Ата қоныстан іргеміз бөлінген күннен бастап – ақ бізді қырсық шала бастады. Шұңқырдың көк алшын сонысын жүзіп жүріп, шөптің басын таңдап жеп үйренген қараң – құраң малымыз жаңа қонысты жерсінбей, туып – өскен мекенін өгейлеп, тез азып кетті. әсіресе, ірықара баласы тоқтамай әлек салды. Қайта – қайта жүртқа қашып, жер көксеп, арт – артынан шұбап мазаны алды. Ақ қар, көк мұзда шапқылап, күн – түн қатып сенделу әкемнің де жұбына жетті. Қыстаудан көшер алдында бір жұмадай ауырып, қан түкіріп жатты да дүние салды. Қызылынан арылып, құймышағы одырайып қалған сиырларымыз көтеремге жолығып, жылқы мен қойдың да жарымынанартығы жұтап қалды.

Ауқатымыз төмендеп, қасірет шегіп, қан жұтқан шешем араз – ашты болып, түртбектетіп бізді көшіріп тыным алған туыстарымызды қарғап – сілеп, зар иледі. Қайта көшіп кетуді намыс көрді. “жұтап, тозып қайтып келді ” деп көзге шұқиды деп арланды. Оның үстіне әкемнің өтерінде: “қайыр тілеп кетсеңдер де, қайта барып мөлимеңдер… балаларды олардың босағасына жаутаңдатпа” деген өсиеті бар еді. Соны аттап өте алмады. Ақыры салмақты маған салды.

-Келінімді әкеп бер. Босағамды қызартып, қызық көріп соны алданыш етейін, – деп дыңғырлатты.

Құда болып, қалыңын өткізіп қойған жеріміз бар еді, соған кісі жібердік.

Барған адам көңілді жауап әкелмеді. Әкем өліп дәулетіміз азайып, халымыз төмендеп бара жатқанын естіп отырған қайын жұртым айнып қалған сияқты. Жоқтан өзгені сылтау ғып, иен далаға сөйлепті. Мұны естіген шешем тағы да зар еңіреп кетті:

-Басынғаны ғой, панасы жоқ жетім деп, малы жұтап ырысы шайқалды деп кемітіп, қомсынғаны да. Әкең бар болса, бүйте алмайтын еді. Азаматтың айбарынан айдынатын заман ғой бұл. Мұндайда сүйекке қызынып, дауыңды қуып, жоқшың болып беретін туыс – туғанның түрі анау. Табалап, қыбы қанып, қуаныш көрмесе, көмек қолын созар ниет табыла ма олардан. Кешегі кең дүниенің бір – ақ күнде мұндай тарыларын кім білген!? – деп көз жасын төгіп – төгіп жіберуші еді.

Әкемнің қайғысы бір басқа, бәрінен шешемнің мына зары жаныма батып кетті. Қашан көрсең қабағы ашылмай, аһлап – үһлеп, бүгіліп келіп отырғаны. Ерте де, кеш те бір сәт сергімей күн өткен сайын жүдеп, сарғайып бара жатты.

Шешемнің бұл күйін түсінетін менен басқа жан пендесі жоқ. Туысы бөлек жат елдің іргесінде отырмыз. Бауырларым әлі жас. Бес баланың ішіндегі керекке жарап, ат жалын тартып міне алатыны мен ғанамын. Бірақ, шешемнің қасіретіне қабырғам қанша қайысса, да пәлендей шипа тауып бере аларлық менің де қауқарым жоқ болатын. Қолымнан бар келгені ел жайлауға көшер алдында, біреулермен еріп, шұңқыр жаққа барып қайту болды. Бар бітіргенім – қалыңдығыммен оңаша кезігіп, тіл алып қайттым.

Ол да әзер жүр екен:

-Сенен шығар да жаным ғана басқа. Қашан келсең дайынмын, – деген уәде беріп.

Қайынатам артық ауқатты болмағанымен, туысты болатын. Ағайынды бір нешеу. Кеусіндей – кеусіндейазамат ұлдары да көп. Кеш бата сойылдарын тақымына қыса, ымырт қараңғылығына сіңіп, жоқ болып жататын өңшең жырынды. Осы төңіректегі ұрыс – керіс атаулыны құр өткізбей, құдайдан сойқан тілеп тұратын кеудемсоқ, есірік топ. «ұрып кел, айдап келдің» иелері. олардың осы айдынынан іргелес, қоныстас отырып, сыралғы болған тірегі әлсіз, шағын рулар да жасқанып, сырттап жүретін. Соны көріп, біліп жүрген менің көкірегімдегі уайым, көз алдымдағы тұман күн өткен сайын қалыңдай берді. Ой соқты болып, жүдеп, сүлкінім түсе бастадым.

Ыза мен намыстан өлердей болып, қанша жұлқынсам да, жалғыздық деген бір бұғау тырп еткізіп босатбады. Масыл боп басып, иектеп ады. Уақыт озған сайын құрдымға таман тарта беді.

Дәл осы тұста жанашыр ниет білдіріп, жақын тартып, көмек қолын созған жалғыз Бекболат болды.

Бекболат өзіміз кірме болып, қоңсы қонып отырған бай ауылдың жылқышысы болатын. Ер көңілді, ақ жарқын, ақылды азамат еді.

-Ойын – тамаша көрем дейтін жаздың күні емес, мына сүркей, суық, ұзақ сары таңда жылқы соңынан салпақтап саған не бар? Сен үшін бағылып жатқан мал емес, жүреді осының ішінде. Бостан – босқа ат арытып, тон тоздырғанша, жылы төсегіңде ұйқыңды қандыр. – деді ол маған бір күні.

Күн суытып, түн ұзара бастағалы аз ғана жылқым үшін түнгі күзеттен мен де қалмай бірге келе жатқанмын.

Қара көлеңке дірілдеп, түнек боп ұйып қалған тар шатқалға жылқыны иіріп, жусатып тастап, екеуіміз бір мұрыншақтағы секі тастың желкесінде шынтақтап жатқан болатынбыз. Ашық аспандағы ай ақ сәулесін басқадан гөрі бізге әдейі арнап төгіп тұрғандай, бар пейілімен, жомарт көңілімен бір – ақ ақтарылып қалған.

Мен жылқы соңына малсақтықпен емес, күндерімді жұбатып өткізу үшін еріп жүргенімді айта бастадым да, көңілімдегіні жасырмай бір – ақ ақтардым.

-Бұны баяғыдан бері неге айтпағансың? – деді Бекболат бір кезде басын көтеріп алып. – Қазір қыстауына кіріп алған шығар. Қанша дегенмен тас босаға, тар есік болып қалды ғой. Анау жазда, тым болмаса күзеудегі киіз үйдегі кезі болса, қыз дегенің немене, тәйірі, керегесін көтеріп жіберіп, лақша көтеріп алып кетпес пе едік!?… Ім, солай де… Дегенмен жігітім, сен бұған жасыма. Қалай десек те, бақыр басты еркекпіз ғой, – деді соңында сенімді түрде.

ХХХ

Біз кешке дейін иенде бекініп жаттық та, ел жатар уақ таяды – ау дегенде ғана ауылға бет алдық. Онда да атымызды тоғай ішіне бекітіп, жеңілтек киіммен жаяу келдік.

Беті күнгейге қараған биік қара жартастың түбіндегі қарауытқан қыстау күн бойғы тынымсыз тіршіліктің соңғы әбігерінен, кешкі қарбаластықтан аял тауып, босай қалған шақ. Ақша қар жапқан тау қойнауының ортасынан ойып алған тулақтай ғана дөңгелек аумақ үһ деп көзін жұмып, сұлық қалған кез. Қора шетінде көк қуалап жатқан сиырлар мен шөккен түйелерде де дыбыр жоқ. Ақшаның шытқыл аязынан тұмсығы мұздай бастаған иттер де бір сәттік тыныштық тапқан.

Біз ұрлана бүкшеңдеп, тас – тасты далдалап, аңдап басып отырып, аяқ жақ шеттегі мая шөптің түбіне келіп бір тоқтадық. Онан маяның қорған шарбағын жағалап келіп, соған жалғас ыстық үйдің босағасына таядық.

-Сен кірме! – деді Бекболат артына бұрылып, – Ана маяның түбінде тоса тұр. Мен бір тіл алып шығайын.

Мен шегініп қалып қойдым. Маяның түбіне арқамды сүйей қисая кеттім де, Бекболатты тостым.

Бекболат жуырмаңда шыға қоймады. Тоса – тоса төзімім таусылды. Аяқ – қолым мұздап, тоңазиын деді. Амалсыз орнымнан тұрып, ептеп басып, ары – бері жүре бастадым. Тұяқ тимеген күртік қар түнгі шытқыл суықпен ерегісе қатайып, шықырлап кетті. Бұл ауылға жат ниетпен келген бейтаныс бір сөлебенің осы арада жасырынып тұрғанын паш еткісі келгендей қатты – қатты сықырлай жөнелді.

Аңдып басып, Бекболат енген есіктің тұсына келдім. Жан – жағымды абайлап, байқап алдым да, тымағымның бір құлағын жымырып жіберіп, үй ішіне құлағымды тостым.

-Кешеден бері оң қабағым қайта – қайта тарта берген соң сен келіп қалар деп өзім де ойлап қойып едім. – деді әдеппен ақырын сөйлеген әйел дауысы.

-Басқаға қуанбаушы ма едің? – деді Бекболат. Оның үнінен сөзді әдейіайтқандай бір сыңай байқалып тұрды.

-Басқа қуанатын не бар? – деп жеңіл ғана күрсініп қойды әйел. – Алыста, төбең көрінбейтін шалғайда жүрсең де, сенің амандығыңды ғана медеу көремін. Әйтпесе бұл дүниенің еш қызығы қалмаған сияқты болады да тұрады. Бәрінен көңілім қайтып, түңіліп жасып кеттім. Ана жылдары сен келетін күндері ылғи оң қабағым тартушы еді. Оң қабағым тартса болды, кіріп – шығып жүріп, екі көзім далада болатын. Ит үре қалса, жеті қараңғы түн болса да, жүгіріп щығатынмын. Ойлағаным қате кетпейтін. Сол күні сен келетін едің. Оң қабағыма әбден сеніп кеткемін. Құдіреттің әмірі десеңші, кейінгі жылдары қабақ тартқан дегенді де ұмытып кеттім.

Қиюы келіп қосылмаған тақтай есіктің әр сызатынан үй ішіндегі жарықтың алтын сәулесі шашырайды. Киіздің қырдасынымен бітеген қоспалардың арасындағы ашық қалған тесіктерден сүмбідей көп найза тарайды.

Бұдан ары ешкім сөйлеген жоқ. Не заматтан кейін ғана барып Бекболаттың:

-Ойбай, Гүлшат – ау, әлгі байқұс естен шығып кетіпті ғой. Естеместі айтам. Алдымен ана қызды шақырып әкеп бер. Олар да шүйіркелесе отырсын. Бесігіңді…ім, болды. Мен тербете отырайын, – деген дауысы шықты.

Мен лып етіп шегініп барып тұрып қалдым. Үйден ұзын бойлы келіншек шықты да, арғы үйлерге қарай жіти басып жүріп кетті.

Ол көп айланған жоқ. Тез оралды. Бірақ қайтар жолда маған бұрылмай, үйіне түзу кірді де, есігін ішінен байлап алды.

-Ол байқұстың да шықпаған қу жаны әзер жүрген. – деді ол киімдерін сылдырлатып, шешініп жатып.

-Кімді айтасың? – деді Бекболат.

-Жәміш те баяғы. – деп күрсінді Гүлшат. – Әлгі жоқ кездерде ылғи осында болады. Біткен шерін маған ақтарып, бар мұңын маған шағады.

-Келді ме өзі?

-Үйін жатқызып тастап келетін болды.

-Естемес байқұс тоңып қалатын болды – ау. Үйге кіріп аузыңды жылыт демеген екенсің.

-Қойшы, түннің бір уағы болғанда… ештеңе етпейді. Жігіт адам емес пе!? Қалыңдығы келген соң жылытып алады, – деді Гүлшат дауысы тұншыға шығып.

Айтып – айтпай осы сөздің өзіне – ақ тұла бойым дуылдап, ысыи жөнеліп еді.

ХХХ

Үш күннен кейін Гүлшат бізді ауылдың аяқ жағындағы айланбадан өткізіп шығарып салды. Ұзын бойлы сары келіншек екен. Жәмішті қапсыра құшақтап, соңғы рет бір сүйді де:

-Ал күнім, аман бол. Қой, жылама. Айланба енді. Жолдарың болып, бақтарың ашылсын, – деді өзі де көз жасына булыға, қырылдап әзер сөйлеп.

Бірақ оның тілегені болмады. Бірімізді біріміз жетелеп, қалың тоғайды аралап, ат – көліктерімізді бекіткен жерімізге әзер келсек, әлде қандай бір салымы бар ұры үстінен түскен тәрізді, аттарымызды түгел алып кетіпті. Жәміш екеуіміз де шошып кеттік. Өз көзімізге өзіміз сенбей:

-Босанып кетіп жүрмесін, – дей бердік сәтке болса да өзімізді өзіміз алдарқатып.

-Құр сөзді қой! – деді Бекболат бұйыра сөйлеп, – Қазір де үркер ауып барады. Түн жамылып қара жаңқаның қуысына кіріп алсақболатын еді. Таңға қалсақ бер жағы тұтас жалтаң. Ел тұрып Жәміштің жоқ екеніне көзі жетсе, бұлар, сөз жоқ, ең алдымен мына биік қабақтан қарсыдағы жазыққа, біздің жолымызға көз салатын болады. Ағарып атқан таң астындағы аппақ даладан жорғалап өткен тышқан да көрінбей қалмайды. Бізге енді жалғыз ғана амал бар. Жақын тұстағы қыстаулардың маңайын шалып, бекітулі жүрген қылқұйрық кезіксе, ұстап мінейік те, түн жастанып ұзап алайық.

Біз ер тоқымымызды арқалап, көп жерді шиырлап жүріп, әрең дегенде үш жылқы ұстап міндік те, таң белгісі біліне бере жолға түстік.

Бұл күндері қара таудың бөктер аузы түгел ел. Қай қуысқа, қалай бұрылсаң да, алдыңнан салаң етіп, бір қыстау шыға келеді. Ауыл маңы түгел өріс. Бәрі жалтаң. Таң атып, жерге жарық түссе, мал өргізген, бекітулі аттарын көздеген біреулердің көзінен таса болар далдасын табу қиын. Оның үстіне бұл маң түгел Жәміштің елі. Оның ана елірме ағалары буырқанып, аттан салып шыға келсе, бүтін ел болып жиылып, бізді тарпа бассалып, ұстап алып, байлап беретінінде дау жоқ. Алды ашық жалғыз жол – бөктердегі кенере. Қайқаң әрі жалаңаш болғанымен, ұзаған сайын иенге тартады. Біз тәуекел дедік те, ұзақ төсті сара тіліп тартып бердік.

Жүрісіміз онша манди қойған жоқ. Сонысы басылмаған қоя берісінде тұрған тоқ аттар бір аз текіректегеннен кейін – ақ быршылдап, кеудесін ала алмай қалды.

-Қап, әттеген – ай, мына қартаң түскірлер бізді ұстап беретін болды – ау. Шетінен қойға жетпес қой торы екен, – деді Бекболат кейіп.

Бұл тұста таң аппақ атқан. Көз көрімдегінің бәрі баданадай боп айқындалып қалған. Егер қарындасының қашып кеткенін сезбей, қапыда қалмаса, аттарын жаратып, құдайдың құтты күні бостан – босқа сайланып, қарадай ізденіп отырған топты мықтыға мынау дегенің алақанында тұрғандай ап – анық. Жортуылшының жарау атына мына тұрған жер. Нақ шындаса анау алдыңғы қасқа жолға іліндермей – ақ қуып жетері хақ.

-Әттең, ана қаражаңқаға бір ілінсек, – дей берді Бекболат артына қайта – қайта қарағыштап келе жатып.

Бір кезде:

-Әне шықты. Анау арғы тұмсықтан бері айланған бір топ қара құйын солар. Тасқынша түйіліп, зымқырап келеді. Енді жалғыз амал қалды.үлгіртсе қара жаңқаның аузындағы қысаңнан тосып бетін қайтарамыз. Оған іліндірмей қуып жетсе, сорымыздың қайнағаны, – деді Бекболат түсін суыққа салып, тебіне беріпе.

Қасқа жолдың алды үлкен қоңыр қабақ, биік белес болатын. Онан асқанда көп жерге дейін ылди. Қаражаңқаға таяғанда ғана қайта қайқайып, тағы бір биік белеске бастайды.

Біз аттарымызды қан сорпа ғып, басқа – көзге төпелеп отырып, қоңыр қабаққа қуғыншыдан оқ бойы бұрын шықтық. Бекболат асықпай атынан түсті де, тартпа айылын бекітіп жатып, қуғыншыға бір сәт қарап тұрып қалды:

-Бесеу екен, – деді күбірлеп. – Әттең, ат шалымды болса бесеу емес, он болса да көрер едім. Мына иттің малы адамды бостан – босқа қор қылатын неме ғой. – деп ілгерінді – кейінді кетіп қара тер болып тұрған астындағы атының өн бойын бір шолып шықты. Сонан бізге бұрылып, шорт кесетіп, бұйыра сөйледі:

-Енді екеуің айланба. Арттарыңа қарап, алаңдаушы болма. Қара қысаңды аз өрлеген соң, оң жағыңа айлансаң, шолақ сайдың басында балта сабы кезеңшеге алып шығатын секірме, аттама бар. Соған жетпей аттың басын тартпа. Содан аман өтіп кетсеңдер, сол аттамадан қанша қалың қуғыншы болса да, бірден санап түсіріп отырасың. Ал, жарқыным, енді ұмтыл, жолдарың болсын,- деді де біздің соңымыздан ілесіп, шоқырақтатып келе жатты.

Құдай дес бергенде, біз қара қысаңға қуғыншыдан бұрын іліндік. Қысаң, тар шатты өрлеп бара жатып бір бұрылмадан өте беріп, артыма қайрылып бір қарағанымда Бекболат төс жара сойылын ерінің қасына қойып, сай аузында көлденеңдеп тұрып қалған екен. Тымағының бауын жымыра байлап, үзеңгіні шірене теуіп, келсең кел деп бекінген сыңай байқатады. Біріне – бірі таяу, әлмек – сәлмек келе жатқан бес қуғыншы да қаһарлы тебін, қатты ашу таныта түйіліп, таяп қалыпты. Мен көзімді жұма бердім де, аз сілейіп тұрып барып, қайта жанданып, бар екпініммен тебіне ілгері тарттым.

Бекболаттың айтқан жеріне жетіп алып, бір талай тоссақ та соңымыздан келген ешкім болмады. Не Бекболат, не қуғыншы – қай жеңгенінен бір дерек білінсе керек еді. Екі жағынан да ештеңенің қарасы көрінбей қойды. Уақыт ұзаған сайын шыдамым азая бастады. Сабырым таусылып тықыршып кеттім.

-Барып біліп келейін, – дедім Жәмішті бір тастың далдасына жасырып қойып, – Алда – жалда менкешігіпжатсам үрейленбе. Шыдап тос. Тірі болсам, күн батқанша бір оралам. Оған дейін жылжыма. Осы арадан олай – бұлай бір адым аттама, – дедім қадағалап тапсырып.

Әңгіме мен ойлағандай болмай шықты. Мен барғанда Бекболат бағана өзі айтқан қара жаңқаның төбесінде отыр екен. Мені көріп алыстан дабыстады:

-Сыртынан айлан. Желке жағынан, – деді қолын кейін сермеп.

Қара жаңқа деп отырғанымыз бір қара шоқы. Осы тұстағы ең биік тұрғы. Ежелден жортуылшы, ұры, қуғыншы сияқтылардың тұрағы. Басқа шоқылардан оқшау одырайып, сай аузынан ілгері ұмсынып тұрады. Бөктерге қараған беті әдейілеп кертіп тастағандай тіп – тік. Етек жағы бүргенді, тошалалы, егілме қара қорым. Үстіңгі жағы сидиған – сидиған қалың найза. Біздиген үшкір – үшкір тастар. Алыстан самаладай, түрегеп тұрған адам сияқты көрінетін көп қада. Балтамен жарып шауып – шауып жаңқалап тастағандай орқаш – орқаш, ұтырлы – тетірлі, көп әжімді кәрі жартас. Оның төбесіне шыққанда бөктердегі жазық алақаныңда тұрғандай көрінеді. Сонау алыстағы, күншілік жердегі жатаған қара таудан бергі екі аралықтағы қыбыр еткен жан, бұрқ еткен шаң дереу шалынады. Оның үстіне арт жағы тағы иен шатқал, ұрымтал шынтағы, тап берме мұрыншағы көп ұры сай.

-Мұнда кел, – деп оң жағын нұсқады Бекболат мен атымды жетелеп қасына таяған кезімде, – отыр мұнда.

Бекболаттың сабырлы, бейғам ажарын танып мен көңілденіп қалдым. Бірақ істің байыбына бара алмай оныңбітіне жалтақтап қарай бердім.

-Әне қайтты, – деді ол тұмсығымен жазықты, манағы өзіміз келген жақты нұсқап.

Ақ шыбар даланың бір жақ шетін кесіп өтіп, болымсыз жүлгесімен бұлдырап жатқан жол үстінде бір топ қарайған жылжып барады екен. Жүрісі шабан, бір шөкім баран топ. Мен таң – тамаша болып, Бекболатқа қарадым.

-Алғашқы тебінде қас қағым аралықта едел – жедел үшеуі түсіп кеткен соң қалған екеуінің айдыны сынып, шеттей берді. “ ‘есің барда еліңді тап’ – деген, ана үшеуін алып, екеуің аман қайт, әйтпесе, бәрібір солардың аяғын құшасың!” – дедім мен екеуіне. Ерлік деген жеңгеннен ғана емес, әсіресе, жеңілгенін мойындаудан танылады ғой. Олар да ер екен. Жығылғандарын сүйеп, аттарына мінгізіп алды да, қайтып кетті. Кетіп барады әне… – деді ол асықпай сөйлеп. Содан маған бұрылды. Бағың бар жігіт екенсің, жолымыз болған деген осы. Әсіресе, мынадай бір топ ашулы арыстаннан аман құтылу деген оңай емес. Бәлкім, өзіңнің де маңдайың жарық шығар. Немесе Гүлшаттың бағанағы ақ тілегінің қасиеті болар, – деп келіп, Бекболат бір дем үнсіз қалды. Екі көзі алыста. Сонаукөз ұшында бұлдырап, шыбартып жатқан түбек жақта. Бірнеше күннен бері өзіміз мекендеп, түнеп шыққан ыстық ұяда.

Ол бір талай уақыт қыбырсыз қадалып отырып қалды. Оның осы бір тәтті тыныштығын менің де бұзайын деген ойым жоқ еді, арт жақтан пысқырған ат дыбысымен селт етіп, бойын жиып алды да:

-Ендігі әңгіме, – деді ол аспай – саспай, шалбарының сыртынан бір тізесін сипап қойып, – Тіземе ұрып кетті. Жаман ат жауда қалтырады екен. Ұмтылмай қоймады ма мына қартаң түскір. Қолы қатты неме көрінеді. Түсіп қала жаздадым. Ат жалын құшып барып, әрең түзелдім. Тобығымды бөліп кетпеген болса жарар еді. Бір аяғым бірақ салдырап қалды. Балақты шешіп, мына белбеумен ора да, сүйемелдеп мінгізіп жібер. “Ат үсті әулие”, ештеңе ете қоймас, – деді шүперек белбеуін шешіп алып беріп жатып.

ХХХ

Естемес ақсақал жасы алпыстан асып, сақал мұрты бурылдап қалған адам. Төңірегіне қадірлі, құрметті қарт. Аз сөйлейтін, сөйлей қалса маңайындағыларды баурап отыратын аузы дуалы кісі. Бұл әңгімені ол бағана жолдан бұрыла бере бастап еді. Енді мынау тау ішіне кіріп, сыңар аяқ тар жолға жеткен соң үзіліп қалды. Кәрия ұзын кер атты сипай қамшылып, ең алдыда үн – түнсіз кетіп бара жатты. Аздан соң жолсыз қия беттен өрлеп, жалға шықты да, жотаны жонсаулап жүріп кетті.

-Міне мынау сол, – деді ол бір кезде иегімен алдыңғы жағын нұсқап.

Доңғыл жотаның үстінде айналасын шөп басып кеткен жалғыз бейіт жатыр. Тәйпйген аласа бейіт. Бетін қына жапқан жаңқа тастар шөп арасынан әрең көрінеді.

-Жер болып шөгіп барады. Қырық жылдан асты. Менен бес – алты жас қана үлкен еді, – деп күбірледі ол жүрелеп отырып жатып.

Кәрия құранды ұзақ оқыды. Бата жасағанда да ерні жыбырлап көп отырды. Сонан соң үн қатпастан, атына мініп жүріп кетті.

-Жаңағы кім? – деп сұрадық жол жазыққа тартқан бір орайда шалға қатарласа беріп.

Ол бетімізге бажырайя қарап алды:

-Бекболат емес пе!? Бекболат сол, – деп тағы бір қауым уақыт үнсіз келді де, сөзін қайта жалғады, – Мен оны сендерге әлі айтпаған екенмін ғой. Сол жылдары Алтайда аласапыран, аумалы – төкпелі заман болып кетті ғой. Біздің ауыл қыс ішінде, ақ қар, көк мұзға қарамай бір түнде үркіп, көше жөнелді. Сол көшкеннен бір жыл көштік. Сонан азып – тозып, жаяу – жалпылы шұбап жүріп, келер жылдың күзінде ғана оралдық.

…Иен сайды өрлеп келе жатқанымызда алдымаздан шәбелеңдеп бір қарала ит шыға келді. Тұмсық айнала беріп қыстауды көрдік. Үй төбесінен сызылған көгілдір түтін асықпай шұбатылып, кілкіп көтеріліп барады. Есік алдында қызыл шыт көйлек киген жас әйел бізге қарап, қаққан қазықтай сілейіп тұр.

 Біз ілби басып қасына таяй бердік.

-Акау, мынау Ғалия ғой, – деп күбірледі Жәміш өз – өзіне сөйлеп.

-Ой, астағыпыалла! – деп жібердім мен де таң қалғанымнан не дерімді білмей.

Сол екен, дәл соның өзі. Бекболаттың келіншегі. Бізді танып, ол да жүгіріп келіп, бассалып, жылап қоя берді…

Бекболат та көзіне жас алды. Үйде, шетіне ағаш таянып, шимен, қу шөппен қомақтап, көтерген жер төсектің үстінде жатыр екен.

-Тілеуім дұрыс екен, – деді ол сәлден соң қуаныш білдіріп, – бетімді жасыратын еркек кіндікті кезікпей далада қалам – ау деп қорқып жатыр едім. Бағыма жарай құдай сені айдап әкелді ғой. Енді болды. Іштей тынып, көксеп жатқан бір арманым да болушы еді. Сол мұрытыма жететін болдым. “Өлінің тілін тірі алмайды” деуші еді, алармысың тілімді? Менің бетім теріс. Жарық дүниеден қараңғы түнек жақындап алды ғой. Таяп келіп қалдым ба босағасына?! – деді әйелдер жоқ оңаша бір кезде.

Алқынып, үзіп – үзіп сөйлеген үні де зарлы. Бұл дүниеден үміт үзген, басқа әлемге аттанарына көзі жеткен сенімді сөз. Соған әбден бекініп болған ниет танытады. өңінде ешбір абыржу, қынжылу жоқ. Бірақ бұрынғы қапсағай, алып дене бір уыс болып бүрісіп қалған. Бұлтиып, білеуленіп тұратын білек еттері аршылып, саусақтары қарғаның тұяғындай болып, тарамысына ілініп, таралып кетіпті. Екі шекесі солып, бет сүйегі шодырайып шығып алыпты. Сау аяғы да құр теріге ілініп, сіңірлері білеуленіп, шидиіп қалған. Оның есесіне ауру аяғы бақайының басына дейін баржиып, тырсиып тұр. Ұсақ тамырлары да түгел көгеріп, сыртына теуіп, өңі бұзылып, күреңітіп, талауратқан терінің сыртына көгала шимай түсіріпті. Мықынынан құлдай тұлып боп көлкілдеп алған қорқынышты бірдеңе. Бүкіл денесінде өзгермеген мүше – көзі. Әнтек кірбең тартып, мұң қонғанын айтпағанда баяғы қалпынша от шашып, жайнап тұрған ұялы қой көз.

-“жаман сөз ауыз садағасы” деген, Беке аға, әлі – ақ жазылып кетесіз. Мекеніне ел де оралып жатыр. Мен емші іздеймін. Қандай арманыңыз болса да аянбаймын. Сізді ренжітпеуге Алла атымен ант берейін, – деп оның қаусап тұрған қолдарын алақаныма салып, кеудеме бастым. Теріс қарап көзімнің жасын сықтым.

Бекболат жалқы жігіт еді. Баяғыдағы тізесі асқынып кезек алып, құртқа шауып кетіпті де, біреуді – біреу білмейтін аласапыранда келіншегі екеуі жұртта қалыпты. Иен қыстауда жатып, бір жылға таяу ойлаған жалғыз арманы: “Әттең, көп қолынан топырақ бұйырып, анау қарауыл төбе – қара жаңқаның үстінде жатсам” деп көксепті. Маған айтпағы да осы екен.

Есіл ер еді. Арыс еді ғой. Жаңағы жатқан сол, – деп Естемес кәрия ақырын бір тынып қойды.

Көпке дейін ешкім үндеген жоқ. Әркім бір оймен, бір елеспен ауыр ырғалып, түнеріп қалды.

-Жарықтық сонда осы иен төбені қалай таңдады екен? – деді бір кезде біреу күрсініп.

-Ол жағы белгісіз. Адамның кеудесі бір алып қойма ғой, – деп бір тоқтады Естемес кәрия. Сонан “айтамын ба, айтпаймын ба?” деген кісіше әнтек кідіріп ойланып қалды да, әңгімесін онан ары соза түсті. – Бекболат өткеннің келесі жылы баяғыдағы қыстаудағы қайныма барып жүріп, Гүлшатқа кезіктім. Күйеуі тағы да жолаушы кеткен кез екен. Көз жасын көлдетіп еңіреді – ай байқұс. “жүрегімде жалғыз сен ғанасың. Бұл дүниеде сенен басқа ешкімім жоқ» деуші еді. Кейде сеніп, кейде сенбейтінмін. Сонысы рас екен. Мен үшін жатыр ғой иенде жалғыз. Маған төбесін көрсетіп жатайын дегені ғой. Дара туған ер еді. Таудың да өзі сияқты қасиеті бөлек бір биігін әдейі таңдағаны да…” – деді ботадай боздап. Бәлкім, Гүлшаттың айтқанырас та шығар.

Кейін ел арасында тағы бір әңгіме тарап жүрді. Ел – жұртынан, әке – шешесінен есе теңдік көрмей қашып шыққан қыз – жігіттердің талайы өз көзімен көріпті. Сол мұңлықтар осы қара жаңқаның маңайындағы иен шатқалдарға келіп бекініп жатқан кезде, ымырт үйірілді болды, қара жаңқаның қаңсарынан ақ боз атты біреу көрінеді екен. Ақ сойылын тақымына қысып, әр төбеден бір көрініс береді дейді. Иенді жастанып, тау паналап жүрген ғашықтарды айналып, қорып, күзетіп шығады екен. Босанып кеткен аттарды да қайырмақтап, таңға жақын айдап әкеліп тастайтын көрінеді. Кейде тіпті үзіп кеткен аттарды аяғында кеткен бір тұтам жібімен бұтаға байлап кеткен кездері де болыпты. Ақ күміс төккен ай астындағы ақбоз атты әулие аттан түспей адал жүрек, ақ тілекпен қосылған ынтық жастарды алаңсыз түнетіп, алыстан қорғап жүреді екен деседі. Кім біледі, бәлкім, бұл да шын шығар.

 Үрімжіқаласы.1990 жыл. Май.

Жақсылық Сәмитұлы

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here