МЕНІҢ ЖЕҢГЕМ

 

(әңгіме)

 

Үлкен қалаға, озаттар жиынына баратын болғаныма дардай қуанып қалдым. Үш жылдан бері осы бір мешеу әтіреттің бет – бейнесін өзгертемін деп жар құлағым жастыққа тимей, зыр жүгіріп едім. Енді міне еңбегім жанып, саңлақтар сахынасының төрінен орын тигелі отыр. Оның үстіне үлкен қаланы көріп, аралап серуендеп қайту деген бір қызық қой. Мұны айтпаған күннің өзінде, осы қалада үлкен бастық болып жүрген немере ағайым да бар еді. Ағайыма сәлем беріп, жеңгемізге амандасып, бауырларымның маңдайынан иіскеп қайтсам деп көптен ойға алғаныммен, біресе о, біресе бұ жағыдаймен  сәті бір түспей – ақ келген. Әсіресе, төрт жылдың алдында ауылдан аттанарда жеңгем:

– Жұмаш, ұзап кетті демей барып тұр. Құдай тілекті беріп ағаң да аман – есен келді ғой. Бұрынғы қызметін де алатын болды. Ағаң жоқта сүйенген байтерегіміз өзің болып едің. Оныңды қайдан ұмытайын. Тірі болсам бір ақтарымын деген ойым бар, – деген еді ағынан ақтарылып.

Мен жеңгеммен кейінірек танысқам. Ағайым жас кезінде әскерге кетті де, сонан талай жерді шиырлап, ұзақ жүріп шет жерде үйленіпті. Кейін ел жаққа қайта оралып, осында ауысып келіпті дегенді естісем де, дәм тартып бара алмағам. Жеңіл машинасымен ағамыз ғана бір – екі рет келіп қайтқаны болмаса, жеңгеміздің бет – аузын да көрмеген едім. өмір бойы көріспеген сол жеңгеммен мен былай таныстым:

Бір күні атірет бастығы мены шақырып алды да:

-Сенің мансапты бір ағаң бар екен ғой? – деді маған тұтқиылдан. Мен Әнтек іркіліп қалдым да:

-Ия, бар болатын, – дедім жүрегім әлде неге зыр ете түсіп.

-Ағаң бұзық боп шығыпты да, он жылға сотталып кетіпті. Қаланы тазалау саясаты бойынша семьясын осында қырға көшіріп жіберіпті. Кеше коммунаға барғанда бастықтардан естідім. Бұл жаққа сендерге тартып келген сияқты. Атіреттен бір арба апар да көшіріп әкел, – деді маған.

Мен коммуна кеңсесіне тасырқаған екі өгізді бишіктің астынан алып отырып, дәл түс мезгілінде әрең жеттім. Елдің бәрі түскі шайға тарап кеткен екен. Сонда да “біреу – міреу көре қалса, жеңгемнің қайда түскенін ұғысайын” деп кеңсеге төте кірдім. Коммуна кеңсесі әдемі салынған, аппақ үй болатын. Үлкен сырлы терезелері күнге қараған. Ұзын залдың ортадағы есігінен кіргеннен кейін екі жаққа жағалап кететін қатар – қатар көп бөлмелері бар. Бірақ, теріскей жақта болғандықтан, залдың іші тіпті жаз күндерінде де, тал түсте күңгірттеу тартып тұратын.

Мен залға кірдім де оңға қарай жағалап, әр есікті бірден санап, тартып шықтым. Жан жоқ. Қайта айланып сол жағыма бет алдым. Кенет алдымнан күбір – сыбыр сөз, қыңқылдаған баланың дауысы естілгендей болды. Елең етіп құлақ тіге қалып едім, залдың түпкі бұрышынан шыққан сияқты сезілді. Бұл кезде менің көзім де үйірлесіп қалған еді, анадайдан қараңғы бұрышта, келсе келмес үйілген жүктің түбінде бала құшақтаған бір әйел отыр екен. Әйелді айнала қоршаған бір қора бала. Кейбіреуі жүктің түбінде отыр. Кішірек екеуі шешесінің екі иығына сүйеніп, маған үдірейе қарап қалыпты. Әйелдің де екі көзі менде. Мен жақындап таяй бергенде ғана ол менен көзін тайдырып, төмен қарай берді. Екі иығы қушыиып алдындағы баласына қараған боп жатыр. Мен:

-Сәлеметсізбе? – деп амандасып едім, әйел маған жалт қарап, аузын жыбыр еткізді де, көзін тайсатып әкетті.

-Сізер қайдан келдіңіздер? – деп сұрадым мен әйелдің жанына таяу келіп. “атын сұрағанмен де біліп жатқам жоқ, қаладан келген болса, іздеп келе жатқан жеңгем осы – ақ боп қалар” деп ойлап.

Әйел күмілжіп, міңгір ете түсті де, онан ары жұмған аузын ашпады. “Күйеуі сотталып, күні қаран болып отырған әйелде не күй бар дейсің? Көрінгеннен көз түрткі көріп, жасқаншақ болып қалған байқұс қой. Менің жеңгем екеніңді осы бөгенайыңнан тани қалдым” деп ойладым да, тамға арқамды тірей, бишігімнің сабына сүйене жүрелей отыра қалып, алдымен өз жөнімді айттым. Дәл тауыппын. Жеңгем екеміз танысып та үлгірдік. Осы арада түнепті. Бейтаныс бір кемпір бір неше рет шай әкеліп беріпті. Осыны айтқанда жеңгемнің көз жасы домалап – домалап кетті.

Мен бастықтарға барып, мән – жайді айттым да, жеңгемнің жүгін арбаға тией бастадым. Жүк дейтін жүк те жоқ, ұйпаланған көрпе – жастық, шаң – шаң болған киім – кешек, қабысқан тоға, шүмегі жұлынған шаугім сияқты ыдыс – аяқтары ғана бар екен.

-Қалған ештеңеңіз жоқ па? – дедім мен жүкті тиеп болып.

-Не болушы еді, қалғаны осы ғой, – деп күрсініп қойды жеңгем.

Ауылға әбден қас қарайғанда жеттік. Арбаның шықырын естіп жүгіріп шыққан шешем қабалақ қағып, жеңгемнің қолынан, балалардың бетінен сүйіп байек болды. Беті – қолдарын жуғызып, сусын жұтқызды. Қою, күрең шайы да дайын екен. Сарымайы мен құртын да аяған жоқ. Әлісін – әлі балаларды айналып – үйріліп:

-Қарның ашты ғой, қарғам. Тосырқама, жей ғой. Мынау кішкене неме сүйкімді екен, аты кім өзінің? Қаймақ жей ме екен? – деп жігі – жапар болды.

Ана ғой, қайтсын енді!

Дастарқан жиылған соң мені оңаша шақырып алды да:

-Адам баласы не көрмейді дерің барма, өз басыңда да бар ғой. Байқұстар жасып қалған екен, құрдай жорғалағаныңа құл боп кетпейсің. Ертең ана қарсы үйді ауашалап бер. Азық – түлігі қандай екен? – дей келді де, әлгі жалғыз серкешті алып кел. Бағана байқағанымда дардай сөлденіп қалған көрінген. Қойшы баламен келсін, біреу сезіп қойып жүрмесін. өліп те қалатын бір лақ қой. Әйел адамның жолы үлкен, қонағасысыз ұят болады, – деді соңғы бұйрығын баса айтып.

Өзім көрмеген жеңгеммен мен, міне, осылай таныстым. Сонан бастап бес жыл бойы бір күн отын – су дегізгем жоқ. Жеңгем де мені жақсы көріп кетті. Тіпті ел мені бұзқ деп айғайлап жатса да, Жұмабек деген атымды тергеп, Жұмаш деп атаудан танған емес.

Осы жылар ішінде мен де жеңгемнің сырын алып болдым. Жеңгем оқыған, қызмет істеген, жақсы қабылетті, оның үстіне тіпті пысық адам екен. Киімді ретті, таза киуді ұнататын, ас – суы да дәмді. Балаларының үсті – басы да тап – тұйнақтай, жаман киім болса да, жалбыры білінбейтін. Алда – жалда шаңға аунап, батпаққа түсіп келгендері болса, шапалақпен шарт еткізуден де ерінбейтін. Жалпы алғанда өз басына, семья шарушылығына ұқыпты әйел еді. Мен де разы болып жүрдім. Бірақ, өз мінезіммен отаса алмайтын, кейбір ерсі қылықтарын мен де жақтырғам жоқ. Кейде тіпті өзіне сездірмесем де, кіжініп, ашуланып та қалушы едім.

Неге екенін кім білсін, бастық атаулыны көрсе жалпуыштап өліп қала жаздайды. Аузындағысын жырып береді. Бір-екі рет мені жұмсап, арақ алдырып, ебін тауып қонаққа да шақырғаны бар. Басына күн түскен соң қайтсын деп мұнысына да үндегем жоқ. Мұны былай қойғанда, өзіндік дүрлігі де жоқ емес. Кейде ескеуілдеп, езуі көбіршіп, бусанады – ай келіп. Бұрынғы барлығын, молшылығын мақтан етеді. Кейбіреулерге тұштия қалып, шекесінен қарайды да, кейбіреуді көпірте мақтай жөнеледі. Бірақ мұнысында онша бір тұрақ болмаушы еді. Біреумен бір – екі күн әмпей – жәмпей бола қалады да, үшінші күні жалт беріп жамандай жөнеледі. Көрместей болады. Түсін салып кіжініп, барды – жоқты мінін теріп, аза – бойы қаза болады. Ал енді ертеңінде қайтадан тағы да ауыз жаласа қалады. Бастарын тиістіріп тақтайдың астынан жылт етіп шығып, қайта жасырына қалатын жарым – жарты құмыра арағы да болып қалады. Оны аз десең, осы румкасын ерлермен де қағыстыратын кезі болады. Ал өзі арақ ішкенде өңейіп, сұлуланып алады. Екі беті албырап, жүзі жайнай түсіп, күледі – ай келіп. Ондайда мұнан көшелі кісі жоқ. Мұнан жайдары жан болмайды. Жасаураған көздерімен әлде кімдерді еліктіре, қиыла қылымсып, наздана қарауды да біледі. Мұның да кемі жоқ, аз күндік дүние ғой, кімнің ойнағысы, күлгісі келмейді дейсің. Көңілімнен күні бүгінге дейін қалмайтын жері « ол келе жатыр » дегенде ауылдың жылаған баласы уанатын бір шыбар бригадир болушы еді. Сол сұмның таң алдында соның үйінен шығып, там жағалап айналып кеткенін бір рет көзім шалып қалғаны бар. Менің ерімді мойныма алып, мөңкігенім де дәл сол кез. Бұрын да еміс –  еміс естіген сыбысым бар: “жеңгем біреумен тәуір болыпты да, соның алдауына түсіп, күйеуінің үстінен өтірік мәлімет беріп, соттатқан өзі екен. Кезінде жалған белсенді болып жарына опасыздық еткен әулекінің бірі бопты” дейтін өсекшілер. Әлгіндей қара көлеңкелер осы өсекті қайта қозыдырып, қанымды қарайтпай тұра алмайтын. Бірақ, іштей тынатынмын. Қойшы, әйтеуір, біз жаман – жақсы болсын, бүтін бидайды бөліп жеп, жарты бидайды жарып жеп тату өттік.

“көп тілеуі көл” деген ғой. Жақсы күндер туды. Мен де азат болып, еңсе көтердім. Әуелі ел мені әтірет бастығы ғып та сайлады. Ағам да ақталып қайтып келді. Біздің ауылда бір ай жатып, туыс – туғандарын аралап демалып, үйін қайтадан қалаға көшіріп әкетті.

Кетерінде жеңгемде рақыметын жаудырды-ай келіп. Ұмытқам жоқ, әлі есімде, қоштасардағы ең соңғы сөзі әлгі болатын.

Біз жиын уақытынан бір күн бұрын келген екенбіз. Бір жайсыз жері қыстыгүні, ақ қар, көк мұзда жол жүрген оңай ма, ауырып қалыппын. Таң атқанша ұйықтай алмай шықтым да, таңертең алдымен дәрігерге барып көрініп алып, ағамның үйін сонан соң іздемек болдым.

Емханада аурулар көп екен, бірталай тосып қалдым. Маған енді кезек келіп, кеудемді ашып тексеріле бергенімде:

– Врач, мойныңызды бұрып кетіңізші, – деді бір әйел дауысы. Дәрігерім мені қоя салып орнынан тұрды. Мен де жалт қарадым. Үстінде қара мәуті пальто, аяғында қонышын жұрындаған біз өкше етігі бар, жасыл жаулықты семізше әйел есіктің тұтқасынан ұстаған бойы босағада тұр екен. Мен де тани кеттім. Тұйықсыз кезігіп қалғандықтан ба, алғашында қайтерімді білмей әнтек аңтарылып қалдым да:

-Үй, сен Жамішбісің? – деп орнымнан атып тұрдым. Қыршылығы құрғырдың киімі қашан ебдейлі блушы еді, оның үстіне жолаушы жүргенде сақтанғансымақ болып қос қабаттап, оранып – шымқанып алатынымыз тағы бар. Қонышын көмкерген байпақты тіземнен асыра киген үлкен саптамамды қорпылдатып, ашылған омырауымды да түймелеуге үлгірместен, алқам – салқам қалпыммен есікке таман ұмтылдым.

-Аман жұрмісің, Жәміш? Балалардың дені сау шығар? Бақыт оқып жүрген болар? Ертай жігіт болды ма? … – деп аузыма келгенді ірікпей желпуыштап, арғы – бергісін сұрап жатырмын. Ойымда түк жоқ. Көңіл баяғыдай, – Немене, өзің, тіпті, семіріп жасаңғырап алыпсың ғой? – деп қалжың – шынын аралас, баға бере тұрып, өңіне барлап қарадым: Жеңгеме қала жаққан екен. Екі елі маңдайындағы баяғыдағы көп әжімдері де жоғалып кетіпті. Дөңгелек жүзі онан ары жалпайып, еті қалыңдап, кесектене түскендей. Денесі де тығыршықтай болып жұмырланып алыпты. Қабағының  еті ісініп, кішілеу көздері бұрынғыдан арман бітіп қалған сяқты. Сондығы ма, кісіге қарағанда ана жылғыдай емес, көзқарасы салқындау, бір жері ауырып тұрған кісідей кіржие қарайтын тәрізді сезіліп қалады екен. Көзінің алдында үнемі ісінген сияқты болып тұратын көлкілдеген терісі жоғалып, оның есесіне тамағына бір белдеу бұғақ түсіп қалғанын да байқап қойдым. Қоңырайған мұрнының екі етегін ет жауып, сүп – сүйкімді бауырсақ мұрын пайда болыпты. Бірақ, түмсығының ұшы әнтек кейкиіңкі көрініп кетті.

Жеңгем маған ибамен сызылып қана, ығыса тұрып десе де болатындай, қысқа амандасты. Қысқа ғана емес, тіпті әуелі ерні әзер қыбырлады десем де өтірік емес.

-Ауырып қалдыңыз ба? Дәрігерге көрініп жүрсіз бе? – дей салды жай ғана. Сонан соң дәрігерді ілестіре шеттеңкіреп барды да:

– Врач, маған біраз женшин тауып беріңізші. Байқайсыз ба, күннен – күнге жүдеп барам. Ұйқым да қашыңқырап жүр. Тамаққа да онша зауқым жоқ. Шаршаймын да тұрам. Оның үстіне үйде де қу жаныма әмір жоқ. Жағдай айтқан біреулер деймісің, қырдан келген қайдағы бір сүйек – шатыс деймісің, тон – шалбарын қаудырлатып, сүйретіліп келеді де, қиқырайып кеп жатқаны. Немене менің екі туып бір қалғаным дейсің. Әбден қажып, мезі боп кеттім. Қақпа шиық ете түссе болды, миым зыр ете қалады. жүйкем де әлсіреп болды – ау деймін. Біраз күтінбесем, өліп қалатын сияқтымын… – деп жатты ауыз – аузына тимей. Дәрігердің жауабын алды да, артына бұрылып қарамастан лып етіп шыға жөнелді.

Дәрігер орнына отырып жаттып:

-Бастықтың әйелі ерке болады. Ха – ха – ха, Құдайбергеннің бәйбішесі. Таниды екенсіз ғой, – деді маған.

-Ия, – дей салдым мен де нараулау ғана.

Емханадан дел – сал қайттым. Жасырмай – ақ айтайыншы, анағұрша денесімен жеңгем мойныма мініп келе жатқандай еңсем түсіп, екі иығым салдырай берді. Жатаққа келген соң да, аунақшып көп жаттым. “бұ қалай, деп ойладым өзіммен – өзім арпалысып,- айналайын жеңгем – ау, шынымен өстіп кеткені ме? Жоқ, бұл мүмкін емес… әй, өзімде де бар, қалың елдің ішінде қарбаң – құрбаң етіп, түйеден түскендей бастырмалата жөнелген соң әйел адам қысылып та қалды ғой. Қала салты дегеннен хабарың жоқ, сіз, біз деп сыпайылай алмайсың да, қоян қуғандай тасырлата жөнелесің. Ұят емес пе? әдеп, ибя, мәдениет деген қайда? Бұл үшін жеңгеңді емес, өзіңді кінәлауың керек. Кешірім сұрауға тиістісің әуелі. Қайтеді енді, сен үшін ол ұялып, қапелімде қайтерін білмей қысылып қалып, лып ете түскен шығар?! … “ деп тұжырдым ой түйінін. Түстен кейін үйлеріне бармақ болып едім, бірақ денсаулығым жар бермеді де, әбден сауыққан соң үш күннен кейін бардым.

Түскен таяп қалған кез еді. Үйінің қайда екенін де білмеуші едім. Әр кімнен сұрай – сұрай нұсқаған маңайға таядым. Есік – терезесі бір келкі, өңкей аппақ үйлер, әр семьяның алды да ұқсас, биік қорғанды. Жымын білдірмей қиюластырған тақтай қақпалары да әдемі.

Мен жолда кезіккен бір әйелден  ағайымның үйінің қайсы екенін сұрай кеттім.

-Анау арғы қақпа. Жәміштің өзі де тұр ғой, әне, – деді ол жөн көрсетіп. Айтып – айтпай іргесіне келіппін. Жәміш те қолын қусырып есік алдында тұр екен. Ол да мені анадайдан байқап қалды, білем, ліп етіп қорасына еніп кетті. “әй, осы мен кейде таяз ойлап қалам, – деп кінәладым өзімді – өзім, алдыңғы күні өкпелей қалғаныма ұялып, – Ол да мені бір келер деп тосып тұрған ғой байқұс. Қайтсын енді. Талай жыл дәмдес болмадық па?! Үйінде ашық – шашық жатқан қоқыр – қоқысығы болып, мені мазақтай ма деп сонсын жиыстыра қойғалы жүгірген шығар. Әйел ғой, бірдеңесін реттеп, оны – пұнысын жалтыратып, менің алдымда көрсетіп, мақтанып та алғысы келді ме екен? Ия, азды – көпті дүрлігі де бар еді – ау өзінің. Бәлкім, емін – еркін көсіліп жатып, аунап – қунасын деп сырмақ жайып жатқан болар.”

Осы оймен қақпаға жетіп келдім де, тұтқасынан ұстап ақырын ғана өзіме қарай тарттым. Ашылмайды. Әй, аңғалым – ай, сыртына қарай емес, ішіне қарай ашылатын қақпа екен емес пе? Енді есікті ішіне қарай итердім. Әлі жылжымайды. Қар – мұз бірдеңе тіреп тұр ма екен деп қаттрақ та итердім, қозғалмайды. Одан да қаттырақ күшке салдым. Былық етпейді. Өзімше дардай қарулы азамат болатынмын. Тіпті, талай жыл осы қара күшіммен жан бақтым емес пе?! Әуелі көшетін кезде Жәміштің тең – тең жүктерін машинаға лақтырғанымда, қаруыма ағайым да таң қалған. Бірақ, мына қақпа қанша қайрат қылсам да мизер емес. әнтек кідіріп қалдым. “қаланың біз білмейтін көп хикіметтері болушы еді. Есіктің ашылатын басқа бір кілтипані болып, Жәміш мені мазақтау үшін әдейі бекіте қойған ғой. Әй, қу қатын ай. Бұлардан шықпаған шығады. Ойындары қай жерінен келіп тұратынын білмейсің. Екі ортада есігін шағып алып, ұят болып жүрмесін” деп олай қарадым, бұлай қарадым. Ешбір амал таба алмадым. Ақыры есікті қақпасқа шарам қалмады. “қорлығы – ай мынаның. Баяғыдағы өзің берген, есігі алқам – салқам күрке ғой деп пе едің. Сен сияқтылар сығалай алмайды, әуелі, – деп бір бөжімекші ғой. Лаж жоқ енді, онысы да жөн. Менің алдымда бір көтеріліп қалсын, жабырқап, жасып жүргенде талай мұңына ортақ болып едім. Сергіп, жөні түзелген кезіндегі мақтанын да ерсі демейін” деп тағы да тақылда та бастадым. Кенет жеп – жеңіл аяқ дыбысы есіктің ішкі жағына жетіп келді де:

-Кім? – деп сұрады. Баланың дауысы. Тани кеттім, Бақыт қой. Мен алғаш көргенде шешесінің оң жақ иығына сүйеніп, жаутаңдап тұрған қасбақ танау. Міне, биыл он екіге шықты. Адам болған деген осы.

-Мен, – деп қалдым мен қапелімде енді болмаса “Бақыт, мен – Жұмаш ағаң емеспін бе?” деп жібере жаздап едім.

-Ағам да, тәтем де үйде жоқ, – деп саңқ ете түсті де, келесі сөзімді тоспай – ақ кейін қарай тұра жүгірді. Мен безеріп тұрып қалдым, “бұ қалай, Жәмішті жаңа ғана өз көзіммен көрмеп пе едім. Әлде мені әлі де ашуландырып, қызығымды бір көрмек пе екен?” соның арасынша ар жағынан дауысы әлгіден гөрі жіңішкерек бір бала:

-Тәтем үйде ет турап жатыр емес пе, неге өтірік айтасың? – деп қалды анаған. Оған да анау қомпылдай дүрсе қоя беріп:

-Тәтем өзі үйде адам жоқ деп айт та, тез қайтып кел деді емес пе? – деп жауап берді. Өне бойым мұздап, буыным құрып кетті. Ауырып жазылғандікі ме, шекемнен тер де бұрқ ете түсті. Соның арасында баж ете түскен баланың жіңішке дауысы тағы да естіле қалды:

-Ойбай, тәтекеш – ай. Мен қайдан білейін, білмей қалдым, – деді бажылдап.

-Жап аузыңды, жағыңа құм құйылғыр! – деді біреу тістене ысылдап, бәлкім ол мұны маған естіртбейін деп – ақ айтқан шығар. Амал қанша, ашу деген кейде аңғартпай қалады ғой. Оның үстіне құдайға шүкір, құлағым  әлі жақсы еді. “ойбай тәтекеш…” енді құлағымның нақ түбінде шырылдап тұрғандай болды. “Ертай ғой, айналайын, өкбеші Ертай. Мойныма талай мінгізіп едім, сонымды ақтадың…” деген бір ой келе қалды басыма.

Мәңгіріп аз тұрдым да, сал болған адамдай салбырап, арытыма қарай әзер бұрылдым.

Ауылда кейбір жеңгелерім болушы еді:

-Ой, жаман көк шешек, адасып келдің бе бүгін? Біз де сан білеміз. Мына тұрған жерде отырып есік ашпағаныңа тұп – тура бір ай болды. Әнеугүні үйдің қасынан өтіп бара жатып та түспей кеткесің. Қорқады ғой деп пе едің сенен?! Шай тұр ғой қара су да татырмаймын, – деп бұрқылдап қуып та шығатын. Әй, ақмақ басым – ай, кейде соларға өкпелеуші едім – ау. Оның қасында…Мына Жәмішші? Солардың садағасы боп – ақ кетсінші… Тұратын не тұр. Бопты. Қорлансам да, қойшы соны. Ер азаматпын ғой. Әйтеуір, ағам аман болсын!

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here