
Шығарма кім туралы, қандай орта туралы, қай заманның шындығы жайлы? Кейіпкер есімі қалың жұртшылыққа таныс па? Әйгілі адам ба? Ел білетін адам болса, ол Жақсылық Сәмитұлының қаламынан басты кейіпкер санатына көтеріле алды ма? Сәтті бейнеленген бе? Сегіз жыл бойы жазылып, бұдан бес жыл бұрын жарық көрген жақсы дүниеге онда пікір неге тапшы? Өзінен өзгеге қомсына қарайтын жаман әдеттен бе? Жоқ, әлде өзінің алдындағы беделді-беделді романистердің қалқасынан көрінбей қалды ма? Дайын формат, үйренген схема ма? Осыларды хал-қадірімізше салмақтап көрейік.
«Қаһарлы Алтай» – ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Шығыс Түркістанда өткен ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі қазақ өмірінің, қазақ тіршілігінің энциклопедиясы. Сол ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Оспан Сіләмұлы туралы шежіре. Қалың қазақты сенделткен Қазан төңкерісінің өктем өкімінен үдере көшкен елдің бір бөлігі Қытай жеріне табан тіреген. Көшкен ел Үрімшіге жетіп, бірте-бірте сол жерге үйренісе бастайды. «Тірі адамға – тіршілік» деп жаңа өмірге бейімделеді. Ауыл болып қауымдасады, ел болып бірігеді. Ақсақалдарын алға салып, атқамінерлерінің сөзін жерге тастамай, сыйластығы жарасқан ел болып келе жатқанда, жергілікті өкіметтің түртпегіне тағы түседі. Енді көтеріліс тізгінін Оспан қолына алады. Қол астындағы елін бастап Моңғолияға жер ауады. Қаттауына қан қатқан, қабағына мұз қатқан, дұшпанынан қалтырамайтын, тәуекел етіп тасты да жұтып жіберетін Оспан бұл кезде ұлттық деңгейге көтеріліп үлгерген. Оны Кеңес Одағының басшысы Сталин де, Моңғол елінің басшысы Чойбалсан да мойындайды. Оспанмен кездесу ұйымдастырып, үшжақты келісім жасалады. 1945 жылы Оспан батыр Алтай аймағын азат етеді. Сайқал саясат енді бетін басқа жаққа бұрып ала қояды. Сталин мен Чойбалсан Қытайдағы қарсыластарын Оспан арқылы бас көтертпей тастаған соң, енді өздері Оспаннан қауіптене бастайды. Азат болған Алтай аймағындағы билікке Қазақстаннан «өз» адамдарын әкеліп отырғызады. Жерін, елін жанынан артық көретін Оспанға, әрине, бұл өте ауыр соққы болады. Әскерін алып тауға кетеді. Кеңестік арнаулы құрылымдардан жасақталған, бірақ Шығыс Түркістан әскерлерінің киімін киген сарбаздармен, коммунистік қытай әскерлерімен, Моңғолияның әскерімен қатар соғысады. Оспан енді Ұлыбритания, АҚШ елшіліктерімен байланыста болады. Олардың коммунистік идеяның күшейіп кетпеуін қолдайтынын аңғарады. Ақыры 1951 жылы Қытай әскері Оспанды қолға түсіреді. Мыңдаған адам өлтірді, мал тонады, Америка мен ағылшындардың тыңшысы болды деген айып тағылып, 1951 жылы 28 сәуірде Үрімшіде атылады. Бұл Оспан батырды білмейтін қазақстандық оқырмандар үшін өте ықшамдалған өмірбаян. Енді осы оқиғаның өн бойына қан жіберіп, оған оқырманын тербетіп отыратын әуез қосып, оны оқыған адамның жүрегіне құйылып тұратындай күйіндіріп, сүйіндіріп жазу Жақсылық Сәмитұлынан өзгенің қолынан келмес еді деп ойлаймын. Әрқайсысы 700 беттен тұратын үш кітаптың әр парағын оқыған сайын жауымен кескілескен, намыс қайраған, кегін алған Оспанның жанашырына айналасың. Оспанның тағдыры ауыр трагедиялық, әрі сұлу романтикалық өмір. Өткен дәуірдің қоғамдық құбылыстарын қаз-қалпында бейнелеп, қабілет-қауқары әр деңгейдегі жеке адамдардың күллі тірлігін бар бедерімен, бар қайшылығын мөлдіретіп жеткізу білмейтіні жоқ жазушының ғана қолынан келеді. Жақсылық Сәмитұлы жазушылығымен қатар, философ, тарихшы, этнограф, керемет психолог, саясаткер, демограф, тіптен, тіптен сексопатолог. Шығарма кілтін сол көп білгендігінің арқасында дөп басқан.
Тарихи тақырыпқа жазу оңай емес. Солай бола тұра, «Қаһарлы Алтай» Жақсылық Сәмитұлының өмірлік мұраты болған секілді. Ол Оспан батырды елге танытып, оның бейнесін, қимыл-қозғалысын, мінезін, ішкі сырын, ойын түгелдей халыққа ұқтыру үшін өзін аямай жұмыс істеген секілді. Оспанды жақсы көріп, жақсы ықыласпен жазған. Соның үдесінен шыққан. Сюжет құрылысындағы панорама есіңді алады. Трилогия ұлт-азаттық көтеріліс туралы болғандықтан соғыс эпизодтарын көрсету шешуші меже екені анық. Екі жақтың қантөгіс соғысында Оспан жақты оп-оңай, бөгетсіз, қиындықсыз жеңіске жеткізе салмайды. Ол жақын адамдарынан айырылады. Сатқындық көреді. Жақсылық Сәмитұлы соғыстың әлеуметтік мәнін ашуға келгенде алдына жан салмайтын сәйгүлік жазушы екенін аңғартады. Басты тұлғаның бейнесін ашу үшін жеке тағдырларды, әр түрлі көзқарастарды, сана күресін өте бір шеберлікпен суреттейді.
Өткен өмірдің ішкі әлемін, жан сарайын ашуда емген сүтін арамға шығарған Зияқанның бейнесін тобырлық кейіпте сәтті берген. Сұмырай, өз ұлтына қарсы жұмыс істейтін сатқын. Шен алу үшін азғындықтың қандай түріне де барады. Дәуірі жүреді. «Сом темірге балға бар, шіренгенге Алла бар». Өмірінің соңы ит талағандай болады. Әйелі мен баласын «өзім осыларға сіңдім-ау» деген генералдың әскерлері атып кетеді. Әкесі соққыға жығылады. Қарындасы Гүлзаданың тағдыры ше. Ақылды, мінезді, өңді қыз боп бойжеткен. Анасы да өмірден өтерде осы Гүлзаданы Зияқанға тапсырған. Әскерлер сол аяулы қызды нендей тәлкекке тастамады! Міне, Зияқан Сартоғайдағы үйіне келе жатыр. Генерал Яңның әскерлері өткен күні қырғын жасап кеткен. «…Алдында бұрынғы киімі ретті, таза киетін сүйкімді қарындасы емес, бөтен біреу тұр. Жайып жіберген шаштары сабалақ-сабалақ, білте-білте. Ұсақ гүлді шыт көйлегінің кеудесі алқам-салқам. Түймеленбеген инішінің бір шетінен омырауының ұшы, қоңырқай дөп-дөңгелек шеңбердің ортасынан шошайған үрпі қылтиып шығып тұр. Кір-қожалақ көйлегі де қып-қысқа. Екі тізесі қара қотырланған жара. Онан төмен айғыз-айғыз тілінген көп шимай-жарақат. Қыз сілейіп қозғалмай қалды да аттылар жақындап дәл қасына таяған кезде, шадырайып үш бұрыштанған көздерімен тігіле қарап тұрып барып, көйлегінің етегін көтеріп, екі тізесін алшайта бүгіп, әбүйірін көрсетті.
– Мә, мынау керек па? – деді езуін жия ыржыңдап.
Мына көрініске жүрегіңіз шыдамайды. Кітапты оқығалы бері иттің етінен жек көріп кеткен Зияқанды мүсіркейсіз. Жазушы оны аямайды. Аямақ түгіл өңменінен өткізіп жібереді. Өз құдығына түкірген адамның сазайын берерде қанына қарайып алған.
Өткен жолы жолыға барғанда Қабыл тәйжі не деп еді.
« – Сенің жолың керу жол. Қазір қытайлар дәуірлеп келеді. Соған сенесің. Бірақ өкімет деген ол да адам сияқты. Адам баласы иманын күтіп, тазалықты ұстанса, өзін-өзі қорғай білсе, пәле-қазадан, жаладан, індеттен бой тартып аулақ жүрсе жүзге дейін жасайды. Өкімет те сондай. Ол да дүниеге келеді. Өседі. Дәуірлейді. Қартаяды. Өледі.
Қараймайтын жүрек, қалмайтын көңіл болмайды. Сынбайтын темір, өтпейтін өмір болмайды. Өлмейтін адам, өшпейтін бақ болмайды. Қаза болмайтын хан, құламайтын тақ болмайды. Дүние заңы осылай».
Әркім-ақ жанарында сақтап, көлеңке түсірмеуге тырысатын аяулы қазақ әйелдерінің бейнесін жасауда Жақсылық Сәмитұлы бейнелеуге де, мінездеуге де, әсерлеуге де, портрет жасауға да қысылмай, еркін көсілген.
Трилогиядағы Шәмсия сөзімен, іс-әрекетімен сол өзі өмір кешкен дәуірге сай. Қорғансыз қазақ әйелі. Осы Шәмсияның бейнесін сомдағанда жазушы қазақ ғұрпын, тұрмыс-салтын, тіршілігін, сана деңгейін, мінезін, қарым-қатынастардың шиеленісін, шарықтауын жазғанда ойын үстемелеп аямай үйіп-төгеді. Опық жегізеді, сорлатады. Аздап-аздап бақ та қондырады.
Зияқан Шәмсияны ашыналыққа қорқытып көндіреді. Көз алдына шалықтап, бақытқа мас болып ұйықтап жатқан Шәмсияның бейнесі көз алдына келген Айжан іштарлықтан оны барып қажы апаға айтады. Жазасы кесіледі. Бір отар қойға таптатады. Енді оны Жақсылық Сәмитұлының жазғанынан көрейік. «Төрт жерге шаршылап қазық қағып, алдын-ала дайындап қойған екен. Жәмиға оны желкесінен тізерлеп, басып отырды да, ана екеуі мұның екі қолының білезігінен, жіліншігінен ілмектеулі жіпті іліп жіберіп, қазыққа апарып орады. Сонан соң жіптің ұшын қатындар аяғымен теуіп отырып қатты тартты… шыдай алмай басын сәл көтеріп қарап еді, қарсы алдынан өзіне қарай ақырын қыбырлай бастаған қалың қойдың қысқа сирақтарын көрді… ендігі сәтте қолына шыбық алып, таяқ ұстаған қалың бала қаралы қойдың ту сыртын айналып, жанталаса куәй-куәйлап, қойды да, жерді де қоса сабалап, көше боп тізіліп,.. тықсыра жөнелді… Ештемені парық қылмайтын, пәруәсіз, дүлей қой баласы ештеңеден секем алмастан, баяғы мылқау, маңғаз қалпында, ең алдымен тап желкесінен бастап, онан жылжып, жанына, бөксесіне, балтырына қарай біздей тұяқтарын шегелей қадап, бірінің артынан бірі, көпке дейін соңы жиылып болмай, асықпай найқалып басып өтіп жатты…».
Қол-аяғын шешіп босатып алғанда Шәмсия талып кеткен екен. Оның халін көрген Айжан шыңғырып жібереді. Шәмсияның халін қажы апа көріп тұрып, қабағын түйді. Жамиға бір түкірді де, қайқаң қағып, жан-жағын ала көзімен шолып шығады. Қажы апа күрсінеді. Өзінің де аталас бір жігітпен бір уақыт күнәлі болған кезі бар. Аттандырғалы отырған кешкі ойын арасында ұрланып шығып, шер құмарынан арыла, кезігіп қайтқаны өмір бойы есінен шыққан емес. Онан кейін тағы да екі-үш еркектің өң-шырайы көз алдында әлі жүр. Соларды ойлады да «мың күнәға – бір тәуба» деп сәждеге бас қояды. Күйініп отырған оқырманның осы тұста қандай күлкі екенін қайдам, жымиятыны бар. Жылы ойнақылық. Қажы апа енді Шәмсияны көз алдына келтіреді де, «қазір бүйтпесе болмайды ғой. Заман бұзылған кез. Еркек кіндікті түгел жанын шүберекке түйіп, оқтың өтінде, ажалдың аузында жүр. Олардың ақ төсегін аялау, қорғау керек. Нәпсіге бой ұрып, шайтанның тіліне ерген әулекі қатындардың еркіне қоя берсе аста адалдық, көңілде иман қала ма?» деп Құнанбайшыл мінезін ақтап ала қояды.
Шәмсия осы кезде Асқабылды есіне алады. Сағына, зарыға ойлайды. Дәл қазір бұған бір адамның жаны ашыса, соның ғана жаны ашыр еді. Күнәсін кешсе, сол ғана кешер еді. Өзіне істелген зор қиянатты біле тұрып-ақ соның ғана мейірі түсер еді. Ал біліп көр, түсініп көр, әйел мінезін, әйел табиғатын. Асқабыл – мына өмірде ешкімге керек емес адам. Алла жаратқан соң келе салған. Бордай тозып жүретін жігерсіз, намыссыз. Өстіп салпылдап жүріп-ақ бүлдіріп жүреді. Шәмсияның өзін емес, тырнағын қимайсыз оған. Шәмсия енді келіп соны ойлайды. Жазушы кейіпкерлерін оттан шығарып, суға салады. Ащы өмірді одан әрі тұздықтайды. Қалиман, Мәлипа, Айжан, Гүлзада басындағы аяусыз тағдыр – жүз рет өшіп, қайта оңалған қазақ әйелдерінің өмірі. Жақсылық Сәмитұлы қоғамның өсуін, өрбуін, өшуін, күйреуін Көнекбай, Ырысқан, Есімхан, Жексен секілді кейіпкерлер арқылы шебер суреттеген. Деректі шығарманы тарихи романға, одан тарихи өнерге айналдырған жазушы шеберлігіне шын жүрегіңмен қуанып, оған өзге оқырманды да ортақтастырғың келіп кетеді екен.
Оспан батыр бастаған көтеріліс бір үзім нан, татар дәм, көрер күн үшін ғана болған көтеріліс емес. Адам намысын қорғау жолындағы теңдік, бауырластық, ар-ождан тазалығы, дүние үйлесімділігі үшін күрес. Оспан – батыр. Жалпы, жұртқа осы сөздің өзі-ақ жетіп жатыр дейміз кейде. Ол әңгіменің бер жағы. Оның өмірін, оның ерлігін, тағдырын роман деген жанрдың көркем бейне деген тұсына әкеліп салып көріңізші. Тепе-теңдігін Жақсылық Сәмитұлы ғана жасай алады. Ел тарихы, жер бедерінің авторға етене таныстығы да көп көмегін тигізгені сөзсіз. Бірақ талант болмаса, шеберлік болмаса Оспан бейнесі осыншама асқақтап көрінбес еді. Қазақстандағы көп оқырман оның азаматтық ұстанымын түсінбей, батыр ма, әлде банды ма деген солқылдақ ойдың жетегінде әлі де жүре бере ме еді? Адамдық, жазушылық парызды өтеудің азапты жолынан өте отырып, Оспан батырды бүкіл қазаққа танытып кетті. Таныта отырып, оқырманның шұқыланып кемшілік табуына да мүмкіндік қалдырмаған.
Ділдәр Мамырбаева.
«Қазақ әдебиеті» газеті