Көк йірім

 

әңгіме

 

Қарақыз Рольге отырып, автовусты от алдырып қойып, бірталай тосты. Бір-екі рет сегнал берді. Жол үстіндегі бекетке тоқтаған.  Тамақ ішіп болғалы да жарым сағаттан асып кетті. Сонда да ешкім шығатын емес. Тек ең артқы орындықта көздері бақырайып, төрт қазақ отыр. Екі жігіт, бір келіншек, бір қыз. Бұрын таныс адамдар емес. Үрімжіде кездесті. Екі жігіт те ауыру. Болницадан шыққан.  Мына қыз бен келіншектің біреуінің ағасы, біреуінің күйеуі. Емханадан шыққандарына он шақты күн болса керек. Үйлері Көктоғайда. Қайтатын көлік жоқ. Бұрын он бес күнде, кейде адам көбейіп қалғанда аптасына бір рет жүріп тұратын автовус та тоқтаған.  Қазір мәдени революцияның қызып тұрған кезі. Елдің бәрі төңкеріспен әуре. Басқаға бұрылар шама жоқ. Сонан әлгі төртеуі сарыла-сарыла, ақыры осы Қарақызды тапты.   Біреулер айтқан: « Сол келіпті. Пәлен жерде жатыр « деп. Сонан дереу жеткен. Қарақызды көргенде байқұстар әкелерін көргендей қуанып еді. Келіншектің көзінен тіпті жас та ыршып кеткен.

– Баранқыз аға, Үрімжіде қиналғанымызды айтып сұрамаңыз. Бізды ала кетіңіз. Тым болмаса Бурылтоғай, Бейтунге дейін болса да. Онан ары ел іші ғой. Ат, өгізбен болса да жетіп алармыз.- деген қиылып.

Қарақыз оның азан шақырып қойған аты. Ұл балалары тоқтамағаннан кейін әке-шешесі әдейі ырымдап, мұның атын Қарақыз қойыпты десетін. Қазір оны тектеп-тергеп жатқан ел жоқ. Тек келіндері ғана Баранқыз аға деп атайтын. Бағана сұраса келгенде ана келіншектің күйеуі Қарақызбен рулас болып шыққан.

Осы Қарақыз машинаның роліне отырғалы отыз жылдан асты. Анау Шың Шысай тұсында, баяғыда, 1940 жылы, Қарақыздың он сегіз жасында мұқым бір аймақтан Үрімжіге жүргізушілік үйренуге әрең төрт бала барып еді. Солардың арасынан қазір машинаның құлағында жүргені осы Қарақыз ғана. Сонан бері ол қанша машинаның ролына отырмады. Бір қызығы бәрі Кеңес одағының машиналары. « ЗИС  «  та, « ЗИЛ «  де, « Орал «  да бар. 60 жылдары аймаққа Хуаң фамилиялы жаңа секретарь келгенде ол ала келген жеңіл машинаны да осы Қарақыз жүргізді. Бір аймақтағы жалғыз мықты жүргізуші осы. Техникасы күшті. Оның үстіне мынау ұлан-байтақ өлкеде ол білмейтін жол жоқ. Әлі жөндеп тасжол, көпір салына қоймаған мешеу сахарада қай өзеннің қай сағасы өткел беретінін, қай саздың қай жағынан жүрсе батпаққа батып қалмайтынын, қай жерге бұрқасын қатты жүріп, жол нығалып қалатынын, қай жердің қарын жел айдап кететінін білетін де жалғыз сол Қарақыз.

Оның үстіне былай қарағанда түсі суық, құдай жаратқан бұп-бұйра бұжыр бетті, биік қабағында қап-қара қастары тікірейіп тұратын, ұзын қара мұрттарының шалғысын ширатып  жүретін, бір көрмеге сұсты адам болғанымен жайшылықта пейілі кең, мейірімді адам. Ол  жүрген жол бойында ешбір адам жаяу қалып көрген емес. Қандай биік жүк басып келе жатса да, соның бір бұрышынан орын шығарып, отырғыза кету оның өмірлік әдеті. Бірақ, бір жаманы– бір қырысса, әкесі келіп тұрса да ығыспайтын қиянпұрыс, шадыр мінезі тағы бар.

Баяғыдағы бір оқиғаны есіне алғанда күні бүгін елдің зәресі ұшып, жүрегі тоқтап қала жаздайды. Атын айтса жылаған бала уанатын, аюдай ақырған сол Хуаң секретарьдың тұсы дейді. Буыршын қаласынан Жеменейге қарай он шақты километр жүргенде Келте бұлақ деген жер бар. Сол бұлаққа таяй бергенде машинаның бір жері бұзылып қалады.

– Буыршыған қайта барып, запчас әкелмесе жүрмейді.- дейді Қарақыз.- Анау көрініп тұрған жалғыз киіз үйге барайық. Сіз демалып отыра тұрыңыз. Мен олардан ат сұрап мініп, Буыршыннан запчас алып келейін.

Қызыл армияның ұзақ жорығына қатынасқан, әскери өмірге әбден қалыптасып қалған Хуаң секретарь мінезі жаман, бір мойын, айдағардай ақырған қатал адам болса керек.

– Ондай запчасты не үшін  күні бұрын ескеріп, өзіңмен бірге ала жүрмейсің? Өз бастығын жолда қалдырған сендей салақ жүргізушіге кешірім жасау мен үшін үлкен қиянат. Сені ендігіары мұндай істемейтіндей етіп, жазаңды беріп, сазайыңды тартқызып қою керек. Сондықтан, сол запчасты Буыршынға жаяу барып  алып келесің. Бар, жүгір. Бұл– бұйрық!- дейді зікініп.

Қарақыз оның айтқанын орындайды. Қай заманнан бері рольден қол үзіп көрмеген.  Жаяу жүріске әбден шәу боп қалған.  Өлідім, талдым дегенде әрең жетеді.

– Міне, жақсы. Бұдан былай салақтық істемейтін боласың.- дейді секретарь орындыққа қонжиып отырып жатып.

Қарақыз оған ала көзімен қарап қояды. Тіс жарып, тіл қатпайды.

Бұлар Жеменей қаласына барып, онан ары аудан басшыларымен бірге ауылдарды аралап, Қаржау селосына келеді де енді Сарсүмбеге Үрімжі– Буыршын тас жолымен қайтады.  Қурайтыны орап, Мұқыртайды басып, Көксін тауын асып, Буыршынның сұлбасы көрінген кезде Қарақыз тоқтай қалады.

-Машинаның бір жері бұзылып тұр. Түсе тұрыңыз. Жөндеп алайын.- дейді бастығына.

Қарақыз бірдемені шұқылаған болады. Сонан соң рольге отырады да бастыққа бұрылып:

-Он километр жерге жаяу жүрудің дәмін сен де татып көр. Бұдан былай жауыздық  істемейтін боласың. Секретарь емес, құдай болсаң да мен енді қайтып оралады екен деп ойлама. Түнге қалсаң қасқыр жейді,- дейді де машинаны айдап жүріп кетеді.

Он километр жерге қас қарая, ырсылдап әзер жеткен секретарь ыза болағанда жарылып кете жаздайды. Наганын жалаңаштап, « атып тастаймын « деп алас ұрады. Бірақ, ол күні Қарақыз табылмайды. Ертеңінде ғана көзіне көрінеді.

– Не істедің, сен сұмырай?- дейді секретарь қорлықтан өле жаздап.

– Біге бір,- дейді Қарақыз тайсанбай.

Секретарь Қарақызды қызметтен қуып тынады. Басқа жүргізуші алады. Бірақ олар Қарақыздай болмайды. Бірде машина батпаққа батып қалады. Бірде адасып кетеді. Бірде бұзылған машинаны жолға тастап, жаяу жүруге тура келеді. Бір жолы боранда жол таба алмай далада қалады. Енді өлдік-ау деген кезде малшы қазақтар кезігіп, ауылдарына алып барады. Бастықтың бет-аузы үсіп те кетеді. Сонан бастық Қарақызды қайта шақырады:

– Жә, Қарақыз, Мінезім шәргез. Оның үстіне ұзақ жыл армия қатарында  офицер болып жүріп, бетіме ешкім түзу қарамай, жаман үйреніп қалған адаммын. Мен де кештім. Сен де кешір. Қайтып кел.- дейді оны сыйлап, темекісін ұсынып.

Қарақыз сонан он шақты жылдай соның машинасын жүргізеді. Тек соңғы кезде ғана:

– Хуаң секретарь,  жасым ұлғайды. Сізге бұрынғыдай қызмет ете алатын емеспін. Ана кездегідей емес, техниканың  тілін білетін  жастар да көбейді. Солардан біреу тауып алсаңыз,- дейді өтініш етіп.

Сонымен қалаға әкелінген жалғыз автовусты Қарақызға береді. Сонан бері бір ауданның жалғыз көлігі болған сол автовус Қарақыздың қолында. Әлі су жаңа. Ылғи ұзақ жолға– Үрімжі, Құлжа сияқты қалаларға қатынайды. Жақында өлкеден бұйрық келген: Компартия орталық комитетінің орналастыруы бойынша ішкі Қытайдағы зиялы жастар Шынжаңға көмекке келгелі жатыр. Алдыңғы бір тобы Үрімжі қаласына келіп те жетті. Әр аймаққа таратып жатырмыз. Тез машина жіберіңдер.- деген.

Қарақыз соларды әкеле жатыр. Атақты Шаңхай қаласының жанындағы Шүй жоу деген аймақтан. Өздері бұрын келіп жүрген қытайлар сияқты емес. Өңшең үргілжің жас жігіттер мен бойжеткен қыздар. Ұсқындары да бөлек. Ылғи жалбыр бас. Мінез-хұлықтары да өзгеше. Қалада өскендіктен бе, жоқ, әлде арнаулы жолдамамен келе жатқандықтан ба, әйтеуір, түстері суық. Шетінен кеуделі, есерсоқ, ұрдажық бірдемелер. Сөйлеген сөздері мен тілдері де қызық. Отыз жыл бойы талай қытаймен дәмдес болған Қарақыздың өзі де олардың кей сөзін түсінсе, кей сөзін ұқпай аңырып қалады. Қайталап сұрай қалсаң ажырайып, өңменіңнен өте сұқтана телміріп, жеп жібере жаздайды. Қарадай сес көрсетеді.

Міне, Үрімжіден шыққандарына да екінші күн.  Кеше Шыхызы қаласына келіп қонған. Таңертеңгі салқында жолды ұтып басып  дағдыланған Қарақыз қанша ерте қозғалғанымен бұлар орындарынан тұрып бермеді. Сағат онда әзер жиналды.  Енді міне, мына бекетке  келгелі де екі сағаттан асты. Өз еріктері болмаса ешкімнің тілін алмайды.

Қарақыз ақыры шыдамады. Машинадан түсті де асханаға қайта кірді. Бір тобы өздері Дачуан деп атайтын ұтыс ойынын ойнап жатыр. Ұтылған адам арақ ішетін қытайдың байырғы бір ойыны. Екі-екіден жұптасып, біріне бірі саусақтарын көрсетісіп, бар дауысымен барқырап, сол арқылы ұтысып ойнайды. Бәрі де қызып алған. Ал қалғандары оларды ту сырттарынан қоралай қоршап алып, қызық көруде. Кім жеңсе соған дем беріп, қоса шуласады.

Қарақыз шыдамай кетті. Қоршап тұрған топты кие-жара  жетіп барды да үстел үстіне жайылған дастарқанды  бір шетінен жұлқа тартып қалды. Шыны-аяқ, румка, құмыралар шылдырап жерге түсті.

– Әкеңнің…- деді құлағына дейін қызарып алған ойыншының біреуі оның жағасынан ала түсіп.

– Өлтір! Сой!- деді екіншісі де жүгіріп келіп, Қарақыздың алқымына жармасып.

– Партия орталығы жіберге хоң вей биңдерге қарсы келетін бұл бандиттердің сазайын тартқызып қою керек!- деді үшіншісі де алдыға ұмтылып.

Қарақыз әлі қарулы болатын. Өзіне жабысып тұрған екеуін екі жаққа лақтырып жіберді де далаға– кең жерге жүгіріп шықты. Жалмажан қынындағы кездігін де суырып алды.

– Кел, таяшы қане! Ер болсаң қолыңды тигізіп көр! Шетіңнен жайратпасам бар ғой, Қарақыз атым өшсін!-  деді екі көзі жасаурап, қалш-қалш етіп.

Хоң вей биңдер анталап, жақындап келсе де бірден тап бере алмады. Дене мүшелері шәкене, ұсақ келетін мына қонақтардың арасында Қарақыз таудай боп күжірейіп тұр. Мыналардың ең ұзынының бойы мұның қолтығынан әрең келеді. Майкішең тұрған Қарақыздың әлуетті екі қолының бұлшық еттері де нып-нығыз. Шодырайып, білеуленген бөлек дүние. Атан жілікті бура санының өзі мыналардың біреуіндей.

Осы кезде көзіне қара көзілдірік киген, жіп-жіңішке, қанын ішіне тартқан қара сұр біреу сырт жақтан кие-жара жақындап келді де:

– Әй, қойыңдар. Мынау иен далада төбелесіп не жетті сендерге?!  Далада қаламыз ғой. Алдымен жетіп алайық.- деді Қарақызға да естірте. Сонан соң өз жаргондарымен тағы бірдеңелерді былдыр-былдыр етті. Жұдырықтарын түйіп, соғысқалы кезеніп тұрған бір-екеуіне бірдеме деп күңк етті де кейін қарай итеріп апарып, автовусқа шығарды.

Қарақыз ашулы еді. Түксиіп, түнеріп отырып алды да жол бойы еш жерге  тоқтап, титтей аялдамастан зымырап отырды.

– Тоқта. Мына ыстықта өлтіресің бе? Шөлдедік. Сусын ішеміз.- деді біреулері айғайлап.

Кеше Үрімжіден шыққаннан бері бұлардың еркіне көніп келе жатқан.

– Әйбәт, жақсы балалар екенсіңдер. Менің де сендердей екі ұл, екі қызым бар. – деп әкелік мейірмен әлпештеп, айтқандарының  бәрін орындап, құрақ ұшқан. Енді бағанағы қылықтарынан кейін, әкесіндей адамның жағасына жармасқандары үшін мұның да сайтаны ұстай қалып еді. Қанша айғайласа да тоқтаған жоқ.

– Қаламың қатсын маған десе!- деді бұл да әдейі қазақша жауап қайтарып.

– Тоқта, зәр сындырамыз.- деді енді бір кезде тағы біреулері кабина терезесінің әйнегін қағып.

– Шыдамасаң бұтыңа жібер!

Осылайша бір тоқтамай зырлатып отырып, күн ұясына бата бергенде Қарамай қаласына қарасты бір зоводтың мейманхасына келіп, бірақ тоқтады. Автовус тоқтай салысымен жүгіріп шыққан бірнешеуі тебітіп келіп, Қарақызды қоршап тұра қалды:

– Сен қалайша бізді тыңдамайсың?

– Хоң вей биң дегеннің кім екенін білесің бе сен өзі?- деді түстері бұзылып, жан-жақтан шулап.

Айғай-шуға қонақ үй маңынан көп адам жиналып кетті. Бәрі үнсіз қамалап тұр. Оларға хоң вей биңдер де пәтуаларын айтып жатты.

– Мен де төңкерісшіл бұқараның бірімін.- деп үн қатты Қарақыз түсінігін сол кездегі қалыптасқан, жаттанды сөздермен бастап. Сөз әуенін мына хоң вей биңдерге емес, жиналған көпшілікке арнап,  шағына, соларға қарап, күйіне сөйледі.– Аудандық партком мені жеті күнде қайтып келесің деп жұмсаған. Мына жігіттер Үрімжі қаласында қыдырып жүріп алып, бастары қосылмай бес күн тостырды. Ауданның осыларды алып қайтуға келген қызметкерін соғып, емханаға түсірді. Ол кезде мен жаңа келген жастарды сыйламадың деп сол серігіме ұрсып едім. Ақыры бұлар мені де адам құрлы көрмеді. Бір жерге тоқтай қалсаң болды, арақ ішіп, карта ойнап отырып алады да бірдеңе десең өзіңе күш көрсетеді. Сондықтан тоқтамағаным рас. Отыз жыл машина айдап жүріп, талай жолаушы тасыған шығармын. Бірақ, мынадай кесірлі сұмдарды өмірімде бірінші рет көруім. Әй, құдай біледі бар ғой, мұндай сапарға мұнан кейін өлсем де шықпаспын-ау!

Ақыры мейманхана қызметкерлері, жиналған көпшілік болып, бұларды жарастырып тарасты. Қарақыз да жуынып-шайынып, тамақтанып болып, екі кісілік жатақтан орын алды.  Енді бір төсектегісі жергілікті қытай жүргізуші екен.  Таныса келе екеуі бірер жүз грам  жүн-жүн ішіп, әңгімелесіп кетті. Бір сөзің кезегінде Қарақыз оған өзінің осы жолғы көрген қорлығын айтты. Мұның сөзін анау да қолдады:

-Ой, Қара-еке,- деді ол судай ағып тұрған тап-таза қазақ тілімен,- Осы мынау кейінгі келіп жүрген қытайларды мына бұрынғы қытайлар біз де жек көреміз. Қытай емес, тонаушы, ала аяқ, сұм ғой шетінен. Біздің ата-бабаларымыздың мынау қазақ даласына– осы Алтай сахарасына келіп кең пейіл қазақтың қолтығына паналап, қырық үй қоржа атанып, қоныстанып қалғанымызға жүз жылдай болыпты. Сонан бері қазақ деген халықтың кеңшілігін, қамқорлығын аз көрдік пе?! Қазақтармен бірдей күн кешірдік. Ешкім бізді алалап, сыртқа тепкенін естіп білмеппіз. Қуаныш, қайғыда, той-томалақта да бөлініп көргеміз жоқ.  Сондықтан ғой, біздің бір жерлесіміздің бір тойда қазақ келіншекпен айтысып отырып:

Пышаққа қызыл ағаш қыным бар ма,

Демесең затым қытай мінім бар ма!?

Солқылдап екі шекем тоқтамаймын,

Көргенде қыз-келіншек жыным бар ма?!- деп соқтыратыны. Ал, енді мына қытайларды қой. Айтпа. Бұлар тек пайда, байлық, мансап іздеп келгендер Оның үстіне қазір  заман тіпті бұзылды. Мынау Хоң вей биң дегендер  жатырынан желігіп туған бұзақылар ғой. Осылай кете берсе, мына Қытайды құртпай, дүниені өртемей тынбас, сірә…

Оның сөзін сырттағы шырқыраған бір дауыс бөліп кетті. Сол дауысқа ілесе тасыр-тұсыр еткен аяқ дыбысымен бірге бұлар жатқан бөлменің есігін тарсылдатты-ау біреу келіп. Екеуі үдірейісе қарай қалысты. Қақақыз жүгіріп барып, есікті ашып қалып еді, ішке қарай жан ұшыра ұмтылған біреу Қарақызды құшақтай жығылды.

– Өлтірді, ағай!- деді дауысы әрең шығып.

Қарақыз енді таныды. Бағана өзімен бірге келе жатқан қыз– анау сырқат жігіттің қарындасы екен. Жалаң аяқ, жалаң бас. Көйлегінің бір жеңі жоқ. Инішінен екі жаққа бөлініп, кеуде тұсы жыртылып қалыпты.  Балғын төсі аппақ болып   көрініп тұр.  Қыз қымсынғандай болып, омырау тұсын қапсырып жаба берді де Қарақыздың аяғын құшақтап, еңкейіп отырып, жылап жіберді.

– Жатаққа басып кірді. Неге ұзын көйлек киесің? Сым неге кимейсің? « Төрт көнені « * жақтайсың. Саған үйретеміз! Сендерді жөнге салуға келдік. Шеш көйлегіңді деп жармасты. Ана Гүлпазия екеуімізді де сыртқа сүйреп шықты. Оны ана жаққа алып кетті. Мен әзер құтылып, қашып шықтым. Ағаларымызға да тиіскелі жатқан. Ауру ғой  олар. Қаша алмайды. Өлтіріп тастайды ғой. Құтқарыңыз , ағатай!- деді еңіреп.

Қарақыз да, әлгі қытай жүргізуші екеуі де тұра жүгірді. Бір қабатты, ұзын корпус үй еді. Соның арт жағынан « баж «  еткен дауысты естіді. Жүгіріп солай барды. Маңай түгел тақыр, жазық болатын. Ай жарығында анадай жерде қарбаңдаған бірдеңелерді анық көрді. Қастарына жетіп барып еді, келіншекті төрт жігіт қамалап тұр екен. Біреуі сыртынан құшақтай келіп, аузын басып алыпты. Екеуі екі қолынан керіп қозғалтар емес. Енді біреуі оның киімдерін шеше бастапты. Пенжегін сыпырып лақтырып жіберген.  Енді ішкі киімдерін жұлмалап жатыр.

Қарақыз шыдамай, жете бере-ақ ақырып қалды.

– Не істеп жатырсыңдар, сұмдар ?- деді ұмтылып.

Төрт жігіт бұларға бірдей жалт қараса да келіншекті дереу босата қоймады.

– Кигенінің бәрі ескі заманның киімдері. Біз төңкеріс жасаушылармыз. Жаңаша, пролотарияттың киімдерін кигізбекпіз.- деді біреуі міз бақпай.

Қарақыз оның мына сөзіне күйіп кетті. Сөйлеп тұрған жігітті жуан жұдырығымен ауыздан қойып кетті де шалқасынан түсірді. Қалған үшеуін де үш жаққа лақтырды. Әрқайсысын тепкілеп, қабырғаларын

————————

* Төрт көне–мәдени революция кезіндегі саяси ұранның бірі. Көне идеяны, көне салтты, көне әдетті, көне дәстүрді жоғалту деп аталады.

 

күрт-күрт сындырайын деп  ұмтылып еді, қасындағы қытай жүргізуші мен келіншек келіп, қолына асылды.

– Өлтіріп кетеді, ағатай. Бұлар көп қой.- деп жалынды келіншек.

– Сұрықтары қандай жаман. Өздерінен басқа ешкімді кісі ғұрлы көретін емес. Адам емес, апат қой бұлар. «пәледен машайық қашыпты « деген.- деді қытай жүргзуші де ақыл айтып.

Қарақыз жолшыбай әлгі екі ауыру жігітті де ертіп алды. Жатаққа келгеннен кейін де көпке дейін ашуы тарқамай, қалшылдап отырды.

– Мына төртеуің менің төсегіме жайғасып, бір күн шыдап көріңдер. Ал, мен ертең рольге отырамын ғой, мына жігітпен  бір төсекке қисайып, көз шырымын алайын. Бәлем, ертең Сарсүмбеге жетсек, бастықтарға айтып, әкелерін танытармын бұлардың!- деді тісін қайрап.

Бұл кезде қонақтар жақта да қызу керіс жүріп жатты:

– Қазір барып, быт-шытын шығарайық!- деді біреуі білегін сыбанып.

– Шынжаң дегег жабайы топастардың мекені деген. Сол рас болды ғой.

– Келмей жатып таяқ жегеніміз қандай қорлық!?- деді біреуі жыларман болып.

– Өлтірейік итті!- деді тағы біреуі адыраңдап.

Бағанағы қара көзәйнекті жігіт бұларды тағы да сабырға шақырды:

– Әй, жігіттер, қазір оны өлтіргендеріңмен далада қаламыз ғой. Асықпаңдар. Алдымен жетіп алайық. Сонан соң ол қайда қашады дейсің!?- деді басу айтып.

Ертеңінде олар тағы да жай тұрды. Автовусқа отырмай көп айналды. Қарақыз да үндемей шыдап бақты. Сағат онға таяп, Қостолағай деген бекетке жетіп, тамақ ішкеннен кейін де олар жүруге асықпады.

– Кеш боп кетеді , жігіттер. Автовустың шырағы жақсы емес. Түнде жүре алмаймыз.- деді Қарақыз оларға барып.

– Біз қазір жүре алмаймыз.- деді біреуі теріс айналып.

– Ертең барсақ та бәрібір.

– Біз ешкімнің басқаруына көнбейміз.

– Біз төңкеріс жасаушылармыз.

Қарақыз тағы да ыза боп кетті. Ішінен сыпырта бір боқтап алды да:

– Жарйды онда. Сендер асықпай келерсіңдер. Мен кете берейін.- деді автовусқа қарай, ашулы түрде, кере-кере адымдай түсіп.

Қонақтар күбірлесіп, шуылдасып кетті. Жапа тармағай автовусқа қарай жүгірді. Автовусқа отырып, енді жылжып жүре берген Қарақыздың алдынан көлденеңдеп, тұра-тұра қалысты.

– Тоқта! Түс бері. Сөйлесеміз.

Әбден таяған кезде қырық адамды жолға тастап кету Қарақызға да оңай емес еді. Оның үстіне өңкей ауыздан туған қытай баласы. Хоң вей биңдер. Бастабында да әдейі қорқытайын деп, қоқанлоққы жасамақ болған. Ол да тоқтай қалды.

– Түс бері. Келісеміз.- деді әлгі қара көзәйнекті түсі сұрланып.

Қарақыз да одан жасқанатын емес еді. Өз ісінің дұрыс екеніне сеніп, тайсанбай қарғып түсті.

– Ана төрт  қазақты да түсір!- деді ол автовустың ішін ымдап.

– Олар ауыру адамдар. Түспейді.- деді Қарақыз қарысып.- Айтатының болса маған дереу айт. Әйпесе кетем.

– Тоқта, саған бір сұрақ бар. Сен кімсің өзі? – деді қара көзәйнекті түйіліп жақын келіп.

– Мен қазақпын.

– Қазақ болсаң тағы бір сұрақ.- деп ырс-ырс күлді қара көзәйнекті оны әдейі масқаралап тұрғанын білдіргендей,- Алтайда баяғыда жиырма мың қытайдың қанын арқалаған Оспан деген бандит бар деп еді. Сен соның бірдемесі емессің бе?

Сөз төркінін түсініп Қарақыз да егесе қалды:

– Иә, соның ұлымын. Оспан менің әкем!- деді Қарақыз тұлан тұтып.

– Дұрыс айтады. Дәл өзі !- деді бір қыз тыртысқан тар сым кигендіктен бас-аяғы жіп-жіңішке, ортасы жұп-жуан болып, домалаңдап жүгіріп келіп, қолын шошайтып.

– Жақсы!- деді қара көзәйнекті сызданып. Сөйтті де маңайында жиылып тұрғандарға қарап барқ етті.- Соқ! Қапта! Есемізді алған бірінші бандитымыз осы болсын. Өлмейтіндей етіп соғыңдар. Ана төртеуін де алып шығыңдар. Оларды да өлімші етіп тепкілеңдер. Бізге қарсы тұрғанның не көретінін  біліп жүрсін бұл бандиттер!

Сол-ақ екен, анталап тұрған көп жігіт шиебөріше жабырлай ұмтылып келіп, Қарақызды кергілеп әкетті де бұрыларға мұрша бермей, алып соғып тепкілеп ала жөнелді. Қара көзәйнекті өзі қол жұмсаған жоқ. Екі қолын қусырып, тұмсығын көкке шүйіріп, астам бейнемен сыртынан қарап тұрды. Аздан соң тағы да барқ етті:

– Тоқта!

Қарақыз орнынан сүйретіліп әзер тұрды. Өне бойы, екі қабырғасы ып-ыстық боп, дуылдап әкетіп барады. Сай сүйегі сырқырап ауырады. Екі қара саны сыздап, бастырар емес. Қабағы жарылып , мұрнынан қан саулап тұр. Өз өмірінде бірінші рет көрген қорлығы. Бірен-саран адаммен төбелессе төбелескен де шығар. Бірақ, ешкімге есесін жіберіп,  таяқ жеп көрген жан емес. Мынадай топты адамның жиылып тепкілеуі мұның тіпті түсіне де кірмеген озбырлық.

Қарақыз енді білді. Мына қара көзәйнекті осының бәрінің атаманы сияқты. Екі қолын қусырып, марсиып шетте тұрған соның алдына жетіп барды.

– Сен бе бастық? Не жазығым бар?- деді танауынан сорғалаған қанды сүртпей, ағызып тұрып.

– Сенің жазығың ба? Жазығың бар. Тым асып алдың. Кеше кеште қол жұмсадың. Бүгін бізді далаға тастап кеткелі тұрсың.

– Өз қылықтарыңа қарай солай болғаны рас.

– Жоқ. Ол ғана емес. Сенің онан  басқа да қылмысың аз емес.

– Қандай қылмыс?- деді Қарақыз кекете мырс етіп.

– Соны естігің келіп тұр ма?

– Иә, айт.

– Шын ба?

– Айтпаймысың ежіктемей!

– Сенің қылмысың ба? Оны айтайын ба? Соны естігің келіп тұр ма? Ендеше, ол мынау. Ол, оның себебі- сен жабайысың. Ал, жабайылардың бәрі банды деген. Біз бәрін де естіп, біліп келіп тұрмыз. Ұқтың ба? Енді есіңді жи! Бізді дұрыс жеткіз. Егер жол бойы тағы әңгіме шығаратын болсаң көретінің басқа. Бар. Отыр рольге.

Қарақыздың басына қан шапшыды. Миына қан құйылып кете жаздады. Қатты тістенгені сонша салпиып тұрған астыңғы ернін де қыршып алды. Жиегіне қып-қызыл қан ұйыған шегірлеу қой көздерінен от шаша, жеп жіберердей ызалана қарап тұрып қалды.  Неше күннен бері ұстара тимеген қалың сақал өскен ұзын ат жағының түктері тікірейіп, шықшыт еті бұлтылдап, кірт-кірт етті.

– Жарайды,- деді жағының кірісі ашылмай тістенген қалпы.

– Шығыңдар автовусқа.

– Бәсе. Енді жөніңе келдің!- деді қара көзәйнекті мардамсыған бейнеде кердең басып.

Қарақыз автовусқа кірді де таяқ жесе де сүйретіліп орындарына барып отырып алған төрт қазаққа қадала қарады.

– Түсіңдер. Мыналар аяйтын емес. Басқа бір көлік табылып қалар. Әйпесе мына жақын арада қазақ ауылдары бар. Соған барыңдар. Маған ренжімеңдер. Кезіккен қазақ болса, Қарақыз деген біреу сәлем айтты дерсіңдер.- деді қазақша.

– Ағатай, не болса да сізбен бірге көрсек.- деді олар жалынып.

– Жоқ. Түс деген соң түс!

– Аға-екеш…

Қарақыз қап-қара болып түтігіп, олардың қасына жетіп барды.

– Түс!- деді ақырып.

Төрт қазақ дереу қозғала қоймап еді, Қарақыз онан арман бұрқырап, құтырына жөнелді де оларды бірден – бірден қолдарынан сүйреп, есік жаққа таман итеріп- итеріп жіберді.

– Өңшең бандит!- деді қытайша боқтап.

Отырғандар түгел мәз болып күліп жатты.

Осыдан бір тынбай зырлаған жүйрік автовус үш сағаттан кейін Үліңгір көліне жетті. Тас жолдан будақ-будақ шаң бұрқыратып, көлді айнала зытып бара жатты. Қарақыз әлі қатулы болатын. Бетінің қанын да сүртпеген. Сынып қалған екі қабырғасының ауырғанын да сезетіндей емес. Қанталаған көздерін алдындағы жолдан алмастан бір қыбыр етпей, түксиіп, түнеріп алған. Өмірінде машинаны мұндай тездікпен  айдап  көрмеген болатын. Бірақ бүгін, дәл осы жолы газды оң аяғының бар күшімен басуда еді. Бурылтоғай өзенінің Қылы деп аталатын тар бір жеріне салынған ұзын семент көпірдің қарасы көрінген кезде ол тіпті де құтырынып кетті. Қан құйылған көздері жолдың тек баранын қана бұлдырлатып, рольге тастай боп жабысқан қалпы, автовустың ең шегіне жеткен жылдамдығымен зырлап келе жатты. Өзенге жетіп, көпірдің шетіне іліне бере арт жағындағы әйнек терезені шынтағымен бір ұрып, шалдыр еткізді де мәз- мәйрам болып, масайрап отырған жеңімпаз топқа мойнын бұрып, барқыраған жарқышақ дауысымен өңешін жырта айғай салды:

– Қырыққа бір !

Сөйтті де рольді шұғыл бұрып қалып, қас қаққандай бір сәттің арасында көпірдің ернеуіндегі жақтауын бұза, көк иірім өзенге бірақ атылды.

– Қырыққа бір ! –деді ол құлдырап ұшып бара жатып, соңғы рет тағы  бір қайталап.

Аппақ айдынды ақ жайқын арна– ана өзеннің бетінде көкпеңбек иірім қайнап, үлкенді- кішілі көп шеңбер  көпке дейін тарқамай дөңгеленіп жатты.

 

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here