жақтырып, алақанына салып отырған күйі бар. Осы ауылға біткен қараң-құраң мал да осы келіннің аяғымен келген бақ, соның маңдайына берген дәулет деп сендіруге тырысты. Әйтпесе бұрын мына күйеуі де дәл мен сияқты кезбе, бау кеспенің өзі екен. Осы әйелді қалай алды, солай, “атқа мінгенін” де қойыпты. Басына бақ оралып, қазанына қаспақ тұра бастағаны да сонан кейін дейді.
Міне сол Еркеш, өзімнің Еркешім, жат елде басқа біреуге бақ болып қонып, бөтен үйде мені басқа біреудің ас-дәмімен сыйлап отыр. “Ішіп-же”-деп бәйек болады. Шыныны жерден өзі алып, зорлап ұсынады. Мұндайда әнтек кейін ысырылған ақ жібек көйлегінің жеңінен жарқ ете қалған сол жібектей аппақ, жұп-жұмыр білегі жүрегіңді дір еткізеді. Бір кезде өзім ұстаған білек, мойныма оралған ақ білек. Әлде неге бола ренжіп, өкпелей қалған кезімде жалынып жұбатқан ақылды арудың маңдайымнан сипаған аппақ саусақтары. Жұп-жұмсақ мамық алақан. Аңқау, сенгіш, ақ көңіл жас қыздың уыз алақаны. Жоқ, адамның мүшесі емес, ғайыптан ғана елес беретін, періште сынды перизаттың кіршіксіз, пәк алақаны.
Кей сәтте қалың ойға омбылап отырып, өзімді өзім алдап, көзімді жұмамын: Мен жат елде, жат жерде сойылға жығылып, қорлық көріп, қойшының қара қосында жатқамын жоқ. Мынау менің өз үйім, өлең төсегім. Мен жай ғана ауырып жатырмын. Мына мені күтіп жігі-жапар болып отырған Еркеш те менің өз әйелім. Құдай қосқан ақ некелі қосағым. Мен соның қасында отырмын. Дүниеде менен бақытты еркек те бар ма екен десеңші? Мынадай асыл жары бар жігіт ханға сәлем бере ме? Менің мынау қараша үйімнің аппақ сарай, алтын ордадан қай жері кем?…
Ой-хой, шіркіннің дәмесін де… Мен көкірегімді қарс айыра күрсініп жіберемін.
Әрине, қазір Еркештің де жүзі сынық. Көзінің алдына ұялап қалған болымсыз бір қара көлеңке бар. Анда-санда бір жадырап күле қалса, ақ кептердің қанатындай жарқ етіп барып жоғалып кетеді де қабағына кірбеңдік үйіріле қалса қайта келіп қонақтайды. Мұндайда ол кептердің қанаты емес, ауыр ой табы, белгісіз мұң сәулесі болып танылады. Еркеш сол мұңлы, ойлы жанарымен көп қадалады. Жымиып та қарайды. Зорланып күлген болады. Күрсініп те, жүдеп те кетеді. Бір рет көз жасын көлдетіп ұзақ жылағаны да бар.
Мен әлі басымды толық көтермеген көзім. Ол менің қасымда жап-жақын таяп отырған. Менің мүйізгегі көп көн алақанымды сипалап отырып өз шерін төккен. Бастан өткен кешірмелерін жыр қылған алғашқы бір күндер еді.
Сол бір сәтсіз сапарда бізге ойда жоқта сап етіп жабыса кеткен “домалақ пәле” үшеу екен. Екеуі мені ұрып түсіргенде, қалған біреуі Еркешті де тізеден қағып жіберіпті. Артынан қыз екенін білгеннен соң үшеуі оңаша сыбырласып алып, мені байлап тастап оны алып кете беріпті. Бірнеше күн елсіз иенді сағалап, түнделетіп жүріп отырып, айырылысар бір жерге келгенде біреуі Еркешті алып, қалғандары қос-қос атты жетектеп жолдарына түсіпті. Еркешті олжалағаны мұны асудан асырып осы бергі бетке әкеліп Қасейін деген байырғы сыбайласына астыртын сатып жіберіпті. Өзінің де алмақ ойы болған тәрізді, бірақ сол жылы түскен жас келіншегі бар екен.
Оның атын білмейсің бе?- сұрадым мен Еркешті іштей зығырданым қайнап.
Оны қайтейін деп едің? Тағы да арандасайын деген ойың бар-ау зайыры,- деді ол менің ойымды біле қойып. Сонан ойға шома отырып бір күрсініп алды да сөздің бетін басқаға аударып әкетті. – Өтті ғой ол кез. Оралмайтын болып, қайырылмасқа кеткен бір сағым емес пе? Тағдыр екеумізді осылай екі қиянға қуып тастады. Бұйрық солай болғаны да. Адам баласы басқа түскеннің бәріне де көнеді екен. Шынымды айтайын, талай заман қасірет шегіп қапада жүрдім. Маңайым мүлде жылтсыз түнек сияқты тұншықтырады да тұрады. Қазір ғана аспан құлап түсетіндей, жер жарылып опырылып кететіндей болып алаңдатқан үрейлі, мазасыз күндерім аз болған жоқ-, деп ол тағы бір күрсініп жіберіп, көздерін жұма отырып қалып, аз кідіріп барып қайта сөйлеп кетті. – Я, болар іс болды ғой. Бәрі де бітті. Дегенмен әр уақыт өзіңді еске алғанда, сүп-сүйкімді бір жарқын елес көз алдымда мұнартып, көкірегімнен жалын боп бұрқ етпей қалмаушы еді. Адамның жастық шағы “оның ең бір қызық, алтын кезі” деп әркім-ақ айтады ғой. Меніңше соның сондай тәтті, қызық болуы, сол бір сағым дәурен әр адамның үлесіне өкінішке, арманға бола, соған ғана арнап тиетін түрі бар. Жас шағыңның тұтас бойы бір әредіксіз кілең өкініш екен. Соған орай адамның өмірінде қымбатты бір қызық нәрсе бар десек, ол оның мәңгі қолы жетпей қалған арманы ғана секілді. Екеуіміз бірге болған сол бір күндері еске алғанда, кейде өзімді өзім кінәлаймын. Өзімді өзім жек көремін. Бұрын бір ер адаммен қыз есебінде бірге болып көрмегендіктен бе, мен сені тез ұнатып едім. Шын жүректен сүйгенім де рас. Маған сонда бақыт деген қызық деген басқа нәрсе емес, тек жігіт қана болып сезілген. Бірақ, ақымақ басым, сонда саған осынымның бір де бірін айта алмадым ғой. Өзім де өртеніп, іштей ынтығып тұрып-ақ, сенің де сондай ыстық құшағыңды кері серіптім. Өз жүрегімнің жалынын ең аяулы, ең қимасым деп іштей табынған адамымнан да жасырдым. Кейін ойласам осының бәрі ақымақтық, таяздығым екен. Сол бір аз күннің, бір құбылып ғайып болатын сағымдай қысқа дәуреннің қызығы мен ләззатын сенен де, өзімнен де аяппын ғой сонда. Адам өмірінің ең асылы; баға жетпес, қайтып оралмас қымбаты саналатын сол бір тәтті шақтың шолақ, опасыз екенін үркек аттай жалт беріп тастап кетіп, уысыңа мәңгі қайта түспей өмір бойы опық жегізіп кететінін ол кезде қайдан білейін. Мәңгі мендік болып, өзімнің төл меншігім ретінде, өз басымда тапжылмай тұра береді деп ойлаппын емес пе? Сол бір елесі ғана есте қалған тәтті күндер өтіп кеткенімен, уақыт ұзарып, өшкіндеп тозған сайын соншалық асыл, ыстық сезіледі екен адамға. Дәм айдап осы жаққа тұтқын болып, ойға-түске кірмеген жат біреудің түңлігін ашып, отын жағып жүрген алғашқы бір кездерімде әр күні сен жетіп келіп қалатындай болып үміттенемін де жүремін. Алтын кірпігін жадырай көтеріп, қоңыр белден сығалап жаңа шығып келе жатқан күннің шашыраған шұғыласымен ілесіп; қызарып, ұялып туған толған айдың көгілдір сәулесінің ар жағына жасырынып сен таяп келіп қалғандай, қазір-ақ жарқ етіп шыға келіп, қуантып құшағыңа тартарындай сезінем.
Қаракөк аспанның кеудесінен жымыңдап оянған алғашқы жұлдыздан да соны дәметем. Алыстан бір жалғыз атты келе жатса да телміріп ұзақ қараймын. Дүсірлетіп келіп үй сыртында аттан түсіп жатқан біреудің дыбысына да елеңдеп, әрі қуанып, әрі шошып отырамын. Осы арада, осы бір жат елде, жат біреуге бауыр басып, өмір сүріп, тірі жүре алам дегенге де сенбеймін… Ақыры, зарықтыра, зарықтыра ол дәме де өшті. Салқындап, сөніп барып түңілтті. Торықтырып жеңіп тынды. Онан кейінгі жылдарда тым болмаса саған енді бір кезіксем-ау деген ғана тілек қалды. Көкірегімнен күні бүгінге дейін сөнбеген, қалған жалғыз ұшқын сол ғана болатын. Құдайға шүкір, бұл тілегіме жеттім,- деген еді сол бір кеңесте.
Кейінгі күндердің бірінде, әңгіме арасында Еркеш маған тағы бір тілегін айтты:
– Сенен бір қолқам бар, айтсам бересің бе? Уәде берсең айтайын, әйтпесе аузымды ауыртпай жылы жауып қойып қояйын,- деді ол қиыла қалып.
Құдай-ау, Еркештен менің аярым бар ма еді. Жанымды да қияр едім ғой ол үшін. Отқа түс десе отқа, суға түс десе суға көзімді жұмып алып бірақ секірер едім. Мен осыны айттым.
Адамның көкірегіне көп дүние, тіпті бүкіл әлем сиып жатқанымен, көп адам симайды екен. Көңіліңнің арғы қатпарынан орын алатын адамдар бөлек қой. Сол адамың алыста болса да, оның енді саған мәңгі қайтып орала алмайтынын біле тұрсаң да “қайда жүрсе де аман жүрсе екен, мәртебелі, шоқтықты болса екен, беті жарық, мерейлі болса екен”,- деп тілейді екенсің. Сол себепті мен сені дәл осындай қан жоса болған күйде көремін деп ойламап едім. Кезіккеніме қуансам да, осылай көргеніме жабығып қалдым. Сол үшін мен мына кезбелігіңді, өзіңше айтсақ, осы батырлығыңды ғана сұрар едім,- деді ол түнеріп отырып, ауыр күрсініп алып.
Бұған менің жауабым, уәдем ол қолқасын сұрамай тұрып-ақ айтылмап па еді. Әуелгі дәмем тіпті басқа еді. Ол осыны айтар деп ойламаппын да. Сонда да сөзімнен тана алмай қалдым.
Бірақ келесі бір сәтте мен де онан бір тілек тілегім келді. Соны айтпақ едім.
– Әй, салдырлаған, ақ көңіл, аңқау байқұсым-ай,- деп күліп жіберді ол. Қайта бет көріскеннен бері оның қатты күлгені осы. Баяғыны еске салады. Жүрегіңді тырнап, кеудеңе у себетін тәтті күлкі. Таза жүректің қып-қызыл қанымен қайнап шыққан кіршіксіз сап қуанышы,– Сенің ешқандай да тілегіңді бере алмаймын,- деді ол ойнақылана, қиыла назданып. Онан соң маңдайымнан мәпелей сипады да, мұрнымнан еркелете шымшып қойды. – Сенің тілегіңді бере алмаймын. Білемін…сен…сен қызықсың… Жасаған-ау деген. Бері қарашы, Ақан, бұл дүниеде екеуімізге ортақ не қызық қалды енді. Ештеңе де қалған жоқ. Бітті, бәрі де бітті. Жағада өскен жаңа қауашақ ашқан жап-жасыл бір гүл болады. Бұлаң қағып жайқалады. Бір күні құла қасқа тасқын келеді де оның тарпын да қалтырмай, тамырымен жұлып ағызып әкетеді. Кешегі жайқалған өңір құлан тақыр болып, құлазып, қаңырап иен жатады. Білсең менің халым да осындай емес пе?- деп кенет еңіреп, боздап жіберіп, бір жылап алған.
Кейінгі кездері де мен оған сан рет жалындым. Өлердегімді айттым. “Еркешті сүйген жүректі енді ешкімге саудаламаспын” деп серт етіп, қалыңын беріп қойған адамымнан да безіп, сұр бойдақ болып, салт ат, сабау қамшыны ғана малданып, қаңғырып жүргенімнің мәнісін сан қайтара жаттап шықтым. Оның жауабы әлгідей, біреу ғана болды.
– Саған ойымдағының бәрін де ірікпей, бүкпесіз-ақ айттым ғой деймін,- деді ол ойлана көзін жұмып , – Мен әуелі өзіңмен ілесіп келе жатып та, тіпті бертінгі кездерде біреудің ақ некелі әйелі бола отырып та өзімнің қыз екенімді, затым әйел екенін шын мәнінде мойындай қойғамын жоқ. Әншейін бір өткінші, алдамшы елес сияқты ғана сезілетін. Бұған тек бала сүйіп, ана болғаннан кейін мойындадым. Жүрегімді қақ жарып шыққан осы бір көбелектерім кеудемдегі барлық қуаныш-қайғымның иесі болып қалды. Басқаның бәрінің орнын осылар басты. Мен анамын ғой, әрине, менің ендігі бар үмітім, тілегім тек солар ғана болмақ. Ал солай болған күннің өзінде де мен сені жек көре алмайтынымды білемін. Сенің маңайыңнан айналсоқтап шыға алмай жүргенімді де көріп отырсың ғой. Сол үшін сен әлі де баяғыңдай, менің көкірегіме орнаған қол жетпес алтын мұнара қалпыңда, мәңгілік, қадірлім, аяулым ғана болып қалсаң екен деймін,- деп бірақ кесті.
Еркешті мына бекімі мені тағы да торықтырып, ойландырып тастады. Талай түнді дөңбекшіп өткіздім. Ең ақырында оның алтын басына әлі де шаң жуытпай, қастерлей отырып-ақ жаңа бір сойқанға іштей толғата бастадым. Бұл дүние не үшін тентектің жағы болады? Ақты қараның, жазықсызды озбырдың жеңетін себебі қайсы? Егер тағдырдың заңы осылай болса, мен де дәл осы сораппен тағы бір қарманып көрейін. Қайтып барған соң Қарымсақпен келісейін де, ол арқылы Әбеумен астасып, Еркешті бірақ күнде тартып әкетейін. Қазір мына бауыр басқан жылы ұясындағы жайлі, тыныш тіршілігін қимағанымен, түбінде Еркеш те менің бір тентектігімді кешіретін болады. Заты әйел емес пе, мұрнына қай түтіннің иісі сіңсе сол түтінге көніп кетеді. Бақытым, дәулетім болып, құшағыма қайта оралады.
Бұл ойымды мен ауылында айдан аса жатқанымда Еркешке сездірмей кеттім.
***
Аққан судың да бір тоқтауы бар” дейді ғой қазақ. Көп ұзамай Қалиманың дауы да бітіп, мен де елге қайттым. Ел дегенде ең алдымен мені төредей құрметтеп, алдымнан шығып, үйіне ертіп әкеліп, аман келгеніме ақ сарбасын айтып, құрақ ұшып күтіп алған Қарымсақ болды.
Қараша үйдің есік алдындағы жер ошақта қазан қайнап жатты. Қайдан әкелінгені белгісіз бір сүйретпе қымыз да қайта-қайта қотарылып келіп, алдымыздан дастарқан жиылған жоқ.
Қарымсақ маған өлердегісін айтып, рақыметін жаудыра отырып, алдымен өз жайін баяндады. Ол Қалиманы әкелген бойында өз үйінде тұп-тура екі жеті ұстап тұрыпты. Шын-өтірігі белгісіз, “кейінгі кезде Қалима да иіліп, мойынсал болып қалып еді”,- дейді азырақ мақтан аралас желпініңкі әуенмен. Бірақ, Қарымсақ бастапқы ойынан қайтбапты.
– Ал Қалима, Қарымсақтың кім екенін таныдың ғой. Менің мақсатым да осы еді. Сен сияқты бір шөп желке үшін екі елдің арасына лаң салып, араздастырайын деген ойым да, қатынсыз қаламын-ау деген қаупім де жоқ. Жалғыз ғана жігіт басымды кеміткен қорлығыңа шыдамап едім. Ол қысасым қайтты. Ел көрді. Жұрт білді. Маған керегі де осы болатын. Енді разы қош бол да үйіңе қайт. Әлгі жаман ез немеңе менен сәлем айт. Мынау келген жолыңа, мінгізгенім болсын,-деп бір атын алдына көлденең тартыпты да жолға салыпты. Сонымен дау да бітіпті.
Осы тектес жайттерді әңгімелеп отырып Қарымсақ бір кезекте менің жайімді сұрады. Мен де өз көрген-білгенімді басынан бастап айтып келе жатыр едім. Сөзімді Қарымсақ киіп әкетті:
Ой, әлгі өзіміздің Әбеудің күйеу баласы екен ғой. Әнеукүнгі “аттың жалы, түйенің қомында” Қасейіннің кім екенін де ескермеппіз ғой,- деді оны танитын рай байқатып.
Жоқ, ол емес. Мұнда бір әңгіме бар,- дедім мен оған Еркеш жайлі сырды бастап, ақылдаспақ болған ниетпен.
– Жә, жә, тұра тұр. Ол әңгімені мен саған айтып берейін,- деп Қарымсақ сөз бермеді. – Ұмытып қалмасам аққұба өңді, талдырмаш келген әдемі әйелі бар шығар?
Я, бар.
– Баяғыда бір кезде, я, онан бері де сегіз-тоғыз жыл болып қалған болса керек. Біз үш жігіт арғын, найман елін бетке алып, тау сағалап жортып бара жатып, жол-жөнекей қос-қолаңы, қос-қос жетегі бар екі адамды тосаттан тосып ұрып түсірдік. Байқасақ біреуі қыз екен. “Алтайдың күн бетіне сіңіре алмаспыз”-деп ойлап, Әбеуге беріп, арғы бетке, Қалқа жеріне асырып жібергенбіз. Кейін оны Қасейін деген өзіміз секілді бір мықтыға ұзатып, қалыңмал алдым деп жүретін. Сол Қасейін екен ғой, Әбеудің күйеу баласы деп отырғаным сол,- деді Қарымсақ ыржың қағып, – Шіркін, өзі де қыз-ақ еді. Амал қанша…
Мен оның сөзін бөле ақырып қалдым:
– Қарақшы, ұлым ит!- деп қалшылдап, орнымнан қалай ұшып тұрғанымды сезбеппін. Қарымсақты қамшымен қақ бастан тартып кеп жібердім. Көзімді қан жауып кетті. Дәл қазір-ақ осы сұмырайды итше тепкілеп, жүнше түтіп, дода-додасын шығарайын деген аямас бекіммен қамшымды қайта көтере бергенімде: “Тағы да арандаспақсың ғой. Сенен осы батырлығыңды ғана қолқаламап па едім”,- деген Еркештің сөзі ойыма түсе кетті. “Уәдең қайда?”- деп ренжи жүгіріп келіп, қолыма асылып, жылап жіберген бейнесі елестей кетті. Аяулым еді ғой.
Мен Қарымсаққа қайрылып қарағам жоқ. Есікті серпіп тастап шыға жөнелдім де, белдеудегі атыма қарғып мініп, басым ауған жаққа лағып жоғалдым. Сонан мән-мағынасыз, бағдар- беталыссыз иен далада екі күн қаңғырып тентіреп жүріппін де үшінші күні ғана ес тауып ауылыма оралыппын. Оның үстіне сау келмей аурып қайтыппын. Келген соң сар тап болып бір ай төсек тартып жатып, өліп барып әрең жазылдым. Өз өмірімдегі ең соңғы сілтеген қамшым да, ең соңғы жортқан сапарым да осы.
Бағана айттым ғой Еркештің бір сөзін: Адамның албырт жастық шағы тұтасымен өкініш екен” деді деп. Ақылды, зерек қыз еді,- деп Ақаң қалтасынан мүйіз шақшасын алып, ойға бата, сыртылдата қағып отырып, ерніне бір алақан насыбайды бірақ құйды да, тілін астыңғы тістеріне тірей ысқырып, ұзақ соза күрсініп қойды. Көпке дейін үн қатбай мелшиіп, жерге қарап, өлі көзімен тесіліп, жүдеп отырып қалды. Сонан бір заман дегенде ғана:
– Я, біз сөйтіп бірімізді-біріміз қан-жоса ғып, бірімізді-біріміз тонап, соған мәз болып, қызылға, қызға таласып, даланың тағысындай аласып-жұлысып, қырылысып жүріп, бір зәурен зайғы өмір өткіздік қой. Құдайтағала сендерге, ұрпақтардың басына мұндай бақытсыздық бере көрмесін,-деді күбірлеп, ойында жүрген бір дұғасын жаттап отырғандай.
1984 жыл. Алтай қаласы